Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
ИСЛАМ РЕВОЛЮЦИЯСЫ.doc
Скачиваний:
6
Добавлен:
16.11.2019
Размер:
310.78 Кб
Скачать

Ирандағы Ислам революциясы (1978—1979 жж.)

«Дана Жол» аталған жұмыста Ирандағы Ислам революциясының негізгі себептері мен оның бүгінгі Қазақстанда орын алып отырған ұқсас белгілерін қарастырады.

Ислам (Иран) революциясы – Ирандағы 1978 қаңтар – 1979 ақпан аралығындағы оқиғалар тізбегі. Бұл революцияның нәтижесінде Мұхаммед Реза Пехлеви шах билігі құлап, үкімет басына шейіт дінбасыларының көсемі аятолла Хомейни келді; конституциялық монархия ислам республикасына ауысты. 1

Себептері:

  1. Шах және оның айналасындағы адамдардың молшылықта, ал халықтың көп бөлігінің кедейшілікте өмір сүруі

  2. Ислам құндылықтарын қадірлемеу және ислам діни қызметкерлеріне қысым көрсету

  3. Ашық проамерикандық саясат

  4. Қалыптасқан режимге қарсы жаппай наразылық

  5. Шахқа толық бағынышты жалғыз партияны құру арқылы халық тілектерін білдірудің барлық ресми саяси құралдарын жою

Мақсаттары:

  1. Қалыптасқан режимді құлату.

  2. Иранның еуропалануын тоқтату

  3. Ислам құндылықтарын қалпына келтіру

  4. Елді АҚШ ықпалынан шығару

Қорытындылары мен салдарлары:

  1. Шах режимінің құлауы. Ислам республикасының жариялануы (1979ж. 30 наурыз). Билікке ислам дін басыларының келуі

  2. АҚШ және Израильмен қарым-қатынастардың шиеленісуі (әлі жалғасуда)

  3. Саясатты исламдандыру және исламды саясиландыру. Ислам елдерінде радикалды ислам қозғалыстарының таралуы

  4. Ирактың Иранға шабуылы, иран-ирак соғысының басталуы (1980-1988 жж.) 2

Ислам революциясының себептері:

Ауылдарда феодалдық қарым-қатынастардың сақталуы, өнеркәсіптің нашар дамуы және мұнайды пайдаланудан өте көп пайда алып отырған шетелдік капиталдың экономикаға тереңдей енуі сияқты жағдайлардың барлығы елде үлкен наразылық туғызып, үкіметке қарсы қимылдардың орын алуына алып келді. 1963ж. Мұхаммед Реза Пехлеви шах «Ақ революция» деген атпен белгілі болған және елдің капиталистік жолмен дамуын жеделдетуді мақсат еткен бірқатар әлеуметтік-экономикалық реформалар жүргізуге мәжбүр болды. Алайда, шах билігінің халыққа қарсы режимі жағдайларында бұл «революцияның» нәтижелерін, негізінен, шахқа жақын адамдар, яғни, шахтың ең жақын туыстары мен достары өз мүдделеріне пайдаланды. Ал, бұқара халықтың көпшілігінің жағдайы бұрынғыша өте ауыр күйінде қалды.3

«Ақ революцияның» заң шығару базасы келесідей заңдарға негізделді:

1. Помещиктердің меншігіндегі жерді бір ауылдың жерінен аспауын қарастыратын аграрлық заңның негізінде жер реформасын жүргізу туралы заң (1962ж.);

2. Жерді мемлекеттендіру туралы заң;

3. Жер реформасын қаржыландыру үшін мемлекеттік фабрикалар мен зауыттарды сату туралы заң;

4. Мәжіліс пен сенат сайлауы заңын өзгерту туралы заң;

5. Жұмысшылардың кәсіпорындардың пайдаларына қатысуы туралы заң (Қазақстанда бұған аналог ретінде 1993-1996 жылдардағы чектік жекешелендіру бағдарламасы мен 2012 жылғы «Халықтық IPO» бағдарламасын алуға болады);

6. Ауылдарда сауатсыздықпен күресу үшін «білім беру корпусын» құру туралы заң.

