Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
Байдаулетова А.Казирги казак тили Морфология.doc
Скачиваний:
99
Добавлен:
16.02.2016
Размер:
2.22 Mб
Скачать

Пайдалануға ұсынылатын әдебиеттер тізімі:

Негізгі әдебиеттер

  1. Ысқақов А. Қазіргі қазақ тілі. Морфология. -А., 1991.

  2. Оралбай Н. Қазіргі қазақ тілінің морфологиясы. -А., 2007.

  3. Аханов К. Грамматика теориясының негіздері. -А., 1972.

  4. Исаев С. Қазіргі қазақ тіліндегі сөздердің грамматикалық сипаты. -А., 1998.

  5. Исаев С. Қазіргі қазақ тіліндегі негізгі грамматикалық ұғымдар. –А., 1992.

  6. Қалыбаева А., Оралбаева Н. Қазіргі қазақ тілінің морфемалар жүйесі. -А., 1986.

  7. Мұхтаров С. Қазақ тіл біліміндегі сөздерді таптастыру мәселесі. -А., 2001.

  8. Қазақ грамматикасы. -Астана, 2002.

  9. Қазақ тілінің грамматикасы. І т. Морфология. -А., 1967.

  10. Шакенов Ж. Қазіргі қазақ тіліндегі сын есім категориясы. -А., 1961.

  11. Ибатов Ә. Қазақ тіліндегі есімдіктер. -А., 1961.

  12. Маманов Ы. Қазіргі қазақ тілі. Етістік. -А., 2007 (1966).

  13. Оралбаева Н. Қазақ тіліндегі етістіктің категориялары. –А., 1980.

  14. Сарыбаев Ш.Ш. Қазақ тіліндегі еліктеуіш сөздер. –А., 1960.

  15. Төлеуов Ә. Зат есімнің категориясы. –А., 1971.

  16. Ерғалиев Т. Қазақ тіліндегі сөздер мен сөз таптарының морфологиялық құрылысы. –А., 1968.

  17. Мұсабаев Ғ. Қазақ тіліндегі сын есім шырайлары. –А., 2008 (1951).

  18. Хасенов Ә. Қазіргі қазақ тіліндегі сан есімдер. –А., 1957.

  19. Оралбаева Н. Қазіргі қазақ тіліндегі сан есімнің сөзжасам жүйесі. –А., 1988.

  20. Қасабекова Қ. Негізгі түбір салт етістіктер. –А., 1998.

  21. Оралбаева Н. Қазіргі қазақ тіліндегі етістіктің аналитикалық форманттары. –А., 1975.

  22. Жұмағұлова Ө. Қазақ тіліндегі көсемшенің мағынасы мен қызметінің дамуы. –А., 2002.

  23. Оразов М.Қазақ тіліндегі қалып етістіктері. -А., 1980.

  24. Ерғалиев Т. Қазақ тіліндегі есімше категориясы. -А., 1958.

  25. Қордабаев Т. Қазақ тіліндегі шақ категориясы. –А., 1953.

  26. Садуақасов Ж. Қазіргі қазақ тіліндегі етістіктің жақ категориясы. –А., 1994.

  27. Сарыбаев Ш. Қазақ тіл білімі мәселелері (Междометие в каз. Языке). –А., 2000.

Қосымша әдебиеттер

  1. Төлеуов Ә. Сөз таптары. –А., 1982.

  2. Қалыбаева (Хасенова) А. Қазақ тіліндегі етіс категориясы. –А., 1951.

  3. Оралбаева Н. Сөздерді қосымшасыз қолданудың сыры. // Кітапта: Сөз өнері. –А., 1978. 21-28 бб.

  4. Нұрғалиев М. Көптік жалғау туралы. –А., 1973.

  5. Қордабаев Т. Сөздерді иопқа бөлу тарихынан. // „Қаз. мектебі”, 1985. № 7.

  6. Кенбаева С. Шырайдың аналитикалық тәсіл арқылы жасалуы. // „Тілтаным”, 2005. № 3.

  7. Қатембаева Б. Бейнелеуіш сөздердің семантикасы.// „Қаз.мект.”, 1964. №11.

  8. Қатембаева Б. Еліктеу сөздердің семантикасы. // „ҚазССР ҒА Хабарлары”. 1965, І шығарылуы, 68-76 бб.

  9. Мскаков А. Наречие в совр. каз. языке. –А., 1950.

  10. Мұхамади Қ. Қазақ тіліндегі септеуліктердің аналитикалық септікке қатысы. // Кітапта: Қазіргі қазақ тілі теориясы және лингводидактика. 9-шығуы, -А., 2004.

ДӘРІС САБАҚТАРДЫҢ ЖОСПАРЫ

1-2-дәріс: Морфология және сөздің грамматикалық сипаттары

1. Грамматика және морфология

  1. Сөздің грамматикалық мағынасы

3. Грамматикалық мағынаны білдіретін тілдік бірліктер

4. Нөлдік қосымша арқылы грамматикалық мағынаның берілуі

5. Грамматикалық мағынаның жұрнақтар арқылы берілуі

6. Көмекшілер арқылы грамматикалық мағынаның берілуі

  1. Сөздің грамматикалық тұлғасы

  2. Грамматикалық категория

3-дәріс: Сөз құрамы және сөз таптары

  1. Қазақ тіл біліміндегі сөз таптары туралы мәселенің қарастырылуы

  2. Тілдегі сөздерді үш топқа бөлу

  3. Сөздерді жеке сөз таптарына топтастыру

  4. Сөздің морфологиялық құрылымы

  5. Морфологиялық талдау

4-дәріс: Зат есім

  1. Зат есімнің анықтамасы, сөз табылық ерекшеліктері мен морфемдік құрамы

  2. Зат есімнің лексика-семантикалық сипаты

  3. Зат есімнің грамматикалық категориялары: тәуелдік, сандылық, септік

  4. Зат есімнің жіктелуі

5-дәріс: Сын есім

1.Сын есімнің жалпы сипаты

2. Сын есімнің мағыналық топтары

3. Сын есімнің морфемдік құрамы

4. Сапалық сындар мен қатыстық сындар

5. Сын есімнің шырай категориясы

6. Сын есімнің заттануы

6-дәріс: Сан есім

  1. Сан есімнің жалпы сипаты

  2. Сан есімнің морфемдік құрамы

  3. Сан есімнің мағыналық топтары

  4. Сандық ұғым мәнді басқа сөздер

  5. Сан есімнің синтаксистік қызметі

7-дәріс: Есімдік

  1. Есімдіктің жалпы сипаты

  2. Есімдіктің грамматикалық, морфологиялық сипаты

  3. Есімдіктің синтаксистік қызметі

  4. Есімдіктің мағыналық топтары

8-дәріс: Етістік

  1. Етістіктің сипаты

  2. Етістіктің лексика-семантикалық сипаты

  3. Салт-сабақты етістіктер

  4. Етіс, оның түрлері, салт-сабақтылыққа қатысы

  5. Лексикалық мағыналы етістіктің морфемдік құрамы

  6. Дербес лексикалық мағыналы етістіктер мен көмекші етістіктер

  7. Етістіктің ерекше түрлері

9-10-11-дәріс: Етістіктің категориялары (3 сағат)

