Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
Философия / МЕТОДИЧКА.doc
Скачиваний:
137
Добавлен:
27.04.2015
Размер:
1.27 Mб
Скачать

4 Ұғымдар мен анықтамалар

А –

АБСОЛЮТ (лат. absolutus – шартсыз, шексіз) – идеалистік философияның ұғымы, барлық бардың біртұтас, жалпы, бастаусыз және шексіз деп пайымдалатын, кез-келген салыстырмалы және шартты болмысқа қарсы қойылатын рухани алғашқы бастауын білдіреді.

АБСОЛЮТТІ ЖӘНЕ САЛЫСТЫРМАЛЫ АҚИҚАТ. Дүние жөніндегі толық сарқылып шегіне жеткен білімді абсолютті ақиқат деп айтуға болады. Сонымен қатар дүниені зерттеу жолындағы алынған объективті ақиқаттар бір-бірімен қосыла келе, абсолюттік ақиқатқа жақындата түседі. Оны шексіз үрдіс деп те айтуға болар еді. Негізінен, адамзат қолы жеткен білім әрқашанда салыстырмалы, өйткені ол оның нақтылы тарихи қалыптасқан іс-әрекетімен, яғни сол заманның практикасымен шектелген. Бірақ дүниеге келген әр ұрпақтың білімінде ақиқатпен қатар әрқашанда жаңылу болатынын да ескеру қажет. Оның біршамасын тексеріп түзетсе де, ғылымды дамыту жолында ақиқатпен қатар жаңылу да болуы мүмкін. Осы тұрғыдан жаңылуды жалғаннан ажырату қажет. Егер ғылыми танымның қиындықтары кейбір жағдайда зерттеушіні ақиқаттан алшақтатып, жаңылуға әкелсе, жалғандық өтірік айтып адамды саналы түрде қисық жолға түсірумен тең.

АБСОЛЮТТІК ИДЕЯ – Гегель философиясының негізгі категориясы, универсумды толық күйінде, шартсыз, нақты және тұлғалық жалпылық күйінде білдіреді (яғни, субъектіні де, субстанцияны да).

АБСОЛЮТТІ РУХ – Гегельдің философиялық жүйесінде абсолюттік идеяның өзіндік санасын жүзеге асыратын рух дамуының қорытынды звеносы.

АБСТРАКЦИЯ (лат. abstractio – ойша бағамдау) – шынайылықтың бейнесін ойша бағамбау және толтыру арқылы құрастыру. Ойша бағамдау арқылы заттың немесе құбылыстың қарапайым жобасын жасайды, ал толтыру арқылы оны күрделендіріп, түрлі нобайына алаңдамай, танымдық мәні бар ғылыми таңбаға айналдырады. Абай бұл сөзді «ой суреті» деп атаған.

АГНОСТИЦИЗМ (грек. аgnostos – біліп болмайтын, белгісіз) – болмысты тану, дербес ақиқатқа жету мүмкін емес дейтін тұжырымға негізделген философиялық ілім. Агностицизм ұғымын 19 ғ. діни сайыстарында ғылыми көзқарасты айқындаушы ретінде 1869 ж. Т.Гексли енгізген. Агностицизмнің қайнар көздері – скептицизм, Зенонның апориялары, Д.Юм ілімі, И.Канттың антиномиялары. Агностицизмнің өкілдері танып-білу құбылысының шынайы қиыншылықтары: мәңгі өзгерістегі тіршілікті толық ұғынудың беймүмкіндігін, оның нақты адамдардың сезімі мен санасында өзгеше түрленуін түсінген. Агностицизм ілімі қазір көп қолданылмаса да, өзінің өзектілігін жоғалтқан жоқ.

АДАМ – ерекше, бірегей, қайталанбас қасиеттеріне қатысты дара жаратылыс. Адам мәселесі философияның негізгі проблемаларының бірі болып табылады. Адам туралы ілімді «адам философиясы» немесе «философиялық антропология» деп атайды. Адам мәселесі философияның пайда болуынан қарастырылып келеді. Бұдан 25 ғ. бұрын Кунфуций өз философиясында адамгершілік (жэнь) проблемаларын қарастырады. Оның ілімінде негізгі этикалық қағидасы: «Өзіңе тілемейтін нәрсені өзгеге жасама!» болды. Буддизмде өмір қайғы-қасіретке толы, алайда оларға соқпай өтуге болады, себебі бәрі де адамның өзіне байланысты деп түсіндірілді. Аристотель адамды «ажалды құдай» деп түсініп, адамның билік мақсаты – бақыт деп тұжырымдады. Бақыт пен жоғары игілік адамға тән, ол оған толық жетілуге ұмтылған жағдайда, яғни белсенділіктің арқасында жетеді. Демек, жай ғана өмір сүрумен тынбау керек, себебі өсімдіктер де тіршілік етеді, ал сана белсенділігі – адамға тән мақсат. Материалдық игіліктердің молдығы өз-өзінен бақыт жасай алмайды, ал олардың жоқтығы бақыттың беделін әбден түсіруі де ықтимал. Ортағасырлық томизм ілімінде игілікті кез-келген адамның өз табиғаты тұрғысынан іздеуінің дұрыстығы айтылады: еркек пен әйелдің одағы, бала өсіріп-тәрбиелеу – игілік, өйткені табиғат заңдылығы солай. Рационалды тіршілік иесі ретінде адам маңдайына қауымдастықта өмір сүріп, ақиқатқа ұмтылу жазылған. Ренессанс дәуірінің (15-16 ғғ.) гуманистік қозғалысында ізгіліктің тағдырдан биік тұратыны тұжырымдалады. «Адам өліп, шіріп кету үшін емес, өндіру үшін туады. Адам далақтап бос жүру үшін емес, өзі қуана алатындай ұлы және даңқты істерге ұмтылу үшін, сондай-ақ жетілген қайырымдылығын пайдаланып, бақыт табу үшін туады. Жеңілгісі келмейтін адам жеңіске тез жетеді. Тағдыр тәлкегіне тек бағынуға дағдыланғандар ғана төзеді» (Гуманист, философ, математик, сәулетші Л.Альберти). Ренессанс дәуірінде адамды «табиғат кереметі» деп есептеді. Жаңа заман философтары Ф.Бэкон, Р.Декарт, Б.Спиноза адам бақыты оның өз қолында деп санады (17 ғ.). Адам (Б.Франклин) еңбек құралын жасайтын хайуан. «Адамдық қасиет оған тек туғанда берілген ерекшеліктермен емес, оның өзі жасаған құндылықтары арқылы өлшенеді» деп жазды Гете адам туралы. Маркс бойынша: «Адам барлық қоғамдық қатынастардың жиынтығы». Энгельстің пікірінше антропосоциогенезде шешуші рөлді еңбектену қызметі атқарған. Адамды еңбек жасаған. 20 ғ. экзистенциалист Ж.П.Сартр адам – еркіндік иесі және тұрақты түрде өз аясына болғандықтан фактуальдылық пен транцендентальдықтың бірлігі, тек заттар ғана шектеулі болады деп түйді. Адам шектеулі емес. Тағы бір экзистенциалист А.Камю адам өз маңдайына жазылған тағдырға мойынсұнбайды. Осыдан келіп метафизикалық бүлік туады деп пайымдады.

АДАСУ – объективті шындыққа жете алмай, басқа бағыт таңдау.

АДЕКВАТТЫЛЫҚ – (лат, adaeguatus - теңдестірілген деген сөзден шыққан) – барабарлық, сәйкестік, теңдік, баламалылық. Таным теориясында адекваттылық дегеніміз бейнелеудің (бейненің, білімнің) обьектісі – түпнұсқаға сай келуі (немесе ұқсастығы) осының арқасында олардың обьективті ақиқаттар сипаты болады. Адекваттылық бейненің, білімнің мазмұны сипаттамаларының түпнұсқа сипаттамаларына сәйкестігі болып табылады.

АДЖИВИКА – жанның өмір сүруін теріске шығаратын ежелгі үнділердің бейортодоксалдық ілімдерінің бірі. Адживика бастапқыда буддизмен байланысты болды, бәлкім буддизмнің бір түрі болуы мүмкін, өйткені ежелгі заманның буддистері де «жан» ұғымын үзілді-кесілді теріске шығарған. Б.з.б. 6-5 ғ.ғ. өмір сүрген дана Маркалидева, дәстүр бойынша, адживиканың негізін қалаушы деп есептейді. Орта ғасырлық ведантистік трактаттарға сәйкес адживиканың негізінде атомистік идея жатыр, бұл идея басқа идеяларды және осы әлем түсініктерін анықтайды. Адживика ілімі бойынша атомдардың 4 түрі бар, олардан табиғаттың 4 стихиясы жаратылады, олар жер, су, от және ауа; барлық атомдардың үйлесу қабілеті бар. Адживика брахманизм философиясына қарсы тұрған реалистік және материалистік ілім болды. Адживика брахмандардың қарма, сансара және мокша доктриналарын теріске шығару, кейде этикалық релятивизмнің уағызына ұласты.

АЗАМАТТЫҚ ҚОҒАМ – қоғамдағы экономикалық, әлеуметтік, адамгершіліктік, діни, ұлттық және т.б. саяси емес қарым-қатынастардың жиынтығын білдіретін ұғым. Азаматтық қоғам – жеке тұлғаның емін-еркін дамуын қамтамасыз ететін қоғамның күйі, азаматтық қоғамның құрамына адамдардың өздері тудырған қауымдастықтар, қоғамдық кәсіби шығармашылық ұйымдар, ассоциациялар кіреді. Азаматтық қоғам тұжырымдамасы 18 ғ. 2–ші жартысы – 19 ғ. басында қалыптасып, Ағартушылық философия, немістің классикалық философиясының өкілдерінің еңбектерінде мемлекет және азаматтық қоғамның арасындағы айырмашылықты айқындаудың қажеттілігі сезіледі және олар мемлекет пен азаматтық қоғамның өзара әрекеттесуіндегі артықшылықты мемлекеттің үлесіне берді, бұл әсіресе, Гегельдің құқық философиясында айқын көрініс тапты. Алдыңғы философияның қоғамдық-саяси көзқарастарын жалғастырушы марксизм философиясы керісінше, азаматтық қоғамның артықшылығын дәделдей келе, жеке адамды жатсынудан азат етуде, оның гармониялық даму жағдайын қамтамасыз етуде азаматтық қоғамның толық мүмкіндігін айқындап берді. Сонымен, азаматтық қоғам – еркін азаматтардың және өздері қалыптастырған ассоциациялар мен қауымдастықтардың өзіндік көрінісінің саласы, мемлекеттік биліктің тарапынан азаматтардың іс-әректтері мен еркіне тікелей қол сұғуынан тиісті заңдармен қорғалған.

АЙЫРМАШЫЛЫҚ – объектіге салыстыру арқылы сипаттама беру үшін қолданылатын ұғым. Бір объектінің қасиеттері екінші объектіде болмаса, оны осы объектілердің айырмашылығы дейміз.

АКСИОЛОГИЯ (грек. axios – құнды, logos – ілім) – құндылықтардың табиғаты, олардың әлеуметтік шындықта аталған орны және құндылық әлемінің құрылымы туралы философиялық ілім. Аксиологияның негізгі мәселесі – «Игілік деген не?» деген сұрақты алғашқы болып Сократ қойған. Платон философиясында құндылықтар жалпы ізгілікпен байланыстырылып, әмбебапты мәнге ие болды. Мәдениеттануда құндылықтар мәселесі ерекше орын алады, өйткені мәдениет адамзат жасаған барлық құндылықтардың жиынтығы деген түсінік кең тараған.

АКСИОМА (грек. axioma – мақұлданған қағида) – белгілі теорияда дәлелденбейтін тұрғыда алынатын және одан (немесе оның жиынтығынан) теорияның барлық басқа сөйлемдері ондағы тұжырымдау ережелері бойынша (салыстыр: постулат) қорытып шығарылатын қайсыбір ғылыми теорияның бастапқы тұжырымы (сөйлемі).

АКЦИДЕНЦИЯ (лат. аccidens – кездейсоқтық) – заттардың негізгі және субстанциялық қасиеттерінен бөлек уақытша, өтпелі, негізсіз белгілері. Ұғым алғаш рет Аристотельдің еңбектерінде кездеседі, кейін схоластика мен 17-18 ғғ. философиясында кеңінен қолданылады (Спиноза, т.б.).

АҚИҚАТ - танушы субъектінің объектіні дәл күйінде бейнелеуі, оны өмірде бар күйінде, адамның өзінен және оның санасынан тыс және тәуелсіз көрсетуі; сезімдік, эмпирикалық тәжірбиенің, ұғымдардың, идеялардың, пікірлердің, теориялардың, ілімдердің және диалектикалық дамушы дүниенің тұтас бейнесінің объективті мазмұны. Тағы бір анықтамасы, ақиқат – өмір шындығының ойдағы нанымды, дұрыс бейнесі, әлеуметтік процесс, практика, сайып келгенде оның өлшемі болып табылады. Ақиқаттың сипаттамасы заттарға және олардың тілмен тұжырымдалу тәсілдеріне емес, нақты ойға қатысты. Философияда ақиқатты түсінудің дәйекті материалистік негіздемесін тұжырымдап, оны зерттеудің жаңа диалектикалық аспектілері қызмет етеді (Объективті ақиқат, Абсолюттік және салыстырмалы ақиқат, Ақиқаттың нақтылығы, Ақиқат өлшемі, Теория мен практика).

АҚИҚАТ ӨЛШЕМІ – (грек. Kriterion – бір нерсені бағалауға арналған өлшем) – белгілі бір пайымдауды, болжамды, теориялық долбарды және т.б. тексеру құралы. Ақиқат өлшемі қоғамдық практика болып табылады.

АҚПАРАТ – (лат. informatio – мәлімдеу, түсіндіру, мазмұндау) – кейбір мәлімет, қандай да бір мағлұматтардың, білімдердің жиынтығы.

АҚПАРАТТЫҚ ҚОҒАМ (лат. informatio – түсіндіру, хабарлау) – 1945 жылы жапон ғалымы Е.Масуда енгізген термин. Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін дамыған елдердегі капитализмнің бұрынғы индустриалдық капитализмнен бөлек екендігі айқындала түсті. 1960-1970 жж. Батыс ғалымдары (Д.Белл, Р.Арон, З.Бзежинский, О.Тоффлер, Рим клубы өкілдері, т.б.) принципті жаңа қоғам қалыптастыру туралы ілімдерін көпшілікке ұсынады. Оны әртүрлі атаулармен атады: супериндустриялық өркениет, постиндустриалдық қоғам, технотронды, телекоммуникациялық, ақпараттық қоғам. 1990 ж. шыққан Д.Нэсбит пен П.Эбурдемнің «Мегатенденциялар. 2000 ж.» еңбегінде жаңадан қалыптасып келе жатқан өркениеттің төмендегідей басым бағыттары аталып өтті: 1) жаңа жоғары технологиялар; 2) социализмнің кейбір элементтерін еркін нарықтық қатынастармен үйлестіру; 3) әмбебапты өмір салты және мәдени ұлтшылдық; 4) жеке және мемлекеттік дәулеттіліктің ұштасуы; 5) өнер мен көркем мәдениеттің өркендеуі; 6) діни жаңғыру; 7) тұлға марапаты.

АҚЫЛ және ЕС – ғылыми танымның, адамгершіліктік және көркем ойлаудың дамуына қажетті өзара біріне-бірі қолдау көрсететін ұғымдар. Ақыл – зерде, ес, парасат; түсінуге және ұғынуға мүмкіндік беретін адамның қабілеті. Ес – ақылдан бұрын болатын, оған қажетті материалды беретін, психикалық қызмет. Ақыл мен ес таным қызметінің екі түрлі сатысы. Парасатты ойлану бұл ақылды қорытынды жасауға дайындалу дегенді білдіреді. Ес – ұғымдардың, тұжырымдардың, ережелердің құрылуының қабілеті, деп қарастырды Кант. Бірақ ес ұғымның, ал ұғым естің көмегінсіз пайда болуы әбден мүмкін.

АҚЫЛ НЕМЕСЕ ИНТЕЛЛЕКТ (лат. intellectus-түсіну, ұғыну, танып білу, ақыл-ой) – жоғары дамыған және күрделі миы бар организмдердің психикалық қызметінің айрықша функциясы; ақпар алуға, оны сақтауға, өңдеуге және беруге, жаңа білімдер қорытып шығаруға, жеткілікті негізделген шешімдер қабылдауға, алға қойылатын мақсаттарды тұжырымдап, соларға жетуге бағытталалған іс-әрекеттерді қадағалауға, қоршаған ортада болатын хал-ахуалдарды дұрыс бағалауға қабілеттік. Ақыл-ой өңдейтін хабардың аса маңызды қайнар көзі және ол қорытып шығаратын білімдерді, шешімдер мен мақсаттарды қолданудың объектісі – объективтік дүние. Осы тұрғысында адамның ақыл-ой немесе интеллектілік қызметі объективті шындықты өзгертуге бағытталған қызметтің негізінде бейнелендіру болып табылады. Европалық философияның дәстүрінде ақыл-ой қызметінің негізгі деңгейлері ретінде ақыл-парасат пен пайымдауды бір-бірінен ажыратып көрсетеді. Пайымдау әлеуметтік-тарихи және мәдени даму процесінде және жеке адам қызметі барысында қалыптасқан нормалар мен қалыптар шеңберінен шықпайтын ақыл-ой қызметі ретінде қарастырылса, ақыл-парасат – ақылдың мүлдем жаңа білімдер қорыта алатын және шындықтың аса терең мәнін танып біле алатын жоғары жасампаздық кабілеті ретінде қарастырылады.

АҚЫН – поэзиялық шығармаларын (өлең, жыр-дастан, т.б.) ауызша айтып не жазып шығаратын өнер иесі, халықтың көркем-өнер мәдениетінің басты тұлғаларының бірі. Көшпелі қоғамда әлеуметтік пікірді жеткізуші. Қазақтың сөз мәдениетінде жырау, жыршы, өлеңші сияқты тұлғаларды қамтыған. Қазақтың дәстүрлі мәдениетінде шынайы ақын өзінің суырып салма өнерімен дараланған. Ол өлеңді, жырды домбыра немесе қобыз сияқты музыка аспаптарының сүйемелдеуімен орындаған. Зерттеушілер қазақ поэзиясының тарихи кезеңдеріне, мәдени ақпарат беру тәсілдеріне, стилі мен жанрына қатысты ақындарды жыршы ақындар және жазба ақындар деп екі топқа бөледі. Қазіргі күндері ауызекі ақындарды шығармашыларының ерекшеліктеріне байланысты: айтыс ақындары, әнші ақындары, термешілер, т.б. жіктер таратады.

АЛҒЫШАРТТАР – логикада – пайымдау, бұдан ой түйіндеу арқылы жаңа пайымдау (қорыту) келіп шығады. Ой түйіндеудің түріне байланысты алғышарттың алуан түрлі пайымдаулары мен олардың үйлесімі болуы мүмкін. Ой қортындылаудың түйіні ақиқат болуы үшін алғышарттардың ақиқат болуы және олар ой қорытындылауда қисындық тұрғысынан дұрыс қабысуы қажет.

АЛХИМИЯ – дүниетанымдық, натурфилософиялық және діни-мистикалық ортағасырлық ілім. Оның мақсаты «философиялық тасты» алу болды. Алхимия ілімі бойынша философиялық тас (даналар тасы, эликсир, тинктура) – ерекше зат, яғни өзінің ықпалымен жай металды алтын және күміс сияқты бағалы металдарға айналдыруға, жастық шақты қайтаруға болады деген түсінік қалыптастырды. Кейбір алхимиктер жасанды жолмен адамды (гомункулус) жасаудың тәсілдерін іздестірді. Алхимия жердегі және космостық, тірі және өлі табиғат, табиғат және қоғам, адам және заттардың әрекеттері процесінің бөлінбеген бейнесін көрсетті. Заттар әлеміне билікке иелікті алхимия табиғаттың объективтік заңдылықтарын танумен байланыстырмады. «Ақиқат» дегеніміз өзіміз тілеген заттың айналу кілті, ол «жоғарыдан» берілген, оны аяқтау үшін философиялық тастың көмегімен мистикалық ашылулар мен магиялық жоралғыларды пайдалану керек. Алхимияның идеялық тамыры ертедегі батыс және шығыстық дүниетанымдарда төрт элементтің (от, су, ауа, жер) бір-біріне айналуы туралы ілімінде кездеседі. Алхимия мың жылдан (4-16 ғғ.) артық өмір сүрді. Батыс Еуропаға Египет пен араб елдерінен енді, сонымен қатар Қытай мен Үндістанда да тараған. Танымал өкілдері: Ұлы Альберт, Р.Бэкон, Луллий. Философиялық тасты іздеу мақсатында жүргізілген түрлі стихиялық эксперименттер маңызды заттар мен материалдарды (фосфор, мүсәтір, фарфор, т.б.) алуға, техниканың дамуына, металды, тұздарды, дәрілерді алу тәсілдерінің жетілуіне әкелді. 17-18 ғғ. алхимия идеялары жоққа шығарылды.

АЛЬТЕРНАТИВ – бір-бірін өзара жоққа шығаратын шешімдердің бірін таңдау қажеттігі.

АЛЬТРУИЗМ (лат. аlter – басқа) – адамның өзі үшін емес, өзгелер үшін өмір сүруі, басқаларға әрдайым қамқор болуы сияқты қасиеттерді басшылыққа алатын адамгершіліктік принцип, эгоизмге қарсы ұғым. Терминді философияға алғаш енгізген О.Конт болды. Буржуазиялық этикада альтруизм ұғымы жақыныңа махаббат, кешірімді болу сияқты принциптерге негізделген діни моральдық іліммен ұштасты. Жаңа заман ағартушылары: Юм, А.Смит, Руссо, Гёте және т.б. кеңінен қарастырды. Социализм дәуірінде ұжымдастық, бірлестік және өзара көмектесу, қоғамдық борыш ұғымдарымен астасты.

АНАЛИЗ ЖӘНЕ СИНТЕЗ (грек. analysis – бөлу, synthesis – қосу) жалпы мағынасында ойдағы немесе фактілік процестердегі бүтіннің құрылымдық бөліктерге, ал бөліктердің бүтінге айналуы. Анализ және синтез ойлаудың логикалық әдісі ретінде оның барлық деңгейлері мен ойлау операцияларында (абстрактілеу, жалпылау) қолданылады.

АНАЛИТИКАЛЫҚ ФИЛОСОФИЯ – 20 ғ. кеңінен таралған және әртекті бағыттардан құралған, түрлі топтарды, ағымдар мен жекелей философтарды біріктірген, осыған дейін де философияның дәстүрлі мәселелері болып келген, проблеманың мәнісін айқындау мақсатында тілдегі сөздерді, ғылыми сөйлемдерді логикалық жолмен талдау жасау философияның міндеті деп қарастырған. Анализ тілдегі мәселенің анық емес бейнесін, мәселенің айқын шынайы мәнімен ауыстыруы қажет. Бұл ретте проблема дұрыс қойылмауы мүмкін, немесе түрлі тілдік формалардың қолданылуынан, немесе философияға оның мүлдем қатысы болмауы мүмкін де, оны жеке ғылымдардың құралының негізінде шешу қажет. Аналитикалық философия негізінен АҚШ пен Англияда кеңінен тарады, оның кейбір өкілдері мен топтары Скандинавия елдері мен Австралияда да болды. Англияда аналитикалық философияның басты түрі лингвистикалық философия қалыптасты. Ал АҚШ-та лингвистикалық философияға жақын философтардың көзқарастарынан басқа логикалық эмпиризм (Карнап, Г.Фейгль, т.б.) және неопрагматизм (В.Куайн, Н.Гудмен, М.Уайт) ағымдары пісіп жетілді. Сонымен қатар ешқандай ағымдарға жатпаған американдық еркін аналитиктер (У.Селларс және т.б.) болды. Философиялық білімнің дүниетанымдық мазмұнын жоққа шығарған, аналитикалық философия қазіргі батыс философиясында позитивизм үрдісін тудырды.

АНАЛОГ (грек. analogos – сәйкестік) идеалдық объектіні анықтайтын (ұғым, теория, зерттеу әдісі, т.б.), материалдық затты, процесті, заңдылықты толықтай айқын көрсететін таным теориясының термині.

АНТИКА – көне гректік құлиеленушілік қоғам (б.з.б. 7 ғ.) мен ежелгі римдік құлиеленушілік қоғамындағы (б.з.б.2 ғ. – б.з. 6 ғ.) қалыптасқан философиялық ілімдер мен мәдениеттерінің жиынтығының кезеңі.

АНТИЛОГИЗМ (грек. anti-қарсы, logos-ақыл) – категориялық силлогизмнің сілтемелердің үйлесімсіздігін көрсетіп, оның қорытындысын да терістейтін логиканың түрі. Антилогизм теориясы силлогистика нұсқаларының бірі.

АНТИНОМИЯ (грекше – заңның өзіне өзі қайшы келуі) – 1) зат туралы екеуі де қайшылықты пікірлердің бірлігі, бұл пікірлердің логикалық негізделуі бірдей дәрежеде нанымды бола алады; 2) идеяны немесе заңды дәлелдеп тұжырымдауға тырысқанда пайымдалатын жойылмайтын қайшылық.

АНТРОПОЛОГИЗМ – философиялық концепция, оның өкілдері «адам» ұғымын негізгі көзқарастық категория деп қарастырады және табиғат, қоғам, ойлау туралы түсініктер жүйесін тек осы категория арқылы ғана жасауға болады деп тұжырымдайды.

АНТРОПОМОРФИЗМ (грек. anthropos-адам, morphe-түр) – табиғаттың сыртқы күштеріне және қияли мифтік бейнелерге адам қасиеттері мен ерекшеліктері тән деп қарастыру. Яғни, адамның өзіндік мәндік қасиеттерін бүкіл табиғатқа таратуы, табиғаттың құбылыстары мен заттарын олардың адам сияқты жаны, ойы, сезімі, іңкәрі бар деп түсінуі. Ксенофан антропоморфизмде діннің ерекше белгілерін байқаған, ал Фейербах діндегі антропоморфизмнің маңызын толық ашты. Антропоморфизм анимизммен, тотемизммен байланысты және қазіргі діндердің көбіне тән; ислам мен иудаизмде жасырын түрде келеді. Жаңа заманда дінді антропоморфтық түсініктерден тазарту әрекеттері жасалынған (деизм, теизм, т.б.). Антропоморфтық жеке ғылыми ұғымдарға да (Мыс: күш, энергия, басқару, т.б.) тән сипат. Алайда, «семаниткалық» антропоморфизм олардың объективтік мазмұнын жоққа шығармайды.

АНТРОПОЦЕНТРИЗМ (грек. anthropos – адам, centrum – орталық) – дүниенің орталығына адамды қоятын италияндық Қайта Өрлеудің концепциясы. Ол еуропалық Жаңа заман мен Ағартушылық идеологиясы һәм өмірлік өлшеміне және гуманизмнің маңызды шартына айналды. Адамды әлемнің түпқазығы деп есептеу арқылы оның белсенділік идеясы тұжырымдалды. Еуропалық жасампаз «фаустық адам» іргетасы антиктік қоғамда қалыптасқанымен, антиктік субъект табиғат аясынан шыға алмады. Жаңа заманда адам еріктері мен мінез-құлықтары туралы концепция қалыптасты, оның қағидалары нарыққа, демократияға, азаттық қоғамға бет бұрған әлеуметтік мәдениетті басшылыққа алды. Неміс философы И.Кант адамды қашанда құрал түрінде алмай, оған түпкі мақсат ретінде ұмтылу керек деді. Антропоцентризмнің кейбір қағидалары 19 ғ. екінші жартысында қалыптасқан мәдени антропологияда ұтымды қолданылды. 20 ғ. кейбір мәдениеттанушылары антропоцентристік өркениеттің шектерін де атап өтті: табиғатқа қарсы бағытталған тежеусіз адамдық шовинизм экологиялық дағдарысқа әкелді.

АПАРИГРАХА – джайнизм іліміндегі ұғым: дүниедегі заттарға қызықпау, байланбау, самарқау қарау.

АПАТИЯ (грек. apatheia - бейтараптық) – қандай да бір әрекетке бейқам, ниетсіздікпен қарайтын адамның күйі (көбінде жоғарғы нерв қызметы бұзылған адамдарда кездеседі). Стоиктердің этикалық ілімінде, апатия – бейтараптық, рухани сабырлылық, сезімнің ақылдың қызметіне кедергі жасамайтын сәтімен анықталған. Стоиктерге, сірә шығыстық діни-философиялық ілімдер ықпал етуі мүмкін, әсіресе, буддизм мен джайнизм ілімдеріндегі адам жанының ең жоғарғы күйі, абсолюттік тыныштыққа жетуі – нирвана түсінігімен байланыстылығы.

АПЕЙРОН (apeiron – шектелмеген) – шексіз. Анаксимандрдың пікірінше, формасы жоқ алғашқы зат, барлық заттар осы апейрондардан құралған. Натурфилософтар апейронды алғашқы бастау деп қабылдады. Платон мен пифагоршылар оны материяның синонимі ретінде түсінді.

АПОЛОГЕТИКА (грек. apologetikos – қорғаушы) – теологияның тармағы. Христиандық дүниетанымды негіздеу мен қорғауда маңызды роль атқарды. Апологетиканың құрамына: құдай болмысын дәлелдеу, жанның мәңгілігі туралы, дін мен оның жеке догматтарына қарсы шығушыларға тойтарыс беруге арналған ұғымдар, т.б. кіреді. Апологетика діни догматтарды меңгеруде ақылдың күші жетпейтіндігін айтып, иррационалистік мазмұнға жақын болды. Апологетикаға софистика, догматизм, обскурантизм және антиғылымилық белгілер тән. Апологетиканың көрнекті өкілдері: Квинт Септимий Тертуллиан, Тит Флавий Климент және Ориген.

АПОРИЯ (грекше aporia - тығырық) – көне грек философиясында шешімі қиын немесе шешілмейтін мәселелерге байланысты қолданылған ұғым. Алғаш рет апория ұғымы Зенонның қозғалыстың болмайтындығы туралы философиялық талқылауынан көрініс табады. Бірақ ойшыл бұл ұғымды тікелей мағынасында қолданбаған. Апория философиялық термин ретінде Платонның, кейін Аристотельдің еңбектерінде «қарсы қорытындылардың теңдігі» мағынасында беріледі. Апорияға Канттың антиномиялары да жақын келеді.

АПОСТЕРИОРИ (лат. a posteriori – келесіден) – тәжірбиенің нәтижесінде алынатын білімді анықтайтын термин.

АППЕРЦЕПЦИЯ (лат. perception – қабылдау) – адамның әрбір қабылдауының оның өткен өмірлік тәжірбиесі мен психикалық қалпына тәуелділігі. Терминді алғаш енгізген Лейбниц болды, оның философиясында апперцепция өзіндік санамен байланысты.

АПРИОРИ (лат. a priori – тәжірбиеге дейін) – тәжірбиеге, іс-әрекетке дейін, оған тәуелсіз танылатын, ешқандай тәжірбиелік дәлелдеуді қажет етпейтін ұғым. Априориге қарсы Кант философиясында апостериори ұғымы қолданылады.

АРГУМЕНТ (лат. argumentum). Логикада – қандай да бір ойдың ақиқаттылығын растауды пайымдау немесе дәлелденеген барлық дәлелдеулердің жиынтығы.

АРХАТ – Көне Үнді философиясының ұғымы, «жеңімпаз» дегенді білдіреді. Архат деп нирванаға жеткен, сананың тыныш ағынын бұзатын құштарлық-құмарлық сезімдерін жеңген адамды атайды.

АРХЕТИП – алғашқы образ, идея. Архетиптер аналитикалық психологияда инстинктілермен қатар «ұжымдық бейсаналықтың» қатпарларында болатын және жалпыадамзаттық символиканың негізін құрайтын, туа біткен психикалық құрылымдар болып табылады.

АСКЕТТІК (грек. asketes – жаттығу, ерлік) – саналы түрде табиғи қызықтардан, өмір игіліктері мен ләззаттықтан өзін рухани құтқару мен жоғары мағыналықты көздеп, адами немесе діни мұраттарға жету үшін бас тартып, өткінші дүние құндылықтарын тәркі ету. Аскетизм көптеген діни (буддизм, индуизм, иудаизм, христиан, ислам) және философиялық (пифагоршылар, стоиктер, гностиктер, неоплатоншылдар) жүйелердің жалпы принципі болып келеді.

АСТЕЙЯ - джайнизм іліміндегі ұғым: ұрламау, өлейін деп жатсаң да, еш нәрсені рұқсатсыз алмау, сұрап қана алу.

АТАРАКСИЯ (грек. ataraxia – тыныштық) – кейбір көне грек философтары мен данышпандарының көзқарастары бойынша жан тыныштығы немесе бейқам сәт. Демокрит, Эпикур, Лукрецийдің пікірлерінше атаракцияға қол жеткізу дүниені танып білу, қорқынышты жеңу, үрейден арылу арқылы болады. Скептиктер (Пиррон, т.б.) ойлауды шектеген кезде мүмкін деп санаса, стоиктер апатия туралы ілімді одан ары дамытып, болып жатқан құбылыстарға бейқам қарауға шақырды.

АТЕИЗМ (франц. atheiste, грек. аtheon – құдайсыздық) – табиғаттан тыс күштерге (рухтар, құдайлар, ақыреттік өмір, т.б.) сенуді жоққа шығаратын көзқарастар жүйесі, бүкіл дін атаулыны бекерге шығару. Адамзаттың тарихи даму барысында атеизм әртүрлі әлеуметтік топтардың идеялық қаруы ретінде пайдаланылды. Мысалы, маркстік атеизм диалектикалық және тарихи материализмді өзінің философиялық негізі етіп алды. Ол атеистік тәрбие жүйесінің теориялық негізін құрайды. Коллективтендіру, тәркілеу, т.б. саяси науқандарда дін иелері қатты қудаланды. Қоғамдық ғылымдар академиясы жанынан Ғылыми атеизм институты құрылып, «Ғылыми атеизм мәселелері» атты мерзімді басылымды жарыққа шығарды. Кеңестік жүйенің әрбір халыққа тән өзіндік салт-дәстүр, діни наным-сенім ерекшеліктерін күштеп жою бағытында жүргізген әрекеттері бұқара халықты рухани тоқырауға соқтырды.

АТМАН – бұл ұғымның бірнеше мағынасы бар: «мен», «өзімді», «дене». Бірақ атман ұғымының ең басты мағынасы – индивидуальдік және универсальдық космостық психикалық болмыс ретіндегі «адам». Осы мағынада атман бүкіл бар болып отырғанның генетикалық және субстанционалдық бастауы, негізі және соңы. Атман рухани және денелік деп бөлінеді, сондай-ақ, ол көбіне ақыл-ойдан, сөз бен тыныстан тұратын рухани бастау ретінде, «брахман» ұғымымен бірдей деңгейде түсініледі.

АТОМИЗМ – «әлемде атомдар мен бос кеңістіктен өзге ештеңе жоқ» және «барлық заттар атомдардан тұрады» деп санайтын философиялық ілім. Мұндай тұжырымдама 19 ғасырдың аяғы мен 20 ғасырдың басына дейін өмір сүрді. Атомистиканың алғашқы түсініктемесі көне үнді философиясындағы ньяя, вайшешика ілімдерінде беріледі, ал толыққанды жүйеленген түрде Левкипп, Демокрит, Эпикур және Лукрецийлер қарастырады. Демокрит атомдардың бір-бірінен өзгешелігі формасында деп санаса, ал Эпикур салмағында, шамасында деді.

АТРИБУТ (лат. attribuo – бөлемін) – заттың онсыз ойлай да, өмір сүре де алмайтын ажырамас қасиеті. Аристотель атрибутты акциденциядан бөлек деп қарастырса, Декарт субстанцияның маңызды қасиеті деп санады. Сондықтан оның материалдық субстанциясының атрибуты созылмалылық, рухани субстанцияда – ойлау. 18 ғ. француз материалистері материяның атрибуты кеңістікте көсілу мен қозғалыс, ал кейбіреулері (Дидро, Робине) ойлау деген пікірде болды. Термин қазіргі заман философиясында да қолданылады.

АХИМСА – джайнизм іліміндегі ұғым: ешнәрсеге зәбірлік жасамау, өйткені барлық тіршіліктің жаны бар.

  • Ә –

ӘДІЛЕТ – ғибраттық-құқықтық, әлеуметтік-саяси сана категориясы, адамның түпкілікті құқықтарының тарихи кезеңдерде өзгерістерге ұшырауына байланысты оған берілетін шынайы баға туралы ұғым. Әділет жеке адамның немесе әлеуметтік топтың қоғам өміріндегі атқаратын рөлі мен олардың әлеуметтік жағдайы арасындағы үйлесімділікті талап етуі, олардың құқықтары мен міндеттері арасындағы атқарған істері мен оны бағалаудың қылмыс пен жазаға тартудың, адамдардың сіңірген еңбегі мен оның қоғам тарапынан елеп-ескерілуінің араларындағы үйлесімділікті талап ету тұрғысында қаралады. Бұл қатынастар арасындағы үйлесімсіздік – әділетсіздік деп есептеледі. Қоғамдық сана тарихындағы ең бірінші әділет туралы түсінік алғашқы қауымдық құрылысқа тән бұлжымас қағидаға байланысты пайда болды: қағида бұзылса ол әділетсіздік деп танылды және дереу жаза қолданылды.

ӘДІСНАМА – 1) қандай да бір ғылымда қолданылатын әдіс-тәсілдердің, таным құралдарының жиынтығы; 2) танымдық және практикалық-жаңартылған қызметтің ұйымдастыру принциптері мен алғышартын, құралдарын зерттейтін білім саласы.

ӘЛЕМ – дәстүрлі түсінігімізде материалдық дүние, материалды объектілер, саналық жағынын әртүрлі болып келетін материя формаларының толық бастауы. Әлем – космология объектісі, танымның қазіргі таңдағы дәрежесінде тек астрономиялық (бақылау және теориялық) зерттеулерге ғана өз сырын ашатын материалды дүниенің бір бөлігі. 18 ғ-ға дейін космологияда Күн системасы, жұлдыздар табиғаты және оларға дейінгі ара қашықтық туралы бірде бір фактілер жоқ еді. Ол 20 ғ. кейін жұлдыздар әлемін, яғни Галактиканы, ал қазір Метагалактиканы зертейді.

ӘЛЕМНІҢ ГЕЛИОЦЕНТРЛІК ЖӘНЕ ГЕОЦЕНТРЛІК ЖҮЙЕСІ. Әлемнің геоцентрлік (грек. ge – Жер) жүйесіне сәйкес, Жер қозғалмайды және дүниенің орталығы болып табылады; оның айналасында Күн, Ай, планеталар мен жұлдыздар айналады. Бұл жүйе діни көзқарас тұрғысынан негізделініп, сонымен қатар Платон мен Аристотельдің шығармаларында көрініс табады, (2 ғ.) Птолемейдің ілімінде аяқталады. Дүниенің гелиоцентрлік (грек. helios – Күн) жүйесі бойынша, Жер, өз осьімен айналады, сонымен қоса, Күнді айналатын планеталардың бірі. Осы жүйе төңірегінде Аристарх Самосский, Николай Кузанский және т.б. пікірлері кездеседі, бірақ бұл теорияның шынайы негізін қалаушы, оны жан-жақты зерттеп, математикалық тұрғыдан негіздеген Коперник болып саналады. Кейінннен Коперниктің жүйесі тағы да толықтырылды: Күн бүкіл Әлемнің емес, тек Күн жүйесінің ортасында ғана орналасқан. Бұл жүйені негіздеуге көп үлес қосқандар Галилей, Кеплер, Ньютон болды. Ғылымдағы бұл жаңалық Жер – Әлемнің ортасы деп санаған шіркеулік ілімге тойтарыс берді.

ӘЛЕУМЕТТІК – қоғамның жүйелік сипаттамалары. Әлеуметтік дегеннің өзі адамдарға және олардың символдық іс-әрекетінің жемістеріне қатысты айтылатын ұғым. Әлеуметтік кез-келген тұлғаға тән болады және оны жеке кісі игереді, демек, адам әлеуметтендіріледі. Қоғам тек өз элементтерінен ғана емес (жеке адамдардан), сонымен бірге кәсіби, демографиялық, экономикалық, саяси, дүниетанымдық мазмұндағы макроқұрылымдық бірліктерден тұрады. Адамдардың шағын топтарынан бастап ұжымдар, тіпті ұлттар, халықтар, таптар құралатын барлық макроқұрылымдары белгілі түрде бір-бірімен байланысты болады. «Әлеуметтік» деп социумның түрлеріне қатысты отбасылық-туыстық, ұлттық-этникалық, аумақтық-елді-мекендік қауымдастықтар түсіндіріледі.

ӘЛЕУМЕТТІК ИНСТИТУТ – қоғамның белгілі бір саласындағы әлеуметтік рөлдер мен статустар жиынтығы. Әлеуметтік институттарға отбасын, балабақша мен мектепті, жоғарғы оқу орнын, еңбек ұжымын, парламент пен сотты, армияны, т.с.с. жатқызуға болады. Солардың қызметінің арқасында адам әртүрлі рөлдерді меңгеріп, неше түрлі статустарға ие болып, тұлғаға айналады.

