Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
07-06-2014_10-48-31 / ктап __дебиет __дстеме.docx
Скачиваний:
991
Добавлен:
16.02.2016
Размер:
1.59 Mб
Скачать

Ертегілерді оқыту

  1. Ертегілерді оқытуда басты мәселелер

  2. Ертегілердің жанрлық ерекшелігін таныту

  3. Ертегі мәтінін мазмұндату жұмыстары

  4. Ертегіге әдеби талдау жүргізу

Оқулықтарда ертегілердің қара сөзбен жазылған түрлерімен қатар, өлеңмен жазылған түрлері де берілген.

Ертегілер 5-9-сыныптарда оқытылады. Қай жанрда жазылған ертегі болсын, балалар оны ерекше қызығушылықпен оқиды. Балаларды тартатын – оның қиял-ғажайып оқиғалары, бас кейіпкерлердің басынан кешетін небір қызықты істері, батырлығы, жүректілігі сияқты қасиеттері. Оқиға қызығымен кететін балаларға ертегі арқылы қандай білім беруге болады, икем-дағдысына қандай талаптар қою керек? Міне, бұл мәселелер әр мұғалімді толғантуы, ойландыруы тиіс. Ертегілерді оқытуда ең басты мына мәселелерге көңіл бөлу керек.

- Ертегілердің жанрлық ерекшелігін таныту. Яғни әдеби-теориялық ұғымдар беру;

- Сюжет пен композициядағы жымдастық, тұтастық, өзіндік ерекшеліктерді білдіру;

- Тіл құрылысы ұйқаспен, тақпақпен келуі, баяндау, суреттеу, портреттеу шеберлігі, бейнелі сөздердің мол келуі, оқиғалардың қызықтығы, жатықтығы. Ертегінің бай тілі – халқымыздың ғасырдан-ғасырға келе жатқан байырғы, тарихи тілі екендігі.

- Ертегі негізінде халқымыздың асыл арманы, ұшқыр қиялы, гуманизмі, адамдық биік мінез-құлқының, тыныс-тіршілігінің айнымай көрінуі. Қай ертегі болмасын, халық арманына, тілегіне сай, тек жақсылықпен, бақытқа жетумен аяқталады.

Ертегілерді оқытуда қандай әдіс-тәсілдер, оқу формалары, сабақ типтері тиімді саналады?

«Ең алдымен, оқушыларға ертегіні оқыту, мазмұнын толық меңгерту мәселесін ойластыру керек. Мазмұнын меңгерте отырып, оның негізіндегі идея, айтайын деген терең ой туралы сөз қозғау. Мазмұнын меңгертуде мәнерлеп оқу, әңгімелеу, баяндау, мазмұны тұтас сақталынған толық жоспар, ең басты оқиғаларға негізделген тұжырымды жоспар, эпизодтарға бөлу, әр эпизодқа ат қою, сұрақтар, тапсырмалар жүйесін ойластыру, оқушылардың қабілеті, икем-дағдысын арттыруға байланысты жұмыс түрлерін жүргізу, соның ішінде өтілгелі отырған ертегіге сәйкес ертегілер құрастыруға баулу. Пікір айта білу, өз беттерімен талдауға дағдыландыру, мәтінге жуық мазмұндату, басты оқиғаларды ғана қамтып, мазмұндату мәселелерін ойластыру. Ертегілерді оқыту жолдарын «Керқұла атты Кендебай» ертегісі (5-сынып) арқылы қарастырайық.

Ертегі мазмұнын толық меңгерту, мәтінді оқыту мақсатында, әрі мұның оқушылар оқығалы отырған тұңғыш көлемді ертегі екенін ескеріп, мұғалім оны эпизодтарға бөліп, көрнекі етіп жазып қояды. Оқу, талдау барысында сол бөліктерге оқушыларға ат қойғызады. Ертегіні мына эпизодтарға бөлуге болады:

І. Кендебайдың тууы және Керқұла құлын тарихы.

