Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
07-06-2014_10-48-31 / Адебиет окыт адистеме .docx
Скачиваний:
263
Добавлен:
16.02.2016
Размер:
163.48 Кб
Скачать
  1. “ Айтматов және Әуезов ” атты шығарма – эссе жазу. Қосымша материалдармен жұмыс істеу дағдыларын жетілдіру.

  2. “ Менің сүйікті кейіпкерім ” тақырыбында пікірлесу өткізіп, көркем туындыларға терең талдау жасай білу дағдыларын дамыту.

  3. “ Менің ақ кемем ” тақырыбына шығарма – толғау жазу, шығарманың түр – түріне баулу.

  4. “ Адамзаттың Айтматовы ” атты кеш, конференция өткізу.

  5. Негізгі әдебиеттер

  6. 1. Қоңыратбаев Ә. Әдебиетті оқыту методикасының очерктері. – Алматы, 1962.

  7. 2.Көшімбаев А. Қазақ әдебиетін оқыту методикасы. – Алматы, 1969.

  8. 3.Ақшолақов Т. Көркем шығармаға талдау жасау. – Алматы, 1983.

  9. 4.Бітібаева Қ. Әдебиетті оқыту әдістемесі мен технологиясы. – Алматы, 2003.

  10. 5.Мәшһүр Жүсіп Қуандық. Мектепте қазақ әдебиетін оқыту. – Павлодар, 2003.

  11. Қосымша әдебиеттер

  12. 1.Рез З.Я. Методика преподавания литературы. – Москва, 1985.

  13. 2.Мырзағалиев Қ. Әдебиет сабағында әдеби – теориялық ұғымдарды оқыту. – Алматы, 1973.

  14. 3.Тасболатов Қ. Әдебиет сабағында оқушылардың танымдық белсенділіг арттыру жолдары. – Адматы, 1974.

  15. 4.Голубков В.В. Методика преподавания литературы. – Москва, 1969.

  16. 5.Жөркенов М. Әдебиет пәнін өмірмен байланыстыра оқыту. – Алматы, 1984.

  17. 6.Тілешова С. Әдебиет сабағында оқушылардың сөйлеу дағдыларын қалыптастыру. – Алматы, 1978.

  18. 8-Дәріс

  19. Әдебиет сабағында оқушыларды тіл шеберлігіне баулу

  20. Әдебиет пәнінің жас ұрпақты уақыт талабына сай тәрбиелеу ісіне қосар үлесі үлкен. Өйткені мектеп оқушысы осы пәннің талабын орындау үшін алуан түрлі жанрдағы көркем шығарма оқиды. Ол туындылар оқушының жақсы мен жаманның ара жігін ажырата білуіне, адамгершілік сезімінің ұшталып, имандылық қасиеттерінің оянуына септігін тигізеді.

  21. Сонымен, әдебиетті оқытудың басты мақсаты – оқушыларды сөз өнерінің қыр – сырымен таныстыру, халық даналығы, халық өсиеттерінен нәр алғызу, кітапқа деген ынтасын ояту, халықтың рухани байлығы - әдебиетін жан – жақты игерту, сол арқылы имандылыққа, инабаттылыққа, парасаттылықққа, сұлулыққа, әдемі мәдениетті сөйлеуге тәрбиелеу.

  22. Тіл мәдениетінің жасаудың өзі сөйлеу және жазу тілі болып екіге бөлінеді. Бұлар бірін – бірі толықтырады, бір – бірімен тығыз байланысты. Бірақ, бұлардың қызметі, табиғаты бірдей емес. Сөйлеу тілі тыңдаушыға арналса, жазу тілі оқушыға арналады. Бұлардың өзіндік мәнін, мақсатын білу қажет. Мысалы, тыңдаушыға арналған сөйлеу тілінде ой – сезім толқыны, интонация, пауза, дене қимылы, дауыс қарқыны, жанды сөйлеу тілі формасында, құлаққа әсерлі түрде, ойды бірден сөз, сөйлемге құрып, төгіп айту элементі басым болады. Ол – көп ойланып жатпайтын жанды сөз. Бірақ, соның өзінде де үлкен тапқырлық, шеберлік, ойдың дәлдігі, жүйелілігі, сөйлемнің дұрыс құрылуы, зор лексика байлығы керек. Жазу тілінің табиғаты одан біраз басқалау. Бұл – ойды тіркескен сөз кестесімен ғана беретін, ойланып – толғанып жазатын, керексіз сөзді, сөйлемді сызып тастап, орнына басқа сөз, сөйлем қолдануға мүмкіндік беретін, көбіне тәжірибеден туатын жазу тілі. Жазу тілі баланың мәтін бойынша үңіле жұмыс істеуіне жол ашады, ойды жүйелеп, дәлелдеп жеткізе айтуға баулиды. Жазу тілі де, сөйлеу тілі де ойға, жоспарға құрылады.