ӘЛЕУМЕТТІК ҚҰРЫЛЫМ – қоғамдық еңбек бөлінісіне, өндіріс күштерінің және өндірістік қатынастардың деңгейіне байланысты қалыптасқан қауымдардың тұтастығы және олардың өзара тұрақты қатынастары. Әлеуметтік құрылым қатарына халықтың жас шамасына, жынысына, ұлтына, кәсібіне, т.б. ерекшеліктеріне байланысты шоғырланған топтары жатады. Әлеуметтік-таптық құрылым таптардан және сол таптардың құрылымына енбейтін әлеуметтік топтардың жиынтығынан тұрады. Әлеуметтік құрылымның әртүрлі элементтері арасында қызметтік, қайшылық және таптық күрес қатынастары болуы мүмкін.

ӘЛЕУМЕТТІК НОРМАЛАР – адамдардың іс-әрекеттерін белгілі бір жолға қойып, оны қадағалайтын категориялар. Адам ол талаптарды бұзса, оған неше түрлі санкциялар қолданылуы мүмкін.

  • Б –

БАДЕН МЕКТЕБІ – 20 ғасырдың басындағы неокантшылдықтың ықпалды мектептерінің бірі. Б.м. ілімнін Баден өлкесінің университтерінде – Гейделберг пен Фрейбургте – профессорлар Вильденбанд пен Риккерт баяндағандықтан осылай аталады. Баден мектебі – тарихилық әдісті жаратылыстану әдісіне қарсы қояды, тарих – мәдени құндылықтарды өмірге әкелетін дамудың жекелеген фактілері туралы ғылым, жаратылыстану – табиғат құбылыстарының жалпы заңдылықтары мен қайталанулары туралы ғылым. Екі ғылымда да, ұғым – шындықтың бейнесі емес, априорлық принциптерге тәуелді, оның ойдағы қайта түрленуі: жаратылыстануда – жалпыны танудың, тарихта – жекелікті танудың негізі. Баден мектебінің идеясы Кант іліміне негізделіп, болудың болмысқа қарама-қарсылығынан туындайды. Тарихилық заңдылықты жоққа шығару құндылық теориясымен байланыстырылады. Бұл ілімді Г.Мюнстерберг (1863-1916), Э.Ласк (1875-1915), эстетикада И.Кон (1869-1947), Б.Христиансен, әлеуметтануда М.Вебер жалғастырды. Бұл социалогияның ГФР-дағы өкілдері – В.Таймер мен Г.Риттер. 20 ғ. неміс әлеуметтануында марксизмге қарсы субъективтілік пен валюнтаризм рухында дамыды.

БАЗИС ЖӘНЕ ҚОНДЫРМА. Базис – қоғамның экономикалық құрылысы немесе өндірістік қатынастардың жүйесі. Үйдің өзіндік іргетасы іспетті базистің үстіне, біріншіден, қоғамдық сананы, екіншіден, идеологиялық қатынастарды, үшіншіден, оларды бекітетін қоғамдық мекемелері мен ұйымдарын қамтитын қондырғы көтеріледі.

БАҚЫЛАУ – ғылыми зерттеушілер үшін алғашқы дерек беретін, сыртқы дүниені мақсатты да жүйелі түрде қабылдау. Бақылау қарапайым және күрделі, тікелей және жанама тәжірибелермен үйлесімді келеді. Бақылау процесінің тәжірибеден айырмашылығы – онда субъектінің объектіге басым әсері жоқ, дегенмен кейбірде (психол., социол. және т.б. бақылаулар) ондай әсердің әлсіздігі кемшілік емес, артықшылық болып саналады. Бақылау приборлар мен аспаптарды қолдануға жол ашады, сол арқылы адамның сезім органдарының табиғи шектеулігінің орнын толтырады. Кейбір жағдайларда (мыс., микродүние құбылыстарын зерттеуде) прибордың бақыланатын объектіге «ауытқушылық» әсерін ескерудің қосымша қажеттігі пайда болады.

БАТЫСШЫЛДАР – Ресейдің әлеуметтік қайта құрылу келешегін (19 ғ. 40-50 жж.) Батыс Еуропа елдері жетістіктерін игерумен байланыстырды. Ерте бой көрсеткен батысшылдардың арасынан философ, жазушы А.И.Герцен ерекшеленді. Ол батыс философтарының еңбектерін тамаша білді. Ол Гегель диалектикасын «революция алгебрасы» деп бағалады және адамзаттың антагонизмнен ада қоғамға ұмтылу заңдылығын негіздеуге талпынды. Батысшылдық ағым әдеби-сыни мақалаларда, пікірталастарда, философиялық шығармаларда кеңінен көрініс тапты. Бұл бағыттың негізгі өкілдері: А.И. Герцен, В.Г. Белинский, Н.П. Огарев, Т.Н. Грановский, В.П. Боткин, К.Д. Кавелин, т.б. көзқарастарындағы белгілі бір бірліктің болуы (самодержавилік-крепостниктік құрылысты айыптау, «ресми халықшылдық» идеологиясына қарсы күрес, Ағарту идеяларын дамыту, Ресейді европаландыруға ұмтылу т.б) және олардың обьективтік буржуазиялық мазмұнын мойындау олардың арасында алауыздық болмады деген сөз емес. Бастапқыда батысшылдар арасындағы (эстетикалық, философиялық, ал содан кейін әлеуметтік-саяси мәселе бойынша) айтыс үйірме шеңберінен шыға аламады. Алайда 40 жыл-ң аяғына таман негізгі 2 тенденция барған сайын айқындала түсті: Белинский, Герцен, Огарев – материалистер, революционер демократ және социалистер ретінде әрекет етті. Ковалев, Боткин, Корш және т.б идеализмді қорғап саяси мәселелерді буржуазиялық-помещиктік либерализм идеяларын дәріптеді. Сонымен қатар жекеленген батысшылдар (мыс: Грановский) таптан тыс ағартушылық дәрежесінде қала береді.

БЕЙБІТШІЛІК – халықтар және мемлекеттер арасындағы қатынас ахуалы – соғыстың болмауы және жалпы қабылданған негізгі халықаралық нормалардың сақталуымен сипатталады. Бейбітшілік қатынастары – саясатты зорлым-зомбылықсыз ілгері бастыру. Эразм Роттердамский, Гоббс, Локк, Руссо, Кант «мәңгі бейбітшілік» идеясын дәлелдеуге тырысты. Алайда олардың жобалары утопиялық түрде болды. Тек соғыстардың әлеуметтік-экономикалық т.б. себептерін ашып көрсету тұрғысынан ғана түрлі мемлекеттердің арасында әділетті бейбітшілік орнату мүмкіндігі ғылыми жағынан негізделеді.

БЕЙНЕЛЕНУ – материалистік таным теориясындағы негізгі ұғымдардың бірі және бейнелену теориясының өзегі. Бейнелену – жалпы материяның қасиеті. Бейнелеудің негізінде бір құбылыстың екінші құбылысқа, бір дененің екінші денеге жасайтын ықпалы жатыр. Мыс: жүріп бара жатқан адамнан із қалады, із бейнелеуге жатады. Күннен, желден, ыстық пен суықтан, жаңбыр мен қардан жартас бұзылып, қиыршық құмға айналады, т.б. Өлі материяда бейнеленудің екі түрі кездеседі: бірі – изоморфизм, екіншісі – гомоморфизм. Бейнеленудің ең жоғарғы түрі – тіршілікке, өмірге байланысты биологиялық түрі. Тірі табиғаттағы бейнелену – биологиялық зат алмасудан басталып, адам әрекетінің саналы-шығармашылық, болжаушылық және қайтақұрушылық қызметімен сипатталады.

БЕЙСАНАЛЫҚ – кең мағынасында – субъектінің санасында жоқ психикалық процестердің, операциялардың және жағдайлардың жиынтығы. Бұл психикалықтың сана құбылыстарынан сапалық жағынан өзгеше ерекше саласы. Бейсаналық шын мақсаттары мен салдарлары сана деңгейінде түсінілмейтін жеке және топтық мінез-құлықты сипаттайды. З.Фрейд бейсаналықты сананың қызметіне қарама-қарсы аса зор күш ретінде көрсетеді.

БИ – дәстүрлі қазақ қоғамының саяси-әлеуметтік жүйесіндегі демократиялық биліктің иесі. Халықтың көкейіндегісін айтқан, ойын жарыққа шығарған әділет жоқшысы. Даулы мәселелерде қара қылды қақ жарып, әділдікті берік ұстаған. Билер – елші, мәмлегер, заңгер, психолог, ақын, шешен, саясаткер, қоғам қайраткері, тәрбиеші, ойшыл, ғалым.

БИХЕВИОРИЗМ (ағылш. behaviour – жүріс-тұрыс) – қазіргі замандағы буржуазиялық психологиядағы кең дамыған бағыттардың бірі. Бихевиоризмнің негізі – прагматизм және позитивизм. Бихевиоризм ілімін 1913 ж. Дж.Уотсон енгізді. Оның теориясын К.Лешли, А.Вейс және т.б. қолдады. Бихевиоризм психикалық құбылыстарды ағза реакциясына қосып, психологияда механикалық бағытпен дамуда; ынта мен реакцияның байланысын негізгі бірлік ретінде қарап, сана мен жүріс-тұрысты теңестіреді. Бихевиоризмнің барлық танымы ағзадағы (адамның да) шартты реакцияның пайда болуына әкеледі.

БОЛМЫС – бүкіл әлемнің тұтастығын, дүние мен адамның бірлігін, тіршіліктің мәнісін білдіретін философиялық категория немесе санадан тәуелсіз өмір сүретін объективті дүниені білдіретін философиялық ұғым. Кең мағынасында болмыс, бірдеңенің жалпы түрде өмір сүруін білдіретін жалпы және абстрактілік ұғым. Қарапайым санада болмыстың баламалары ретінде әлем, ғарыш, дүние, табиғат, өмір тәрізді жалпы ұғымдар қолданылады. Философиялық әдебиеттерде болмыстың мынадай негізгі түрлері аталады: 1) табиғи және адам жасаған заттар мен процестер болмысы; 2) адам болмысы; 3) рухани болмыс; 4) әлеуметтік болмыс. Болмыс жалпы түрде реалды және идеалды деп бөлінеді. Реалды болмысты өмір сүру, бар болу деп, идеалды болмысты мән деп атайды. Реалды болмыс кеңістік пен уақыттық сипатқа ие және қайталанбайтын, индивидуалды заттардың, әрекеттердің нақты өмір сүруі. Идеалды болмыс мәңгі, уақытқа тәуелсіз, өзгермейді. Құндылықтар, идеялар, ұғымдар осыларға ие. Болмыс мәселесін онтология зерттейді.

БҰРМАЛАУ (лат. falgus – жалған және facio – жасау) – тәжірибе нәтижесінде алынған эмпиризмдік деректермен салыстыру жолымен теориялық пікірлерді (жорамалдарды, теорияларды) теріске шығару арқылы олардың ақиқаттығын тексеру әдістерінің бірі. Бұрмалаудың негізіне формальді – логикалық қатынас алынған, оған сәйкес, егер теориялық пікірдің теріске шығарылуы бақылаудың өзара қабысатын көптеген пайымдауларынан логикалық түрде туындайтын болса, ол жоққа шығарылған болып табылады. Осы логикалық қатынасқа сүйене отырып, Поппер верификацияның неопозитивистік принципіне (Верификациялау принципі) қарама-қайшы бұрмалауды енгізді, оны ғыл. пайымдаулардың ақылға қонымдылығын анықтаудың әдісі деп емес, ғылымды ғыл. емес нәрседен бөліп қаратудың тәсілі деп түсіндіріледі. Поппердің айтуынша, ғылымилық статусы шын мәнінде тек бұрмалауға болатын пікірлерде ғана болады, ал негізінде бұрмаланбайтын пайымдаулар одан ажырайды. Ғылым логикасы мен методологиясының жаңа концепциясында бұрмалау ғылыми теорияларды тексерудің практикаға бағындырылған жеке тәсілі деп саналады.

БҮТІН-БӨЛШЕК – философиядағы категориялар. Бүтін – іштей байланысты құрамдас бөлшектерін бірлікке әкеліп, оларды анықтайтын зат, я болмаса құбылыс. Бөлшек – бүтіннің құрамына кіріп, оның сапалық қасиеттерін өз бойына қабылдайтын зат, я болмаса құбылыс. Бөлшек әрқашанда бүтіннің ерекшелігін көрсетеді, сонымен қатар өзіне тән ерекшелігін де бойында сақтайды. Ал бүтін өзінің бөлшектерін біріктіріп, солар арқылы өз ерекшеліктерін болмысқа әкеледі.

БРАХМАН – бірнеше мағынаға ие ұғым – 1) абыздар кастасының, брахмандардың өкілі; 2) абыз; 3) қасиетті мәтіндер; 4) құдай; 5) субстанция.

БРАХМАНИЗМ – ежелгі Үндістанда ведашылдықтың негізінде пайда болып, оны алмастырған діни-философиялық жүйе. Ведалар дегеніміз – діни сарындағы дұғалардың, құрбандық шалу негізінде айтылатын сөздердің, табиғаттың поэтикалық бейнелерінен хабардар ететін өлеңдер жиынтығы. Б.з.б. 9-8 ғғ. бастап ведаларға түсіндірмелер – упанишадтар маңыздылығы арта түседі. Брахманизмда о дүниемен салыстырғанда адам өмірінің өткінші екендігі және оның мәнсіздігі туралы идеялар басты орын алған. Адамның о дүниедегі тағдыры оның бұл дүниелік ғұмырындағы адамгершілік іс-әрекеттеріне байланысты.

БУДДИЗМ – ежелгі Үндістанда б.з.б. 6-5 ғғ. пайда болған діни-философиялық ілім. Негізін салушы Ситддхарта Гаутама Шакья-Муни, кшатрийлер варнасына жататын ханзада, өмір ләззаттары мен нәпсіқұмарлықтан бас тартып, Буддаға (тура мағ. – көзі ашылған, түсінген) айналған. Будда өз уағыздарында брахманизмді байлық пен сән-салтанатты өмірге бой бұрушылығы үшін және джайнизмді әсіре аскетшілдігі үшін қатты сынға алды. Ол өзінің көзқарастарын «Бенарес уағыздары» атты еңбегінде жүйелі түрде баяндап берді. Буддизм бойынша ең бастысы, адамдар танымға, білімге бастайтын, олардың ақыл-ой өрісін кеңітетін дұрыс жолға түсулері қажет. Бұл жол – тармақтары көп, сегіз салалы жол. Олар: дұрыс көзқарас, дұрыс сөйлеу, дұрыс бағытта ойлау, дұрыс өмір салты, дұрыс жүріс-тұрыс, дұрыс бетбұрыс, дұрыс күш-салу, дұрыс зейін қою». Буддизм бойынша, өмірдің азаптары жайындағы қасиетті шындық мынадай: өмірге келу – азап, қартаю – азап, жүрегің қаламайтын адаммен қосылу – азап, жақсы көрген адамыңнан айырылу – азап, көздеген мақсатыңа жете алмау – азап. Осы азаптардан құтылудың басты жолы – сегіз салалы қасиетті өмір жолын таңдап алу, жеке өзін азат ету. Карма және жанның қайтадан басқаға ауысуы принциптері бойынша, адам азаптардан о дүниеде де құтыла алмайды. Адамдар төрт қағиданы мүлтіксіз орындауы тиіс: зұлымдықтың алдын алу, зұлымдық пен қатыгездікке жол бермеу, ізгілік пен қайырымдылыққа даңғыл жол ашу, адамгершіліктік қасиеттерді батыл қолдау. Бұл жағдайда адамдар бақытты нирвана қалпына түсе алады. Нирванада адам карма заңдарынан босатылып, өзімен өзі тұрақты келісімділікке келе алады. Буддизм Үндістан жерінде қалыптасқанымен, кейін Оңтүстік Азияның көптеген елдерінде басты діни жүйеге айналды. Буддизмнің махаяна тармағы Бирма, Тайланд сияқты елдерде ресми дін жағдайына көтерілген. Бұл тармақта буддизм құдай дәрежесіне жеткізіледі. Хинаяналық тармақ дәстүрлі түсініктерді көбірек сақтап қалған. Қытайда буддизм конфуцийлік-даосистік ағымдармен қатар өмір сүрді. Жапонияда дзэн буддизм кең тараған. Тибет, Моңғолия және бұрынғы Кеңес Одағының кейбір аймақтарында ламаистік буддизм әрекет етеді.

  • В –

ВАЙШЕШИКА философиясы б.з.б. 6-5 ғғ. дүниеге келді. Ол атомистік теорияға сүйенеді. Ньяя философиясы сияқты, вайшешика философиясы да этикаға көбірек мән берді. «Адамның» меніне бостандық беру үшін оны рухани азаптан, қыспақтан босату қажет дейді. Бүкіл әлем: от, су, жер, жел, атомнан құралады. Қозғалыс сапа емес, қасиет дейді. Бірақ бұл материалистік пікірді олар идеализмге жеңдіреді. Өйткені атомды да билейтін ырық, күш бар екенін мойындайды.

ВЕДАЛАР (санскр. veda-білім) – үнді әдебиетінің ең көне (2 ғ.соңы – б.з.д. 1 ғ. басындағы мыңжылдықтар) діни және философиялық мұралары. Ведаларда әнұрандар мен құрбандық шалу формулаларынан (Ригведа, Самаведа, Яджурведа, Атохорваведа), теологиялық трактаттардан (брахмандар мен упанишадтар) тұрады. Ведалардан Ежелгі Үндістанның мәдени-әлеуметтік өмірі туралы көптеген деректер ала аламыз. Оларда дүние, адам, адамгершілік туралы алғашқы философиялық түсініктер бейнеленді. Ведалар төрт бөліктен тұрады: Самхиттер; Брахмандар; Араньяктар; Упанишадтар.

ВЕДАНТА (тікелей мағынасы – Ведалардың соңы) – Упанишадтар базасында пайда болған діни-философиялық ілім, үнді философиясындағы ортодоксальдық жүйелердің бірі. Веданта индуизм философиясында қазіргі кезде де маңызды орын алады. Алғаш рет веданта Бадараянның веданта-сутраларында көрініс табады. Кейінірек веданта осы шығармалар жайында баяндаған еңбектер мен упанишадтарда кеңінен дамыды. Ведантаның екі бағыты белгілі. Біріншісі – адвайта (абсолютті дуализм-емес), негізін 8 ғ. Шанкара салды. Екінші бағыт – вишишта-адвайта (бөлінетін дуализм емес), негізін салушы Рамануджа (11-12 ғғ.).

ВЕРИФИКАЦИОНИЗМ (лат. verus – ақиқат, facere – жасаймын) – ғылыми ақиқат, оның деректері эмпирикалық тексеру арқылы айқындалады деген әдістемелік концепция. Верификационизм логикалық позитивизм мен аналитикалық фигоафияның бір тармағы болып табылатын ғылым тіліне қатысты логикалық эмпиризмде кең қолданыс тапты. Оны 1920 ж. Вена логикалық үйірмесінің мүшелері (М.Шлик, О.Нейрат, Ф.Вайсман, К.Гедель, Р.Карнап, Х.Рейхенбах) зерттеп ұсынды. Олар Л.Витгенштейннің «Логикалық-философиялық трактаты» қағидаларын басшылыққа алды. Верификационизм принципі бойынша, кез-келген ғылыми зерделеген қағида «таза тәжірбиенің» нәтижелерін білдіретін және кез-келген білімнің негізі болып табылатын «хаттамалық сөйлемдер» дегендердің тұтастығымен анықталады. Кейін верификационизм принципі орнын фальсификациялау принципіне берді.

ВЕСТЕРНИЗАЦИЯ (ағыл. western – батыстық) – Батыс мәдениеті үлгілерін қабылдау, басқа мәдениеттердің батыстандырылуы немесе батыстық донор мәдениеттен реципиент ретінде жеке құндылықтарды қабылдауы. Вестернизация негізінен, мәдени қабылдаушы елдің басқарушы элиталық тобының белсенділігімен жүргізіледі. Мыс., І Петрдің жүргізген реформалары, Түркиядағы Кемал Ататүріктің «жас түрікшілдер» революциясын, Латын Америкасының АҚШ-тық құндылықтарды біртіндеп қабылдауын т.б. атап өтуге болады. Вестернизация тек Батыс технологиясы мен өндіріс жаңалықтарын қабылдаумен шектелмей, осы өркениеттілікке тән құндылықтарды (демократия, адам құқықтарының басымдылығы, толеранттылық, ақпарат еркіндігі, азаматтық қоғам, т.б.) енгізумен айқындалады. Бұл белгілері бойынша, вестернизация қамтыған елдер деп Жапония, Оңтүстік Корея, Шығыс Еуропаның кейбір мемлекеттерін атап өтуге болады.

ВИТАЛИЗМ (лат. witalis - өмірлік) – тіршілік қызметінің барлық процестерін тірі ағзалардан болатын (энтелехия, «жаратушы күш», «формаға ұмтылыс» т.б.) материалдық емес факторлардың әрекетімен түсіндіретін биологиядағы идеалистік ілім. Витализм бағыт ретінде 17-18 ғ.ғ. қалыптасты. Витализм өкілдері – Г. Шталь, Я. Икскюль, Г. Дриш және т.б.

ВОЛЮНТАРИЗМ – (лат. voluntas – (воля) жігер, 1883 ж. Ф.Теннис енгізген термин) – философиядағы идеалистік бағыт, жігерді болмыстың жоғарғы принципі ретінде қарастырады. Рухани болмыста жігерді бірінші орынға қоя отырып, волюнтаризм барлық заттың негізі ретінде интеллект, ақыл-ойды танитын интеллектуализмге немесе рационализмге қарсы тұрады.

  • Г –

ГЕДОНИЗМ (грек. hedone – көңілділік, рахаттану) – Кирен философиялық мектебі (б.з.б. 4 ғ.) мен Эпикурдың (б.з.б. 341-270) дамытқан этикалық ілімі. Гедонизм эвдомонизмнің бір тармағына жатады және ләззат алуды (негізінен сезімдік) тіршіліктің бастауы мен өмір мағынасы деп жариялайды. Жақсы игілік рахаттануға жеткізеді, жамандық қайғы-қасірет әкеледі. Гедонизмнің салыстырмалы толық ілімін Сократ шәкірті Аристипп қалыптастырған. Эпикуршілдікке гедонизм принципі сезімдік ләззаттардан рухтың тыныштығына (атаракция) және қасіреттен құтылу жолдарын іздеуге көбірек бағытталған. Қайта Өрлеу мәдениетінде гедонистік бастаулар адам құдіреттілігіне қатысты қарастырылады. Жаңа заманда моральдық гедонизм тұрғысынан пайымдаулармен философ-ағартушылар және жазушылар әуестенген. Қазіргі философиялық дәстүрде гедонизм индивидуализмді дәріптеумен байланысты.

ГЕНЕЗИС (грек. – пайда болу, қалыптасу) – генетикалық-диахрондық әдістемеде дамушы құбылыстың, нәрсенің, болмыс бітімдерінің бастапқы кезеңі, шығу тарихы, қлыптасу сатылары. Генезис ұғымы мәдениеттану ілімінде кеңінен қолданыс табады. Тарихи мәдениеттануда тарихи-мәдени типтердің қалыптасуына үлкен мән беріледі. О.Шпенглер, Н. Данилевский, А. Тойнби оқшау мәдени типтерді зерделегенде, олардың бастапқы қалыптарын талдау нәтижесінде алынған ерекшеліктерінен кейінгі даму бағыттарын айқындайды. Мифология санада генезис хаостан (ретсіздіктен) гармонияға (үйлесімділікке) өту ретінде қарастырылады. Антиктік мәдениетте генезис табиғи және әлеуметтік нақтылы болмыс бітімдерінің қалыптасуы түрінде зерделенген (логос, атом, стихиялар, субстрат пен субстанция). Жаңа заманда Гердер, Кант, Гегель және т.б. генезис ұғымын жалпы даму ілімінің аумағында қарастырады. Эволюциялық теорияның қалыптасуы генезис ұғымын жан-жақты толықтырды. К. Юнг генезис ұғымын дамудың бастапқы үлгілері – архетиптер тұрғысынан зерделейді. Феноменологияда ғылыми зерттеудің статикалық және генетикалық әдістемелері негізделеді. Қазіргі мәдениеттануда құрылымдық-синхрондық зерттеулердің генетикалық-диахрондық ізденістермен бірге жүргізілуі маңызды әрі нәтижелі болады деп есептеледі.

ГЕОГРАФИЯЛЫҚ ОРТА (гр.ge – жер және grapho – жазу) – қазіргі тарихи кезеңдегі қоғамдық өмір процестерімен қамтылған және қандай болмасын қоғамның дамуы мен сақталуына қажетті жағдай жасайтын заттар мен жанды және жансыз табиғат құбылыстарының ( жер беті, атмосфераның төменгі қабаты, гидросфера, топырақ қабаты, өсімдікжәне жануарлар дүниесі) жиынтығы. Қоғамның дамуы мүмкіндігіне қарай географиялық орта шеңбері де өзгеріп, кеңейе түседі.

ГЕРМЕНЕВТИКА (грек. hermeneutike –түсіндіру өнері) – алғашқы мазмұнында көнеліктен немесе көпмаңыздылықтан түсініксіз мәтіндерді түсіндіру өнері және ілімі. Герменевтика ежелгі антик дәуірде көне ақындардың (ең алдымен Гомердің) шығармаларындағы рәміздерді, таңбаларды, құпиялап айтуларды түсіндіру тәсілі ретінде қалыптасқан. Ортағасырларда Библиядағы көркем бейнелер мен меңзеп айтуларды түсіндіруге байланысты герменевтиканы діни өкілдер жан-жақты қолданған. Қайта Өрлеу дәуірінде герменевтика антик мәдени мұралардың тілін тірі, сол замандағы мәдени тілге аудару мақсатында пайдаланылған. Ф.Шлейермахер еңбектерінде герменевтика Қасиетті Жазу мәтіндеріндегі астарлы тілді жаңаша түсіндіру үшін кеңінен пайдаланылды. Ол үшін догматтар мен рәміздер діндарлық сезімдер болып табылады, дамушы діни тәжірбие сенімнің субстанциясына айналды. Шлейермахер қазіргі философиялық ұғымдарды қолдану тәжірбиесі арқылы ескі діни мәтіндерге жаңа мазмұн беруге болады дейді. Ал Г.Гадамер герменевтиканы «тұлғалық түсінуші тәжірбиемен» байланыстырады.

ГИЛОЗОИЗМ (грек. hyle және zoe – зат және өмір) – материяның да жаны бар деп түсіндірілетін философиялық ілім. Алғашқы гилозоистерге грек материалистері, Бруно, француз материалисті Робине және т.б. жатады. Гилозоизм термині 17 ғ. енгізілді. Бұл ілім бойынша материяның барлық формалары ойлай және сезіне алады. Ал шындығында, сезіну – тек жетілген жоғарғы органикалық материяға ғана тән қасиет.

ГИПОТЕЗА – нысанның, құбылыстың себебі туралы қорытынды жасауға мүмкіндік беретін пайымдаулар мен ой тұжырымдар жүйесі, ғылыми ойлаудың сатысы.

ГНОСЕОЛОГИЯ – Таным процесін қараңыз.

ГНОСТИКТЕР (грек. gnosis – білім) – христиан теологиясын Көне Шығыс діндерімен, неоплатонизм және пифагореизммен біріктірген діни философиялық ағым. Гностиктердің түсінігі бойынша, Құдайды тану мүмкін емес. Оны тек материядан тыс құрылуынан танисың. Себебі материя – зұлымдық, қасірет. Философия тарихында ізі қалған гностиктер ретінде мысырлық Валентинді және сириялық Валентинді атауға болады. Екеуі де 2 ғ. өмір сүрген.

ГОМЕОМЕРИЯ (грек. homoiomereia – бөлшек тәріздес) – Анаксагор философиясындағы ұғым. Анаксагордың ойынша, «Әр нәрсе өзіне өте ұқсас бөлшектерден – «тұқымдардан», гомеомериялардан пайда болады». Ол тұқымдар стихиялардың ішінде қалқып жүріп, бір-бірімен қосылып заттарды тудырады. Ал барлық заттардың пайда болуына түрткі болған, оларды ретке келтіріп отыратын ол Нус – дүниежүзілік ақыл-ой.

ГУМАНИЗМ (лат. humanus – адамдық, адамгершілік) – тұлға ретіндегі адамның, оның еркін дамуы және өз қабілеттерін қоғамдық қатынастарды бағалаудың өлшемі ретінде қабылдау. Тар мағынасында – ортағасырдағы діни схоластикаға қарсы Қайта Өрлеу дәуіріндегі зайырлы еркін ой.

ҒЫЛЫМ – адамның табиғат пен қоғам туралы объективті білімін қалыптастыруға мүмкіндік беретін танымының ең жоғарғы пішіні, оның практикалық қызметінің бір саласы. Адамзат қоғамының дамуы барысында Ғылым сол қоғамның маңызды әлеуметтік институтына және тікелей өндірістік күшіне айналды. Ғылымның басты мақсаты – Ғылым заңдарының негізінде ашылып отырған болмыс құбылысы мен процесін болжау, түсіндіру және жүйелеп мазмұндап беру.

ҒЫЛЫМ ФИЛОСОФИЯСЫ – ғылыми-танымдық қызметтің сипаттарын зерттейтін философиялық бағыт. Тарихи-мәдени контексте ғылым философиясының басты проблемалары мынадай: а) ғылыми білімнің бірлігі идеясы және онымен байланысты дүниенің ғылыми тұтас бейнесін қалыптастыру міндеті, детерменизм, себептілікұғымдарын, динамикалық және статикалық заңдылықтардың арақатынасын сараптау; б) ғылыми зерттеудің құрылымдық сипаттамалары – анализ бен синтездің, индукция мен дедукцияның, логика мен интуицияның, жаңалық ашу мен негіздеудің, теория мен фактінің арақатынасы; в) демаркация проблемасы – ғылым мен метафизиканы, математика мен жаратылыстануды, әлеуметтік-гуманитарлық және жаратылысты ғылымдық білімді бөлу; ғылыми білімді негіздеу проблемасы, верификация жасауды сараптау; д) ғылыми-зерттеу парадигмаларын қарастыру; е) ғылыми білімді гуманизациялау мәселесі.

ҒЫЛЫМИ-ТЕХНИКАЛЫҚ ТӨҢКЕРІС – ғылымды өндірістік дамудың жетекші факторына айналдыру арқылы өндіргіш күштерді түбегейлі өзгертіп, сапалық жағынан түлету. 20 ғ-дың 40-жылдарынан басталған ҒТР барысында ғылымның өндіргіш күшке айналу үрдісі қарқын алып, елеулі нәтижелерге қол жетті: ең бастысы, еңбектің хал-ахуалы, сипаты мен мазмұны, өндіргіш күштердің, еңбек бөлінісінің құрылымы өзгеріске ұшырап, еңбек өнімділігі күрт өсті, сол арқылы қоғам өмірінің өзге салалары, әсіресе, адамдардың мәдениеті, тұрмысы, психологиясы жетіліп, табиғаттпен қарым-қатынасы айқындала түсті. ҒТР-дың - екі негізгі алғышарттары болды: ғылыми- техникалық және әлеуметтік. Оның пісіп-жетілуінде 19 ғ-дың соңы мен 20 ғ-дың басындағы жаратылыстанудағы жетістіктер шешуші рөл атқарды. ҒТР дегеніміз өндірістің бүкіл техникалық базисін, бүкіл технологиялық тәсілдерін қайта құруды ғана білдіреді. ҒТР адамзаттың аса маңызды қызметтері аясының: табиғат пен қоғам зандылықтарын теория жүзінде танудың (ғылым); табиғатты түлетудің техникалық кұралдары мен тәжірибелері кешенінің (техника), материалдық игіліктерді жасау үрдісінің (өндіріс) және практикалық іс-қимылдар мен әрқилы қызмет түрлерінің жосықты өзара байланысу тәсілдерінің (басқару) бірегей жүйесін кұруға арналған алғышарттар жасайды. ҒТР-дың басты бағыттары: өндірістік үрдістерді, өндірісті бақылау мен басқаруды кешенді түрде автоматтандыру; энергияның жаңа түрлерін тауып, пайдалану; жаңа құрылымды материалдарды, биотехнологияны, информатиканы қолдану.

ҒЫЛЫМИ-ТЕХНИКАЛЫҚ ПРОГРЕСС – ғылым мен техниканың бірегей, бір-бірімен сабақтаса, біртіндеп дамуы. Ол 16-18 ғ.ғ. мануфактуралық өндірістен, ғылыми-теориялық және техникалық қызметтердің өзара жакындасып, тоғыса түскен кезден бастау алады. Бұған дейін материалдық өндіріс негізінен эмпирикалык тәжірибені, кәсіби кұпияны қорландырып, әдіс-тәсілдерді жинақтау есебінен баяу дамып келді. Сонымен бірге табиғат туралы ғыыми-теориялық таным аясында да ілгерілеу ниеті байқалды, бірақ ол теологиялық-схоластикалык деңгейде камалып, өндірістік амал-шараларға ұдайы әрі тікелей ықпал ете алмады. 16 ғ-да адамзат баласының сауда-саттықты өрістетіп, теңіз жолын меңгеруі, ірі мануфактураларға ие болуы бірнеше келелі міндеттерді теориялық және тәжірибелік тұрғыдан шешу қажеттігін алға тартты. Нақ осы кезде ғылым Қайта өркендеу дәуірі идеяларының әсерімен схоластикалық дәстүрлерден қол үзіп, практикаға жүгіне бастады.

  • Д –

ДАМУ – қайталанбайтын және бағытты өзгеріс­терді білдіретін философиялық-ғылыми категория. Ол жалпы өзгерісті білдіретін қозғалыс категориясымен салыстырғанда, жаңару, жаңа түзілістердің пайда болуы процесі деп ұғынылатын қалыптасу категориясымен салыстырғанда да анағұрлым нақты. Дамудың онтологиялық мәнін түсінуде екі түрлі ұстаным бар. 1) Даму дегеніміз барша болмыстың жалпыға бірдей, әмбебап әдісі ретіндегі қозғалыстың дара нәрсеге қатысты көрінісі. 2) Даму барша болмысқа тән. Қозғалыс, қалыптасу және даму — бұл тіршілік етудің үш түрлі әдісі емес, тіршілік етудің бір әдісінің үш түрлі деңгейі.

ДАНЫШПАНшығармашылық дарындылықтың жоғары дәрежесі; өзінің үздік қабілеті мен орасан зор еңбегі арқасында адамзаттың дамуын ілгері бастыра алатын жеке тұлға.

ДАРАЛЫҚ – дербес қызмет ететін субъект ретіндегі нақты жеке адам болмысының қайталанбас, ерекше әдісі, адамның қоғамдық өмірінің дара формасы. Жеке адам мәні жағынан әлеуметтік тіршілік ету әдісі жағынан дара болады. Даралық индивидтің өзіндік дүниесін, оның ерекше өмір жолын бейнелейді, оның өмір жолы мазмұны жағынан әлеуметтік жағдайлармен анықталады, ал тегі, құрылымы және формасы жағынан дара сипатта болады.

ДАО (қыт. жол) – қытай философиясының ең басты ұғымы. Дао – бүкіл әлемнің, әрбір заттың даму заңдылығы. Бір өзі бар абсолютке тең, бүкіл тірліктің негізі, әрбір бастаманың басы, Дао - әрбір қайталанбас сәттің нәрі. Дао сезім арқылы тануға көнбейді, ол барлық жерде және еш жерде емес, түрсіз, бейнесіз. Заттар әлемі дао арқылы жасалып, өмір заңына бағынады, яғни өткінші: барлық заттар ұлы айналымда болады, кейіннен шегіне жетіп, қайтадан өзінің қайнар көзі даоға қайтып, содан жаңадан туылады. Б.з.б. 6-4 ғғ. ол Лао Цзы, Чжуан Цзы, Ле Цзы еңбектерінде баяндалып, кейін конфуцийшіл және чань буддизм ілімдері арқылы дамыған дао туралы ілімге қытай мәдениетінің барлық философиялық, діни, саяси, эстетикалық иірімдері өрілді.

ДАОСИЗМ б.з.б. 6-5 ғғ. Қытайда пайда болған философиялық бағыт, негізін қалаушы Лао Цзы немесе Ли Дань («кәрі дана»). Оның негізгі трактаты «Дао дэ цзин» деп аталды. Даосизмнің басты назарында табиғат, ғарыш және адам тұрды. Әлем тұрақты қозғалыс пен өзгеріс үстінде болады, дамиды, ешбір себеп-салдарсыз өмір сүріп, әрекет жасайды. Дао жолы түсінігі – орталық түсінік. Түп негізді білдіретін түсінік ретінде Дао барлық жерде, бәрінде, тұрақты түрде өмір сүреді және оған бәрінен бұрын тән болатын қасиет – әрекетсіздік (у-вэй). Әлемде бәрі жол үстінде, қозғалыста және өзгерісте болады, бәрі тұрақсыз және шектеулі. Бұл «инь» және «ян» қағидалары арқылы жүзеге асады. Сондай-ақ әрбір құбылыста, процесте диалектикалық бірлікте болып, олардың өзгеруі мен қозғалысына тікелей ықпал етеді.

ДӘЛЕЛДЕУ құқықта – заңды жолмен жинақталған әрі тергеу материалдарында бекітілген, қылмыстық немесе азаматтық істің дұрыс шешімін табу үшін маңызы бар мән-жайлар туралы деректер, мәліметтер.

ДӘСТҮР (лат. tradition – тапсыру, жалғастыру) – тарих барысында қалыптасып, ұрпақтан ұрпаққа жалғасып отыратын әдет-ғұрыптар, салт-сана, қоғамдық тәртіп, заң, мұрат пен игілік мінез-құлық қалыптары және т.б., қоғамда, ұлтта немесе жекелеген әлеуметтік таптарда ұзақ уақыт бойы сақталатын әлеуметтік-мәдени мұра элементтері. Дәстүр мәдениеттің шығармашылық дамуына байланысты прогрестік және өткен кезеңнің ескірген сарқыншақтарымен байланысты реакциялық дәстүрлер деп бөлінеді. Ғылымда дәстүр білім мен зерттеу әдістерінің сабақтастығын, өнерде – стиль, шеберлік сабақтастығын білдіреді.

ДЕГРАДАЦИЯ – (франц. degradation – құлдырау) – бірте-бірте төмендеу, құлдырау, жағымды қасиеттердің төмендеуі немесе жоғалуы. Мәдениет деградациясы белгілі бір мәдениеттің тұрақты элементтерінің құлдырауын немесе жоғалып кетуін білдіретін ұғым – термин.

ДЕДУКЦИЯ (лат. deductio – бөліп шығару) – ойлау процесіндегі жалпыдан жекеге өтудің, жекені жалпыдан бөліп шығарудың амалы, логика мен ғылым методологиясындағы логика ережелерін қолдану арқылы алғышарттар есебінде берілген пікірлерден тұжырымға өтуді білдіретін ой қорыту үрдісі. Дедукция атауы логикалық ой қорытудың жалпылама формалды теориясын да, нақтылы ой тұжырымдау процесін де белгілеу үшін қолданылады. Таным теориясында дедукция ғылыми теорияларды дедуктивтік теориялар санатына жатқызып, әдістің өзін аксиоматикалық – дедуктивтік әдіс деп те атайды. Философия тарихында эмпиризм өкілдері (Декарт, Лейбниц, т.б.) дедуктивтік әдісті ғылыми танымның ақиқатқа бастайтын бірден-бір сара жолы деп қабылдады.

ДЕИЗМ (лат. deus-құдай) – Құдай дүниені жаратушы, бірақ одан кейінгі дүниенің дамуына қатысы болмайды, себебі, өмір өзінің даму заңдылықтарымен жүреді деп қарастыратын ілім. Деизмнің негізін қалаушы ағылшын философы (17 ғ.) Г. Чербери болды. Бұл ілімді одан ары жалғастырғандар Вольтер, Руссо (Франция); Локк, Ньютон, Толанд, Шефтсберии (Англия); Радищев, И.П.Пнин, И.Д.Ертов (Ресей), т.б. болды.

ДЕКОНСТРУКЦИЯ – мәтінге қатысты ерекше стратегия, «деструкцияны» да, реконструкцияны да қамтиды. Термин метафизика дәстүрі ретіндегі европалық дәстүрді қайта түсінуді білдіреді, мұндағы басты нәрсе бұзу емес, позитивті мән құрастыру.

ДЕМАРКАЦИЯ ( франц. demarcation – шек кою,айыру) – межелеу, шектесіп жатқан мемлекеттер арасын айыру үшін арнаулы шекаралық белгілермен шекара енгізу, белгілеу. Мұны екі жақтан келісілген аралас комиссия шекараны делимитациялау туралы құжаттар негізінде іске асырады. Кейбір жағдайда шекаралық белгілердің ұқыпты сақталуын қадағалау үшін арнаулы келісім-шарттар жасалады.

ДЕМИУРГ (грек. demiurgos - өнерші, қолөнерші, ұста; екінші мағынасы – жаратқан, жаратушы) Платон және неоплотоншылардың ілімінде - әлемді жаратушы, дүниені жаратқанның анықтамаларының бірі. Ол мәңгілік өмір сүріп жатқан енжар материядан идеяларға ұқсайтын, соған сәйкес заттарды жасайды. Демиург идея әлемі мен заттар әлемін бір-бірімен қосқан.

