Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
дополнение к силлабусу.doc
Скачиваний:
1
Добавлен:
21.02.2016
Размер:
315.39 Кб
Скачать

8 Сабақ

Тыңдаңыз

Мұхтар Әуезов атындағы академиялық драма театрының Кереку өңіріне гастрольдік сапары басталады екен. Есеке, гастроль шымылдығын қандай спектакльмен ашпақсыз?

М.Әуезовтың «Абай» спектаклімен ашамыз. Бұл «Абай» бұрынғыдан өзгерек.

Өзгешелігін айта отырсаңыз.

Бүгінгі Абай – жастардың Абайы. Бұл – болмыс-бітімі, табиғаты өзгешелеу, махаббаттың жыршысы болған ақын. Өйткені пьесада ақын шығармашылығының композиторлық қырына көп көңіл бөлінді.

Абай рөлін кім сомдайды?

Театрымыздың жас әртістері Ерлан Біләлов пен Азамат Сатыбалды сомдайды.

Қойылым режиссері өзіңіз ғой.

Иә.

(«Жұлдыздар отбасы» журналынан)

9 Сабақ

Тыңдаңыз:

- Кітапханада «Ашық есік апталығы» өтіп жатқанын естідік. Мұндай шараларды жиі өткізіп тұрасыздар ма?

- Ашық есік апталығы жыл сайын жаңа оқу жылының басында өткізіледі. Осы аралықта кітапханаға келетін оқырмандар саны да арта түседі.

- Жаңадан түскен кітаптар көп пе?

- Қазақ ақын-жазушыларының шығармалары «Мәдени мұра» бағдарламасы бойынша жарық көруде. Солардың көбін кітапханамызға алдырдық. Біздің оқырмандарымыз соңғы шыққан кітаптарды көп сұрайды.

- Тұрақты оқырмандарыңыз бар ма?

- Әрине, бар. Олардың қатары күн өткен сайын көбейіп келеді.

10 Сабақ

Тыңдаңыз:

-Анатолий Андреевич, сіз «Абай жолы» эпопеясын үш жыл көз майыңызды тауысып, керемет аудардыңыз. Сіздің аудармаңызға қалың оқырман да, әдебиет сыншылары да оң бағасын берді. Елбасының өзі бұл ұлы туындыны қайта оқып, сізге риза көңілмен хат жазғанын білеміз. Енді сізден қазақ әдебиетінің классигі Әбдіжәміл Нұрпейісов шығармашылығы туралы сұрасам деймін...

-Әбдіжәміл Нұрпейісов диапазоны кең, кеңістік пен әлем туралы жазады. Оның кейіпкерлері тарихи оқиғалардың бел ортасында жүреді. Шытырман, сан тарам оқиғалар, кейіпкерлері мидай араласып, тұтас бір дәуір суретін береді. Мен онымен доспын деп айта аламын. Құдай бақ берген, құдай үлкен талантты үйіп-төгіп бере салған ірі адам, суреткер жазушы.

-Әбекең туралы тамаша пікір айттыңыз. Бірақ сіз жазушының «Соңғы парыз» романын аударуға ұзақ уақыт келіспеді деп естідік. Неліктен?

-Қазақта кісі көңіліне қарау, ағаны сыйлау деген жақсы дәстүр бар емес пе? «Соңғы парызды» белгілі сөз шебері Герольд Бельгер аударған екен. Ол екеуміз дос-көңіл жандар едік. Сондықтан да көзі тірі аудармашыны қайта аудару адами сыйластыққа жатпайды. Этикаға кірмейді. Сол себепті мен «Соңғы парызды» аудара алмайтынымды айттым.

-Дегенмен, аудардыңыз ғой. Бұған не себеп болды?

-Сол әңгімеден үш жыл өткен. Әбең келді.

-«Соңғы парыздың» жолма-жол аудармасын жасатқыздым,- деді Әбең. - Енді келісім бермесең, өкпелеймін.

Дархан көңіл жазушыны өкпелетіп алмайын деп келістім. Кейін белгілі болғандай, «Соңғы парыздың» өзі көңілі толыңқырамаған жерлерін ғана жолма-жол аудартып үлгеріпті.

-Анатолий Андреевич, жазу үстеліне қай кезде отырасыз? Кезекті шығармаңыздың сюжеттік желісін алдын ала түсіріп, оларға тән портреттік, келбеттік сұлбасын жасап аласыз ба?

