Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
Мухамеджанова Марал фольклор.docx
Скачиваний:
81
Добавлен:
17.02.2016
Размер:
73.27 Кб
Скачать

Жұмбақпен айтыс

Баяғы заманда бір сұлу қызды алам деп жігіт келсе қыз: “Мен жұмбақ айтам, соны тапқан жігітке тием”,- депті. - Жақсы , айтыңыз жұмбағыңызды,- дейді сонда жігіт. Қ ы з ж ұ м б а қ а й т а д ы: Балқан тау да балқан тау,

Басына шыққан кім екен? Жолда тұрған жоңышқа,

Ат семірткен кім екен?

Жез бұйдалы нар тайлақ,

Оны көрген бар ма екен?

Желдеп кеткен жеті атан,

Оны көрген бар ма екен?

Қайда шөккен қарт бура,

Оны көрген бар ма екен?

Егіз қозы сүйіксіз,

Оны көрген бар ма екен?

Айдалада желі арқан,

Оны көрген бар ма екен?

Жай, жай кілем, жай кілем,

Оны көрген бар ма екен?

Түр, түр кілем, түр кілем,

Оны көрген бар ма екен?

  • Жұмбағыңыз онша қиын емес екен, - деп жігіт шешуін айтады:

Балқан тау да балқан тау,

Басына шыққан базаршы,

Жолда тұрған жоңышқа,

Ат семірткен жолаушы.

Жез бұйдалы нар тайлақ,

Бикешіңіз болмаса?

Желдеп кеткен жеті атан,

Жеті ағаңыз болмаса.

Қайта шөккен қарт бура,

Қайын атаңыз болмаса.

Егіз қозы сүйіксіз,

Екі емшегің болмаса?

Айдалада желі арқан,

Түлкі бақыр болмаса?

Айдалада қу қазық,

Қояныңыз болмаса.

Жай, жай кілем, жай кілем,

Жазылып жатқан жер болар.

Түр, түр кілем, түр кілем,

Түріліп шыққан күн болар.

  • Таптым ба, тәлім қыз, енді не амалың бар? – дейді жігіт.

  • Таптың, жігітім, енді саған тиемін – дейді қыз.

Жігіт пен қыздың жұмбақпен айтысы

Ж і г і т т і ң ж ұ м б а ғ ы:

Тағы да отырмын мен жұмбақ ойлап,

Дүлдүлді сахараға қойдым байлап,

Басында бұлбұл отыр үйдің сайрап,

Бір гауһар қойныңда тұрар жайнап.

Дарияның жағасында құрағы бар,

Жел тисе жанып кетер өрттей қаулап.

Азар білгіш болсаң да бір сасарсың.

Тауып бер жұмбағымның бәрін ойлап.

Қ ы з д ы ң ш е ш у і:

Болғанда – ақыл дария, кеудең – дүлдүл.

Басында сайрап тұрған тілің бұлбұл,

Қойныңнан шыққан гауһар – екі көзің,

Соққан жел дауылдатып айтқан сөзің.

Дарияның жанып кеткен құрақтары,

Адамның қатты шыққан – ашуы дүр,

Бәрі де адамзаттың денесі екен,

Таптым ба жұмбағыңды енді білдір.

Ж і г і т т і ң ж ұ м б а ғ ы:

Бір жайын тынбай жүрер дөп-дөңгелек,

Ұясы үш жүз алпыс болса керек.

Тағы да торға толған асыл шөлмек,

Мәнісін ғылым ғана танып білмек,

Аспаннан алты арыстан ақырады,

Гүлденіп миуалар алты терек.

Ғаламға он сегіз мың пайда бермек,

Жанады бір сарайда сансыз панар.

Пәндеге қисап емес санап білмек,

Айдаһар Қап тауынан ақырғанда,

Ұяға құмырсқаның бәрі кірмек,

Сөзімді мен сөйледім түйдек-түйдек,

Пендеге қымбат болар мұны білмек.

Тауып бер жұмбағымды бәрін ойлап,

Шешенсін сен бір жүйрік, ақылың зерек.

Қ ы з д ы ң ш е ш у і:

Ай мен күн тынбай жүрген аспандағы,

Ажалдан құтылмассың қашсаң дағы

Ісіне жаратылыс тамаша қыл,

Сол күннің үш жүз алпыс кірер орны.