ДЕМОГРАФИЯ (грек. «demos» -халық, «gzafo»- жазу) – әр қоғам халқының өсу, өнудегі ерекше даму заңдылықтарын зерттейтін ілім. Халық, кең мағынасында ел-жұрт адамдардың жиынтығын білдіреді. Ол белгілі бір территорияда (немесе жер көлемінде) өмір сүреді, іс-әрекет, қызмет жасайды. Демография халықтың құрамын, санын және оның өсуін, өнуін, көбеюін, азаюын зерттейді. Бұл процесте адамның жынысы, жасы, атқаратын қызметі, жұмысы, т.б. жақтары негізге алынады, (мысалы, некелесу, туу, миграция, өндіріске әсерін, т.б.) зерттейді.

ДЕМОКРАТИЯ (грек. demos-халық, kratos-күш, билік) – азаматтардың еркіндігі мен теңқұқықтылығы мойындалған, азшылықтың көпшілікке бағынуына негізделген билік түрі.

ДЕОНТОЛОГИЯ (грек. deon – парыз, logos – ілім) – парыз және борыш, моральдық міндеттемелер мен нормалар мәселесін қарастыратын этикалық теорияның бөлімі. Терминді ғылымға енгізген Бентам болды. Ол бұл ұғымды мораль ілімін толығымен талдауға қолданған.

ДЕРБЕСТІК — жеке адамның қайталанбайтын, өзіндік болмысы, өзінің субъектісі түрінде оның мақсаты мен мән-мағынасы болатын іс-қимылы. Сыртқы мақсатқа лайықтылық пен сыртқы қажеттілікке бағындырылған іс-әрекетке (жатсыну жүйесіндегі қызмет, сондай-ақ материалдық өндіріс саласындағы еңбек) қарсы қойылады. Маркс адамның әлеуметтік жағынан азаттық алуын оның қандай да болсын іс-әрекетін шын мәніндегі дербестікке бағыттауымен байланыстырды. Алайда бұл әрекет табиғатқа жауапкершілікпен қарау қажеттілігінен адамды шет қалдырмайды, адам іс-әрекетінің мүдделері оған қайшы келмеуі керек.

ДЕСТРУКЦИЯ – философиялық онтологиялық конструкциялардың негіздемелерін айқындау. Деструкция, бір жағынан алғанда, антикалық дәстүр ашқан, кейін ұмтылыңқыраған мүмкіндіктерді ашады, екінші жағынан – болмысты өз бетімен, шегіне жете түсінуге бағыттайды. Тарихи - философялық контексте деструкция адамның өзінің нақты уақытында өз мәнін табатын өзекті өмір сүру мүмкіндіктерінің бірі ретінде түсініледі.

ДЕТЕРМИНИЗМ ЖӘНЕ ИНДЕТЕРМИНИЗМ (лат. determinare – анықтау) – себептіліктің рөлі мен орны туралы мәселесі жөніндегі қарама-қарсы философиялық концепция. Детерминизм қағидасына сәйкес себепсіз құбылыстар болмайды, барлық құбылыстардың себептілігі бар. Детерминизм – барлық құбылыстардың себептілігі мен жалпы заңды байланыстары туралы ілім. Индетерминизмге себептілік принципінің мәнін жоққа шығару тән. Себеп дегеніміз - өз алдына жүре отырып өзге құбылысты туғызады. «Салдар» категориясында өзара әсер процесінен жаңа пайда болған себептің нәтижесі бекітіледі. Кейбір себептен туындаған салдар өзі де өзге құбылыстардың себебіне айналады, сөйтіп себеп-салдар байланыстары пайда болады. Себеп хронологиялық түрде салдардың алдында жүріп отырады. Іс үстіндегі себеп өз әрекетін табиғат заңдарына сәйкес жүзеге асырады. Себептің мұндай заңды әрекетін табиғат детерминизмі деп атауға болады.

ДЕФИНИЦИЯ (лат. definitio – анықтау) – заттың маңызды ерекшеліктерін немесе ұғымның мағынасын, мазмұнын және шекараларын айқындайтын қысқаша логикалық анықтама.

ДЖАЙНИЗМ – б.з.б. 6 ғ. пайда болған көне үнді философиясындағы ортодоксальдық емес мектептер жүйесінің бірі. Джайнистік ілімнің негізін аттары аңызға айналған 24 тақуа-тиртханкарлар дамытқан. Олардың соңғысы – б.з.б. 6-5 ғғ. Өмір сүрген, Джина (Жын) немесе Жеңімпаз деген атқа ие болған ойшыл Махавира Вардхамана болды. Джайнизм дуализмді насихаттайды. Адамның жеке тұлғасының мәні екі қырлы – материалдық (аджива) және рухани (джива). Джайндардың көзқарастарында олардың өмір сүрген кезеңдеріне байланысты ерекшеліктер болғанымен, мынадай төрт тиым салуды лоар бұлжытпай сақтады: ахимса – тірі мақұлықтардың ешқайсысының өміріне зиян келтірмеу; астейя – ұрлық жасамау; сатья – шыншылдық; апариграха – үйірсектікке тиым салу. Махавира бұл тиымдарға бесіншісін - брахмачарья – некеден бас тартуды қосты. Жайндардың онтологиясы туралы айтсақ, олар заттарды санадан тыс және одан тәуелсіз өмір сүреді деп түсінді және алты субстанцияны бөліп көрсетті: 1) джива – тірі, жан, рухани субстанция; дживалардың саны шексіз көп; 2) зат; 3) кеңістік; 4) қозғалыс (дхарма); 5) тыныштық (адхарма); 6) уақыт. Жайндардың пікірінше, субстанциялар мәңгі және өзгермейді, өзгеретін олардың көріністері ғана, заттан басқа субстанциялар бөлінбейді және формалары жоқ, яғни, олар сезім мүшелері арқылы қабылданбайды, сезілмейді және денесіз. «Тірі» болып есептелетін дживадан басқа субстанциялар «тірі емеске» жатады.

ДЗЕН-БУДДИЗМ – буддизм бағытының бір тармағы. 6 ғ. Қытайда пайда болды, Жапонияда кеңінен дамыған. Дзен-буддизм Будданың бірлік идеясы мен даоның табиғи жолы ілімінің негізінде құрылды. Басқа мектептерден ерекшелігі дзен-буддизм тез арада нұрланып, ақиқатқа – «сатори» жетуге үгіттейді. Дзэн-буддизм – буддизмнің ирационализмі мен интуитивизмі, оның экзотикалық ғұрпы әсіресе соңғы он жылдықтарда Батыс Европада және Америка философтарының назарын аударуда.

ДИАЛЕКТИКА – табиғаттың, қоғамның, адамның және ойлаудың жалпы даму заңдары туралы ғылым. Философия тарихында объективті және субъективті диалектика ұғымдары қалыптасты. Материалдық дүниенің даму процесі, яғни объективті шындықтағы құбылыстар мен процестердің өзара заңды байланыстары объективті диалектикаға жатады. Ал таным процесі субъективті диалектика болып табылады, ол объективті диалектиканың санадағы бейнесі, ойлау барысындағы түсініктердің, пікірлердің, т.б. заңды байланысы. Материалистік диалектика тек табиғат пен қоғамның болмысы туралы онтологиялық ілім ғана емес, сонымен қатар таным туралы гносеологиялық ілім, дүние дамуын ойда бейнелейтін заңдар мен формалар туралы ғылым ретіндегі логика.

ДИАЛЕКТИКАЛЫҚ ЛОГИКА – диалектикалық материализмнің логикалық ілімі, объективті дүние дамуының ойда бейнелеу заңдары мен формалары туралы, ақиқатты тану заңдылықтары туралы ғылым. Диалектикалық логика ғылым ретінде диалектикалық материалистік әдістің негізінде ғана мүмкін болады, және сонымен бірге ойда бейнеленудің заңдары мен формалары, қозғалыс шексіздігінің шектіліктегі көріністерін, қозғалыстағы шексіздік пен шектіліктің, ішкі мен сыртқының бірлігіп т.с.с. зерттей отырып, бұл әдісті нақтылай түседі. Оның түпкі мақсаты - диалектика заңдарының заттар мен құбылыстарда т.с.с. әрекет етуін ұғымдарда қалай бейнелеуге болатындығын зерттеу.

ДИАСПОРА (грек.- aspora – бытырау, шашырау) – күштеп көшіру арқылы геноцид қаупі төнген, түрлі саяси-әлеуметтік жағдайға душар болған, басға елдердің ортасына барып паналаған халықтардың шашыранды топтары.

ДИЗЪЮНКЦИЯ – «лат. disjunctio – бытырату, жекелеу) кең мағынасында - күрделі айтылған сөз, екі немесе одан да көп сөйлемдерден құралып «немесе» жалғауы арқылы байланысады, ол альтернативаны немесе таңдауды білдіреді.

ДИСКУРСИВТІ (лат. diskursus – пайымдау) – пайымдық, логикалық, тікелей емес, сезімдік, тікелей, интуитивтіден өзгеше түрдегі пайымдық, жанамалылық, логикалық, демонстративтік. Ақиқаттарды жанамалық емес (интуитивтік) және жанамалық (айғақтар негізінде қабылданатын) деп бөлу Платон мен Аристотельде, ал дискурсивтік термині Фома Аквинскийде кездеседі. Метафизиктер ойлаудың дискурсивтік ролін не теріске шығарады, не оны әсіреледі (Вольф және басқ.). Жаңа философия дискурсивтіктің таным тұрғысында маңызды роль атқаратынын мойындайды.

ДОГМАТИЗМ (грек. dogma – пікір, ілім, шешім) – қатып қалған ұғым мен пікірді жақтайтын, тәжірбие мен ғылымда жаңалықтарды мойындамайтын, шығармашылық даму мен ақиқаттың нақтылығын шектейтін принцип, ойлау әдісі. Догматизм ұғымының тарихы діни түсініктердің дамуымен байланысты, яғни, діни догматтарға сенуді талап етіп, оны сынау мүмкін еместігін, ондағы талаптар сенушілердің барлығына міндетті екендігін түсіндіру.

ДУАЛИЗМ (лат. dualis – екі жақты) – Дүниенің бастамасы материалдық және идеалдық негізде қатар пайда болған деген көзқарасты ұстана отырып, монизмге қарсы тұрады. Дуализм материализм мен идеализмді біріктіруге тырысады. Дуализм ілімі әсіресе Декарт пен Кант философияларына тән.

ДҮНИЕГЕ КӨЗҚАРАС – жеке дамның, әлеуметтік топтың, таптың немесе тұтас қоғам қызметінің бағытын және шындыққа деген қатынасын айқындайтын принциптердің, көзқарастардың мақсат-мұраттар мен сенімдер жүйесі.

ДҮНИЕНІҢ ДІНИ БЕЙНЕСІ – негізгі элементі – жалғыз Құдай бейнесі (монотеистік діндер) немесе құдайлар санының көптігі (политеистік діндер). Қай уақытта болмасын, барлық діндер біздің эмпирикалық шындық өз бетімен өмір сүре алмайды және өзін-өзі қамтамасыз ете алмайды, тек жаратылған, себебі ол екінші, нағыз, ақиқат шындықтың – Құдайдың жемісі, проекциясы деп есептейді.

ДҮНИЕНІҢ ҒЫЛЫМИ БЕЙНЕСІ – шындықтың жалпы қасиеттері мен заңдылықтары туралы түсініктердің іргелі ғылыми түсініктерді, принциптерді және теорияларды жалпы қорыту мен синтездеу нәтижесінде құрастырылған тұтас бейнесі.

ДҮНИЕНІҢ ФИЛОСОФИЯЛЫҚ БЕЙНЕСІ – көптүрлі. Бірақ бәрі адам және дүние қатынасының төңірегінде қалыптастырылған. Бұл қатынас материалистік немесе идеалистік, диалектикалық немесе метафизикалық, объективтік немесе субъективтік тұрғыдан түсінілуі мүмкін.

ДҮНИЕТАНЫМ – адамдар мен табиғатқа, жалпы құндылықтарға, моральдық нормаға тұлғаның жалпы қатынасын білдіретін негізгі сенім, қалып, таным немесе қоғам мүшелерімен ортақ көзқарас қалыптастырып, қоршаған ортамен қатынас қалыптастыруындағы негізгі өлшем. Дүниетаным – адамның дүниені ақиқатпен теориялық және практикалық жағынан бірлікте тану мақсатындағы рухани-практикалық тәсілі. Дүниетанымда тұтас адамзат әлемі моделі сияқты мәдениет категорияларының жүйесі көрініс тапқан.

ДХАРМА (санскрит – dharma) – бірнеше мағынаға ие ұғым. Ең әуелі Будда ілімі, рухани білімнің квинэссенциясы дегенді білдіреді, ар-ұждан, адамгершілік ілімі, әділеттілік, міндет, заң, табиғи, діни қағида және тағы басқа ұғымдарды біріктіреді. Төмен Дхарма қарапайым деңгейдегі құбылыстардың әрекетін, ал Жоғарғы Дхарма болмыс заңдылықтарының асқақ деңгейде әрекет етуін түсіндіреді. Тағы бір мағынасы – болмыстың элементтері. Әлемдік процесс – себептерден туындайтын және өшуге бағыт алған нәзік, өткінші 72 дхарма-элементтердің өзара әсер етуі және оның соңғы нәтижесі – абсолюттік тыныш күйге, сөнуге жету.

ДІН ФИЛОСОФИЯСЫ – кең мағынасында – дінге қатысты философиялық ұстанымдардың, оның табиғаты мен функциялары туралы концепциялардың, құдайшылдықтың өмір сүруінің философиялық негіздемелерінің, сонымен қатар, оның табиғаты және дүние мен адамға қатынасы туралы философиялық пайымдаулардың жиынтығы; тар мағынасында – құдайшылдық пен дін туралы автономдық пайымдау, философиялық пайымдаудың ерекше типі.

  • Е –

ЕЛЕСТЕТУ – қазіргі сәтте сезім мүшелеріне тікелей әсер етпейтін, бірақ бұрын олар белгілі бір формада қабылданған заттың сезімдік бейнесі. 1) ертеректе қабылданған заттың немесе құбылыстың бейнесі; 2) елестету арқылы жасалған бейне.

ЕҢБЕК – бұл «ең алдымен... адамның өз іс-әрекеті арқылы бір-бірімен және табиғатпен зат алмасуына жанама әсер етіп, оны реттеп және бақылап отыратын процесс» (Маркс К., Энгельс Ф. 23-т. 188-б.). Еңбек адамның табиғатқа белгілі бір көзқарасы. Сыртқы табиғатты өзгерте отырып, адам сонымен бірге өз табиғатын да өзгертеді. Сыртқы табиғаттың өзгеруі дегеніміз ең алдымен заттарды адам қажетіне бейімдеу. Еңбек мынадай карапайым сәттерді қамтиды: 1) мақсатты іс-әрекетті немесе еңбектің өзін; 2) еңбек затын; 3) еңбек құралдарын, 4) еңбектің нәтижесін.

ЕРЕСЬТЕР – (грек. hairesis-ерекше сенім ілімі) – қандай да бір діннің ресми сенім көзқарастарын жоққа шығарып, оған оппозициялық немесе жаугершілік бағытта болу. Алғашқы христиандық ересьтер – монтанизм, иудеохристиандық, гностиктер 2-3 ғғ. христиандық догматтардың шарттарына қарсы ағымдар болды. 4-5 ғғ. христиандық Рим империясының мемлекетттік дініне айналған кезде – ариандық, несториандық, монофизиттер қалыптасты. Ересьтердің көтерілісі (құдайсүйгендер, вальдендер, альбигойлар, беггардтар, табориттер) ортағасырларда феодалдық қоғамда католиктік шіркеудің билігі үстем болған кезде кеңінен бел алады. Ересьтер негізінен шіркеу тарапынан қолдау көрсетіліп отыратын фелдалдарға қарсы бағытталған бұқара халықтың әлеуметтік көтерілісі болды, кейін олар капиталистік қоғамда діни секталарға айналып кетті.

ЕРІК – адамның белгілі бір іс әрекетті атқаруға деген саналы құлшынысы. Идеализм ерікті сыртқы ықпал мен жағдайларға тәуелсіз және объективті қажеттілікпен байланысты қасиет емес, қайта адамның идиалистік тұрғыдан көрінетін, «азат» еркінің көрінісі ретіндегі іс-әрекеті мен қимылы түрінде қарастырады. Шынына келгенде адамның ерік қызметінің көзі объективті дүние, адамның дүниені өзгертуге бағытталған және табиғаттың объективті заңдарына негізделген нақты – практикалық іс-әрекет болып табылады. Субъектің ішкі жағдайларының шоғырлануы арқылы (қажеттері, мүдделері, талап-тілектері, білімі және т.б.) бейнеленген объективті дүние оның әртүрлі мақсаттар қоюына, шешімдер қабылдануына, белгілі бір қимылдар жасауына мүмкіндік туғызады. Субъектінің талап-тілегін ғана негізге ала отырып тандау жасайтын (волюнтаризм, экзистенциализм) ерік емес, объективті қажеттілікке сәйкес тандау жасайтын ерік азат болады. Энгельстің айтуынша, ерік азаттығы – істі біле отырып шешім қабылдау қабілеті.

ЕУРОПОЦЕНТРИЗМ – философия мен мәдениеттануда ғылым, өнер, философия, әдебиеттің құндылықтары тек Еуропада ғана пайда болды деп тұжырымдайтын концепция.

  • Ж –

ЖАҒДАЙ – заттың өзін қоршаған құбылыстарымен қызметін көрсететін философиялық категория, ол зат осы құбылыстарға байланысты ғана өмір сүре алады. Заттың өзі шартты нәрсе, ал жағдай – затқа сырттай салыстырмалы объективті дүниенің алуан түрлілігі сияқты көрінеді. Табиғат заңдарын білгеннен кейін адамдар өз іс-әрекетіне қолайлы жағдайлар жасап, қолайсыздарын жояды. Жағдай құбылыстар мен процестерге ықпал жасай отырып, өзі де солардың ықпалына ұшырайды. Мәс., адамдардың материалдық және рухани өмірінің белгілі бір жағдайында пайда болған қандай болмасын осы жағдайдың өзін одан әрі түбірімен өзгертеді.

ЖАН (грекше psyche, латынша anima) – көне грек философтарының түсінігінде дене мен материяға қарама-қарсы субстанция, психикалық құбылыстардың, сезімдер мен ұмтылыстардың, тірі мақұлықтың негізі және оның санасының талпыныстарының жиынтығы.

ЖАРАЛЫСТАНУ – табиғат туралы ғылым; тұтас алынған жаралыстану ғылымдарының жиынтығы; адам ілім-білімнің негізгі үш саласының бірі (қоғам және ой-толғам туралы ғылымдармен қатар). Жаралыстану - өнеркәсіп және ауыл шаруашылық техникасы мен медицинаның теориялық негізі; философиялық материализм мен табиғатты диалектикалық тұрғыдан ұғынудың табиғи ғылымы – іргетасы. Жаралыстанудың зерттеу объектісі материяның әралуан түрлері мен олардың табиғаттағы қозғалыс формалары, олардың байланыстары мен заңдылықтары. Өзінің мазмұны және табиғат құбылыстарын зерттеу әдістері жағынан жаралыстану – эмпирикалық және теориялық болып, ал өз объектісінің сипаты бойынша - өзіне өлі табиғаттың қозғалу формаларын (мех., физ., хим. және т.б.) тақырып ететін органикалық емес және тіршілік құбылыстарын тақырып ететін органикалық болып бөлінуі мүмкін. Жаралыстанудың ішкі құрылымы, ғалымдардың саралануы осымен анықталады. Табиғат туралы ғылымды яғни «физикалық» ғылымды, әлемнің бейнесін әзірлеуге қатыса отырып, жаралыстану негізінен өзінің теориялық жағынан (ұғым, категория, заңдар, теория, болжам), сондай-ақ ғылым зерттеулерінің тәсілдері мен әдістерін әзірлеуі жағынан философиямен ұштасады; ол философияның дамуына тікелей ықпал етеді, табиғат туралы ғылым ретінде ашылған жаңалықтарға байланысты материализм формаларының ауысуына заңды түрде себепші болады. Екінші жағынан жаралыстану техникамен, өндіріс процессімен мейлінше тығыз байланысты.

ЖАТТАНУ – бастапқы бірліктің бұзылуының нәтижесінде қалыптасатын, субъект табиғатының жұтаңдануында, өзгеруіне, бұрмалануына әкелетін субъект пен оның қандай да бір функциясының арасындағы қатынастар; сонымен қатар, осы бірліктің бұзылуы процесі. Сонынмен қатар, жаттану – өздері жасаған, өз іс-әрекеті туындыларының адамдарға үстемдік етуі, адамдарға қарсы тұратын жау (жат) күшке айналуын білдіретін ұғым. Адамдардың практикалық және рухани қызметі нәтижелерінің қоғамдық қатынастар немесе қалыптасқан, дәстүрлер мен ұғымдардың дамуының құралы болудың орнына, керісінше, адамдарды өз дамуының құралына айналдыруы. Жаттануды алғаш байқап, ол туралы ой айтқан XVIII ғ.француз (Руссо) және неміс (Шиллер, Гете) ағартушылары болды. Жаттану проблемасын зерттеу кейіннен неміс классикалық философиясында жалғасты. Әсіресе Гегель философиясында жаттану идеясы кең орын алды.

ЖАҺАНДЫҚ ПРОБЛЕМАЛАР – бір-бірімен тығыз экономикалық, ғылыми-техникалық, саяси, мәдени байланыстағы біртұтас адамзат қауымдастығының қалыптасуы. Жаһандану үрдісі әртүрлі елдермен жақындасу, бүкіл адамзаттың ортақ тағдырын сезіну, ұлттық мәдениет жетістіктері, жаңа технологиялармен алмасуға әкеледі. Сонымен қатар жаһандану үрдісі біршама бүкіладамзаттық теріс салдары бар проблемаларды тудырды. Мысалы: 1) дүние-жүзілік термоядорлық соғысқа жол бермеу, қарусыздандыру және халықаралық қатынастардың бейбіт негізінде дамуы үшін жағдайлар жасау; 2) бүгінгі қалыптасқан тәндік-сезімдік өмір бағыт негізінде тойымсыздық, табиғи ресурстарды өлшемсіз пайдалану, қоршаған ортаны ластау – адамзатты болашақ экологиялық апатқа әкелу мүмкін, сондықтан табиғи ресурстарды ұтымды және кешенді пайдалану; 3) демографиялық мәселелер, яғни жер бетіндегі халықтың тым тез қарқынмен өсуі; 4) жер бетіндегі әлеуметтік әділетсіздіктің ең сұмдық көріністері – ашаршылық пен қайшылықты болдырмау, бұл «Солтүстік пен оңтүстік» проблемасы – дамыған елдер мен дамып келе жатқан елдердің арасындағы қайшылықтан көрініс табуда. Жалпылай келе, экватордан жоғары орналасқан елдердің даму қарқыны мен өмір сүру деңгейі төмен жатқан елдерден анағұрлым биік. Дамыған елдерде тойымсыздық жолына түскен 6 млрд. тұрып жатса, жер бетінде осы күнге дейін тағы 1 млрд. жуық адам, басқа қажеттіліктерді өтеуді айтпағанда, күнбе-күн азық-түлікке жарымай отыр, ал 75 млн. адам аштықтың зардабынан жыл сайын дүниеден кетеді. 5) білім беру мәселесі – халықтың білім деңгейін көтермей, бүгінгі технологияларды игеру мүмкін емес; 6) Денсаулықты сақтау мәселесі – бүгінгі таңда адамзаттың қоршаған ортаны түбегейлі өзгертуі мен адамдардың денсаулығы төмендеуінің арасындағы байланыстың анықталуы: жүрек, бүйрек, бауыр, мұрыннан қан кету, СПИД, қатерлі ісік, депрессия (жүйкені тозуы), жұқпалы аурулар «цивилизация аурулары» деген атқа ие болып отыр. Жаһандану мәселелерін шешу жолдарын зерттеуде, негізінен, екі бағыт қалыптасты. Олар: технооптимизм (Дж.Гельбрайт, Р.Арон, Д.Бэлл, Ж.Фурастье, А.Тофлер) және технописсимизм (Г.Маркузе, К.Лоренц, Д.Гудмен, т.б.).

ЖЕРҰЙЫҚ – Асан қайғының іздеген жер жаннаты. Ол жердің суы сүт, шөбі шүйгін, топырағы май, тасы алтын, халық зардабы, қырғын-соғыс, бай мен кедей бөліністері жоқ. «Қой үстінде бозторғай жұмыртқалаған заман» деген түсінік береді.

ЖҮЙЕ - өзара қатынастар мен байланыстарда болатын, белгілі бір тұтастықты, бірлікті құрайтын элементтер жиынтығы.

ЖЫРАУ – қазақ дәстүрлі поэзиясының басты өкілі, топ алдында сөз сөйлеуші, қобыз, домбырамен сүйемелдеп жыр шығарушы ерен тұлға, хан мен билердің ақылгөйі, хан ордасындағы халық жаршысы. Жыраулық поэзия көшпенділер тірлігінің жағдайында сахнасыз театр, риторика, софистика, дәстүрлі өмір философиясы қызметін атқарған.

  • З –

ЗАҢ – құбылыстардың жүйелі түрде өзгеруіне себепші болатын оның ішкі, мәнді және тұрақты байланысы.

ЗАР – ЗАМАН – қазақ мәдениетінің болашағы туралы қам жеуінің уақыттық таңбасы. Қазақ әдебиетіндегі байырлық рух 18 ғ. жоңғарлар мен қарсы күресте 19 ғ. ұлт азаттық күресте, (Махамбет, Нысанбай ) қайта көтерілгенмен, Қазақстанның Ресей құрамына өтуі нәтижесінде зарзаман кезеңі басталды. Қоғамда болып жатқан өзгерістерге өзіндік көзқараста болған және сол бағытта жырлаған ақындарды М.Әуезов «Зар - заман» жыршылары деп атаған болатын және әдебиет тану тарихында да олар осылай айтылды. Зарзаман ақындарының көпшілігіне тән ерекшелік – келешекті көрегендікпен болжап, алдағы уақыттағы ел сипатының өзгерісін қолмен ұстап, көзбен көргендей бейнелеп айтуы. Бұл ақындардың ішінде өлең – жырдың бар қуатын пайдаланып, ата – баба дәстүрімен астарлай айтып, батыс пен шығыстан келетін кесапатты бірдей болжап бергені. Зар – заман ақындарының қайраткерлік биікке көтерілуі отаршылдықдықтың белең алунан басталады. Жыр жүйріктері бар құдыреті мен бар қабілетін ел жұртының санасын оятуға жұмсалды. Олар қатерді, зорлық – зомбылықты, алдын – ала ескертті, зардаптарын күнілгері таңба басқандай айтып берді. Олар патшалық отаршылдық саясатты сынаумен қатар былайша жарқын өмірдің қайта орындалатынына сенді.

ЗАТ – салыстырмалы түрде өзінше жеке өмір сүретін материалдық дүниенің бөлшегі. Бір зат екінші заттан өзіне тән қасиетімен анықталады және ерекшеленеді. Заттардың бір-бірімен өзара теңдігі мен өзара айырмашылықтары туралы мәселе гносеологиялық және арнайы-ғылыми мәселеде маңызды болып табылады.

ЗОРЛЫҚЗОМБЫЛЫҚ ТЕОРИЯСЫ – қоғамдық теңсіздік адамдардың бірінің өкінішіне зорлық жасауынан туындайды дейтін идеалистік теория. Зорлық – зомбылық теориясы буржуазиялық идеологтар арасында кеңінен таралған. Дюринг таптардың пайда болуын қоғамның бір бөлігінің екінші бөлігіне зорлық-зомбылық (ішкі зорлық) жасауымен байланыстырды: австр. социологы Л. Гумилович (1838 - 1909), сондай-ақ Каутский және т.б. таптардың, мемлекеттің пайда болуының түп төркіні күшті тайпаның әлсіздеу тайпаны құлдыққа салуынан (сыртқы зорлықты) деп есептеді. Негізі тарихтағы зорлықтың рөлін жоққа шығармай, оны қоғамдық құрылымды сақтау, яғни өзгерту мақсатымен белгілі бір әлеуметтік топтың басқа топтарды мәжбүр етудің түрлі формаларын қолдануы деп қорытқан жөн.

ЗОРОАСТРИЗМ – ежелгі ирандық дуалистік дін, оны Заратуштре (Зороастру) пайғамбар негізін қалаған. Б.з.б. 7 ғ. түпкілікті орнықты. Зороастризмнің басты нәрсесі – дүниедегі қарама-қарсы екі негіздің: ақ ниетті құдай Ахурамазда (Ормуад) бейнесіндегі және зұлымдылықтың қара ниетті құдайы – Анхравайнью (Ариман) арасындағы үздіксіз күресі туралы ілім. Зороастризм ақырзаман, о дүниелік тозақ, ақтық сот және өлілердің тірілуі туралы айтады. Бойжеткеннің болашаққа жебеушіні тууы туралы эсхотологиялық идеяларды (Эсхатология) уағыздайды, иудаизм мен христиан дініне үлкен ықпал жасады. Қазіргі кезде Зороастризм нарсизм формасында өмір сүруде, онда бұрынғы дуалистік идеялардың сақталуымен қатар құдіреті күшті хақ тағала түралы түсінік дамыған.

  • И –

ИГІЛІК – шапағат, ырысты (бұған қарама-қарсы – шығысы, ауыртпалық) белгілеу үшін философияда қолданылатын жалпы ұғым; адамның белгілі бір қажеттіліктерін қанағаттандыратын, адамдардың мүдделеріне, мақсаттары мен ниеттеріне сәйкес келетін нәрселер мен құбылыстар. Игіліктер табиғи және қоғамдық болып бөлінеді; табиғи игілік – стихиялық табиғи процестердің, мыс., топырақтың құнарлығы, пайдалы қазбалар (соған сәйкес табиғи ауыртпалықтар – стихиялық апаттар, ауру-кеселдер) нәтижесі және қоғамдық игілік – адам қызметінің нәтижелері.

ИДЕАЛ (гр. idea – түр, бейне, түсінік, ұғым) – 1) Қоғамдық-экономикалық және саяси мүдделеріне сай келетін және талап-тілегі мен іс-әрекетінің түпкі мақсаты болып табылатын белгілі әлеуметтік топтың кемеліне келген қоғамдық құрылым туралы түсінік. 2) Парасаттық – жоғарғы адамгершілік қасиеттердің үлгісі болып табылатын, көбінесе осы қасиеттерді меңгерді деген жеке адамның бейнесі түрінде көрінетін, кемел ақыл иесін меңзейтін түсініктер. 3) Эстетикалық идеал – адамның шығармашылық күштерінің өзіндік мақсаты болып табылатын еркінше және универсалды дамуымен субъект пен объектінің, адам мен қоғамдық тұтастықтың (және табиғаттың да) тарихи ең толық үйлесімді бірлігі. эстетикалық идеалы болады.

ИДЕАЛИЗМ – дүниенің бастамасы сана, рух, идея деп қарастыратын материализмге қарсы философиялық бағыт. Идеалистер іштей екі бағыт ұстанады – субъективтік идеализм және объективтік идеализм.

ИДЕНТИФИКАЦИЯ (лат. identificare – барабарлау) – ұқсастық белгілеріне сүйене отырып әртүрлі объектілердің барабарлығын анықтау.

ИДЕОЛОГИЯ – белгілі теориялық негіздер мен солардан шығатын әрекет бағдарламаларын және қоғамдағы идеологиялық нұсқауларды тарату механизмдерін қамтитын күрделі рухани құрылым. Идеология қоғамдық психология сияқты адамдардың күнделікті әрекеттерінде пайда болмайды, оларды идеологтар, әлеуметтік ойшылдар мен саясатшылар жасайды.

ИДЕЯ – философиялық термин, «мән», «мағына» дегенді білдіреді және ойлау және болмыс категорияларымен тығыз байланысты.

ИММАНЕНТТІ – затқа, құбылысқа немесе процеске ішкі тән қасиет немесе заңдылық.

ИНДИВИД (лат. – бөлінбейтін) – 1. Объектілердің белгілі бір түрінен, тегінен немесе класынан бөлініп шыққан жалқы, жеке объект. Қазіргі логикада – санадан тыс немесе оның белгілі бір қасиеттері бар және басқа объектілермен байланыса алады, бірақ сол қасиеттер мен байланыстар тарапынан қарастырылмайды. 2. Индивид - өзінің физиологиялық және психологиялық ерекшеліктеріне қарай қайталанбайтын қасиеттері бар нақты адам, адамзаттың жалқы өкілі, нақты антропологиялық және әлеуметтік ерекшеліктеріне қарамастан ол жеке кісі. Сәби – индивид алайда ол әлі де жеке дара кісі емес. Индивид «адамзаттың өкілі» ғана болудан, қоғамдағы өз болмысына біршама дербестік алғаннан кейін ғана дара, жеке адамға айналады. Индивид пен қоғам өзара диалектикалық байланыста болады. Оларды қарама-қарсы қоюға болмайды, өйткені индивид дегеніміз қоғамдық тіршілік иесі және оның өмірінің көрінісі – қоғамдық өмірінің көрінісі болып табылады. Бұл жерде индивид пен қоғамды өзара теңестіру де дұрыс емес, өйткені әрбір индивид өз тегінің жалпы белгілерін сақтай отырып, өзіндік ерекшелігі бар дара тұлға ретінде де көрінеді.

ИНДУИЗМ – Үнді елінің көптеген тұрғындарына (үндіс деп – кем дегенде ата-анасының біреуі үндіс болса және басқа дінді ұстанбаған кез-келген адам атана алады) тән әлеуметтік-тұрмыстық, діни рәсімдердің, діни дүниетанымдардың және әдет-ғұрыптардың жиынтығы. Индуизм өз тамырын көне үнділік дін брахманизмнен алады, олардың генетикалық байланысын брахмандық үштік: Брахман (жаратушы), Вишну (сақтаушы) және Шива (бірегей жаратушы, сақтаушы және қиратушы) құдайларын ардақ тұтуынан-ақ байқауға болады. Сонымен қатар индуизм адам өмірі мен әрекеттеріне қатысты мәселелерінің сан қырлы жақтарымен өзгешеленеді. Индуизм қоғамдық-тұрмыстық дәстүрлеріне қатал талаптар қояды. Индуизм тұрғындарды түрлі бөліктерге бөліп, олардың арасында айырмашылықтарды берік сақтауға, көптеген топтар мен касталардың және жеке адам өмірінің, жанұялардың, қоғамның салаларына тән ғұрыптар мен тыйымдарды бұзуына қатаң қарайды.

ИНДУКЦИЯ – (лат. induktio – жетелеу) – ойша пайымдаудың бір түрі және зерттеу әдісі. Индукция теориясының мәселесі Аристотельде кездеседі, бірақ оның ғылыми тұрғыдан негізделуі 17-18 ғ.ғ. эмпирикалық жаратылыстанудың пайда болуымен байланысты. Индукция мәселесін зерттеп талдауда Ф.Бэкон, Галилей, Ньютон, Дж.Гершель және Дж.С.Милльдің еңбектерінің маңызы зор. Ойша пайымдаудың формасы ретінде индукция жекеден жалпы ережеге өтуді қамтамасыз етеді.

ИНТЕНЦИОНАЛДЫҚ – феноменологияда – сананың дүниеге мәнқалыптастырушылық (смыслообразующая) ұмтылысы сананың затқа мәнқалыптастырушылық қатынасы, түйсіктердің заттық интерпретациясы.

ИНТЕРПРЕТАЦИЯ – тарихи-гуманитарлық ғылымдарда – мәтіндердің мәндік мазмұнын ұғынуға бағытталған мәтінді түсіндіру; математикалық логикада, логикалық семантикада, ғылым философиясында – формальдық тілдің сөйлемдерінің мағынасын анықтау.

ИНТЕРСУБЪЕКТИВТІЛІК – субъектінің құрылымы, субъектінің индивидуальдік көптігі фактісіне жауап береді және олардың қауымдастығы мен коммуникациясының негізі ретінде көрінеді.

ИНТУИТИВИЗМ – философиялық-методологиялық ұстаным, болмыс пен танымның соңғы негіздемесі ретінде шындықтың субъект пен объектіге бөлінуін жоятын, затқа тікелей, «тірі» енуді таниды.

ИНТУИЦИЯ – (ортағасыр. лат. intueri – қадағалап қару, үңілу) – алдын ала әртүрлі дәлелдеу арқылы талдауларға сүйенбестен ақиқатқа тікелей жету. Интуиция тікелей интеллекетуалдық білім түрі (интеллекетуалдық интуиция) ретінде қабылданады. Декарт өз ілімінде интуитивті түрде табылатын, дәлелдеуді керек қылмайтын айқын, ақиқат танымды интуиция мағынасында қарастырады. Интуиция мен дедукцияны ақиқатты ашудың басты құралы деп біледі. Спинозаның пікірінше, танымның үш түрі болады: ең төменгісі сезім мүшелерінің көмегімен жүзеге асады; одан кейінгісі ақылға сүйенеді, бірақ әртүрлі дәлелдеуді керек етеді; ең жоғарғысы да ақылға сүйенеді, бірақ дәлелдеуді керек қылмайды, заттың мәнін бірден ашып береді. Бұл интуиция болып табылады. Интеллектуалдық интуиция танымның ең жоғарғы түрі деп танылады. Фейербах интуицияны танымның сезім арқылы әсерлену түрі деп таниды. Интуицияны организмнің ешқандай алдын ала түсіндірілмей келетін инстинктік қалыбы ретінде (Бергсон), шығармашылықтың санасыз келетін алғашқы шарты (Фрейд) деп те тану ғылымда орын алған.

ИНЬ ЖӘНЕ ЯН (қытай философиясы) – этимологиялық мағынасы «төбенің немесе өзен жағасының көлеңкесі мен күнгейі» дегенді білдіреді. Инь мен Ян дүниедегі ретсіздіктерді тәртіпке келтіруші Көк пен Жер күштері ретінде қарастырылады. Олар бір-біріне қарама-қарсы, бірақ олардың үндесіп, бірігуі бар нәрсенің бәрін басқаратын адамды дүниеге әкеледі, Инь – дүниенің рационалдық, «әйелдік бастауы», Ян – бейсаналық, «ер адамдық» бастауы деп түсініледі. Қытай философиясында Инь мен Янның өзара әсерленуінен табиғат құбылыстары да, қоғамдағы өзгерістер де туындап отырады деп тұжырымдалады.

ИРРАЦИОНАЛДЫ – ақыл-ой шеңберінен тыс, логикалық ойлау арқылы жету мүмкін емес, рациональдіге қарама-қарсы.

ИРРАЦИОНАЛИЗМ – философиядағы идеалистік ағымдарды белгілейтін термин. Иррационализм рационализмге қарама-қарсы, таным процесіндегі ақыл-ойдың мүмкіндіктерін терістейді немесе шектейді және дүниені танудың негізі ретінде ақыл-ой жете алмайтын немесе оның табиғатына қарсы бірдеңені түсінеді, болмыстың өзін логикаға қарсы, иррациональдік сипатта деп тұжырымдайды. Иррационализм ағымы К.Ясперс, Сартр сияқты экзистенциалистердің, Ницше, Бергсонның өмір философиясында, К.Юнгтың еңбектерінде қалыптасты.

ИСЛАМ (араб. – момындық, бағыныштылық) - әлемдік ірі діндердің бірі. Құдайдың (Алла тағаланың) соңғы аманаты, соңғы дін. Исламның ақиқатын адамзатқа жеткізуші Мұхаммед ғ.с. соңғы пайғамбар болып табылады. Мұсылманшылықтың басты негізі – Құран, мәңгілік, ешкім жаратпаған Құдай сөзі, яғни Құдай табиғатын ашатын көктен түскен аян. Мұхаммед (жаны жәнәтта болғай) Құдайдың әрбір сөзін қағазға түсірген, сондықтанҚұран – Құдайдан түскен мәтін. Христоспен салыстырғанда, Мұхаммед Құдайлық табиғаттан ада, ол Тәңір адамы емес, пайғамбар, яғни белгілі қасиеттері бар адам. Мұсылманшылықтың екінші негізі – сүнне. Ол Мұхаммед сөздері жиылған мәтіндер жинағынан тұрады. Егер христиан дініне үштік туралы ілім тән болса, Исламның ең негізгі қағидасы – Алла тағаланың бірлігіне қылау жуытпау. Мұсылманшылықтың маңызды ұғымы дар-аль-ислам – ислам әлемі. Бұл ұғым дар-аль-харб ұғымына, яғни өзгелер әлеміне қарсы қойылады. өзгелер әлемі түбі ислам әлеміне қосылуға тиіс. Мыс., қасиетті соғыс жиһад арқылы.мұсылмандардың әрбір тобы уммаға бірігуі тиіс. Умма – адамдардың ұлттық, тілдік және діни қауымы, сонымен қатар әлеуметтік ұйымдасудың түрі. Исламда шіркеу және дін қызметкерлері ұғымы жоқ, себебі ислам Құдай мен арасында дәнекер болуы мүмкін деп есептемейді. Дінсізді мұсылманға айналдыру үшін, ол»Алладан өзге Құдай жоқ және Мұхаммед соның пайғамбары» десе және осы сөзді ең кемінде екі мұсылман куәландырса, жетіп жатыр. Ислам – Мұхамедтен өзге тағы төрт пайғамбарды мойындайды: Құдайдың сүйіктісі Нұхты, Алланың бірлігіне ең бірінші болып сенген Ибрагимді, Құдай кітабы Тораны Ысрайыл еліне жеткізген Мұсаны және христиандарға Құдайдың Інжілін жеткізген Исаны. Бірақ Мұхаммед ең басты және бірегей пайғамбар боп қала береді.

