Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
дополнение к силлабусу.doc
Скачиваний:
1
Добавлен:
21.02.2016
Размер:
315.39 Кб
Скачать

29 Сабақ

«Жас Отанның» құрамы

«Жас Отан» Жастар қанатының мүшелігіне 16 жасқа толған Қазақстан Республикасының азаматы өз еркімен жазбаша түрде өтініш жазу арқылы кіреді. Жастар қанатының мүшесі «Жас Отанның» мақсаттары мен міндеттерін қолдап, жүзеге асыруға ат салысуы керек. «Жас Отан» Жастар қанатының мүшесіне куәлік пен есеп карточкасы жазылады.

«Жас Отан» Жастар қанатының Съезі Орталық кеңесінің шешімі бойынша төрт жылда бір рет шақырылады.Съезд делегаттары облыстық, Астана және Алматы қалалық конференцияларда сайланады, бөлек жағдайда – «Жас Отан» ЖҚ филиалы кеңесінің отырысында барлық қалалық және аудандық филиал өкілдерінің қатысуымен сайланады. Съезд қатысып отырған делегаттардың дауыс беруімен шешім шығарады.

«Жас Отанның» басшылық органы съезд аралығында жастар саясатын жүзеге асыратын және жастар қанатының филиалдарына басшылық ететін Орталық кеңес болып табылады. Орталық кеңестің мүшелеріне облыстық, Астана және Алматы қалалық филиалдың өкілдері мен басқа да жастар ұйымдарының белсенділері мен көшбасшылары кіреді. Съездің өкілетті мерзімі – төрт жыл.

Облыстық, Астана және Алматы қалалық (аудандық) филиалдың жоғары басқарушы органы облыстық кеңестің шешімі бойынша екі жылда бір рет шақырылатын конференция болып табылады.

Облыстық филиал конференциясының делегаттары, сондай-ақ, Астана және Алматы облысы «Жас Отанның» қалалық (аудандық) конференцияларында, бөлек жағдайда аймақтық атқарушы хатшының шешімі бойынша сайланады.

Облыстық, Астана және Алматы қалалық филиалдарының басқарушы органы облыстық, Астана және Алматы қалалық филиалдарының конференциясында «Жас Отан» ЖҚ Атқарушы хатшысының келісімі бойынша сайланған Кеңес болып табылады. Қалалық филиалдың кеңес құрамы «Жас Отан» ЖҚ облыстық, Астана және Алматы қалалық филиалдарының атқарушы хатшыларының келісімі бойынша конференцияда сайланады.

«Жас Отанның» атрибуттары. «Жас Отан» Жастар қанатының съезде бекітілген өзінің эмблемасы, әнұраны, туы, «Жас Отан» ЖҚ мүшелігін білдіретін төс белгісі, бланкісі мен басқа да атрибуттары бар.

Эмблемада Қазақстан Республикасының картасы ортасында ұйымның атауы – «Жас Отан» бейнеленген. Эмблемада үш түс – көгілдір түс, көк аспанның мәңгіліктің, адалдықтың, сенімділіктің, рухани және интеллектуалдық өмір мен ертеңге деген жарқын болашақты білдіреді; сары түс – синтез, жаңарту, шешім, құру, туылу, өсу, күнді бейнелеу; қызыл түс – жылы сезім мен махаббат, қуаныш пен қуатты білдіреді. Ұйымның эмблемасы «Жас Отан» ЖҚ мүшелік билеті мен ұйымның басқа да баспалық өнімдерінде міндетті түрде қолданылады.

30- сабақ

Тыңдаңыз:

Қазақ жастары және партиотизм

Қазақстан Республикасы өзінің тәуелсіз мемлекет екендігін бүкіл әлемге паш етті. Алдағы мақсатымыз Қазақстанның гүлденіп, өркендеп, көркейіп, жастары оқыған, үлкені ел сыйлаған, патриотты, ұлтжанды, халықтың мықты діттеген ордасын құру. Кешегі өткен өміріміз жолын еске алсақ, талай қиыншылықты бастан кешірген халықпыз. Сонда да ащы мен тұщының дәмін татып, қиыншылық көрсе қысылмай, батылдық, табандылық, өжеттілік танытып бүгінге жеткен Отанымыз алтын орда үйіміз. Қазақстанды –Отаным деп таныған әрбір азамат осыны түсінер деп ойлаймын. Ол үшін алдымен адамның Отанына, туған еліне, оның тіліне, салт дәстүрі мен мәдениетіне деген сүйіспеншілік сезімі қажет. Мұның басты шарттарының идеяларын Н.Ә.Назарбаев өзінің «Қазақстан-2030» Жолдауында «біздің балаларымыз бен немерелеріміз бабаларының игі дәстүрін сақтай отырып қазіргі заманғы нарықтық экономика өркендеу үстіндегі күллі әлемге әйгілі әрі сыйлы өз елінің патриоттары болады» деп нақты көрсеткен болатын.

Жастар – еліміздің экономикалық және қоғамдық өмірдің барлық салаларына қатыстылығы жағынан алғанда, болашағы зор, қоғамның маңызды бөлшегі. Тәуелсіздік жылдарында қазіргі заман шарттарына жаңа көзқараспен қарайтын жастар пайда болды. Жастар еліміздің даму және демократиялық жаңару үрдістеріне белсене қатысып келеді. Ал дамыған қоғам, әрине, адамға және оның жеке, кәсіби қасиеттеріне жоғары талаптар қояды. Қазіргі заман мамандары өз кәсібінде де, ғылымда да тек қана жаңашыл емес, сондай-ақ көшбасшы да бола білулері керек. Тәуелсіздік алғанымызға 20 жыл уақыт болды, бірақ, қазақ жастарының жағдайы бүгінгі күні қазақ қоғамын алаңдату керек деп ойлаймын. Болашақ жастардың қолында деген керемет ұранның, сол болашақты жасайтын жастар үшін пайдасы зор, ертеңгі көк бөрілінің бүгіні ме ертеңі біздің қолымызда. Ұраннан іске кіресетін кез келді. Ол үшін тек қана оқу, білім, тәрбие, ғылым, бірлік, татулық қана біздерге қажет. Осылардың жолында бәрімізде аянбай еңбек етіп, тер төгуіміз керек.

31- сабақ

Қазақстан жастар ұйымдары

Тыңдаңыз:

Елімізде кадрларды даярлаудың қабырғалы жүйесі енгізіліп жатыр. Бұл қоғам алдында тұрған ірі мәселе қазақстандық компаниялардың білікті кадрларды қажет етуінде, ал жоғары оқу орындарының жұмыс орындарына деген қажеттілігіне жауап береді. Аталған жүйе жастарға кәсіби біліктіліктерін арттыруға және оларды жұмыспен қамтуға қосымша мүмкіндіктер ашады.

Жүйелі бағытталған мемлекеттік саясат арқылы мемлекеттік органдар мен жастар, жастар ұйымдары мен қозғалыстар арасын­дағы қарым-қатынас тетіктері жетілдіріліп келеді. Жыл соңына дейін 2020 жылға дейінгі Мемлекеттік жастар саясатының тұжырымдамасы жасалып, аталған сала бойынша заңнаманың жаңаруына мүмкіндік береді. Білім және ғылым министрлігі құрамында Жастар саясаты жөніндегі комитеттің, ал аймақтарда, сәйкесінше, басқармалардың құрылуы еліміздің әр өңірінде барлық деңгейде жастардың жедел және тиімді жобалары мен бастамаларының жүзеге асырылуына ықпал етеді. Бұл - жастарға одан әрі жаңа көкжиектер мен мүмкіндіктер ашылады деген сөз.