Жұмыртқа жиырма төрт сағаттарын,

Күн мен түн көрсетеді қанаттарын.

Аспаннан алты арыстан ақырғаны,

Қар жауып, қарлы боран қыс болғаны.

Гүлденсе миуаланып алты терек,

Аспанда торғай шырлап жаз болғаны.

Аспанның жеті қараңғы сарайлары,

Ішінде сансыз жанар жұлдыздары.

Мәнісі осы сөздің болмас па осы.

Таптым ба жұмбағыңды төрем кәні.

Жұмбақтың жастар алдында тәрбиелік мәні зор десек қателеспейтін шығармыз. Жұмбақ ересек адамдарға ғана емес, бала логикасын әрі қарай дамытуға да септігін тигізеді. Баланың санасын жетілдіруге жұмбақтың жасырылуының өзі маңызды. Қазіргі кездегі жұмбаққа келетін болсақ, « Көш қайда жүреді, заман сонда жылжиды» демекші, қазіргі заманға сай, оқу-білімге байланысты, кәсіпкерлікке байланысты, жалпы өмірге байланысты жұмбақтар ортамызда ерекше бір орын алады. Ел-жұртына беделді би-шешен болмаса да, ақындық талантқа жақын, оның бар қыр-сырларын білетін Тұрсынбаев Жоламан атай біздің ауылда өмір сүрген. Үш жүздің әулие билерінің шешендік афоризмге толы өсиеттері атаның жадында толығымен сақталған екен. Соның ішінде ата маған Төле бидің Жеті жарғыға байланысты айтқан сөздерін айтып берді.

Жер дауы, баяндайын, біріншісі,

Ру, қоныспенен меншікті ісі.

Иеленген жеріне жанжал болса,

Біреуге басымдық қып озбыр кісі.

Үй іші мен баланы тәрбиелеу –

Болған жосық заңының екіншісі.

Ұрлық – қарлық, барымта – үшінші заң,

Баян етер бәрін де білген кісі

Төртінші боп саналған мына заңы

Бір халық пен басқа ру болса дауы.

Ұлтын жаудан қорғамақ – бесінші бұл

Алтыншы, жетіншісі – құн дауы, жесір дауы.

Ауылда көбінесе айтылып жүретін өзіміздің жерлесіміз Исагулов Мағзым сынды шешен атаның сөзі:

Өзін ғана ойлаған жамандықтың белгісі,

Өзгені де ойлаған адамдықтың белгісі.

Үлгілі сөз білмеген надандықтың белгісі,

Бар жоғына қарамас анық жомарт ер кісі

Өз үйінде салғыртсу сараңдықтың белгісі.

Шешендік сөздің мәні адам рөлінде маңызы өте зор. Ол ана тілін қастерлеуге сананы өрбітуге,сөз өрнегін жасауға, ақ пенен қараны ажырата білуге, тілді байытуға көп көмегін тигізеді. Қазіргі таңда шешендік өнерді қастерлеп, құрметтейді деп ойлаймын. «Мадақтау», «Даттау», «Арнау» өлеңдері де баршылық, алайда азды-көпті. «Арнаудың» мына бір түрін Мағзым атайдың өзінің Марқаба деген жолдасына арнаған екен:

Жан жолдасым өзің қандай назды едің,

Жылытады арайлаған жан лебің.

Тату жүрміз бұл өмірде қызықтың,

Бейнетінде бұл өмірдің

Әйтеуір өзің жақсылыққа жарыттың,

Жарықтайсың жанған тағдыр қамшысын.

Елестеп жымиған күлкіңменен

Жібітесің уайымның талқысын.

«Ән - халықтың ажары» демекші ел ішінде негізінен көптеген халық әндері кездеседі. Мысалға алатын болсақ: «Қамажай», «Әйкен-ай», «Илигай», «Сәулем-ай», «Назқоңыр», «Ой көк», «Көк айдай», «Топ шеңгел», «Япыр-ай», «Шилі өзен», «Ыңғай-ай», «Бипыл», «Баянауыл», «Ақ дариға», «Өтесің, қайран, заман-ай», «Сәулем ай» т.б.

Сәулем-ай

Аяғыма кигенім былғары етік сәулем-ай,

Табанымнан барады ызғар өтіп сәулем-ай.

