Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
tarikhotvety.docx
Скачиваний:
979
Добавлен:
13.02.2016
Размер:
761.75 Кб
Скачать

10. Сырым Датұлы бастаған Кіші жүздегі көтеріліс

Бұл көтеріліс Батыс Қазақстан өңірлерінде 1783-1797 жж. аралығында болып өтті. Тарихи әдебиеттерде әдетте Сырым Датұлы бастаған көтеріліс ретінде аталғанымен, мұрағаттық деректер бойынша бұл күреске белгілі батырлар Тіленші Бөкенбайұлы мен Барақ Сатыбалдыұлы, басқа да батырлар мен билер жетекшілік етіп, орыс шебіне көптеген шабуылдар ұйымдастырған.

Көтерілістің туындауына отарлық езгінің күшеюі, қазақтардың Жайықтан өтуіне тиым салынуы, орыс-казактардың арғы бетке өткен ауылдарды ашық тонауы, Кіші жүздегі хан билігінің әлсіздігі т.б. себеп болған еді. Сонымен бірге, ықпалды билер мен Нұралы хан арасындағы қайшылықтар да әсер етті. Көтеріліс Батыс Қазақстанның біраз жерін қамтыды. Оның негізгі орталықтары – шепке жақын орналасқан Байбақты, Табын және Тама рулары қоныстанған Елек, Шыңғырлау, Қобда өзендерінің бойлары болса, орыс шебіне шабуылдар кезінде Ойыл, Жем, Темір, Сағыз өңірлері де көтерілісшілердің ту тіккен ордаларына айналды. Көтеріліске Кете, Шекті, Шеркеш, Таз т.б. рулар да қатысқан.

Деректерге қарағанда, Сырымның қол астында 2700 адам, Барақ батырда – 2000, Тіленші батырда – 1500 адамдық жасақтар болған. Бұлардың құрамына жоғарыда аталған рулардың барлығы кірген. 1783 ж. жаз айларында қазақтар Ресей шептеріне көптеген жойқын шабуылдар ұйымдастырады. 1783 ж. желтоқсан айының соңында Сырым мен Барақ батырлар бастаған 700 сарбаз Генварцовский мен Рубежинский форпосттары арасындағы орыс елді-мекендеріне шабуылдар жасаса, тура сол уақытта Тіленші батыр мен белгілі би Елекбай Құдайбергенұлы бастаған сарбаздар да Ресей шептеріне көптеген шабуылдар ұйымдастырады.

1785 ж. ақпан айында көтерілісті басуға майор Смирнов басқаратын жазалаушы әскер шығарылады. 237 казактан, 2432 башқұрттан және екі зеңбіректен тұратын бұл команда Елек жағалауына қарай шығып, жолда кездескен бейбіт ауылдарды тонап, 66 адамды тұтқынға алып кетеді, олардың 13-і ғана ересек ер азаматтар да, қалғандары әйелдер мен балалар болған. 1785 ж. наурыз айында Жайық казак әскерінің командирлері Қолпаков пен Пономарев бастаған 1250 казактан тұратын басқа топ Жем сағасында орналасқан Сырымның ордасын арнайы жою үшін шығарылады. Олар Жем бойына бармай, Қаракөл маңындағы Адай және Беріш руларының ауылдарын шауып, бірнеше адамды өлтіріп, 102 адамды тұтқынға алады. 1785 ж. наурыз айында премьер-майор Назаров басқарған 405 жайық казагынан тұратын басқа жазалаушы отряд көтерілісші Табын руының ауылдарын шауып, Айшуақ сұлтанды тұтқынға алады.

Өлке басшылығының мұндай шаралары бүкіл Кіші жүз руларының заңды ашу-ызасын туғызады. Сол 1785 ж. наурыз айында Тіленші батыр бастаған 200 адамдық жасақ Рубежинск форпосты маңындағы орыс хуторларына шабуыл жасап, бүкіл малдары мен 10 адамын қолға түсіреді. Бірақ хуторлар халқына көмекке келіп қалған казактармен болған шайқаста қазақ жасағынан 19 сарбаз қаза табады.

