Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
Мухамеджанова Марал фольклор.docx
Скачиваний:
81
Добавлен:
17.02.2016
Размер:
73.27 Кб
Скачать

Жарапазан батасы

Бөлшіл, бөлшіл, бөлшіл бол,

Бозторғайдай төлшіл бол.

Бәйтеректей бүрлі бол,

Пайғамбардай нұрлы бол.

Ай жағыңа қарасаң,

Алтыннан терек орнасын.

Айына келген мейманың,

Айнала атын байласын.

Күн жағыңа қарасаң,

Күмістен терек орнасын.

Күніне келген мейманың,

Күліп бір атын байласын.

Менің атым – Сырыбай,

Жарапазан жыры бай.

Таң мезгілі болғанда,

Төсегіңнің басынан,

Жастығыңның астынан.

Бөденедей пырылдап,

Бозторғайдай шырылдап,

Қызыр келіп дарығай!

Аллаһуакбар!

Ал бата тілек өлеңдерінің біршамасын мен Исагулов Мағзым атадан жазып алдым. Атаның айтуы бойынша халықтық дүниетаным аясындағы мәні зор рәсімдердің бірегейі – бата беру немесе бата тілеу. Жалпы бата беру мен ақ тілеу халқымыздың ежелден келе жатқан дәстүрлерінің бірі, бұл сөз арқылы адам тағдырына, дүниеге ықпал етпек тілекпен, жамандықтың бетін қайтару мақсатында туған. Адам өмірі торқалы тойсыз, топырақты өлімсіз болмайды. Тойда, қонақта, шілдехана үстінде, қыз ұзатқанда, келін түсіргенде дәм соңынан бата айтқан. Әр қызықтың өзіне лайық батасы болады.

Сұрасаң, бата берейін

Үстем болсын мерейің!

Ықыласпен қол жайсаң,

Ақ тілекті төгейін.

Дастарқаның мол болсын,

Абыройың зор болсын!

Көк жайлауды жайласаң,

Тай, құлынды байласаң,

Келіп тұрсын керіліп,

Салтанаты көрініп,

Сабаң толсын қымызға,

Шараң толсын уызға!

Алтыннан болсын жағаң,

Күмістен болсын тағаң.

Тасқа тары өнгенше,

Таршылық көрмеңдер!

Жүздерің жайнап, келісті болыңдар!

Толған айдай, өрісті болыңдар!

Келесі батаны Өркешев Сағдат атайдан естіп, жазып алдым.

Дәулетті бас берсін,

Бақытты ас берсін,

Ұлыстың ұлы күнінде!

Ұлың оңға қонсын,

Қызың қырға қонсын!

Малың өріске толсын,

Дәулетіңді асырсын,

Дұшпаның басылсын.

Менің берген бұл батам –

Ұлыс күнге сақтап жүрген сүр батам.

Мінгендерің балалар,

Жорға-жорға тай болсын,

Жорғалатып келгенде

Көптің көңілі жай болсын!

Ай жағыңа қарасаң,

Алтыннан терек орнасын

Айында келген мейманың

Соған атын байласын.

Күн жағыңа қарасаң,

Күмістен терек орнасын!

Таң мезгілі болғанда,

Соған атын байласын!

Наурыз күні туғанда,

Боз торғайдай шуылдап

Бөденедей пырылдап,

Берекелі құт болып,

Қыдыр келіп дарығай!

Астыр-тастыр,

Жұлдыздармен жалғастыр,

Жақсылармен жанастыр,

Жамандармен адастыр!

Сәбилерге берілетін бата

Қазақ халқында «Батамен ер көгереді» деп көпті көрген білікті қариялардан, сондай-ақ, халық қадір тұтқан аузы дуалы қасиетті кісілерден «Мына жаман шаранаға батаңызды беріңіз!» деп жаңа туған сәбилеріне де бата сұрайтын салт бар. Сондай кезде Төлегенов Жақсылық атай:

Өмір жасы ұзақ болсын,

Маңайы аққан бұлақ болсын,

Әр күні қызық, шуақ болсын,

Жер ана жайлы тұрақ болсын,

Жомарттың қолын берсін,

Қыздың қылығын берсін,

Судың тұнығын берсін,

Даланың кеңдігін берсін,

Батырдың ерлігін берсін,

Ақынның өрлігін берсін,

Яссауидің даралығын берсін,

Фарабидің даралығын берсін!

Аллаһуакбар!–

деп бал-тілектен бал ағызады.

Балаларға берілетін бата

Ұрпағың өнерлі болсын,

Өрісті болсын,

Іс-қимылы келісті болсын,

Ата-баба аруағы қолдап,

Еңбектері жемісті болсын!