Жақсы болсаң келерсің судан өтіп сәулем-ай,

Жаман болсаң қаларсың суға батып сәулем-ай.

Қайырмасы:

Сәулем, сәулем, сәулемсің,

Басымдағы дәуренсің

Жақсы болсаң, сәулемсің,

Жаман болсаң, әуремсің.

Халық өлеңдері

Жеке шумақтар

  • Үлкенге керсең қалды да,

Ас құйылды тегешке.

Үлкен билер қалғанда,

Құлдар кірді кеңеске.

Кеңескенде не десті,

Тырнадай мойын теңесті.

Теңескенде не десті,

Біріне – бірі серт қылды.

Үйге кедей келгенде,

Бір аяқ ас бернмеске.

  • Өлеңтіні жағалай,

Тал шығады деп едім.

Тал шыбықтай бұралып,

Сал шығады деп едім.

  • Соққан бейіт сықылды,

Үй шығады деп едім.

Қырыққан серке бұттанып,

Би шығады деп едім.

Таудан аққан тас бұлақ,

Тасыса құяр теңізге.

Қанша малы көп болса,

Бай қуанар егізге.

  • Жаманнан жақсы туса,

Жақсыдан жаман туса

Тартпай қалмас негізіне.

Ақ дариядан үлкен дария болмас,

Тасыса қалыбынан аспас.

Тұрымтайдан ұшқыр құс болмас,

Торғайдан басқа нәрсе алмас.

Ақ патшадан үлкен патша болмас,

Оның жарлығы екі болмас.

Бұзау тайынша жиылып,

Бота болған заман-ды

Жаман жақсы жиылып,

Адам болған заман-ды.

Тамам молда жиылып,

Қожа болған заман-ды.

  • Оралдан қашқан ор түлкі,

Аралап қашса ит жетпес.

Тегеурінді төрт елі,

Аспаннан түскен тас түлек

Жерге түссе тек өспес.

Ұлы ханның ұлы едің

Асыл ханның сідігі едің,

Шыны аяқтың сідігі едің

Қас патшаның өзі едің,

Мінезіңнен дәм етпеймін

Сүйегіңнен дәм етемін.

  • Алыстан қара көрінсе,

Жүйрік озар созылып.

Қаба – қаба қар жауса,

Атан тартар бүгіліп.

Ендігінің жақсысы

Есіктен төмен қарап,

Отырады түңіреп.

  • Көп нені айтады,

Азға қылған зорлығын айтады.

Аз нені айтады,

Көптен көрген зорлығын айтады.

Ертегілерге келер болсақ, менің ауылымда көбінесе жан-жануарлар туралы ертегілер көптеп айтылады. Мысалы «Ақымақ қасқыр» туралы ертегіні маған Жолаушина Гаухар апай айтып берді. Ол кісі ауыл мектебінің көзі. Мектепте қырық жылдан астам уақыт қызмет еткен болатын. Әдебиетке жақын адам болғасын ба, әйтеуір ертегі айтқанды ұнатады. Барлық кіші балаларды жинап алып ертегі айтып жүреді.

Ақымақ қасқыр

Өрісте жайылып жүрген көп қойдың ішінен бір арық саулық жалғыз бқлініп қала беріпті. Қалың шидың арасынан бір қасқыр атып шығып:

  • Е, жерік қасым, қайдан жүрсің? Іздегенде сені таба алмас едім, бұйырған дәмге сөз жоқ. Енді жеймін,-дейді.

  • Жейтін болсаң, ажалым жеткен екен, бірақ өзің де мал танығыш едің ғой. Қарным қампиған, бұтым тыртиған, аузымда бір тіс жоқ, бір асым етім жоқ, тұла бойым шандыр, мені қайтесің? Мені босат, қоралы қойға қайтайын, қозымды саған әкеліп тартайын, жылы –жұмсақты сен жемегенде кім жейді? – дейді. «Жылы – жұмсақ» деген сөзге қасқырдың құлқыны құриды. Қойды босатып қоя береді. Өасқыр жұтынып, қойдың болғанын күтеді. Қой да, бағлан да келмейді, қасқыр түңіледі. «Қой баласы момын ғой, алдауды білмеуші еді. Сірә оны ешкі антұрған азғырған шығар. Барып көрейін!» - деп жорта жөнелді. Бір белеске шығып төңірекке қараса, қызылшаны шайнап бір ешкі күрт-күрт тұр екен. Қап! Қой да, қойшы да алыста көрінеді. «Іздегенім сен едің! – деп қасқыр ешкіні бас салады. « Жанымды аман алып қалуға себеп болар ма екен?- деп, ешкі мынаны айтады:

  • Атаң да, анаң да жақсы еді. Қой тұрғанда олар ешкіні жемейтін. Мен қарапайым ешкі емеспін, тойда билеп, торқа киген ешкімін!- деп судыратады.

  • Ешкі билейді дегенді естіген емеспін. Ондай өнерің болса, көрсет,- дейді қасқыр.

  • Ендеше, көз алдырмай аяғыма қара да тұр, мен бір билеп көрейін,- дейді де ешкі олай – бұлай секіре-секіре жалт беріп, қойлардың арасына кіріп кетеді. Сол арада қойшы келіп ешкі аман қалады.

Ертегі мен аңыздың айырмашылығына келетін болсақ, ертегі көбінесе халық қиялынан, арманынан туады. Ал аңызда көбінесе шындық басым болып келеді. Адам өмірінде болып жатқан өзгерістермен іспеттес. Ауылда көбіне ел аузында сақталынған фольклордың үлгілерінің бірі – «Санамақ», «Өтірік өлең», «Жаңылтпаштар». Осы өлеңдерді маған Жиенмурзина Шолпан апай айтып берді.

Өтірік өлең

Айналайын баладан

Тауып алған даладан.

Далада бала жата ма?

Түсіп қапты шанадан.

Санамақ

Қуыр-қуыр, қуырмаш,

Балапанға бидай шаш.

Бас бармақ, балан үйрек,

Ортан терек, шылдыр шүмек,

Кішкене бөбек.

Сен тұр, қойыңа бар,

Сен тұр, қозыңа бар

Сен тұр, жылқыңа бар,

Сен тұр, құлыныңа бар.

Саусақ санау

Бірінші саусақ – бас бармақ,

Екінші саусақ – балалы үйрек,

Үшінші саусақ – ортан терек,

Төртінші саусақ – шылдыр шүмек,

Бесінші саусақ – кішкене бөбек.

Бір дегенің – білеу,

Екі дегенің – егеу,

Үш дегенің – үскі,

Төрт дегенің – төсек,

Алты дегенің – асық,

Жеті дегенің – желке,

Сегіз дегенің – серке,

Тоғыз дегенің – торқа,

Он дегенің – оймақ,

Он бір дегенің – қара жұмбақ.

Жаңылтпаш

  1. Төбесі төбел төрт бөрік,

Төртеуі де көк бөрік.

  1. Анау арал, қай арал?

Қайыңды арал, талды арал.

  1. Есет атам ет асатар,

Ет асатса бес асатар.

  1. Торта қойдым, орта қойдым,

Орта қойдым, жорта қойдым.

  1. Топ бала, топ бала

Ойнап жүр топтала

Зымырап допты ала

Қуады көп бала.

Сонымен қоса Жекекөл ауылында баяғы заманнан келе жатқан ойындардың түрлері де сақталған. Сол ойындардың бірін маған Ибрагимова Зүлфия апай айтып берді.

Шеңбер ойыны

Бұл ойынды бір мезгілде бірнеше жерде өткізуге болады. (Балалар кезек күтіп жалықпас үшін). Ол үшін екі-үш жерден диаметрі бір кездей шеңбер сызылады. Шеңбердің ортасына бір – бірден асық тіккен ойыншылар сақаларын үйіріседі. Сақаларының алшы, тайқы, бүк, шік түскендеріне қарай ату кезегі белгіленеді. Бұл ойындағы шартта тигізу ғана емес, асқан асықты шеңбердің сыртына шығарып жіберу. Мерген асықшы атқан асығы шеңберден шықпай қалғанша кезекті ешкімге бермейді. Көмбедегі асық таусылып біткен кезде ең көп ұпай жинаған ойыншы жеңімпаз болады. Әр шеңберден шыққан жеңімпаздардың арасында ақтық сайыс өткізіледі.