Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
ИСЛАМ РЕВОЛЮЦИЯСЫ.doc
Скачиваний:
7
Добавлен:
16.11.2019
Размер:
310.78 Кб
Скачать
  1. Жасампаздық

Жастардың өз еліне қызмет етуге деген құлшыныстарының артуы Ислам революциясының ең маңызды жетістіктерінің бірі болды. Бұл, өз кезегінде, елдің ауылдары мен шалғай аймақтарында жасампаз істердің атқарылуына мүмкіндік туғызды. Сегіз жылдық иран-ирак соғысы мен ұлы державалардың Иранға қарсы экономикалық эмбаргосы жасампаздық қимылдарға кері әсерін тигізді. Дегенмен, статистикалық мәліметтерге сәйкес, соңғы жылдардағы көріктендіру бойынша жасалған жұмыстар көлемі Пехлеви басқаруының бүкіл кезеңіндегі жалпы жұмыстар көлемінен асып түседі. Қазіргі Иран қоғамы бұрынғы уақытпен салыстырғанда түпкілікті түрде ерекшеленеді. Бұл жасампаздық қызмет нәтижесінде болған өзгеріс болып табылады. Білім беру, денсаулық сақтау, қорғаныс қызметі, өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығы салаларында бұрынғы режим кезеңімен салыстырғанда елеулі табыстарға қол жеткізілді. Иран Ислам Республикасының басшылары экономиканы көтеру, ұлттық мәселелерді шешу, халықтың тұрмыс деңгейі мен өмір сүру сапасын арттыру сияқты негізгі мақсаттарына қол жеткізе алды. Дәлел ретінде келесідей мысалдар келтірейік. Сауаттылық пайызы 50%-дан 80%-ға көбейді; ішуге жарамды сумен қамтамасыз етілген ауылдардың саны 2,5 есе өсті; ауылдардағы көлік жолдарының ұзындығы 8000 км-ден 80000 км-ге дейін жетті; денсаулық сақтау орындарының саны 4000-нан 17000-ға артты, ал, медициналық мамандықтар бойынша оқитын студенттер саны 2,5 есеге көбейді. 27 ЖІӨ-нің жылдық орташа өсу көрсеткіші 5-6%-ды құрайды. Жалпыға бірдей тегін мектеп білімі енгізілді. Жаңадан ондаған жоғары оқу орындары ашылды. Университеттердегі студенттер саны бірнеше есе өсіп, 1,5 миллион адамға жетті. 39

  1. Әйелдердің жағдайы

Қоғамдық өмірде әйелдер рөлінің елеулі түрде өсуі елдің қоғамдық дамуының негізгі факторларының бірі болып табылады. Пехлеви режимінің басқаруы кезеңінде дінге қарсы ахуал қалыптасқандықтан, Иран әйелдері қоғамдық қызметтерден аластатылды. Қазіргі таңда қолайлы моральдық ахуал орын алғанын ескере отырып, барлық саяси, экономикалық, білім беру және денсаулық сақтау салаларында әйелдердің ықпалы өскенін көре аламыз. Бүгінгі күні қызметкерлер мен жоғары оқу орындары студенттерінің 40%-дан астамын әйелдер құрайды. 27

Қорытынды

«Ислам революциясы» шах реформаларының күйреуге ұшырауымен тығыз байланысты болып келеді. Шах, оның айналасындағы адамдар мен американдық кеңесшілер аталған реформаларды жүзеге асыру кезінде халықтың мүдделерін және оның салт-дәстүрлерін есепке алмады. 70 жылдардың аяғына таман «ұлы өркениеттің» толық дәрменсіздігі айқындалды. Мұндағы «ұлы өркениет» дегеніміз елді жүз жылдықтың соңына қарай көшбасшы өнеркәсіптік державалардың біріне айналдыруды білдірді. Әлеуметтік жарылысты дін қызметкерлері шебер түрде пайдалана білді. Елдің саяси, әлеуметтік-экономикалық өміріндегі өзгерістер көбінесе бейбіт жолмен орын алып жатады, ал, Ирандағы бұл өзгерістер революция жолымен орын алды. .

1979ж. Ирандағы монархияға және империалистерге қарсы революцияның жеңісі, республикалық құрылымның пайда болуы Иран алдында тұрған саяси, әлеуметтік-экономикалық мәселелерді ирандық қоғамның мүдделеріне сай шешуге қолайлы алғышарттар туғызды. Қазіргі әлемде діни басқару үлгісінің құрылуы Ирандағы Ислам Революциясының нәтижесі болып табылады. Қорыта келгенде, қазіргі Иран «ислам құқықтық қоғамын» құрған мұсылман әлеміндегі бірінші мемлекет ретінде әлемдік тарихқа енді.

Иран-ирак соғысы

Иран-ирак соғысы – 1980 жылдың 22 қыркүйегінен 1988 жылдың 20 тамызына дейін созылған Ирак пен Иран арасындағы шекаралық соғыс. 1988ж. 20 тамызда уақытша бітім жасалып, соғысқа дейінгі жағдай қалпына келтірілді. Иран-ирак соғысы ұзақтығы, қатысқан ресурстар мен адам шығындары бойынша 1945 жылдан кейінгі ең ірі әскери соғыс болып табылады. 40

Соғыстың себептері:

1. Территориялық келіспеушіліктер, Иран мен Ирак арасындағы әскери-саяси бәсекелестік, Парсы шығанағы аймағы мен ислам елдерінің арасында жетекшілікке ие болу мақсатындағы күрес.