Бұл заң жобалары 1963ж. 26 қаңтарда өткен бүкілхалықтық референдумда мақұлданды. Содан кейін реформалар туралы бастапқы алты заң жобасына тағы алтауы қосылды. Олар: ауыл халқына дәрігерлік жәрдем көрсету үшін «денсаулық сақтау корпусын» құру туралы заң жобасы, ауыл шаруашылығын жүргізудің жаңа озық әдістерін «енгізу корпусын» құру туралы заң жобасы, (Қазақстанда бұл - «ҚазАгроҚаржы»), ұсақ дау-жанжалдарды қарау мен шешу үшін қоғамдық соттар – «әділдік үйлерін» құру туралы заң жобасы. Қалғандары су көздерін мемлекеттендіру туралы және халықтың өмір сүру деңгейін көтеру мақсатында қала мен ауылды қайта құру бағдарламаларын қабылдау туралы заң жобалары болып табылады.4 Кейіннен жоғарыда аталған 12 бағдарлама бөліміне 1975ж. аяғына дейін тағы да бес бөлім қосылды. Олар: өнеркәсіп меншігін арттыру, алыпсатарлық және жемқорлықпен күресу, орта және жоғары мектептерде тегін оқыту, балаларды екі жасқа дейін тегін тамақтандыру, ауыл халқын қоса алғанда жалпы әлеуметтік сақтандыру.5

Үкімет жер реформасын жүргізу кезінде помещиктерден жер телімдерін сатып алып, оларды нарықтық бағадан 30%-ға төмен бағада шаруаларға сатты. Шаруалар бұл соманы бөліктеп төлей отырып, жер телімдерін өңдеумен айналысты. 1970ж. қарай 1,2 млн. шаруа отбасылары жер иеленді (барлық ирандық шаруалардың жартысына жуығы). Ормандар мен жайылымдар мемлекеттендірілді. Индустрияландыру науқаны кең етек алды, мемлекеттің көмегімен металлургиялық, машина жасайтын, мұнай-химиялық, автокөлік жасайтын, кеме жасайтын және ұшақ жасайтын кәсіпорындар салынды.6 Әлеуметтік салада шах режимі азық-түлікке төмен бағаларды ұстап тұруға тырысты, тегін мектеп білімін енгізді, мектептер мен ауруханалар салды, жалақыны көбейтті және жаңа жұмыс орындарын құру бойынша іс-шаралар атқарды. 7

Бұл жүргізілген қайта құруларды Реза Пехлеви шах «Ақ революция» деп атады. (Қазақстанда «Ақ революцияның» аналогиясы «Қазақстан 2030», «Үдемелі индустриялық-инновациялық даму» (ҮИИД), «30 корпоративтік көшбасшы», «Бәсекеге қабілетті 50 ел» бағдарламалары және т.б. болып табылады).

Ирандағы «Ақ революция» кезеңі мұнайдан түскен долларлардың ағылып келуінің арқасында (әсіресе, 1973ж. бастап) қол жеткізілген өнеркәсіптің жедел өсу қарқынымен сипатталады. 1963-78 жж. жан басына шаққандағы ЖҰӨ жылына $ 100-дан $ 1521-ға дейін көбейді. Өнеркәсіп өндірісінің өсу қарқыны 1962-68 жж. жылына 8,8%, 1969-72 жж. 11,5%, 1973-78 жж. 26%-ды құрады. Алайда, мұндай көрсеткіштерге, негізінен, елдің экономикалық дербестігін нығайтпайтын құрастыру өндірісін дамыту есебінен қол жеткізілді. Осы себептен, капиталистік ілгерілеу халықтың тек азғантай бөлігін өмір сүруге қажетті заттармен қамтамасыз етті. 8 Өнеркәсіп, негізінен, әр түрлі мемлекеттік бағдарламалар (біз жоғарыда айтып өткендей, Қазақстандағы «Үдемелі индустриялық-инновациялық даму» (ҮИИД), «30 корпоративтік көшбасшы» бағдарламалары осыған мысал болып табылады) тарапынан қаржыландыру есебінен өсті, ауыл шаруашылығы халықтың азық-түлікке деген қажеттіліктерінің 40%-ға жетпейтін мөлшерін қанағаттандырды, инфрақұрылым дамуы жағынан артта қалды.9 70-ші жылдардың аяғында Иран өнеркәсіптің шикізат пен материалдарға деген қажеттіліктерінің 70%-ын, машиналар мен құрал-жабдықтарға деген қажеттіліктерінің 80%-ын, құрылыс материалдарына деген қажеттіліктерінің 57%-ын импорттың есебінен қамтамасыз етті. Жалпы, сырттан әкелінетін өнеркәсіп жабдықтары мен құрамдас бөлшектерінің номенклатурасы шамамен 240 мың атаудан тұрды.5 (Қазақстанда дәл осындай жағдай қалыптасты.)