Елбасының жастар мәселесін үнемі назарда ұстауының нәтижесінде бүгінде бізге барлық есіктің ашық екендігін сеніммен айта аламыз! Біз үшін білім алуға және жұмыс жасауға барлық жағдайлар жасалған.

Біздер, Қазақстанның белді жастар ұйымдары, еліміздің табысты дамуына және Қазақстанның серпінді болашаққа аяқ басуына күш-қуатымызды жұмсайтынымызды мәлімдейміз!

«Нұр Отан» ХДП жанындағы «Жас Отан» жастар қанаты; «Жасыл ел» ЖЕЖРШ; «Қазақстан Жастар конгресі» ЗТБ; Қазақстан Республикасы Президентінің Халықаралық «Болашақ» стипендиясы түлектерінің қауымдастығы; «Ауыл жастар одағы» ҚБ; «ҚСА» республикалық студенттік қозғалысы» ҚБ; «Ұлттық Дельфийлік комитет» ЖМ; «Қазақстанның жас депутаттар қауымдастығы» РҚБ; «Студенттік құрылыс жасағы» РШ ЖМ; «Қазақстан Жастар Конгресінің Мемлекеттік қызмет мектебі» ЖҚБ; «Жарқын Болашақ Белесі» ҚБ; «Казбренд» ҚБ; «Астана қаласының жастар мәслихаты» ҚБ; «Жігер» ҚБ; «Қарсы» ЖҚҚ» ҚБ; «Дипломат» ҚҚ; «Есірткісіз болашақ» КҚ; «Proдвижение» ҚҚ; «Пікірсайысшылардың республикалық қауымдастығы» ҚБ.

32-сабақ

«Патриотизм дегеніміз -Отанға деген сүйіспеншілік, жеке адамның аман-саулығының қоғамдық–мемлекеттік қауіпсіздікке тікелей байланыстылығын сезіну, ал мемлекетті нығайту дегеніміз-жеке адамды күшейту екенін мойындау, қысқасын айтқанда, патриотизм мемлекет деген ұғымды жеке адаммен, яғни оның өткенімен, бүгінгі күнімен және болашағымен қарым-қатынасты білдіреді». Осындай салиқалы ойдан кейін кімнің де болмасын патриотизмді түсінбесіне кім кепіл. Тіпті бұндай Отаншылдық, патриоттық сезімді сонау көшпелі дәуірден тануымызға болады. Кешегі Төле, Қазыбек, Әйтеке билердің сөздерінде, Ақтамберді, Бұқар жырау, Доспамбет, Жиембет толғауларында, Абай, Махамбет, Мұқағали, Мағжан жырларында, Ахмет, Әлихан, Жүсіпбек сынды алаштың зиялыларының сөздерінде отаншылдыққа деген ұлы сезім көрініп тұрды. Осыған орай патриоттық тәрбие мәселесі адамзат тарихының өн бойындағы ұрпақтан –ұрпаққа жалғасып келе жатқан ұлы мақсат болғандықтан, жастар бойындағы Отанға деген сүйіспеншілігін, яғни патриоттық санасын оятып олардың ертеңгі күні қазақтың мықты сапалы білімді, саналы тәрбиелі, халқының ертеңін ойлайтын азаматтары мен азаматшаларын тәрбиелеу. Ол үшін алдымен жаңаша патриоттық тәрбие беру, жастардың тарихын, тілін, діңін,халықтың әдет-ғұрпың, рухани мәдениетің, әлеуметтік-этникалық нормаларын, түсіндіріп, түсінік беру. Әрбір жастардың дүниетанымы мен болашаққа деген көзқарасы, жеке тұлға бойындағы сезімі, оның бойында жүзеге асады. Сондай-ақ, ерлік пен батырлық қасиеттері арқылы да жастарымыздың бойында патриоттық, отансүйгіштік сезім оянады. Мұндағы ерлік түсінігін әрбір жас ерекше түсіну керек. Ерлік деген тек соғыста ғана жасалмайды, Бейбіт заманда да ерлікке пара-пар оқиғалар жасалып жатыр, қаршадай 13 жасар Жандос Ілистың ерлігі бүкіл қазаққа жайылды. Өртке оранған үйден бес жасар баланы алып шықан, Жандос бүгінде халқының батыр ұлы, ерлік иесі. Міне бұндай патриоттық сезімін, батырлық, ерлік үлгісін танытып жатқан жастарымыз қаншама. Тек олардың бойында Отанына деген ұлы сезімі оянса жетерлік. Тағы бір нәрсе ол ұлы тарих болып табылады. Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың “Егер біз Мемлекет болғымыз келсе, өзіміздің мемлектіміздің ұзақ уақытқа меңзеп құрғымыз келсе, онда халық руханиятының бастауларын түсінгеніміз жөн. Оған барар жол халық даналығының негізінде жатыр. Қазақта мынандай мақал бар: “Жеті атасын білмейтін ер жетесіз, жеті ғасыр тарихын білмейтін ел жетесіз”. Осы орайда айтарымыз тек жеті ғасырмен шектелмей жалпы ұлттың тарихын біліп, соны зерттеп: Кешегі мен бүгінін, ертеңі мен болашағын танып біліп, тарихының бетіне астарлай қараса ол жетерлік.

33-сабақ

Тыңдаңыз:

Тәуелсіз Қазақстан тарихында 1992 жылдың 2 наурызы Қазақстанның Біріккен Ұлттар ұйымына мүшелікке қабылдануымен ерекшеленеді.

1) Еліміз БҰҰ Бас Ассамблеясының 46-сессиясында Ұйымның жаңа мүшесі ретінде ғана емес, қазіргі заманның ең өзекті халықаралық проблемалары бойынша белсенді позиция ұстанатын мемлекет ретінде мүше болды.

Содан бері Қазақстан БҰҰ Бас Ассамблеясының жыл сайын қыркүйек айында өтетін сессияларына, басқа да мәжілістеріне үзбей қатысып, бүкіл қоғамдастыққа ортақ мәселелерге байланысты ұсыныстарын білдіріп келеді. Қазақстан ұсыныстары Елбасының БҰҰ-ның Бас Ассамблеясының 47-сессиясында сөйлеген сөзінен бастау алады. Сол сессия мемлекет басшысы Қазақстанның халықаралық саясаты туралы айта келіп, екі маңызды ұсынысты алға тартты.

Оның біріншісі – барлық үкіметтердің ізгі ниет білдіру тәртібімен “бір+бір” формуласы бойынша БҰҰ-ның бітімгершілік күш-жігерінің қорын құруды бастау. Бұл формула әрбір мемлекет оған өзінің қорғаныс бюджетінен бір пайыз бөліп, жыл сайын оны бір пайызға ұлғайтып отыруды көздейді. Екінші ұсыныс – Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары жөніндегі кеңес (АӨСШК) шақыру. Мемлекет басшысының бұл бастамасы көпшілік елдер тарапынан, сондай-ақ БҰҰ-дан қолдау тауып, Қазақстанның сыртқы саясатын айқындауда айтарлықтай рөл атқарды.

