Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
2урв.docx
Скачиваний:
105
Добавлен:
12.03.2016
Размер:
68.34 Кб
Скачать

Құрылымы

  • Негізгі бөлім: түсініктемелер, толықтырулар, көрнекіліктер, дәлелдермен берілетін негізгі ой;

  • қорытынды: негізгі бөлімде айтылғандармен сәйкес жасалған түйіндер.

Монологта сөйлеушінің басты мақсаты – тыңдаушыға хабарды мүмкіндігінше анық жеткізу.

Әрбір тыңдаушының келіп түскен хабарды қабылдау, түсіну, қорыту сапасы түрліше болғандықтан, сөйлеуші түрлі лингвистикалық құралдарды, тәсілдерді қолдана алады.

Оларға мыналар жатады:

  • қаратпа сөз және т.б. толықтырылған жай және құрамалас сөйлемдер;

  • риторикалық сұрақтар;

  • етістіктің 1 жағы көпше түрі (оқимыз, қарастырамыз);

  • байланыстыру құралдары (біріншіден, сонымен, яғни, қорыта айтқанда), сонымен қатар қайталаулар т.б.

79. Диалог – екі адам арасындағы сөйлеу әрекеті (егер сөйлеушілер екеуден көп болса онда полилог деп аталады). Монологтан айырмашылығы диалогта сөйлеумен қатар тыңдаумеханизмдері қатар жүреді.

Құрылымы: Диалогта сұрақ / жауап / қарсы сұрақ / сөйлеушілердің көңіл-күйі,реакциясы(сөзбен берілмейтін) болады.Диалогтар қысқа (2-3 сөйлем) және «мазмұнды» яғни ұзын болуы мүмкін.

Диалогта келесі айтылғандар орын алады:

  • Фразаларды, сөйлемдерді аяқтамау;

  • Сөздің орнына қимыл, жест,мимикақолдану;

  • Тек қана ауызекі сөйлеу барысында қолданылатын сөздерді қолдану.

80. Жалпы және жалқы есімдер

Жалпы есімдер деп тілдегі әр алуан деректі және дерексіз заттар мен ұғымдарды білдіретін зат есімдер аталады.

Мысалы: ағаш, ат, ас, арал, арба, бас, бала, ақыл, сана, түсінік, ер, ес, ет, дала, су, отін, көмір, кеңсе сияқты зат есімдердің бәрі де жалпы есім болады.

Жалқы есімдер деп белгілі бір ғана затты арнай, даралай атайтын зат есімдерді атаймыз.

Мысалы:

1) кісі аттары (Асқар, Арлан, Ағыбай т. б.)

2) үй хайуандарына берілген арнаулы аттар (Тайбуырыл, Теңбілкөк, Ақтабан, Таймас т. б.)

3) өндіріс, мекеме, ұйым аттары ("Еңбек", "Қайрат", "Түрксіб" т. б.)

4) газет, журнал, фильм, кітап аттары мен жеке шығармалардың аттары ("Егемен Қазақстан", "Өркен", "Менің атым Қожа", "Қан мен тер" т. б.)

5) географиялық атаулар (Алатау, Қаратау, Іле, Ертіс т. б.)

6) қала, көше, алаң аттары (Теміртау, Абай даңғылы, Республика алаңы т. б.)

тағы басқа жалқы атаулар жатады.

Жалқы есімдер мағына жағынан белгілі бір ұғымды білдірмейді, тек бір жеке-дара затты басқа заттардан ажырату үшін қойылған белгі - ат ретінде ғана жұмсалады.

Ішіндегі әр қилы ұсақ топтарды сөз етпегенде, жалқы есімдер ең әуелі үлкен-үлкен екі салаға бөлінеді: оның біріншісі - кісі аттары (ономастика), екіншісі - географиялық атаулар(топонимика).

81. Көңіл-күй одағайлары - адамның әр түрлі сезімдерін, көңіл-күйін білдіретін сөздер. Олар:

а) жағымды көңіл-күйді білдіретіндер (Алақай! Паһ-паһ! Бәрекелді! Ура! т. б.);

ә) жағымсыз эмоцияны білдіретіндер (Әттең! Әттеген-ай! Қап! Түге! Пішту! Бай-бай- бай! т. б.);

б) әрі жағымды, әрі жағымсыз көңіл- күйді білдіретіндер (Пай-пай, шіркін, Алатау! Пай-пай, мыналар төбелесетін болды ғой!) болып бөлінеді.