Ауыл шаруашылық реформасының нәтижесінде екі жарым миллион шаруаға жер бөліп берілді, бірақ бұл күтілген нәтижелерге әкелмеді. Бұрын помещиктердің қол астында феодалдық қағидалар негізінде жұмыс істеген шаруалар фермер шаруашылығын жүргізу машықтарына ие болмады. Сол себептен де, олар жерді құндылық ретінде қарастырмады. Сонымен қатар, басым түрде астық шаруашылығына мамандану жағдайларында ұсақ фермерлік кәсіпорындар тиімсіз болып, өздерін ақтай алмады. Нәтижесінде, шаруалар иеленген жер үлестерін арзанға сатып, қалаларға барып жұмыс істей бастады. 10

Қазақстанда да бастапқыда шаруалар жер үлестеріне ие болды. Бірақ қазіргі таңда шаруалар қайыршылық күйге түсіп, өз жерлерін тастап немесе сатып, содан кейін қалаларға көшіп жатқанын байқауға болады. Қазақстанның қазіргі басқарушы табы жүргізіп отырған экономикалық саясаты жағдайында ауыл халқының қалаларға ағылуы шарасыздық болып табылады. Неге? Капитализм жағдайында ұсақ өндіруші немесе ұсақ меншік иесі, ерте ме кеш пе, кедейленеді. Оның кедейлену себебі – ірі өндірушімен бәсекеге түсетіндігінде. Ірі өндіруші әрқашан ұсақ өндірушіні жаншып тастайды. Бұл келесідей себептерден туындайды:

1. Өндіріс көлемінің үлкендігі есебінен ірі өндірушінің әр тауар бірлігіне кететін шығындары азырақ;

2. Ірі өндірушінің кірісі оған тауар құнын ары қарай төмендету үшін технологиялар мен машиналар сатып алуға мүмкіндік береді;

3. Ірі өндірушінің қаржы ресурстары оған дүкендердегі сауда сөрелерін сатып алуға мүмкіндік береді (бәсекелестерді кіргізбеу мақсатында);

4. Ірі өндіруші сатып алу көлемінің үлкендігі есебінен өз өндірісіне қажетті әр түрлі жартылай дайын өнімдердің бағаларының төмендетілуіне қол жеткізеді және т.б.

Осындай шарттар бойынша жұмыс істеген ұсақ өндіруші банкроттыққа ұшырап, жалдамалы еңбек армиясын толықтырады.

Қазақстанның статистикалық қызметінің ресми мәліметі бойынша, 2011ж. біздің еліміздің ауыл шаруашылық жерлерінің 60%-ы 350 компанияның немесе олардың иелерін білдіретін 350 адамның меншігінде болып табылады. 57

Енді, Иранға қайта оралып, бұл елдегі ислам революциясының себептерін қарастыруды жалғастырайық. Мемлекет помещиктерге шаруаларға берілген жерлердің құнын төледі. Помещиктер бұл капиталды ауыл шаруашылығына емес, оған қарағанда табыстырақ бизнес түрлері – сауда мен құрылысқа салуды жөн көрді. Помещиктердің мұнай өнеркәсібіне ақша құю жағдайлары сирек кездесті. Себебі саны жағынан шектеулі жоғары лауазымды шенеуніктер бұл саланы іс жүзінде бірден монополияландырған болатын. (Қазақстанда дәл осындай ахуал қалыптасты.)