Кейін, яғни 2002 жылдың маусымында Қазақстан басшысының АӨСШК шақыру бастамасы жүзеге асты. Кеңестің Алматы қаласында өткен алғашқы саммитінде Азиядағы және әлемдегі аса ірі мемлекеттер – Қытайдың, Ресейдің, Үндістанның, Пәкістанның, тағы басқа да елдердің басшылары қатысып, дүниежүзілік қоғамдастыққа ортақ өзекті мәселелерді талқылады. Нәтижесінде қауіпсіздік пен ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған Алматы актісі және өркениеттер арасындағы үн қатысуға жәрдемдесу туралы декларация қабылданды.

Қазақстан – ядролық қарудан өз еркімен бас тартқан әлемдегі бірден-бір ел. Еліміздің ядролық қаруды сынауды толық тоқтату жөніндегі табанды ұстанымы БҰҰ тарапынан қолдау табуда.

Осылайша, Қазақстан Біріккен Ұлттар Ұйымының қызметіне қатысып келе жатқан жылдар ішінде жаһандық қауіпсіздікті нығайтуға нақты үлес қосып жүрген мемлекет ретінде танылады. ( “Егемен Қазақстан”, 3 наурыз, 2006 ж.)

34-сабақ

Тыңдаңыз:

1993-1998 жылдардағы ҚР Бельгия, Нидерландия және Люксембургтегі Төтенше және Өкілетті елші, ЕуроОдақтағы, Солтүстік Атлантика Шартты ұйымының (НАТО)жанындағы Қазақ елі өкілдігінің басшысы Әуесхан Қырбасовпен сұхбат.

Тілші: – Сіз “Бренд” ұғымын саясатпен байланыстырасыз ба, әлде экономикамен бе? Бізде қай салада әлем білетін қазақстандық брэндті қалыптастырудың алғышарттары бар?

Елші: – Мен “Бренд” ұғымын экономика және бизнеспен ғана байланыстырар едім. Ал саясатта оның тура баламасы болмаса да, жанама баламасы бар. Еліміздің атауы, туымыз, ұлттық валютамыз дүние жүзінде орын алуы үшін еліміздің атауын Қазахия деп, ал Туымыздың да, ұлттық валютамыздың да сипатын өзгерту қажет. Ал экономикадағы брэнд мәселесі: “Қазмұнайгаз”, “Байқоңыр”, “Астық”, “Қазақ уылдырығы”, “Қазатомпром” күні бүгінге дейін өзге елдердің, нақтырақ айтқанда, трансұлттық компаниялардың тасасында қалып келеді. Оларға экономикалық тәуелсіздік бермей, оларды қазақыландырмай, біз оларды әлемге қазақстандық брэнд ретінде мойындата алмаймыз. Болашақта ұлттық брэндттеріміз тап осылар болуы мүмкін.

Тілші: –Қазақстандық елшілердің бірқатарларының арнайы білімі мен тәжірибесінің болмауы оның өз өкілеттілігін ойдағыдай атқаруына кедергі келтірмей ме? Сіз жұмыс барысында әріптесіңіздің біліміне басымдық бересіз бе, әлде оның бұрынғы лауазымына не ой-өрісіне ыңғай танытасыз ба?

Елші: – Елші ең алдымен саясаткер, содан соң еліне беделді тұлға болуы тиіс. АҚШ-тағы беделді елшілердің бірі Блинкен кезінде Клинтонның президенттік сайлау штабы жетекшілерінің бірі болған. Ол ешқашан дипломатия мансабымен айналыспапты. Жеңіске қолы жеткен Клинтон оны көтермелеу мақсатында сенімді өкілі ретінде Брюсселльге жіберген. Елшілердің сенім грамотасында Елбасылардың атынан айтылатын мынандай сөздер бар: “Маған қалай сенсеңіз, менің Елшіме де солай сеніңіз”. Сондықтан елші қай мамандықтың иесі болсын, Елбасылардың жат елдегі жеке басының сеніп тапсырған өкілі деп қабылданады.. Бұл–халықаралық тәжірибе.

Тілші: – Сіз инвесторлармен кездесу барысында “Қазақстан үкіметімен келісімшарттарды қайта қарайтын уақыт жетті” деп мәселені төтесінен қойған немесе қойғыңыз келген кез болды ма? Егер “иә” деп жауап берсеңіз, оларды мойындайтындай дәлелді дәйектемеңіз.

Елші: –Елшілердің мақсаты елге инвестиция тарту. Ал сіздің айтып отырған мәселе кездесу кезінде шешілмейді, ол елшілердің қатыстырылуынсыз шешіледі. Ойлағанымның іске аспаған, өкінген сәтерімнің болғанын жасыра алмаймын. Бірақ дипломаттың “әттең” деп көңіл күйді жетегіне еріп кетуге құқы жоқ. Қателіктерді Елбасының шешімімен Парламент, Үкімет қана өзгерте алады. Сіз талап етіп отырған дәлел – уақыттың халықаралық жағдайдың, еліміздегі инвистициялық ахуалдың өзгергені.

Тілші:– Дипломатияның халықаралық тәжрибесінде еларалық келісімшарт тілі міндетті түрде екі тараптың мемлекеттік тілінде өтуі керектігі заңдастырылған. Одан ешкім аттап өте алмайды. Өзіңіз болған елде “қазақ еліндегі халықаралық келісімшарттардың орыс тілінде өтуі қалай?” деген шетелдіктердің сұрағына қалай жауап берген болар едіңіз?

Елші: – Шетелдік әріптестерімнің кез-келгенінің көкейінде осы сауал тұрғанын жақсы білемін. Бірақ олар оны ешқашан сыртқа шығармайды. Себебі қазақтардың орыс тілінде сөйлеп тұрғаны оларға ыңғайлы. Қазақ тілінің халықаралық деңгейде өз тұғырынан орын алуы Елбасының ғана емес, әрбір қазақтың ар-намысына сын болатын сәт келді.

Тілші:– Сырт елде жүргенде, отбасылық тіл ретінде қай тілді таңдадыңыз? ҚР Сыртқы істер министрлігі басшыларынан өз балаларыңызға немесе қол астыңыздағы қызметкерлеріңіздің балаларын ана тілінде дәріс, тәрбие беретін орта қалыптастыруды талап еткен кезіңіз болды ма?

Елші: – Дипломатиялық қызметте жүргенде әріптестеріме құпиялылықты сақтау үшін “шетелдіктердің көзінше тек қазақша сөйлесіңдер” деп айтудан жалыққан емеспін. Себебі шетелдік дипломаттардың кез-келгені орыс тілін жақсы меңгерген. Ал балалар үшін ана тілінде дәріс беретін орта қалыптастыру мүмкін болмады. Шешілетін және шешілмейтін жайттардың ара жігін түйсінгендіктен, ондай орта қалыптастыруды талап етуге дәтім бармады. Есесіне, балалар елге оралғанда ана тілімен қатар француз, ағылшын тілдерін меңгеріп қайтты.

(Айқын № 13(709) 25.01.2007).

35-сабақ.