-Ешқандай дайындық жасамаймын. Ақ қағаз, қалам. Компьютерді ең алғашқы болып жақсы меңгергендердің бірімін. Аударманы ғана компьютерге жасаймын, ал көркем шығарманы тек қана қаламмен жазамын. Оқиға желісі, кейіпкерлер сол жазу барысында өмірге келеді. Менің жазушылыққа келуіме қазақ елінің кеңдігі мен мәрттігі, биіктігі мен бірегейлігі, қонақжайлылығы мен ақ көңілі әсер етті. Қазақ академиясынан өттім деп айта аламын. Ұлтты тани отырып, ұлы тұлғалармен таныс болу бақытына ие болдым.

-Анатолий Андреевич, осы тұста сізге қазақтың екі мықтысы туралы бір мысал айтып берейін: Бір күні атақты ақын Хамит Ерғалиев пен академик Ахмет Жұбанов бір кездесуге барады. Ахмет Хамаңды өз көлігімен алып жүріпті. Қайтарда Хамаң Ахаңа:

-Айтшы, осы екеуміздің қайсымыз мықтымыз? – деп сұрапты.

-Хама-ау, оны қайдан білейін. Бірақ, сізден басқа қай ақынның академик шопыры бар? - деп әзілмен жауап беріпті. Сол секілді өзіңіз сияқты тұлғамен сұхбат құру бақыты маған бұйырғанына ризамын. Сізге әлі де ұзақ өмір, шығармашылық шабыт пен еңбегіңізге сәттілік тілеймін. Қазақ әдебиетін аударма арқылы әлемге таныта беріңіз.

11-сабақ

Тыңдаңыз.

Жуалы суреттері

Алатау сілемдерінің қасиетті Қаратауға ұласатын батыс жақ тұсында Жамбыл облысының ең шұрайлы, табиғаты қай заманда да өзінің керемет сұлулығымен таңғалдырып келген Жуалы ауданы орналасқан. Қысы қатал болып келетін бұл өңірдің тау баурайы көктем шығысымен айрықша құлпырып, етегі алуан түрлі гүлге малынып, су жайылған жазық алқапты көкорай шалғын орайды. Осынау гүлге оранған табиғат даланың реңін келтіреді, жұпар иіс кеудеңді кернеп, мұрныңды қыттықтайды.

Таулы жердегі қатпар тастар дестеленіп түзіліп, аймаққа өзіндік сән береді. Ғасырлар қойнауынан шежіре жинап, тылсым сырын ішке бүгіп жатқандай. Тау етегінде бұйрат жондар жатыр, олар да құдды бір айдаһардың бұж-бұж жотасы іспетті, ал, асқақ төбелерін түсі суық сұр бұлттар шалған шақта қаһарлы қарт батырлар сияқты көрінеді.

Оңтүстік Қазақстан мен Жамбыл облысының ортасында орналасқан осы бір таулы ауданның климаты да өзгеше. Шымкент пен Таразда өрік гүлдеген шақта Жуалыда қар енді кетіп, жер бусанып жатады. Ал Шымкентте де, Таразда да күн шыжыған ыстық болған кезде бұл ауданда салқын самал есіп, жанға жайлы жаймашуақ шақ орнайды.

(А.Мұсабекова. «Ұлағат»).

12-сабақ

Тыңдаңыз

Табиғатты аялайық!

Табиғатқа саяхат кезінде көпшілігіміз орман саясына барып демалып, тынығатынымыз белгілі. Бізді орман алқабына тартатын күш – орман ауасының тазалығы, ондағы сайраған құстар үні, алуан түрлі ағаштар, жемістер мен жидектер, жұпар иісті шөптер мен гүлдер, ондағы сылдырап аққан өзен суының жарастығы және т.б. Орман саясына келгенде, біз өзімізді ерекше сезінетініміз, ұзақ жұмыс күндері мен оқудан қажыған кездерімізден лезде-ақ арылатынымыз аян. Біз орманға келгенде өзімізді тек қонақ ретінде ғана емес, орманның қожасы, мәпелеп күтуші иесі ретінде сезінгеніміз жөн. Сонда ғана біз орманның бар иелігін тиімді пайдалана аламыз. Оның келешекте де біздің саялы орындарымыздың бірі болып қала беруіне мүмкіндік жасаймыз. Өкінішке орай, қазір жастардың тынығып қайтқан жерлерінде кездесетін сынған ағаш бұтақтары, ағаш қабығына ойып жазған әріптері, үйілген қағаз, қалбырлар, тағам қалдықтары, шыны-шөлмектер орманды жақсарту мен жаңартуға бағытталған шаруалар болмаса керек. Мұндай тұтынушылық әрекеттен арылмайынша, біз орманның берерін, оның эстетикалық ләззатын барынша пайдалана алмаймыз. Сондықтан да, жас дос, орман алқаптарында өткізілетін сенің әр күнің, әр сағатың бұл байлыққа қамқорлықпен қарап, оның бар игілігін өзің және басқалар да көретіндей мақсатқа жұмсалғаны жөн.