Реформалар жүргізілгенге дейін Иран экономикасының негізін ауыл шаруашылығы құрады. Бірақ Иран 1960 жылдардың аяғынан бастап ауыл шаруашылық өнімдерінің көп бөлігін шетелден сатып алуға мәжбүр болды.10 Ел өзін-өзі азық-түлікпен қамтамасыз ете алмады. Реформа өткізілген жылдары азық-түлік импорты 80 есе өсті. Шах режимінің соңғы 4 жылында жылына $ 2-2,5 млрд. азық-түлік импортына жұмсалып отырды. Сонымен қатар, Иран басқа да көптеген маңызды азық-түлік тауарларын сырттан әкеліп отырды.5 (Қазақстанда да азық-түлікті сырттан әкелу бойынша осындай жағдайды байқауға болады.)

Ауыл шаруашылығының құлдырауы салдарынан ауыл халқының қалаларға көшуі жиіледі. Реформалар кезеңінің аяғына қарай ауыл халқының көші-қоны жылына жарты миллион адамға жетті. Өнеркәсіп осынша көлемдегі біліксіз, сауатсыз жұмыс күшін қажетті жұмыс орындарымен қамтамасыз ете алмады. Мұнай саласы еңбекті көп қажет етпейді, сонымен қатар, оның нысандары ірі қалалардан алыс орналасқан. Иранда индустрияның жаңа салалары (металлургия, су энергетикасы және машина жасау) пайда болғаннан бастап және кейін де, бұл салаларға шетелдік жұмыс күші тартылды. Құрылыс жұмыстары қарқынды жүргеніне қарамастан, қалалардың жаңа қала тұрғындарына тұрғын үйлерді қажетті көлемде пайдалануға беруге мүмкіндіктері болмады. Мұндай тұрғындардың пәтер сатып алуға, коммуналдық қызметке ақы төлеуге ақша қаражаттары болмады.10 Сонымен, ауыл халқының қалаларға көші-қоны жұмыссыздық, жоқшылық, тұрғын үй тапшылығы сияқты әлеуметтік мәселелерді одан әрі шиеленістірді.

Мұнай сатудан өте көп көлемде кіріс түскеніне қарамастан (70 жылдардың ортасынан бастап жылына $ 22 млрд.), ирандықтардың негізгі бөлігі кедейшілікте өмір сүрді.3 Мұнай сатудан келетін кірістің өсуі сол уақыттағы халықтың кедейлену үрдісін тоқтата алмады. Оның мынадай себептері бар:

1. Экономикалық және саяси басқару тетіктерін мемлекеттің қолына шоғырландыру саясаты шын мәнінде ұлттық байлықты олигархиялық иеленудің жасырын түрі болып табылды. Негізінен, бұл саясат ресурстарды модернизацияның жаңа бағыттарына оперативтік бөлудің тиімді тетігі арқылы жарияланған болатын. Іс жүзінде, мемлекеттік меншік шахтың отбасы мен саны жағынан шектеулі, «мың отбасы» деп аталатын шенеуніктер табына тиесілі болды. Табиғи ресурстарды экспорттаудан түскен кірістің көп бөлігі елдің нақты қожаларының қолына шоғырланды. Олар бұл иеленген кірістерін ешкіммен бөліскісі келмеді. Элита шикі мұнай мен табиғи газды сатудан түскен жылдам әрі жеңіл табыстан бас тартпай, капитал қайтарымы кейінге қалдырылған жаңа салаларға қаржы сала бастады. Мысалы, шах үкіметінің кең жарнамалаған, он мыңдаған жаңа жұмыс орындарының пайда болуын қарастырған, әлемдегі ірі мұнай-химиялық кешені құрылысының кеудемсоқ жобасы тек қағаз жүзінде қалды. 10

Қазақстанда мұндай саясатқа мысал ретінде «Үдемелі индустриялық-инновациялық даму» (ҮИИД) және «30 корпоративтік көшбасшы» бағдарламаларын айтуға болады. Бұл саясаттың нәтижелерін төмендегі кестеден көруге болады:

Жобаның атауы

ҚДБ-нің (Қазақстанның даму банкі) жұмсаған ақша қаражатының сомасы

Жобаның мақсаты

Нәтижесі

«Биохим» АҚ 11

$ 100 млн.

