Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
ИСЛАМ РЕВОЛЮЦИЯСЫ.doc
Скачиваний:
7
Добавлен:
16.11.2019
Размер:
310.78 Кб
Скачать

Ислам революциясының қорытындылары мен салдарлары

Иранда Ислам Революциясынан кейін болған өзгерістерді келесідей түрде топтастыруға болады:

  1. Сыртқы саясат

Ең үлкен өзгерістер Иранның сыртқы әлеммен қарым-қатынастарында орын алды. Революцияның нәтижесінде елдің сыртқы саясаттағы бағыты толықтай ауысты. Иран мен АҚШ арасындағы өзара одақтастық қатынастар дұшпандық қатынастарға айналды. Аймақтық саясат та өзгерді. Иран революцияны басқа елдерге таратуға тырысқандықтан, оның Парсы Шығанағы аймағындағы орташа араб режимдерімен өзара қарым-қатынастары нашарлап кетті. Иран АҚШ-қа жаулық ниетте болғандықтан, Сирия мен Ливия секілді араб мемлекеттерімен жақындаса түсті. 30 Иран агрессиялық блокка, яғни, СЕНТО-ға (Орталық Шарт Ұйымы) мүшеліктен шықты. Республика басшылығы ОАР және Израильмен байланыстарын үзді, Палестинадағы араб халқын табанды түрде қолдады. Иран Чили халқымен ынтымақтастықта екенін және Оңтүстік Африка халықтарының нәсілдік қысым көрсетушілікке қарсы күресін қолдайтынын жария етті. 9 Иран революциядан кейін мұнай сату бойынша шетелдік монополиялардың қызметі мен делдалдығынан бас тартты. Бұған жауап ретінде Батыс елдері мен АҚШ елге қажетті тауарларды әкелу мен елден тауар шығаруды тоқтатты, яғни, Иранға қарсы экономикалық оқшаулау саясатын қолдана бастады. 31 Елдің үлкен державалардың ықпалынан тәуелсіздігі мен саяси бостандығына қол жеткізу революцияның ең негізгі мақсаттарының бірі болды. Бұл мақсатқа Ислам революциясының нәтижесінде қол жеткізілді. Ал, бүгінгі таңда Иран Ислам Республикасында саяси бостандық ерекше сақталынып келеді. Бұған дәлел ретінде «Шығыс та, Батыс та емес, тек ислам республикасы» қағидасын келтіруге болады. Бұл қағиданың растығын екіжақты, аймақтық және әлемдік мәселелерді қарастыру кезінде Иранның дербес дипломатиялық бағытты ұстанатындығынан көруге болады. 32

Иранда Ислам революциясының нәтижесінде билік басына келген шейіт діни қызметкерлері ислам революциясын басқа елдерге тарату саясатын белсенді түрде жүргізе бастады. Иран Ислам Республикасындағы барлық мекемелерде осы саясатты жүзеге асыру мақсатында арнайы органдар құрыла бастады. Олардың арасында ең нәтижелі қызмет атқарғаны Хомейнидің тікелей нұсқауымен құрылған Ұлт-азаттық қозғалыстар бөлімі болып табылды.33 Республика үкiметi экономикалық дамудың исламдық жолын, яғни, жабық экономика жағдайында өзін-өзі қамтамасыз етуші шаруашылықты құру жолын таңдады. Алайда, Уақытша революциялық үкімет қабылдаған Иранның аталған жол бойынша даму стратегиясы тиянақсыз әрі қайшылықты болды. Иран мен әлемдік капитализм орталықтарының арасында өзара шаруашылық қарым-қатынастарының бұзылуы ел ішінде экономикалық, әлеуметтік қиындықтардың пайда болуына әкелді. Ал, капиталистік елдер басқа елдердің мұнайын сатып алу арқылы елеулі қиындықтарсыз ирандық мұнайдың орнын толтыра алды. 26

1979ж. Революциядан кейін мемлекет бұрын Халықаралық мұнай консорциумының қолында болған мұнай өндіру мен өткізуге толық бақылауын орнатты.9 1979ж. мамырда Иран үкіметі біржақты реттілікпен Иран ұлттық мұнай компаниясы мен Халықаралық мұнай консорциумының құрамына кірген компаниялар арасында 1973ж. жасалған келісімшарттың қолданылуын тоқтататыны және бұрын шетелдік капиталға тиесілі болған құқықтарды Иран ұлттық мұнай компаниясына беретіні жөнінде мәлімдеді. Иран мұнайын өндіру мақсатында консорциум құрған Мұнай қызметтерін көрсету Компаниясы жабылатындығы туралы жарияланды. Иран Мұнай қызметтерін көрсету Компаниясынан бұрын Иран ұлттық мұнай компаниясынан алынған барлық құрал-жабдықтар мен материалдық қаражаттарды қайтаруын талап етті. Осы уақыттан бастап 1954ж. келісімшарттың бұрынғы аймағында мұнай өндіру, өңдеу және тасымалдау бірінші рет толықтай Иран ұлттық мұнай компаниясының бақылауына өтті. 1979ж. жазда Лондонда Иран ұлттық мұнай компаниясы мен Халықаралық мұнай консорциумы өкілдерінің арасында қаржы мәселелерін реттеу бойынша келіссөздер басталды. Шетелдік компаниялар Ираннан $ 350 млн. көлемінде өтемақы төлеуді талап етті. Алайда, бұл келіссөздер нәтижесіз аяқталды. 34