  1. Етістіктің грамматикалық категорияларының көрсеткіштері (қосымшалары)

  2. Етістіктің аналитикалық форманттары

  3. Қимылдың өту сипаты категориясы

  4. Қимылдың жасалу тәсілдері мен олардың берілу жолдары

  5. Қимылдың даму сатысы

  6. Болымдылық, болымсыздық категориясы

  7. Етістіктің модалдылык мағынасы, оның рай категориясымен байланысы

  8. Етістіктің рай, жақ, шақ категориялары

  9. Етістіктің сандылық категориясы

  10. Етістік тұлғасының сөйлемде түрленуі

12-дәріс. Үстеу

  1. Үстеудің жалпы сипаты

  2. Үстеудің морфемдік құрамы

  3. Үстеудің мағыналық топтары

  4. Үстеудің сөйлемдегі қызметі

13-14-дәріс Еліктеуіш сөздер мен шылаулар

  1. Еліктеуіш сөздердің өзіндік белгілері, түрлері

  2. Еліктеуіштердің фонетика-морфологиялық сипаты

  3. Еліктеуіш сөздердің синтаксистік қызметі

  4. Шылау туралы түсінік

  5. Шылаудың түрлері: септеулік шылаулар

  6. Жалғаулық шылаулар

  7. Демеулік шылаулар

15-дәріс: Одағай. Модаль сөздер

  1. Одағайлардың жалпы сипаты

  2. Одағайлардың морфемдік құрамы

  3. Одағайдың мағыналары

  4. Одағайлардың мағыналық құрамы

  5. Модаль сөздер туралы жалпы сипаттама

  6. Модаль сөздердің қалыптасуы

  7. Модаль сөздердің қалыптасуы мен қолданылуы

СЕМИНАР САБАҚТАРДЫҢ ЖОСПАРЫ

1-практикалық сабақ тақырыбы: Грамматика және морфология

Грамматиканың зерттеу нысаны, салалары, олардың өзара байланысы

Грамматикалық және лексикалық мағыналардың айырмашылықтары мен өзара қатынасы

Грамматикалық мағына түрлері, берілу тәсілдері, ол туралы ғалымдар пікірлері

Нөлдік форманың қазақ тіліндегі парадигмалық сипаты

Грамматикалық категория ұғымы, өзіндік сипаты мен шарттары, түрлері

2- практикалық сабақ тақырыбы: Сөз таптары

Қазақ тіл біліміндегі сөз таптары туралы мәселенің қарастырылуы

Тілдегі сөздерді үш топқа бөлу

Сөздерді жеке сөз таптарына топтастыру

3- практикалық сабақ тақырыбы: Зат есім

Зат есімнің анықтамасы, сөз табылық ерекшеліктері мен морфемдік құрамы

Зат есімнің лексика-семантикалық сипаты, субстантивтену.

Зат есімнің морфологиялық сипаты.

Зат есімнің синтаксистік қызметі.

4- практикалық сабақ тақырыбы: Сын есім

Сын есімнің жалпы сипаты

Сапалық сындар мен қатыстық сындар

Сын есімнің шырай категориясы

Сын есімге ауысу (адъективация).

Сын есімнің синтаксистік қызметі.

5- практикалық сабақ тақырыбы: Сан есім

Сан есімнің лексика-грамматикалық сипаты.

Сан есімнің құрылымы: дара және күрделі сан есімдер.

Сан есімнің мағыналық топтары, синтаксистік қызметі.

6- практикалық сабақ тақырыбы: Есімдік

Есімдіктің жалпы сипаты

Есімдіктің грамматикалық, морфологиялық сипаты

Есімдіктің синтаксистік қызметі

Есімдіктің мағыналық топтары

7-практикалық сабақ тақырыбы: Есім сөз таптарын қайталау

Зат есім, сын есім, сан есім, есімдіктерді талдауға арналған жаттығу жұмыстарын орындау

8- практикалық сабақ тақырыбы: Етістік

Етістіктің лексика-семантикалық сипаты

Салт-сабақты етістіктер

Етіс, оның түрлері, салт-сабақтылыққа қатысы

9- практикалық сабақ тақырыбы: Етістік

Негізгі және көмекші етістіктер, қалып етістіктері.

Етістіктің ерекше түрлері: есімше, көсемше, қимыл есімі (тұйық етістік)

10-сабақ тақырыбы: Етістік категориялары.

Етістіктің грамматикалық категорияларының көрсеткіштері (қосымшалары)

11-практикалық сабақ тақырыбы: Етістік категориялары

Етістіктің аналитикалық форманттары

Қимылдың өту сипаты категориясы

Қимылдың жасалу тәсілдері мен олардың берілу жолдары

Қимылдың даму сатысы

Болымдылық, болымсыздық категориясы

12-практикалық сабақ тақырыбы: Етістік категориялары

Етістіктің модалдылык мағынасы, оның рай категориясымен байланысы

Етістіктің рай, жақ, шақ категориялары

Етістіктің сандылық категориясы

Етістік тұлғасының сөйлемде түрленуі

13- практикалық сабақ тақырыбы: Үстеу

Үстеудің, анықтамасы мен морфемдік құрамы.

Үстеудің мағыналық топтары.

Үстеудің сөйлемдегі қызметі

14-практикалық сабақ тақырыбы: Еліктеуіш сөздер

Еліктеуіш сөздердің өзіндік белгілері, түрлері

Еліктеуіштердің фонетика-морфологиялық сипаты

Еліктеуіш сөздердің синтаксистік қызметі

15-практикалық сабақ тақырыбы: Шылаулар. Одағайлар. Модаль сөздер

Шылау сөздердің ерекшеліктері, түрлері, қызметі

Одағайлардың жалпы сипаты, құрамы мен мағыналық түрлері

Модаль сөздердің жалпы сипаты мен қызметі

ҚАЗІРГІ ҚАЗАҚ ТІЛІНІҢ МОРФОЛОГИЯСЫ

пәні бойынша дәрістер (15 сағат)

1-2-дәріс: Морфология және сөздің грамматикалық сипаттары (2сағат)

1. Грамматика және морфология

  1. Сөздің грамматикалық мағынасы

3. Грамматикалық мағынаны білдіретін тілдік бірліктер

4. Нөлдік қосымша арқылы грамматикалық мағынаның берілуі

5. Грамматикалық мағынаның жұрнақтар арқылы берілуі

6. Көмекшілер арқылы грамматикалық мағынаның берілуі

  1. Сөздің грамматикалық тұлғасы

  2. Грамматикалық категория

1. Морфология–грамматиканың бір бөлімі. Грамматика – тілдің грамматикалық құрылысын зерттейтін ғылым. Тіл сөздік қор мен грамматикалық құрылыстан тұрады. Сөздік қор сөздерден яғни лексемалардан тұрады. Адам ойды білдіру үшін ойын жеткізуге қажет сөздерді қолданады, бірақ жеке сөздер байланысты ойды білдіре алмайды. Байланысты ойды білдіру үшін, грамматикалық құрылыс бойынша бір-бірімен байланысады. Сөздерді бір-бірімен байланыстыратын тілде түрлі-түрлі грамматикалық бірліктер бар, грамматикалық құрылыста қалыптасқан түрлі әдістер бар. Осындай грамматикалық құрылысты зерттейтін ғылым грамматика деп аталады. «Грамматика» термині «гректің дұрыс жазу өнері» деген мағына беретін сөзінен шыққан. Сонымен бірге грамматика тіл білімі ғылымының бір саласы болып саналады.