Бензиндегі октан санын көбейтетін және оны экологиялық таза ететін, бидай өңдеуге негізделген биоэтанол өндірісі

- 2006ж. қыркүйекте Тайынша ауданында «30 серпінді жоба» аясында іске қосылды.

- Өнімді өткізумен байланысты мәселелер. Нәтижесінде, «Биохим» АҚ салықтар мен жалақы бойынша қасақана төлемеушілердің тізіміне ілікті.

«Силициум Қазақстан» ЖШС

$ 60 млн.

Металлургиялық кремний өндірісі

Ашылғанына бір ай өткеннен кейін зауыт жұмыс істеуін тоқтатты

«Қазақцемент» ЖШС 12

$ 140 млн.

Қуаттылығы жылына 1 млн. тоннаны құрайтын цемент өндірісі

- 2007-2008 жылдары Шығыс Қазақстан облысының Жарма ауданында іске қосылады деп күтілуде.

- ҚДБ-нен алынған қосымша несие жобаның құнын 75-тен 140 миллион долларға дейін көтерді.

- Өндіріс қуаты артпады, құрылысты салу мерзімі екі есеге ұзартылды, жобаның бастамашысы кәсіпкер Апсалямов мәжіліс депутаты ретінде халыққа қызмет ету үшін жобаны тастап кетті.

- Жоба іске қосылмады, оның орнына Индустрияландыру картасына енгізілді. ҮИИД бағдарламасын жүзеге асыру аясында ресми түрде зауыттың ашылуы 2010 жылдың екінші тоқсанына белгіленді, содан кейін бұл мерзім 2011 жылдың аяғына ауыстырылды. Бірақ ешқандай ғажайып орындалмады. Сөйтсе, цемент кереметінің негізін салушыларға ақша жетпеген екен.

«Іле қағаз-картон комбинаты» АҚ 13

$ 65 млн.

хром-эрзац, гофрокартон, жоғары сапалы офсеттік қағаз өндірісі

Бұрын пайдаланылған картон өндіру желісін офшорлық кеңсе арқылы, сөзсіз, үш есе қымбат бағаға сатып алды. Әрине, жобаның шығыны көп болып шықты.

«Комсомол құс фабрикасы» АҚ 14

$ 40 млн.

Әлемдік стандарттарға сай келетін қазіргі заманғы ет өндірісі

Жоба жұмыс істемейді

«BI-Cement» ЖШС 12

$ 320 млн.

«BI-Cement» ЖШС портланд-цементін өндіреді деп ұйғарылды

Өнімнің алғашқы партиясы 2008ж. шығарылуы тиіс болды. 2010ж. зауыт толық қуаттылықпен жұмыс істей бастайды. Сауда-өнеркәсіптік палатасы сайтының мәліметі бойынша, нысандағы негізгі құрылыс жұмыстары аяқталған, ал Индустрияландыру картасының мәліметі бойынша, жоба 2012ж. іске қосылады. Бірақ нақты күні немесе, ең болмаса, тоқсаны туралы хабар жоқ. Индустрияландырудың жиынтық картасының мәліметіне сәйкес, бүгінгі таңда жоба 60%-ға аяқталған.

Көріп тұрғанымыздай, бүгінгі Қазақстандағы ҮИИД, Бәсекеге қабілетті 50 ел, 30 корпоративтік көшбасшы және т.б. әр түрлі бағдарламалар, Ирандағыдай, бюджет қаражаттарының қайта бөлініп, аталған жобаларға жетекшілік ететін және оларды қаржыландыратын феодал-шенеуніктердің қалталарына түсуіне әкеледі. Бұл жобалар шығындары көп деп табылып, жұмыс істемей жатып немесе жұмыс істей бастағаннан кейін бірден жабылып қалады.

Иранға қайта оралайық.