Тыңдаңыз:

1911-1916 жылдары шығып тұрған бір журналда мақала авторы «қазақ» сөзінің шығуы туралы екі түрлі болжам айтады: біріншісі «қазақ» сөзі «қашақ» дегеннен шығуы мүмкін. Себебі айналасындағы отырықшы елдер қазақтарды бағындырғысы келген, олар бағынбай алыс далаға қашып кете берген. Екіншісі: «ақ қаз» деген сөзден шығуы мүмкін. Өйткені қазақтар жауға аттанғанда ақ түсті киім киіп қаздай тізіліп шығады екен дейді. Мұндай дәлелденбеген болжамдар өте көп.

Ал тарихшы ғалым Мұсатай Ақынжановтың айтуынша «қазақ» деген сөз «қас» «сақ» деген екі сөзден құралған. «Қас» нағыз, шын деген мағынада қолданылады. Мысалы тіліміздегі қас сұлу, қас жау дегендер нағыз сұлу, нағыз жау дегенді білдіреді. Ал «сақ» сөзі – Орта Азияда ерте кезде өмір сүрген көшпенділердің атауы. Қазақ халқы сол көшпенді сақтардың орнында тұрып жатқан нағыз солардың ұрпағы – қас сақ(қазақ) дейді.

Бұл пікір де әлі толық дәлелденіп болған жоқ. Алайда түркі халықтары– қырғыздар мен алтайлар «қазақ» демей әлі күнге «қассақ» дейді. Бұл М.Ақынжановтың пікірін қуаттай түседі.

(Ш.Бектұров, А.Бектұрова: Қазақ тілі,1998 ж.)

36-сабақ

Қазақстанның сыртқы саясаты – ТМД елдерінің ішіндегі ең сауаттысы

(ресейлік саясаттанушы А.Д. Собянинмен «Алаш айнасы» газетінің сұхбаты.) Қысқартылып алынды.

– Александр Дмитрийұлы, сіздіңше посткеңестік кеңістіктегі Қазақстанның атқаратын рөлі қандай?

– Бір сөзбен қайырсам, позитивті деп бағалаймын. Орталық Азия аймағында әлеуметтік-саяси мәндегі тұрақтылыққа қол жеткізген осындай мемлекеттің бар болуының өзі бүтін аймақ үшін, әсіресе Қазақстанның оңтүстігіндегі елдер үшін үлкен демеу, сенімді тірек болып отыр.

– Қазақстанның әлем алдындағы оң имиджі – кездейсоқтық па, әлде бір мақсатқа жұмылдырылған қажырлы еңбектің арқасы ма?

– Қазақстанның жағымды имиджіне әсер еткен екі факторды атап өткім келеді. Алғашқы фактор – Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың рөлі. Қазақстан басшысы 1986 жылдан бері өз елін ілгері бастыру мақсатында көптеген сәтті шешімдер қабылдады. Келесі фактор – Қазақстан өзіндегі ядролық арсеналынан бас тартқан кезде мемлекеттің егемендігін сақтап қалуға кепілдік берген АҚШ, Ресей және Ұлыбритания секілді үш мемлекеттің ынта-ықыласына байланысты болып отыр. Әртүрлі себептерге байланысты англо-сакстар мен орыстар Қазақстандағы саяси тұрақтылықты қалады. Алайда қазіргі жағдайда бұл ұстанымдар өзгеріп те кеткен болуы мүмкін.

– ТМД елдері де әлемнің барлық мемлекеттері секілді қаржы дағдарысынан аман шығудың қамын ойлауда. Жуырда Қазақстан Үкіметі «біз ТМД елдерінің арасынан дағдарыстан бірінші болып шығамыз» деген мәлімдеме жасап үлгерді. Қазақстанның дағдарысқа қарсы әрекетін қалай бағалайсыз?

– Жуырда Үкіметтің дағдарысқа қарсы жұмысын Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі де жақсы бағалады. Сондықтан мен бұл бағдарламаның тиімділігін теріске шығармас едім. Алайда Қазақстан Үкіметінің «біз биыл дағдарыстан шығамыз» деген пікірі күмәнділеу. Біздің қауымдастықтың сарапшылары үстіміздегі жылдың қазан-қараша айлары Қазақстан үшін өте ауыр болады деп болжаған еді. Оның үсіне халықаралық агенттіктер де қазақстандық компаниялардың рейтингін жақсы бағалап жатқан жоқ.

– Қазақстан өзінің серіктестеріне энергоресурстардан бөлек не ұсына алады?

– Қазақстан Батысқа көмірсутек ресурстарын экспорттаудан тартынып отырған жоқ және мұнысын өте дұрыс деп есептеймін. Қазақстанның кейбір аудандары электр қуатын импорттап жатыр, ал бұл – үлкен қателік. Бұдан гөрі жаңа атом стансыларын тұрғызып, өздері электр қуатын экспортқа шығару керек еді. Өкінішке қарай, шикізатты өңдеп ұсыну жағы қазақтарда өте кем соғып тұр. Шикізатқа бай Қазақстанды мұнай өңдеу саласы бойынша Белоруссиямен салыстыратын болсақ, қара алтынға қат белорустар мұнайды қазақтардан гөрі екі еседей артық өңдейді екен.

– Бір сұхбатыңызда сіз: «Қазақстан өте мықты заманауи қару өндіретін елге айнала алады және айналуы тиіс»,– деген болатынсыз. Әлі де сол пікірдесіз бе? Жалпы, бұл қаншалықты шындыққа жанасымды?

– Алдымен «Зенит» Орал зауыты» АҚ мекемесінің әскери катер өндірісін қайта жандандыра білгенін ескерейік. Мұның өзі менің пікірімнің шындықтан алыс емес екендігін көрсетеді. Алматы мен Қарағанды және өзге де қалалардың қару-жарақ шығаруға үлкен мүмкіндіктері бар. Меніңше, Қазақстанның әскери хай-тектегі потенциалын бағамдай келгенде, экспортқа мотопеходтарға арналған тетіктер құрастыруға, «КамАЗ» әскери вездеходының жаңаруына атсалыса алатынын айтуға болады.

– Сіздіңше, қазақстандық саясаткерлер сыртқы саясатта нені ескермей отыр?

– Қазақстандық саясаткерлер сыртқы саясатта жұмсақтық танытудың заманы өтіп бара жатқанын ескермейтін сияқты. Дегенмен Қазақстанның сыртқы саясаты ТМД елдерінің ішіндегі ең сауаттысы әрі өнімдісі деуге тұрарлық.

– Қазақстанның ЕҚЫҰ-на төрағалық мерзімі басталып келеді. Бұдан сіздің отаныңыз не күтеді?

– Бұл Еуропалық ұйымның халықаралық саясаттағы беделі төмендеп келе жатқандықтан, оның Ресей үшін аса маңызы жоқ. Сондықтан бұл іспен Ресейдің беделді саясаткерлері айналысады деп айта алмаймын. Ұйымға төрағалық ету барысында Қазақстан өзінің халықаралық имиджін жақсарта алады деп ойлаймын.

– Қазақстанның болашақтағы саяси келбетін қалай елестетесіз?