Грамматиканың заңдылықтары сөйлемде көрінеді, сөйлем мәтінде іске асады. Осымен байланысты тіл білімінде мәтінді зерттейтін мәтін тіл білімі (лингвистика текста) деген бөлім бар. Рас, қазақ тіл білімінде бұл мәселе енді ғана зерттеле бастады. Ал мәтін сөйлемдер мен сөз тіркестерінен құралады. Сөйлем мен сөз тіркестерін грамматиканың синтаксис саласы зерттейді. Сөйлем, сөз тіркестері бір-бірімен байланысты сөз тіркестерінен құралады. Сөздерді бір-бірімен байланыстыратын заңдылықтарды грамматиканың морфология саласы зерттейді. «Морфология» көне грек тілінің «форма» және «ілім» деген сөздерінен шыққан. Демек, морфология деп тілдің морфологиялық құрылысын, яғни сөздің грамматикалық түрлену сипатын зерттейтін ғылым аталады. А.Ысқақов морфологияны «сөз және оның грамматикалық формалары туралы ілім» деп атаған. Орыс тіл білімінде В.В.Виноградовтан кейін морфологияны «грамматикалық сөз туралы ілім» деп атау да жиі кездеседі.

Сонда морфология сөз атаулының байланысты ойды білдіру үшін сөздіктегі қалпымен бірге түрлі-түрлі тұлғада қолданылуын қарастырады. Мысалы, сөз таптарының әрқайсысы (зат есім, сын есім, етістік т.б.) сөйлем ішінде түбір тұлғасымен бірге өздеріне тән қосымшалармен түрленіп қолданылады. Ал сөздердің осындай түрленіп қолданылуының қалыптасқан заңдылықтары бар. Осы заңдылықтарды морфология зерттейді. Сонымен бірге, тілде түрленбей қолданылатын сөздер тобы да бар. Олар: еліктеуіш, одағайлар. Морфология сөздердің түрлену заңдылықтарымен бірге түрлі тұлғалардың қандай мақсатпен түрленетінін, қолданылатынын да зерттейді. Бұдан шығатын қорытынды – грамматика деп сөйлемнің, сөз тіркесінің, сөздің түрленуінің қандай заңдылықтар бойынша жүзеге асатынын зерттейтін ғылымды айтамыз.

Грамматиканың ерекшеліктерін оның басқа салаларымен (фонетикамен, лексиқология) салыстыру арқылы анықтауға болады.

Сөздің грамматикалық сипатының өзіндік белгілері бар, ол белгілерге міндеттілік және қарама-қарсылық қасиеттері жатады. Грамматиканың міндеттілік белгісіне грамматикалық бірліктердің мағыналық қасиеті жатады. Сөйлемнің белгілі бір мағынада берілуі оны құрауға қатысатын тілдік бірліктердің мағыналарының болуына байланысты. Мысалы, зат есімнің сандылық мәні зат есім сөздердің бәрінде бар, сынның сапасы шырай көрсеткіштері арқылы беріледі, т.б. Грамматикалық құбылыстың қарама-қарсылық қасиеті ондағы тілдік бірліктердің бір-бірімен қарама-қарсысы жоқ ешбір жеке дара бірліктің болмауымен көрінеді. Мысалы, септіктің әр түрін бір-біріне қарама-қарсы қою арқылы олардың өзіндік ерекшеліктерін анықтауға болады. Осындай қасиет барлық грамматикалық көрсеткіштердің бәріне ортақ.

Сөздің грамматикалық қасиеті сөздің сыртқы тұлғасы арқылы да, оның мағынасы арқылы да көрінеді. Сөздің грамматикалық мағынасы, ол мағынаны білдіретін көрсеткіштері сөздің мағыналық топтарына байланысты болғандықтан, сөздер сөз таптарына жіктеледі де, бұл морфологияның мәселесіне жатады. Сонымен бірге, әр сөз табының ішкі мағыналық топтары, олардың өздеріне тән грамматикалық категориялары және олардың көрсеткіштері мен мағыналары да морфологияның нысанына жатады.

Грамматиканың екі бөлімі бар: морфология және синтаксис. Бұл екі сала бір-бірімен өте тығыз байланысты. Морфология сөздің грамматикалық сипатын зерттегенде, оның жеке сөзге қатысын емес, сөздердің белгілі бір топтарына қатысын зерттеп, ол грамматикалық сипаттың байланысты ойды білдіруде сөйлемде қандай қызмет атқаратынын анықтайды. Сөздің грамматикалық сипатына сөздердің қолданыста түрленуі жатады. Сөздің түрленуі сөйлемдегі сөздерді байланыстыру қызметін атқарады. Бұл морфология мен синтаксистің тығыз байланыстылығын дәлелдейді. Мәселен, атау септіктегі сөз сөйлемде баяндауышпен байланысады (Ол келді.). Ілік септіктегі сөз сөйлемде тәуелдік жалғаулы сөзбен байланысады (Менің кітабым). 1-жақтағы бастауыш 1-жақтағы баяндауышпен байланысады (Мен оқыдым) т.б.

Демек, заңдылықтары бойынша түрленген сөздердің бәрін сөз тіркесін, сөйлем, мәтін жасаушы, байланысты ойды білдіруші де қарауға болады. ал, синтаксис сөз тіркесін, сөйлемді зерттейтін болғандықтан, ол сөз тіркесін, сөйлем құрайтын бірліктермен яғни морфологиямен тікелей байланысты. Солай бола тұрса да, яғни морфология мен синтаксис байланысты бола тұра, олар бірінен-бірі зерттеу нысаны арқылы ажыратылады. Өйткені, бұл екеуінің зерттеу нысандары басқа-басқа. Морфологияның зерттеу нысаны – сөздердің түрлену заңдылықтары, синтаксистің зерттеу нысаны – сөз тіркесі, сөйлем. Сондықтан да морфология мен синтаксис грамматиканың әрі өзара байланысты, әрі өзіндік зерттеу нысандары бар екі түрлі саласы болады.