  23. Тіл мәдениеті 5 – 7 сыныптарда әуелі балалардың сөйлеу тілін дамытудан басталады. Сөйлеу тілін дамытудың басты бір шарты – оқу, әдеби тіл нормаларымен танысу, кітаппен жұмыс істеу. Олай болса, баланың әдеби сөйлеу тілін қалыптастырудың басты шарты – жүйелі білім болып табылады. Екінші шарты - әдеби мәтін оқып, талдау үстінде жүргізілетін тілдік жаттығулар. Бұған жататындар ауызша мазмұндау, сұраққа жауап беру, жазушының өмірбаянын айтқызу, шығарманың жоспарын жасау, мінездеме сияқты жұмыстар. Үшінші шарты – бала алдымен әдеби тілде, грамматика заңымен сөйлей отырып, халықтың сөйлеу тілі үлгісімен де жақсы таныс болуға міндетті.

  24. “ Өнер алды – қызыл тіл ”, - дейді халқымыз. Мектепте берілетін бүкіл білім мен тәрбие ең алдымен сөз арқылы сөз арқылы жүзеге асырылады. Сондықтан да оқушылардың тілін дамыту – тек әдебиетші, тілшілер мақсаты ғана емес, ол бүкіл мектептің, барлық пән мұғалімдерінің де баста мақсаты, борышы, барлығына тән бірыңғай талап. Оқушы еңбегін ғылыми түрде ұйымдастырып, осы мәселеге ерекше назар аударып жатқан мектептерде

  25. “ Өнер алды - қызыл тіл ” немесе басқа тақырыптарда жасалған стенділерді кездестіруге болады. Олар, бір жағынан, оқушыларға көмекші – нұсқау қызметін атқарса, екінші жағынан, бүкіл мектеп ұжымының назарын басты арнаға, келелі мәселеге аударады.

  26. Үлгі: “ Өнер алды – қызыл тіл ”.

  27. Кел, жас дос, әдемі де әдепті, сұлу да ойлы сөйлеуге үйренейік.

  28. Әдемі, әдеби сөйлеудің көзді бұлағы – кітап. Олай болса, кітапты жай оқып қоймай, ондағы сөздер, сөйлемдерге назар аудар, есіңе ұста, өзіңнің сөзіңде пайдалан.

  29. Әдемі сөйлеудің келелі, көзді бұлағы халық тілінде:

  30. а) Шешендікке, ақыл – нақылға негізделген даналық сөздерге назар аудар. Ол үшін жыраулар толғаулары, терме – жырлар, ауыз әдебиеті үлгілерін көп оқы.

  31. ә) Мақал – мәтелдерді сөздік қорыңа қосып, оларды ұтымды пайдалануға тырыс.

  32. б) “ Шешендік қоржынын ” жаса. Бұл қоржыныңа осындай сөздерді жинап, жазба жұмыстарыңа пайдалануға тырыс.

  33. “ – Ең әдемі сөз – аз сөз ”, - дейді халық. “ Көп сөз – көмір, аз сөз – алтын ” дегені тағы бар. Мәдениетті, әдемі сөйлеу үшін, көп сөйлеу міндетті емес. Қай жерде болсын, айтарыңды қысқа айтуға тырыс. Сөйлемдерің шұбалаңқы, шашыраңқы болмасын. Мәдениетті сөйлеудің бір жолы – қыстырма сөздерді, жергілікті жерлерде ғана пайдаланатын сөздерді пайдаланбау, “ әй ”, “ өй ”деп, өзіңді, тыңдаушыны да мазалай беру әбестік.