1979ж. желтоқсанда қабылданған Иран конституциясы бойынша, ұлттық мұнай өндіруші кәсіпорындардың акцияларын шетелдік компанияларға сатуға немесе оларға мұнай өндіруге концессиялар ұсынуға тыйым салынады. Мұнай кен орындарын игерумен мемлекеттік Иран ұлттық мұнай компаниясы айналысады.35 Сонымен қатар, газ және энергетика өнеркәсібі, ауыр өнеркәсіп кәсіпорындары (иелері заңсыз жолмен капиталға ие болған және шетелге қашып кеткен), жекеменшік компаниялар мен сақтандыру компаниялары мемлекеттендірілді. 9 1977ж. (революцияға дейін) жалпы тәулігіне 5,7 млн. баррель мұнай өндірілсе, ал 1981ж. (революциядан кейін) тәулігіне 1,3 млн. баррель мұнай өндірілді. 36 Иран 1979ж. наурыз айы мен 1980ж. ақпан айының аралығында мұнайдың экспорттық бағасын 2,5 есе өсірді, яғни, мұнай бағасы барреліне 12,7-ден 31 долларға дейін өсті. Жұмысшылардың еңбекақыларының ең төменгі мөлшері тәулігіне 217-ден 567 риалға дейін (1979ж. қаңтарда 1 АҚШ доллары 76,13 риалға тең болды) көбейді. Ауыл шаруашылық министрлігі помещиктердің меншігіндегі жер иеліктерін мемлекеттендіретіні және осы жерлерді шаруаларға жалға беретіні жөнінде мәлімдеді. 9 Сонымен қоса, экономиканың сыртқы нарыққа бағдарлануы бәсеңдеді. 1980 жылдардың ортасына қарай мемлекеттің қолына кәсіпорындардың (қызметкерлер саны 100-ден кем емес) 90%-дан астамы шоғырланды. Тәркіленген мүлік Боньяд Мостазафин (Ғаріптерге көмек көрсету Қоры) мен Боньяд Шехид (Азап шегушілер Қоры) деп аталатын екі ұйымның бақылауына берілді. 37 Революциядан кейін индустриялық өндіріс көлемінің күрт төмендеуінің нәтижесінде импорт қысқарып, жұмысшылар арасында ереуілдер орын алды. Сонымен қатар, кәсіпкерлер мен менеджерлер елден кетіп, зауыттардың басшылықтарына үкімет тағайындаған басқарушылар келді. Тек 1982ж. революцияға дейінгі өнім шығару деңгейіне қол жеткізілді. Өз күшіне сүйену саясатын жариялаған ислам режимі негізгі салаларды дамытуға ерекше көңіл бөлді. Ал, құрастыру кәсіпорындарын дамытуды екінші кезекке қойды. Мұндай кәсіпорындардың өндірісінде шетелден сатып әкелінетін қосалқы бөлшектер пайдаланылады. 38

  1. Мемлекеттік құрылым

Ислам Революциясының ең маңызды жетістігі мұрагерлік монархияның «Ислам Республикасына» ауысуы болды. Конституция бойынша, мұндай республикада ислам дініне қайшы келетін кез келген шараларды қабылдауға және кез келген жаңа заңдарды бекітуге болмайды. Конституцияның 4-бабында: «барлық азаматтық, қылмыстық, қаржы, экономикалық, әкімшілік, мәдени, әскери, саяси және тағы басқа заңдар ислам нормаларына негізделуі тиіс»,-делінген. Бүкіл заң шығару және сот жүргізу билігі тек қана дін қызметкерлерінің қолына шоғырланады. Мемлекеттің басшысы жоғары діни тұлға – факих болып табылады. Ол барлық заң, атқарушы және сот органдарының қызметтерін бақылап отырады. Ең жоғары мемлекеттік лауазымды президент иеленеді. Ол, негізінен, атқарушы билікті жүргізеді. Сонымен, Ислам Революциясының нәтижесінде діни басқару нысаны құрылды. 27