ІІ. Мергенбай батырдың баласы, оның басынан өткен жайлар.

ІІІ. Кендебайдың Мергенбайды іздеп, сапарға аттануы, Керқұланың көмегі.

ІҮ. Кендебайдың малшы болуы.

Ү. Алтын құйрықты құлын тарихы. Оны Кендебайдың тауып, хан қолына табыс етуі.

ҮІ. Ханның жаңа шарты, Кендебайдың оны да орындауы.

ҮІІ. Ата-анасына қосылып, баланың бақытқа жетуі. Кендебай батырдың елі.

Ертегіні оқу барысында мұғалім: «Балалар, қазір мына эпизодты оқимыз, онда қандай оқиғалар болады екен, кәне, тыңдап отырайық», - деп, олардың назарын үнемі негізгі эпизодтарға аударып отыру керек. Эпизодты оқып болған соң, сұрақтар арқылы қолма-қол мазмұндатудың маңызы зор болмақ.

Сұрақтар мен тапсырмалар:

Мысалы, 1-эпизодқа

1. Ертегі қандай сөздермен басталды?

2. Қазанқап кедейдің іс-әрекеті, кәсібі туралы не айтылған?

3. Кендебай дүниеге қалай келді? Оның сипатын, мергендігін айтып бер.

4. Кендебай Керқұла құлынға қалай ие болды? Құлын қалай өсті?

Мазмұндап болған соң, эпизодқа тақырып қою жұмысын жүргізу керек. Онда да балалардың өз пікіріне жол ашқан жөн. Балалармен бірге бұл көріністерге, «Кендебай және Керқұла құлын тарихы» деген тақырып қорға болады. Мұғалім эпизодқа тақырып қоюдың негізгі шарттарын балаларға түсіндіреді, яғни тақырып сол эпизодтың ең басты, негізгі оқиғасы айналасында қойылатынын ескертеді.

Ертегі мәтінін оқу да бірнеше әдіс-тәсілмен жүргізіледі. Мұғалім өзі мәнерлеп оқып, балаларды да қатыстырып отыруы керек. Бүкіл сынып болып, кезектесе оқуға немесе жекелеген балаларға оқытуға да болады. Соңғысында балалар мәтінді үнемі іштей ілесе оқып отырады, мәнерлеп оқуға дағдыланады, мұғаліммен бірге бәрі де мәтінмен жұмыла жұмыс істейді. Сондай-ақ эпизод бойынша кезектесе оқудың да тиімділігі бар (тақтадағы көрнекілікті негізге алып). Ертегі мазмұнын меңгерту кезеңінде қызықты эпизодтарынан инсценировака көрсетуге болады (үйірме мүшелерінің көмегі, жоғары сыныптың қабілетті оқушыларымен). Онда кездесетін архаизм сөздерге түсінік беріп, сөздік жұмысын жүргізу – басты тәсілдерінің бірі.

Содан кейін ертегі мәтінін мазмұндату жұмыстары басталады. Мазмұндату да бірнеше әдіс-тәсілдермен жүргізіледі. Мысалы:

а) мәтінге жуық толық мазмұндату;

ә) эпизодтарға байланысты басты оқиғаларын теріп мазмұндау;

б) өздеріне ұнаған оқиғаларды ғана мазмұндау;

в) мұғалім сұрағына жауап-мазмұндау.

Мазмұнын толық меңгерткеннен кейін, ертегіге әдеби талдау жүргізіледі. Әдеби талдауды түсіндірмелі әдіс, проблемалық баяндау, сұрақ-жауап, практикалық тапсырмалар (проблемалық сипаттардағы сұрақ, тапсырмалар берудің тиімділігі зор), әңгімелесу, пікірлесу, т.б. әдіс-тәсілдер арқылы оқушылардың өзін қатыстыра отырып, жүргізген дұрыс. Әдеби талдауды түсіндірмелі әдіс, проблемалық баяндау, сұрақ-жауап, практикалық тапсырмалар (проблемалық сипаттардағы сұрақ, тапсырмалар берудің тиімділігі зор), әңгімелесу, пікірлесу, т.б. әдіс-тәсілдер арқылы оқушылардың өзін қатыстыра отырып, жүргізілген дұрыс.