1785 ж. шамамен күз айларында 1 мың адамдық қазақ жасағы Тұзтөбе бекінісінен жоғары орналасқан редутқа шабуыл жасап, осы редутқа көмекке келген майор Рештейнерді 30 адамымен, капрал Ивановты 20 адамымен бірге қолға түсіреді.

Билігінен айырылып қалудан қауіптенген Нұралы орыс әкімшілігімен бірге көтерілісті басуға ат салысады. Інісі Айшуақ сұлтанның қамауға алынып, ұлының өлтірілуі халық алдында Нұралының ықпалы мен беделін төмендетеді. Ел-жұрты оған сенуді қойып, хан билігі үлкен дағдарысқа ұшырайды. 1785 ж. Кіші жүздің 21 руынан 55 билер мен батырлар ІІ Екатерина патшайымға хат жазып, Нұралыны, жалпы Әбілқайыр әулетін тақтан алып тастауды сұрайды. Мұндай хаттар көп болған. 1786 ж. көктемінде көтерілісшілер хан ауылдарына шабуыл жасап, Нұралы қашуға мәжбүр болады. Хан билігінің әлсіздігін түсінген патша үкіметі оны хандықтан босатып, Орынборға шақырып алып, кейіннен Уфаға жібереді. Нұралы сол жақта 1790 ж. қайтыс болады.

Нұралы тақтан кетірілген соң ІІ Екатерина енді Кіші жүзде хан сайлауды қажетсіз деп табады. Өлке басшысы губернатор Игельстромға Кіші жүз қазақтарын басқарудың жобасын даярлау тапсырылады. Өлкені басқаруда майда саясатымен көзге түскен барон өз реформасында Кіші жүздің бүкіл билігін Орынбор әкімшілігінің қолына топтастырады. Ол бойынша губернатордың жанынан жүзді басқарудың жаңа органы – Шекаралық сот құрылып, оған құрамына билер де кіретін расправалар қарайды.

Өлке әкімшілігінің әртүрлі шараларына қарамастан 1789-1790 жж. қыс айларында Ресей шебіне қазақтардың шабуылдары күшейе түседі. 1790 ж. көктемінде орынбор әкімшілігі Сырым бастаған топпен келіссөздер жүргізуге муфтий Мұхамеджан Хусаиновты жібереді. Бұл кезде губернатор Игельстром да қызметінен алынып, орнына қазақтарға қатысты аса қатаң саясат ұстанған А.А. Пеутлинг келген болатын. Осы кезеңде Жайық казактарының да қазақ ауылдарына шапқыншылығы үдейді. Көтеріліс шеңберінде, патша әкімшілігімен арада күрделі қарым-қатынастар орын алады, олардың бәріне тоқталу мүмкін емес.

Дүрбелеңге толы сахарада аз да болса тыныштық орнату үшін патша үкіметі 1791 ж. қыркүйегінде жасы келген Ералы сұлтанды хан сайлауға мәжбүр болады. Орынбор экспедициясы молда Құсайын Әбдусаламовты осы туралы хабармен Кіші жүз даласына аттандырғанда, Елек бойында онымен кездескен Сырым, Мұратбек, Қаракөбек, Басықара және басқа билер өздерінің келісімінсіз Ералының хандыққа бекітілуіне риза еместерін ашық айтады. 1792 ж. мамыр айында Қобда өзенінің бойындағы Байтақ қорымы түбінде 400-ге тарта билер мен басқа да адамдар қатысқан жиындар өткізіледі. Жиын бірауыздан Ералының хан сайлануына қарсылық білдіреді.