– Қазақстанның осы уақытқа дейінгі тұрақтылығы Президент әкімшілігінің саяси сауатты іс-қимылында болып отыр. Мұндай артықшылықты Тәжікстан Президентінің әкімшілігінен де байқауға болады. Міне, сол себепті де ТМД елдерінің арасындағы ең озат және ең әлсіз мемлекет тұрғындарының билікке деген сенім рейтингі жоғары тұр. Дегенмен бұл сенімнің сейіліп кетуі де оңай. Сондықтан Қазақстандағы саяси институционалды базаны американдық технологияға салу керек. Өйтпеген жағдайда, тірнектеп жиған саяси бедел, еңбекпен келген билік институты бір сәтте әлсіреп кетуі мүмкін. Меніңше, жақын болашақта Қазақстанда олигархтық топтардың саясат пен қоғамға ықпалы бәсеңдеп, олардың орнын «Болашақ» бағдарламасы бойынша тың тәжірибе жинап келген жастар басады. Әрине бұл – мемлекет үшін позитивті фактор. («Алаш айнасы» газетінен қысқартылып алынды. 2009 ж.)

37-сабақ

Мәтінді тыңдаңыз:

“Алыстағы ағайыннан жақындағы көршің артық”.

Қазақы сәлемдесудің соңы ел-жұрт, көрші-қолаңның амандығыын сұрасумен аяқталады. “Алыстағы ағайыннан жақындағы көршің артық”, Көршің жаман болса үйіңді сатып құтыларсың... . Көрші елің жаман болса қайтіп құтыларсың?

“Аттың жалы, түйенің қомында ” жүрген жаугершілік заманда талай көршіміздің өзгергені, қаласақ атойлап барып өзгертіп қайтқанымыз анық. Бірақ тіл жетпеген жерде қаруға жүгінетін уақыт өтті. 21-ғасыр – майдан қыл суырғандай дипломатияның ғасыры. Ата жауың, я болмаса шығарда жаны бір бауырың болса да көршінің аты көрші. Қас-қабағы қалай құбыларын күні бұрын біліп, соған сәйкес әрекет қылуға міндеттісің. Лажы болса арада арба жүргізіп, дорба тасып тұрған жөн-ақ, оған көнбесе қарауыл ұшынан табан аудармай біріңді-бірің қақпайлап тұруға мәжбүрсің. Жаман екен деп көшіп кете алмайсың, жақсы екен деп қойныңды аша алмайсың.

Елімізге құдай қосқан көршілер оңтүстікте – Өзбекстан мен Қырғызстан, батыста – Түркменстан, солтүстікте –Ресей, шығыста –Қытай. Ұлан-ғайыр жеріміз құрлықта небары бес мемлекетпен шектессе, бұл тізім кәрі Каспий арқылы Иран, Әзірбайжанмен ұласады. Осы жеті мемлекет тыныш болса қазақтың да қабағы ашық. Жетінің біреуі түлен түртсе ұйқым тыныш деген өтірік. Бейбіт өмір сүрсем, аспаным шайдай ашық болса дейтін қазақ, жетеудің тамырын басып, тынысын қалт жібермей бақылап отыруға міндетті.

Жетеуді бесеуінің сыры мәлім. “Ежелгі дұшпан атыспаққа жақсы”. Табыспаққа да оңай. Қалған екеуі – Қытай мен Иран.

Қазақстан мен Иран арасындағы дипломатиялық қатынас 1992 жылы орнады. 1993 ж. Иран басшылары А.Хашеми Рафсанджани, 1998 жылы М.Хатами Қазақстанға ресми түрде келіп кетті. Өз кезегінде Н.Назарбаев 1992 және 1996 жылдары барып қайтты. Қай барыс-келісте де қозғалған ең басты мәселе – Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі. Каспий қайраңын игеруге кірісіп кеткен бес мемлекет әлі күнге оның құқықтық мәртебесі шеше алмай отыр. Бұл реттегі негізгі ойыншылар Қазақстан мен Ресейдің ұстанымына басты қарсылас –Иран. Иранның айтқанына көнсек Қазақстанның Каспийдегі үлесі анағұрлым азаймақ. Иран Кеңес өкіметі кезеңіндегі Каспий бөлінісін күшпен, зорлықпен жасалған бөлініс деп санайды. Сөйтіп Кеңестен қалған жас мемлекеттерден есе қайырғысы келеді. Қазақстан құрлықтағы шекараны сызып алғанмен, судағы шекараны белгілей алған жоқ. Әсіресе Иранмен арадағы келіссөз күрделі. Көрші елмен сырт қарағанда тату секілдіміз, бірақ еншіңе қол салғысы, үлесіңнен үлес алғысы келетіні – жанашыр достықтың белгісі ме?

Иранның ядролық қаруға ие болса Орталық Азиядағы қауіпсіздік пен тұрақтылыққа өзгеріс енгізетіні анық. Бір жағынан мұсылман елі де қатерлі қару ұстаса несі айып дегің келеді. Бірақ екі жағымыздағы екі ядролық державаға үшіншісінің қосылуы жақсылықтың белгісі емес. Оның үстіне ядролық қаруы бар мемлекет қашан да доқ көрсеткісі келетіні, тіпті саяси келіссөздің өзінде қаруын алға сала сөйлейтіні белгілі.

Көршіңмен алакөз болмай тату болғанға не жетсін!

(Баспасөз беттерінен)

38-сабақ

Тыңдаңыз.

Шәкәрім Құдайбердіұлы

Қазақтың рухани мәдениеті мен менталитетінде өшпес із қалдырған алып тұлғаның бірі − Шәкәрім Құдайбердіұлы. Оның шығармашылығының негізгі тақырыбы мораль философиясы мен мәдениет ілімін қамтиды. Абай сияқты Шәкәрім де қазақ елін қалай өркениетті, мәдениетті елдер қатарына қосамын деп талпынады. Оның ойынша, бұл азаматтық өтеудің басты шарты – туған елдің бүкіл тарихи мәдени құндылықтарын жоғалтпай, оларды заман талабына сәйкес қолдану. Шәкәрімнің рухани ізденісінде ежелгі, сақ-түрік заманынан қалыптасқан ғарыштық дүниетаным ерекше орын алады. Тәңірі, Нұр, Күн, табиғат – ол үшін қасиетті, киелі ұғымдар. Басты мәселе – ар ілімі, мораль төңірегінде. Кәдімгі этиканы Шәкәрімнің “ілімі” деп атауында да үлкен мән бар. Себебі оның негізгі категориясы, мәдениеттіліктің тірегі – ұждан. Бұл категорияны түсіну үшін Шәкәрімнен үзінді келтірейік: “Әрине, жанның өлген соң тазарып, жоғалуына нанған кісі өкініште болып біржола жоғалады-ау, деп өлсе керек. Және ұждан жанның тілегі екеніне нанған кісі қиянат қылғанына қатты кейіп, жақсылық қылғанына жете қуанса керек. Олай болса нанбай, ұждан, құр ғана көрініс үшін адамдыққа лайық деген кісіге жақсылықтың, қиянаттың көп айырмасы жоқ болса керек. Ізін білдірмеудің айласын тапса болғаны, себебі өлген соңғы жан өміріне нана алмай ұждан, жан екі өмірге бірдей керек таяныш екеніне нана алмаған кісінің жүрегін ешбір ғылым, өнер, ешбір жол, заң тазарта алмайды. Егер бір адам жанның өлген соңғы өмірі мен ұждан соның азығы екеніне әбден нанса, оның жүрегін еш нәрсе қарайта алмайды. Адам атаулыны бір бауырдай қылып, екі өмірді де жақсылықпен өмір сүргізетін жалғыз жол осы мұсылман жолы сияқты. Кейбір діншілдерді қорлыққа түсіріп жүрген шатақ дін, жалқаулық, әйтпесе жаратушыда білім бар, өлген соң да бір түрлі жан тіршілігі бар. Жан екі өмірде де азығы – ұждан, деумен еш нәрседен кемдік көрмейді. Тіпті бұл жоғарылаудың ең зор жәрдемі үш анық дегенім осы”. (Үш анық. 44-45 бб.) Шәкәрімнің ұжданы ежелгі гректегі “каллокагатия”, И.Канттың “Кесімді иператив” ұғымдарымен астас. Ұждан дегеніміз – ынсап, әділет, мейірім. Шәкәрім өз халқының жанқияр ұлы ретінде туған мәдениетіне өлшеусіз қызмет етті.