Әдеби талдауды төмендегі үлгіден көуге болады.

Мұғалім баяндауының үлгі жоспары. Әдіс-тәсілдер.

Жоспар

Әдіс-тәсілдер

-Ертегі – ауыз әдебиетінің бір саласы. Өзіндік ерекшеліктері

- «Керқұла атты Кендебай» ертегісі, оның қиял-ғажайып сипаттары

-Ертегі негізінде жатқан басты мәселелер

-Басты кейіпкерлер. Кендебай бейнесі. Кендебайға мінездеме.

- Жетім бала

- Хандарға мінездеме

- Керқұла ат туралы

- Ертегінің көркем тілі, халықтың тілі, құрылысы, маңызы

Әңгімелеу, баяндау

Баяндау, сұрақ-жауап, оқулық пен жұмыс (кейбір қиял-ғажайып оқиғаларды талаға тапқызу)

Сұрақ-жауап, баяндау, әңгімелесу

Сұрақ-жауап, иллюстрациялар. Оқулықпен жұмыс. Мұғалім баяндауы

Оқушының ауызша суреттеуі

Сұрақ-жауап. Әңгімелесу.

Сұрақ-жауап, баяндау, әңгімелесу. Салыстырмалы мінездеме

Оқулықпен жұмыс, оқушы әңгімесі

Практикалық жұмыс, баяндау, сұрақ-жауап

Оқушыларға қойылатын сұрақтар проблемалық сипатта (іздендіру әдісінің элементтері бар) болуы керек, себебі ол оқушылардың ойлау белсенділіктерін арттырады, білімді өз ынталарымен алуға жағдай жасайды.

Сұрақтар мен тапсырмалар:

(сыныпта, үй тапсырмасында қолданылады).

1. «Керқұла атты Кендебай» ертегісі неге қиял-ғажайып ертегісіне жатады?

2. Ертегі арқылы халық нені айтпақ болған?

3. Халық арманын қай жерден көруге болады?

4. Өзіңе Кендебай ұнай ма? Әсіресе, қандай мінездері, іс-әрекеттері ұнайды?

5. Кендебай арқылы халық нені армандаған, соны айтуға тырыс.

6. Қалай ойлайсың, Керқұла ат болмаса, Кендебай Мерген батырды құтқара алар ма еді?

7. Керқұла ат арқылы халық не айтпақшы болған?

8. Екі ханға салыстырмалы мінездеме бер. Өзіңше қайсысы өте ұнамсыз, әділетсіз?

9. Жетім баланың ертегідегі орны туралы әңгімеле. Қалай ойлайсың, егер ол бала Кендебайға кезікпесе, ертегі дәл қазіргідей қызықты болар ма еді?

10. Ертегіні өзің ары қарай қалай жалғар едің?

11. Кендебайға ұқсағыларың келе ме? Келсе, әсіресе, қай қасиетіне ұқсағың келеді?

12. Ертегіден ұйқасты сөз тіркестерін тап. Өзіңе ұнаған жақсы сөз болса, дәптеріне жазып ал.

5-сынып оқулығында бірнеше ертегі беріледі. Оларды оқып, талдап болған соң, қорытынды сабақ ретінде салыстыру жұмыстарын жүргізудің маңызы зор. Мұндай жұмыс оқушылардың ертегілерді жанрлық жағынан бір-бірінен ажырата білулерін, ортақ, ұқсас мәселелерін, үндестіктерін, өзіндік ерекшеліктерді тереңірек түсінуге көмегін тигізеді. Мұндай сабақты «Ертегіде қонақта» (сабақ үлгісін композициялық сабақ ретінде алуға болады) немесе «Ертегі кейіпкерлері сыр шертеді» деген тақырыптарымен өткізуге болады. Бірнеше ертегіден шағын көріністер көрсету (оқушылар өзі дайындайды), ертегіні ертекшіге бастату (оның рөлінде де оқушылар болады), ертегілер бойынша суреттер салғызып, (қабілеттеріне қарай), сабақта оны пайдалану балалардың әдебиетті сүю, халық туындыларына деген құрметін, қызығушылығын арттырады.