2. Грамматикалық мағына сөздің лексикалық мағынасымен бірге, оған қосыла жүріп, байланысты ойды білдіруде қызмет атқарады. Сөздің лексикалық мағынасы мен грамматикалық мағынасының мынадай айырмашылықтары бар:

1. Сөздің лексикалық мағынасы түбір сөздер арқылы беріледі (қағаз, күн, ай, жүзік, он бес т.б.), ал грамматикалық мағына түрлі грамматикалық көрсеткіштер арқылы беріледі (қағаз+дар, күн+ді, ай+ға, кел+ген т.б.). бұдан шығатын қорытынды: 1) грамматикалық мағына сөйлемде лексикалық мағынаның үстіне қосылады; 2) грамматикалық мағына лексикалық мағынасыз өздігінен жеке тұрып қолданылмайды; 3) грамматикалық мағынаны білдіретін тілде арнайы тілдік бірліктер бар; 4) лексикалық мағына нақты, шындық өмірге қатысты, ал грамматикалық мағына абстрактылы, дерексіз. Сондықтан лексикалық мағына жеке әр сөзге қатысты болса, грамматикалық мағына үлкен мағыналық топқа қатысты; 5) сөйлемде қандай сөз болмасын бір лексикалық мағынада ғана қолданылады, грамматикалық мағына бір сөзде бірнешеу бола береді; 6) сөз сөйлемде де, сөйлемнен тыс, мысалы сөздікте де қолданылатын болса, грамматикалық мағына сөйлемде, мәтінде ғана қолданылады; 7) грамматикалық мағына сөйлемде жеке түрде емес, көптеп қолданылады. Яғни, сөйлемдегі сөз бір лексикалық мағынада қолданылса, ол сөздің құрамында бірнеше грамматикалық мағына болуы заңды құбылысқа жатады.

Сонымен грамматикалық мағына деп сөйлемдегі сөздің лексикалық мағынасына үстеліп, лексикалық мағынаны айқындайтын немесе сөздің сөйлемдегі басқа сөздермен қарым-қатынасын білдіретін мағыналар аталады. Сөздің грамматикалық мағыналары түрліше беріледі. Түбір сөздер де, түрлі грамматикалық көрсеткіштер де грамматикалық мағынаны білдіре алады. Демек, грамматикалық мағынасы бар сөзде ол грамматикалық мағынаны білдіретін көрсеткіштер де болады.

Грамматикалық мағыналардың бәрі бірдей емес. Олардың ерекшеліктеріне қарай қазақ тілінде жалпы грамматикалық мағына және жеке грамматикалық мағына деп бөлу бар. Жалпы грамматикалық мағына сөз табындағы нақты лексикалық мағыналардың жалпылануы арқылы пайда болатындықтан, бір сөз табының барлық сөздеріне түгелдей қатысты болады. яғни жалпы грамматикалық мағына оның қаншама сөзді қамтуына, қаншама сөзге тарауына яғни қанша сөзбен қолданылуына байланысты. Жалпы грамматикалық мағынаны кейде сөзтабылық мағына деп атау да осыған байланысты. Бір сөзбен айтқанда, жалпы грамматикалық мағына бір сөз табына тән барлық сөздерге ортақ жалпы мағына , сондықтанда ол сөздерді таптастырудың бір белгісі (принципі) ретінде аталады. Жалпы грамматикалық мағына – сөйлемдегі сөз атаулының құрамында үнемі болатын, басқа грамматикалық мағыналармен бірге жарыса, қабаттаса жүретін, қолданылу аясы кең мағына.

Жеке грамматикалық мағына сөйлемдегі сөздердің басқа сөздермен қандай грамматикалық қатынасқа түсуіне байланысты бір сөйлемде қолданылса,, екінші сөйлемде кездеспеуі мүмкін. Демек, жеке грамматикалық яғни категориялық грамматикалық мағынаның қолданылу аясы жалпы грамматикалық мағынадан әлдеқайда тар. Мысалы, Дауға Қаздауысты Қазыбек келіпті. Қаттырақ жүріңдер, бүгін ауылға жетіп қонайық. Осы екі сөйлемдегі сөздерде кейбір грамматикалық мағыналар қайталанып отырса, кейбір грамматикалық мағыналар бірінде бар, бірінде жоқ. Олар төмендегідей: екі сөйлемде де жалпы зат атауы, қимыл атаулары қолданылған, бағыт мағынасы екі сөйлемдегі сөздерде де бар. Бірақ мына грамматикалық мағыналар бір сөйлемдегі сөздерде ғана бар: 1) бұрынғы өткен шақ мағынасы, 2) салыстырмалы шырай мағынасы, 3) бұйрық мағынасы, 4) көпше 2-жақ мағынасы, 5) жалпы мезгіл мағынасы, 6) қимылдың сыны, 7) көпше 1-жақ мағынасы.

Бұл салыстыру грамматикалық мағыналардың әр сөйлемде қолданылуы міндетті емес екенін дәлелдейді. Әр грамматикалық категорияның өзіндік мағынасымен бірге ішкі мағыналық құрылысы болады. Ол мағыналардың сөйлемде қолданылу, қолданылмауына және ол сөздің сөйлемдегі басқа сөздермен қандай қарым-қатынасқа түсуіне байланысты. Демек, қандай грамматикалық мағынаның сөйлемдегі сөзде қолданылуы сөз табына да қатысты. Жоғарыда айтылғандардан сөйлемде грамматикалық мағыналар не арқылы, қандай тәсілдер арқылы беріледі деген сұрақ туындайды.

3. Тілде қандай мағына болмасын тілдік бірліктер арқылы беріледі, ешбір тілдік бірліксіз берілетін мағына болмайды. Тілдегі әр түрлі грамматикалық мағынаны білдіретін тілдік бірліктер де, грамматикалық мағынаның берілу жолдары мен тәсілдері де түрліше болып келеді. Олар – 1)қосымша арқылы грамматикалық мағынаның берілуі, 2)көмекші бірліктер арқылы грамматикалық мағынаның берілуі.

Қазақ тілінде грамматикалық мағынаны білдіретін қосымшалар мыналар: 1) жалғау, 2) нөлдік қосымша, 3) грамматикалық жұрнақ.

Грамматикалық мағынаны білдіретін бұл қосымшалар – тілдің грамматикалық құрылысында ертеден қалыптасып, әбден орныққан қосымшалар. Олардың қолданылу аясы, сөз таптарына қатысы, сөзден алатын орны, беретін, білдіретін мағыналары да алуан түрлі, ұқсастықтары да жоқ емес. Сондықтан оларға жеке-жеке тоқталу керек.

1) Грамматикалық мағына беретін жалғаулар 4 түрлі: көптік, тәуелдік, септік және жіктік жалғаулары.

Көптік жалғау – зат есімнің сандылық категориясының көптік мағынасын білдіретін жалғау. Осыған байланысты ол тек зат есім сөздермен және заттық мағынадағы басқа сөз таптарының сөздерімен қолданылады. Мысалы, кітаптар, мектептер, жануарлар; біздер, сендер; жақсылар, үлкендер; келгендер,баратындар; т.б. Көптік жалғау грамматикалық болжалдық мағынаны да білдіреді: алтыларда келермін, жасы он сегіздерде; ертеңдер келер, биылдар бітіреді т.б.

Тәуелдік жалғау меншіктілік, тәуелдік мағынаны білдіреді. сондықтан ол зат есім және зат есім мағынасындағы сөздермен 3 жақта, анайы, сыпайы, жекеше, көпше түрде қолданылады. Бұлардың әрқайсысының тұлғалары бар. Мысалы, менің туысым, біздің ауылымыз, менің үлкенім, біздің күтеріміз т.б. Сөздің тәуелдік жалғауларымен түрлену жүйесін тәуелдену парадигмасы, кейде морфологиялық парадигма деп те атайды.