1792 ж. қыркүйегінде Сырым Ресейге соғыс жариялап, 1000 адаммен Тұзтөбеге шабуыл жасайды. Бекіністі ала алмаған көтерілісшілер келесі бекініс – Красногорскаяға да шабуыл ұйымдастырады. Бірақ бекіністерге ашық шабуылдар табыс әкеле қоймаған, қарулары сай казактар әрқашанда зеңбіректер мен мылтықтардан оқ жаудырып, барлық шабуылдарды таратып отырған. Сырым бастаған көтерілісшілер 1793 ж. күзінде Сағыз өзенінің бойында орда құрып, халықты өздеріне қосылуға шақырған. Оған әр рудан адамдар қосылып отырған, олар Сағыз бойындағы Аққұм деп аталатын жерге ту тіккен.

1794 ж. Ералы хан қайтыс болып, 1795 ж. Кіші жүз хандығына Нұралының ұлы Есім сұлтан бекітіледі. Оның жанынан ел басқаруға қолайлы болу үшін сұлтандар мен билерден тұратын Хан кеңесі құрылады. Есімді Сырым бастаған дала билері жек көретін, оны 1797 ж. хан ауылын шапқан көтерілісшілер өлтіреді. Хан өлімінен соң, сәл үзілістен кейін өлке басшылығына қайта келген барон Игельстром жаңа хан сайламай, Кіші жүзді басқаруды Хан кеңесіне тапсыруды жөн көреді. Кеңестің тұрақты шақырылатын жері болып Бала Қобда өзенінің бойы белгіленеді. Кеңес жұмысына Сырым да белсене араласқан. Осы кездерден бастап көтеріліс те тоқтайды. Сырымның өзі 1802 ж. Хиуа жерінде белгісіз жағдайда қаза болады. Халық арасындағы әңгімелер мен кей деректерге қарағанда, оның өліміне Нұралы ханның қалмақ күңінен туған ұлы Қаратай сұлтан тікелей қатысты болған.

14 жылға созылған бұл азаттық күрес Отан тарихында аса маңызды оқиғалардың бірі болып табылды. Күрес Ресей патшалығының араласуымен Кіші жүздегі хан билігінің әлсіздігін анық көрсетті, ел басқару ісіне бірқатар әкімшілік өзгерістер әкелді.

11. Темірбек Жүргенов

Арпалыс пен әлеуметтік қақтығыстарға толы ХХ ғасырдың алғашқы ширегінде жоғары білім алған санаулы қазақтардың көрнекті өкілі Т.Жүргенов – түрлі халықтар мен өңірлерге тән тарихи-мәдени үдерістердің тәлімін тереңінен толғаған, оң тәжірибесін кәдеге жаратуға олжа салған қайраткер әрі ой иесі.

Ол Қорқыт Ата мен Фирдоуси заманының тұлғалары тағдырын, аңыз-әңгімелерінің көркемдік-идеялық болмысын ғылыми талдай алды, жаңа дәуірдегі Ресей, АҚШ, Ұлыбритания білімі мен ғылымы тарихындағы  ерекшеліктер мен қиыншылықтарды алға тарта отырып, Қазақстанның, орта азиялық республикалардың интеллектуалдық серпілісін толымды нәтижелермен көмкеруді армандады. «Америка мәдениетті мемлекет болып есептеледі, – деп жазған екен «Темір нарком» 1935 жылы, – Соның өзінде соңғы 60 жылдың ішінде халықтың сауаты он бес-ақ процент артқан. Ал бізде айналдырған 15 жылдың ішінде 59% көтеріліп отыр».

ХV ғасыр ақыны Асан Қайғы, ХІХ ғасыр дүлдүлі А.С.Пушкин, ХХ ғасыр Гомері – Жамбыл шығармашылығы оған мейлінше таныс болғаны «К задачам нового педвуза КССР коренизировать мировую культуру», «Орыс халқының ұлы жазушысы және қазақ халқы», «Қазақстандағы мәдениет революция­сы», «Шахнаме», «Мектептің түрі, тілі туралы (айтыс ретінде)», «О пьесе «Хан Кене» и ее критиках», т.б. кітаптары мен мақалаларында айқын көрініс тапты.