ЙОГА (санскр. – байланыс, ойды жинақтау, бірлесу, тәртіп, терең ой) – көне және ортағасыр үнді философиясының жүйесі. Йоганың негізгі Патанджали, Упанишад йога және Титада жүйеге келтірілген. Йога жанды дүние құбылыстары әсерінен азат етуді көздейді. Ондағы мақсат – санадан, өзін өзі танудан арылып, абсолюттік тыныштыққа жету не жеке жанды абсолюттікке, Құдайға жақындату. Олар адамның тынысын, демін, тамақтануын реттеудің ережесін жасады. Йогтар екі түрге бөлінеді: бірі - өмірден безу, екіншісі – этикалық қатаң тәртіпке жүгініп, өзін тек қыспақта ұстау. Йога идеясы 20 ғ. мәдениетіне қарқынды ене бастады. Йоганы түсіндірудің жолдары қай кезеңде болсын көне бастауларға апарады. Йоганы хатха-йога, джанана раджа, бхакти, карма-йога деген бес бағытқа бөліп қарастырады.

  • К –

КАЛАМ (арабша калам – сөз) – ортағасырлық мұсылман философиясының бағыты, ислам дінінің принциптерін, негізгі көзқарастарын зерттеп, түсіндіруді және қорғауды мақсат еткен. Каламды спекулятивтік теология деп те атайды, бұл жерде спекуляция деген тәжірибеден тыс жатқан заттар туралы білімге ойлау арқылы жетуді білдіреді.

КАРМА – «іс-әрекет», көне Үнді философиясының ұғымы. Ең мардымсыз деген іс-әрекеттің өзі бүкіл өмір ағымына әсер етеді де, бұл себеп, жақын уақытта болсын, не біраз уақыт өткен соң болсын, - міндетті түрде салдар туғызады, ол жақсы немесе жаман болуы мүмкін. Жағымды істердің нәтижесінде бақыт пайда болады, ал жағымсыз істер азап, қасірет әкеледі. Осы адамгершілік заңдылығы карма деп аталады.

КАРТЕЗИЙШІЛДІК (Декарт есімінің лат. транскрипциясы) – Декарттың, әсіресе оның ізбасарларының пір тұтқан ілімі. 17-18 ғ.ғ. француз және нидерланд философтары арасында көп таралған картезийшілдік мектеп екі бағытқа: Декарттың табиғатты механистік-материалистік түсінуіне қосылған прогресшіл бағытқа (Г. Леруа, Ламетри, Кабанис) және Декарттың идеалистік метафизикасына сүйенген бағытқа (окказионализм, Мальбранш) бөлінеді.

КАСТА – үнді қоғамында тарихи пайда болған жабық әлеуметтік топ. Оны кейде варна деп те атайды. Негізінен кастаның 4 түрі бар: Брахмандар (ақтар) – ой еңбегі, негізінен діни қызметкерлер, ел басқарушылар. Кшатрилер (қызылдар) – жауынгерлік іспен айналысушылар. Вайшьилер (сарылар) – еңбекшілер, негізінен, егін егу, мал бағу, қолөнермен айналысушылар. Шудралар (қаралар) – ең ауыр, кір жумыстармен айналысатындар. Әрбір кастанын өзінің әдет-ғұрыптары және басқа касталармен қандай қатынаста болу керек жөніндегі ережелері бар. Үлкен касталардың өзі іштей әртүрлі топтарға бөлінеді. Басқа жақтан келген адамдар бірде-бір кастаның ішіне кіре алмағаннан кейін, өзінше дербес каста болып қалыптаса бастайды. Касталық қоғам қалай пайда болғаны, оған әкелген қандай себептердің болғаны белгісіз болса да, оның негізінде жатқан 3 принципті көрсетуге болады. Олар: Әрбір кастаның ішкі тазалығы және басқалардың сол тазалықты бұзу мүмкіншілігінен пайда болатын үрей, қорқыныш сезімі; Касталық қоғамның пирамидальдық құрылымы. Әр каста өзінен төмен жатқан топтарға жоғарыдан қарап, өзінің қадірлігін сезінуге мүмкіндік алады; Реинкарнация, яғни адамның жан дүниесінің келесі өмірде ауысып кету мүмкіндігі.

КАТАРСИС (гр. katharsis- тазарту) өнердің адамға эстетикалық ықпалын сипаттайтын ежелгі грек эстетикасындағы ұғым. Катарсис сөзін гректер көп мағынада: діни, этикалық, физиологиялық мағыналарда қолданды. Аристотель өзінің еңбегі «Поэтикада» трагедияны жанашырлық білдіру мен үрей туғызу арқылы құштарлық сезімінен тазартатынын атап өтті. «Политикада» ол музыка арқылы «адамдардың әлдеқалай тазаратынын және ләззатпен байланысты бойын жеңілдететінін» айтады. Байтақ әдебиетте катарсис пен оның мән-мағынасы туралы бірегей пікір жоқ.

КАТЕГОРИЯ – шындықтың, пікірлердің және ұғымдардың жалпы және қарапайым формалары, олардан басқа ұғымдар туындайды. Сонымен қатар, категориялар таным объектілері болмысының алғашқы және негізгі формалары.

КАТЕГОРИЯЛЫҚ ИМПЕРАТИВ – Кант философиясының ұғымы, жалпыға бірдей, жеке принципке (максима) қарама-қарсы, міндетті түрде орындалуға тиіс мінез-құлықтық ереже. Кант этикасындағы адамгершілік заңын сипаттайтын философиялық термин. Кант бұйыру формасында жасалатын ұсынысты императив (лат. іmperativus — әмірлі) деп атады. Канттың пікірінше, императив не болжамдық, не категориялық болуы мүмкін. Біріншісі көкейдегі мақсатқа (мыс, утилитарлық пайдаға ұмтылуға) байланысты (құрал ретіндегі) бұйыруды білдіреді; «екіншісі үзілді-кесілді бұйырады.

КАТОЛИКТІК (гр. каtһоlікоs - ғаламдық) – негізінен Батыс Европа мен Латын Америкасы елдерінде таралған христиан дінінің бір түрі. Католицизмнің ерекшеліктері: қасиетті рухтың жеке құдайдан ғана емес, бала-құдайдан да шыққанын мойындау, Рим папасының христиан наместнигі ретіндегі үстемдігі туралы, папаның пәктігі және т.б. туралы догматтары. Католицизмнің православиядан діни және ережелік айырмашылықтары: дінбасыларының некелеспеуі (целибат), марианизмнің ерекше дамуы (құдай-анаға табыну) және т.б. Католицизм орталығы — Ватикан, католиктік партияларға, кәсіп-одақтарға, жастар және әйелдер ұйымдарына, оқу орындарына, баспасөзге, баспаларға және т. б. ерекше ықпал жасап отырады. Қазіргі Католицизм өзінің діни ілімін жаратылыстану деректерімен байланыстыруға, католиктік «әлеуметтік доктринаны» жариялау жолымен әлеуметтік-саяси өмірге ықпал етуге әрекет жасады. Соңғы жылдарда католицизмде, өзінің бұқара арасындағы позицияларын нығайтуға бағытталған және католиктік догматтар мен мінәжат етуді жаңғыртудан, мінәжәт етуді жергілікті тілдерде жүргізуден, Азия, Африка және Латын Америкасы елдерінде жергілікті халықтан дін басыларын даярлаудан, шіркеуді «саясатсыздандыру» ұранынан және т. б. тенденциялар байқалуда. Бұқараның көңіл-күйін ескере отырып, католик дінінің көптеген өкілдері әлеуметтік реформаларды және салиқалы, реалистік саяси бағытты жақтауда, мұның өзі, мысалы Рим папаларының кейбір энцикликаларынан айқын керінді. Неотомизм католицизмнің ресми философиясы (XIII Лев папаның энцикликасы «Этерни патрис», 1879) болып табылады.

КЕҢІСТІК – материя болмысының формасы, оның көлемін, барлық материалдық жүйелердегі элементтердің өзара әсерін және болмыстық кеңістіктік-универсалдық, жалпы категорияларын сипаттайды. Кеңістік бір уақытта бірге өмір сүріп отырған объектілердің орналасу тәртібін білдіреді. Дүниенің құрылымдық қасиеттерін, материалдық объектілердің және жүйелердің, оларды құрайтын бөлшектердің аумағын, басқа заттардың, денелердің, құбылыстар мен процестердің арасындағы алатын орнын, олардың өзара орналасуы мен байланысын сипаттайтын ұғым.

КИНИКТЕР – б.з.б. 4 ғ. негізін Антисфен қалаған антикалық философиядағы сократтық кезеңдегі мектептердің бірі. Бұл бағыттың көрнекті өкілдері Синоптан шыққан Диоген, Кратет. Олардың идеялары құлиеленушілік қоғамдық құрылыста демократиялық ұстанымға негізделді. Жалпыға бірдей қоғамның заңдылықтарынан бас тартып, кез-келген қоғамда өздерінің ғана ережелерімен өмір сүруге, жалғыздық пен кедейшілікте, басқарушы тап өкілдері мен идеалистік философиялық ілімдерді сынға ала отырып, байлық пен рухани құндылықтардан бас тартты.

КЛЕРИКАЛИЗМ (латынша clericalis – шіркеулік) – католик шіркеуі мен оның басшысының беделін көтеруге және күшейтуге бағытталған талпыныстар жиынтығы.

КОГЕРЕНТТІК АҚИҚАТ – ғылымда ашылған жаңа деректердің негізінде жасалған белгілі бір тұжырымдардың бұрынғы өмір сүріп жатқан теорияға сәйкес келуі. Егерде жаңа ашылған ғылыми жаңалықтарды ескі теорияның шеңберінде түсіне алмасақ, яғни олар бір-біріне когерентті болмаса, онда ғылымның сол саласында дағдарыс басталып, жаңа ізденістерге жол ашылады.

КОНТРМӘДЕНИЕТ – мәдениеттануда сырқы күштердің мәдениетке ықпалын айқындайтын термин.

КОНФУЦИЗМ – көне Қытайдағы «қызмет етушілер философиясы» деген атауға ие болған негізгі ағымдардың бірі. Конфуцизмнің іргесін қалаған Конфуций (б.з.б. 551-479). Бұл мектеп алғашында жу – «ғалым-интеллектуалдар мектебінің ілімі» деп те аталды. Өзінің филоофиялық мектебін Конфуций өмірлік тәжірбие жинақтап, адамға қажетті алты өнерді – салттарды білу, музыканы түсіну, садақ ата білу, күйме арба айдау, жаза және санай білу істерін меңгерген, әбден кемелденген жасында құрды деп есептеледі. Өзінің қоғамадағы рөлін Конфуций өте қарапайым бағалап, өзін жаңа ілімді жасаушы емес, көне данышпандардың «Шу цзин» және «Ши цзин» кітаптарындағы даналығын халыққа жеткізуші ғанамын деп түсінген. «Лунь юй» («Әңгімелер мен пікірлер») еңбегі Конфуций туындысы ретінде қабылданады. Оның негізгі мазмұны – мемлекет пен жеке адамды жан-жақты жетілдіру жолдарын көрсету. Конфуцийдің пікірінше, мемлекеттің жақсы болмағы оны құрап отырған адамдарға байланысты, сондықтан да жеке адамның міндеті – мемлекетке, өзіне жоғары тұрған адамға қызмет ету.

КОНФОРМИЗМ (лат. тәрізді, ұқсас, сәйкес) – ықпалы күшті, үлгілі стеоротипке сынмен қарамай еріп кету, бейімделген, пассивті әлеуметтік іс-әрекет түрі.

КОНЦЕПТУАЛИЗМ (conceptus – лат. сөзі, ұғым) схоластикалық философияның бағыты, өкілдері – Абеляр, Иоанн Солисберийский және т.б. Жалпы ұғымдар жөніндегі пікірталаста концептуалистер номиналистер сияқты ортағасырлық реализм ілімін сынға алып, жалпы ұғымдардың нақты заттардан тәуелсіз өмір сүретінін жоққа шығарды, бірақ олардың номиналистерден айырмашылығы, концептілер ақиқатты танудың ерекше формасы, деп тұжырымдап, жалпы ұғымдардың ақыл-ойда өмір сүруін мойындауы. Басқаша айтқанда, жалпы ұғымдар бөлек өмір сүре алмай, болмыстық орны болмағанмен, бірақ олар тек қана заттарға қойылған ат емес, негізінде ақыл-оймен қорытылған заттардың жалпы қасиеттерін бейнелейді. Жаңа заманда концептуалистік ұстанымға Дж. Локктың көзқарасы жақын болды.

КОСМОС (грекше – ғалам) – хаосқа қарама-қарсы, реттелген тұтас, жүйелі құрастырылған бірлік ретінде түсінілетін әлем, дүние. Дүниені реттілік пен үйлесімділіктен тұратын космос деп ең алғаш рет Пифагор атады.

КРЕАТИВТІЛІК – шығармашылықты тұлғаның, процестің, өнімнің мәдениет универсумын, индивидтің тәжірибесін немесе әлеуметтік маңыздылығын өзгертуге көрінетін тудырушы қаблеті.

КРЕАЦИОНИЗМ – дүниені жаратылыстан жоғары тіршілік етуші жаратқандығы туралы діни ілім.

КРИТИЦИЗМ – философиялық және ғылыми-теориалық ойлауға тән ұстаным, методологиялық әдіс. Критицизм ақиқат білімнің қатаң логикалық өсуін қамтамасыз ететін универсалдық метод жоқ, сондықтан ғылымның міндеті – ізденіс және формальдық-логикалық тәсілдердің көмегімен жалған теорияларды теріске шығару деп пайымдайды.

КӨЗҚАРАС – метафизикалық ойлау мен зерттеулер нәтижелерінің жиынтығы, объективті дүниеге және ондағы адамның орнына, адамның өзін қоршаған ортасы мен өзіне деген қатынасын білдіретін пікірлерінің және олардан туындайтын өмірлік ұстанымдарының, сенімдерінің, идеалдарының, құндылықтық бағыттарының жүйесі.

КУМУЛЯТИВИЗМ – ғылым философиясының методологиялық ұстанымы, білімнің дамуы ақиқат білімдердің қордаланған мөлшеріне жаңа ережелерді біртіндеп қосу арқылы жүреді деп есептейді.

  • Қ –

ҚАБІЛЕТ (философияда) – адам психикасының өмір сүруінің ішкі шарттары мен тәсілдері. Қабілеттің үрдіс табиғаты оны табиғи бірлік сәттеріне жетелейді, психика дегеніміз де – осы бірлік, ал қабілет – оның сыртқы және ішкі көрінісі. Адамның табиғи жаратылысы болып табылатын психика оның белгілі бір жақтарын өзгеріссіз түрде сақтаумен ғана емес, сонымен бірге өмір шындығын психикалық бейнелеудің жаңа, тұтас жүйесін іске асырушы (пайда болу, туу негіз) бола білу қабілетімен де сипатталады.

ҚАБЫЛДАУ – материалдық дүниенің заттары мен процестерінің сыртқы құрылымдық сипаттарының сезім мүшелеріне тікелей әсер ететін сезімдік бейнесі.

ҚАЖЕТТІЛІК пен КЕЗДЕЙСОҚТЫҚ – философиялық категориялар. Мүмкіндіктің шындыққа айналуы қажеттілік пен кездейсоқтықтың өзара диалектикалық байланысының нәтижесінде іске асады. Өйткені Дүниеде, бір жағынан қажеттілік, екінші жағынан, кездейсоқтық бар. Қажеттілік – құбылыстың дамуындағы болмай қалмайтын, әрдайым іске асатын жақтары. Кездейсоқтық – ол болуы, я болмауы да, өмірге енуі, я енбеуі де мүмкін.

ҚАЙШЫЛЫҚ – қандай да болсын дамудың, қозғалыстың ішкі даму көзін көрсететін категория.

ҚАРАМА-ҚАРСЫЛЫҚ – заттардың ішкі айырмашылығынан туындайтын, бірін-бірі жоққа шығаратын, сонымен қатар, бір-бірімен байланысып жататынын көрсететін, қайшылықтың даму сатыларының бірін білдіретін категория. Өзгешелік секілді, қарама-қарсылықта сыртқы және ішкі қарама-қарсылық болуы мүмкін. Сыртқы қарама-қарсылық дегеніміз - әлдеқандай ұқсас, бірақ ішкі жағынан бір-бірімен байланысты емес мәселелердің,заттардың, процестердің және т.б. бірдей болмауының шекті сатысы. Ішкі қарама-қарсылық қарама-қарсы мәселелердің, заттардың, процестердің және т.б. ішкі, қажетті байланыстың, ішкі бірліктің болатынын көрсетеді.

ҚАТЫНАС – заттар мен құбылыстардың өзара тәуелділігін, байланысының бір сәтін білдіретін категория.

ҚОҒАМ – адамдардың арасында қалыптасатын сан алуан байланыстар мен қарым-қатынастардың жиынтығы. Тар мағынасында қоғам ұғымы жалпының бірлігі, ерекше және дара белгісі ретінде (Мыс: алғашқы қауымдық, құл иеленушілік, феодалдық, капиталистік, социалистік) және бөлек аймақ, мемлекет (Мыс: үнділік, американдық және т.б.) түрінде берілуі мүмкін. Кең мағынасында, қоғам табиғаттан дараланған, материалдық ұйымдастырылған, дамудың жоғарғы сапалы деңгейі, бірақ, қайткенмен оның құрылымдық бөлігі жалпы объективтік заңдылықтарға, дамудың нақты-тарихи кезеңдеріне тәуелді. Табиғаттағы соқыр және санасыз күштермен салыстырғанда, қоғамда дарынды сана мен ерікке ие, алдарына мақсат қоя біліп, оған жетуде қажырлы еңбекпен айналысатын адамдар әрекет етеді. Қоғам – күрделі, тарихи дамитын біртұтас жүйе. Қоғамның қалыптасуы – бірнеше миллиондаған жылдарға созылған ұзақ процесс. Қоғамның әлеуметтік қатынастарында көрініс табатын қоғамдық сана мен қоғамдық болмыс және қоғамдық идеология мен қоғамдық психология белсенді қызмет атқарады.

ҚОҒАМ ДАМУЫНЫҢ ҚОЗҒАУШЫ КҮШТЕРІ – қоғамның өмір сүруі мен әрекет етуін қамтамасыз ететін мәнді, қажетті, ұзақ уақыт ықпал ететін себептері. Тарихты қате тұрғыдан түсінушілер Қ. д. қ. күшін идеалдық талаптануға, адамдардың тарихи қызметінің мотивтеріне, саяси зорлыққа әкеп тірейді, оны адамның өзгермес табиғатынан, сыртқы ортадан, табиғаттан тыс немесе иррационалдық күштерден, түрлі факторлардың механикалық қиыстандыруынан көреді. Тарихты диалектикалық негізде түсінетін ойшылдар саяси және руханилыққа қатынасында Қ. д. қ. күштерінің алғашқылығын және анықтаушы сипатын, сонымен бірге саяси мен руханилықтың белсенділігін, шартты дербестігін дәлелдеп берді, тарихтың шешуші қозғаушы күші ретінде халық бұқарасының ролін ашып көрсетті. Қ. д. қ. к. қатарына қоғамдық қайшылықтар, оны шешуге бағытталған әлеуметтік субъектілердің прогрессивті қызметі, ондай қызметтің (мұқтаждық, мүдде және т. б.) түрткі болған күштері жатады. Құрылымды-функционалдық аспект тұрғысынан Қ. д-қ. к. табиғи (демогр. және геогр.) және қоғамдық факторларға бөлінеді; қоғамдық фактор материалдық-экономикалыққа, әлеуметтікке, саяси және руханилыққа, объективті және субъективтікке жіктеледі. Басты жалпытарихтық қозғаушы күш-материалдық өмірдің өндіріс тәсілі.

ҚОҒАМДЫҚ ҚАТЫНАСТАР – адамдардың бірлескен практикалық және рухани қызметі процесінде олардың арасында қалыптасатын қатынастар. Олар материалдық және идеол. қатынастар болып екіге бөлінеді. Материалдық игіліктер өндіру адамзат қоғамының дамуы мен өмір сүруінің негізін құрайды. Сондықтан барлық қоғамдық қатынастар ішінде аса маңыздылары өндірістік, экономикалық қатынастар болып табылады. Өндірістік қатынастар барлық басқа қоғамдық қатынастар – саяси, құқықтық, адмгершілік, діни және т.б. қатынастардың сипатын белгілейді. Барлық қоғамдық қатынастар өндірістік қатынастарға байланысты екенін мойындау қоғамның тарихи дамуының заңдылықтарын ғылым негізінде түсіндіріп беруге мүмкіндік берді.

ҚОҒАМДЫҚ САНА – қоғамның өзін-өзі, өзінің қоғамдық болмысын және қоршаған ортаны түйсінудің нәтижесінде пайда болатын қоғамдағы әр түрлі пікірлердің, теориялардың, идеялардың, діни сенімдердің жиынтығы. Ол қоғамдық болмысты бейнелейді, бірақ салыстырмалы түрде белсенді, яғни, қоғамдық болмысты пассивті бейнелеп қана қоймай, өзі де қоғамдық болмыстың дамуына белсенді әсер етіп отырады. Қоғамдық сананың құрылымында көбінесе төмендегі деңгейлер - әдеттегі және теориялық саналар, қоғамдық психология және идеология бөлініп көрсетіледі. Қоғамдық сананың формалары шындықты рухани игерудің әр түрлі әдістерін бейнелейді. Қоғамдық сана формаларына саяси, діни, эстетикалық, этикалық, құқықтық, т.б. сана түрлері жатады.

ҚОЗҒАЛЫС – материяның маңызды атрибуты, өмір сүру тәсілі. Табиғат пен қоғамда жүріп жатқан процестердің бәрі қозғалыс болып есептеледі. Ең жалпы түрде алатын болсақ, қозғалыс – кез-келген өзгеріс, марериалдық объектілердің өзара әсері және олардың күйлерінің ауысуы.

ҚҰДАЙ – дүниені жаратқан және оны басқарып отыр деп саналатын табиғаттан тыс құдіретті тіршілік иесінің қиялдағы бейнесі; иудаизмде – Яхве, Исламда –Алла, христиан дінінде – «қасиеттң үшеу» (әке құдай, бала құдай және қасиетті рух құдай) және т.т.Қ. туралы түсінік қазіргі дін формасының негізі болып табылады. Дін дамуының алғашқы кезеңдерінде «Құдай» ұғымы болмаған. Алғашқы қоғамды құрылыстың ыдырауы тайпалық бірлестіктердің дамуы, таптар мен мемлекеттің пайды болуы жағдайында тайпалық және мемлекеттік Құдай бейнесі туды. Теология Құдай бар екенін философиялық тұрғыдан дәлелдеуге, Құдай құдайды абсолютті идея, әлемдік ерік, әлдебір түр-түссіз парасатты негіз түрінде көрсетуге тырысатын қағидаларды пайдаланады. Қазірде теологтар философиялық ілімдер және жаратылыстану деректерін пайдалан отырып, Құдай идеясын жаңартуда.

ҚҰНДЫЛЫҚТАР – адам өмірінің бағытын анықтайтын, оған керек, мәнді, оның құрмет тұтатын, керек болса, бас иетіннің бәрін жатқызуға болады. Сонымен қатар, қоршаған ортадағы объектілердің адам мен қоғам өміріне тигізетін игі немесе жағымсыз құбылыстарды айқындайтын өзіндік әлеуметтік анықтама (табиғат пен қоғам өмірінде көрініс табатын игілік, жақсылық, жамандық, әсемдік, ұсқынсыздық сияқты құбылыстар). Құндылықтарды зерттейтін философия саласы аксиология (aksios – құнды, logos – ілім) деп аталады.

Л

ЛЕГИЗМ (заң мектебі, Фацзя) – көне Қытайдағы әлеуметтік ілімдердің ірі бағыты. Негізін салушылар Шан Ян (б.з.б. 390-338 жж.) және Хань Фэй (б.з.б. 228-233 жж.). Б.з.б. 3 ғ. император Цинь-Ши-Хуаның тұсында легизм Қытайдың ресми идеологиясына айналды. Легизмнің маңызды мәселесі қоғамды басқару. Қоғамды басқарудың жолы қатаң тәртіптер мен қатал тәрбиеде деп білді легистер.

ЛИБИДО (лат. libido – құмарлану, қалау, ұмтылу) – Фрейд қалыптастырған психоанализдің негізгі ұғымдарының бірі. Фрейдтің түсінігінде либидо сексуалды сипаттағы құмарлық, көбіне бейсаналы түрде болады.

ЛОГИКАЛЫҚ ҚАТЕЛЕР – ойлану барысында ойдың бұрыс жолмен кетуінен туындайтын қателер. Логикалық қателер белгілі бір пікірлерді айту үшін ойлаудың алғы шарттарын бұрыс талқылаудан немесе пайдаланудан; ойлау барысында логика заңдарының бұзылуынан; пікірдің қорытындысын бұрыс талқылаудан, т.б. келіп шығады. Логикалық қателер абайсыздық (паралогизмдер) және әдейі болып бөлінеді.

ЛОГОС (грекше сөз және мән-мағына) – Гераклит болмыстың тұтастығын, тұрақтылығын және гармониясын бейнелеу үшін енгізген философиялық субстанционалдық термин; ой, ұғым, ақыл-ой, дүниежүзілік заңдылық мағыналарында түсініледі.

М

МАЗМҰН және ФОРМА – философиялық категориялар. Мазмұнға – зат, я болмаса құбылыстың барлық құрамдас бөліктерінің жиынтығы, олардың қасиеттері мен байланыстары, қайшылықтары жатады. Форма – мазмұнның өмір сүру тәсілін, оның ішкі ұйымдасу тәртібі.

МАЙЕВТИКА – пікірталас, диалог, әңгімелесу нәтижесінде ақиқатқа жетуге болатын логикалық әдіс. Майевтиканы философияға Сократ (б.д.д. 470 ж.) енгізіп, кеңінен қолданды. Оның пікірінше, адам ақиқат білімге философтардың көмегімен, олармен әңгіме-сұхбат арқылы жете алады.

МАҚАЛ – халық поэзиясының жанрлық түрі, түйінді ойды білдіретін, тура мағынасына орай астарлы мағынада бере алатын ықшамды нақыл сөз.

МАҚСАТ – белгілі бір межеге қол жеткізуге бағытталған әрекеттің ой-санадағы көрінісі. Мақсат тікелей міндет ретінде іс-қимылды бағыттап, реттеп отырады. Адам өз ерік-жігерін бағындыратын ішкі заң есебіндегі практикаға өзек болады. Мақсат адам санасының белсенді жағын білдіре отырып, объективті заңдарға, қоршаған ортаның және субъектінің нақты мүмкіндіктеріне сай келуі керек, сонда ғана адамдардың нысаналы қызметінде азаттық пен қажеттілік арасындағы диалектикалық қарым-қатынаста көрініс табады. Мақсат шындықты жүзеге асыру үшін қажет белгілі құралдармен бірлесе іс-қимыл жасағанда ғана оны өзгерте алатын күшке айналады. Мақсат келешектегі, таяудағы тікелей, жалпылама, жеке, аралық және түпкі мақсатттарға бөлінеді. Шартты мағынада «Мақсат» терминімен ғылымда кері байланыс жолымен қол жеткізетін жүйенің жалпы күй-жайы белгіленеді.

МАРБУРГ МЕКТЕБІ – неокантшылдық бағыттарының бірі. Оның басты өкілдері Коген, П.Наторп, Кассирер, Р. Штаммлер болды. Кант іліміндегі объективтік тенденцияны теріске шығара отырып, олар дәйекті субъективизм позицияларына көшті. Марбург мектебі іліміне сәйкес, философиялық дүние туралы білім бола алмайды, ол жеке ғылымдардың метадологиясы мен логикасына саяды. Объективті болмысты теріске шығара отырып, марбург мектебінің философтары танымды сезім-түйсік мазмұнынан оқшаулауға ұмтылды, оны ұғымдар құраудың таза логикалық процесі деп санады. Бұл жағдайды марбург мектебі методологиясы жеке ғылымдарға күштен танылатын тұрлаусыз ортақ принциптер түрінде көрінді. Сол принциптердің бастысы ретінде міндетті болу принціпі деп саналады, оны марбург мектебінің өкілдері социология саласына да таратты. Қоғам дамуының объективті заңдылықтарын теріске шығарып, марбург мектебі социализмді қулықтық құбылыс, топтан тыс «этикалық идеал» деп санады. Марксизмді кантшылдықпен «толықтыруға» шақырғанымен, теоритиктері, шын мәнінде социологиялық идеялары Ресейдегі «жария марксизмге» ықпал жасап, П Интернационал өкілдерінің (Берштейн, Каутский, М. Адлер және т.б.) марксизмді қайта қарауына негіз болды. Қазіргі кезде бұл идеяларды оңшыл социалистер кеңінен пайдалануда.

МАРКСИЗМ – диалектикалық және тарихи материализмді, ғылыми коммунизмді, әлеуметтік-саяси және экономикалық көзқарастарды қамтыған ғылыми жүйе. Диалектикалық – материалистік философияның негізін салушылар – Карл Маркс (1818-1883 жж.) және Фридрих Энгельс (1820-1895 жж.), ал бұл бағытты кейіннен шығармашылық негізде одан ары дамытқан Ленин болды. Маркстік философияның теориялық негізі немістің классикалық философиясы болып табылады. Маркстік философияның мәні: «Философтар әр түрлі жолдармен дүниені түсіндірумен болды, алайда мәселе оны өзгертумен дәйектеледі» деген қағидада көрінеді. Маркс пен Энгельс идеалистік тәсілдің қоғамдық-тарихи құбылыстарды түсіндірудегі дәрменсіздігін көрсетті. Маркс пен Энгельс ғылыми айналымға мәні материалдық өндірістің қоғамдық өмірдің өзге салаларына қатысты анықтаушы рөлін танумен дәйектелетін «тарихты материалистік түсіну» ұғымын енгізді. Маркс тарихи процесті жіктеудің формациялық концепциясының авторы. К. Маркс тарихтың материалистік түсінігін философия тарихында алғаш жасап берген. Маркстің ілімі бойынша қоғамдық болмыс қоғамдық сананы анықтайды. Сонымен бірге олар әлеуметтік-экономикалық детерминацияны абсолюттендірудің, оны сыңаржақты процесс ретінде қарастырудың қате екенін атап көрсетті. К.Маркстің негізгі шығармалары: «Капитал», т.б. Ф.Энгельстің негізгі шығармасы «Табиғат диалектикасы». В.И.Ленин (1870-1925 жж.) маркстік философияның негізгі идеяларын ары қарай дамытқан. Маркстік-лениндік идеология кеңестік кезеңінде біздің қоғамда үстемді рөл атқарған. Лениннің негізгі философиялық шығармалары: «Материализм және эмпириокритицизм», «Философиялық дәптерлер».

МАТЕРИАЛДЫҚ МӘДЕНИЕТ – біртұтас адамзаттық мәдениеттің бір бөлігі. Адамның заттық пішінге түскен руханилығы, табиғи объект пен оның материалы заттарға, қасиеттер мен сапаларға айналған және мұның бәрі адам арқылы ғана бола алатын, демек, мәдени мақсатқа сәйкес міндеті және өркениеттік рөлі бар шығармашылық қызметтің нәтижелері. Рухани мәдениетке қарағанда, материалық мәдениет табиғи объектілердің сапалары мен белгілеріне, адам материалдық заттарды, ішетін тамақ және өмір сүру үшін қажет басқа да жабдықтарды жасағанда, негізгі материал немесе шикізат ретінде пайдаланатын заттар түрлері энергия мен ақпаратқа тікелей тәуелді. Материадық мәдениетке өндірістің әртүрлі құрал-жабдықтары, энергетикалық және шикізат ресустары, еңбек құралдары, өндіріс технологиясы және адам өмір кешер ортаның инфрақұрылымы, коммуникация мен көлік құралдары, тұрмыстың, ойын-сауықтың ғимараттары, пайдаланылатын әртүрлі құралдар жатады. Тұтастай алғанда, адам қызметінің нәтижесі болып табылатын материалдық құндылықтардың барлық түрі.

МАТЕРИАЛИЗМ (лат. materialis – заттай) – идеализмге қарсы ғылыми философиялық бағыт. Философиялық материализм материяны кеңістік пен уақыт аралығында өмір сүретін мәңгілік, шексіз, жоғалмайды, жоқтан пайда болмайды деп қарастырады. Онтологиялық мәселе материалистер үшін сыртқы дүниенің объективті өмір сүруін, оның мәңгі, шексіз тіршілігін мойындаушылық, ал идеалистер үшін рухтың болмысын алғашқы, қозғаушы күш ретінде уағыздаушылық. Бірақта сыртқы және ішкі дүниенің өзгерістері туралы көзқарастар үнемі жаңарып отырды. Осыдан материализмнің негізгі үш тарихи түрін ажыратуға болады: Тұрпайы материализм – көне Грекия, Үнді, Қытайда пайда болды, өкілдері: Лао цзы, Ян Чжу, Ван Чун, локаята мектебі, Гераклит, Анаксагор, Эмпедокл, Демокрит, Эпикур және т.б.; Механикалық-метафизикалық материализмді – 17-18 ғғ. француз материалистері Ламетри, Дидро, Гельвеций, Гольбах дамытты, сонымен қатар Фейербахтың антропологиялық материализм концепциясыда негізделді; Диалектикалык материализмнің негізін – К.Маркс пен Ф.Энгельс 19 ғ. ортасында салды.

МАТЕРИЯ (лат. material – зат) – дүниеде өмір сүріп отырған объектілер мен жүйелердің бәрінің шексіз көптігі, кез-келген қасиеттердің, байланыстардың, қатынастардың және қозғалыстың формаларының субстраты. Материя – адамның санасынан тыс, тәуелсіз өмір сүретін және санада бейнеленетін объективтік шындық.

МӘДЕНИЕТ (лат. cultura – өңдеу, тәрбиелеу, білім, даму) – адам қызметін ұйымдастыру мен дамытудың ерекше тәсілі, материалдық және рухани еңбектің нәтижелерінде, әлеуметтік ережелер мен мекемелер жүйесінде, материалдық және рухани құндылықтарда, адамдардың табиғатқа, өзара және өздеріне қатынастарында көрінеді. Философиялық түсінікте «мәдениет» сөзімен адам жасағанның бәрін атайды. Қай жерде адам, оның қызметі, адамдар арасында қатынас бар – сонда мәдениет те болады. Мәдениет – өркениеттің жетістігі, ондағы ең жетілген – адамдық триумф.

МӘДЕНИЕТ ФИЛОСОФИЯСЫ – мәдениетті оның тарихи қалыптасуын және құрылымдық ерекшеліктерін толық қамти отырып зерттейтін философиялық пән.

МӘҢГІЛІК – әлемнің өмір сүру уақытының шексіз ұзақтығы, оның шарты – материаның жаратылмайтындығы мен жойылмайтындығы, оның субстанциялылығы, әлемнің материалдық бірлігі. Мәңгілік тұтас алғанда жалпы материяға ғана тән; әлемдегі әрбір нақты құрлым уақыт жағынан өтпелі болып келеді.

МӘТЕЛ – халық поэзиясының ықшамды нақыл сөз үлгісіндегі келетін жанрлық түрі, кестелі сөз. Мәтелде көбінесе айтылатын ойдың ұшығы, тұспалы ғана болады, ол нақышты сөйлемше түрінде келеді.

МЕМЛЕКЕТ – белгілі бір аумақта мемлекет етіп, сол жердегі халықтың еркін дамуына мүмкіндік беретін қоғам қатынастарынан туындайтын ортақ істерді атқаруға қажетті органдары бар саяси ұғым. Мемлекет – саяси жүйенің басты элементі, оның негізгі ұйымы. Ол – керек кезінде арнаулы күштеу органдарын пайдалана отырып, өз аумағында тұратын адамдардың мүддесін қорғауға тиіс және соған орай олардың арасындағы арақатынастарды құқықтық ережелер арқылы реттейтін қоғамдық механизм. Сонымен мемлекет деп белгілі бір аумақ шеңберінде адамдардың әлеуметтік топтар, таптар мен бірлестіктердің қатынастары мен қызметтерін ұйымдастыратын, бақылайтын қоғамның саяси жүйесінің негізгі элементін айтамыз.

МЕН (философияда) – адамның дүниеге және өзіне өзі өзімсіне қарайтын жекелігінің, даралығының рухани орталығы. Өзінің іс-әрекетін дербес меңгере білетін және жан-жақты инициативаға қабілетті адамның өз «Мені». Философия тарихында көптеген концепциялар «Менді» идеалдық негіз ретінде түсіндіріп, адам «Менінің» нақты тарихи негізін көре білмеді. Оларда бұл проблема көбінесе философиялық жүйелер қүрылысының түпкі проблемасы ретінде қойылды. Декарт бойынша, «Мен» өзін ойлаушы субстанияға жататын сияқты, рационалды танымның интуициялық негізі ретінде көрсетеді және осы арқылы өзінің дербестігін қуаттайды. Оқшауланған индивид тұрғысынан алғанда пайымдаушылық та субъективизм шеңберінде – солипсизмге, метафизикалық материализм шеңберінде – адамды тарихтың сыртқы көшіне бағынатын енжар объект деңгейіне дейін төмендетуге апарып соқтырды. Неміс классикалық философиясы «Менді» ағылшын эмпиризміне тән психологиялық – индивидуалистік тұрғыдан түсіндіруден бас тартты. Бірақ ол «Менді» қоғамдық тірі адамнан бөліп алып, «трансцендентальдық субъектіге» айналдырды. Қызметтің бастапқы сипатын түсінбеген Фихте мүндай «Менді» субстанция, тек өзін-өзі ғана емес, сонымен бірге барлық мәндіні де өзінің «Мен емесі» деп білетін абсалютті шығармашылық негіз деп санады. Диалектиканы дамытушы объективті идеализм адам «Менінің» қоғамдық мәнін өмірдегі адамдардан жоғары тұрған оқшау күш – дүние жүзілік парасат (Гегель) деп түсіндірді. Иррационализм буржузиялық қоғамдағы жеке адамның түйсігін қалпына келтірді, бұл орайда жеке адам өзіндегі «Менді» теріске шығарудан қақтығысқа түседі. Бірақ индивидке иррационалдық тұрғыдан қарау оқшаулану жағдайын тек нығайта түседі. Фрейдизм капитализм жағдайында жеке адамның бөлшектенуін, талпыныстардың биологиялануын – «Меннің» «оған (көзсіз әуестіктер патшалығына) шолуы деп, ал өзінің жеке қоғамның мәнін индивидтің бұрмалап қабылдануын – өзіне дұшпан «астам – меннің» бақылауының нәтижесі деп бейнелейді. Тоталитарлық қоғамда қызметтің бөлшектенуі мен оқшаулануы шынында да индивидтің мақрұм қалуына, оның өзінің «Менін» жоғалтуына соқтырады. Сондықтан «мен» тұжырымдамасын жеңудің негізінде адамның өзін қоғамдық қатынастарды және қоғам өмірінің нормаларын жасаушы ретіндегі орнықтыру жолындағы нақты күресі жатыр.

МЕНТАЛИТЕТ, діл (лат. menta – жан құрылымы) – әлем бейнесін жасайтын және мәдени дәстүр немесе қауымдастықтың бірлігін нығайтатын жалпы рухани көңіл-күй, наным-иланым, рух дағдысы, ойдың біртұтас жиынтығы. Менталитет жеке және ұжымдық сананың өзіндік ерекшелігі бар деңгейлерін сипаттайды; бұл орайда менталитет - өзгеше ойлау типі. Менталитет – табиғат және әлеуметтік жағдайлар салдарынан туындайтын және адамның өмір әлемі туралы ұғым-танымын ашатын жалпылық. Менталитет терминін жанның негізгі орталық метафизикалық мәнін құндылықтар мен ақиқаттың түпдерек ретінде қарастыра отырып, американ философы Р.Эмерсан (1856) енгізді. Менталитет қоғамның мәдениеті, рухани өмірі бейнелегенде белгілі бір дәуірдің философиялық, діни, саяси, эстетикалық теорияларында көрінетін метаұғым болып табылады.

МЕТАГАЛАКТИКА («галактиканың арғы жағында» деген сөз) – миллиардтаған галактикаларды біріктіретін ғаламдық жүйе. Бұл терминді американдық астраном Х.Шенли енгізді. Ертеректе «үлкен әлем» деген терминінде қолданылды. («жұлдыздар әлемінен», яғни біздің Галактикадан тыс), метагалактика қазіргі заманғы бақылау құралдарының көмегімен көруге болатын материялық жүйелердің ең үлкені болып табылады. Оның диаметрі 28 млрд. жарық жылы шамасында. Біздің Галактика өзінің екі серік – галактикасымен және Андромеда жұлдыздар шоғырындағы бізге ең жақын галактикамен қоса алғанда барлығы он алты галактика жергілікті топ деп аталатын метагалактиканың көптеген ішкі жүйелерінің біріне жатады. Спектрдегі Қызыл ауытқу метагалактиканың тұрақты еместігін (кеңейе беретіндігін) көрсетеді.