Септік жалғау – зат есім және есім сөздердің сөйлемдегі басқа сөздермен өзара қарым-қатынасын білдіретін грамматикалық мағыналы жалғау. Қазақ тілінде 7 септік бар. Олардың әрқайсысының бірнеше жалғаулары бар және олар бірнеше грамматикалық мағыналарды білдіреді. Яғни септік жалғаулары – әр түрлі мағынаны білдіретін, грамматикалық мағына құрамы күрделі жалғаулар. Сөзге қандай жалғаулардың жалғанғанына және олардың сұрақтарына қарай сөздің қай септікте тұрғаны анықталады. Сөздің септік жалғаулары арқылы түрленуі септік парадигмасы деп аталады.

Жіктік жалғау – қимыл-әрекеттің, істің жақтық мағына арқылы кімге қатысты екенін білдіретін қосымша. Осымен байланысты, жіктік жалғауы баяндауышқа жалғанып, істің иесі бастауышпен оны байланыстырады. Бұл жалғау негізінен етістікке жалғанғанымен, баяндауыш қызметіндегі басқа сөз таптарына да жалғана береді. Жіктік жалғаулары жалғанған сөзіне жақ мағыналарын, жекешелік көпшелік мағынаны, анайылық, сыпайылық мағыналарын үстейді. Бұл мағыналар жіктік жалғау жүйесінде әр түрлі қосымшалар арқылы беріледі. Жіктік жалғаулардың сөзді түрлендіру жүйесі жіктік жалғау парадигмасы деп аталады.

4. Тілдегі грамматикалық мағыналар нөлдік тұлғалар арқылы да беріледі деп есептеледі. Сөзді түрлендіру парадигмаларының ішінде грамматикалық мағынасы бар, бірақ көрсеткіші жоқ яғни парадигманың дыбыстық құрамнан тұратын көрсеткіші жоқ мүшелер бар. Мысалы, атау септіктің, жіктік жалғау парадигмасының 3-жағы, сондай-ақ бұйрық райдың жікті жалғауының 2-жақ жекеше түрінің нақтылы қосымшалары жоқ. Бірақ қосымшалары жоқ болса да, сол қосымшаның жоқтығы олардың атау септік, 2-жақ, 3-жақ екенін білдіреді. Олар ешқашан басқа мағыналармен шатастырылмайды. Сондықтан мұндай грамматикалық мағыналар нөлдік тұлға арқылы берілген деп есептеледі. Септік жалғауларының ішінде тек атау септігі ғана емес, қолданыста басқа септіктердің грамматикалық мағыналары да нөлдік тұлғада беріле алатыны бар. Бұрын олар «септік жалғауының түсірілуі, жасырын тұруы» деген тәрізді терминдермен аталып келді.

Сонымен, нөлдік жалғауы – грамматикалық жүйеден кең орын алатын, әр түрлі грамматикалық мағынаны білдіретін тілдік бірлік.

5. Тілде грамматикалық мағынаны білдіретін жұрнақтар бар. Сөз таптары тұрғысынан келгенде, грамматикалық жұрнақтар етістіктерге қатысты. Грамматикалық жұрнақтардың мағыналары әр түрлі.

Етістіктің болымсыздық мағынасын білдіретін жұрнақтар. Етістік болымды мағынада да, болымсыз мағынада да қолданылады. Болымды мағына нөлдік тұлға арқылы, болымсыз мағына –ма,-ме, - ба,-бе, -па, -пе жұрнақтары арқылы беріледі. Болымсыздық мағына жұрнақтары түбірге тікелей жалғанады.

Шақ мағынасын білдіретін грамматикалық жұрнақтар. -а, -е, -й (осы шақ); -атын, -етін, -йтын, -йтін (өткен шақ, келер шақ); -ды, -ді, -ты, -ті (жедел өткен шақ); -ған, -ген, -қан, -кен (өткен шақ); -ып, -іп, -п (бұрынғы өткен шақ); -мақ. –мек, -бақ, -бек, -пақ, -пек (мақсатты келер шақ); -ар, -ер, -р (болжалды келер шақ); (қимыл атауы); есімше жұрнақтары (әрі етістік, әрі есім мағынасын білдіреді); көсемше жұрнақтары (қимылдың белгісін білдіреді); -ғай, -гей, -қай, -кей (қалау рай); -са, -се (шартты рай). Тілде грамматикалық мағынаны білдіретін нөлдік грамматикалық жұрнақтар бар. олар да әр түрлі: 1) сөздің ешбір көрсеткішсіз-ақ қай сөз табына жататынын ажыратуға болады. Бұл ерекшелік те сөздің грамматикалық қасиеті болғандықтан, ол сөзтабылық мағына нөлдік жұрнақ арқылы берілген деп есептеледі; 2) етістіктің рай, шақ мағыналарының бәрі белгілі көрсеткіштер арқылы беріледі де, ол қимылдың кімге қатысты екені жіктік жалғаулары арқылы білдіріледі. Сөйтіп, рай, шақ мағынасындағы етістік үш морфемадан құралады: түбір етістік; рай, шақ көрсеткіштері; жіктік жалғауы. Бұйрық райда бұл үштік жүйе бұзылады. Бұйрық райдағы етістік екі морфемадан ғана тұрады: түбір етістік және жіктік жалғау. Мұның себебі бұйрық рай мағынасын нөлдік жұрнақ білдіреді (алыңдар – 2-жақ көпше, ескеріңіз – 2-жақ сыпайы, болсын – 3-жақ); 3) отыр, тұр, жүр етістіктері арқылы берілетін нақ осы шақ мағынасы осы сөздердің нөлдік жұрнақ арқылы беріледі.

6. Көмекшілер – тілдің дамуында лексикалық мағынасынан айырылып, грамматикалық мағынаға көшкен тілдік бірліктер. Олар алуан түрлі грамматикалық мағыналарды білдіретін болып қалыптасқан.

1) Шылаулар – толық мағыналы сөздермен қолданылып, оларды бір-бірімен байланыстырып, оларға түрлі грамматикалық мағыналар үстейтін тілдік бірліктер. Шылаулар жалғаулықтар, септеуліктер, демеуліктер болып бөліне отырып, әрқайсысы грамматикалық мағыналарына, қызметіне қарай іштей бірнешеге түрге жіктеледі.

2) Көмекші есімдер септіктің мекендік мәнін анықтайды (ел іші, үйдің сырты, ауылдың маңы т.б.).

3) Көмекші етістіктердің саны да, білдіретін мағыналары да өте көп. Мысалы, кей көмекші етістіктер шақ, рай мағыналарын білдірсе (келсе екен, келгей еді, келіп жүр т.б.), кейбіреуі қимылдың қалай жасалғанын білдіреді (айта салды, итеріп жіберді, жығыла жаздады т.б.) т.б.

4) Модаль сөздер сөйлемде айтылатын ойға сөйлеушінің көзқарасын, пікірін білдіреді. мысалы, келуі мүмкін, бәлкім келер, кетсе керек, білетін болар, айту қажет, естіген сияқты, т.б.