Ирандағы елді басқарудың тұйық түрі экономикалық ретсіздікті туғызып, жемқорлықты күшейтті. 10 Шах және оның айналасындағы адамдар өте көп мөлшердегі ақша қаражатын батыс монополияларының акцияларына салып, шетелдік банктердегі жеке есепшоттарына аударып отырды. 3 (Бүгінгі таңда Қазақстанда дәл осындай жағдай қалыптасты.)

2. Халықтың жағдайының нашарлауы көбінесе әскери шығындардың көптігіне байланысты болды. Шах өзінің жартымиллиондық әскерін саны және күші бойынша әлемдегі бесінші әскерге айналдырғысы келді. Қорғаныс шығындары 1968-1978 жылдардың аралығында жиырма есеге артып, жылына $ 10 млрд. (бюджеттің 30%-нан аса) құрады.10 Мұнай бағасының өсуі нәтижесінде, 1973 жылдан 1978 жылға дейінгі аралықта мемлекеттік қазынаға 100 млрд. мұнай доллары түсті, оның 40 млрд.-ы әлеуетті құрылымдарға және дәл сондай мөлшердегі ақша қаражаты мемлекеттік өнеркәсіптік жобаларды қаржыландыруға жұмсалды. 8

3. Елде өкіметтің өктемдігі мен саяси волюнтаризмін бейбіт парламенттік жолдармен шектей алатын саяси күштер болмады.10 Шах үкіметі тәуелсіз саяси партиялар, кәсіподақтар мен кәсіби қауымдастықтардың қызметтеріне тыйым салып, оларды мүлдем жойды. 1975ж. жалғыз мемлекеттік партия – «Қайта өркендеу» партиясы құрылды. 15 Коммунистік немесе кез келген басқа партияның мүшелігіне өткен әрбір адам өлім жазасына кесілді. Жасырын полицияның (САВАК) түрмелерінде мыңдаған ирандықтар азап шекті.3 (Қазақстанда да іс жүзінде бірпартиялық жүйе құрылған, яғни, қазір Қазақстанда «Нұротан» партиясы үстем болып отыр. Саяси өлімдерге жол берілуде – Заманбек Нұрқаділов және Алтынбек Сәрсенбаев. Зайырлы және діни оппозицияға қарсы саяси жазалау шаралары орын алуда.)

Шах тек жалаң күшке сүйеніп, дін қызметкерлеріне менсінбей қарады. Бұл оның басты қателіктерінің бірі болып табылды. Шах шейіт жетекшілерімен жақсы қарым-қатынаста болу немесе олардың бір бөлігіне арқа сүйеудің орнына, ислам діні қызметкерлерімен тайталасқа түсті. Шах әйелдерге бет пердесіз жүруге рұқсат ететін заң қабылдады, еуропалық киім киюді көтермеледі, көптеген діни рәсімдерге тыйым салды, шейіт дін басыларының жер меншіктерін реквизициялау бойынша бірқатар іс-шаралар қабылдады және құрбандық шалу мен діндарлардың мүлкін мұраға қалдыруды қоса алғанда дін қызметкерлерінің табыстарына бақылау орнатты. (Қазіргі таңда Қазақстанның дін саласында да Ирандағыдай тыйым салулар байқалып отыр. Мемлекеттік мекемелерде мінәжат бөлмелерін жауып, намаз оқуға тыйым салатын заңдар қабылданды, сонымен қатар, білім беру мекемелерінде хиджаб киюге тыйым салу туралы әңгімелер жиі айтылып жүр). Бірақ шахтың өзі және оның айналасындағы адамдар молшылықта өмір сүруден бас тартпады. 16 Шах дін қызметкерлерін табыстарынан айырды (жерлері мен вакуфтарын мемлекеттің меншігіне өткізді). Бұл да шахтың ең ірі қателіктерінің бірі болып есептелді. Шах осындай әрекеттерді жүзеге асыру арқылы дін қызметкерлерін әлсірететініне сенімді болды. Бірақ іс жүзінде оларды өзіне қарсы қойды.