Жары жібектей болсын,

Ары түлектей болсын,

Өнері өрлей берсін,

Жас басы төрлей берсін!

Аллаһуакбар!-

деп аталық ықыласын білдіреді.

Қыздарға берілетін бата

  • Қыздарың қылықты болсын,

Ғаламат білікті болсын.

Күндей нұрлы болсын,

Гүлдей түрлі болсын.

Өлмес өнер берсін,

Ән – жыр өнер берсін.

Теңдесіз дарын берсін.

Ізгіліктің бәрін берсін.

Талдай бой берсін,

Таудай ой берсін.

Жаздай жамал берсін,

Оттай жанар берсін!

Аллаһуакбар!-

деп үміт-тілекке толы баталарын береді.

Амандасу салты

Амандасу салты қазақ халқының ең үлкен дәстүрлерінің бірі. Үлкені мен кішісі бір-бірімен кездескенде бірінші амандасады. Жасы үлкен ер адамдар арасында амандасу салты «Ассалаумағалейкум!» деген сөзден басталады. Бұның мағынасы жақсы тілекті білдіреді: «Сізге алланың нұры жаусын» деген сөз. Бұл сөзді жасы үлкен ер кісілермен әртүрлі жастағы ерлер амандасқанда қолданады. Тілегін қабыл алып, қарсы адам: «Уағалейкум ассалам!» деп оң қолын ұсынады. Ол: «Алланың рақымы сізге де жаусын!» деген сөзді білдіреді. Қазақ халқы қонақжай болған соң, той тойлау жиі кездеседі. “Той бастар”, “Жар – жар”, “Беташар”. «Жар-жар» мен «Беташар» үлгілері қазіргі күнге дейін сақталып, айтылып келе жатыр. Көбінесе сол тойларға байланысты өлеңдердің көбін Хабаев Малдыбай атай шығарған екен. Ол кезде жар-жарды қыздар мен жігіттер екі топқа бөлініп айтады екен. Оны Сайпенова Салима апайдың аузынан естіп, жазып алдым.

Жар-жар

Қыздар:

Айналайын жан әкем

Анам менен жар жар,

Мен кеткен соң қызықты,

Табар неден жар жар.

Болып па еді ой менде

Бір кездері жар жар,

Тастап кетіп өзгеге

Барам деген жар жар

Жігіттер:

Қызығы көп алдағы

Жолдың да асар жар жар.

Қызғалдақтай құлпырып,

Көліңді ашар жар жар.

Қос ардағым қалды деп,

Нали берме жар жар

Ата енең бар олардың,

Орнын басар жар жар

Той бастар өлеңі

Бисмилла, өлең басы той тойлайық,

Бұл тойды асықпастан жай басталық.

Сәрсенбі сәтті күнітой жасапсыз,

Бұл тойың құтты болсын деп басталық.

Бисмилла, деп бастайды тойдыңбасын,

Әумин! – деп көтерер қойдың басын.

Той жасатты екі жас отау тігіп,

Өмірлері ұзақ болсынекі жастың.

Ақ тілеулі азамат тойдың басы,

Жұбайларың ұзарсын өмір жасы.

Қабыл болып халқымның ақ батасы,

Отауыңның берік болсын босағасы.

Тойы болса Албаннан Алжан бастар,

Ауқымынжүйрік аттай кесіп тастар.

Той иесі дарынды мырза болса,

Той бастар деп алдына кілем тастар.

Икемді,епті жігіт атқа шабар,

Ән шырқап өлең айтып, көңіл ашар.

Той жасаған азамат жомарт болса,

Ат мінгізіп, үстіне шапан жабар.

Бұл тойға жегжат, туыс келіп жатыр,

Ақ батасын жұбайларға беріп жатыр.

Құтты болсын ақ босаға жұбайларың,

Жақсы тілек көпшілік тілеп жатыр.

Осыменен той бастар тәмамболсын,

Той жасатқан жұбайлар аман болсын.

Беті ашылсын той бастар сыйлығының,

Бөлісіңдер сыйлықты ырым болсын.

Аяғы боз жорғаның безек-безек,

Айтар өлең қыз-жігіт кезек-кезек.

Өткізбелік уақытты бекер босқа,

Жалпы өлеңге берелік енді кезек.

Сері жігіт мінеді арғымаққа,

Арғымақ икемділеу қарғымаққа.

Дейді ғой той құдайдың қазынасы,

Берелік енді кезек жастар жаққа.

Думан қыла көп халық өлең айтар,

Таң аттырып, шат көңілмен үйге қайтар.

Көп тілеуі көл деген осы емес пе,

Жұбайларға қол жайып батаны айтар.