5) Күшейткіш көмекшілер – сындық белгі мағынасының өте жоғары екенін білдіретін тілдік бірліктер. Мысалы, өте қалың, тым биік, аса сезімтал, ең жүйрік, т.б.

6) Күшейткіш буындар – сын есім сөздердің сындық белгі мағынасына күшейту мәнін қосатын тілдік бірліктер. Қап-қара, ұп-ұзын, әппақ, жап-жасыл, біп-биік, т.б.

Көмекшілердің ешқайсысы жеке дербес сөз ретінде қолданылмайды, олар сөйлемде толық лексикалық мағыналы сөздерге тіркесіп, түрлі грамматикалық мағына қосады.

Қазақ тілінде сөз таптарына қатысты жалпы грамматикалық мағына белгілі топтағы сөздердің ортақ мағынасына сүйену арқылы белгіленіп,, сөзтабылық грамматикалық мағына анықталған. Бұл қазақ тіл білімінде семантикалық тәсіл деп аталып жүр. Грамматикалық мағынаның қосымшалар арқылы берілуі синтетикалық тәсілге жатады. Ал грамматикалық мағынаның көмекші бірліктер арқылы берілуі аналитикалық тәсілге жатады деп есептеледі.

Көмекші сөздердің өзіндік ерекшеліктері мынадай:

1) көмекші бірліктер сөзге екі түрлі жалғанады: біреулері соңынан тіркеседі (шылаулар, көмекші есімдер мен көмекші етістіктер және модаль сөздер); дербес сөздің алдынан тіркеседі (күшейткіш көмекшілер, күшейткіш буындар);

2) көмекшілердің көпшілігі – грамматикалық категориялардың мағынасын білдіретін тілдік бірліктер: көмекші етістіктер етістік категорияларына, көмекші есімдер мен септеулік шылаулар септік категориясына, модаль сөздер модальдік категориясына, күшейткіш көмекшілер мен күшейткіш буындар сын есімнің шырай категориясына қатысты болады.

3) жалғаулық, демеулік шылаулар ешбір категорияға жатпайды.

7. Сөйлем, мәнмәтін (контекст) және мәтін байланысты оймен тікелей қатысты. Сөз жеке тұрып, байланысты ойды білдірмейтіні белгілі болды. Байланысты ойды білдіру үшін сөз сөйлемдегі басқа сөздермен түрлі қарым-қатынасқа түсіп, ол қарым-қатысты білдіретін грамматикалық тілдік бірліктермен қолданылып, тұлғасын түрлендіреді.

Тілде сөз тұлғасын түрлендіретін парадигмалар көп, олар түрлі сөз таптарына қатысты және бір сөз табының өзінде олар әртүрлі. Мәселен, зат есімнің, етістіктің әрқайсысының бірнеше сөз түрлендіруші парадигмалары бар. Олай болса, сөздердің тұлғасының қалай түрленуі сол сөздің қай сөз табына қатысына, қай сөз табының парадигмасы бойынша түрленуіне байланысты. Демек, сөйлемде сөз тұлғасының түрленуінің белгілі заңдылығы бар, сөзтұлға қалай болса, солай, кездейсоқ түрленбейді. Тілде әбден қалыптасқан сөздерді түрлендіру парадигмалары бар, сөздер сөйлемде сол парадигмалар бойынша ғана түрленеді. Ол парадигмалар әр сөз табының грамматикалық категорияларымен тікелей байланысты. Әр категорияның өз парадигмалары бар. Ал категориялар сөз таптарына тән. Сонда парадигмалар да осы арқылы сөз таптарымен байланысты болады. Парадигмалар категорияға қатысты болғандықтан, ол арқылы түрленген сөзтұлғалар да категорияға қатысты болады. Олай болса, категорияға қатысты болғандықтан, сөзтұлғалар да сөз таптарына қатысты болып шығады.

Сөзтұлға атаулының бәрі сөйлемде ғана қызмет атқарады, сөйлемде ғана қолданылады. Сөйлемсіз сөзтұлға жасалмайды. Сөйтіп, сөздің грамматикалық тұлғасы (формасы) деп сөздің сөйлемде категориялардың көрсеткіштерімен түрленіп, грамматикалық мағынада қолданылған түрін айтады. Бұдан шығатын қорытынды:

  1. сөзтұлға сөйлемде ғана қолданылады;

  2. әр сөз табының өз сөзтұлғалары болады және олар әр түрлі;

  3. сөзтұлға грамматикалық категорияларға тікелей байланысты;

  4. грамматикалық категориялар сөз табына қатысты болғандықтан, сөзтұлғалар да сөз табына қатысты;

  5. сөйлемде сөз бір грамматикалық тұлғада да, бірнеше грамматикалық тұлғада да қолданыла береді;

  6. сөздің грамматикалық тұлғасын категориялардың тұлғасы түрлендіреді;

  7. грамматикалық сөзтұлға белгілі бір грамматикалық мағынаны білдіруі шарт. Ол грамматикалық мағына кейде грамматикалық категорияға қатысты болмауы да мүмкін, мысалы, қимыл атау, есімше, көсемшелер категориялар емес, етістіктің түрлері болып есептеледі. Бірақ олардың тұлғасымен түрленген сөздер грамматикалық сөзтұлға саналады;

  8. грамматикалық сөзтұлға екі түрлі болады: синтетикалық сөзтұлға және аналитикалық сөзтұлға.

8. Грамматикадағы негізгі мәселеге грамматикалық категория жатады. Грамматикалық категория деп бір тектес жүйелі грамматикалық мағыналардан тұратын және оларды білдіретін арнайы грамматикалық көрсеткіштері бар тілдік құбылыс аталады. Грамматикалық категориялар морфологиялық және синтаксистік болып бөлінеді. Морфологиялық категория – грамматикалық мағына мен оны білдіретін көрсеткіштердің бұлжымас бірлігі. Сондықтан грамматикалық категорияның мағыналары бір-бірімен байланыста талданады және ол мағыналарды білдіретін көрсеткіштер де бір-бірімен салыстырыла талданады, зерттеледі, оқытылады. Мысалы, тәуелдік категориясы меншіктілік мағына мен оны білдіретінкөрсеткіштердің жиынтығы. Септік және шақ,жақ категориялары да сондай. Сондықтан да грамматикалық категориялар екі жақты құбылыс болып есептеледі, олар: мағына және тілдік көрсеткіш.

Грамматикалық категория бір тектес, бір-бірімен байланысты бірнеше мағынаны қамтиды. Мысалы, қимылдың өту сипаты категориясы қимылдың жасалу сипатын білдіреді, бұл – категорияның негізгі мағынасы (жалпы семантикасы), осы негізгі мағына іштей бірнеше мағынадан тұрады (семалар). Атап айтқанда, қимылдың тез жасалуы (тартып қалды), қимылдың немқұрайды жасалуы (айта салды), қимылдың қайталануы (келе берді), қимылдың жасалуға жақындап, бірақ жасалмай қалуы (құлай жаздады), қимылдың орындалуын тілеу мағынасы (келе гөр), қимылдың жасалу үстінде екенін (өсіп келеді, өсіп барады) т.б. Бұлар – осы категорияның ішкі мағыналық тармақтары, ішкі мағыналық ерекшеліктері көп категориялардың бірі – осы өту сипаты категориясы.