Тарих пен мәдениетке көзқарасы материалистік ұстаныммен, таптық, партиялық идеологиямен суғарылғаны рас. Бірақ бұл тұғырнама туған халқын, елін, жерін шексіз сүюге, қалтқысыз қызмет етуіне еш бөгесін туғызған жоқ. Кеңестік тоталитаризммен тілдесе жүріп, Қазақстанның мемлекет ретінде нығайып ілгерілеуіне үлес қосқан, халқымыздың интеллектуалдық, адами капиталын байытқан, сонысымен тәуелсіздігіміздің отын өшірмей, алғышарттарын қалыптастырған тұлға ретінде айрықша құрметке лайық. Мемлекетшілдігі, елшілдігі, халықшылдығымен Т.Жүргенов ХХ ғасыр басындағы ұлт зиялыларының қандай ғана болмасын шоғырына еркін кіре алады. Тап осы қасиеттеріне қарап, алашшыл Ахаң мен Жахаң жақсы еді, большевик Темірбек, Тұрар, Сәкен жаман еді деуге еш негіз жоқ.  Біз алашшыл зиялыларды радикалды зиялыларға жөн-жосықсыз қарсы қоя берсек, ғылыми танымдағы «солшылдықтың» балалық дертіне шалдығуымыз оп-оңай.

Бұлардың тарихи-мәдени көзқарас­тарында ортақ пайым-тұжырымдар аз емес. Мәселен, Т.Жүргенов қазақ тарихының айтулы уақиғалары қата­рына ұлт-азаттық көтерілістерді жат­қызды. Исатай-Махамбет, Кенесары көтерілістерін, 1916 жыл оқиғаларын зерделегенде патшалық езгіні, қазақтың ауыр халін, жер мәселесінің асқынғанын алдымен ауызға алды. Түпкі мақсат азаттыққа ұмтылыста жатқанын баса көрсетеді. «… Восстание 1916 года, – деп дәйектейді Т.Жүргенов, – прежде всего как общенациональное движение, было направлено главным образом на отделение от угнетающей национальности метрополии, это было своего рода выражением тоски казахского народа о независимости аула». Рас, хандардың, сұлтан-билердің ұлттық тарихтағы миссиясын тым сынап жіберетіні бар. «Қанды шелек төрелер бас мансаптары үшін өзді-өзі ыңғай араздасумен» жүрген себепті қазақтар Қоқан, Бұқар, Хиуа хандықтарын сағалауға мәжбүр болды деген көзқарасты ұстанды.

Ұлы даланы отарлауда белсенділік танытқан Ресей патшалары мен жоғары лауазымды шенеуніктерін қадау-қадау атағаны әсте кездейсоқтық емес. ІІ Екатеринаны, Горчаков пен Обручевті, Перовскийді, Черняевті ұлттық тарихтың зорлықшылары ретінде айыптаған. Қазіргі Қазақстан тарихнамасы да осы ұстанымды қуат­тайды. Ресей отарлаушылары құрған жергілікті басқару аппаратындағы қазақ шенеуніктерін, әсіресе, тілмаш­тарды жемқор, парақор санатына жатқызды. «Переводчиктің қиялы» өлеңінде жаңа әлеуметтік қауымды былайша суреттейді:

Бұрынғы ханзада, би, төре

Келмес енді маған тең.

Қулық-сұмдық, ұрлықты –

Бұл үшеуін асырып

Өтетұғын көкеңнен

Өзі де болар азды-кем.