Тигр және Евфрат өзендерінің қосылуы арқылы пайда болған Шатт-эль-Араб өзенінің жағасы мұнайға бай болып келеді. Бұл өзеннің Парсы шығанағына құятын 82 км-лік бөлігі шекаралық аймақ болып табылады. Шатт-эль-Арабтың шығыс жағалауы Иранға, ал батысы Иракқа тиесілі. XX ғасыр бойы Ирак шығыс жағалауды иеленуге ұмтылды. Бұл жерде екі ірі Абадан және Хорремшехр порттары орналасқан. Иран шекараны тальвег қағидасы бойынша белгілеуге тырысты. Бұл қағида бойынша, шекара өзеннің орта ағысымен өтуі тиіс. 1937ж. шекараны сол (ирандық) жағалау бойынша өткізуді қарастырған келісімшартқа қол қойылды. Бұл ретте кеме қатынасы мен өзенді экономикалық тұрғыдан пайдалану, негізінен, Ирак үкіметінің қолында қалды. 41 1969ж. 19 сәуірде Иран Ирактағы ішкі саяси тұрақсыздықты пайдалана отырып, келісімшарттан біржақты тәртіппен шығып кетті. 1975ж. 6 наурызда Алжирдегі Мұнай экспорттаушы елдер Ұйымының конференциясында Иранның шахы Мұхаммед Реза Пехлеви мен Ирактың вице-президенті Саддам Хусейн Шатт-эль-Араб өзеніндегі шекара туралы келісімшартқа қол қойды. Бұл келісімшартқа сәйкес, шекара өзеннің орта ағысымен өтетін болды. Бұл кезде 1937ж. келісімшарт түпкілікті күшін жойды. 1980ж. 17 қаркүйекте Саддам Хусейн ресми түрде 1975ж. Алжир келісімшартын бұзып, Шатт-эль-Араб өзенінің шығыс жағалауын Ирактың территорясы деп жариялады. 33

Шатт-эль-Араб өзені мен оған іргелес аймақтар екі ел үшін де, әсіресе, Ирак үшін үлкен әскери және экономикалық маңызға ие болып табылады. Оның маңызды Басра порты өзеннің Парсы шығанағына құятын жерінен 90 км-де орналасқан. Негізгі мұнай құятын Фао порты өзеннің сағасында орналасқан. Негізгі мұнай құбырлары порттар салуға жарамсыз өзеннің жағалауына қатарлас өтеді. Бұл жерде елдің жалғыз Умм-Каср порты орналасқан.

Шатт-эль-Араб өзенінің Иран жағында елдің оңтүстігіндегі ірі сауда порты және темір жол желісі Хорремшехр орналасқан. Бұл жерде мұнай өңдеу орталығы Абадан мен әскери-теңіз базасы Хосравабад орын тепкен. Хорремшехр портында жүктерді Парсы шығанағы арқылы темір жолға тасымалдау елдің оңтүстігіндегі басқа порттарды пайдалануға қарағанда тиімдірек болып есептеледі. Алайда, бұл өзен бөлігі Иракқа тиесілі болғандықтан, Иран бұл «тиімді» жол жүру бағытын пайдалана алмайды. 30

2. Иран мен Ирактың бір-бірінің үкіметке қарсы күштерін қолдауы: Ирак Хузестандағы сепаратизмды, ал Иран Ирак аумағында әрекет еткен күрд жауынгерлерін қолдады. Иранның тікелей көмегімен Иракта «Ислам Революциясының Жоғары Кеңесі» құрылды, ал Ирак Хомейниге қарсы «Иран халқының моджахедтер Ұйымын» қаржыландырып әрі қаруландырып отырды. 33

3. Хомейни бастаған мұсылман шейіт діни қызметкерлерінің ислам революциясын басқа аймақтарға тарату саясаты және Тегеранның Ирактағы басқарушы баасистік режимді құлатуға тырысуы.

Хомейни ислам революциясын басқа елдерге таратуға қатысты идеяларын іске асыра бастады. 1980ж. сәуір айында Иранның қолдауына ие болған шейіт жауынгерлері Ирактың премьер-министрінің орынбасары Тарик Азиздің өміріне қастық жасады. Ирактың басқарушы БААС партиясына қарсы көптеген басқа да қаруланған әрекеттер орын алды. Бұл екі елдің арасындағы қатынастарды қайтадан шиеленістіріп, шекара маңындағы қақтығыстардың өсуіне әкелді. 33

4. Саддам Хусейннің жеке кеудемсоқтығы. Хусейн араб әлемінің жетекшісі болуға, Парсы шығанағындағы бәсекелесін әлсіретуге, Батыстың көмегінен айырылып қалған Иранның уақытша әлсіреуін пайдалануға тырысты.

5. Батыс, ең алдымен, американдық арнайы қызметтердің арандатушылық әрекеттері. Олар арнайы жинақталынған жалған мәліметтер арқылы Саддам Хусейнді Иранға тікелей соғыс ашуға итермеледі. 42