Грамматикалық категориялардың мағыналық құрамы әр түрлі. ең мағыналық құрамы аз категориялар екі мағыналық құрамнан тұрады. Оларға зат есімнің сандылық категориясы мен етістіктің болымдылық, болымсыздық категориясы жатады. Грамматикалық категориялардың құрамына сай олардың өзіндік көрсеткіштері болады.

Грамматикалық категория сөз таптарына қатысты, әйтсе де барлық сөз таптарының грамматикалық категориясы бар деуге болмайды. Демек, грамматикалық категория сөз табының міндетті белгісі емес. Грамматикалық категориялары бар сөз таптарының өзінде олардың саны бірдей емес.

Грамматикалық категориялар туралы мына заңдылықтарды білу керек: 1) категорияның өзіндік грамматикалық мағынасы болуы керек; 2) категорияның мағынасын білдіретін ең кемі екі көрсеткіші болу керек, яғни сөздің грамматикалық категорияның екі тұлғасында қолданылу мүмкіндігі болу керек; 3) сөздің құрамында тек бір категорияның көрсеткіші болуы міндетті емес, сөйлемдегі сөздің құрамында бірнеше категорияның көрсеткіші бола береді (үйлерге); 4) сөйлемдегі бір сөзде бір грамматикалық категорияның екі көрсеткіші қатар қолданылмайды; 5) сөз сөйлемде ең кемі бір грамматикалық категорияның тұлғасында қолданылады; 6) грамматикалық категория сөз табына қатысты, сөз табынан тыс морфологиялық категория жоқ; 7) грамматикалық категория бір сөз табына ғана қатысты, бірнеше сөз табына қатысты категория жоқ; 8) сөз табының грамматикалық категориясы болуы да, болмауы да мүмкін.

Әдебиеттер:

1.Аханов К. Грамматика теориясының негіздері. А., 1972, 4-7 б.

2.Исаев С. Қазіргі қазақ тіліндегі сөздердің грамматикалық сипаты. А., 1998, 14-16 б.

3. Қалыбаева А., Оралбаева Н. Қазіргі қазақ тілінің морфемалар жүйесі. А., 1986, 3-7, 84-91 б.

4. Оралбаева Н. Қазіргі қазақ тіліндегі етістіктің аналитикалық форманттар. А., 1975, 47-53 б.

5. Оралбай Н. Қазіргі қазақ тілінің морфологиясы. А., 3-40 б.

3-дәріс: Сөз құрамы және сөз таптары

  1. Қазақ тіл біліміндегі сөз таптары туралы мәселенің қарастырылуы

  2. Тілдегі сөздерді үш топқа бөлу

  3. Сөздерді жеке сөз таптарына топтастыру

  4. Сөздің морфологиялық құрылымы

  5. Морфологиялық талдау

1. Тілдің байлығы – сөздер алуан түрлі, олар тек мағынасы жағынан ғана емес, грамматикалық құрамы, атқаратын қызметі жағынан да түрлі-түрлі. тілдегі сөздердің бұл ерекшелігін ғалымдар ерте байқаған. Сонымен байланысты тілдегі сөздерді топтастыру мәселесі туындаған.

Тілдегі сөздерді топтастыру мәселесі тіл білімі ғылымында алғашқы грамматикалардан басталған. Аристотельдің сөздерді есім және етістік деп бөлгені белгілі. Содан бері ғылым дамып, әр тілдің грамматикаларында сөздердің топтары анықталып, барған сайын нақтыланып келеді. Бір тілдің өзінде сөздер әр заманда әр түрлі топтастырылып отырғаны белгілі. Мәселен, 1914 жылы баспадан шыққан А.Байтұрсыновтың «Тіл – құрал» атты оқулығында сөздерді алдымен атауыш сөздер, шылау сөздер деп екі үлкен топқа бөлген. Атауыш сөздерге: зат есім, сын есім, сан есім, есімдік, етістік деген бес сөз табын жатқызған. Ал, шылау сөздерге үстеу, демеу, жалғаулық, одағай сөздерді жатқызады. Бұл қазақ тілінде жазылған алғашқы оқулық екені белгілі. Ғалым осы оқулықтың 1915 жылғы басылымында сөз таптары туралы пікіріне бірсыпыра өзгерістер енгізген. Мұнда сөздер бұрынғыдай екі топқа емес, бірден 9 топқа бөлген: зат есім, сын есім, сан есім есімдік, етістік, үстеу, демеу, жалғаулықтар, одағай.

Қ.Жұбанов тілдегі сөздерді басқаша топтастырады. Ғалым сөз атаулыны мүшелі, мүшесіз деп екі топқа бөліп, мүшелі сөздерді түбір және шылау деп бөледі де, мүшесіз сөзге одағайды жатқызады. Ал түбір сөздерді зат есім, сын есім, сан есім,мезгіл, мекенесім (қазіргі үстеу), орынбасар (қазіргі есімдік),етістік деп жіктейді. Демек, осы 6 сөз табына шылау мен одағайды қосқанда, ғалым 8 сөз табын таныған. Мұндағы ғалымның шылауларды бөлшектемей бір сөз табы ретінде шылау деп атауы ғылымда орнықты да, ал мезгіл-мекен есім, орынбасар есім деген терминдері орныға алмады. Бірақ, осы кезеңдерден соң қазақ тілінде мынадай сөз таптары танылды: 1. Зат есім. 2. Сын есім. 3. Сан есім. 4. Есімдік. 5. Етістік. 6. Үстеу. 7. Шылау. 8. Одағай. Бұл сөз таптарын А.Байтұрсынов белгілеген. Тек, ол шылауды екіге бөліп (жалғаулық, демеулік) көрсеткендіктен, 9 сөз табы болып шыққан. Ос сегіз сөз табы қазақ тілі грамматикаларында 1952 жылға дейін қолданылып келді. 1952 жылы А.Ысқақов бұған еліктеуіш сөздерді қосты. Сөйтіп, қазірге дейін қазақ тілінде 9 сөз табы аталып жүр. Дегенмен, 2002 жылы жарық көрген академиялық Қазақ грамматикасында модаль сөздер өзіндік ерекшеліктері бар сөздер тобы ретінде сөз табы қатарына қосылған. Сонымен, бұл кітапта 10 сөз табы аталады.

Бұдан байқалатыны – сөздерді таптастыру мәселесі әр дәуірде әр түрлі шешіліп, әр кезеңде ғалымдардың ол жөніндегі пікірлері әр түрлі болған. Мұндай көзқарастардың алуан түрлі болу себептерін Н.Оралбай былай дәлелдейді: «1. Қазақ тілі – бай тіл, оның сөздік қоры алуан түрлі және ол сөздердің даму дәрежесі де ерекшелікке толы. Тіл – даму үстіндегі құбылыс, сондықтан ол түрлі өзгерістерге ұшырап отырады. Ол өзгерістер сөздің лексикалық мағынасына да, грамматикалық мағынасына да қатысты. Лексикалық өзгерістер сөздің көп мағыналылығы мен омонимдігіне қатысты болса, грамматикалық өзгерістер нәтижесінде тілде түрлі грамматикалық қызмет атқаратын көмекші сөздер пайда болған. Бұл жағдайдың бәрі сөздерді таптастыруды қиындатады.