МЕТАФИЗИКА – бірінші түсінігі (Аристотель бойынша) – болмыстың, білімнің және мәдениеттің тәжірибеден жоғары принциптері мен бастаулары туралы философиялық ілім. Екінші түсінігі – диалектикалық материализм метафизиканы диалектикаға қарама-қарсы, болмыстың қайшылықтар арқылы өзіндік сапалы дамуын терістейтін, дүниенің біржақты, тек ойдағы бейнесін құрастыруға бейім философиялық метод деп есептеді. Қазіргі кезеңде бірінші мағынасы басымырақ.

МЕТОД (грекше metodos – жол, зерттеу) – таным жолы, белгілі бір мақсатқа жету тәсілі, шындықты теория немесе практикалық деңгейде меңгеру әдістерінің жиынтығы.

МЕТОДОЛОГИЯ – қандай да бір ғылымда қолданылатын танымдық құралдардың, методтардың, әдістердің жиынтығы. Танымдық және практикалық-өзгертушілік қызметті ұйымдастырудың алғышарттары мен принциптерін, құралдарын зерттейтін білім саласы.

МИ – нерв жүйесінің орталық бөлімі, оған бас миі және жұлын жатады. Бас миінің жоғарғы бөлімдері хайуанаттар мен адамның психикалық өмірімен тығыз байланысты, басқару органы, яғни түрлі органдардың қызметін өзара қарым-қатынасын психиканың көмегімен реттеуші роль атқарады.

МИКРОКОСМОС ЖӘНЕ МАКРОКОСМОС (басқаша: микроскосм және макрокосм) (гр., микрокосмос- кіші әлем және макрокосмос-үлкен әлем деген сөздерінен) – тиісінше Адам мен Универсумды (ғарыш, ғалам), сондай-ақ олардың арақатынасын білдіретін ұғымдар. Бұл орайда космос деп әлдеқандай тұтас бір кеңістік қана емес, сонымен бірге оның құрылымы ретінде түсініледі.

МИЛЕТ МЕКТЕБІ (ионийлік) – Грециядағы ең көне материалистік философиялық мектеп; оның алғашқы өкілдері б.з.б. 6 ғасырда өмір сүрді. Милет ол кезде сауданың, теңізде жүзудің, мәдениеттің ірі орталығы болды, ал бұл Фалес, Анаксимандр, Анаксимен сияқты көрнекті милеттіктердің ой-өрісі мен ғылыми ынта-талабының жан-жақты өрістеуіне жағдай жасады. Олар математика, география, астрономия салаларында ғылыми жаналықтар ашты. Олар шексіз көп құбылыстардың негізін құратын бастама ретінде тұрқы бар материалдық заттарды – суды, ауаны және т.б. санады.

МИМАНСА (дұрысы, пурва-миманса) – үнді философиясындағы ортодоксальдық жүйелердің бірі. Бұл ұғымның діни және философиялық мағыналық жағы логикалық талдауды қажет етеді, бұған жауап брахмандар мен Упанишадтың мәтіндерінде кеңінен ашылады. Миманса ілімі бойынша соңғы сәт – мокшадан босану рационалды тұрғыдан түсіндіріліп, сана мен білімнің көмегімен анықталамайды деп тұжырымдалады. Бұл жолда тиымдар мен шектеулерден тұратын түрлі салт-жоралғыларды ұстануды талап ететін, қоғамдық және діни міндетті – дхарманы тұту басты орынға шығады. Миманса көзқарасы бойынша, индивид өз талап-тілектерінен тәуелсіз, дхармаға бой ұсынса, оның соңғы нәтижесі – абсолюттік тыныш күйге, сөнуге жетеді деп пайымдалады. Миманса санкхья сияқты дүниенің екі бастамасы рухани және материалдықты қолдайды. Миманса ілімі алғаш рет Миманса-сутраларда кездесетін Джайминидің (3 ғ.) жазбаларында баяндалады. Ал кейінгі комментаторлар мимансаның теологиялық жағын күшейте түсіп, өзінің құдіреттілік идеясын дамытты. Бір жағынан мимансаның реалистік және рационалистік методологиясы көне үнділік материализмге де жақын.

МИФ ФИЛОСОФИЯСЫ – мифологиялық сананың құрлымын мифтің мәдени-психологиялық құрылым ретінде атқартын функцияларын зерттейтін философиялық сала.

МОДАЛЬДІК – (логикада) (лат. Modus – өлшем, тәсіл) – пікірлердің қосталып айтылуының «күші» бойынша сипатталуы: пікірдің қажетті, мүмкін, кездейсоқ, мүмкін емес және т.б. болуы ықтимал. Дәстүрлі логикада қажеттілікті (аподиктикалық), мүмкіндікті (проблематикалық) және шындықты (ассерториялық) білдіретін пікірлер белгілі. Қазіргі логика пікірдің, сөйлемнің қасиетіне белгілі «методологиялық» баға бере отырып, модальдықтың қасиетін талдауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, модальдық деп кейбір объектілердің немесе құбылыстардың өмір сүруінің жүру барысының, сонымен қатар объектілер, құбылыстар, оқиғалар мен процестер туралы пікірлер мен логикалық пайымдаулар құрастыру және түсіну тәсілдерінің ерекшеліктерінің сипаттамасы.

МОДУС (лат. modus - өлшем, тәсіл) – заттың кейбір сәтінде ғана көрініс табатын, атрибуттан бөлегірек қасиетті белгісі. Модус маркстік философияға дейінгі қолданылған философиялық термин. Спиноза философиясында модус өзіне-өзі себепші болатын және ешбір өзге себептерді қажет етпейтін бірегей, мәңгі, шексіз материалдық субстанция ретінде көрінеді.

МОИЗМ – Конфуций іліміне қарсы Мо-цзы (Мо Ди, б.з.б. 479-400 жж.) атты ойшыл «адамды сүю» идеясын өз ілімінің негізі етіп алады. Оның ойынша, елдегі жағымсыз құбылыстардың себебі – адамдардың бірін-бірі жақсы көрмеуі. Адам өзін ғана сүйсе, мұндай эгоизм мемлекетке зұлымдық әкеледі. Ол өз пайдасын ғана ойламай, қоғамдағы басқа адамдардың да қамын ойласа, жеке пайда жалпы пайдаға ұласып, мемлекетте тыныштық орнайды. Мо-цзы елдегі ретсіздіктердің негізі кедейліктен басталады деп есептеп, адамдарды тынымсыз еңбек етуге шақырады, еңбектенген адамның кедей болуы мүмкін еместігін дәлелдеуге тырысады. Оның негізгі тұжырымдары «Мо-цзы» еңбегінде баяндалған.

МОНАДА (грек. monas – бірлік) – болмыстың құрылымдық, субстанцианалдық бірлігін көрсететін философиялық термин. Әр философиялық жүйелерде әрқалай талданылды. Пифагорлық философияда – монада дүниенің негізі ретіндегі математикалық бірлік. Н.Кузанский («Об ученом незнании», 1440) мен Дж.Бруноның («О монаде, числе и фигуре», 1591) көзқарастары бойынша – монада болмыстың бірегей бастамасы, жанданған материяның көрінісі. Монада – Г.Лейбництің («Монадология», 1714) негізгі философиялық ұғымдарының бірі. Лейбництің пікірінше, Құдай өзінің ішкі даму заңдылығына сәйкес субстанцияларды дүниеге келтірді. Барлық мәнділіктердің түпнегізі – ұсақ денелі және саналы монадалар. Монадалар табиғаттың нағыз атомдары. Монаданың негізгі қасиеттері: олар қарапайым және бөлінбейді, әрқайсысының бөлек және әрекетшіл мүмкіндігі бар, кеңістікте көсілмейді. Олар тек «философиялық нүкте» - әрекетшіл күштің түпнегізі. Құдай алғашқы монада ретінде саналса, ал қалғандары оның сәулелері болады. Монадалардың түрлері: минералдар мен өсімдіктер, жануарлар, адамның жандары, Құдай. Ломоносовтың еңбектерінде материяның бір бөлшегі (корпускулдар) ретінде «физикалық модус» термині кездеседі.

МОНИЗМ (грек. monas – жалғыз, дара) – барлық дүниенің негізі жалғыз бастама деп анықтайтын философиялық ілім. Материалистер дүниенің бастамасы мен негізін материя деп білсе, идеалистер жалғыз бастама рух, идея деп қарастырады. Идеалистік монизм Гегель философиясына тән. Ғылыми және материалистік монизм дүниенің өзі табиғатынан материалдық, ал құбылыстардың барлығы қозғалыстағы материядан құралады деп қарастыратын диалектикалық материализм болып табылады. Марксизм философиясында материализм қоғамдық құбылыстарға да қатысты болып келеді. Монизмге қарсы ұғым – дуализм.

МОРАЛЬ (лат. «moralis»- әдет- ғұрып) – адамдар мен әлеуметтік бірлестіктер арасындағы қарым-қатынастарды реттейтін қағида; адамның мінез-құлқын реттеу қызметін атқаратын әлеуметтік институт. Мораль әлеуметтік шындықтың этикалық сапаларын (ізеттілік, мейірбандылық, әділеттілік мінез-құлық, әдеп-ғұрып) бейнелейтін қоғамдық сананың ерекше нысанына жатады. Моральдің бірқатар ерекшеліктері бар: а) Моральдық ережелер мен талаптар қоғамдық ғасырлар бойы қалыптасқан құндылық негізін құрайды және жалпылама сипатта болады. ә) Моральдық қағидалар мен сезімдер нормативті, міндетті, тиісті болып табылады. б) Мораль әлеуметтік мұраттың бір түріне жатады, ол күнделікті тұрмыс қалыптарынан жоғары қойылады. в) Мораль мемлекеттік күшпен танылмайды, ол адамның еркіндігі аясымен байланысты.

МӨЛШЕР – заттардың, құбылыстардың қасиеттерінің, құрамдас бөлшектерінің санын, даму ауқымын білдіреді. Сапа мен мөлшер – болмыстың жалпы, объективті сипаттамасы. Олар адам ойлауының да жалпы түрлері, дүниені тану мен практикалық өзгерудің сатылары, адамның практикалық қызметінің түбегейлі принциптері болып табылады. Заттың сапасы мен мөлшері диалектикалық бірлікте болады. Затты тану оның сапасын танудан басталады, сонан кейін бірте-бірте оның мөлшері тану сатысына көтеріледі.

МҮМКІНДІК және ШЫНДЫҚ – философиялық категориялар. Шындық – кең мағынасында, бүкіл өмір сүріп жатқан ғажап Дүние, тар мағынада, кеңістік пен уақыттың шеңберінде өзінің мән-мағынасына толы нақтылы өмір сүретін жеке объект. Мүмкіндік – заттың бүгінгі болашағы. Оның өзгеруі мен дамуының көрініс табатын кейбір нышандары, алғышарттары. Тағы бір анықтамасы: мүмкіндік – белгілі бір жағдайларда жүзеге асуы ықтимал бар болмыс, шындық – жүзеге асырылған мүмкіндік.

МУТАЗИЛИТ (оқшанушылар, бөлектенушілер) – қаламның беделді мектептерінің бірі, роционалистік бағыт айқынырақ байқалады. Діни мәселелерді талқылаумен шектелмей, табиғат, қоғам, антрософия, философия мәселелерін де зерттеуге ұмтылған мутазилиттер фалсафаның негізін қалады.

МУТАКАЛЛИМ – қаламды жалғастырушылар, құр догматтарға сүйеніп қана қоймай, ақыл-ойға да жүгініп, діни және ғылыми білімдердің басын ашып отырады, Құдай, ерік еркіндігі, құдайы әділеттілік, Құранның пайда болуы және т.б. мәселелерді кеңінен талқылады.

МІНЕЗ – адамның генетикалық ерекшеліктеріне байланысты, өмір жағдайларына сәйкес және солардың ықпалымен байқалып отыратын оның тұрақты психикалық ерекшеліктерінің жиындығы. Мінез арқылы адамның белгілі бір жағдайда өзін қалай ұстайтындығын алдын ала білуге, бойына қоғамға пайдалы қасиеттерді қалыптастырып, мінез-құлқын бағыттап отыруға болады.

Н –

НАДАНДЫҚ – адам бойындағы білімсіздікті, қараңғылықты, мәдениетсіздікті білдіретін құбылыс. Надандық адамшылық қасиеттердің кемел формасы «кісіліктің» антиподы.

НАЗАР – белгілі бір объект немесе әрекет үстіндегі адамның практикалық және танымдық қызметінің бағытын және назарын қамтамасыз ететін психикалық жай-күй. Бір нәрсеге еріктен тысқары назар осы нәрсенің тосындылығына, ондағы өзгерістерге, басқа нәрселерден айырмасына, оның әсер ету күшіне байланысты туындайды. Ал ерікті түрдегі назар саналы міндет түрінде айқындалады. Тек адамға ғана тән ерікті түрдегі назар оның еңбек тәжірибесіне байланысты өрбиді.

НАНЫМ – субъектінің жағдайы, ол жеке адамның рухани дүниесімен тығыз байланысты болады, идеяларда бейнеленетін, объект туралы белгілі бір ақпарат хабарының негізінде пайда болады, басқа да сезімдермен қатар наным сезімімен қосарласып, адам қызметінің мотиві, стимулы, мақсаты және бағдары болып табылады. Философия мен психология тарихында наным теориясы үш түрге бөлінеді: көбінесе сезім ретінде қарастырылатын эмоциялық наным (Юм, Джеймс және т.б.); интеллектінің феномені ретінде түсіндірілетін интеллектуалдық наным (Дж, Ст. Миль, Гегель және т.б.); ерік атрибуты деп танылатын ерік нанымы (Декарт, Фихте және т.б.). Наным жеке және қоғамдық сананың қажетті элементі, адамдар іс-әрекетінің маңызды кезеңі болып табылады. Наным объектілері – табиғи және әлеуметтік өмір шындығының фактілері, құбылыстары және даму тенденциялары - субъектіге сезімдік жағынан берілмеген және мүмкіндік түрінде ғана көрінеді. Бұл орайда наным объектісі шын мәнінде бейнелі, эмоциялы деп саналады. Сонымен қатар, наным феноменінің пайда болуында діни наным ерекше жағдай болып табылады, діни нанымды қоғамның өмір сүруінің өзіне тән жағдайлары туғызады. Бұл күйінде наным парасатқа, білімге қарсы қойылады.

НАТУРАЛИЗМ – философиялық позиция, барлық бар болып отырғанды табиғатпен теңестіреді, табиғатты болмыстың бөлігі ретінде түсінуді терістейді және теориялық түсіндіруден жаратылыстан тыстың бәрін шығарып тастайды.

НАТУРФИЛОСОФИЯ – табиғат философиясы. Оның ерекшелігі – табиғатқа тұтас күйінде қарап, оны үстірт пайымдау арқылы түсіндіру. Жаратылыстану мен натурфилософия арасындағы шеп, натурфилософияның басқа философия жүйесіндегі орны сияқты философия тарихында өзгеріп отырады.

НЕГІЗ – белгілі бір құбылыстың (нәтиженің) өмір сүруіне және оны айқындауға алғышарт жасайтын қажетті жағдай. Негізді анықтау, талқылау және одан нәтиже шығару процесі негіздеу делінеді. Философия мен нақты ғылымдар тарихы негізді іздестіру кезеңі болып табылады, әрі соның көмегімен табиғатты және қоғамдағы құбылыстарды түсіндіруге ұмтылады. Диалектикалық логика жүйесінің категориясы ретінде негізді Гегель түбірлі зерттейді. Оның көзқарасы бойынша негіз дегеніміз орныққан, шешімін тапқан қарама-қарсылық. Гегель қарама-қарсылықты шешу, сайып келгенде негіздің абсолютті іс-әрекетіне және абсолютті негізге әкелетінін анықтады. Гегельден кейінгі буржуазиялық философияда негіз категориясы негізінен жалпы логикалық аспект ретінде қарастырылды. (Шопенгауэр, Вунд, Зигвард, Витгенштейн т.б.).

НЕОГЕГЕЛЬШІЛДІК – идеалистік философиялық бағыт, ол 19 ғ. 2-жартысында Англия мен АҚШ-та жаратылыстық-тарихи материализм мен позитивизмге қарсы, дін мен спекулятивті философияны (Г.Х.Грин, Ф.Г.Брэдли, Дж.Ройс, Дж.Э. Мак-Таггарт және т.б) қорғау үшін пайда болды. Неогегельшілдік 19 ғ. басы мен 20 ғ. аяғында марксизмге қарсы бағыт алып, Италияда (Кроче, Джентиле), Ресейде (И.А.Ильин), Нидерландыда (Г.Болланд) тарады. Бірінші дүниежүзілік соғыс қарсаңында және одан кейін неміс неогегельшілдік идеялар (Г.Глокнер, Р.Кронер, Т.Литт) қалыптасты. Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін экзистенциализммен (Ж.Валь, Ипполит, А.Қожев) қосыла отырып, Францияда тарады. Неогегельшілдікке диалектикадан бас тарту немесе оны тек сана саласында ғана қолдану және Гегельді өмір философиясы рухында ирроционалдық тұрғыдан пайымдау тән. 30 жылдары неогегельшілдікті Маркузе құрмет тұтты. Қарама-қайшылық мәселесін неогегельшілдер әрқалай шешті: қарама-қайшылықтарды «ымыраластырудан» бастап, мәселені шешудің мүмкіндіктерін мүлде жоққа шығаруға дейін (А.Либерттің «трагедиялық диалектикасы»). Әлеуметтануда неогегельшілдердің кейбір өкілдері Гегельдің рух философиясының кертартпа жақтарын отаршылдық мемлекет саясатында (Б.Бозанкет), одан соң қоғамдағы таптарды татуластыру құралы ретінде фашистік корпоративті мемлекетті «негіздеу» үшін пайдаланады. Бүгінгі күнде қызметін жойған неогегельшілдік орталық 1930 жылы «Халықаралық гегельдік одақ» болып құрылған.

НЕОКАНТШЫЛДЫҚ – 19 ғ. 2-жартысында Германияда «Қантқа қарай, кейін!» ұранымен (О.Либман, Ф.Ланге) пайда болған идеалистік ағым. Ол сонда-ақ Францияда (Ш.Ренувье, О.Амлен), Италияда (К.Кантони) және Ресейде (Введенский, Челпанов, «жария марксизм» ағымы) тарады. Неокантшылдық Кант философиясының материалистік және диалектикалық элементтерін жоққа шығарып, оның идеалистік және метафизикикалық белгілерін қайта жанғыртып, дамытады. «Өзіндік зат» мүлдем лақтырылып тасталады немесе субъективтік идеалистік тұрғыдан «шегіне жеткен түсінік», немесе таным (сезімдік белгілері априорлық жасалған деп таңылуы), мақсатты ұмтылыс ретінде түсіндіріледі. Неокантианшылдық немістің екі мектебі: марбургтік (Коген, П.Наторп, Кассирер) және фрейбургтік немесе баден (Виндельбанд, Риккерт) мектептерінде үлкен маңызға ие болды. Оның алғашқысы ғылыми пайымдаулар мен философиялық категорияларды логикалық конструкция ретінде түсіндіре отырып, оның идеалистік тұжырымдалуына ерекше көніл бөлді. Екіншісінің назарында – Канттың практикалық және теориялық сана туралы ілімінің негізінде жаратылыстық және қоғамдық ғылымдардың қарама-қарсылығын және әлеуметтік құбылыстарды ғылыми тұрғыдан танудың мүмкін еместігін, яғни бұған аксиологиялық-нормативтік және телелогиялық тұрғыдан ғана қарау мүмкін екендігін дәлелдеу.

НЕОПЛАТОНИЗМ ілімінің негізін салушы Аммоний Саккас өзінің артынан ешқандай жазбаша дерек қалдырмағанмен, оның көзқарасы бойынша неоплатонизмдегі негізгі белгілер: платонизм мен аристотелизмді қиыстыру, жанның заттылығы туралы стоиктердің ілімін сынау, рухани бастаманың біржақтылығн мойындау. Неоплатонизм өзінің тарихи дамуынада мынадай кезеңдер мен мектептерге бөлінді: 1) римдік мектеп (3 ғ.) спекулятивтік-теориялық жүйені жасады, негізін салушы – Плотин, өкілдері: Амелий, Порфирий. 2) кішіазиялық неоплатонизм (4 ғ.) – спекулятивтік теориядан бас тартпай-ақ практикалық мистиканы алға қойды. Екі мектептен тұрды: сириялық (Ямвлих, Феодор Асинский, Сопатр Апамейский, Дексипп) және перғамдық (Эдемий Каппадокийский, Юлиан, Салмостий). 3) Жүйелеуші-түсіндіруші неоплатонизм (5-6 ғ.ғ.) афиналық және александриялық мектептердің негінде жасалынды. Афиналық мектептің (Плутарх Афинский, Сириан, Прокл, Дамаскин, Симпликий) теориялық ынтасы жоғары болды. 529 жылы император Юстиниан неоплатонизмді оқытуға қарсы болып, афиналық мектеп жабылады. Александриялық мектеп (Гипатия, Асклепиодот, Аммоний, Иоанн Филофон, Олимпиодор) Платоннан гөрі Аристотельге бағдарлары жақын болды. Кейіннен неоплатонизм христиандық философияға (Августин, Боэций, Эриуген) және араб тіліндегі философияға (әл-Кинди, әл-Фараби, т.б.) өзінің ықпалын тигізді. Неоплатонизмнің белгілері Қайта өрлеу дәуірі (Н.Кузанский, Ф.Патрицци, Дж.Бруно) және жаңа заман (кембридждік платондықтар, спиноза, Лейбниц, Берклий) ойшылдарының көзқарастарынан көрініс тапты. 18 ғ. соңында неоплатонизм дәстүрін жалғастыру тоқтайды.

НЕОПОЗИТИВИЗМ (логикалық позитивизм) – позитивизмнің қазіргі заманға формасы. Философияны табиғи және жасанды тілдерді сараптаушы қызмет түрі ретінде түсіне отырып, неопозитивистер белгілік-символдық құралдардың ғылыми танымдық рөлін, білімді математизациялау мүмкіндігін, ғылымның теориялық аппараты мен эмпирикалық базисінің арақатынасын анықтауда белгілі бір нәтижелерге жетті. Олар ғылыми білімдерді тексерудің негізгі принциптері ретінде верификация, фальсификация және конвенция принциптерін ұсынды. Көрнекті өкілдері К.Поппер, И.Лакатос, Т.Кун, Б.Рассел, Л.Витгенштейн, Р.Карнап.

НЕОПРОТЕСТАНТИЗМ – бірінші дүниежүзілік соғыстан кейін Европада (К.Барт, Э.Бруннер), 30 ж. АҚШ-та (Рейнгольд және Ричард Нибурилер, П.Тиллих және т.б.) кеңінен тараған буржуазиялық діни ілімдегі бағыт (Диалектикалық теология). Неопротестантизм либералдық христиандықты қатал сынға алып, абсолюттік әмір иесі құдай мен өзінің мүмкіндігі жағынан шектеулі адамды біріне-бірін қарсы қойды. Неотомизмдегі құдай болмысы мәңгі заң делінген ұғым, неопротестанттық философиялық ілімде құдай өзінің еркін ерікті түрде орындайтын субъект деп алмастырылды. Неопротестанттық көзқарас тұрғысынан адамның жердегі болмысы құдайға қарсы және оның еркіне қайшы келеді, адамның жоюға келмейтін күнәһарлығы да осында. Бұл бағыттың өкілдері адамды «құдайға қарсы бүлік шығарушы», тарихты өзі жасаушы тәуелсіз тұлға деп қарастырады. Неопротестанттар өз этикасында христиандық моральды әлеуметтік практикада «іске аспайтын мүмкіндік» ретінде қарастырды.

НЕОРАЕАЛИЗМ – 20ғ. ағылшын-американ философиясындағы ағым. Негізгі өкілдері: Англияда–Мур, Рассел (қызметінің бастапқы кезеңінде), Александер, Ч.Д.Броуд; АҚШ-та–Р.Б.Перри, У.П.Монтэгю және т.б. Германияда – Ф.Брентано, Н.Гартман және т.б. Неореализмнің таным теориясының негізінде бейнелеудің материалистік теориясына қарсы бағытталған «дуализм» ретінде сыналған «тәуелсіздіктің иманенттігі» идеясы, танылуға тиіс заттың тікелей санада болу мүмкіндігін, бірақ соған қарамастан өзінің өмір сүруі мен табиғат тұрғысынан алғанда танымға қатыссыздығын мойындау жатыр. Неореалистік танымның бір теориясы «эпистемологиялық монизм» - мысалы, Расселде тәжірибедегі «тәуелсіз элементтердің»махистік тұжырымымен және физикалық пен психикалықтың «функционалдық» өзгешелігімен байланысты. Онтологияда неореализм «идеяалды өмір сүретін» қасиетке ие жалпы ұғымдардың жиынтығын, сондай-ақ нәрселердің өздерін құрайтын қатынастардың тәуелсіздігін мойындайды («сыртқы қатынастар теориясы»). Неореализмнің гносеологиялық мәні – жалпылықтың жеке заттардан алшақтауы, сондай-ақ логикалық байланыстар мен ұғымдарды онтологизациялау. Неореализмде сондай-ақ әмбебаптық философиялық жүйені идеалистік тұрғыдан түсіну теориясын дамытудың негізінде дамыған «космологиялық» бағыт та бар. (Александердің эмерджентік эволюция теориясы, Уайтхедтің «үрдіс философиясы», Я.Х.Смэтстің холизмі).

НЕОФРЕЙДИЗМ – адамды, қоғамдық институттар құрылымындағы оның орны мен рөлін зерттеуде психоаналитикалық қағидаларға негізделген қазіргі буржуазиялық философиядағы бағыт. Неофрейдизм өзiнiң тұйықталушылығы мен кeлeшeксіздігі байқалған фрейдизмнің кейбір жағдайларын қайта қарау нәтижесінде 30-жылдары пайда болды. Неофрейдистер (К.Хорни, Г.Салливэн, Фромм) классикалық психикалық талдаудың қақтығыс ситуацияларын тудыратын, санадан тыс болатын механизмдер мен психика құрылымын ұғындырудың, жүйке ауруының жыныс қозушылықтан пайда болуы және өлім инстинкті туралы болжамдардың бірқатар тұжырымдары мен қорытындыларын сынға алды.

НИГИЛИЗМ (латынша nihil – ештеңе) – мәдениет құндылықтарын, адамгершілікті, мемлекетті жоққа шығару. Батыста философиялық және этикалық нигилизм «уақытты, өткен дәуірді» терістеу ретінде көрініс табады. «Нигилизм» ұғымын ғылыми айналымға енгізген неміс жазушысы және фмлософы Ф.Г.Якоби (1743 - 1819). А.Шопенгауер нигилистік сипаттағы дүниеге толғаусыз қатынастың буддалық теориясын жасайды. Ницше бұл теорияны өзінше қабылдап, нигилизмді «барлық құндылықтарды қайта қарау» ретінде түсінуді ұсынды. Ницше нигилизмді христиан моральының, гуманизмнің дағдарысы ретінде қарастырды. М.Хайдегер «Құдай өлді, Ницше сөздері» (1950) еңбегінде: «Ницше нигилизмді тарих барысында жүзеге асқан процесс ретінде түсінеді», – деп, бұл процесті жоғарғы құндылықтардың құнсыздануы ретінде қарастырды. Құндылықтарды қайта қарау идеологиясы кейіннен француз экзистенциалистерінің (Сартр, Камю) тұлғадан тыс моральдық императивтерден арылу идеяларында өз жалғастарын тапты.

НИРВАНА – «жоғалу», «сөну». Күнделікті өмір бітпейтін күйбең тіршілікке, азап-қасіретке толы бақытсыз болмыс, ал нивана – осы азап-қасірет шегуден, карма заңының негізінде қайта туылудан құтылып, сананың өшуі, болмыстың арамдықтан тазаруы. Адамның бұл күйін сипаттап жеткізу қиын, үнді ойшылдарының өздері нирвананы логикадан және уақыттан тыс деп қарастырады. Әдетте нирвана ұғымын рахат ұғымы арқылы ұғынуға тырысуға болады, бірақ рахат түйсікпен, сезіммен байланысты күй, ал нивана – абсолютте түйсіктер де, сана да, жігер де жоқ, ол зұлымдық пен құмарлықтардың тынышталуы, сезінбеудің толық дәрежесіне жету.

НОМИНАЛИЗМ (латынша nomen – ат, атау) – ортағасырлық философиядағы бағыт, жалпы ұғымдар жеке заттардың атауы ғана деп санады. Ортағасырлық реализмге қарсы бағытталып, нақты өмір сүретін өздеріне тән қасиеттері бар жеке заттар, ал жалпы ұғымдар, универсалийлер ойдың субъективті формалары, жай ғана сөздер, заттардың белгілері мен атаулары ғана, ойлаудан тыс ешқандай объективті шындықты бейнелей алмайды деген пайымдауды ұстанды. 11-14 ғғ. көрнекті номиналистер – Росцелин, Дунс Скотт, У.Оккам. Жаңа заманда номинализм идеалистік негізде Беркли мен Юмның ілімдерінде, қазіргі заманда семантикалық философияда көрініс тапты.

НООСФЕРА, ақыл-парсат сферасы – биосфера дамуындағы, адамның рухани шығармашылығы шешуші мағынаға ие болатын ерекше кезең. Ноосфера ұғымын 20 ғ. 20 ж. Француз философы Э.Леруа енгізді. Араға ондаған жыл салып, ноосфера теориясы Вернадский мен Тейяр де Шарденнің бір кезде іс жүзінде жасалған жұмыстарында өз дамуын тапты. Екі ғалым да дүниетанудың бастау тұсы – Адам, өйткені адамның пайда болуы ғарыштың заттық эволюция процесімен байланысты дегенді негізгі алады. Олар адамның пайда болуын сананың қуатты концентарциясымен, оның өз-өзімен тұйықталуымен байланыстырады, өйткені мұндай қалып дүниеден адамды ерекшелендіретін жеке тұлғаның негізінің пайда болуына бастайды деп есептейді. Бүкіл адамзат бірыңғай тұлғаға біріккенде ноосфераның жасалуы аяқталады. Бірақ эволюция әрі қарай жалғаса, жүре береді. Вернадскийдің пайымдауынша, ол дегеніңіз – планета мен жер айналысы кеңістігінің жаңа қабаттарын қамти отырып саналы түзілуі, ал Шарден пікірінше, ноосфераның бұдан жоғары эволюциясы адамзаттың Құдаймен қосылуымен қорытындыланатын сапалы өзгерістерге әкеледі. Екі теорияның елеулі ұқсастықтарымен бірге айырмашылықтары да бар: Вернадский ғылыми білімнің пайда болуы мен дамуын тіршілік иесі эволюциясының негізгі векторы деп танып, жоғары бағалады.

НОУМЕН (гр. noumenon) – мәнге тек ақыл-ой арқылы ғана (ой-өріс) қол жеткізуге болатындығын білдіретін, феноменге кереғар термин. Платон бұл терминді алғаш қолдана отырып, ноуменді өз бетінше өмір сүретін шындық және ойша бағдарлау пәні деп тұжырымдады. Кантта ноумен екі түрлі мағынада қарастырылады; проблематикалық теріс түсінік түріндегі («Таза ақыл-ойға сын») ноумен. Мұнда ол интеллектуалдық интуицияның, талқылаудың объектісі ретінде көрінеді, ал «Практикалық ақыл-парасатқа сында» Кант ноумен туралы дұрыс түсініктің мүмкіндігіне меңзейді, бұл жерде ноумен – сезім-түйсіктен тысқары, пайымдаудың объектісі болып келеді. Бұл күйдегі ноуменге адам өрісі жетпейді, өйткені, Канттың қорытындысы бойынша, адамның аңдау-пайымдау қабілеті тек сезім-түйсікке байланысты.

НУС (гр. nous - ақыл) – сана мен ойлаудың барлық актілерінің әлемдік жиынтығын білдіретін көне философияның негізгі ұғымдарының бipi. Бұл ұғым алғашқыда Анаксагор философиясында ай­қын көрінді, онда ол формасыз материяны жасаудың және peттiліктің принципі ретінде айтылды. Бұл ұғым Платонда, әcipece Аристотельде идеалистік тұрғыдан түсіндірілді Сонымен қатар ұғым неоплатоншылдарда үлкен мәнге ие болып, олар оған аристотелизм негізінде барлық дүниені ұғындыратын және белгілі бip фopмa бepeтін ерекше бip сезіммен тыс болмыс деп түсініктеме берді. Материалистер де осы ұғымды қолданды. Демокрит нусты шар тәрізді от деп түсінді. Нус Фалесте де космологиялық мәнге ие. Нус көне материалистерде табиғат заңдарының жиынтығы немесе сезімдік материалдық формада елес беретін оның көзі болып табылады. Гносеологияда Демокрит нусты дәлдік принципі ретін­де танымға абыржушылық пен ретсіздік әкелетін толқымалы сезімдік түйсіктерге қарсы қойды. Көне нус – өзінен жеке алғашқылықты тапқан орта ғасырлық ілімге қарағанда өзіндік қасиеттен тыс, тіпті өзіндік касиеті жоқ нәрсе.

НЬЯЯ философиясы – таным ілімі, логикалық қорытындыларға негізделген бағыт. Олар дүниені тану, сезіну, оны логикалық қорыту арқылы қалыптасады дейді. Жалпы алғанда ньяя философиясы – тұрпайы материалистік бағытқа жатады. Ол б.з.б. 3 ғ. пайда болды.

О

ОБЪЕКТИВТІК АҚИҚАТ – жеке адамның epкi мен тілегіне катысы жоқ адам білімінің мәні. Ақиқат адамдардың еркі мен тілегіне байланысты жасалмайды, бейнеленетін объектінің объективтілігін көрсететін мазмұнымен анықталады. Объективтік ақиқат туралы ілім ақиқат – адам еркінің туындысы, адамдар арасындағы келісім нәтижесі деп үйрететін толып жатқан субъективті тұжырымдарға қарсы бағытталған. Адамдардың көпшілігінің мойындауынан түрлі ырым, діни нанымдарды ақиқат ретінде қарастырып, түcінy ғылыми тұрғыдан теpic. Қaзipгi заманғы буржуазиялық философия әдетте ақиқаттың объективтілігін мойындауға қарсы, ал бұл ғылыми ілімдерді субъективтілікке ұштастырып, жалпы ғылымға деген ceнімдi жоққа шығару болып табылады. Мысалы, прагматизм өмірде жақсылыққа ғана жеткізетін қағиданы ғана ақиқат деп есептейді; неопозитивизм математикалық және логикалық ақиқаттарды конвенциялар т.с.с деп жариялайды.

ОБЪЕКТИВТІК ИДЕЯ – идеализмдегі бастапкы ұғым тек объективтік шындык қана емес, сезімдік болмыс болып та анықталады. 1) объективтік идеяның дуалистік теориясы (мегар мектебі, Декарт) бойынша заттардың маңыздылығы сезімдік болмысқа ешқандай қатысы жоқ, себебі, ол идеалдық шындық; 2) объективтік идеяның монистік теориясы заттардың идеяға «ұқсауы», заттарда идеяның «көрініс табуы», сезімдік дүниеге идеалдық дүниенің анықтаушы қатынасы сияқты ұғымдармен сәйкес келеді. Объективтік идея материалдық шындықтың субъективтік бейнесі болғанымен, материалдық негіздің қайта құрылуы мен дамуына өз ықпалын тигізеді.

ОБЪЕКТИВТІК ИДЕАЛИЗМ – идеализмнің нeгізгі түрлерінің бipi. Рухтың алғашқылығын және материяның одан кейінгілігін, туындылығын мойындай отырып, объективтік идализм субъективті идеализм сияқты дүниедегі бар нәрселердің нeгізі жеке, адамдық сана деп емес, объективті, о дүниелік сапа – «абсолютті рух», «дүниежүзіліқ парасат» және т.с.с. деп біледі. Сонымен қатар объективтік идализм барлық заттардың объективті өмір сүретін мәні. Олар дүниені жаратушы күш бар, ол бізден тыс өмір сүреді. Ол күшке идеяны жатқызып, оны жаратушы күш «құдірет» - деп түсінген. Бұлардың пікірі діни көзқарасқа өте жақын келеді. Әлемді билеуші – идея, не объективтік идея, әлемдік сана дейді объективтік идеалистер, ал діншілдер ол күшті құдірет, жаратушы құдай деп атайды. Оның өкілдері: веданта ілімін ұстанушылар, конфуцийшілдік ілімі, Платон, Ф.Аквинский, Августин, Гегель, Ф.Шеллинг, қазіргі заманнан – неотомистер және персонализм өкілдері.

ОЙЛАУ – объективтік дүниедегі ұғым, пікір, теория және т.б. формасында бейнелеудің белсенді процесі; бұл процесс белгілі бip мәселелерді шешумен, шындықты жанама бейнелендіру тәсілдерімен және оларды жалпылаумен байланысты жүзеге асады. Ойлау айрықша түрде ұйымдасқан мидың жоғарғы материалдық жeмici.

ОЙ ТҰЖЫРЫМЫ – алғышарттар делінетін бip немесе бірнеше пікірлерден жаңа пікір туады да (қорытынды немесе нәтиже деп аталады), оның алғы шарттардан логикалық түрде қорытылып шығуының барысында келіп тірелетін пікіp қорыту. Алғышарттардан қорытындыға ауысу процесі логиканың белгілі бip ережесі бойынша жүзеге асады (қорыту ережесі). Демек, ой тұжырымы дегеніміз ойлау формасы (пікіp, ұғым деңгейлес) қызметін атқарады, оның шеңберіндегі абстрактілі ойлау сатысында сыртқы әлемді танып-білуге жол ашылады. Ой тұжырымының негізінен жалпылама екі түрі белгілі олар: дедувтиктік және индуктивтік (дедукция, индукция).

ОККУЛЬТИВИЗМ (лат. occultus-құпиялы) – дүниеде ғылыми зерттеулер қол жеткізе алмайтын тылсым тіршіліктің бар екендігін мойындайтын ілім (Магия, спиритизм). Ертеде (мысалы: халдейлер мен индустарда) және ортағасырларда (Р.Бэкон, Луллий, Парацельс және т.б.) қоғамның әлеуметтік-экономикалық және ғылыми дамуының төмендігінен оккультивизм табиғат пен адам туралы жалған көзқарастарды білдірді. Оккультивизм – материалистік көзқараспен күресетін құралдардың бір түрі. Теософияның шеңберінде бұл идеяны әсіресе, Р.Штейнер кеңінен насихаттады, оның ойынша, «құпиятану» – нақты, тәжірбиелі ғылым. Оккультивизмнің жаратылыстануда азғантай орны болғанымен, шындығында, ғылыми мәні жоқ. Қазіргі уақытта көптеген капиталистік елдерде оккульттік қоғамдастықтар мен оккульттік әдебиеттер тараған.

ОНТОЛОГИЯ – болмыс туралы, бар болып отырған мен оның формалары, іргелі принциптері, болмыстың жалпы анықтамалары мен категориялары туралы ілім.

ОПЕРАЦИОНАЛИЗМ ( лат. operatio - әрекет) – логикалық позитивизм мен прагматизмнің синтезі ретінде құрылған қазіргі заманғы буржуазиялық философиядағы бағыт. Негізін қалаған Бриджмен. Операционализмдегі негізгі қағида операционалдық анализ идеясы болып табылады. Түрлері: аспаптық және ой операциялары. Нақты ұғымдардың бірігуінен сөйлем, ал одан теория құралады.

ОПТИМИЗМ ЖӘНЕ ПЕССИМИЗМ. Оптимизм – болашаққа, өмірге сеніммен қарайтын бағыт, өршіл көзқарас. Пессимизм – болашаққа сенімсіздікпен қарап, сарыуайымшылдыққа салынушылық, дүниеден түңілушілік, келесіге сенімі жоқтық.

Ө

ӨЗГЕШЕЛІК – заттың өзіне тән айырмашылық белгісі, ерекшелігі.

«ӨЗІНДІК ЗАТ» ЖӘНЕ «БІЗДІК ЗАТ» – философиялық атаулар: біріншісі - өздігінен, бiздeн және біздің танымыздан тыс бар заттар немесе танушы субъектіден тәуелсіз, өзі үшін өмір сүретін зат немесе танып білуге болмайтын заттың ішкі қасиеті; eкіншіci - танымдық процесс кезінде адаммен танылатын заттар. Бұл атаулар «өзіндік заттарды» тану мүмкіндігін жоққа шығаруға байланысты 18 ғ-да ерекше мәнге не болды. Кезінде Локк айтқан бұл қағиданың Кант толығымен негіздеп, бiз «өзіндік заттардан» мүлде аулақ құбылыстар төңірегінде ғана сөз ете аламыз. Канттың «өзіндік заттары» дегені сонымен қатар - табиғаттан тыс тануға болмайтын, тәжірибе жасауға келмейтін мәндер: құдай, бостандық және т.б. Диалектикалық материализм дүниені тануға болатындығы принципі тұрғысынан шыға отырып, танымды тәжірибенің негізіңде «өзіндік заттарды» біздік заттарға» айналдыру процесі ретінде қарайды (Таным, Теория және практика).

ӨЗІНДІК САНА – адамның өзін объективті дүниеден бөлуі, өзінің дүниеге қатынасын, өзін тұлға ретінде, өзінің іс-әрекеттерін, ойларын, тілектері мен мүдделерін, өзін тұлға деп ұғынуы және бағалуы. Өзіндік сана объективтік дүниенің өзін жасайтын бастама ретінде қарастырылды. Ал шынында өзіндік сананы жасампаз принцип ретінде, негізінен алғанда адамның практикалық қоғамдық-өндірістік қызметінің нәтижесі ретінде ғана ұғынуга болады.