39 –сабақ

Тыңдаңыз.

Күмәні көп жинақтау жүйесі

Жақында «Мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесі туралы» Заң қабылданды. Білім алудың қолжетімділігін мақсат тұтқан жүйеге жинақталған азаматтардың қаражаты жинақтаушы зейнетақы жүйесіндегідей инфляцияға ұшырап, өз құнын жоғалтып алмайды ма? Тұрмысы төмен отбасылардың шот ашып, оған ай сайын 15 000 теңге төлеп отыруға шамасы жете ме?

Қабылданған жаңа заңды, әлбетте, министрлік жақсы жағынан ғана сипаттап, оның қолжетімділігіне назар аудартуда. Бүгінгі білім беру жүйесінде мемлекет тарапынан қолдаудың екі түрі бар: бірі – мемлекеттік гранттар мен стипендиялар тағайындау және несиеге білім алу. Міне, үшінші механизм ретінде жинақтау жүйесі енбек. Мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесі арқылы кез келген азамат шот ашып, банкпен тиісті келісім-шарт жасасып, алғашқы жарна ретінде 3 АЕК-ті, яғни 5 193 теңгені салады. Сонымен қатар, Білім және ғылым министрлігі хабарлағандай, салымшы ерікті түрде жинақтаудың мүмкін болатын мерзімін, болжанатын сомасын және салымдардың жиілігін анықтайды. Қаражат арқылы тек елімізде ғана емес, шет елдерде де білім ала алады.

Бұған қоса, ынталандыру мақсатында мемлекет сыйлықақыны да тағайындаған. Оның мөлшері – 5%, артықшылықтары бар санаттағыларға (тұрмысы төмен, жетім, мүгедек т.б.) – 7%, бірақ екі жағдайда да мемлекет көмегі 100 АЕК-тен аспайды. Сөйтіп, бар кепілдікті мемлекет өз мойнына алады.

Ең алдымен, министрлік бұл жүйені Бельгия, Канада, Малайзия, Нидерланды, Сингапур, Испания, Швеция, Ұлыбритания, АҚШ секілді елдердің тәжірибесінен алғанын мысал етті. Аталмыш мемлекеттер Қазақстанға қарағанда әлдеқайда дамыған, әл-ауқаты жоғары және барлығы бірдей жинақтау жүйесіне көшпеген. Көп жағдайда, мемлекеттік гранттар алуға талпынады. Айту керек, Белгияның экономикалық әлеуеті мен Қазақстанның, немесе елімізді АҚШ-пен салыстыру орынсыз. Өйткені, Қазақстан дамудың барлық индекстері бойынша Сингапур, Малайзия, Нидерландыдан әлдеқайда артта екені бәрімізге мәлім.

Екіншіден, білім алу қаражаттарын жинақтау жүйесі бүгінгі жинақтаушы зейнетақы жүйесі сияқты дағдарысқа ұшырап, қаншама азаматтың ақшасынан айырылып қалмайтынына кім кепіл?! Мемлекет 100 пайыз кепілдік бергенімен, заңда банктердің тікелей кепілдік беретіні жазылмаған. Егер банк шотындағы ақшалар құнсызданса, онда миллиондаған қаражатты мемлекет (Үкімет, министрлік) қайдан тауып, шығынды қалай орнына келтіретіні белгісіз.

Міне, үшіншіден, білім беру жинақтау жүйесінің жинақтаушы зейнетақы жүйесінің «тағдырын» қайталайтын себебі – жиналатын қаражаттың теңге валютасында болуы. Экономистер бірауыздан мұның шығынға әкелетінін айтуда. Себебі, теңге доллар, евро, рубльге қарағанда тұрақсыз, құнсыздануы жоғары валюта. 2007, 2009 жылдағы девальвацияны еске түсірсеңіз де болады. Мемлекет ақшаларды акцияға салып, жоғалтпаудың амалын жасайды. Бірақ, бағалы қағаздардың бағасы үнемі тұрақты болмай, кіріс әкеле бермейді емес пе? Дәл осы жағдайды министрлік түбегейлі анықтамаған, тіпті қабылданған заңда бұл тәуекелдер жазылмаған. Тек инфляция деңгейіне байланысты мемлекеттік сыйақының өсіп отыратыны айтылған. Ал салымшылар үшін ең бастысы – қаражаттарының сенімді сақталуы мен инфляцияға ұшыраған кездегі мемлекет көмегі заңда көрсетілмеген. Бұл – ең басты кемшілік.

Төртіншіден, егер осындай үлкен қауіптер болатын болса, банктен арнайы шот ашпай-ақ, әрбір азамат банктен депозит аша салғаны оңай және сенімді емес пе? қазірдегідей мемлекет ұсынған сыйақы 5 пайыз емес, кейбір банктер депозитке 9 пайыздық сыйақыны ұсынып отыр. Сондықтан, қаражатты шот ашпай-ақ жинақтауға мүмкіндік бар.

Бесіншіден, «қолжетімді жүйе» әрбір азаматқа білм алудың қолжетімділігін қамтамасыз ете алады ма? Әр салымшы бірінші жарна ретінде 5 193 теңге төлегенімен, айына кем дегенде 15 мың теңге көлемінде ақша салып отыру қажет. Бұған жыл сайын оқу ақысының жоғарылауын қосыңыз. Сонда айына 30 мың теңге жалақы алатын отбасы ай сайын 15 теңгені банкке төлеуге қауқары жетеді ме? Ал тек мүгедектігі үшін 15-17 мың теңге жәрдемақы алатындар, ай сайын 15 мың емес, 5 мың салғанның өзінде ертеңгі күні қалған 10 мыңға өмір сүре алады ма? Ал ата-анасы жоқ жетімдер қаражатты қалай жинамақ? 18 жасында мектеп-интернатты бітірген жасөспірім, жұмысқа орналасып, тиісті ақшасын жинақтағанша, 30-ға келеді. Ол жаста азамат білім алады ма, әлде шаңырақ құрып, отбасылы болады ма?

Алтыншыдан, жоғары атап өткеніміздей, заңның өзінде инфляцияға ұшыраған қаражаттың қайтарылып беретіні жөнінде мардымды ештеңе айтылмаған. Егер заң жүзінде кепілдік берілмесе, бұған қалай сенуге болады?

