Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
созжасам Раманова А.doc
Скачиваний:
140
Добавлен:
18.02.2016
Размер:
776.7 Кб
Скачать

10-Апта

Семинар № 10

Тақырыбы: Зат есім сөзжасамы

Мақсаты: зат есім сөзжасамының сөздік құрамнан алатын орнын, атқаратын қызметін анықтау.

Негіздемесі: Қазақ сөзжасам жүйесінде есім сөздердің ішінде зат есім сөзжасамы ерекше орын алады. Туынды лексикалық бірліктерді жасауда оның сөзжасамдық қабілетінің күштілігі мен құнарлылығы жайында, құрамының және мағынасының сан қырлылығымен, тілдік қатысым әрекетінде белсенділігімен ерекшеленетін тілдік күрделі бірліктер.

Әдебиеттер:

  1. Жанпейісов Е. Күрделі зат есімдер // Қазіргі қазақ тілінің сөзжасам жүйесі. Алматы, 1989.

  2. Қасым Б. Күрделі зат атауларының мағыналық құрылымы және сөзжасамдық үлгілері. Алматы, 2000.

  3. Төлеуов А. Қазақ тіліндегі есім сөздердің жасалуы. Алматы, 1973.

Бақылау сұрақтары:

  1. Зат есім сөзжасамында сөзжасамдық тәсілдердің бәрі белсенді қызмет атқара ма?

  2. Зат есімнің сөзжасамдық жұрнақтары дегеніміз не?

  3. Зат атауларының синтетикалық тәсіл арқылы жасалуы дегеніміз не?

  4. Күрделі зат есім жасауға қандай тілдік тұлғалар қатысады?

Тапсырма 1. Төмендегі сөздердің мағыналарын анықтап, оларға төмендегі жұрнақтардың тиістісін жалғап, туынды зат есім жасаңыз.

Үлгі: шалғы, ...

Кір, шал, құй, сүз, бел, өт, бол, бора, ки, кер, ту, қуан, қыз, ор, там, қой, өтін, шап, тер, түйре, күре, іл, тырна, түй.

Жұрнақтар: -ғы, -гі, -гек, -мақ, -шек, -кел, -мыс, -н, -ін, -ім, -шы, -ыс, -іс, -ма, -ме, -ыш, -іш, -қ, -ық, -ынды, -ақ, -уыл, -уыш, -уіш.

Тапсырма 2. Мәтіннен аналитикалық тәсілмен жасалған туынды зат есімді тауып, олардың құрамын, құрамындағы морфемалардың мағынаға қатысын, ол сөздердің бір-бірінен айырмасын, ұқсастығын түсіндіріңіз.

Елге келген соң, ауыл-ауылдан мал, киіз, төсек-орын, ыдыс-аяқ алып, адамдардың кісісі болдым (Ж.Аймауытов). Күй сазы далада жалғыз өскен қызыл қайың туралы аңыз, Ұлы Отан соғысы кезінде майданда жүрген қазақ жауынгерлерінің қайыңнан домбыра жасап, «Қызыл қайың» күйін шертіп, туған елін сағынышпен еске алуы, сол бір аңыз болған қызыл қайың өскен жердің бүгінгі көрінісі ақын шабытының жалынында балқып, бір-біріне сіңісіп, жыр жолдарында әсем өрнек болып, шымыр туындыға айналыпты (Жұлдыз). – Ендеше, сол Кәрімнің Сарықыз еліне беріп отырған бір қызы болатын. Өзі әбден бойжеткен болатын (Қ.Жұмаділов).

11-Апта

Семинар № 11

Тақырыбы: Сын есім сөзжасамы

Мақсаты: Сын есімнің сөздік құрамнан алатын орнын, атқаратын қызметін анықтау.

Негіздемесі: Сын есім туындылар есім сөздерден де, етістіктен де жасалады. Сын есімнің сөзжасамы. Сын есім сөзжасамын жасайтын жұрнақтар. Сын есімнің синтетикалық, аналитикалық тәсілмен жасалуы.

Әдебиеттер:

  1. Қасым Б.Қ. Қазақ тілінің сөзжасамы: практикалық және зертханалық жұмыстар. Алматы, 2007.

  2. Мамаева Г.Б. Қазіргі қазақ тіліндегі тіркесті күрделі сын есім сөздер. КДА. Алматы, 1999.

  3. Оразахынова Н.А., Исаева Ж.Т., Сүлеева Г.С. Қазақ тілі. Сөзжасам. Морфология. Алматы: Арыс, 2004.

Бақылау сұрақтары:

  1. Сын есімдерді жасайтын жұрнақтар құрамы жағынан қалай бөлінеді?

  2. Туынды сын есімдерге негіз болған сөздер қай сөз табынан болады?

  3. Есім сөздерден туынды түбір сын есім жасайтын жұрнақтар қанша, қандай мағыналық топтан тұрады?

  4. Етістіктен туынды түбір сын атауларын жасайтын жұрнақтар қандай мағынадағы сындарды жасайды?

  5. Күрделі сындар қай тәсіл арқылы жасалады?

Тапсырма 1. Сын есім тудырушы жұрнақтарды тауып, сөзжасамдық мағынаны түсіндіріңіз.

Екіншісі – жас адуындай турашыл боламын деп сөз қадірін кетіріп, артық айтып қалатын алаңғасарлау біреу көрінді (З.Шашкин). Бәрінен мойны ырғайдай боп, кескіні сарғыш арықтұра баспақтай қарқылдап қатты күледі (М.Жұмағұлов). Қартаң әйел жұмысыма іздеп келіп, жылады. Төкен төмен қарап, қағаз оқып отырғанда қалың қабақтау, суық түстілеу көрінеді (Б.Тоғысбаев). Өзеннің көше-көшесіндегі көшелерге кілкіген кіршең қар суының қайда жұтылғаны белгісіз (М.Сатыбалдиев). Беті де, мұрны да біздей қып-қызыл тәпелтек Ораз босағанда барысша қарғып кеп, жыраудың домбырасына жабысты (Ә.Әбілев).

Тапсырма 2. Синтетикалық тәсіл арқылы жасалған туынды атауларын табыңыз.

Мұздай таза киінген, үстіндегі қыртыссыз ақ көйлек пен бұтында қылыштай қара шалбар (О.Сәрсенбаев). Екі жағын тау қусырған қысаң шатқалды қақ жарып, күңіреніп, сарқырама ағып жатыр (С.Омаров). Бұлармен қатар, башқұрт, татар, алтайлықтар тәрізді түркі тілдес халықтар да осы аттас, мазмұндас жырлар ұшырайды (К.Сейдеханов). Осындай орасан сұлу табиғаттың құшағында туып, балалығым Шортандының түпсіз терең күмістей көліне сүңгуінен қанағаттанбады (М.Әуезов). Омарташы жігіт мұздай су мен ыстықтан барбия бастаған бетін сипап, қайта-қайта жуынды. Сәби санасындай алаңсыз әрі шыншыл ниет, өзіңді өзгеден әлдеқайда жоғары қойып, төбесіне қойып бағалар -әйелдің маздап жанған махаббаты екен-ау. Екі жылдан бері дәмдес, сырлас болып жүрсе де, Ерік ауылға келген сайын ұрын түсуге келгендей жүрегі өрекпіп, сабырсыз санамен сасқалақтап қалтын. Арашы жігіттің жүрегін қызғаныштың асыранды ала мысығы тырнап алды (О.Бөкеев).

Тапсырма 3. Түсіндірме сөздік бойынша біріккен, кіріккен сындарға мысал теріп, оларды сипаттау.