ӨЛШЕМ – сапа мен мөлшердің диалектикалық бірлігі. Өлшем – тиісті өлшеуін аспаптардың көмегімен ғылыми зертеуді эмпирикалық деңгейде іске асыратын, материалдық объектілердің сипаттамаларын (салмағы, ұзындығы, нүктелік шамасы, жылдамдығы т. б.) анықтайтын танымдық рәсім. Өлшем сайып келгенде, үлгі (бірлік) ретінде қабылданған белгілі бip біртекті шаманы өлшенетін шамамен салыстыру болып табылады. Өлшемге бірліктің қайсыбір жүйесі арқылы таңымның маңызды элементін құрайтын дене қасиеттерінің сандық сипаттамасы жасалады. Өлшем біздің біліміміздің дәлдік дәрежесін арттырады. Позитивистер микроқұбылыстарды зерттеу барысында өлшемнің арта түскен рөлін таразылай отырып, оны объектіні субъектінің «дайындауы» деп таниды намесе физикалық ұғымдардың мазмұнын өлшеудің жекелеген операцияларына апарып қосады.

ӨЛІМ – организм тіршілігінің болмай қоймайтын тежелуі, жанды тіршілік иесінің өмip сүруінің қашып құтылмайтып табиғи ақыры. Диалектикалық материализм тұрғысынан өлім – өмірдің қажетті және елеулі cәтi. Адам үшін өлім табиғи феномен ретінде ғана келмейді, сонымен қатар қоғамдық қатынастардың күрделі контексіне енетін әлеуметтік және адамгершілік кұбылыс ретінде де келеді.

ӨМІР – материя қозғалысының формасы, ол физикалық және химиялық формаларының сапасы жағынан неғұрлым жоғары болады, бірақ оларды «қаз-қалпында» алынған түрде қамтиды. Жеке-дара биологиялық организмдер мен олардың жиынтықтарында (популяцияларда, түрлерде және т.б.) іске асырылады. Әрбір организм өздігінен ұйымдасатын ашық жүйе болып табылады, ол жүйеде зат алмасу, өсу, даму және көбею процестерінің болуы тән. Өмірдің шыққан тегі мен мәні туралы биологтар мен философтар ұсынған бірқатар концепциялар белгілі. Органикалық дүние дамуының механизмін түсіндіруге арналған материалистік теориялар арасында ең маңыздылары мыналар: Ж.Б.Ламарктің (Неоламаркизм) жеке өмір процесінде алынатын және бейне-бір тұқым қуалайтын организмдердің жаңа белгілерінің көзі ретінде органдардың жаттығу және жаттықпауы туралы ілімі және Дарвиннің табиғи сұрыпталу теориясы.

ӨМІРДІҢ МӘНІ – этикалық мазмұндағы маңызды мәселе. Өмірдің мәні шешімі қиын, «мәңгілік» философиялық мәселелердің бірі. Ол адамзаттың да, жеке адамның да өмір бойғы серігі, оны шешудің маңыздылығы қоғам мен адам тағдырының қиын кезеңдерінде өткірлене түседі. Өмірдің мәні мәселесінің қиындығы жалпы адам табиғатының күрделілігімен тығыз байланысты. Өмірді мағыналы етуге адам өзі ғана қабілетті және әрбір адам өмірдің мәнін өзінше түсінеді. Қазіргі күнгі адамдарға белгілі өмір мәнінің концепциясының формалары: гедонизм – өмірдің мәні – рахатта; эвдемонизм – өмірдің мәні – бақытта; аскетизм – өмірдің мәні – күнәңді өтеу үшін өзіңді шектеу, дүниеден ажырау; альтруизм – өмірдің мәні – өзгелерге көмек көрсету, жақсылық жасау идеясы; утилитаризм – өмірдің мәні – неден болсын пайда таба білу; прагматизм – өмірдің мәні – мақсатыңа жету үшін кез-келген жол мен әдісті қолдану.

ӨМІР ФИЛОСОФИЯСЫ – Батыс философиясының белгілі, өкілдері өте көп бағыттарының бірі. Өмір философиясы өмірді дүниенің бір бөлігі ретінде ғана қарастырумен шектелмей, оны дүниежүзілік тұтастықтың қақ ортасына қояды, өмір ұғымына сүйене отырып, дүние мен өмірді толық түсінуге талпыныс жасайды. Өмір философиясының өкілдері философияның міндетін тек осылай түсіндіреді, себебі философия адам мәселесін зерттейтін ғылым болса, адам үшін өмірден маңызды ештеңе жоқ деп есептейді. Өмір философиясының негізін салушы – дат философы С.Къеркегор (1813-1855). Дүниенің бастау ретінде сананы емес, уайым-қайғыға толы экзистенциалдық ішкі сезімдерді қарастыруды ұсынды. Оның ойынша, адамның шын болмысын пайымдау арқылы емес, адамның бойындағы «үрей», «қорқыныш» сезімдеріне үңілу арқылы ашуға болады, ақиқат дегеніміз – субъективтілік. Сонымен, Кьеркегордың жетістігі – философиялық тұлғаға мән беруге ұмтылуында, ақыл-ойды тым әсірелеуді сынап, философияның міндеті – жеке адамның өмірін, сезімдерін зерттеу деп анықтауында. Өмір философиясының танымал өкілдері: А.Шопенгауер, Ф.Ницше. Дильтей, Г.Зиммель, Бергсон, т.б. Өмір философиясының кейбір идеялары экзистенциализм бағытының қалыптасуына ықпал етіп, ондағы негізгі ұғымдар экзистенциализмнің көрнекті өкілдерінің философиясында тереңдетіле түсті.

ӨРКЕНИЕТ (лат. cifilis – азаматтық) түсінігі философиялық ой тұрмысына 18 ғ. енді. Дегенмен, бұл терминді адамзат көптен пайдаланады, өркениетке ортақ тұрғыдағы философиялық көзқарас әлі қалыптасқан жоқ. Көп жағдайларда «өркениет» термині мәдениеттің синонимі ретінде пайдаланылады. Кең мағынасында өркениет деп қоғамның тарихи дамуында қол жеткен материалдық және рухани жетістіктер жиынтығын атайды, тар мағынада тек материалдық мәдениет түсіндіріледі. Рулық-тайпалық қатынастардың ыдырап, таптық қоғамға өтуі өркениетке бастаған қоғам дамуындағы төңкеріс болды. Өркениеттің негізгі сипаттары – еңбектің қоғамдық бөлінуі, қаланың ауылдан, ой еңбегінен бөлінуі, тауар-ақша қатынастарының және тауар өндірісінің енуі, мемлекеттің пайда болуы, т.б. Сатылы амалдар шеңберінде өркениетті индустриалдыққа дейінгі (аграрлы), индустриалдық (өнеркәсіптік) және постиндустриалдық (ақпараттық) деп бөлетін техногендік амал бар (У.Ростоу, Д.Белл, т.б.).

П

ПАЙЫМДАУ – ойлау процесінің формасы, белгілі бір сатысы. Анық пайымдау, өз ойын дұрыс құру, фактілері дәл жеткізіп шындықтың мәнін ашуға жетелейтін процесс.

ПАНЛОГИЗМ (гр. pап – бәрі және logos – ілім, сөз. ой) – болмыс пен ойлаудың барабарлығы туралы обьективтік – идеалистік доктрина. Бұл доктрина бойынша табиғат пен қоғамның дамуы дүниежүзілік зерденің, абсолюттік идеяның логикалық қызметінің жүзеге асуы болып табылады. Логика заңдарын қандай да болсын дамудың бірден бір қозғаушы күші деп тани отырып, болмыс пен сана өзара қатынасының өңін теріс айналдырады. Сонымен бірге бұл көзқараста барлық тірлік иесін рационалдық, логикалық тануға болатыны туралы дұрыс ой ұшқыны байқалады. Гегельдің философиясында мейілінше толық дамытылған.

ПАНТЕИЗМ (грекше pan – бәрі және theos – Құдай) - Әлемді, дүниені, табиғатты құдаймен теңестіре түсіндіретін ілім. Ұғымды ғылымға енгізген Толанд (1705 ж.). Бұрынырақта пантеизм ұғымын табиғатқа материалистік көзқараста болумен түсіндірілсе, әсіресе, Б.Спиноза мен Дж.Бруноның философиясында, қазіргі күнде ғылымды дінмен қатар ұстануды көздейді.

ПАРАЛОГИЗМ (paralogismos- теріс пайымдау) – пайымдауды дәлелдеу күшінен айыратын және жалған қорытындыға апарып соқтыратын логиканың заңдары мен ережелерін аңдаусызда бұзу. Логиканың ережелерін саналы түрде бұзудан ажырата білу қажет.

ПАРАДИГМА – үлгі немесе модель. Қазіргі заманғы ғылым философиясының маңызды категорияларының бірі. Т.Кун енгізген ғылыми қоғамдастық қабылдаған, ғылыми дәстүрдің өмір сүруін қамтамасыз ететін сенімдердің, құндылықтардың және техникалық дәстүрлердің жиынтығы. Жалпы мойындалған парадигманың қалыптасуы ғылымның жетілгенінің белгісі болып табылады. Пардигманың ауысуы ғылыми төңкерістің көрінісі – бұрынғы беделдердің, үлгілердің, методологиялардың, теориялардың, дүниетанымдардың дүние-әлем бейнелерінің қирауы.

ПАРАДОКС (грек. «para» - қарсы, «doxa» - пікір) – әдеттен тыс, күтпеген, ойда жоқ ғажайып болып көрінетін оғаш пікір. Парадокс термині антикалық философияда ерекше тың жаңа пікірді сипаттау үшін пайдаланылған. Логикалық ой жүйесі дұрыс, бірақ пайымдауда бірін-бірі теріске шығаратын ой қорытындыларын антиномия деп те атайды. Парадокстың бұл түрі логиканың негізі түпкі заңдылықтары толық айқындалмаған теорияларда кездеседі. Мұндай парадокстардың бірқатарын антикалық ойшылдар айтқан. Элейлік Зенонның «Ахиллес және тасбақа» деген парадоксы бойынша ұшқыр Ахиллдің тасбақаға жетуі мүмкін емес, себебі олар бір мезетте қозғала бастаса, тасбақаның қозғалған жеріне Ахилл жеткенше тасбақа сол қашықтықтың 1/10-дей жерге жылжиды. Ал 1/10-ді Ахилл өткенше тасбақа 1/100-дей жерге одан әрі жылжиды. Сөйтіп Ахилл тасбақаны шексіз қудалай береді. Милеттік Эвбулидтің «Өтірікші» деген парадоксы бойынша: «егер өтірікші өзінің өтірігін мойындаса, онда шындықты айтқаны. Демек, өтірікші өтірікші емес» деген қорытынды шығады. Парадокстердің кездесуінің екі жағы бар, біріншіден, парадокстер теория негізінің дұрыстығына күмән келтірсе, екіншіден антиномиялардың шешімін іздеу теорияны толық жетілдіруге және логика мен математиканың негізін зерттеуде құн жаңалықтар ашуға бағыттаса, парадокс адамдардың қарым-қатынастарында, ойлау өмірінде үлкен орын алғанымен, әдетте екіұшты ой деп қабылданады.

ПАРАПСИХОЛОГИЯ (гр. para – жаңында, маңында) – психика құбылыстарына жататын, бірақ ғылыми тұрғыдан нақтылы дәлелденбеген және негізделбеген жорамалдар мен болжамдардың жалпылама атауы. Парапсихологиялық құбылыстарға негізінен экстрасенсорлық қабылдау яғни ғылымда белгілі адамның сезім мүшелерінің қатысынсыз ақпараттарды қабылдауы (телепатия – бір адамның ойындағысын екіншісінің қабылдауы; көріпкелділік – адамның қабылдау қабілетіне алдырмайтын дүниені тану; абстрактілі ойлау мен қиял қызметіне негізделмейтін болашақты көре білу) жатады.

ПАРТИЯ – халықтың белгілі бір бөлігінің мүддесін білдіріп, мемелекттік билікке қол жеткізуді немесе оны жүзеге асыруға қаьтысуды мақсат ететін, ортақ мүдде негізінде біріккен адамдардың ерікті одағы.

ПАТРИСТИКА (лат. pater - әке) – 2-8 ғғ. пайда болған христиандық діни дүниетаным, діни сенімдердің антикалық философияның мазмұнынан мүлдем алшақ екендігін көрсететін, христиан діні догматтарының пұтқа қарсы бағытталғандығын тұжырымдайтын «шіркеу әкелерінің» апологетикасы. 3 ғ. бастап патристика эллиндік (неоплатонизм) философияны христиан дінін негіздеуге пайдалана бастады. Яғни, оқытушылардың (патристикадағы) алдына қасиетті жазудың мазмұнын құрайтын жүйелі түрдегі догманы жасап шығу міндеті қойылған болатын. Өкілдері: Тертуллиан (150-222 жж. шамасында), Климент Александрийский (150-215 жж. шамасында), Ориген (185-254 жж.), Августин (354-430).

ПАТРИОТИЗИМ – (грек. patris – атамекен, отан) – адамгершіліктік және саяси принцип, отаныңа деген махаббат, оған деген адалдығың, еліңнің өткені мен бүгінгі өміріне мақтанышпен қарау, отаныңның мүддесін қорғау сияқты мазмұнға толы әлеуметтік сезім.

ПЕРИПАТЕТИКТЕР (грек. peripatetikos – серуендеу) – Аристотельдің Ликей мектебінің оқушылары. Б.з.б. 335 ж. Афинада негізі қаланған білім ордасында Аристотель өз шәкірттеріне серуендеп жүріп дәріс берген. Перипатетикалық мектеп мың жылдай (б.з. 529 ж.) уақыт өмір сүріп, антикалық ғылыми орталықтардың бірі болды. Аристотель қайтыс болғаннан соң оның көрнекті жетекшілері (схоларх) болып қызмет атқарған: Эфестік Теофраст (б.з.д. 372-287 жж.), әсіресе ботаникалық зерттеулерімен белгілі, Аристотельдің материалистік ұстанымын жалғастырушы Лампсактық Стратон (б.з.б. 305-270 жж.), Аристотель шығармаларын таратушы Андроник Радосский (б.з.б. 1 ғ.), Аристотель философиясын материалистік сарында талдаған Александр Афродизийскийй (б.з.б. 2 ғ.с.-б.з.б. 3 ғ.б.).

ПЕРСОНАЛИЗМ – (лат. регsona — тұлға) — Лейбниц монадоло-гиясынан басталып, 19 ғ-дың аяғы мен 20 ғ-дың басында философияда таралған идеалистік ағым. Персонализмнің ерекше белгісі — «тұлғаны» бастапқы реалдылық және ең жоғары рухани құндылық деп тануы, және де «тұлға» болмыстың рухани басты элементі ретінде ұғынылады. Дүниенің ғылыми-материалистік тұрғыдағы түсінігіне персонализм табиғат – рухтар «тұлғалардың» жиынтығы деп есептейтін концепцияны (плюрализм) қарсы қояды. «Жоғарғы тұлға»— құдіретті құдай (теизм). АҚШ-та персонализм негізін қалаушы Б. Боун (1847-1910) болды. Персонализмге АҚШ-та, сондай-ақ, М. Калкинс (1863-1930) пен А. Кнудсон (1873-1964) қосылды. Американ философиясындағы оның басты өкілдері мыналар: Калифорния мектебінің лидері Р. Флюеллинг (1871-1960) пен Бостон мектебінің лидері Э. Брайтмен (1884-1953). Бұлардың бәрі де персонализмді протестанттық теологиямен байланыстырады. Англияда персонализмнің неғұрлым белгілі өкілі X. Керр (1857-1931), Германияда – психолог В. Штерн (1871-1938) болды. Алайда олардың ілімінде американ персоналистеріне тән теологиямен тікелей байланыс болған жоқ. Негізгі әлеуметтік міндет персонализмге сәйкес, дүниені өзгерту емес, «жеке адамды» өзгерту, яғни оның «рухани жағынан өзін-өзі жетілдіруіне» жәрдемдесу. Француз персоналистері ерекше бағыт ұстанады, олардың негізін қалаушылар – Э. Мунье (1905-50) және К. Лакруа (1900 ж. т.). «Еsprit» журналының төңірегіне (1932 ж. негізі қаланған) біріккен интеллигенцияның бұл тобы француз қарсыласу қозғалысына қатысқан, ал қазір бейбітшілік пен буржуазиялық демократияы қорғау жолында күрескер солшыл католиктік топтардың өкілдері болып табылады.

ПЕРЦЕПЦИЯ (лат. регсерtіо - қабылдау) – сезімдік қабылдау, заттардың санада сезім органдары арқылы бейнеленуі. Лейбниц философиясында перцепция рухтың төменгі (санасыз) формасы ретінде апперцепциядан өзгешеленеді. Перцепция Юм философиясында «әсер алу» (сезіну) және «идеялар» есте ұстаудың сезімдік бейнелері деген атаулардан бөлек, сондай-ақ бірге қарастырады.

ПЛЮРАЛИЗМ – философиялық-көзқарастық позиция, болмыстың тәуелсіз және бір-бірімен бірікпейтін бастаулары және түрлері (онтологиядағы плюрализм), білімнің, теориялардың, методтардың (гносеологиядағы плюрализм) формалары мен принциптері, тең құқықты және егемен тұлғалар мен топтар (этика мен социологиядағы плюрализм), құндылықтар мен құндылықтық бағыттардың формалары мен принциптері сансыз көп және олар бір-бірімен бәсекелес және күресуші әр түрлі идеологияларда және сенімдерде көрінеді (аксиологиядағы плюрализм) деп пайымдайтын философиялық-көзқарастық позиция.

ПОЗИТИВИЗМ – нағыз шын, «жағымды» (позитивті) білімді жеке, арнайы ғылымдардың және оларды біріктірудің нәтижесінде ғана алуға болады және философия шындықты өз бетінше зерттеуге ұмтылатын ерекше ғылым ретінде өмір сүруге құқы жоқ деген принципке негізделен философиялық бағыт. Оның негізін қалаушы – француз философы О.Конт (1798-1857 жж.). Позитивистердің пікірінше, «болмыс», «материя», «сана» және т.б. ұғымдарға, абстрактілік ойлауға сүйенетін дәстүрлі философия енді жарамсыз, себебі, тек тәжірбие немесе ғылыми эксперимент арқылы тексерілген позитивті білім ғана ақиқат, нақты, жаратылыстану ғылымдарына, математикаға жақын философия ғана ақиқат философия. Позитивизм өзінің дамуында төрт кезеңнен өтті: 1) бірінші позитивизм жоғарыда аталған мәселелерді алғашқы болып қойып, философияның міндеті – объективті өмір сүруші материалдық дүние туралы нақты ғылымдар жинаған білімдерді қорыту және жүйелеу деп пайымдайды. Бұл кезеңнің өкілдері – О.Конт, Г.Спенсер, Дж.Милль. 2) махизм – Э.Мах және эмпириокритицизм – Р.Авенариус. 3) неопозитивизм – К.Поппер, И.Лакатос, Т.Кун, Б.Рассел, Л.Витгенштейн, Р.Карнап. 4) постпозитивизм - П. Фейерабенд.

ПОСТИНДУСТРИАЛДЫ ҚОҒАМ – экономикалық дамыған елдердің «индустриялықтан», «индустриялықтан кейінгі» қоғам типіне өтумен сипатталатын қазіргі жағдайын білдіретін ұғым. Бұл терминді аталмыш қоғамның қызмет көрсету экономикасын қалыптастыру, ғылыми-техникалық мамандардың басымдылығы, жаңа «интеллектуалды» техниканы жасау сияқты негізгі белгілерін қалыптастырған Д.Белл ұсынды.

ПОСТМОДЕРНИЗМ – монизм философиясын терістеп, плюрализм философиясын, табиғат пен қоғамдағы көптік, сантүрлілік идеясын жария еткен, қазіргі заманғы мәдениеттің мазмұны, ойлаудың және ізденістің жаңа стилі көрініс тапқан философия. Негізгі өкілдері: орыс философтары Е.П.Блаватская (1831-1891), Д.Л.Андреев (1906-1959), Г.Г.Шпет (1879-1940), француз философтары Поль Рикер (1913) және Жак Деррида (1930-2004), американдық жазушы – философ Карлос Кастанеда (1925) және т.б.

Постмодернизмнің негізгі тұжырымдары: 1) Объективтілік реалдылық көпөлшемді, оның мәні мен формаларының арасындағы байланыс-қатынастарының сипаты сан түрлі қасиеттерге ие. Объективтік реалдылық идеалдық немесе материалдық қана емес, сонымен қатар мистикалық, эзотерикалық бола алады. Дүние ретті ұйымдастырылған ғана емес, ретсіз, хаостық сипатқа да ие. 2) онтологиялық плюрализм мен гносеологиялық плюрализмнің бірлігі. Мәдени өмірдің салаларының арасындағы шекаралар жойылуы керек, таным теориясындағы бірін-бірі толықтырушылық, көптәсілдік көзқарастардың әр түрлілігі дінде де орын алуы тиіс. 3) Адамдардың араласуындағы монологиялық мәтіндердің орнын сұхбаттасу, үйренушілердің бір-біріне өзара әсері, оқыту процесін белсенді ететін әр түрлі тәсілдердің көптігі басуы тиіс.

ПОСТПОЗИТИВИЗМ – неопозитивизмді сынаудың негізінде 20 ғ. орт. пайда болды. Ғылыми білім мен ғылыми емес білімнің шекарасы – ғылыми білімнің тәжірбие нәтижелерінің көмегімен терістеле алатындығында деп түсініледі. Көрнекті өкілі: П. Фейерабенд және т.б.

ПОСТУЛАТ (лат. рostulatum – керектігі) белгілі ғылым теория шеңберінде бастапқы дәлелденбейтін ретінде қабылданған оның принціпі немесе ұйғарымы. Қазіргі логикада және ғылым метадологиясында «Постулат» ұғымы әдетте жиі айтылатын «аксиоманың» синонимы ретінде қолданылады. Кейде бұл ұғымдардың антикалық философиядан келе жатқан айырмашылығы сақталады: аксиома қайсыбір теорияның логикалық бастапқы принціпі ретінде түсіндіріледі, ал постулат - осы теорияның бастапқы арнайы ғылыми принціпі ретінде ұғынылады. Жекелеген жағдайларда постулат атауы белгілі бір теорияның аксиомалары мен тұжырымдау ережелерін білдіреді.

ПРАВОСЛАВИЕ (грекше orthodoxia) – христиан дінінің негізінен Шығыс Европа, таяу Шығыс елдері мен Балқанда таралған бір түрі православие, Европаның Батысы мен Шығысында феодализмнің әртүрлі даму жолдарының нәтижесінде 11 ғ. бір жола дербес бағыт болып бөлініп шықты. Православияның догматтық айырмашылықтары: қасиетті рухтың тек әке – құдайдан ғана шығуын, жалпы шіркеудің (оның басшысы емес) күнәсіздігін, догматтардың өзгермейтіндігін, арылуды бекерге шығаруды және т.б. мойындау. Мінәжат ету және канондық айырмашылықтары: икондарға табыну, ақ нәсілді дін басылары үшін міндетті түрде некеге тұру, шркеуде ән айтудың ерекше (Византиялық) жүйесі және т.б. Католицизмнен айырмашылығы – православиенің бір тұтас орталығы жоқ, ол дербес (автокефалдық) 15 православиелік шіркеуден тұрады. Православиеге консерватизм тән. Орыс православиесі самодержавиеге жан – тәнімен қызмет етті, оның тірегінің қызметін атқарды, оған толық тәуелді болды. І Петрден бастап 1917 жылға дейін орыстың православиелік шіркеуі мемлекеттік аппараттың бір бөлігі болып келді. Қазір православие идологтары, өздерінің ғылымға қарсы түсініктерін сақтап отырса да, оларды қазіргі жағдайларға бейімдеуге ұмтылуда, діни ілімді, мінәжәт ету практикасын және т.т жанғыртуды жүзеге асыруда. Шіркеудің бейбіт қызмет қажеттігін діни ілімдер тұрғысынан негіздеуге тырысады. 20 ғ. православиелік діни философиясының өкілдері – Бердяев, Хомяков, Булгаков, Флоренский және т.б.

ПРАГМАТИЗМ (грек. pragma – іс-әрекет) – буржуазиялық философияда кеңінен тараған субъективті идеалистік бағыт. Негізін салушылар Ч.Пирс (1839-1914жж.) және У.Джеймс (1842-1910 жж.). Прагматизм өкілдері нақты дүниені практикалық ұғымдар арқылы түсінуге рухани ойлау тұрғысынан қарады. Америкалық прагматизм тұрғысынан философия болмыс пен танымның алғашқы бастаулар туралы ойлау емес, ол ел алдында тұрған нақты, эмпиризмдік проблемаларды шешудің жалпы әдістері үшін қажет. әрекетке қызмет етіп, адамға нақты тығырықтан шығуға жәрдемдесетіннің бәрін прагматизм ақиқат деп жариялайды. Прагматистер пікірінше ақиқат – табысқа жетелейтін білімдер жиынтығы.

ПРАКСИОЛОГИЯ (гр. proktikos - іскер) – социологияның әртүрлі іс – қимылды немесе іс қимылдар жиынтығын, олардың тиімділігін анықтау тұрғысынан зерттейтін саласы. Негізін салған поляк ғалымы Т. Котарбиньский, басты зерттеу обьектісі әртүрлі еңбек дағдылары мен тәсілдерін практикалық (және тарихи) тұрғыдан зерттеу мен сипаттау, олардың элементтерін анықтап, соның негізінде практикалық сипатты түрлі ұсыныстар әзірлеу. Праксиология аталған категориялардың тарихымен, сондай – ақ қойылымдардың еңбегін нақты зерттеумен, еңбектің ұйымдастырылу мен мамандандырылу формаларына талдау жасаумен, еңбекті ұйымдастырудың тиімділік дәрежесіне ықпал етуші субьективті (кейде, сирек болса да, обьективті) факторларымен айналысады. Праксиология индивидтердің, сондай –ақ индивид пен ұжымның өндіріс процесіндегі өзара істестігін зерттейді.

ПРАКТИКА – адамның материалдық, сезімдік-заттық, мақсатты қызметі, адам қоғамы мен танымның қозғаушы күші, жалпы негізі, оның мазмұны – табиғи және әлеуметтік объектілерді игеру және өзгерту.

ПРИНЦИП (лат. principium – негіз, бастама) дүниені тану мен өзгерту процесінде фактілерді немесе білімдерді бір ізге салуға қызмет ететін, олардың кейбір жиынтығының түп негізі ретінде көрінетін ғылыми танымның ерекше формасы. Принцип деп тағы да - ереже, іргетас, басты идея, басты ұғым; түсініктер арасындағы дәнекерші буын; құбылыстың қажеттігінің немесе заңының көрінісі; заңдар арасындағы қатынас және басқа бір білімге жол ашатын білім; қоғамдағы адамдар арасындағы қатынасты сипаттайтын этикалық норма деп қарастыруға болады.

ПРОВИДЕНЦИАЛИЗМ (лат. providentia – құдайдың жазғаны) – әлемдік оқиғалар, тарих және жеке адамның әрекетінің барлығы да құдайдың жазғанымен басқарылады деген көзқарастар жүйесі. Тарихқа деген мұндай көзқарас еріксіз фатализмге әкеледі.

ПРОГРЕСС ЖӘНЕ РЕГРЕСС – (лат. progressus – ілгері қозғалу, rеgressus – қайтып оралу) – қоғам дамуында жалпы қоғамның немесе оның жекелеген салалары дамуының қарама – қарсы формалары, олар тиісінше не қоғамның қарышты қадаммен үрдісті дамуын, гүлденуін немесе ескі, күні өткен формаларға қайтып оралуын, тоқырауы мен азғындауын білдіреді. Қоғамдық прогресс өлшемі ең алдымен өндіргіш күштердің, экономикалық құрылыстың даму дәрежесі, ғылым мен мәдениеттің дамуы мен таралуының, жеке адамның даму деңгейінің, қоғамдық бостандықтың өркендеу дәрежесі болады.

ПРОТЕСТАНТИЗМ (лат. protestans – қарсылық білдіруші, әшкерелеуші) – христиан дінінің правосливие мен католицизмнен кейінгі, Реформация кезеңінде пайда болған үшінші түрі. Протестантизм – бір-бірінен догматтық және канондық ерекшеліктері бар дербес және алуан түрлі діндердің жиынтығы. Протестанттар католиктік арылуды мойындамайды, проваславиелік және католиктік әулиелерді, періштелерді, құдай ананы теріске шығарады. Протестантизмнің католицизм мен православиеден басты айырмашылығы – құдай мен адамның тікелей байланысы тұралы ілімде болып табылады. Протестанттардың түсінігі бойынша, игілік адамға шіркеу арқылы емес, құдайдан беріледі, «арылуға» адамның жеке басының сенімі мен жаратушының шапағаты арқасында ғана қол жеткізіледі. Бұл ілім рухани биліктің заңдылықтан басымдығын және католиктік шіркеу мен Рим папасының басшылық рөлін әлсіретті. Формальды түрде протестантизм тек қана Інжілге негізделеді, ал іс жүзінде әрбір протестанттық дінде өз нанымның символдары, беделдері, «Қасиетті» кітаптары, яғни өзінше бір «Қасиетті аңызы» болады. Қазіргі протестантизм негізінен алғанда Скадинавия елдерінде, Германияда, Швейцарияда, Ұлыбритания мен АҚШ – та, Канада, Австралияда және т.б. таралған. 20 ғасырда протестантизмде экумендік қозғалыс өріс алып, бүкіл дүние жүзі шіркеулер кеңесін құруға әкеліп соқты. Протестантизм әртүрлі саяси тенденциялармен байланысты.

ПРОЦЕСС (лат processus - өту, жүру) – құбылыстың заңды, дәйекті өзгерісі, оның басқа құбылысқа көшуі (даму).

ПСИХОАНАЛИЗ – психотерапия методы және бейсаналық психикалық процестер мен мотивацияларды басты деп есептейтін психологиялық ілім. 19 ғ. с. – 20 ғ. б. З.Фрейд қалыптастырды.

ПІКІР – қазіргі формальды логикада оның ақиқаттық (ақиқат, жалған) немесе модальдық (ықтимал, мүмкін, мүмкін емес, қажетті және т.б) бағаларына байланысты қарастырылатын белгілі бір тілдің сөйлемі. Құрамына басқа да пікірді енгізетін пікірді күрделі; ал керісінше жағдайда қарапайым ден айтады. Кез келген пікір оның мазмұны болып табылатын қайсыбір ойды білдіреді және ол мағына деп аталады. Пікірдің қайсыбір ақиқаттық бағасы оның ақиқаттық мәні болып табылады. Пікірге қатысты объектіні пікірдің пәні дейді. Пікір атауымен қатар «сөйлем» және «пайымдау» деген атаулар да қолданылады.

Р

РАЦИОНАЛДЫ – адамның ақиқат шындықты ақылмен меңгеруі.

РАЦИОНАЛИЗМ – (лат. ratio – ақыл-ой) – таным процесінің басты құралы ретінде ақыл-ойды, пайымды, ойлауды танитын метод және оның негізінде қалыптасқан философиялық бағыттар. 17 ғ. Жаңа заман философиясында рационализмді қолдағандар: Р.Декарт, Б.Спиноза, Г.Лейбниц; 18 ғ. И.Кант, И.Фихте, Шеллинг, Г.Гегель болды.

РЕАЛИЗМ (лат. realis – нағыз, шын) - өнердің объективтік-танымдық және эстетикалық-қайтақұрушылық табиғатын кеңірек қамтитын көркемдік әдіс. Реализмге адамзаттық тұлғаның түрлі қатынастарының, өмір заңдылықтарындағы шындықты индивидуалдық бейнелеудің көмегімен ашу. Реализмнің белгілері мен ағымдары өнер тарихының алғашқы бастауларында байқалған. Бірақ, ерекше көркемдік әдіс болып Қайта жаңғыру дәуірінде (М.Сервантес, У.Шекспир, Ф.Рабле және т.б.) қалыптасты, өзінің одан арғы дамуын Ағартушылық дәуірде (Д. Свифт, Лессинг, Вольтер, П.Бомарша және т.б.) жалғастырды, ал аяқталу кезеңі, 19 ғасырдың соңында сыншыл реализм (Стендаль, О.Бальзак, Ч.Диккенс, Н.В.Гоголь, М.Е.Салтыков-Щедрин, Н.А.Некрасов, Л.Н.Толстой, Шевченко, И.Е.Репин және т.б.) өнерінде көрініс тапты.

РЕАЛИЗМ (ортағасырлық) – жалпы ұғымдар немесе универсалийлер нақты заттардан бірінші және шынайы өмір сүреді деп тұжырымдаған ортағасырлық схоластикадағы бағыт. Ортағасырлық реализм Платон іліміндегі ұғымдар мен объективтік әлем, жалпылық және жекелік араларындағы мәселені шешу бағытын жалғастырды. Реализм католицизмнің философиялық негіздемесі болды. Оның көрнекті өкілдері Ансельм Кентерберийский, Гильом Шампо және Фома Аквинский. Реализмге қарсы номинализм бағыты тұрды. Бұл күрес философиядағы материалистік (номинализм) және идеалистік (реализм) екі бағыттың күресінің айқын көрінісі болды.

РЕЛЯТИВИЗМ – танымды, көзқарастық жүйелерді, мәдениетті сараптау мен интерпретациялаудың методологиялық принципі, құбылыстардың сапалық тұрақсыздығын, олардың әр түрлі жағдайлар мен ситуациялардан тәуелділігін абсолюттендіреді.

РЕФОРМАЦИЯ (лат. reformare – түзеу, қайта өзгерту) – Еуропада протестантизмнің пайда болуына түрткі болған, XVI ғасырдың І жартысында кең өріс алған антифеодалдық және антикатоликтік қозғалыс. Буржуазия дворяндық топтың жартысымен одақтасып, феодалдық құрылыстың тірегі болып келген католиктік шіркеудің билігіне қарсы бағытталып, адамзат тарихындағы алғашқы, онша пісіп-жетілмеген буржуазиялық революцияны өмірге әкелді. Реформация алғаш Германияда пайда болып, кейін бүкіл Еуропаның мемлекеттерін қамтыды, сөйтіп, Англияның, Шотландияның, Данияның, Швецияның, Норвегияның, Нидерландының, Финляндияның, Швейцарияның, Чехияның, Венгрияның католиктік жүйеден біршама алыстауына мүмкіндік берді. Рефомацияның нәтижесінде католиктік шіркеудің ықпалы азайып, демократиялана түсті, жаңа сенім түрі пайда болды, буржуазиялық моральдық нормаларға құдіреттілік санкцияны (рұқсат) иелендірді. Реформация жеңіске жеткен мемлекеттерде шіркеу мемлекеттің ықпалына өтіп, шіркеудің қолынан билік кете бастады, осының нәтижесінде ғылым мен зайырлы мәдениеттің өркендеуіне мүмкіндер туды. Жаңа діннің ұлттық мазмұны буржуазияның қалыптасуына жауап берді. Бұл уақытта дворяндық және бюргерлік топтармен қатар шаруа-плебейлік топ та өмір сүрді. Сословиелік және мүліктік теңдікте зор айырмашылықтары болған бұл топ рухани қызмет басшыларына ғана емес, дворяндарға да қарсы шықты. Бұл ретте олар кейбір евангельиелік ережелерге (ерте христиандықтағы) сүйенді. Католиктер де реформацияға контрреформациямен жауап бере отырып, протестантизмнің одан ары өрлеуіне тежеу қойып, Польша мен Францияда түбірімен жоюға бетбұрыстар жасады.

РИМ КЛУБЫ – футурологиялық зерттеулермен айналысатын, әлемнің отыз шақты елінің ғұлама ғалымдарын біріктірген беделді халықаралық орган. 1968 ж. Осы аталмыш ұйымның президенті, италиян экономисті, қоғам қайраткері және жеке кәсіпкер А.Печчеидің инициативасымен құрылды. Құқықтық негізде рим клубы Швейцарияда тіркелді. Бұл ұйымның негізгі бағдарламасы адамзат өмірінің әр қырлы аспектілерін – әлеуметтік, саяси, рухани, мәдени, экономикалық жақтарын өзара байланыстықта ала отырып ғаламдық үлгілеумен (модельдеумен) сипатталады. Рим клубының зерттеулері екі бағытта жүрді: экономикалық өсудің бағыттары мен шектерін зерттеу және адамзат қатынастары мен өзара әрекеттері саласындағы зерттеулер. Рим клубы жыл сайын дүние жүзінің саяси қайраткерлерін жинап, семинарлар өткізіп, симпозиум пен кездесулерді ұйымдастырып тұрады. бүкіл адамзат баласын мазалап толғандыратын адамзат дамуындағы глобальдық мәселелерді шешуге атсалысып, көпшілік қауымның пікіріне келісімді ықпал етуге тырысатын рим клубы түрлі зерттеу жобаларын жүргізіп, жұмыстарын баяндама түрінде шығарып отырады.

РОМАНТИЗМ (франц. Romantisme) – 18 ғ. соңы мен 19 ғ. ортасы аралығында байқалған Батыстың рухани өміріндегі идеялық және көркем қозғалыс. Германияда пайда болып, бүкіл Еуропа мен Ресейге таралды. 19 ғасырдың басында тек Романтикалық өнер ( Д. Байрон, В. Гюго, В. Жуковский) ғана емес, романтикалық философия мен эстетика да ( ағайынды Шлегельдер, Новалис, Шеллинг, Гельдерлин, Шлейермахер) қалыптасты. Романтизм эстетикаға метафизикалық статус береді. Неміс романтизмнің ерекшелігі - тарих идеясын адамзаттық рухани мәдениетінің қалыптасуы тарихы ретінде қарастыру, болашақ пен өткенге үңілу, ал осы шақты – тұрақтанбаған, ретсіз нәрсе деп түсіну. Романтизм тек идеологияда ғана емес, сондай – ақ сол дәуірдің белгілі бір дүние түйсінуі, дүниені қабылдауы ретінде қоғамдық психологияда да өз көрінісін тапты. Романтикалық дүние түйсінудің мәні – жалған дүние мен оған сай келмейтін жоғары идеал арасындағы шешілмес қайшылықты мойындау.

РУХ ( лат. spiritus- леп, дем, иіс) – сөздің кең мағынасында – материалды бастамаға қарағанда идеалдыққа, санаға барабар ұғым: тар мағынасында – ойлау ұғымымен деңгейлес. Философиядағы әр түрлі ағымдардың өкілдері тек субьективтік рух субьектіні, жеке адамды, индивидті бөліп алып, оларды басымды деп қарастырғанда субьективтік идеализмге әкеліп соқтырады да, тек обьективтік рухты адамнан ажыратып алынған және мистикалық тұрғыдан өзіндік күш ретінде қарастыратын сананы алғашқы деп мойындаушылық обьективтік идеализмге тән.

РУХАНИ МӘДЕНИЕТ – ғылым жетістіктері, әдебиет және өнер туындылары, қоғамдық идеялар мен теориялар, тіл, адамдардың саяси өмірге араласу дағдылары, адамгершілік сапалары мен қоғамдық мінез-құлық әдеттері, құқықтық қатынастар, діни көзқарастар, адамдарды ғылым, әдебиет, өнер жетістіктеріне тарту әдістерінің жиынтығы. Мәдениет адам бойындағы адамдықтың өлшемін, қоғамдық тіршілік иесі ретіндегі адам дамуының сипатын білдіреді. Әрине, мәдениетті материалдық және рухани деп бөлу салыстырмалы сипатқа ие.

С

САБАҚТАСТЫҚ – жалпылық байланыс пен дамудың арақатынасын бейнелейтін материалистік диалектика ұғымы.

САЛЫСТЫРМАЛЫҚ ТЕОРИЯСЫ — 1905 ж. (арнайы теория) және 1910 ж. (жалпы теория) Эйнштейн тұжырымдаған кеңістік пен уақыттың физикалық теориясы. Ол Галилей — Ньютонның классикалық салыстырмалы деп аталатын принципінен келіп шығады. Бұл принцип бойынша, механикалық процестер бірі екіншісіне қарағанда түзу сызықты және бірқалыпты қозғалатын инерциалды жүйелерде біртектес жүреді. Салыстырмалық теориясы —классикалық механиканы рационалды қорытушы және механика принциптерінің қолдану өрісін денелердің жарық жылдамдығына жақын жылдамдықпен қозғалысына дейін кеңітуші теория ретінде қалыптасты. Философияның идеалистік және позитивистік бағыттары салыстырмалық теорияның ғылымның субъективтік сипаты және физикалық процестердің бақылаушыға байланыстылығының дәлелі ретінде пайдаланғысы келді. Бірақ салыстырмалық теориясы немесе релятивистік механиканы ғылыми білімнің объективтілігін жоққа шығаратын философиялық релятивизммен шатастыруға болмайды. Салыстырмалық теориясы реалдық шындықты бейнелейтін, классикалық механикадан гөрі адекватты теория.

САН – материяның негізгі ұғымының бірі. Қарапайым түрде алғашқы қоғамдарда-ақ пайда болған. Кейін қолданыс аясы кеңейіп әрі жалпыланады.