  34. Сөйлеу мәдениеті деген – ең алдымен әдепсіз, көргенсіз сөздерді қолданбау. Осыған абай бол. Екіншіден, айғайлап, дабырлап, екіленіп сөйлеме.

  35. Пікір таластырып тұрсаң да, сабырлы, басыңқы сөйлеуге тырыс. Басқаны толық тыңда, сөзін бөле берме. Өзің де айтарыңды жинақы етіп жеткіз.

  36. Әрине, бұл нұсқауды оқып, балалардың барлығы әдемі сөйлеп кетеді деген ұғым тумаса керек. Тіл дамыту - әдебиетті оқыту әдістемесінің ең бір күрделі де маңызды саласы. Ол жүйелі түрде шығармашылық бағытта жүргізіледі.

  37. Оқу бағдарламасында тіл дамытуға арнайы сағаттар бөлінген, бірақ оны тек сол сағаттарда ғана жүргізу керек деп ұқпау керек. Жоғарыда айтылғандай, тіл дамытуға мұғалім әдебиеттің әр сағаты, сыныптан тыс жұмыстарда үнемі көңіл аударып отырады. Әдебиет сабағындағы тіл дамыту оқытылып жатқан көркем шығарма негізінде, оның көркем тілін жаңғырту негізінде жүзеге асуы керек. Оқушылардың әдебиет сабағында көркем тілін дамыту үшін де басқа пәндермен байланыстырып оқытудың маңызы ерекше.

  38. Тіл мәдениетіне дағдыландыру, көркем, әдеби тілін жетілдіруде қазақ тілі сабағының орны ерекше. Шебер мұғалім тіл дамытуда осы екі сабақты үндестіріп, бір мақсатқа, бір бағытқа жұмсайды. Қазақ тілі сабағында да тіл дамытуға арнайы сағаттар бөлінеді, әрі әдебиетке бөлінген сағаттардан көп. Міне, осы сағаттарды тиімді пайдаланса, мұғалім оқушылардың көркем тілін қалыптастыруда біршама жұмыстар атқарады. Мысалы, 9 сыныпта әдебиет сабағы “ Ауыз әдебиетінен ” басталады. Ал, қазақ тілінде “ Құрмалас сөйлем, оның түрлерін ” оқытады. Құрмаласты оқыту барысында, қайталау жұмысы болсын, тіл дамыту болсын, тіпті бақылау диктант болсын, мұғалім әдебиет сабағымен тығыз байланыстыра алады. Күнделікті үйге тапсырма бергенде, ертегілер, тұрмыс салт жырлары, жыраулар шығармашылығынан, мақал – мәтелдерден құрмаластарды таптыруға, олардың ауыз әдебиетіндегі маңызы туралы іздендіруге болады. Мұғалімнің өзі де мысалдарын шешендік, даналық сөздерден алып, сол сөздердің мәніні жарқырата ашуда құрмалас сөйлемдерді пайдаланады. Ауыз әдебиетіндегі батырлар жыры негізінде жасалған безендіру суреттері бойынша қазақ тілінің тіл дамытуға арналған сабағында не күнделікті сабақтарда ( ауызша, не жазбаша ) шағын шығарма – суреттеме, шығарма – пікір жаздыруға болады.

  39. Шығарма – суреттемелерде мұғалім мақал – мәтел, шешендік сөздерден үлгі – тірек беріп, жұмыстарына пайдалануды ұсынады ( әрине, ол үлгілер суреттерге сәйкес келуі керек ). Мұндай жұмыстарды басқа да тақырыптарда жүргізуге болады.