(Қ.Құрманов. «Қазақ тілі» оқулығынан)

13-сабақ

Тыңдаңыз.

Қазақстанның экологиялық проблемаларын шешудің жолдары

Біріккен Ұлттар Ұйымының мың жылдық саммитінде көтерілген үшінші проблема – қоршаған ортаны қорғау. 2001жылы Кения астанасы Найробиде БҰҰ-ның қоршаған орта жөніндегі бағдарламасы (ЮНЕП) басқарушылар кеңесінің мәжілісі өтті. Әлемнің жүздей елінен келген лауазымды шенеуніктер, ғалымдар, мамандар ғаламдық жылудың салдарын азайтудың жолдарына тоқталды.

Бүкіл шер шарында температураның 1 градусқа артуы орасан өзгерістер әкеледі. Барлық жерде су деңгейі көтеріліп, көп аймақ су астында қалады, ХХІ ғасырдың аяғына дейін қоршаған ортаның температурасы 1,4 градустан 5,8 градусқа дейін артуы мүмкін. Антарктикада да, мәңгі мұз болып қатып қалған жерде әлемдік көмір қышқыл газының 14 пайызы сақталады деген ғылыми қорытынды жасалып отыр. Климат өзгеріп, ғаламдық жылу басталған кезде сол мәңгі мұздақ жер өзіндегі көмір қышқыл газын босатады. Температураның артуы Гренландия мен Солтүстік мұзды мұхит мұздықтарының еруіне әкелуі мүмкін. Ол Гольфстрим жылы ағысын бұза алады.

Мұнайлы аймақтарда жүргізілген жұмыстардың салдары – жер бетінің құнарлы қыртысының біржола жойылуына, ауыз су тапшылығына апарып соқтыратыны белгілі.

Тағы бір қатер – мұнай, газ өндірісі орналасқан аудандардағы жер астындағы жасанды бос кеңістіктердің пайда болуы. Ол шектеулі жер сілкіністерінің шақыртқысы. Мысалы, Өзбекстандағы Газли, Түркменстандағы Құм-даги, Татарстан, Башқұртстандағы, әлемдегі басқа да мұнайлы елдерде болған осы тектес күшті жер дүмпулері соған дәлел..

Қазақстандағы Байқоңыр ғарыш айлағынан ғарыш кемелері ұшырылған сайын да озон қабаты тесілуде. Нәтижесінде сол аймақтың ауа райы бұзылып, желдің жылдамдығы артып, кейбір уақытта шілде айында бұршақ жауа бастады.

Демек барлық мемлекеттер ХХІ ғасырдың күрделі проблемаларын шешу үшін БҰҰ көрсеткен міндеттерді нақты орындау жолында қызмет етуге тиіс.

(С.Абдулпаттаев “Халықаралық қатынастар және Қазақстанның сыртқы саясаты, 121-б.)

14-сабақ

Табиғат ескерткіштері

Қорғалатын табиғат объектілерінің арасында табиғат ескерткіштері көрнекті орын алады. Қазақстан территориясында табиғат ескерткіштерінің сан алуан түрлері кездеседі. Олардың көпшілігі адамдардың аяусыз әрекеттерінен жойылып кеткен. Қазіргі кезде сақталып қалған табиғат көріністері өткен табиғат жағдайларынан, тарихтан хабар береді. Оларды сол күйінде сақтау мақсатында қорғауға алу керек. Сонымен табиғат ескерткіштері – ғылыми, табиғи-тарихи, оқу-ағартушылық, мәдени-эстетикалық маңызына қарай қорғалатын жеке табиғи объектілер. Әрбір табиғат ескерткіштерінің көлемі 2 гектардан аспауы шарт. Маңызына қарай табиғат ескерткіштері маңында шаруашылық әрекетке тиым салынған. Республика үкіметі әзірге үш табиғат ескерткішін: Ертістің оң жағасындағы Павлодар қаласының солтүстік-батысын ала «Қаздың қайтуы», Алматы облысындағы «Шынтүрген шыршалы орманы» және «Шарын аң үйеңкі саяжайын» жұртшылыққа жариялады.