40-сабақ

ЕНДІ ВЕЛОСИПЕД ТЕ ҰШАДЫ

Чех инженерлері өздерінің жаңа өнертабыстары - ұшатын электр велосипедінің тұсаукесерін өткізді. Чехиядағы Duratec Bicycles компаниясында істейтін инженерлер тобы Прагада өз қолтумаларымен таныстырды. Олар ұшуға қабілетті электр велосипедін ойлап шығарған. Қауіпсіздік үшін рульге қуыршақ отырғызылды. Қашықтықтан басқарылатын құрылғы ауада шамамен 5 минут қалқып тұрды. Велосипедке 6 қалақ орнатылған. Алдымен артында екі-екіден және жанында бір-бірден қойылған. Велосипедті ұшыруға адамның күші жетпейді, сондықтан чех конструкторлары өз құрылғыларын электр қозғалтқыштарымен жабдықтаған. Бірақ, бұл құрылғыны одан сайын ауырлата түскен. Оның үстіне, аккумулятор қуаты да көпке шыдамайды, яғни велосипед ұзақ әуе сапарына жарамсыз. Өнертапқыштардың өздерінің пайымдауынша, батареялардың қуат сыйымдылығы әр он жыл сайын екі еселеніп отырады, сондықтан жақын болашақта велосипедтің ұшу ұзақтығы көбеюі әбден мүмкін.

Чех инженерлері ұшатын велосипедті автокөлік пен мотоцикл орнына қолдануды ұсынады.

41-сабақ

Тыңдаңыз.

Оқу – инемен құдық қазғандай». «Оқу – білім бұлағы, білім – өмір шырағы», «Білекті бірді жығады, білімді мыңды жығады». Білімге қатысты мақал-мәтел мен қанатты сөздерді тізбектесең, осылай жалғасып кете береді. Бұдан шығатын қорытынды не?

«Баламды медресеге біл деп бердім». Оқу-білім технологиясы дамымай тұрған ХІХ ғасырдағы кезеңде-ақ қазақ данышпанының айтқан сөзі бүгін де өзекті. Қазір де қазақ жалғыз сиырын сатса да, баласын оқуға береді. Қатарынан кем болмасын деп береді. Жейтін нанын таппай қалмасын деп оқуға жібереді. Өзі оқымаса да, баласын оқытады. Әрине, бұған қуану ке¬рек шығар. Өйткені білім – табыс¬тың кепілі. Былайша айтқанда, бұл – қазекеңдердің жазылмаған заңы. Орталық Азиядағы басқа ұлттың баласы мектебін бітірмей жатып саудаға араласса, біздің ұлт сауаттылыққа бет бұрған. Баласын жоғары оқу орнына түсіргісі ке¬ле¬ді. Егер таразыға салар болсақ, оқуға түскеннің бәрі профессор бола алмайды, профессордың бә¬рі олигарх емес, саудада істеп жүргеннің барлығы бай деп айтуға келмейді. Бірақ көрші өзбектер¬мен салыстырғанда біздің елде қуанатын бір нәрсе бар, Қазақ¬станның байы да, орта табы да, кедейі де баласының оқығанын жақсы көреді. Мүмкін, «оқыған адам жерде қалмайтын» шығар. Осы жағынан келгенде мемле¬кеттің де, елдегі халықтың та көз¬қарасында бір ынтымақ бар. Білім арқылы ғана елдің дамуы артады, біліммен ғана өзгелерді, өркениет¬ті мойындата аламыз. Бұл тұр¬ғы¬дан келгенде, қазаққа «оқы» деген дана Абайдың да¬ныш¬пандығын мойындаймыз. Мұны неге айтып отырмыз?

ХХІ ғасыр–білім мен ғылым¬ның ғасыры. Білімділігін мойын¬датқан, оны тәжірибеде жүзеге асырған ұлт қана өзгенің алдына түседі. Ұлт Көшбасшысы Нұрсұл¬тан Назарбаевтың дамыған 30 елдің қатарына ену туралы стра¬тегиялық тапсырмасында осын-дай маңызды міндет жатыр. Ал Ал¬маты мен Астанадағы оқу орны мен білім ордаларында жағдай жақсы, ал шағын қалаларда ше?

42-сабақ

Тыңдаңыз:

Компьютер мен ұялы телефон күнделікті өміріміздің ажырамас бөлігіне айналған қазіргі уақытта олардың пайдасымен қоса зияны да шаш етектен екенін естен шығармаған жөн. Десек те, күнделікті қажеттілікті өтеу үшін техниканың бұл түрлерінен біржолата қол үзіп қалуға болмайды.

Ғалымдар уақытының көп мөлшерін компьютер алдында өткізетін адамдардың басқа адамдарға қарағанда онкологиялық ауруларға ұшырау қаупінің басымдау екенін айтып отыр. Сонымен қатар, қазіргі қала көшелеріндегі қаптаған компьютерлік клубтардағы ойындар адамды лейкоз дертіне шалдықтыратынын дәлелдеген.

Ұялы телефондарға жүргізген зерттеулері бойынша мынандай тоқтамға келген: әр аптада күніне 10 минуттай уақыт ұялы телефонды пайдалану – адам ағзасын функционалдық өзгерістерге ұшыратады екен. Яғни небәрі 10 минуттық тілдесуден кейін ағзаңыздың өз қалпына қайта келуі үшін 8 сағат керек. Тәжірибе кезінде 8 жыл бойы күнделікті ұялы телефонды пайдаланған адамды медициналық тексеруден өткізгенде, оның ағзасының паталогиялық жағынан едәуір өзгерістерге ұшырағаны анықталған. (Баспасөз беттерінен).

43-сабақ

Исмаил Гаспринский және қазақ қаламгерлері

Алаш көсемі Ә.Бөкейхан былай жазады: «Исмағил мырза Мұс¬тафаұғлы Қырымда 1851 жылы Гас¬пра деген ауылда туған. Гаспринский деген фамилия содан қалған. Ата-анасы бұрынғы Қырым хандары нәсілінен келген ханзада балалары болған».

И.Гаспринский күллі түркі жұртына, оның ішінде қазақ халқына да кеңінен танымал болды. 1881 жылы Ресей өкіметінің орыстандыру саясатын, білім беру жүйесін сынға алып, Ресей империясы мұсылмандарының рухани өсуіне мүмкіндік беруді талап еткен «Орыс мұсылмандығы» еңбегін жариялады.

Мұсылмандық мектептер мен медреселерде оқытудың мазмұнын, әдістерін жетілдіруді жақтап, оларға діни сабақтармен қатар математика, география, тарих, биология секілді пәндердің оқытылу қажеттігін насихаттады. Араб әліпбиінің дыбыстық естілу ерекшеліктеріне қарай түркі халықтарының тіліне лайықталуы керектігін айтты. Араб әліппесін дыбыстап үйретуді қолға алды. «Усул жәдид» деп аталатын жаңаша оқыту әдісімен мұғалім болып шәкірттер оқытты. Ресей империясындағы мұсылман түріктерінің артта қалуын жою, қараңғылықтан шығарып, бір-бірін жақындастырып, біріктіру үшін ортақ білім беру жүйесін ұсынды.

Алаш ардақтысы Ахмет Бай¬тұрсынұлы «Қазақша сөз жазу¬шыларға» атты мақаласында: «Егер де Гаспринскийдің сөзін тірілтеміз десек, ұлығ іс үшін ұсақ намысты қойып, түріктің тұнық тілін, түзу емлесін алу керек. Азбаған асыл тілден емле шығарып, соған қарап басқа емлелерді түзету керек– деп жазды.