  1. Сын есімдерді, олардың түрлерін оқыту барысында поэзиялық шығармалардан практикалық жұмыстар жүргізудің тиімділігі зор. “ Ер Тарғын ” жырындағы Ақжүніс бейнесі ( Ақжүністің өзі туралы Қарт Қожаққа айтуы ) бойынша сын есімдердің көптеген түрін таптырып, олардың әдеби – теориялық ұғымда эпитет болатындығын, олардың, сын есімдердің, Ақжүніс сұлулығын көз алдыға келтіріп, портрет жасауда ерекше рөл атқарып тұрғанын дәлелдеу, сөз жоқ, осы екі пәннен балаға білім беріп қана қоймай, көркем тілдерін дамытуға да ықпалын тигізетін жұмыстар.

  1. а) Тарихтағы Исатай мен ақын жырындағы Исатайды салыстыру. Шешілетін мәселе : “ Махамбет жасаған Исатай бейнесіндегі тарихи шындық”.

  2. ә) Исатай бейнесіндегі көркемдегіш, поэтикалық сөздерді тауып, олар өз орнында қолданылып тұрма, Исатай бейнесін ашудағы орны қандай, - осының айналасында әңгіме қозғау.

  3. б) Бейнелеу өнеріндегі Исатайды ( Исатай портреті) тарих, әдебиеттегі Исатаймен салыстыру, өнердің осы екі туындысындағы Исатайдың қайсысы тарихи Исатайға ұқсас?

  4. в) Ауыз әдебиетіндегі батырларды бейнелейтін көркемдегіш сөздер мен Исатай бейнесіндегі образды сөздерді салыстыру.

  5. Міне, осы жұмыстардың барлығын ауызша да, жазбаша да жүргізуге болады. Ең тиімдісі- қатар жүргізіп отыру. Кейде мұғалім баланың ауызша айтқанын ізінше қағазға түсірткізіп отырады.Бұл әдіс тіл дамытудағы ең тиімді тәсілдердің бірі. Сондай-ақ оқушыларға өзің Исатайды қалай сипаттар едің деп те тапсырма беруге болады. “ Исатай бейнесіндегі фольклорлық дәстүр ” туралы да практикалық жұмыс орындатып, Қобыланды, Алпамыс образдарын беретін көркем тілге талдау жасаудың тиімділігі зор.

  6. Сабақ үлгілері мен түрлерінде тіл дамыту, сөйлеу мәдениетіне баулу жолдары.

  7. Сабақты түрлендіріп өткізу тақырып, сынып ерекшелігіне байланысты. Оның үлгілерін іздеу, әсіресе, соңғы кездерде тәжірибеде кеңінен қолдау табуда.

  8. Әсіресе, оқушылардың ауызша тілін, сөйлеу мәдениетін, шеберлігін арттыруда пікірталасы, айтыс сабақтар, баспасөз конференциясы, брифинг, көзқарас сабақтарының маңызы ерекше. Ал жазбаша тіл дамытуда реферат қорғау, конференция, семинар, семинар – сабақ, т.б. сабақтардың орны зор. Мысалы, 8-сыныпта М.Әуезовтың “ Қараш –Қараш оқиғасын” оқып болған соң , қорытынды ретінде “ Билер соты” сабағын өткізуге болады. Сот бас қылмыстылар – Сәлмен мен Жарасбайға жүргізіледі. Ақтаушы, айыптаушылар, куәлер, билер, төбе билер сайланады. Ең бастысы- балалардың сөздік қоры осы ұғымдармен байиды және бүгіндерде қолданудан шығып қалған, бірақ халқымыздың тарихында, тіліміздің тарихында маңызы бар “ төбе би ”, “ билер тартысы” деген сөздермен, оның қызметі, мағынасымен таныстырады. Билердің, айыпталушы, ақталушылардың сөздері мақал- мәтелдерге, термелеп айтылатын сөздерге құрылады( мұғалімнің көмегімен ). Сондай-ақ кімнің сөзі болса да шығармадан алынады, соны негіз етеді.

  9. Мысалы, куә Бақтығұл сөзінен үзінді: “ Қайран, Тектім-ай, алпамсадай арысым едің... Кескен теректей құладың ғой, қу жоқшылық бір құлатты, кегің кетті, қуарғырлар соққысы мен мазағына ұшыратты, дертке шалдықтырса да, керек десе, қатпа лақ құрлы қалжа да бермеді ғой.