Республикамызда одан да басқа ерекше қайталанбас объектілер көп. Болашақта табиғат ескерткіштері қатарына жаңадан «Сауыр шыршалы орманы», «Көшқорған палеонтологиялық ескерткіші», «Қарақия», «Маралды көлі», «Мойылды көлі», «Қарқаралы реликтілі сфагнылы батпағы», «Тархан геологиялық кешені», «Шарын шатқалы» сияқты қайталанбас объектілер қосылмақшы.

15-сабақ

Мәтінді тыңдаңыз.

Қызыл кітаптың маңызы

Адам баласы жануарлар мен өсімдіктер туралы мәліметтерді, ғылыми деректерді саралай келе, ендігі жерде оларды қорғау қажеттігі туралы тоқтамға келді. Кейбір өркениетті елдерде жануарларды, өсімдіктерді, ормандарды, өзен-көлдерді қорғау туралы мемлекет деңгейіндегі құжаттар қабылдана бастады. Ең алғаш орыс патшасы І Петр Мәскеу маңынандағы ормандар мен оның ішіндегі табиғат байлықтарын «патша қазынасы» деп жариялап, кесуге, аң атуға тыйым салады.

Бұндай көзқарастарды Еуропа елдері де , Қытай, Жапон, Үнді елдері де қолдап, табиғат қорғауға көп көңіл бөледі. Кейбір елдерде қорықтар, саябақтар құрылады. Осындай игі істердің нәтижесінже Халықаралық табиатты қорғау ұйымы (ХТҚҰ) құрылады. Ұйымның мақсаты – дүниежүзіндегі сиреп немесе құрып бара жатқан аң-құстардың, өсімдіктердің «Қызыл кітабын» ұйымдастыру болатын. Ол үшін халықаралық «Қызыл кітапқа» енетін аң-құстардың, өсімдіктердің тізімі жасалды.

«Қызыл кітап» туралы пікірді ағылшын табиғат зерттеушісі Питер Скотт айтқан болатын. 1963 жылы «Қызыл кітаптың» алғашқы басылымы, одан соң 1966-1975 жылдар аралығында 5 томы жарық көрді.

1980 жылдары бұрынғы томдары негізінде «Қызыл кітап» қайта басылып шықты. Ол табиғат қорғаудың негізгі іргетасы, экологиялық білім мен тәрбие берудің қайнар көзі болып табылады.

1978 жылғы 16 қаңтарда Қазақстан Министрлер Кеңесі Қазақстанда сирек кездесетін және жойылып бара жатқан өсімдіктер мен хайуанаттардың «Қызыл кітабын» бекіту туралы қаулы қабылдады.1978 жылы «Қызыл кітап» жарыққа шықты, Бұл кітапқа ғалымдар республикамыздың кең байтақ даласын мекендейтін, саны сиреп, жойылып кету қаупінде тұрған сүтқоректілердің 31 түрін, құстың 43 түрін енгізді.

«Қызыл кітапқа» енген аң-құстарды, өсімдіктерді аулауға, жоюға тыйым салынған. «Қызыл кітап» - мемлекеттік құжат.

Халықаралық «Қызыл кітапқа» Қазақстан жерінде өсіп-өнген қарақұйрық, құлан, барыс, қарақұйрық, геопард, менизбур суыры, қызыл қасқыр сияқты жануарлармен қатар ақ тырна, қызыл жемсаулы қараша қаз, қоқиқаз сияқты құстар енген.

«Қызыл кітаптың» танымдық әрі тәрбиелік мәні зор. Ол жастарды табиғатты аялай білуге, оған қамқор болуға үндейді.

16-сабақ

Тыңдаңыз.

Туған өлке

Сөзі: М.Мақатаев

Әні: Т.Шапай

Таныс өлке, таныс аймақ, таныс маң,

Анау жерде құрбылармен алысқам.