82. Зат есім мағынасына қарай екі түрге бөлінеді:Деректі және Дерексіз.

1.      Деректі  зат есім дегеніміз қолмен ұстауға болатын заттарда айтады.Мысалы: мектеп, табиғат, орман, т.б.

2.      Дерексіз зат есім дегеніміз ұстауға келмейтін заттар. Мысалы: ой, сөз, арман,  т.б

83. Зат есім құрамына  қарай дара және  күрделі  болып  бөлінеді.  Дара   зат  есім  дегеніміз  бір  ғана  сөзден құралған  сөз.Мысалы: мектеп, табиғат, орман, т.б.

Ал   күрделі  зат  есім   бірнеше  сөздерден құралады.Мысалы: белбеу, ата-ана, Орал қаласы, ҚР,  т.б.

84. Есептік сан есім Есептік сан есім заттың нақтылы санын білдіріп, қанша? неше? деген сұрақтарға жауап береді. Мысалы: бес, он екі, жүз жиырма сегіз, тоғыз жүз бір т. б. Есептік сан есімдер дара да, күрделі де болып, сан есімнің басқа түрлерін жасауға негіз болады.

85. Реттік сан есім Реттік сан есім заттың саналу ретін (катарын) білдіріп, нешінші? деген сұраққа жауап береді. Реттік сан есімдер есептік сан есімдерге дауысты дыбысқа бітсе -ншы, -нші, дауыссызға аяқталса — -ыншы, -інші жұрнағы жалғану арқылы жасалады. Мысалы: бір-інші, тоғыз-ыншы, екі-нші, алты-ншы, жүз отыз бес-інші т. б.

86. Жинақтық сан есім Жинақтық сан есім заттың жинақталған санын білдіріп, нешеу? деген сұраққа жауап береді. Жинақтық сан есім бірден жетіге дейінгі есептік сан есімдерге -ау, -еу жұрнағы жалғану арқылы жасалады. Мысалы: біреу, екеу, үшеу, төртеу, бесеу, алтау, жетеу. Дауысты дыбысқа бітетін екі, алты, жеті, деген есептік сан есімдерге -ау, -еу жұрнағы жалғанғанда, түбірдің соңындағы -ы, -і дауысты дыбыстар түсіріліп қолданылады. Мысалы: екі-еу,— екеу, алты-ау — алтау, жеті-еу — жетеу.

87. Тұрлаулы мүшелер. Сөйлем құрауға қатысқан толық мағыналы сөздер сөйлем мүшелері деп аталады. Сөйлемнің тұрлаулы мүшелері: Бастауыш,Баяндауыш

Бастауыш  сөйлемдегі атау септігінде тұрып, іс-оқиғаның иесін білдіретін тұрлаулы мүше.

Сұрақтары :  кім? не? кімдер? нелер?

Мысалы: Балалар (кімдер?) саяхаттан көңілді оралды. Анамның айтқаны (не?) әлі есімде сақтаулы.

Бастауыш  келесі сөз таптарынан жасалады : зат есім, есімдік, сын есім, сан есім, етістік.

Баяндауыш  бастауыштың жай-күйін, оқиғаның қай шақта болғанын білдіріп, сөйлемді тиянақтап тұратын тұрлаулы мүше.Қай сөз табынан болса, сол сөз табының сұрақтарына жауап береді.

Баяндауыштың келесі сөз таптарынан жасалады :  етістік, зат есім, сын есім, сан есім, есімдік.

Мысалы: Төреқұлдың әңгімесін бәрі ұйып тыңдады. Бұл үйдің балалары бір-бірімен өте тату. Мәдениет сарайы – анау. Төрт жерде төрт – он алты. Бүгінгі жастар – бақытты жастар.

88. Буын. Сөз құрамындағы бір немесе бірнеше дыбыстар тобынан жасалған фонетикалық бөлшек буын деп аталады.

Дауысты дыбыстар буын құрауға негіз болады. Дауыссыз дыбыстар буын құрай алмайды. Сөздің құрамында қанша дауысты дыбыс болса, сонша буын болады. Мысалы,қарлығаштардың деген сөзде бес дауысты дыбыс бар, яғни сөз бес буыннан құралған.

Қазақ тілінде буынның үш түрі бар: 1) ашық буын; 2) тұйық буын; 3) бітеу буын.