Иранның өзінің шикізат орындарын бақылау жағдайлары

Тең құқықсыз ағылшын-ирандық келісімшартқа сәйкес, Иранның мұнай кен орындары Ұлыбританияның иелігіндегі ағылшын-ирандық мұнай компаниясына (АИМК)-на 60 жылға концессияға берілді. 17 1954ж. 19 қыркүйекте ХМК мен Иран үкіметі арасында ХМК-ға (мәжіліс 21 қазанда қабылдады) ирандық мұнайды өндіру мен өңдеу құқықтарын беру туралы келісімшартқа қол қойылды. Бұрын мұндай құқықтар АИМК-да («British Petroleum») болатын. Консорциумның 40% акциясын ағылшындық «British Petroleum» компаниясы, 14%-ын ағылшын-голландтық «Royal Dutch Shell», 40%-ын бес американдық мұнай компаниясы («Standard Oil of New Jersey», «Socony Mobil Oil», «Standard Oil of California», «Texaco», «Gulf Oil Corporation») және қалған 6%-ын француздық «Соmpagnie Francaise des Petroles» иеленді. Келісімшартқа сәйкес, консорциумның құрамындағы компаниялар Иранға таза пайда сомасының 50%-ын төлеп отыруы тиіс болды. Келісімшарттың әрекет ету мерзімі 25 жыл, яғни, 1979 жылдың аяғына дейін деп бекітілді. Бұл мерзім аяқталғаннан кейін, келісімшарттың мерзімін 1994 жылға дейін ұзарту қарастырылды. 18 Яғни, Иранның барлық ірі мұнай кен орындары толықтай шетел капиталының меншігінде болды.

Қазақстанның шикізат компанияларының көпшілігі, Ирандағыдай, шетел капиталының меншігінде болып табылады. Қазақмыс, Қазцинк, Қарметкомбинат, Еуразиялық топ компаниялары шетелдіктерге тиесілі болып келеді. Қазақстанның мұнай және газ кен орындарының тек қана 20%-ы Қазмұнайгаз арқылы бақыланады, ал қалған 80%-ы шетелдік меншік иелеріне тиесілі.

Иранның этникалық құрамы да пайыздық қатынасы бойынша Қазақстандікімен ұқсас. Иранның негізгі этникалық тобы – парсылар бүкіл халықтың 61%-ын құрайды. Күрдтер мен түркі этникалық тобына жататын әзірбайжандар жалпы халықтың 39%-ын құрайды (2008ж.).19 Қазақстанда қазақтар да бүкіл халықтың 63,1%-ын, ал славяндар мен басқа этникалық топтар қалған 36,9%-ын құрайды (2009ж.). 20

Реза Пехлеви шахтың жүргізген қате экономикалық саясаты экономикалық дамудың әркелкілігі мен тепе-теңсіздігіне әкелді. Жұмысшылардың қолындағы өсіп жатқан ақша массасы халыққа қажетті тауар массасымен сәйкестендірілмеді. Шах конституция нормаларымен дұрыс есептеспеді, азаматтардың құқықтары мен еркіндіктерін шектеді, сонымен қатар, жасырын полицияға (САВАК) кең өкілеттіліктер бере отырып, ықпалды оппозиция жетекшілерін жер аударды. 9 1970-ші жылдардың ортасында төлем балансы тапшылығының өсуі мен инфляция байқалды. Инфляция халықтың көп бөлігінің өмір сүру деңгейін айтарлықтай төмендетті. Жемқорлық кең таралды. Халықтың наразылығын Ислам оппозициясы пайдаланды.7 Шейіт көсемдері шахтың қателіктерін ұтымды пайдалана отырып, оған қарсы кесілескен шабуылды бастады. 21 Бұл жағдайда шейіт дінбасыларының көшбасшысы Аятолла Хомейни шахқа ашық қарсы болып қана қоймай, оған қарсы халықты көтере білді, яғни, ислам революциясына жетекшілік ете отырып, оның жеңіспен аяқталуына қол жеткізді. Барлық зайырлы оппозициялық күштер күйретілгендіктен, ирандық мұсылман діні қызметкерлері елді Реза Пехлеви шахтың қате саясатынан азат етуге қабілетті қалған жалғыз күш болып табылды. Мұсылман діні қызметкерлері елдегі билікті алу мен ұстап тұруға қажетті барлық мүмкіндіктерді иеленді. Оларда идея болды және халық осы идеяны қолдады. Бұл идея – ислам заңдарына негізделген әділетті қоғамды орнату. Мұсылман діні қызметкерлері халықтық қозғалыстарды ұлттық көлемде ұйымдастыра алған құрылымға ие болды. Бұл үшін мешіттер пайдаланылды. Сонымен қатар, олар өз қызметтерін қаржыландыру үшін жеткілікті капиталға да ие болды.