Анау жерде құрбыжанмен табысқам,

Жолдар анау шұбатылып, шаңы ұшқан,

Таныс өлке, таныс аймақ, таныс маң.

Қайырмасы:

Айналайын, атамекен, ақ мекен,

Қандай қазақ іздеп сені тапты екен.

Айналайын, атамекен, ақ мекен,

Туған өлке тәтті екен ғой, тәтті екен.

Шабындықтар, егістіктер, тоғайлар,

Төбелердің төбесінде көк айдар.

Ақша бұлтпен араласып аулаққа,

Сағым болып бара жатыр көп ойлар.

Таныс өлке, таныс аймақ, таныс маң.

17- сабақ

Тыңдаңыз

Қазақстанның көне қалалары

Қазақ жерінде көне өркениеттің айғағы ретінде көптеген қалалардың орны табылуда. Сондай қалалар қатарына Сарайшық, Сауран, Түркістан, Тараз, Отырар және т.б. қалалар жатады.

Еуропа мен Азияны қақ бөліп жатқан Жайық өзенінің оң жағалауында орналасқан. Сарайшық қаласының іргесі Алтынорда тұсында қаланған. Оны Шыңғыс ханның шөбересі Бату хан салдырған.

Сатайшық қаласында Алтын Орда сарайының бірнеше хандары мен елге танымал тұлғалар жерленген. Олар: Мөңке Темір, Тоқтай, Жәнібек, Бердібек хандар. Бұл қала біраз уақыт Қазақ хандығының батысындағы астанасы да болып есептелген. Осы қалада қазақтың әйгілі ханы Қасым хан жерленген деген болжам бар.

Қала 1580 жылғы орыс казактарының ойранынан күйреді.

Тараз – Қазақстан қалаларының ішіндегі ең ежелгі қалалардың бірі. Тараз қаласы ҮІІ ғасырда Ұлы Жібек жолының бойында орналасып, маңызды рөл атқарған. Ол туралы көптеген аңыздар мен шежірелерде айтылады.

Тараз – ортағасырлық географтар, тарихшылар, саяхатшылардың мәліметтері бойынша – түргештер, қарлуктар, қарахандар кезінде мемлекет астанасы болған. Қалада саудамен қатар, рухани мәдениет пен өркениет те дамыды.

Ақтөбе – орта ғасыр қаласының бірі. Жамбыл облысы, Шу өңірінде орналасқан. Аумағы 36 шаршы км. Алғаш рет 1947 жылы қазылған. Көне шахар үш бөліктен тұрған: бекіністен, шахирстаннан және рабаттан. Археологтардың қазба жұмыстарының мәліметтерінде Ақтөбе қаласының Түрік, Қарлұқ, Қарахан мемлекеттері дәуірінде Ү-ХІІ ғасырларда өмір сүргені айтылады.

18-сабақ

Тыңдаңыз

Алматы

Алматы – Республикалық мәртебесі бар қала. Қазақстанның оңтүстік-шығысында, Іле Алатауының солтүстік баурайында, Қарғалы, Үлкен және Кіші Алматы, Есентай өзендерінің аралығына орналасқан. Қаланың айналасы негізінен таулы, сайлы-жыралы келеді. Қала арқылы Үлкен Алматы мен Кіші Алматы өзендері және оның салалары – Қарғалы, Ремизовка, Казачка, Қарасу өзендері ағады.

Алматы қаласының 2,5 мың жылдық тарихы бар. Қала тұрған жерді ежелден қазақ ұлтын құраған тайпалар мекен еткен. Іле Алатауының етегіндегі Алмату қаласы туралы алғашқы жазба деректер Рашид әд-Диннің шығармаларында кездеседі. Шыңғысханның шапқыншылығынан қираған Алмалық, Алмату қалалары туралы Бабыр да жазған. Бұл екеуі екі бөлек қала болған. Онда ертеректе сақтар, одан кейін үйсіндер, орта ғасырларда дулат тайпалары өмір сүрген.

Алматы қаласы 1927 жылы 3 сәуірде Қазастанның астанасы болып жарияланды да, 1929 жылы астана Алматыға көшіп келді. Сол кезден бастап, Алматы аса ірі саяси-әкімшілік, ғылыми-мәдени және экономикалық орталыққа айналды. Қаланың жедел қарқынмен дамуына Түркісіб темір жолының салынуы үлкен әсер етті.