Бір дауысты дыбыстан құралған және дауыссыз дыбыстан басталып, дауысты дыбысқааяқталған буын ашық буын деп аталады. Мысалы, а-на, ба-ла, да-ла, бе-ре-ке, ә-ке, ша-ға-ла, же-ті, та-ға, т.б.

Бір ғана дауысты дыбыстан құралған буын жалаң ашық буын деп аталады. Мысалы, ә-же, ұ-лы, ү-кі, а-та, т.б.

Тұйық буын дауысты дыбыстан басталып, дауыссыз дыбысқа аяқталады. Мысалы, айт, өр, ант, ән, ұлт, аң, ұрт, үй, арс, ел, өрт, т.б.

Дауыссыз дыбыстан басталып, дауыссыз дыбысқа аяқталған, яғни ортасы дауысты дыбыс екі шеті дауыссыз дыбыс болып келген буын бітеу буын деп аталады. Мысалы, Бұлт, жер, қант, той, құрт, тау, жұрт, жез, төрт, дос, серт, гүл, мұрт, қол, бырт-бырт, сарт-сұрт, жарқ-жұрқ, сөз, көз, май, дөң, дүлдүл, мазмұн, жолдастық, т.б.

89. Шылау Тілімізде толық мағынасы жоқ, бірақ сөз бен сөзді, сөйлем мен сөйлемді байланыстырып, немесе сөзге қосымша мән үстеп тұратын көмекші сөздер бар. Ондай көмекші сөздер шылаулар деп аталады. Мысалы: Мен жазбаймын өлеңді ермек үшін, Жоқ-барды, ертегіні термек үшін (А). Жомарт қазіргісі мен келешегін салыстырып тұр (Ғ. Мұст.). Абай қажымай, жалықпай, ылғи ғана ынтығып тыңдайтын (М. Ә.). Бұл мысалдағы үшін, мен, ғана деген сөздердің толық мағынасы жоқ, бірақ сөйлемде олар өзі қатысты сөздерге қосымша мән үстеп, белгілі қызмет атқарып тұр. Бірінші сөйлемде үшін шылауы ермек және (ертегіні) термек сөздеріне мақсат мәнін үстеп, ол сөздерді жазбаймын сөзіне бағындыра (сабактастыра) байланыстырып тұрса, екінші сөйлемде мен шылауы қазіргісі деген сөз бен келешегі деген сөздерді ыңғайластық мәнде бір-бірімен салаластыра байланыстырып, олар сөйлемнің бірыңгай мүшесі екенін көрсетіп тұр. Үшінші сөйлемде ғана шылауы ылғи деген мезгілдік мағынадағы сөзге шектілік, күшейткіш мән үстеп тұр. Сөйтіп, шылаудың басқа сөз таптарынан мынандай айырмашылықтары бар: 1. Шылаудың толық мағынасы болмайды. 2. Сөйлем ішінде шылау сөйлем мүшесі бола алмайды. 3. Шылаулар сөз бен сөзді не сөйлем мен сөйлемді салаластыра, сабақтастыра байланыстырып немесе толық мағыналы сөздің жетегінде оған қосымша мән үстей қолданылады. 4. Шылаулар түрленбейді және басқа сөз таптарынан жұрнақ арқылы жасалмайды. Шылаулар — лексикалык мағынасынан айырылу нәтижесінде туған көмекші сөздер. Шылау сөздер білдіретін мағынасы мен сөйлемде атқаратын қызметіне қарай септеулік шылау, жалғаулык шылау және демеулік шылау болып үшке бөлінеді.

септеулік шылау:

Атау септікті меңгеретін септеуліктер:Үшін,Сайын,Сияқты,Туралы,Арқылы,Бойы, бойымен,Шамалы, шақты, қаралы,Ғұрлы (ғұрлым)

Барыс септікті меңгеретін септеуліктер:Шейін (дейін),Қарай, таман,Салым, тарта, жуық, таяу