Т.Жүргенов Қазақстанның социа­листік болашағына қалтқысыз сенді. 1917 жылғы пролетариат революция­сынан кейін өркениет жолымен өрлей беретінінің кепілдігіне Қазақ автономиясының, кейінде Қазақ КСР-нің құрылуын, аумақ пен шека­раның анықталуын, әлеуметтік-эконо­микалық жаңғыруды, әсіресе, білім, ғылым, мәдениеттің іргелі та­быс­тарын жатқызды. Мәдениет пен білімсіз социализм ісі алға баспайтынына күмән-күдік келтірген жоқ. Өлкенің табиғи байлықтарын ашатын ғалымдар, халықтың денсау­лығын сақтайтын дәрігерлер, артта қалушылықты жоя­тын мамандар қажет екенін айтудан жалықпады. Ташкенттегі қазақ педагогикалық жоғары оқу орнының ректоры қызме­тінде отырған 1927 жылы: «Разработка научной терминологии, развитие, обогащение языка и литературы, осуществление надлежащего руководства и управления сложным организмом государственной машины, коренизация аппарата – вся эта группа государственных мероприятий окончательно может быть завершена при наличии Казахского вуза» деген жолдарды жазса, 1937 жылы жарық көрген соңғы мақалаларының бірінде мәдени революцияның түпкі мақсаты жаңа адамды қалыптастыруға тірелетінін дәйектеген.

Т.Жүргеновтің тарихи-мәдени көзқарасын әр затты өз атымен атау, кемшілікке төзбеу ерекшелендіреді. Сауатсыздықты жоюдан тартып мәде­ниетке қатысты мемлекеттік саясатқа дейінгі теория мен практикадағы олқылықтарға бағасын беріп отырды. Өзі оқу-ағарту наркомы бола тұра, «Қазақстанқұрылғалықазір 15 жыл болды, осыған қарамастанәлі күнге дейін 10 жылдық жалғыз да қазақ мектебі жоқ», «жоғары оқу орындарына әзірлігі жоқ, оқуға жарамсыз оқушылар жиылғандықтан іс маңызын кетірді: оқуға кіруші қанша болса, оқуын бітірмей шығып кетуші де сонша болды.  Оқу орындарын оқушылардың біреуі кіріп, біреуі шығып жататын базарға ай­налдырды. Соңғы жылдары жоғары оқу орнын бітіргендердің бір қатар­ларының шала сауатты болып шы­ғуына да осы себеп болды» деп, ащы ақиқаттың бетін ашуы – бүгінде екі министрдің бірінің қолынан келе бермейтін батылдық.

Тарих пен мәдениеттегі тілдің ма­ңызды орнын қапысыз білген Т.Жүр­генов – қазақ тілінің нағыз жанашыры биігіне көтерілген тұлға. Ол әлемдік білім, ғылым, әдебиет табыстарын қазақша сөйлетуді армандады, рухани-мәдени ықпалдастықтың игі нәтижелерін халыққа жеткізуге қызмет етті. Халықаралық терминдерді тұтынуда қазақ тілінің байлығы мен тазалығын сақтау естен шықпауын қадағалады, әлем мәдениетіне етене араласу міндетін шешкенде терминдерді жойдасыз қазақшалау өзін ақтай бер­мейтінін ескертті. «Жер үстіндегі жұрттың барлығында бір сөзбен айтылып жүрген түсініктерді қазақшаға аударып, қазақ сөзімен айтқаннан ол жаңа сөз әлгі түсінікті бере алмады, қайта халықты шатастырып, жазба сөздің барлығын түсінбейтін қылды, өйткені, «жаңа» деп тапқан сөз … ескіден келе жатқан өз түсінігінен ажырай алмады» деген екен.

Жақында Ұлытау төрінде берген сұхбатында Елбасымыз Н.Назарбаев «пианино», «пиано» терминін «күйсандық» деп ауда­рудың орашолақтығын сынаған еді. Т.Жүргенов те «хирургияны» – «сылу», «соперничествоны» – «күндестік» деп алғанға келіс­пейтінін білдірді. «Әрине, – деп жазыпты ол, – мұны күндестік деуге болмайды, өйткені, қазақ тілінде бұл сөздің арнаулы айтылатын жері бар, ол – бұрын біреудің екі қатынының арасында болатын, байға таласқаннан туатын оқиғаның түсінігі. Екі мемлекеттің арасының әңгімесін, әрине, бір кісінің көп қатынының халімен түсіндіруге болмайды».