И.Гаспринский 1883 жылы 10 сәуірден бастап «Тілде, пікірде, істе – бірлік» деген ұранмен «Тәржіман» газетін шығарады. Ол туралы Ә.Бөкейхан: «Исмағил мырза «Тәржіманды» өзі жазған, баспаханада харіпті өзі терген, машинада өзі басқан, газетаны өзі бүктеген, шаһардағы алушыларға өзі үлестірген. Сөйтіп бейнеттеніп жүріп «Тәржіманның» бір жағын орысша, бір жағын түрікше толтырып, жеті сайын шығарып, таратып тұрған» деп оның газетті оңайшылықпен шығармағанын, газет шығару үшін қанша бейнеттенгенін жазады.

«Тәржіманда» қазақ халқының мәдениеті мен тарихына, экономикасына қатысты көптеген материалдар жарияланды. «Қазақтар», «Торғай һәм Орал облыстарындағы қазақтардың жағдайы», «Орыс қоныстанушылары мен жергілікті қазақтардың құқы», «Қазақтар және отарлау саясаты», «Тұтас халықтың қырғыны» сынды мақалалары Гаспринскийдің қазақ халқының тағдырына бауырластық жанашырлықпен қарағанын танытады.

«Қазақтар атамекен жерлерін, қыстау, егіндіктерін сақтасын. Бұрынғы көп жерінен айрылып қалғандары өздерінің қазіргі сыбағасына тиген жерлерін тәрбиелеп, ноғай, сарт, орыстарша егін салсын. Неге десеңіз, бұл заманда байлық аяқты малда емес, егінде қалды» деп егін егуге шақырады. Қырым халқының да қазақ секілді мал асырап, көшіп жүргенін, кейін орыс, немістер егін салып, қала қылғасын мал өрісі тарылып, жойылғанын жазады.

Исмаил Гаспринский қазақ халқын отырықшылыққа шақырып, жерге ие болуды ескертеді. Бұл ісінен оның ұлтты бөліп-жармай, барлығына тең қарағанын байқаймыз. Осындай асыл азаматтың өлімі түркі жұртымен қатар қазақ халқының да қабырғасын қайыстырып кетті. Бірнеше алаш зиялылары Гаспринскийдің дүниеден озуына байланысты қазанамалар жазып, газет беттерінде жариялады.(О. Сүлейменов Л.Гумилев атындағы ЕҰУ магистранты)

44-сабақ

СТРАДИВАРИ ҚҰПИЯСЫ

Швейцарияның «Таң» газеті хабарлағанындай, мамандар ең осы заманғы аппаратураларды пайдалана отырып, әйгілі шебер Страдиваридің скрипка жасаудағы лак құрамын анықтауға қол жеткізген. Страдиваридің өзіне келсек, ол 1737 жылы 93 жасында скрипка жасаудағы өз құпиясын ашпаған күйі дүниеден өткен. Әйткенмен, француз Жан Филипп Эшар басқарған химиктер командасы бәрібір бұл құпияны аша білді. Бұл үшін олар Страдиваридің әр жылдарда жасаған бес аспабын тексеруден өткізген. Оның скрипкадағы лак құрамы жөнінде неше түрлі аңыз тарап, Страдивари аспаптарының құдіреттілігі де осында деп түйіндеп келгені белгілі. Әйткенмен, төрт жылға созылған зерттеу шебер құпиясы мұнда жатпағанын дәлелдеп берді. Ғалымдар аспап ағаштары екі қабат бояумен өңделгенін, екінші қабатына пигменттер қосылғанын, онан соң құрғатқыш зат сиккатив маймен сыланып, үстіне кәдуілгі майлы лак жағылғанын айқындаған. Ең бастысы, Страдивари скрипкасының үніне лактың еш қатысы жоқ, оны әлі де зерделей түсу керек, деп жазады «Таң» газеті. Сонда басты құпия неде болғаны?! Оның қашан ашылатынын да бір ғана Алла білер. («Қазақстан әйелдері» журналы)

45-сабақ

Тыңдалым:

Стивен Хокинг – адамзат баласының бiз өмiр кешiп жатқан дәуiрiндегi ұлы перзенттерiнiң бiрi. Оның тiршiлiкке деген құштарлығы ерiксiз таң қалдырады және жаныңа жiгер бередi. Денесiнiң жартысынан көбiн қозғалта алмайтын Стивен дауыстап сөйлей де алмайды. Ғұмырының үлкен бөлiгiн орындыққа таңылумен өткерiп келе жатқан данышпан физик «Менiң қысқа тарихым», «Уақыттың қысқаша тарихы» атты кiтаптарын семiп қалған саусақтарына қарындаш қыстырып, жазып шыққан. Ол бұл кiтаптарында ғаламшар ғұламаларын ғасырлар бойына толғантып келе жатқан және адамның ақылы жете бермейтiн астрофизика құпиялары жайында бұрын-соңды еш пенде айтпаған, бiрде бiр ғалым ашпаған жаңалықтар берген.

Стивен аз ғана жылдың мөлшерiнде әлемнiң iрi университеттерiнiң оқу бағдарламаларын үйiнде отырып-ақ зердесiне сiңiре бiлген. Биыл жетпiс жасқа келген Стивен Хокинг ғарыш ғаламына үйiнде отырып шолу жасайды. Өз бөлмесiне орнатылған аспан әлемiн зерттеу құралдары арқылы алыс ғарыштарға көз салып, дауыс синтезаторларының жәрдемiмен сөздерiн таспаларға жазумен айналысады. Данышпан физиктiң ең басты зерттеу нысаны – адамзат баласы үшiн жұмбақ күйiнде қалып келе жатқан бiздiң Күн жүйесiнен және жақын галактикалардан да тыс жатқан қара құрдымдар (черная дыра) және адамзаттың өзге ғаламшарларға болашақта қоныс аудару мүмкiндiктерi.

Жер бетiне сыймай, өзара қырқысулардан көз ашпай, тiршiлiктегi аз ғана өлшеулi ғұмырларын айтыс, тартыстармен өткiзiп жүрген адамдарға ұлы данышпан физиктiң таң қалатын жөнi бар. – Адамзаттың Жаратушы сый еткен ғаламшары – жер бетiндегi ғұмыр сүруiнiң қалпына қарап қарным ашады. Олар жер –анасын сыйламайды. Түтiнге ыстап, қоқысқа тұншықтырып, қоршаған ортасын ластап, қойынын кеулей тесiп, қазынасын тауысып, аспанының озон қабаттарын жыртып болды. Адамның ашкөздiгi мен дүниеқоңыздығы жердiң жан иелерiне берерiн түгесе бастады. Адам тойымсыз пиғылдан туған әрекеттерiмен ендi өзiнiң ғана емес, планетадағы тiршiлiк түрлерiне, жан иелерiне де қатер төндiре бастады. Сондықтан, жасыл планетамыз ендi он ғасырдан соң ресурстарын тауысады. Содан соң, алыс болашақтағы ұрпақтарымыз басқа планеталарға қоныс аударуға мәжбүр болады. Адам баласы ендi ғылым мен оның жетiстiктерiн қазiрден бастап Ай секiлдi жерге жақын, әрi мұзы бар көршi ғаламшарларға көшiп барудың қамына арнауы керек. Әйтпесе, келер замандарда адам уақыт кеңiстiгiндегi ғұмыр сүруiн тоқтатады, – дейдi ол.