Халық ертегілерімен қоса, оқулықта әдеби ертегілерге де орын берілген. Әдеби ертегілерді оқытқанда, мына мәселелерге көңіл бөлу керек:

- Әдеби ертегінің халық ертегісінен басты-басты айырмашылығы (авторының бар екені, кейде халық арасына тараған аңызға құрылатыны);

- Ұқсастық, үндестік жақтары;

- Көтеретін негізгі мәселелері;

- Көркем поэтикалық тілі;

- Ертегінің маңызы, тәрбиелік мәні.

5-сыныпта ақын Ә. Тәжібаевтың «Толағай» ертегісі берілген. Ертегінің оқиғасы қызықты, оқуға жеңіл жазылған. Сол себептен де балаларға бағыт бере отырып, оны үйден оқуға тапсыруға болады. Балаларға ұсынылатын үлестірме-нұсқау көмектер:

І бөлім

- Ертегінің ел ауызындағы аңызға жазылуы.

- Ертіс жағасындағы жұбайлар. Саржан мен Айсұлу. Ұл туу.

- Жас бөбек Толағай. Оның сипаттары.

Жеті жасқа дейінгі өсуі, алыптар қатарына жетуі.

- Толағай аңда.

- Жем іздеген жолбарыс.

- Жолбарыстың Саржандарға тап болуы.

- Саржанның Толағайды көмекке шақыруы.

- Толағайдың жолбарыспен шайқасы, оны жеңуі

І-шумақты қара: «Бір әңгіме есімде бар»...

ІІ-ІҮ шумақтар

Ү-ҮІ-ҮІІ-ҮІІІ шумақтарды оқы

ІХ-Х-ХІ шумақтар

ХІІІ шумақ

ХІІІ-ХІҮ шумақтар

ХҮ-ХҮІ-ХҮІІ шумақтар

ХҮІІІ-ХІХ-ХХ шумақтар

ІІ бөлім

- Ел басына түскен қайғы.

- Толағайдың да қайғыруы. Шешесімен сырласуы.

- Сапарға аттануы (Тарбағатайға).

- Бір шатқалды көтеріп, елге бет бұруы.

- Қиналу, сонда да тоқталмай, елге жетуі.

- Жаңбыр жауып, халықтың қуанышқа кенелуі.

- Сүрініп кету. Толағайдың мерт болуы.

- Халық қайғысы, күңірену.

- Толағайдың тауға, аңызға айналуы, халықтың ардақтауы

І-ІІшумақтар

ІІІ-ІҮ-Ү шумақтар

ҮІ- шумақ

ҮІІ шумақ

ҮІІІ шумақ

ҮІІІ шумақ

ІХ- шумақ

Х шумақ

ХІ-ХІІ шумақтар

Ертегі мазмұнына байланысты сыныпта қойылатын сұрақтар:

1. Оқиға шамамен қашан, қай жерде болған?

2. Толағай дүниеге қалай келді?

3. Толағайдың өсіп-жетілуі, алып болып өсіп келе жатқаны қалай суреттелінген?

4. Толағайдың алғашқы ерлігі туралы не айтасың?

5. Жолбарыспен шайқасын толық мазмұндап бер. Ол неге жолбарысты «мысық» дейді?

6. Толағай алыстағы Тарбағатай тауына не себепті аттанды? Анасынан не сұрап білді?

7. Толағай қалай қаза тапты? Не үшін қаза тапты?