Ұлттық мәдениетті өркендету мен ғылыми-танымдық зерделеуге қосқан Т.Жүргенов үлесін замандас­тары жоғары бағалады. Ғ.Мүсірепов оның табандылығы мен іскерлігін, Қ.Жандарбеков қазақ өнері мен әдебиеті бойынша білімдарлығын, Қ.Байсейітов ең зәру, ең жедел қажет мәселелерді қолма-қол шеше алатын басшылығын естеліктерінде жазған. Композитор А.Затаевич Сырдария өлеңдерін өте көп білетін интеллигент, байсалды Т.Жүргенов Хиуадағы қоңырат руының өлеңдерінен ерекше бағалы хабар бергенін, алайда, туған Отанының ескі өлеңдерінен көп білетін, өзінен көп нәрсе алуға болатын осы адамды, қанша тырысқанына қарамастан, пайдалана алмағанына өкініш білдірген еді. Бұл пікірлер тұл­ғаның сөзі мен ісіндегі бірлікті, дүниетанымы мен қызметіндегі тұтас­тықты айғақтап тұр.

Жаңылмайтын жақ, сүрінбейтін тұяқ жоқ. Қазақстанның қоғамдық-гуманитарлық ғылымдары енді қалып­тасып жатқан, әдебиет пен өнердегі идеялық-көркемдік үдерістер бір арнаға түспеген өтпелі кезеңде Т.Жүргеновтің тарих пен мәдениетке көзқарасында теориялық- методологиялық жаңсақ­тық орын алғанын біреу білсе, біреу білмейді. Мәселен, қазақтың 5 ғасыр­лық тарихы ғана қағазға түсті, ар жағы ауызша тарих, фольклор түрінде сақталған деп есептеді. Сақтар, ғұндар, байырғы түркілер жайынан бір ауыз сөз қоз­ғамайды. Әр халықта екі мәдениет – қанаушылар және қаналушылар мәдениеті бар деген лениндік-сталиндік тезисті ұлттық тарих пен руханият мысалында дәйектеуге тырысты. Алаш қозғалысының қайраткерлеріне берген бағасы да сын көтермейді. Қазақ­станнан басқа жердегі қазақтың мәдениеті жоқ дегенге саятын пікірімен келісу қиын. «Бұхар мен Хорезмнің екеуінде де, Жүргеновтің пікірінше, қазақ әдебиеті дегеннің иісі жоқ». Есесіне орыс әдебиеті мен мәдениетінің қазақ әлеміне ықпалын асыра бағалады.

Тұтастай алғанда, Т.Жүргеновтің тарихи-мәдени ұстанымдарына релизм тән. Оның қаламынан туған шығармалары халқымыздың интеллек­туалдық есею жылдарын бейнелейді, ақпараттық-деректік мол әлеуетке ие. «Темір нарком» тарихшыларға әділ талап қоя білді. Шындықпен жазылмаған тарих кітаптарын пайдаланудан шы­ға­руды, кері кеткен көнені бояп, жаңар­тып бергісі кеп жүргендерге жол бер­меуді аманаттады. «Осы күнге дейін, – деді ол, – бізде тарих кітабы жоқ … Бізге Қазақстанда болған революция тарихы, қазақ халқының бұрынғы тарихы, ұлт-азаттық қозғалыстарының тарихы керек».

Содан бері 80 жылдай уақыт өтіпті. Отандық тарих ғылымы іргелі табыстарға жетті. Дегенмен, тарихқа деген сұраныс пен ықылас артпаса, кеміген жоқ, яғни, Т.Жүргенов аманаты бәріміздің мойнымызда