Шығыс септікті меңгеретін септеуліктер:Гөрі,Бері,Кейін,Соң,Бұрын,Бетер

Көмектес септікті меңгеретін септеуліктер:қатар, бірге, қоса

Жалғаулық шылаулар сөз бен сөзді, сөйлем мен сөйлемді салыстыра (тең дәрежеде) байланыстырды. Жалғаулық шылаулар жалғаулықтар деп аталады. Олар мыналар: мен (бен, пен), да (де, те, та), не, не болмаса, яки, немесе, және, әрі, біресе, бірақ, алайда, әйтпесе, әйткенмен, дегенмен, сонда да, әлде, өйткені, себебі, сондықтан, сол себепті т.б. Жалғаулықтар біріңғай мүшелердің немесе салалас құрмаластың сыңарларын әр түрлі мағыналық қатынаста байланыстырады. Ондай мағыналық қатынастар мыналар: 1) ыңғайластық қатынасты білдіретін жалғаулықтар: мен (бен, пен, мене, бенен, пенен), да, (де, та, те), және, әрі 2) қарсылықты қатынасты білдіретін жалғаулықтар: бірақ, алайда, дегенмен, әйтпесе, әйткенмен, сонда да 3) талғаулықты қатынасты немесе кезектестік мәнді білдіретін жалғаулықтар: әлде, біресе, бірде, не, немесе, я, яки, болмаса, кейде. 4) себеп-салдарлық қатынасты білдіретін жалғаулықтар: себебі, өйткені, сондықтан, т.б. Жалғаулықтар орыс тіліндегі «союзы» деп аталатын көмекші сөздермен сәйкес келеді.

Демеулік шылау. Бұл Демеулік шылау демеуліктер деп те аталады. Олар өзі шылауында тұрған сөзге я сөйлемге күшейту, тежеу, шектеу, сұрау, болжалдык, күмән сияқты қосымша мағына үстейді, бірақ септеулік пен жалғаулықтар сияқты сөздерді де, сөйлемдерді де байланыстыра алмайды. Мысалы: Алдымда толған мақсат, толған тандау, Алайын мынасын ба, анасын ба? (С. Т.). Ертең емес, бүгін-ақ қазір-ақ жүрсек етті (М. Ә.). Үлкен үйге кірген соң бәрі де кішірейіп кеткендей, отырғанда құмандай ғана болып қалыпты (Ғ. М.). Бірінші сөйлемде ба демеулігі сөйлемге сұрау мағынасын үстеп, мынасын және анасын сөздерімен ғана тіркесіп тұр. Екінші сөйлемде –ақ демеулігі бүгін, қазір сөздерінің шылауында қолданылып, ол сөздерге күшейткіш мән үстеген. Үшінші сөйлемде ғана демеулігі құмандай сөзінің шылауында жұмсалып, оған шектік мән үстеп тұр. Бірақ олардың бірде бірі сөз байланыстыру қызметін атқармайды. Демеуліктер орыс тіліндегі «частицы» деген көмекші сөздерге сәйкес келеді. Демеуліктер негізгі сөзге (сөйлемге) үстейтін мағынасына карай бірнеше түрге бөлінеді. 1. Сұраулық демеуліктер: ма (ме, ба, бе, па, пе), ше. 2. Күшейткіш демеуліктер: -ақ, -ау, -ай, әсіресе, да (де, та, те). Да, (де, та, те) шылауы күшейткіш мәнді білдіріп бірде демеулік болса, енді бірде бірыңғай мүшелереді, сөйлемдерді ыңғайластыра байланыстырып, жалғаулық шылау болып қызмет атқарады. Мысалы: сен де бір кірпіш дүниеге, кетігін тап та бар, қалан (А). Бұл сөйлемде де шылауы — демеулік, ол сен сөзіне күшейту мәнін үстеп тұр, бірақ оны басқа сөзбен байланыстырып тұрған жоқ. Ал, та шылауы — жалғаулық, ол тап және бар деген бірыңғай баяндауыштарды ыңғайластық мәнде байланыстырып тұр. 3. Шектік (тежеу) демеуліктері: ғана (қана), тек, кейде-ақ. 4. Болжалдық демеуліктер: -мыс (-міс) және кейде-ау. 5. Болымсыздық, немесе қарсы мәнді, салыстыру демеуліктері: түгіл, тұрсын, тұрмақ. 6. Нақтылау мәнді демеуліктер: қой (ғой), -ды, (ді, ты, ті).

90. Сын есім жасалуына қарай екіге бөлінеді: 1) негізгі сын есім;

2) туынды сын есім.

 

Негізгі сын есім ешбір қосымшасыз негізгі түбір күйінде тұрады. Мысалы: көк, сыпайы, кермек, жабайы, таза, шабан, асау, жеңіл, т. б.

 

Туынды сын есім екі түрлі жолмен жасалады1) есім сөздерге жұрнақ жалғану арқылы; 2) етістікке жұрнақ жалғану арқылы.