САНА – объективті шындықты бейнелеудің жоғарғы, адамға ғана тән формасы, оның адамдардың қоғамдық-тарихи қызметінің жалпы формалары арқылы көрінетін дүниеге және өзіне қатынасы тәсілі.

САНСАРА – азап-қасіретке толы қайта туылудың, өмір мен өлімнің үздіксіз процесі. Сансараның тамыры – білместікте, сондықтан одан құтылу жолы – нирванаға ену.

САНКХЬЯ – Үнді философиясында б.з.б. 6 ғ. пайда болды. Ол философия бойынша дүние екі бастамадан тұрады: бірі – зат, екіншісі – жан. Ол екеуі біріне бірі себепкер, біріне бірі бастама. Олардан басқа ешқандай себепкер жоқ.

САПА – объектіні анықтаушы, заттың, құбылыстың, процестің тұтастығын, өз-өзімен тепе-теңдігін білдіреді.

САТЬЯ – джайнизм іліміндегі ұғым: әрқашанда ол қандай қиын болса да шындықты айту.

СӘЙКЕС КЕЛУ ПРИНЦИПІ — ғылым дамуының негізгі методологиялық принциптерінің бірі. Оның философиялық мәні таным процесінің диалектикасын, салыстырмалы шындықтан абсолюттілікке, яғни барынша толық шындыққа ауысуын білдіреді. Оны алғаш рет 1913 жылы Бор енгізген. Сәйкес келу принципіне орай бір табиғи ғылыми теория екіншісін ауыстырғанда олардың арасында айырмашылық қана емес, сонымен бірге математикалық дәлдікпен өрнектелетін тығыз байланыс, сабақтастық байқалады. Ескінің орнын басқан жаңа теория өзінен бұрынғыны мүлде шығарып тастамайды, қайта белгілі бір формада оны ұстап тұрады. Осыған орай кейінгі теориядан алғашқысына қарай кері алмасу арасында айтарлықтай маңызды айырмашылық жоқ тұста олар бір-бірімен үйлесуі мүмкін. Сәйкес келу принципі релятивизмнің қисынсыз екендігін көрсетеді.

СЕКІРІС – ескі сападан жаңа сапаға өтудің жалпы түрі, ішкі қайшылықтың шешуші әдісі.

СЕМАНТИКА – тіл білімі мен логиканың саласы, онда мәнмен, мағынамен және белгілер мен белгілік сөйлемдердің интерпретациясымен байланысты проблемалар зерттеледі.

СЕНСУАЛИЗМ – таным теориясындағы бағыт, сезімдікті нақты танымның басты формасы және танымның барлық мазмұны сезім мүшелерінің қызметінен туындайды деп есептейді.

СИЛЛОГИСТИКА – силлогистикалық ойша пайымдау әдісі, философия тарихында бірінші болып Аристотель дедукцияның логикалық жүйесі ретінде қалыптастырды. Мысалы: «Егер кез-келген металл ток өткізгіш және кейбір сұйықтық – металл, онда кейбір сұйықтық та ток өткізгіш». Силлогизм субъективті-предикативтік құрылымдық қос үш пікірді жасаушы үш терминнен тұрады: екі алғышарт және қорытынды. Силлогизмде пайымдау сапасына қарай – бекіту немесе теріске шығару және санына қарай – жалпы немесе жеке деп бөлінеді.

СИМВОЛ – материялдық заттардың, оқиғалардың, сонымен қатар, сезімдік бейнелердың тікелей, сезімдік-денелік болмыстан өзгеше идеалдық мазмұнды білдіру қабылетін көрсететін ұғым.

СИНТОИЗМ – жапон еліндегі діни сенім. Синто – жапон діни нанымдарының қытайша жиынтық атауы. Синтоизм еуропа ғылымында қалыптасқан атау, жапондықтардың өзі оны «каминомити» («құдайлар жолы») деп атайды. 8 ғ-да «Кодзики», «Никонги» деген жинақтарға біріктіріліп, өзінің бастапқы үлгісінде біздің заманымызға жеткен мифологияға негізделеді. Оларда барша әлемді жаратушы құдайлар түсінігі жоқ. Көне мифтердегі «нами құдайлары» әлем жаратылғаннан кейін келіп, жер дүниені тәртіпке келтіруші құдайлар десе де болады. Синтошылар табиғат күштерінің бәрінен, тау-тастан, орман-тоғайлардан құдай сипатын көреді, олардың әрқайсысының өз камиі, яғни рухы бар деп сенеді. Синтоизмнің басты сипатының бірі императорларды құдай дәрежесіне дейін көтеріп, қастерлеу. Синтоизм догматикасы мейлінше қарапайым және мұнда құдай жөнінде айқын орнықты түсінік жоқ. Күнә, жаза, о дүние туралы ілімдері солғын. Адамшылық нормалары көбіне конфуцийшілдік қағидалармен, ғасырлар бойы қаыптасқан салт-дәстүрлермен, қатаң тәртіппен реттеледі.

СКЕПТИЦИЗМ (грек. skeptikos – қарастыратын, зерттейтін, сынайтын) – объективтік шындықты танудың мүмкіндігіне күмән келтіретін философиялық концепция. Скептицизмнен агностицизм және нигилизм туындайды. Скептицизм ескі қоғамдық илеалдар құлдырап, жаңа қоғамдық көзқарастар енді ғана қалыптасып келе жатқан қоғамның даму кезеңдеріне тән сипат. Скептицизм тарихта б.з.б. 4 ғ. дүниені түсіндіру мақсатында түрлі философиялық қарсылас пайымдауларға тап болған, антикалық қоғамның дағдарыс шағында пайда болды. Скептицизм Пирронның, Аркесилдің, Карнеадтың, Энесидемнің ілімдерінде кеңінен дамыды. Көпшілік қабылдаған дәлелденген білімнің мүмкіндігіне күмәндану антикалық скептицизмнің этикалық концепциясының өзегі болды. Скептицизм сонымен қатар, ортағасырлық діни дүниетаным мен догматтық идеологияны сынға алды. Монтеннің, Шарронның, Бейльдің еңбектерінде теологтардың аргументтеріне күмән келтіріліп, материалистік түсінікті игеруге бетбұрыстар жасалынды. Ал Паскаль, Юм, Кант және т.б. ақылдың мүмкіндігін мүлдем шектеген болатын. Қазіргі философияда скептицизмнің міндетін позитивизм атқарып келеді.

СЛАВЯНОФИЛЬДЕР – 19 ғ. орыс қоғамдық ой-пікіріндегі консервативті саяси және діни-философиялық ағымның өкілдері. Ол ағымның өкілдерінің айтуы бойынша, Ресейдің Батыс Еуропамен салыстырғанда өзіндік ерекше даму жолы бар деп қарастырылады. Славяншылдықтың негізін қалаушылар – И.В.Киреевский (1806-1856), А.С.Хомяков (1804-1860), К.С.Аксаков (1817-1860, Ю.Ф.Самарин (1819-1876), т.б. Славянофильдердің алғашқы идеялары әдебиетте 1839 ж. көрініс тауып, 1940-1950 жж. ары қарай дамыды. Славянофильдердің пайда болуына Ресейдің рухани өмірінде «батысшылдық» идеялық ағымының таралуы басты себепкер еді. Славяншылдықтың негізінде орыс мәдениетінің, тарихи дамуының, әлеуметтік-экономикалық құрылысының өзіндік қасиеттері туралы көзқарастар тұр. Славянофильдер православиені, қауымдық құрылысты, орыс халқының көнбістік, төзімділік қасиеттерін, таптық жіктелудің шиеленіспегендігін орыс тарихының, орыс діннің ерекшелігі деп есептейді. Славянофильдер көп еңбектерінде шынайы ақиқат дін ретінде тек православиені қарастыру керек деген асыра сілтеушілікпен де айналысты. Сөйтіп, тіпті, православие дініне бас ұратын орыс халқының етегінен ұстаған жағдайда ғана басқа бұратана халықтар болашақтан үміт күте алады деген колонистік көзқарастарды да кеңінен уағыздап отырады. Қазан төңкерісінен кейін (1917 ж.) славянофильдер көбінде шет елдерге қоныс теуіп, сондағы орыс эмирциясының арасында таралды.

СОЛИПСИЗМ (лат. solus – жалғыз, ipse - өзі) – объективті дүние тек адам мен адамның санасына тәуелді өмір сүреді деп қарастыратын субъективті-идеалистік теория. Көрнекті өкілдері: Беркли, Фихте. Солипсизмнің гносеологиялық негізі сезінуді таным процесінің көзі ретінде қарастыруында. Солипсизмді «Материализм және эмпириокритицизм» атты еңбегінде Ленин сынға алады.

СОПЫЛЫҚ ДҮНИЕТАНЫМ – исламда 13-9 ғғ. пайда болған діни-мистикалық ілім. Сопылық ілімнің ислам әлемінде кең таралуы Джами, Руми, әл Фараби, әл-Ғазали, Хафиз, О.Хайям секілді исламның классикалық кезеңінің ойшылдарына байланысты. Сопылық ілім адамды жетілдірудің жеке-дара діни-мистикалық жүйесі болғасын, онда эзотерикалық сипат басым. Сопылық жолға түсу алдымен ұстаз табудан басталады. Кейін ұстаздың бақылауымен мүрит психофизикалық жаттығуларға көшіп, сопылық танымның ілімдік негіздерін ұғынуға көшеді. Сопылық тәжірбие арқылы күнделікті білімнің сыңаржақтылығын түсініп, шәкірт дүниені өзгеше тани бастайды: әртүрлі заттардың, дүниенің төрт бұрышының қарама-қайшылығы сыдырылып, бірлігі айқындала береді. Бұл бірліктің негізі ретінде сопымен байланысқа түскен Ақиқат көрінеді. Сопылық жолға түскендер танымның үш сатысынан өтеді: шариатты тану, тарихатқа түсу, хақиқатқа жетіп, «фана» болу. Орта Азияға кең тараған Қожа Ахмет Иасауидің ілімі бойынша, сопылықтың төртінші сатысы бар, ол – мағрипатқа жету. Христиан дінімен салыстырғанда, исламның Құдайы тұлғасыз болғандықтан, сопылықта микрокосм макрокосмда жоғалады. Әл-Халладж, әл-Бистамилар өздерін Хақпен теңеген. Бірақ сопылық тұрғысынан «фана» - буддизмдегідей жолдың ақыры емес, адам жанының мәңгілік ғұмырға көшуі. Сопылық жолының өзге діндермен ұқсастығы оның көп мәдени ықпалдан өтуін айғақтап, көптеген философиялық және танымдық сауалдар туындатады. Қазіргі араб ғалымдары Еуропадағы көптеген рыцарлық, масондық (қасиетті Августин, Ассиздік Франциск, Фома Аквинский, Дунс Скотт және т.б.) христиан философтарын еуропалық сопылық дәстүрге жатқызады. Орта Азия мен Қазақстанда ортағасырдан бері сопылықтың Иасауи және нақышбандиалар бағыттары таралған.

СОФИСТИКА – даму үстіндегі объектінің кездейсоқ бір жағын, белгілі бір қасиетін негіз етіп алады да, сол арқылы пікір түйіндейтін әдіс. Антикалық философияда бұл әдіс – ақталуда және даулы мәселелерді шешуде қате пікірлерді, яғни софизмдерді пайдаланып, формальды шындық ретінде көрсетуге қолданылды. Софистер (Протагор, Горгий, Гиппий, т.б.) риторикаға (әдемі сөйлеу өнері) үйрететін ұстаздар болған. Олардың басты қағидасы – өз позицияңды дәлеледей білу. Софистер объективтілік ақиқатқа ұмтылған жоқ, осы үшін Сократта, Платонда оларды сынға алды. Протагор «Адам – барлық заттардың мөлшері» деп санаған.

СОЦИУМ – тұрмыс-тіршіліктің, мекен-жайының бірлігімен сипатталатын, осыған байланысты ортақ мәдениетке ие тұрақты қауымдастық.

СТОИЦИЗМ – антика заманының белгілі мектебі. Стоицимнің ұзақ тарихы бар. Стоицизмнің өкілдері болып Зенон Китионский, Сенека, Марк Аврелий, т.б. саналады. Стоиктарға адамға, оның жеке тұлғасына деген қызығу тән болды. Олар құдайлық пен адамдықтың арасындағы қарым-қатынас, өлген жанның тіршілік етуі проблемаларын қарастырды. Олар ең алғаш болып «ұят» ұғымын моральдың іргелі ұғымы ретінде және адамның «жігері» ұғымын моральдық іс-әрекеттің механизмі ретінде қарастырды.

СТРУКТУРАЛИЗМ ЖӘНЕ ПОСТСТРУКТУРАЛИЗМ – қазіргі заманғы философиялық және гуманитарлық білімдегі мәдениет құбылыстарының көптүрлілігінің астарында объективті өмір сүретін логикалық құрылымдарды іздеумен байланысты бағыттардың жалпы атауы. Структурализм өзінің негізгі міндеті деп тұрақты логикалық құрылымдарды, яғни объектілердің тұрақты байланыстарын іздеуді есептейді.Структализмнің жалғасы және өзіндік сыны постструктурализм болды, ол субъектінің құрылымдарға редукциясы мүмкін емес деп тұжырымдады, бұл адамға субъект ретінде оралуды білдіреді.

СУБЛИМАЦИЯ – психологияда аффектілік құмарлықтарды әлеуметтік қызметтің және мәдени шығармашылықтың мақсаттарын қайта өзгертетін және аударатын психикалық процесс.

СУБСТАНЦИЯ (латынша – substantia – негізінде жатқан) – өзгермейтін, мызғымайтын, бастауы басқада емес, өзінде, басқа арқылы емес, өзінің арқасында, өзінде өмір сүретін, бәрінің негізінде жатқан нәрсе.

СУБСТРАТ (лат. sub-түпкі жәпе tum-құрылыс) – бірліктің, тұтастықтың негізі, әртүрлі заттардың және жеке бір зат қасиеттерінің, нәрселер мен олардың жиынтығының түпкі біртектілігі (субстанция).

СУБЪЕКТ ЖӘНЕ ОБЪЕКТ ( лат. subjektum – бастауыш және objektum – зат) – философиялық категориялар. Субъект ұғымы алғашқыда (Аристотель) субстанциямен деңгейлес келетін қалып пен әрекеттің қасиетін білдірді.17 ғ. бастап бұл ұғымдар гносеологиялық мазмұнда берілді. Қазіргі күнгі түсінік бойынша субъект – белсенді әрекет етуші және дүниені танушы, саналы және ерікті индивид немесе әлеуметтік топ; объект – субъектінің танымдық және басқа да әрекеттерінің бағыталу нысанасы.

СУБЪЕКТИВТІК ИДЕАЛИЗМ – объективті шындықтың субъективті бейнесі, адамның мақсатқа негізделген қызметі процесінде туындайды, сананы табиғаттан тыс өмір сүріп, әрекет етеді деп қарастырады. Сезіну, уайым, көңіл-күй, субъектінің іс-әрекетінің жиынтықтарын субъективті идеализм әлемнің бөлінбес тынысы деп санайды. Себебі олар дүниенің діңгегі «мен», «менің санам», «менің сезімім» деп санайды. Мен бар жерде, дейді субъективтік идеалистер, дүние бар, мен жоқ болсам, дүние де жоқ дегенді айтады. Оған жататындар: Дж. Беркли, И. Фихте, Д. Юм, И. Кант, махистер, неопозитивистер мен экзистенциалистер. Субъективті идеализмнің шегіне жеткен түрі солипсизм.

СХОЛАСТИКА (грек. scholasticos – мектептік) – христиандық діни сенімді рационалды тұрғыдан негіздеп және жүйелеуге бетбұрыс жасаған схоластардың ортағасырлық «мектептік философиясы». Ол үшін олар антикалық философияны (Платон және әсіресе, Аристотель) пайдаланды. Схоластардың философиясы білімнің дінге қатынасы төңірегінде қалыптасты. Схоластар ақылдан діни сенімді жоғары қойды. Олардың талас пікірі жалпылық пен жекелік қатынасы. Философия тарихында бұл таласты әмбебаптар, яғни универсалдар (лат. Unuversalia – жалпылық), яғни жалпылық ұғымының табиғаты жайлы айтыс деп атайды. Схоластика тарихы бірнеше кезеңдерге бөлінді: Алғашқы кезеңіне (9-13 ғғ.) неоплатонизм тән, өкілдері: Эриуген, Ансельм Кентерберийский, Ибн-Рушд, Ибн-Сина, Маймонид; Классикалық кезеңде (14-15 ғғ.) «христиандық аристотелизм» үстемдік етті, өкілдері: Ұлы Альберт, Ф.Аквинский; Соңғы кезең (15-16 ғғ.) католиктік (Ф.Суарес) және протестанттық (Ф.Меланхтон) діни ілімдердің арасындағы талас-пікір ушыға келе, католиктік шіркеудің Реформацияға қарсы күресін туғызды. Кейінгі ғасырларда схоластиканың ықпалы төмендейді, Жаңа замандағы жаңа идеялар (Декарт, Гоббс, Локк, Кат, Гегель) оны мүлдем жоққа шығарады. Бірақ 19 ғасырда схоластика қайтадан жанданады, католиктік (томизм, платондық-августиандық, францийстік) және протестанттық (неміс филологы Ф.Меланхтонның ілімін қайта жаңғыртушылар) философиялық түрлі мектептер біріге бастайды.

СЦИЕНТИЗМ (лат. scientia және ағылш. science – білім, ғылым) – қоғам өмірі мен мәдениет жүйесінде ғылымның рөлін абсолюттендіре қарастыратын концепция. Сциентизм негізінен жаратылыстану және нақты ғылымдарды ғана мойындайды.

Т

ТАНТРИЗМ (tantra – айла-әдіс) – индуизмнің брахмандық емес ортодоскальдық бағыты

ТАНЫМ ТЕОРИЯСЫ немесе гносеология – танымдық қызмет процесіндегі субъект пен объектінің өзара қатынасын, шындыққа білімнің қатынасын, адамның дүниені тану мүмкіндігін, ақиқаттың критерилерін және білімнің дәлелдігін зерттейтін философияның бөлімі. Яғни, таным процесінің заңдылықтарын зерттеуді таным теориясы деп атайды. Философияның негізгі мәселесін дұрыс немесе теріс шешуге байланысты екі түрлі таным теориясы: материалистік және иделистік түрі қалыптасты. Танымда сезімдік және рационалдық танымның деңгейлері болады. Сезімдік таным үш негізгі формада жүзеге асады: түйсік, қабылдау, елестету. Сезімдік таным танымның бірінші және қажетті сатысы болып табылады, бірақ ол заттардың құбылыстардың ішкі мәнін түсінуге мүмкіндік бермейді. Ол міндетті жоғарғы түрі абстрактілі ойлау болып табылатын танымның келесі рационалды түріне көтеріліп барып шешуге болады. Дамыту процесі үш түрлі негізгі формалар арқылы өтетін ойлау мазмұны құрады: ұғым, пікір, ой түйіндеу. Танымның сезімдік және рационалды жақтарының бірлігі – құбылыс түсінігінен мән түсінігіне өту процесі, яғни, сана мен тәжірбие арасындағы қайшылықтарды шешу арқылы сапалық секіруге ұқсатуға болады.

ТАРИХ ФИЛОСОФИЯСЫ – адамзат дамуының негізгі бағыттарындағы тарихтың мәнін, оның заңдылықтарын, ондағы проблемалар төңірегінде зерттеу жасайтын білім саласы. Философия тарихы негізінен өз бастамасын антика заманынан алады, Жаңа заманда Виконың және 18 ғ. ағартушыларының (Вольтер, Гердер, Кондорсе, Монтескье) еңбектерінде қарастырылды.

ТЕИЗМ (гр. Theos-құдай) – ақыл-ойы мен ерігі бар және жұмбақ түрде барлық материалдық және рухани процестерге ықпал ететін жаратылыстан тыс тіршілік иесі ретіндегі жеке құдайды мойындайтын діни-философиялық ілім. Дүниеде болып жатқанның бәрін теизм құдайдың құдіреті деп қарастырады. Жаратылыс заңдылығын да теизм жаратқанның жазмышымен байланыстырады. Деизмте қарағанда теизм барлық дұниежүзілік оқиғаларға құдайдың өзі тікелей қатынасатындығын уағыздайды, ал пантеизмге қарағанда құдайдың дүниеден тыс және одан жоғары өмір сүретінін мойындайды. Теизм – клерикализм, теология және фидеизмнің идеологиялық негізі. Теизм ғылым мен ғылыми дүние-танымға мүлдем кереғар.

ТЕОЛОГИЯ (грек. theos – құдай, logos - ілім) – Құдай туралы діни ілім. Теология Құдайдың өзі мен оның әрекеттерінің мәнін анықтайтын діни шығармалар жинағынан тұрады. Теология бір жағынан, Құдайдың адамдарға арнайы өзі түсірген кітаптарының – киелі мәтіндерінің арқасында, екінші жағынан, діни-идеалистік сарындағы философияның болуының арқасында мүмкін. Теологияны христиан шіркеуі, иудаистік немесе мұсылмандық қауым сынды әлеуметтік ұйымдардан тысқары қарастыруға болмайды, өйткені тыңдаушысы жоқ «Құдай сөзі» болмақ емес. Мыс., христиан теологиясы тауратқа, алғашқы дүниежүзілік соборлар қаулылары мен «шіркеу аталарының» ілімдеріне ілімдеріне сүйенеді. Христиан теологиясы діни ілімге, догматтық діни ілімге, парасаттық діни ілімге, шіркеу туралы ілімге, т.б. бөлінеді.

ТЕОРИЯ – дүниедегі заттар, құбылыстар, процестер, олардың қасиеттері мен байланыстары туралы ғылыми білім сан алуан түрде бейнеленеді. Солардың ішіндегі ең елеулісі – теория.

ТЕОЦЕНТРИЗМ (грек. theos – құдай) – дүниенің бастамасы мен себебі жалғыз құдай деп қарастыратын, орта ғасырларда еуропа елдерінде кеңінен тараған христиан философиясындағы түсінік. Ол барлық бастамалардың белсенді және жаратушы негізі, дүниежаратылысының орталығы.

ТЕРІСТЕУ – белгілі бір зат пен құбылыстың қайшылықтарын ашу, оларды шешудің жолдарын анықтау, жаңа сапаның пайда болуына мүмкіндік туғызу.

ТЕХНИКА (грек. techne - өнер, шеберлік, машық, кәсіп) – қоғам мен табиғатты байланыстырып жатқан феномен. Техниканы кең және тар мағынасында қарастыруға болады: тар мағынасында техника – индустрия, өндіріс, кәсіп дегенді білдіреді (экономикалық Т., өндірістік Т., әскери Т., машина – жабдықтар тұрмыстық Т., т.б), кең мағынасында техника деп өнерді, шеберлік түрін айтады (ойлау Т., бейнелеу Т., би-өлең Т., т.б). Техниканың мәні адамға аз күш жұмсатып, көп нәтижеге жеткізуде жатыр. Техника мәдениеттің негізін қалайды. Адам техникаға өзінің адам ретінде қалыптасуымен қарыздар. Бірақ Н. Бердяевтің «Техника туралы сұрақ адамзат пен оның мәдениетінің тағдыры туралы сұрақ» дегенін естен шығармаған дұрыс. Расында да, қазіргі техниканың даму қарқыны, оның игі әсерімен қатар, кері ықпалының көбеюі арқылы бар адам баласын ойландырмай қоймайды. Батыста техниканы философиялық – мәдениеттанушылық ізденістердің нысанасына айналдыру И.Бекманның «Технология туралы нұсқау немесе мануфактура, фабрика және шеберлікті тану» (1777 ж), Э.Каптың «Техника философиясының негіздері» (1877 ж) атты шығармаларының дүниеге келуімен байланысты жүріп отырды.

ТЕХНИКА ФИЛОСОФИЯСЫ – қазіргі замандағы техника феноменің философиялық-методологиялық және көзқарастың зерттеу бағыты. Техника философиясы техникалық білімінің құрылымы мен динамикасын сараптау, техникалық ғылымдардың методологиясы проблемаларын, сонымен қатар, адамның шындықты техникалық игеруінің гносеологиялық және антропологиялық аспектілерін зерттейді. Қазіргі уақытта техника философиялық контексте кешенді, күрделі, көп аспектілі, қайшылықты құбылыс және адамзат өркениеті дамуының факторы ретінде қарастырылады.

ТЕХНИЦИЗМ – техниканы қоғам тағдырын анықтауыш күш деп түсіндіретін әлеуметтік-психологиялық нұсқау және саяси-қоғамдық ой бағыты. Техницизм қоғамдағы елеулі өзгерістер тікелей техниканың әсерімен жүзеге асады деп ұғындырады. Техницизм идеологиясы адамзат үшін техниканың дамуы қашанда ізгілік деген үстірт көзқарасқа негізделген. Техницизм идеологиясының мәдениеттанушылар, әлеуметтанушылар ілімдерінде кездесуін олардың адамзат мәдениетінің тарихи негізгі сатыларын техниканың белгілі бір аспектілерімен байланысты қарастыруларынан байқаймыз. Мыс., олардың бірі (Дж.Ленский) мәдени кезеңдерді еңбек құрамының өзгерісімен байланыстырса, келесісі қуат көзінің өзгерісімен, үшіншісі, (Л.М.Мак-Люэн) қарым-қатынас, ақпарат алмасу құралдарының өзгерісімен байланыстырады.

ТЕХНОКРАТИЯ (гр. fechne- кәсіп, өнер, kratos – өкімет, билеу) 1. Қазіргі қоғамға енетін мемлекеттік-монополиялық өндірістің жоғарғы басшылығының әлеуметтік тобы. 2. 20 ғ. 20 ж-дары американдық экономистер Г.Скотт пен Т. Веблен негізін қалаған социологиялық ілім. Бұл ілімді жақтаушылар техника мамандарының саяси өкімет орнату қажеттігін насихаттады, әлеуметтік өмірде техниканың ролін асыра дәріптеді және индивидтерді (жеке адамдарды) қазіргі технология мен «машиналар құлы» ретінде қарастырды. Технократияның теоретиктері қазіргі қоғамды басқаратын капиталистік емес менеджерлер (Д.Бэрнхем) немесе кең тұрғыдан алғанда –«техноқұрылым» (Дж. К.Гэлбрейт), яғни қарапайым инженерлерден бастап ірі фирмалардың бас директорына дейінгі мамандардың сатылық бірлестігі деп есептеп, саяси жүйенің міндетті қызметінде жеке меншіктің ролін жоққа шығарады.

ТЕХНОЛОГИЯЛЫҚ ДЕТЕРМЕНИЗМ – қоғамдық-экономикалық құрылымдардың дамуындағы шешуші фактор-өндірістің техникалық және технологиялық жақтарын өзгерту деп тұжырымдайтын метологиялық ұстаным.

ТЕХНОФОБИЯ (грек. techne –техника, fobia – қорқыныш) – техникалық іс-әрекеттер мен объектілердің жаттанған дүниесін адамның өз болмысына қауіп төндіретін құбылыс ретінде қабылдауын бейнелейтін ұғым. Тағы бір анықтамасы, техникалық прогресті теріс қабылдау, техникаға үміт артудан гөрі оның әкелер қауіп-қатерінен үрку, техниканы адамның жауы деп санау. Технофобия идеологиясы адамзатты жөн-жосықсыз тұтынушылық жолында техниканың құлы болып, соның бір тетігіне айналып кетуден сақтандырудан туындайды. Технофобия адамның жеке басының тұлғалық ерекшеліктерін техника жоққа шығарады деп үрейлендіреді. М.Голдман, Дж. Форестер, Д.Медоуз өздерінің технофобиялық концепцияларында экологиялық кризис себептерін ғылыми-техникалық революциядан табады. Олар технологиялардың дамуын осы қазіргі деңгейден ары асырмау керек, тек сонда ғана әлемде табиғат мен техника арсындағы тепе-теңдікті («глобальды тепе-теңдікті») қалыптастыруға болады деп түсіндіреді.

ТОЛҒАУ – қазақ фольклорының дәстүрлі жанры. Ақын толғауда өзінің ой толғанысын, уақытқа, заманға, оқиғаға, құбылысқа көзқарасын білірді. Ол – ақынның философиялық поэтикалық монологы. Автор сезім түйсігін, ой-пікірін, өмірлік тәжрибесін қорытып, сыршылдықпен, ұлағатты салиқалы жыр жолдарымен толғайды. Ақынның өзі жөнінде айтып алып (шабыт шақыру үшін), өткен-кеткенді, төңіректі шешу (қорытындыға тыңдаушыны дайындау үшін) ақырында негізгі ой-пікірін жинақтап түйіп айтуы көптеген толғаулардың композициялық шарты болып келеді. Толғаудың дидактикалық шешендік, шежірелік, патриоттық сарынды түрлері болады.

ТОМИЗМ – христиандық ортағасырлардағы Фома (Томас) Аквинский негізін қалаған діни-философиялық ілім. Ол өзінің әлемнің жаратылысы туралы ілімінде діни көзқарасын былай білдірді: жаратылыс идеясы, материяның болмысын жоққа шығару; жаратылыстың өзі жасалған әлемнің алдында болмыстың жоқтығын көрсетеді. Жер жүзіндегі жаратылыстың түкке тұрмайтындығын мойындау – ортағасырлық көзқарастың үстемдік құрушы идеясы еді. Томизм ілімі 19 ғ. (неотомизм) католик шіркеуінің ресми идеологиясы болып жарияланды.

ТОП – қоғамдағы алатын орны мен мақсаты бір болып келетін әлеуметтік ұйым.

ТРАКТАТ (лат. tracatus – талқылау, tracto – зерттеймін) – қандай да бір жеке мәселені, жеке проблемены түбегейлі зерттеп баяндайтын ғылыми жұмыс. Трактат деп философиялық тақырыптағы зерттеулерді жиі айтады. Мысалы: Әл-Фарабидің «Ғылымдардың шығуы», «Ғылымдар классификациясы» т.б.

ТРАНСЦЕНДЕНТАЛЬДЫҚ – таным мүмкіндіктерінің априорлық (тәжербиеден тыс немесе тәжірибеге дейін)жағларына жатады

ТРАНСЦЕНДЕНТТІК – схолостикалық философияда туындаған термин, сезімдік тәжірибе шекарасынан шығатынның бәрін сипаттайды; діни және метафизикалық таным пәні.

ТРИАДА (гр. trias – үштік) – дамудың үштігі, үш сатылылығы. «Триада» ұғымын алғаш рет Платон және неоплатоншылдар (әсіресе Прокл) қолданды. Ол кейіннен классикалық неміс философиясында жан-жақты дамытылды (әсіресе Гегельде). Гегельше кез келген даму процесі үш сатыны басып өтеді: тезис, антитезис, синтез. Әрбір саты өз алдындағыны теріске шығарады да оның қарсыласына айналады, ал синтез болса антитезисті теріске шығарып қана қоймай, сонымен бірге өзінің алдындағы дамудың екі сатысының кейбір белгілерін өз бойына сіңіреді. Синтез, өз кезегінде, келесі жаңа триаданың басы болып табылады және тезис жүріп өткен жол қайта басталған кезде триадада дамудың неғұрлым жетілген, ерекше баспалдағы көрінеді. Гегель триаданы абсолюттендірді және өз ұйғарымдарын елеместен философиялық жүйе жасаудың формальды тәсіліне, ұғымның үш сатылы даму схемасына айналдырды. Триаданың рационалды мазмұны философияда даму процесіне баға беруде пайдаланылды .

ТҰЛҒА – қоғамдық қатынастардағы индивид, біртуар Мен ретінде алынған жеке адам. Тұлға ұғымы «индивид», «адам» ұғымдарымен салыстырыла анықталады. «Адам» ұғымы барлық адамдарға тән қасиеттер мен қабілеттерге мінездеме беру үшін қолданылады. Бұл ұғым адамның жануарлардан, өсімдіктерден, машиналардан, т.б. айырмасын атап көрсетеді. Индивид – адамзаттың дара өкілі, адамдық ақыл, ерік-жігер, көзқарас, т.б. да әлеуметтік-психологиялық сипаттармен анықталушы жан иесі. Тұлға болып туылмайды, тұлға болып өсу барысында қалыптасады. Жас нәресте – адам, бірақ жеке тұлға емес, себебі ол өзінің іс-әрекеті үшін әлі жауап бере алмайды. Тұлға болу дегеніміз – өзінің ешкімге ұқсамайтындай бірегей ішкі рухани дүниесін құрай білу, қалыпты дамып, өмір тәжірбиесі мен өзіндік қасиетке ие болу, әлеуметтік ортадан өз орнын таба білу. Адамның тұлғалық қасиеттері оның іс-әрекеттегі белсенділігінің өрістеуіне ықпал етеді. Адамның белсенді қимыл-әрекеті оның мінез-құлқынан, ниет-тілегі мен бағыт-бағдарынан айқын байқалады, сөйтіп, жеке адамның ішкі дүниесінің сыры, жан сарайы сыртқа бөлініп тұрады. Тұлғаның қасиетті құпиясы оның еркін рухында жатыр. Соның арқасында адам өзіне дейінгі ұрпақтар мұрасын – мәдениетті жасампаз түрде қайта қарап, өзгертеді. Тұлғаның шынайы айқындалатын саласы – адамгершілік, мораль. Сыртқы мақсаттарға бет бұрмай, өзінің рухани еріктілігін ізгі ықтиярымен тоғыстыра білу – тұлғаны танытушы іс. Осы жайында неміс классикалық философиясының ірі тұлғасы Кант былай деген: «Адамзатқа, оның ішінде өзіңе де, басқаларға да барлық уақытта мақсатқа жетудің тек бір құралы емес, тек мақсат деп қатынас жасап әрекет істе». Тұлғаны зерттеуде З.Фрейд, К.Юнг, Н.Бердяев, А.Камю, Ж.Сартр, М.Хайдеггер, К.Ясперс, Х.Ортега-и-Гассет, Э.Фромм, М.Бубер, т.б. көп үлес қосты.

ТҮЙСІК – сезім мүшелеріне тікелей ықпал жасайтын материалдық заттар мен құбылыстың жеке сапаларының, қасиеттерінің, жақтарының мида бейнеленуі болып табылады.

ТҮСІНУ (ұғыну) – шындықты игерудің санаға тән формасы; оның мәні нәрселердің мазмұнын ашып, қайта жаңғыртуда. Мұнда адамды қоршаған шындық дүние, ең алдымен әлеуметтік-мәдени және сондай-ақ табиғи орта «адам дүниесі» нәрселерінің өзара бай­ланысты жүйесіне айналады. Түсінудің басты қызметі жеке адам­ның қоғамда, тарихта және мәдениетте өзін дұрыс ұстауы мен саналы мінез-құлқын қамтамасыз етумен байланысты болады. Түсіну адамдардың қатынас жасау процесінде, түрліше мәдениеттердің қарым-қатынасында дамиды. Түсінудің ғылымға дейінгі бастапқы түрлері тілді, басқа адамдардың түсінігін игеру (пікірлесу, көніл білдipy), әлеуметтік нормаларды, белгілірді, рәміздерді түciнy — тікелей өмip процесінде қалыптасады. Ғылымда түсіну арнаулы методологиялық ережелерді пайдалануды талап етеді де түciндipy түрінде көрінеді. Ғылыми-теориялық түсіндірудің түрлеріне мыналар жатады: өткен замандарды түсіндіру (тарихи түсіндіру); бөтен мәдени рәміздер мен метаформаларды түсіндіру, ертедегі текстерді аудару, түсіндіру (филологиялық түсіндіру); тіршіліктің басқа формаларын, мәдениетін, нормалары мен байлықтарын түсіндіру (Әлеуметтік антропологиялық зерттеулердегі түсіндіру), микрообъектілерді және ғылыми теориялардағы формализмдерді түсіндіру (жаратылыстанудағы түсіндіру).

ТІЛ — кез келген табиғи құбылыстың адамның ic-әрекеті процесінде танымдық және коммуникативтік (қарым-қатынас) міндетін атқаратын белгілер жүйесі Тіл табиғи да, жасанды да болуы мүмкін. Күнделікті өмірде ойды бейнелеу формасы және адамдар арасындағы қарым-қатынас құралы қызметін атқаратын тіл табиғи тіл делінеді. Жасанды тілдi адамдар белгілі бip аясы шағын қажеттер үшін жасайды (математикалық, символика тілі, физикалық теориялар тiлi, әр алуан дабыл жүйелері және т. б.).

У

УАҚЫТ – материя болмысының жалпы формасы, атрибуты, болмыстың ұзақтығын және дүниедегі барлық материалдық жүйелер мен процестердің жағдайларының ауысу реттілігін білдіреді.

УНИВЕРСАЛИЙЛЕР – (лат. universalis – жалпы) – орта ғасырлық философиядағы жалпы идеяларды білдіретін ұғым. Схоластардың талас пікірі – жалпылық пен жалқылық қатынасы. Философия тарихында бұл таласты әмбебаптар, яғни универсалдар, яғни жалпылық ұғымның табиғаты жайлы айтыс, талас деп атайды. Мұны шешудің түрлі жолдары айтылды. Біреуі – жалпы ұғым - әмбебаптар адам санасынан тыс өмір сүретін шындық деп түсіндіреді. Яғни, заттардың рухани құндылықтары ретінде жалпы түсініктер нақты болады. Бұл көзқарасты жақтаушылар реалистер деп аталды. Реализм өкілдері – А.Больштетский, Ф.Аквинский, Р.Луллий, т.б. Бұған қарама-қарсы екінші пікір бойынша әмбебаптар адамнан, нақты заттардан тыс өмір сүрмейді. Бұл тек нақты заттарды қорыту арқылы пайда болған жалпылық ұғым. Бұл пікір бойынша «жалпы адам» дүниеде жоқ, адам қашанда нақты бейне. Ал «адам» деп жалпы айту – тек нақты адамдардың бәріне тең, ортақ ұғым. Бұл пікірді жақтаушыларды «номиналистер» деп атады (лат. nomina – атау). Номинализм бағытының өкілдері – Р.Бэкон, У.Оккам, Н.Оразмский, т.б.

УНИВЕРСАЛИЗМ – жан-жақтылық, көпқырлылық, бәрін қамтушы білім, тұтастыққа ұмтылу,универсумды тұтас ретінде қарастыратын, осы тұтастан жекені бөліп шығарып,түсіндіруге және ұғынуға тырысатын ойлау түрі.

УПАНИШАДТАР – веда тарауларының бірі, ғасырлар бойы жинақталған ведтік әнұранға көне үнділік діни-философиялық түсініктеме. Упанишадтардың ең ежелгісі б.з.б. 7ғ. жатады. Ведтік құдайлар упанишадтарда философия мазмұнына сай шектеледі, адам мен дүние-әлемнің аллегориялық бейнесі түрінде түсіндіріледі. Жан дүниесінің басқа жаққа ұшып кететіндігіне баса назар аударылады. Жоғары реалдық табиғаты тұрғысындағы мәселелерге упанишадтар, қалған нәрселердің де айқындығына сая отырып, идеалистік жауап береді: барша заттардың қайдан пайда болғандығы, олардың пайда болғаннан кейін қайда өмір сүретіндігі және олардың жойылып біткеннен кейін қайда кететіндігі; бұл дүниенің рухани бастауы брахман, ол адамның рухани мәні – атманмен барабар. Жердегі жаңадан туып-өліп жататын тұйықталған тамұқтан арылу үшін адам упинишадтар бойынша, өзінің жан-дүниесінің (атман) даралығы туралы брахманмен бірілікте ой тұңғиығына шомуы керек. Упинишадтарда материалистік идея көріністері де болды. Бұл идея бойынша, дүниенің алғашқы бастауы су, ауа, сәуле, кеңістік және уақыт; адам өлгеннен кейін оның жаны өмір сүре алмайды деп есептелінді. Бадараянның (б. з. 2 ғ. ), кейіннен Шанкараның (8 ғ.) упанишадтарға жазған түсіндірмелері Ведантаның негізі болып саналады.

УРБАНИЗАЦИЯ – (лат.urbanus – қалалық) – қалалардың және қала тұрғындарының көбею процесі. Урбанизация тұрғындардың белгілі бір кеңістікте шоғырлануына, ғылым мен мәдениет институттарының бір орында жинақталуына әкеледі.

УТИЛИТАРИЗМ (лат. utilitas- пайда) – өнегелі іс-әрекеттің пайдалылығын мойындайтын буржуазиялық этикалық теория. Утилитаризм негізін қалаған және негізгі принциптерін анықтаған Бентам болды. Ол адамдарға олардың жеке мүдделерін қанағаттандыра отырып, «көп адамға үлкен бақыт сыйлау» принципін ұстанды. Бұл жерде іс-әрекеттің үлгі - өнегелігінің нәтижесі математикалық түрде есептелініп, көнелген қуаныш пен шеккен жаңа арақатынасымен айқындалады. Милль утилитаризмге ақыл-ой рахатын тәндік рахаттан жоғары қою принципін енгізді. Утилитаризм сонымен бірге мемлекет функциясын ұғындырудың негізінде орын алған. «Пайда принципін» таным теориясына ойыстыру прагматизмнің пайда болуына ықпал етті. 20 ғ-дың 60 ж. утилитаризм қоғамның апологетикалық концепцияларында қайта жаңғырды.