Үйлену тойында көбінесе “Беташар” айтылып жүрген. Біздің ауылда “Беташардың” бірнеше нұсқасы осы күнге дейін сақталып, қазір де айтылып жүр. Міне, соның қысқартылған түрін Биғожин Қаратай атайдан жазып алдым:

Ал келінжан, келінжан,

Бетіңді тұрмын ашқалы,

Енең тұр шашу шашқалы,

Қызығын қашан көрем деп

Көп болды атаң тосқалы

Келіп тұрсың қарағым

Тың сапарды басқалы

Жақсы болсаң, қарағым,

Жадырайды дос жаны

Атаңды сыйла әуелі,

Бәйтерегің мәуелі

Деп ойлама мұнымды,

Айта салған әуені.

Балаңызды көріңіз,

Жақсылап көңіл бөліңіз,

Атаңызға бір сәлем!

Балаларын үйленткен,

Ата-ана қолдап сүйеген.

Құлақ салсаң енесі,

Айтарым осы жүйеден

Отауға енші беріңіз,

Батасын ерткен жүйеден.

Енеңізге бір сәлем!

Қайнағаңды құрметте,

Өз ағаңнан кем емес.

Бірге туған ағаммен,

Деп ойлама тең емес.

Сен келдің, қалқам, қиырдан,

Дәм тұзың тартып бұйырған.

Қайнағаңа бір сәлем!

Тату болса абысын,

Бөліп жер астың жартысын.

Ас көп, тату болсаңдар

Абысынға бір сәлем!

Ал “Беташардың” мына бір кішкентай нұсқасын ауылдың белді ардагерлерінің бірі Сатин Нұғман атай айтып берді:

Әуелдегі үркер ай,

Түйесін қомдап тіркер ай,

Ерінбесең, келіншек,

Баршасына бір сәлем!

Жекекөл ауылында “Бесік жыры”, “Тұсау кесер” сияқты өлеңдер үлгілері сақталған. Ол өлеңдерді бұрын да айтқан, қазір де айтады. Әрине, бұл бізді қуантады, өйткені салт-дәстүр қайта жаңғырды, ол өшкен жоқ. Ал майлау, сылау, уату, өлеңдері сақталмай, ұмытылып қалған. Бесік жырының бір нұсқасын маған өзімнің әжем Тыныштық Мұхамеджанова айтып берді:

Әлди, әлди, ақ бөпем,

Ақ бесікке жат, бөпем,

Жылама, бөпем, жылама,

Жілік шағып берейін,

Байқұтанның құйрығын

Жіпке тағып берейін.

Әлди, әлди, аппағым

Қойдың жүні қалпағым

Жұртқа жаман болса да,

Өзім сүйген аппағым.

Бесік жырының екінші бір түрін тағы да әжем айтып берді.

-Қалқам менің қайда екен?

Асқар асқар тауда екен.

Онда не қып жүрді екен?

Алма теріп жүрді екен.

Қызыл алма қолында,

Қыздар мұның соңында!..

Әлди, әлди,әлди-ай!

Әлди, бөпем, қалғы жай!

“Тұсау кесер” өлеңінің сақталынған нұсқасы біреу екен. Оны мен Айсина Күләш апайдан жазып алдым.

Қаз, қаз, балам, қаз балам

Қадам бассаң, мәз болам.

Тағы,тағы баса ғой,

Тақымыңды жаз, балам.

Қаз баса ғой, қарағым,

Құтты болсын қадамың!

Менің ауылымда тағы бір ырым – “Тұмар тағу”. Бұл жайлы мен Мұқышев Бақытжан атадан естідім. Бала ауырғанда әке-шеше молдаларға дұға жаздырып, оны үшбұрыштап матаға не теріге орап тігіп баланың мойнына тағып қояды. Тұмар, “пәле – жаладан, тіл – көзден, ауру –сырқаудан сақтайды” деген діни ұғымнан туған. Тұмардың түрлері көп. Оны кейде жас төлдерге, ауырған малға да тағады. “Естірту”, “Жоқтау”, “Дұға” өлеңдері бұрын айтылған, бірақ уақыт өте келе ұмытылып қалған. Ал көңіл айтудың көне түрі болмағанмен, қара сөз түріндегі үлгісі сақталынған. Оны маған Исагулов Мағзым атай айтып берген болатын. «Алла қайырымын берсін. Арттағы ұрпақтарына жақсылық берсін». Сыңсу, қоштасу, тағы да сол сарындас өлеңдердің ішінен біздің ауылда сақталғаны «Ұзатқан қыздың қоштасуы». Бұл үлгіні маған айтқан Исагулова Мархаба апай айтып берді.