1-кесте

Экономикалық көрсеткіштер

1978ж.

1

Ауыл шаруашылығында жұмыс істейтіндердің үлесі, %

40%

2

Өнеркәсіпте жұмыс істейтіндердің үлесі, %

19%* (1976ж.)

3

Қала халқының үлесі, %

51,5%

4

Ауыл халқының үлесі, %

48,5%

5

Қала халқы, млн. адам

17

6

Ауыл халқы, млн. адам

16

7

Жұмыссыздық деңгейі, %

3,5% (1975ж.) 22

8

Сауатты халықтың үлесі, %

50%

*1976ж. елдегі жалпы 33,7 млн. адамның 8,8 млн.-ы еңбекпен қамтылды. Олардың өнеркәсіпте жұмыс істегендерінің үлесі 19%-ды (1,7 млн. адам), ал ауыл шаруашылығында жұмыс істегендерінің үлесі 34%-ды (3 млн. адам) құрады. 23

Статистика көрсеткендей, Иран азаматтарының жалпы сауаттылық деңгейі мен урбандалу дәрежесі басқа революциялар өткен елдермен салыстырғанда жоғарырақ болды. Бұл ретте ауыл шаруашылық өндірісінде жұмыс істегендердің үлесі де төмен болды. Осылай бола тұрса да, Иранда жалпыхалықтық революция орын алды. 24

2-кесте

1977/78ж.

Ұсақ өңдеуші өнеркәсіп кәсіпорындарында жұмыс істеген тұлғалардың еңбекақылары (10 адамға дейін еңбек ететін), айына мың риал

Иелері

19,4 ($ 273)

Тікелей өндірісте қамтылған жалдамалы жұмысшылар

13,2 ($ 186)

Ірі өңдеуші өнеркәсіп кәсіпорындарында жұмыс істеген тұлғалардың еңбекақылары (50 адамға дейін еңбек ететін), айына мың риал

Қызметкерлер

56,5 ($ 796)

Жұмысшылар

21,2 ($ 300)

Тегеран жұмысшыларының біліктілік дәрежелері бойынша еңбекақылары, айына мың риал

Біліктілігі жоқ жұмысшылар

8,5-17 ($ 120-$ 240)

Жартылай білікті жұмысшылар

12-25,6 ($ 168-$ 360)

Білікті жұмысшылар

34-42,6 ($ 480-$ 600)

Техниктер

25-35,4 ($ 350-$ 500)

Тегерандағы кейбір қызметкерлер топтарының еңбекақылары, айына мың риал

Зертханалардың жұмысшылары

28,4-35,5 ($ 400-$ 500)

Орта басқарушы қызметкерлер

35,5-56,8 ($ 500-$ 800)

Бөлім бастықтары

71-142 ($ 1000-$ 2000)

Тау-кен кәсіпорындарындағы еңбекақы, айына мың риал

11,5 ($ 160)

Кеңсе қызметкерлерінің еңбекақылары, айына мың риал

10 ($ 140)

Еркін кәсіппен айналысатын тұлғалардың еңбекақылары, айына мың риал

12 ($ 169)

Ескерту. 1977/1978ж. $ 1 71 риалға тең болды. 25

Нәтижесінде, «ақ революция» 70-ші жылдардың ортасында ішкі қарама-қайшылықтардың күрт шиеленісуі мен елде жаппай наразылықтың орын алуына әкеліп, 1979ж. Ислам революциясымен аяқталды.