  10. Жар деген жалғыз қанатым- Тектімді тепкіңмен өлтірмеп пе едің? Он алты жасымнан отыз алты жасыма дейін жиырма жылдың қысында қар төсеніп, мұз жастанып, жалғыз тыным көрмей, күзетіңде, жылқыңның соңында, қораңның шетінде түндер бойы – інім Тектіғұл өтті. Мынау әйелім Қатира саралаетек күң болып, отыңмен кіріп, күліңмен шықты... ”

  11. Мұндағы оқушыға таныс емес қалжа, саралаетек, күң сияқты сөздер көбіне осы кітаптың өзінен алынады. Билер тартысы сабағының тіл дамытудағы маңызы неде? Біріншіден, “ Қараш – Қараш оқиғасы” тіл жағынан болсын, тақырып ауқымы, көтерген мәселесі жағынан болсын аса күрделі шығарма. С.Мұқанов: “ М.Әуезов өзінің алғашқы шығармаларымен- ақ қазақ прозасын еуропалық проза деңгейіне көтерді”,- деген. Сол алғашқы прозалалық шығармалардың бірі – “ Қараш – Қараш оқиғасы”. Шығарманы талдауда оқушылар, әрине мазмұндайды, сұраққа жауап береді, пікірталасын жүргізеді.Бірақ тілі аса бай, портрет, мінездеме, әсіресе, суреттемелерге ерекше толы бұл әңгімені шебер ұстаз оқушыларға тек білімдік мақсатпен ғана оқытпай, әдеби, көркем тілін дамытуға пайдалануы керек.

  12. Жалпы ерекше есте ұстайтын мәселе - әдебиет сабағындағы тіл ұстарту жұмыстары сол оқытып жатқан көркем шығарма негізінде, соның тіл ерекшелігінде жүзеге асуы тиіс. Дегенмен, ізденгіш мұғалім тіл дамыту сияқты күрделі мәселелердің де оқушыға жеңіл, қонымды, қызықты әдіс – тәсіледерін ізденеді, әрі тіл дамыту тек бір ғана мақсатты - тіл дамытуды ғана көздемейді. Ол белгілі бір білім, ұғым беру негізінде жүзеге асады. Оқушының білімі терең, дүниетанымы, ұғымы кең болса, тілі де бай болады.

  13. Оқушылардың көркем тілін дамытуда пікір қорғау, әдеби айтыс сабақтарының да орны ерекше (әсіресе, ауызша сөйлеу тілін әдеби таласқа түсетін балалар сылдыр сөйлей бермей, өз ойларын дәлелді түрде жеткізу үшін, ғылыми материалдар, әңгіме болып жатқан көркем шығарманың өзінен нақты мысалдар алып, үзінді дәйектемеге сүйене отырып, сөйлеулері керек ).

  14. Шығарма тілінің негізінде жүргізілсе, соның бір тәсілі – осындай мәтінмен жұмыстар. Эпопеядағы әйелдер бейнесін оқытуға практикалық жұмыстар жүргізе отырып, оқушылардың көркем тілін дамыту айналасында еңбектенуге болады. Оқушылардың көркем тілін дамыту, ең алдымен, сол өзі оқып жатқан шығарманы үлгі етуден басталу керек. Сабақ түрлері көп. Баланың тілін оның түрлері дамытпайды, сондағы түрлі жұмыстар, яғни тіл ұстартуға арналған әртүрлі жұмыстар дамытады.

  15. Практикалық сабақтар тіл дамыту жұмыстарына қолайлы болып келеді. Мысалы, І.Жансүгіров шығармашылығын оқытып болған соң, қорытынды сабақты ақын поэзиясының тіл көркемдігі, поэтикалық, эстетикалық нәрі, табысы айналасында өтуге болады. Мұндай жұмыстар тек бала білімін тереңдетіп қоймай, тілін дамытуға, қазақтың бай тілін меңгертуге, оны бейнелі, образды, көркем түрде пайдалана білуге де жетелейді.