Ертегіні балалардың қалай түсінгенін осындай сұрақтармен анықтап, толықтырылып, керекті жерінде мұғалім мәтінді пайдалана отырып, түсіндіріп, кейбір сұрақ-тапсырмаларды практикалық жұмыс арқылы, яғни оқулықпен жұмыс істей отырып орындап, ары қарай әдеби талдау жасауға көшу керек, онда да оқушыларды үнемі қатыстырып, ең алдымен оларды тыңдап отырудың тиімділігі бар.

Әдеби талдау сұрақтары (оқушылардың ойлау белсенділігін арттыру, іздендіру мақсатындағы):

1. Қалай ойлайсыңдар, Әбділдә аталарын осы ертегі арқылы не айтпақшы болған? Ертегі негізінде қандай ой жатыр?

2. Толағайға мінездеме бер. Толағай бейнесін жасауда ақын қандай бейнелі сөздер, көркем тіл пайдаланған?

3. Толағайдың Кендебайға ұқсастығы бар ма? Қайсысы өзіңе көбірек ұнайды? Ұнау себебін түсіндір.

4. Халық басына түскен ауыртпалық қайғы не себепті Толағайды да ойға түсіреді?

5. Қалай ойлайсыңдар, ертегінің қай оқиғасы, не Толғанайдың қай іс-әрекеттері шындыққа сәйкес?

6. Ақынның Толағайға деген сезімі, көңілі туралы не айтар едіңдер?

7. Қалай ойлайсың, ақын Толағай тағдырын дұрыс шешкен бе? Өзің осы ертегіні қалай аяқтар едің?

Ертегі құрылысы, тілі, көркемдік ерекшелігі көбіне практикалық жұмыстар, яғни оқулықпен жұмыс арқылы ашылады.

Осы ертегіге қатысты мынадай практикалық жұмыстар орындатуға болады:

1. Толағай және оның анасы Айсұлу портреттерінің жасалу жолдары.

Ертегіден таып оқу, теріп жазу (анасын сипаттайтын сөздері).

Бұл жұмыстың басты мақсаты: балаларда теңеу, эпитет туралы алғашқы ұғым қалыптастыру.

2. Толағай пішіні, өсіп, ер жетуі, батырлығы, алыптығын көрсетудегі ақын шеберлігі, көркем тәсілі.

Мақсат: Әсірелеу (гипербола), көтере мадақтау туралы түсінік беру.

3. Жолбарыс пен Толағай арасындағы айқастан бейнелі сөздер, айшықты сөз тіркестерін таптыру, олардың Толағай бейнесін жасаудағы рөлін анықтату.

4. Ертегідегі ойды көркемдеп беретін басқа да сөз тіркестерін тауып, олардың маңызымен атқарып тұрған орнына түсінік беру. Мысалы, «Түн қап-қара шашын жайды», т.б.

Сондай-ақ әдеби ертегі мен халық ауыз әдебиетіндегі ертегілерді салыстыру жұмыстары да нәтижелі болмақ.

- «Керқұла атты Кендебай», «Қырық өтірік» ертегілерін еске түсіріңдер. «Толағай» ертегісінен айырмашылығын сараптаңдар (мысалы, басталуы, аяқталуы, қиял-ғажайып оқиғалары).

- Толағай мен Тазшаны, Кендебайды салыстыру.

Сұрақтар мен тапсырмалар:

1. Қайсылары шындыққа жақын бейнелер?

2. Қайсысы туған елін сүйетін, халқы үшін опат болуға даяр патриот ұл?

3. Үшеуінің ортақ қасиеттері туралы айт.

Ертегілерді оқытудағы ең басты мақсаттың бірі – балалардың өзін қанаттандырып, қиял әлеміне, арман биігіне жетелеп, жақсылыққа,ізгілікке сендіріп, батырлыққа, ерлікке елтіп, халық туындыларына деген қызығушылығын арттыру болып табылады.

Қай ертегіні оқытса да, мұғалім өзінің осы ең басты мақсатын бір сәт те есінен шығармауы керек.