УТОПИЯ ЖӘНЕ АНТИУТОПИЯ (гр. u - ештемеде емес, жоқ және topos-орын, «еш жерде жоқ орын») – ойша құрылған және көбінесе статистикалық әлеуметтік идеал ойша жүзеге асырылған, ойдан шығарылған қоғам. Бұл мұраттың практика жүзінде іске аспайтындығы анықталғаннан кейін «Утопия және антиутопия» ұғымы метафизикалық түр алды және кез келген ғылымда негізсіз тұжырымдардың синониміне (әлеуметтік, техникалық т.б.) айналды. Утопиялық түсінік ежелгі грек ақыны Гесиодтың (б. з. з. 8-7 ғ.) «Алтын ғасырынан» бастап, әлеуметтік ой-сана тарихымен қатар жасасып келеді. Утопия белгілерін Плотонның «Мемлекет», Августиннің «Құдай қаласы туралы», әл-Фарабидің «Қайырымды қала тұрғындарының көзқарасы», 12 ғ. италиян ойшылы Иоахим Флорскийдің «Апокалипсиске түсінік», Асан Қайғының «Жерұйық», Т.Мордың «Утопия», Т.Компанелланың «Күн қаласы» шығармаларынан да табуға болады. «Утопия және антиутопия» ұғымын Т. Мор енгізген.

Ұ

ҰҒЫМ – дүниені танып-білу сатысындағы белгілі бip тұтастықта қарастырылып отырған заттың мәнін оның қалыптасу тәсілін анықтау арқылы олардың теориялық танымның формасы. Ұғым ойлаудың логикалық формаларының бірі, ұғымда шындықтың заттары мен құбылыстары және олардың арасындағы байланыстар олардың жалпы және ерекше қасиеттерін анықтау арқылы жалпы түрде бейнеленеді. Бүкіл ойлау процесі ұғымдар туғызу, оларды жүйеге келтіру және пайдалану жолымен қалыптастыру. Ұғымның қалыптасуы, бейнелендірудің cезімдік формаларынан оған өтyi күрделі процесс: мұнда дүниені тануды салыстыру, талдау мен синтез, абстракциялау, идеализациялау, жалпылау сияқты әдістеpi және ой-қорытындысының айтарлықтай формалары қолданылады. арқылы оны әлдеқайда тереңірек танып білу icкe асады.

ҰЖДАН –адамның ішкі тұңғиық жанын да, сыртқы мінез-құлқы мен тәртібін реттеуші, бақылаушы құралы міндетін атқарушы, оның тұлғалық негізін анықтаушы қасиеті. Шәкәрім де ар-ұят, ұжданды адамның қалғып кетпеуін қадағалайтын, оның санасына үнемі қозғау салып отыратын мазасыз, тыныш таптырмайтын қасиет деп қарастырды.

ҰҚСАСТЫҚ – бір заттың қандай да бір қасиетінің басқа заттардың бойынан табылуын айтамыз.

ҰЛТ – ортақ тілі, мәдениеті, біріктіруші салт-дәстүрлері мен діні бар адамдардың әлеуметтік бірлестігі.

Ү

ҮЙЛЕСІМДІЛІК – бүтіннің бөлшектерінің өзара үндесуі, белгілі бір тәртібін, көптүрліктің біртұтастығын, объектінің формасы мен мазмұны арасындағы сәйкестікті анықтайтын категория.

  • Ф

ФАЛЛИБИЛИЗМ (ағылш. fallible – қателікке ұрынған, кінәлі) – таным процесіндегі қателіктерінің өспелі нақтылықпен алғандағы түбегейлі мүмкіндік беретін идеясы, постпозитивизм бағыты. Фаллибилизм принципі Поппердің толеранттылық принципімен сәйкес.

ФАЛСАФА (грек сөзі философияның арабша аталуы) – антикалық философиялық пайымдауды үлгі еткен араб ойшылдарының философиясы.

ФАТАЛИЗМ (лат. fatum – тағдыр, fatalis – қашып құтылмайтын) – антидиалектикалық дүниетанымдық тұжырымдама. Фатализмге сәйкес дүниеде орын алатын барлық құбылыстар мен процестер алдын-ала белгіленіп қойылған, яғни әлемде тағдыр, жазмыштың бұлтартпас үкімі жүреді. Ендеше, бұл әлемде бостандыққа, шығармашылыққа орын қалмайды, бәрі де қажеттіліктің үстемдігіне бағындырылған. Дүниедегі заттар мен құбылыстар, оқиғалар мен жағдайлар реті о баста, алдын-ала белгіленіп, «маңдайға жазылып» қойылған. Фатализмнің варианттары көп, бірақ солардың бәріне ортақ нәрсе – орын алып отыратын жағдай қисыны адамға байланысты емес, енднше, оның қолында тұрған жоқ деп қарастырылуы. Теологиялық фатализм тарихтағы оқиғалар мен адам өмірінің қилы жағдайларын Құдайдың құдіретімен анықталады деп түсіндіреді.

ФАЦЗЯ (легистер, «заңшылдар») – Ежелгі Қытайдағы басты идеялық ағымдардың бірі. Фацзяның көрнекті өкілдері – Шань Янь (б.з.б. 390-338), Хань Фэй (б.з.б. 288-233) және т.б. Фацзяны жақтаушылар айырбас сауда қатынастарын дамыту арқылы байыған жаңа ақсүйектердің мүдделерін көксей отырып, рулық құрылыстың сарқыншақтары мен қауымдық – патриархалдық дәстүрге қарсы, елді біріктіру және басқаруды қатаң орталықтандыру жолында батыл күрес жүргізді. Мәселен, Цинь патшалығы тұсында Шан Ян бір сыпыра реформаларды жүзеге асырып, б.з.б. 3 ғ. аяқ кезінде тұңғыш Қытай империясының құрылуына жәрдемдесті. Фацзяның экономикалық және саяси көзқарастарына философиялық негіздемені Хань Фэй жасады. Адамзат қоғамында, сондай-ақ адамдардың іс-қимылына өлшем боларлықтай өз заңдары (фа) болуға тиіс. Ол түрлі әлеуметтік – саяси күштерге қарсы, деспоттық құралдармен елдің қуатын нығайту мен оны гүлдендіру жолындағы күресте мемлекеттің басты қаруы болып табылады. Хань Фэй және фацзяның басқада өкілдері конфуцийшілдікке қарсы болды.

ФЕМИНИЗМ (лат. femina - әйел) – қоғамдағы әйел рөлі және құқығын кеңейту, сөйтіп оған ерлермен тепе-тең деңгейдегі жағдайлар жасауды талап ететін қоғамдық қозғалыс және рухани ағым. Ұғымды француз тіліне 1840 ж. шамасында француз экономист-философы Ш.Фурье өз еңбектері арқылы енгізген. Бұл ұғым екі деңгейде анықтауды қажет етеді, өйткені феминизм бір жағынан, әйелдердің өз құқық, бас бостандықтарын қорғау үшін бастаған қоғамдық қозғалысы, екінші жағынан, әйелдің қоғамдағы орнын анықтайтын әлеуметтік – философиялық, социологиялық, психологиялық, мәдениеттанушылық ілімдер жинағы. Қазіргі феминизмде жыныстар қарым-қатынысы мәселесі биліктік қатынас түрі ретінде қарастырылады. Адамзаттың бір бөлігі ғана, яғни еркектер билікті уысына жиып, мәдениет нормалары мен мән-мағыналарын қағидалау еркіне ие болғандықтан, еркектер өз бастарының мүдделерін бүкіл адамзат мүддесі ретінде көрсетеді. Сондықтан жыныстар тепе-теңдігін қамтамасыз ету үшін, бүкіл мәдени құрылым негіздерін өзгерту керек деп түсіндіреді замандас феминистер. Феминизм теориясын жасауға барынша атсалысқан ғалымдар: М.Фуко, Ю.Кристаева, Ж.Бодрийар, Ж.Деррида, Ж.Делез, Ф.Гваттари, Ф.Соллерс, т.б.

ФЕНОМЕН – мән ұғымымен байланысты және оған қарсы қойылатын ұғым. Шындықты мына түрде қарастырады: адам аңғал реализмнен («заттарды көріп тұрамын») заттардың құбылысы (көрінісі) олармен бірдей еместігін түсінуге көшеді. Идеалистік философияның түсіндіруінше тек санада ғана өмір сүретін,танып білуге болмайтын ішкі мәніне – ноуменге қарама-қарсы деп есептелінетін құбылыс. Ауыспалы өмірде сирек кездесетін,ерекше жаралған ерен қабілеті бар адам; не бір ғажап құбылыс.

ФЕНОМЕНОЛОГИЯ (грек. Феномендер туралы ілім)- басында философиялық пәндердің бірі, кейінірек идеалистік философиялық бағыт, философиялық сананы натуралистік ұстанымдардан (объект пен субъектіні бөліп тастайтын) арылтуға, философиялық сараптаудың өзіндік саласына – сананың өз актілері және олардың мазмұны туралы рефлексиясына жетуге, танымның, адамның өмір сүруінің және мәдениеттің бастапқы негіздерін, толық сипаттамаларын анықтауға ұмтылады.

ФЕТИШИЗМ (франц. fetiche – тұмар, қасиетті күш бар зат) – көбінде алғашқы қауымдық құрылыс, архаикалық мәдениетіне тән жансыз заттарға қасиетті деп табыну. Фетиштер арқылы рухани, киелі күштер әрекет етеді, қамқорлық көрсетіп, қорғап қоршайды деген түсінік алғашқы адамзаттың мифологиялық-синкреттік санасына сай туындаған болатын. Фетишизм ретінде әрбір затты қарастыруға болады, тек ол үшін сол затқа өзіндік күш-қуат берілсе болғаны. Фетишизм Батыс Африкада бүгінгі күнге дейін жақсы сақталып қалған. Ал енді фетишизм элементтерін бүкіл дүние жүзіндегі мәдениеттерден кездестіруге болады. Мыс., әлемдік діндердегі иконаларға табыну (христиан діні), қасиетті «баспалдақтарға» сыйыну (буддизм), «қара тасқа» ғажайып күш ретінде қарау (мұсылмандық), өмірде – капитал өз-өзінен, еңбекке байланыссыз өседі, байлық байлықты өзіне тартады деп, ақшаға, алтынға бас ұрушылық түрлері; өкімет құдіретіне, саяси мекемелерге, идеялогиялық ұрандарға мойынсұну, т.б. фетишизмнің түр көріністері.

ФИЗИКАЛИЗМ – ғылымдағы кез-келген жайттардың дұрыстығын, ақиқаттылығын тек физика тілінде ғана түсіндіруге болады деген неопозитивистік тұжырым.

ФИЛОСОФИЯ – (грек. philo-сүйемін, sophia-даналық; тікелей мағынасы – даналықты сүю) - әлемнің, дүниенің, қоғамның және ойлау жүйесінің ортақ заңдылықтары туралы ғылым. Философия ой дамуы адамзат қоғамының қай кезеңінде де болған. Әсіресе көне Шығыс өркениеттерінде. Бірақ дін мен мифологиядан өзгеше дүниетаным ретінде ол Ежелгі Грекияда қалыптасты. Философия дүниетанымдық, теориялық, методологиялық ғылым. Оның тікелей айналысатын проблемалары (логика, онтология, гносеология, аксиология) мен әдістері (диалектикалық және метафизикалық, герменевтикалық), бағыттары (материализм, идеализм, эмпиризм, рационализм), өзіндік заңдылықтары мен категориялары бар. Философияның көзқарастық, әдістемелік, рациональды жүйелеу, танымдық, сыни, болжам жасау, гуманистік, практикалық деген функциялары бар. Философия ғылымының мәнін және мақсатын анықтау үшін философия туралы философия тарихында айтылған анықтамаларды қарастырып көрейік: К.Ясперс: «Философиялық пайымдау дегеніміз философия тарихына үңілу»; Сократ: «Философия – ойлау арқылы ақиқатқа, білімге жету»; Геродот: «Философия – білімді, ақылдылықты сүю»; Аристотель: «Философия – ғылымдар негізі»; Августин: «Философия – ақылдылыққа құштарлық»; Ф.Аквинский: «Философия – барлық ақиқаттың негізі болатын ақиқат (Құдай) туралы ілім»; М.Монтень: «Философияның қайғылы, іш пыстыратын нәрселерге еш қатысы жоқ. Даналықтың ерекше бір белгісі – ақылдың көмегімен өмірді қуанышты сипатта ғана қабылдау, ол жан жарасын жеңілдетеді, ауруды жеңуге көмектеседі»; Т.Гоббс: «Философия адамның ақыл-ойы, ол жаратушы тәңірдің барлық істерін зерттеуші, осы істердіңретін, себептерін, салдарын анықтауға көмектеседі»; Р.Декарт: «Философия – даналық, адам танып-біле алатын заттар туралы егжей-тегжейлі, жан-жақты білім»; Фихте: «Ғылыми даму барысында оның шеңберінен шығып кеткенімен, философия адамның ақыл-ойымен тығыз байланысты».

ФИЛОСОФИЯЛЫҚ АНТРОПОЛОГИЯ – кең мағынасында – адамның табиғаты және мәні туралы философиялық ілім. Философиялық антропология, тар мағынасында, адамның және оның қатынастарының өмір сүруімен және түсінілуімен байланысты күрделі, көптүрлі проблемаларды қарастыратын философиялық білім саласы.

ФИЛОСОФИЯЛЫҚ ГЕРМЕНЕВТИКА – бастапқыда (антика дәуірінен) бұл сөз мәтіндерді түсіндіру өнері дегенді білдіреді. 20 ғ. бастап (М.Хайдеггер, Г.Гадамер, П.Анкер және т.б.) бұл терминмен рухани мәдениет феномендерінің мәнін түсіну және игеру туралы философиялық ілім.

ФЛУКТУАЦИЯ – физикалық шамалардың өздерінің орташа мәндерінен кездейсоқ ауытқуы.

ФОРМАЛИЗМ (франц. formalisme, лат. formalis – форма, пішінге қатысты) – шығарманың пішініне артық мән бергенсіп, мазмұнды мансұқ ететін ағым. Формализм «таза форманы ғана құнды көркем элемент» деп қарастырудан көрінеді, яғни көркемдік форманы мазмұннан бөліп алады. Формализм нышаны 20 ғ. байқалып, 20 ғ. кеңінен тарады. Формализмнің түр көріністеріне: футуризм, кубизм, абстракционизм, сюрреализм, фовизм, ташизм, экспрессионизмді т.б. жатқызуға болады. Бұлардың барлығына ортақ принцип - өнерде адамгершіліктен, саясаттан тәуелсіз, өмір шындығынан арылған «таза» эстетикалық шығармалар жасау.

ФОРМАЛЬДЫ ЛОГИКА – ой формаларын – ұғымды, пайымдауды, ой түйіндеуді, дәлелдеуді логикалық құрылымдық жақтан, яғни, ойдың нақты мазмұнына мән бермей және осы мазмұн бөліктері байланысының тек жалпы тәсілін жіктей отырып зерттейдің ғылым. Формальді логиканың негізгі мақсаты – бұлардың сақталуы ақтық білімді алу прцесінде ақиқат қорытындыларға жетудің қажетті шарты болатын заңдарды, принциптерді тұжырымдау. Формальді логика силлогистиканы талдаған Аристотель еңбектерінен бастау алады. Формальді логиканың одан әрі дамуына ертедегі стоиктер, орта ғасырларда – схоластар ( Петр Испанский, Дунс Скот, Оккам, Лумий және т.б.); Жаңа заманда, негізінен Лейбниц үлес қосты. Дедуктивті логика проблемаларын оқып үйренудің ғасырлар бойғы қалыптасқан дәстүрінен ауытқу индукцияны зерттеуге және индуктивтік ой қорытындылау ережелерін тұжырымдау талпынысына (Ф.Бэкон, кейіннен Дж.Милль және т.б.) байланысты. Формальді логика дамуының жаңа кезеңі логиканың (символдық) қарқынды дамыған 20 ғ. бас кезінен басталады. Математикалық логика пікір айту мен дәлелдеулердің қисындық теорияларын талдай отырып, Формальді логиканы логика зерттеулердің жаңа әдістерімен және құралдарымен байытты.

ФРАНКФУРТ МЕКТЕБІ – батыстағы әлеуметтік – философиялық ойдың солшыл – радикал бағыты, неомарксизм дейтіннің бір түрі. Маркстың «нағыз идеяларын» қалыпқа келтіріп, оны «жаңадан ашпақ» болған, бірақ ол іс жүзінде марксизмді бұрмалау болды. 30 – шы жылдары Франкфурт әлеуметтік зерттеу институты негізінде құрылған. Көрнекті өкілдері М.Хоркхаймер. (1895-1973, негізін салушы); Адорно, Маркузе, Фром, Ф.Поллок, Л.Левенталь. Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін «орта буын» (Ю.Хабермас, А.Шмидт, О.Негт, А.Вельмер); 60-ж. жастар және экстремистік бағыттағы буын қалыптасты (Х.Краль т.б.). Франкфурт мектебінің эволюциясы «қоғамға сын теориясынан» бастап (ол Хоркхаймер және Маркузенің 30-ж-дардағы еңбектерінде), тарихтың пессимистік философиясында (Хоркхаймер мен Адорно бірігіп жазған «Ағарту диалектикасы», 1947) және солшыл экстремистердің «негативтік диалектикасына» (1966 ж. Адорно «Негативтік диалектикасы» және Маркузенің біршама еңбектері), одан пессимистік келісушілікке дейін созылды. Бұл эволюцияның негізгі бағыты қоғамдық қатынастарды тұрпайы – әлеуметтік тұрғыдағы пайымдаулардан айқындалады Франкфурт мектебінің даңқы Батыста «жаңа солшылдар» қозғалысы күшейген тұста өсіп, олардың күресі әлсіреген кезде құлдырады.

ФУТУРОЛОГИЯ (лат. futurum – болашақ, грек. logos – білім) – адамзаттың болашағы туралы мағлұмат беретін білім саласы. Бұл терминді 1943 ж. неміс социологы О.Флехтхейм ұсынған болатын. Оның ойынша, футурология – «болашақ философиясы». Содан бастап футурология болашақты болжайтын ғылым ретінде қарастырылып келеді. 60 ж. «постиндустриялық қоғам» теориясы (Д.Белл, Р.Арон, Б.де Жувенель) – футурологияның жаңа көрінісі.

Х

ХАЛЫҚ – қоғамдық дамудың әр түрлі сатыларында құрамы үнемі өзгеріп отыратын әлеуметтік топтар.

ХАЛЫҚШЫЛДЫҚ – Ресейдегі ұсақ буржуазиялық шаруалар бұқарасы көзқарастарының жүйесі. Халықшылдықтың өзіндік ерекше белгісі – аграрлық демократияның крестьяндық утопиялық социализмі арасындағы шиеленіс, капитализмге қарсылық. Халықшылдық буржуазиялық-демократиялық төңкеріс жолына кеш түскен елдер қатарына тән, капитализмнің өзіндік қайшылықтары айқындалған кезде, пролетариаттардың социалистік қозғалысын тудырды. Ресейдегі халықшылдық ағымының негізін салушылар: Герцен және Чернышевский.

ХАРИЗМА – адамның ерекше рухани қабілеттілігі, басқа адамдар оны игерудің және әсер етудің қарапайым адамдарда жоқ жаратылыстан жоғары, құдайы күші деп түсінеді.

ХРИСТИАНДЫҚ - әлемдік діндердің бірі. І ғасырда Рим империясының шығыс аймақтарында пайда болған, қатты жәбір көрген халықтың үміті мен мүддесін, азапты ауыр тағдырдан өз күшімен және діни нанымның немесе «құдайшыл құтқарушының» көмегімен өзгертуге деген талпыныстарын бейнелеген. Христиандық діни көзқарастың қалыптасуында мессиандық секталардың, грек-римдік және шығыс діндерінің кейбір элементтерінің енуі, сонымен қатар антик философтар Филон Александрийский және Сенеканың ықпалы зор болды. Христиандық ілімнің негізі – Иссус Христостың тірілгеніне, о дүниедегілердің тірілетініне, құдіретті «Үштіктің» бар екендігіне кәміл сену болып саналады. «Үштік» ұғымы құдайдай дәріптеледі. Ол өзінің үш бейнесінде де біртұтас: өйткені дүниені жаратушы: құдай-әке, құдай-бала, қасиетті Рух және күнәларды өтеуші Иссус Христос - әрі мәңгілік, әрі бір-біріне тең. Христиан діні адам өзінің табиғатынан-ақ әлсіз және күнә жасауға бейім тұрады, міне сондықтан да оны шіркеудің көмегімен ғана құтқарып қалуға болады деп үйретті. Христиандықтың ішінара қайшылықтарының нәтижесінде 1054 жылы екі ірі бағыты бөлініп шықты: батыстық-католиктік және шығыстық-православиелік. ХVІ ғ. Еуропадағы антикатоликтік және антифеодалдық қозғалыс Реформацияның нәтижесінде үшінші бағыты – протестантизм қалыптасты.

Ц

ЦИ немесе ЮАНЬЦИ – қытай натурфилософиясының негізгі ұғымы. Бастапқы мағынасы – «ауа», «бу», «тыныс алу». Ауқымды ұғымдарды — алғашқы материя, табиғаттың негізгi материясы, «өмірлік күш» және т. б. қамтиды. Ежелгі натурфилософиялық ұғымдар бойынша әлем — алғашқы материядан түзілген, оның жеңіл әpi таза бөлігі жоғары көтеріліп, аспанды құрайды, ал ауыр және бұлдыр бөлігі төмен шөгіп, жерді жасайды. Бipiншiciн янци, екіншісін — иньци деп атайды. Сонымен бipгe бес бастапқы элемент бар, олар — табиғаттың «апат күштері» - су, от. ағаш, металл, жер. Инь мен Яннің және бес «апат күштерінің» шарықтауы мен құлдырауы жылдың төрт мезгілінде қайталанып отырады. Инь және ян мен бес «апат күші» бip мезгілінде жартылай физикалық және жартылай метафизикалық ұғымдар ретінде түсіндірілетiн бұл натурфилософиялық схема қытай философиялық ойының дамуына үлкен ықпал жасады. Оны даосцизм, конфуцийшілдік және iшiнapa буддизм кеңінен пайдаланды.

Ч

ЧАРВАКА-ЛОКАЯТА – философиялық әдебиетте Көне Үнді философиясындағы материалистік деп қабылданған бағыт (локаятиктер). «Чарвака-локаята» сөзінің мағынасы белгісіз. Зерттеушілердің бір тобы тарихта Чарвака деген ойшыл болған деп болжамдайды, басқа бір ғалымдар бұл ағымның негізін салушы Брихаспати деп есептейді. Чарвака-локаятаның материалистік сипаты оның таным теориясында айқын көрінеді. Таным-праманың негізі – прамана ретінде локаятиктер логикалық түйін-тұжырымдарды емес, ақиқат екендігі күмән туғызбайтын қабылдауы ғана мойындайды, оның негізі – түйсіктер. Чарвака-локаяталар о дүниеге сенбейді, бұ дүние ғана бар және бұ дүниедегі болмыс пен онда өмір сүруші заттар мәңгі және өзгермейтін төрт элементтен: жер, от, су және ауадан тұрады деп есептейді. Сана, ақыл және сезім мүшелерінің негізі де осы элементтер, олар мақұлық дүниеден өткенде ыдырайды. Локаятиктер жанның, Құдайдың бар екендігін терістейді. Олар адам өмірінің мән-мақсаты – осы нақты өмірде рахатқа бөлену, азап-қасіреттен аулақ болуға ұмтылу деп түсінді, яғни чарвака-локаята гедонизм принципін ұстанды.

Ш

ШАБЫТ – адамның шығармашылық қызметінің алуан түрлері үшін ерекше қолайды жай-күйі. Пушкиннің айтуынша «геометрияда да, позэияда да шабыт керек». Шабыт адамның бүкіл рухани күштерінің шығармашылық объектісіне толық шоғырлануын, еңбектің ерекше жемісті болатын cезімдік өрлеуін (шығармашылық қуанышын, шығармашылықтық құлшыныс) сипаттайды. Шабытты «құдайдың құдыреті», мистикалық интуиция немесе кенеттен нұрлану (Пла­тон, Шеллинг, Э.Гартман, 3.Фрейд, Г.Рид және т.б.). дейтін идеалистік түсінікке карама-қарсы материализм шабыттың қандай болса да жаратылыстан тыс сипатын теріске шығарады, оны шығармашылықтың коғамдық жеке-дара стимулдарына, сондай-ақ еңбек процесінің өзіне байланысты психикалық құбылысы peтінде қарастырады.

ШАМА – зат пен құбылыстың сандық және сапалық анықтылығының бірлігін білдіретін философиялық категория.

ШЕКСІЗДІК ЖӘНЕ ШЕКТІЛІК – объективті дүниенің бір-бірімен тығыз байланыстағы қарама-қарсы жақтарын білдіретін категориялар. Шексіздік сипаттары: 1) Әлемнің кеңістікте өмір сүруі, материяның кеңістіктегі құрылымының шексіз алуан түрлілігі, барлық материалдық жүйелердің тұйықталмағандығы; 2) әлемнің уақытта өмір сүруі, материяның жоқтан пайда болмайтындығы мен жойылмайтындығы, оның мәңгілігі; 3) материяның тұңғиықтығы мен сарқылмайтындығы, оның қасиеттерінің, өзара байланыстарының, болмыс формалары мен даму тенденцияларының шексіз алуан түрлілігі: 4) материя құрылысының сапалық әртектілігі, материя құрылымындағы сапалық жағынан әртүрлі деңгейдің шексіз көп болуы олардың әқайсысында материяның әртүрлі ерекше қасиеттерінің салдарынан болады және әртүрлі заңдылықтарға бағынады. Шектілік кеңістік пен уақыттағы барлық шектеулі күйлерді көрсетеді. Әлемдегі қандай болса да нақты сапаның шегі бар, ол белгілі бір өлшем шегінде өмір сүреді. Бірақ шектілік шексіздікпен тығыз байланыста. Әрбір шекті объект өз құрылымы жөнінен сарқылмайды, шекті объектілерді туғызатын материя жоқтан пайда болмайды және жойылмайды, тек бір түрден екіншілеріне өзгере отырып шексіз өмір сүреді. Сөйтіп, шексіздіктің сансыз көп шекті заттар мен қүбылыстардан қалыптасатыны сияқты, шектілік те шексіздікті қамтиды. Шексіздік пен шектіліктің қарама-қайшы бірлігі шексіздікті материя қозғалысының қасиеттері мен заңдарындағы жалпыға ортақ және абсолютті ашу арқылы тануды мүмкін етеді.

ШЫҒАРМАШЫЛЫҚ – сапалық жаңа, бұрын ешқашан болмаған бірдеңе тудыратын қызмет.

Э

ЭВДЕМОНИЗМ (гр. eudaimonia – рахат, бақыт) – этиканың гедонизмге жақын методологиялық принципі. Көне дүниенің этикалық теорияларында мейлінше толық көрінеді (Дамокрит, Сократ, Аристотель). Адамгершіліктің басты өлшемін және адамның моральдық мінез-құлқының негізін эвдемонизм бақытқа ұмтылу: жеке адамға – индивидуалистік, қоғамға – әлеуметтік эвдемонизм тән деп санайды. 18 ғ. француз материалистері Гелвеций, Дидро эвдемонизмнің жақтастары болды. Эвдемонистік этика өзінің белсенділігі мен ізгілігі жағынан христиандық бақытқа шақырады, өйткені ол о дүниелік емес осы дүниедегі бақытқа шақырады. Алайда, эвдемонизм бақыт ұғымына әлдебір жалпыадамзаттық, тарихтан жоғары мағына береді, ал антагонистік таптық қоғамда адамның мақсаты туралы бірыңғай ортақ түсінік жоқ және болуы мүмкін емес. Адамның мақсаты әлеуметтік жағынан әрқашан шартты. Сондықтан адамгершілікті эвдемонистік тұрғыдан негіздеу ғылымға сай емес.

ЭВРИСТИКА – анық емес жағдайларда проблемаларды шешу негізгі пәні болып табылатын метод немесе методологиялық пән. Эвристиканың басты проблемасы – қайшылықтарды жою.

ЭКВИВАЛЕНТТІЛІК (лат.aeguivalens - шамалас,мәндес) логикалық-екі пікірдің ақиқаттық маңызының бірдей болатындығын білдіретін қатынас. Эквиваленттілік термині неғұрлым кең мағынасында, тендік типінің алуан түрлі қатынастарын, яғни рефлекстік симметриялық және алмастырушылық қасиеттері бар қатынастарды белгілеу үшін де қолданылады. Мұндай қатынастарға геометриялық фигуралар көлемінің бірдей немесе әр түрлі болуы, көп түрлілік күшінің әр алуан болуы, қандай да болсын жүйелердің изоморфизимі, түзу сызықтардың немесе көлбеулердің паралельдігі мысал бола алады.

ЭКЗИСТЕНЦИАЛИЗМ (өмір сүру философиясы)жалғыз нақты шындық ретінде адам болмысын танитын қазіргі заманғы иррационалистік философиялық бағыт. Экзистенциализмнің жалпы қағидасы – адамның өмір сүруі индивидтің әлеуметтік өмір сүруімен салыстырғанда алғашқы. Ол өз-өзіне сенімсіздікті, адамның дүниедегі жатырқаушылығын бейнелейді. «Болмыс пен әлем, - дейді экзистенциалистер, - адам тіршілігі, уайым, сезім, индивид ойларының ағыны». Экзистенциализмнің басты тақырыбы – адамның рухани әлемі, қазіргі замандағы жеке тұлғаның тағдыры; жеке адам болмысы. Тікелей өмірмәнділік, экзистенционалдық мәселелерге өмір мен өлім мәселесі жатады. Экзистенциализмді философияның ерекше бағыты ретінде қалыптастыру 20 ғ. 20 ж. аяғында өтті. Оның негізін салушылар – неміс философтары М.Хайдеггер мен К.Ясперс. М.Хайдеггер өзінің зерттеу нысанасына қорқыныш, үрей, қамқорлық сияқты түсініктерді алды. Олар сезім, адамның қайғыруы мен эмоциясы әлемін білдіреді. Зиялылық экзистенциализм (М.Хайдеггер, Ж.П.Сартр, А.Камью) мен діни экзистенциализмнің (К.Ясперс, Марсель) ара жіктері бөлініп те қарастырылады, алайда олардың арасындағы айырмашылықтар өте шартты.

ЭКЛЕКТИКА - өзара іштей қабыспайтын, кейде тіпті бір-біріне қарама-қарсы тұрған көзқарастарды, идеяларды, принциптерді жай ғана механикалық түрде біріктіріп, дамудағы объект туралы түйін жасайтын әдіс.

ЭКОЛОГИЯ – (гр. oikos – мекен және logos – ілім, сөз) – организмдердің бір-бірімен және қоршаған ортамен қарым-қатынасын зерттейтін ғылым. Экология терминін 1866 ж. Геккель енгізді, ол бұл ұғымды табиғат экономиясы туралы ғылым ретінде түсіндірді. Яғни, экология қоғам мен табиғаттың бір-біріне әсері туралы ғылым деп те түсіндірілді.

ЭКСПЕРИМЕНТ (лат. еxperimentum-үлгі, тәжірибе) – белгілі бір құбылыстарды зерттеу мақсаттарына сәйкес келетін жаңа жағдайлар жасаумен оларға белсене ықпал ету арқылы немесе процестің барысын қажетті бағытта өзгерту арқылы зерттеу. Эксперимент – адамзаттың қоғамдық-тарихи практикасының бір қыры, сондықтан таным көзі және болжамдар мен теориялардың шынайылығының өлшемі болып табылады.

ЭКСПЛИКАЦИЯ – дәл емес ұғымды дәлірек ұғыммен ауыстыру. Экспликация термині символдар мен шартты белгілерді бейнелеу үшін қолданылады.

ЭМПИРИЗМ (грекше emperia – тәжірибе) таным процесін тек сезімдік тәжірибемен (эмпирия) байланысты қарастыратын гносеологиялық бағыт, бүкіл ғылым, өмірлік тәжірибе және адамгершілік тәжірибеге ғана негізделуі тиіс деп түсіндіретін методологиялық принцип.

ЭМПИРИОКРИТИЦИЗМ – («тәжірибені сынау»), яғни махизм – негізін Авенариус пен Мах қалаған субъективтік идеалистік ағым. Эмпириокритицизм позитивизмнің бір түрі ретінде («екінші позитивизм») байқалды. «Ойлау жүйесінің экономикасын» танымның негізгі заңы деп есептеп, эмпириокритицизм тәжірибе ұғымын материя (субстанция) ұғымынан, қажеттіліктен, себептіліктен және тәжірибеге «заңсыз» қосылған «априорлық апперцепциядан» (ойлау ұғымдары) «тазартады». Соның салдарынан эмпириокритицизм «бейтарап элементтердің» немесе «иесіз» сезім-түйсіктердің жиынтығы ретіндегі дүние туралы түсінік ұсынады. Принципті координация, яғни субъекті мен объектінің тығыз байланысы туралы ілім шығара отырып эмпириокритицизм субъективтік идеализм жүйесіне айналады. Эмпириокритицизм – философиялық бейтараптылық жөніндегі талапты бүркемеленген берклишілдік пен юмизмнің қайта түлеуі. Эмпириокритицизм сондай-ақ физикадағы метедологиялық дағдарыспен, физикалық идеализм мектебімен байланысты болды. Авенариус және Махпен қатар И.Цетцольд, Ф.Карстаньен, Р.Вилли, Ф.Адлер, А.А.Богданов, В. Базаров т.б. эмпириокритицизмнің өкілдері қатарына жатады. Неопозитивизм эмпириокритицизмнің «антиметафизикалық» ілімінің жалғасы болды.

ЭНЕРГИЯ (грек. energeia–іс) – материя қозғалысының түрлі формаларының жалпы өлшемі. «Энергия» терминін 1807 жылы алғаш қолданған ағылшын ойшылы Т.Юнг болды, оның түсінігінше, қозғалыстағы дененің массасы оның жылдамдығының квадратын тудырады. Аристотель философиясында күштің бір түріне және қанадай да бір жетістікке, іске ие нәрсе, бұл сөз адам іс-әрекетіндегі белсенділігінің, батылдылығының, ерікке ұмтылысының мағынасына тең. Галлийлейден бастап 19 ғ. орта шеніне дейінгі уақытта энергияның физикалық түсінігінің пайда болуы ол қозғалысты белгілі бір шарттарда тудыру, жылдамдату, тоқтату қабілетін білдіреді, оның өзгерісі немесе қозғалыстан туындауы. Қазіргі физикада энергия түсінігінің орнына «энергияның сақталу заңы» тұжырымдалады. Ол бойынша әртүрлі энергия түрлері сәйкес шарттарда бірі басқасына айнала алады. Алайда энергия бүтіндеп және барлық айналуларда өзі өзіне тең болып қалады. Бұл принципті Роберт Майер анықтап, энергияның сақталу заңы «энергия-масса заңында» дамытты.

ЭНТЕЛЕХИЯ – (грекше entelechia – аяқталу, жүзеге асу) – мүмкіндікті шындыққа айналдыратын белсенді бастау, ал шындық мүмкіндіктің болуын жүзеге асуға әкеледі. Аристотель энтелехияны затта жүзеге асатын форма деп түсінді және актуальдік іс-әрекет ретінде энергия деп атады. Мысалы, дененің өзгеріп- қалыптасуында жүзеге асатын энтелехия – жан.

ЭНТИМЕМА (гр. еntime - ақылды) – дәстүрлі формальды логикада не алғышарт, не қорытынды айқын формада көрінбейтін дедукциялық ой қорытындысы.

ЭНЦИКЛОПЕДИСТЕР – «Энциклопедия немесе ғылымның, өнердің және қолөнерінің түсіндірме сөздігі» деген еңбектің (1751-80) құрастырушылары мен авторлары. Бұл еңбек 18 ғасырдың аяғындағы француз буржуазиялық революциясын идеологиялық жағынан әзірлеуде үлкен рөл атқарады және өз заманындағы ғылыми жетістіктердің жүйелі жинағын жасап берді. 1722 ж. дейін «Энциклопедияны» Дидро басқарып, оған Даламбер, көмектесті. Энциклопедистердің қатарында Монтескье, Руссо, Вольтер, Гельвеций, Гольбах және т.б. ойшылдар болды. «Энциклопедияда» материалистер феодалдық идеологияға қарсы мейлінше дәйекті күрес жүргізді. Э. шіркеудің ғылым істеріне араласпауын жақтады, өздерін өздерін қоғамдық прогрестің жақтаушылары деп жариялады, деспотизмді сынап, сословиелік теңсіздіктің жойылуын қуаттады.

ЭПИКУРЕИЗМ – антикалық философиядағы эллинизм дәуірінде пайда болған философиялық мектеп, негізін қалаушы Эпикур болды. Онтология, таным теориясы, физика, логика және этиканы зерттеген Эпикур философиясының басты мәселесі – адам және бақыт. Философияны ол үш бөлікке бөледі: каноника – ақиқаттың критерийлері туралы диалектикалық зерттеулер; физика – табиғаттың пайда болуы және бұзылуы туралы ғылым; этика – өмір салты, нені таңдап, неден бас тарту керектігі және түпкілікті мақсат туралы ғылым. Эпикур даңқтың көпшілігіне өз этикасы арқылы жетті. Ойшыл философияның мақсаты бар деп есептеді. Бұл мақсат – адамның бақыты. Адам өлімнен, тағдырдан, о дүниеден, қайғыдан қорқады. Басқа жағынан адам рахатқа, оның ішінде сұлулықтан, талғамнан, сүйіспешіліктен мейірленуге ұмтылады. Еркін адам үшін басты рахат – таным. Дұрыс өмір сүрудің арқасында біз адамгершіліктен, әділетпен ғұмыр кешеміз. Бақытты өмірдің мақсаты – жан тыныштығы мен тәннің саулығы. Бастысы – уайым-қайғыдан қашу. «Өлімнің бізге ешқандай қатысы жоқ: біз тірі болғанда – өлім әлі жоқ, ал өлім келгенде – біз жоқпыз» деп пайымдайды Эпикур. «Елеусіз өмір сүр!» дей отырып, Эпикур әрекеттіліктен гөрі тыныштықта, атаракцияда болуды ұсынады. Табиғат туралы ілімінде Эпикур Демокриттің атомдар ілімін қолдайды.

ЭПИСТЕМА (грек. epistemos – білім) – нақты тарихи кезеңдегі білім шеңберін белгілейтін тәжірбиеден бұрын берілген тарихи өзгермелі құрылымдар.

ЭПИСТЕМОЛОГИЯ – философияның бөлімі, онда таным табиғатының проблемалары, білімнің шындыққа қатынасы, танымдық процестің жалпы алғышарттары зерттеледі, оның ақиқаттылығының шарттары анықталады.

ЭРИСТИКА (гр. Eristikos-даукес) – айтыса білу өнері, ол әсіресе ежелгі грек софистері арасында кең тараған. Эристика ақиқатты талас жолымен іздестіру құралы ретінде пайда болды; көп кешікпей диалектика және софистика болып бөлінді. Біріншісін Сократ өз тәсілінде дамытты. Ал софистика таласта қарсыласын жеңуге ғана ұмтылып, эристиканы кез келген пайымдауды бірдей дәрежеде ойдағыдай дәлелдеуге де, теріске шығаруға да болатын тәсілдер жиынтығына айналдырды, сондықтан Аристотельдің өзі Эристика мен софистиканың арасында айырмашылық бар деп санамады.

ЭСТЕТИКА (грек. aisthetikos – сезіну, сезімдік) – адамның дүниені танудың эстетикалық заңдылықтары туралы және әдеміліктің заңы бойынша шығармашылықтың түрлері мен мәні туралы ілім. Эстетика б.з.б. 2,5 мың жыл бұрын құлиеленушілік қоғамдық құрылыста Египетте, Вавилонда, Үндістанда және Қытайда пайда болды. Антикалық Грекия мен Римде одан ары шарықтап дамыды. Өзінің дамуы барысында эстетика философиялық, дүниетанымдық ғылым болып қалыптасқандықтан, эстетикалық сана мен өнердің қоғамдық болмыс пен адамзат өміріне қатынасыны проблемасын шешуді қойған болатын.

ЭСХАТОЛОГИЯ – (грек. eschatos – соңғы, logos – ілім, сөз) – дүние мен адамзат өмірінің шектілігі, заман ақыры жайындағы діни ілім. Эсхатологияның негізі өзегі ретінде табиғаттағы көзге көрінбейтін күштер, жақсылық пен жамандықтың күресі, күнәһарлардың о дүниеде тозақ отына түсуі мен күнәсіздардың жұмаққа баратындығы туралы көне түсініктер болып табылады. Бұндай түсініктер иудаизм, христиан, ислам діндеріне тән. Қазіргі күні эсхатология діни футурологияның өзекті тақырыбына айналып отыр, ол қазіргі батыстық болжамшылардың өркениеттік прогресстің шектілігі, болашақтағы экологиялық және демографиялық апаттардың болуы туралы идеяларымен сіңісіп кетті.

ЭТИКА (грек. ethos - әдет, дағды, мінез) – мораль туралы философиялық ілім. Этика терминін ғылымға Аристотель енгізді. Этиканың негізгі категориялары жақсылық пен жамандық, мінез-құлықтың моральдық принциптері мен нормалары, адам өмірінің мәні мен мақсаты. Кейіннен этикада екі мәселе ажыратыла бастады: адамның қалай әрекет етуі туралы мәселе (нормативтік этика) және моральдың пайда болуы мен мәні туралы теориялық мәселе (философиялық этика).