  1. “ Құлагер ” поэмасындағы Көкше көріністеріне поэтикалық талдау жасата отырып, оны С.Сейфулиннің “ Көкшетау ” поэмасындағы Көкшетау көріністерімен салыстыру.

  1. Мақсаты:

  2. а. Екі ақынның бай тілін, суреткерлігін, халық тілінің негізінде поэтикалық тіл жасау шеберлігін талдау ( теңеу, метафора, эпитеттерді жасауда ).

  3. ә. Көкше көріністерін суреттеуде қай ақын оқушы талғамына жақын – соны анықтау.

  4. б. Сондай – ақ, Көкше көріністері бейнеленген суреттер арқылы өздеріне шығарма, суреттеме ( ауызша да, жазбаша да орындатуға болады ) жаздырту.

  5. в. Суреттер арқылы: “ Қай ақын Көкшені шебер суреттеген ? ” деген сұрақтар айналасында пікірталас ұйымдастыру.

  1. “ Құлагер ” поэмасындағы Құланның сипаты мен Абайдың “ Аттың сынын ” салыстыру.

  1. Мақсаты:

  2. а. Жүйрік ат сыны, екі ақынның үндестік және өзіндік ерекшеліктерді сараптау.

  3. ә. Поэтикалық тіл көркемдіктері, халықтық сөйлеу тілін поэтикалық тілдге айналдыру шеберліктері.

  1. Көркем тілдерін дамытуда, тіл мәдениетін қалыптастыруда бейнелеу өнері, музыка сабақтарының маңызы ерекше. Әдебиетші мұғалім осы пәндер мұғалімдерімен бірлесе отырып, жүйелі жұмыс жүргізуі керек. Мысалы, Ана, соғыс, табиғат, атамекен туралы бейнелеу өнерінің туындылары баршылық.

  1. Осы тақырыптағы әдеби шығармаларды өту барысында мұғалім оларды көрнекілік ретінде пайдаланады. Көрнекілік ретінде пайдалануда да маңызды мақсат жатады. Біріншіден, беріліп отырған білімді байыту, танымын арттыру. Екіншіден, көркем тілін дамыту. Бейнелеу өнері мұғалімінің сурет бойынша әңгіме жүргізуі. Мысалы, күздің бейнесін суретші бояу арқылы беріп отырғанын, сұр қорғасын, күңгірт түстермен қатар, сап – сары, жасыл бояулардың да суреттегі орнына тоқталады. Мұндай сабақты сабақ – гармония деп те атап жатады. Мәселе сабақтың типінде емес, ең алдымен басты жұмыс – оқушылардың көркем тілін дамытуда. Осы мақсатта енді әдебиетші мұғалім күз суреті бойынша оқушыларға бірнеше тапсырма береді:

  2. а. Сурет бойынша күз көрінісіне суреттеме беру ( ауызша да, жазбащша да орындатуға болады ).

  3. Мына сөздерді пайдалану; алтындай жарқырап, сары нұрға бөленіп.

  4. ә. Сурет пен өлеңді салыстыру.

  1. Сурет бояуы мен өлеңдегі көркемдегіш, бейнелі сөздердің ұқсастығы бар ма ?

  2. Қайсысы күз суретін айнытпай берген ?

  1. І.Жансүгіровтің “ Күй ”, “ Күйші ” поэмаларын өткенде, музыка пәні мұғалімімен бірлесе отырып, тіл дамыту жұмысын жүргізу тиімді.

  2. “ Күйші ” поэмасындағы аты аталып, сөзбен кестеленетін күйлерді үнтаспадан тыңдап, әрі ақын суреттемесін оқып, мынадай жұмыстар жүргізуге болады:

  1. Осы күйден не ұқтың, қандай әсер алдың, сол туралы шағын пікір, толғау айт.

  2. Ілияс музыка тілін көркем сөзбен жеткізе білген бе ? Ойыңды поэмадан үзінді ала отырып, дәлелде.

  3. Поэмадан күйді сипаттайтын образды, көркем сөздерді тауып, олардың күй тілін жеткізудегі орны, маңызы туралы қысқаша тұжырымда.