Қала құрылысы арнайы ойластырылған жоба бойынша салынған. Алматы – республикадағы ең сәулетті қалалардың бірі. Қала архитектурасында ұлттық ерекшеліктердің элементтері, қала аумағының табиғат сұлулығы және құрылыс саласындағы ғылым мен техниканың жетістіктері жүйелі түрде, жоғары талғамдықпен үндестік тапты. Алматыда әр ғимарат өзіндік ерекшеліктерімен, ұтымды инеженерлік-архитектуралық шешіммен көзге түседі. Қаладағы Республикалық алаң кешені, Президент резиденциясы, Даңқ монументі, Республика сарайы, ҒА және Ұлттық кітапхана ғимараттары, М.Әуезов атындағы драма театры, «Қазақстан», «Отырар», «Рахат-Палас», «Анкара», «Достық» қонақ үйлері, Студенттер сарайы, Балуан Шолақ атындағы спорт сарайы, «Медеу» спорт кешені, Республикалық Орталық мұражай, т.б. көптеген мәдени, ғылыми және қала тұрғындарына арналып салынған ғимараттар бой көтерді.

( Атамекен: географиялық энциклопедиясынан).

19-сабақ

Тыңдаңыз

Елімнің жүрегі – Астана

Астанам, көп қараймын мен келбетіңе,

Астанам, көп қараймын мен келбетіңе,

Балғынсың жас қайыңдай тербетілген .

Жаннаттай жан біткенді елжіретесің,

Біз үшін жаннат қала сен жер бетінде.

Қайырмасы:

Елімнің жүрегі

Жарқырап жайнай берші, сен, Астанам!

Өзіңе арналады ән дастаным.

Қашан да саған іңкәр менің жаным

Жастықтың жалауы бол, сен, Астанам!

Аңсаймын, армандаймын пәк жүрекпен,

Аңсаймын, армандаймын пәк жүрекпен,

Аңсаймын, армандаймын пәк жүрекпен

Астана, жайна дәйім, мен тілеп келем

Астана, жайна дәйім, мен тілеп келем

Мен тілекшімін.

Қайырмасы:

Елімнің жүрегі

Жарқырап жайнай берші, сен, Астанам!

Өзіңе арналады ән дастаным

Қашан да саған іңкәр менің жаным

Жастықтың жалауы бол, сен, Астанам!

20-сабақ

Тыңдаңыз

Имантау табиғи аймағы

Солтүстік Қазақстан облысының жерінде республикалық маңыздағы бірнеше бірегей табиғат жиынтығы бар. Солардың бірі – Имантау табиғи аймағы. Өзен мен көл арналары, жазықтар, үстірттер және кішігірім таулар – бәрі Көкшетау қыратының кішігірім аумағында кездесіп, жер бедерінің әртүрлілігін көрсетеді. Шығысынан батысына дейін 65 шақырым, солтүстігінен оңтүстігіне дейін 70 шақырымға созылып, Имантау жері табиғи оазис құрайды. Осының негізін құрайтын таулы-орманды жерлері мен су қоймалары және Имантау көлі осы өлкенің ең бір әдемі көлдерінің бірі болып есептеледі. Ормандар мен көлдер бұл өңірдің табиғатын көріктендіре түседі. Мұнда көптеген аңдар: құрлар, түлкілер, сасық күзендер, ақ бөкендер және т. б. кездеседі. Табиғи ескерткіштер: «Қазандық», «Шартарап» төбелері, «Жыланды» аралы, «Буян» атты сайлары өздерінің қайталанбас әдемілігімен жергілікті тұрғындар мен демалушыларды өзіне тартады. Имантау көлінің жағалауы – «жабайы демалушылардың» сүйікті орны. Жазда бұл жерде түрлі-түсті шатырлардан кішігірім қалашықтар қаптайды. Көлге бару оңай. Демалыс орнына апаратын жолдар торабы Чистополье селосында түйіседі. Одан әрі – Есіл, Торғай, Володаровка ауылдарына, Қостанай, Челябі, Көкшетау, Омбы, Түмен қалаларына жалғасады. Имантау демалыс орны «Көкшетау» мемлекеттік, ұлттық табиғи паркінің Арықбалық өлкелік бөлімшесінің қарамағына жатады.

(Ғаламтордан)