Ғылым, оның ішінде тіл білімі де үнемі дамып отырады. Бұл сөздерді таптастыру теориясына да қатысты. Ғылым дамыған сайын сөздерді таптастыру теориясы да айқындалып, ол теорияның ғылыми негізі қаланып, сөздерді ғылыми негізде таптастыру жүзеге асады.»

Бұл жағдайлардың бәрі тәжірибеде сөздерді таптастырудағы өзгерістерді туғызады. Сондықтан қазақ тілінде сөз таптарының танылуында әр кезеңде болған өзгерістердің өзіндік себептері бар. Қазақ тіл білімінде сөздерді таптастыру теориясын, сөздерді таптастыру мәселесін ғылыми түрде зерттеген А.Ысқақов. бұл мәселеде С.Исаевтың да ғылыми пікірлері бар.

Сонымен, қазақ тіл білімінде сөздерді таптастырудың екі жолы бар: 1) сөздерді 3 топқа бөлу, 2) сөздерді жеке сөз таптарына бөлу. Олардың әрқайсысына жеке-жеке тоқталу қажет.

2. Сөздерді 3 топқа бөлудің басы алғаш рет 2 топқа бөліп қараған (атауыш сөздер, шылаулар) А.Байтұрсыновтың пікірінен басталатыны жоғарыда айтылды. Сөздерді бұл тұрғыда топтастыру олардың мағыналық ерекшелігіне, атқаратын лексикалық, грамматикалық қызметтеріне негізделген. Сөздерді бұлай топтастыру тек қазақ тіліне ғана тән құбылыс емес. Мысалы, 2004 жылы шыққан «Современный русский язык» атты оқу құралында (Д.Э.Розенталь, И.Б.Голуб, М.А.Теленкова) «самостоятельные и служебные части речи» деп бөліп, одан басқа модаль сөздер, одағай және еліктеуіш сөздер топтары бар деп есептеп және олардың әрқайсысына қысқаша анықтама берген.

Демек, сөздердің бір-бірінен ерекшелігін ашу үшін қолданылып жүрген сөздерді топтастырудың бұл түрі ғылыми негізі бар, тәжірибеде өзін ақтаған, сондықтан ол ХХІ ғасырда да сақталып отыр. Сондықтан бұл топтастыруды артық санайтын кейбір қазақ тілшілеріне қосылуға болмайды. Өйткені бұл топтастыруда тілдегі сөздердің жалпы ерекшеліктері ашылады,соған байланысты сөздің ойды білдіретін лексикалық мағыналы топтары анықталады, олардың сөйлемдегі ойды білдірудегі қызметі белгіленеді, сондай-ақ ол белгілері жоқ атауыш сөздерге қызмет ететін сөздер бары, көмекшілер бары анықталады. Осы екі топтың да қызметін атқармайтын, тіпті сөйлемге қатыспайтын ерекше топтың бары осы топтастыруда ашылады. Бұдан тілдегі сөздердің жалпы ұқсастықтарымен бірге айырмашылықтары болатыны байқалады.

1) Атауыш сөздер – лексикалық мағынасы бар сөздер. Олардың негізгі белгілері төмендегідей:

1. Атауыш сөздердің бәрі лексикалық мағыналы сөздер, олар: зат есім, сын есім, сан есім, есімдік, етістік, үстеу, еліктеуіш сөздер.

2. Атауыш сөздер лексикалық сөздер болғандықтан, олар сөйлемдегі ойды білдіру үшін, сөйлемді құрауға қатысады.

3. Атауыш сөздер сөйлемді құраушы негізгі сөздер болғандықтан, олар сөйлем мүшесі болады.

4.Атауыш сөздерсіз ойды жеткізу мүмкін емес.

5. Бұл топтағы сөздердің мағыналарының бәрі шындық өмірді суреттеуге қатысты. Оны әр сөз табының мағынасынан көруге болады.

6. Атауыш сөздер сөйлемнен тыс та қолданылады, мәселен түрлі сөздіктерде қолданылады, атауыш сөздерді жеке атағанда да мағынасы түсінікті болады.

Міне осы белгілер атауыш сөздердің бәріне тән ортақ белгілер. Басқа сөздер тобында бұл белгілер жоқ.

2) Көмекші сөздер грамматикалық даму нәтижесінде лексикалық мағынасынан айырылып, грамматикалық қызметке көшкен сөздер тобы. Олар сөйлем мүшесі қызметін атқармайды. Дербес сөзден бөлек жазылғанымен, сөйлем мүшесі қызметін атқармайды. Көмекші сөздер толық мағыналы сөздерге тіркесіп, оларға түрлі грамматикалық мағына қосады, кейде туынды сөз жасайды.

Қазақ тілінде көмекшілер сөз табына қатысына қарай екіге бөлінеді: белгілі сөз табына қатысты көмекшілер және сөз табына қатысы жоқ көмекшілер. Сөз табына қатысты көмекшілер: көмекші есімдер, көмекші етістіктер, септеулік шылаулар, күшейткіш сөз және буын көмекшілер. Сөз табына қатыссыз көмекшілерге жалғаулық және демеулік шылаулар жатады.

Көмекшілердің атауыш сөздерден мынадай айырмашылықтары бар:

1. Атауыш сөздердің ешбір белгілері көмекші сөздерде жоқ, көмекші сөздердің лексикалық мағынасы жоқ, сөйлем мүшесі болмайды, т.б.

2. Көмекші сөздер грамматикалық мағынаны білдіреді, қызметі жағынан олар грамматикалық қосымшалармен бір типтес.

3. Көмекшілердің грамматикалық категориялар мағынасын білдіретін көрсеткіштер қызметін атқарады.

4. Көмекшілер дербес сөздерге тіркесіп қана қолданылады.

5. Көмекшілер сөйлемде сөзді грамматикалық категориялардың сөзтұлғасынакөшіреді.

6. Көмекшілер грамматикалық категориялардың аналитикалық тұлғасын жасайды.

7. Көмекшілер жеке қолданылмайды.

3) Сөз атаулыны үлкен үш топқа бөліп қарастыру әр топтың бір-бірінен үлкен айырмашылығын көрсетуді көздеген. Осы мақсатпен одағай сөздер басқа сөздерден бөлініп алынып, сөздердің жеке тобы ретінде беріліп жүр. Өйткені одағайлар – сөздердің ешбір тобына ұқсамайтын ерекше сөздер. Айталық, атауыш сөздердің әрқайсысының да лексикалық мағыналары бар, сөйлемде әр түрлі тұлғада қолданылып, сөйлем мүшесі қызметін атқарады. Көмекші сөздердің лексикалық мағынасы жоқ, өздігінен сөйлем мүшесі қызметін атқармайды, т.б. Ал одағайлар жоғарыдағы сөздердің ешқайсысының қызметін атқармайды. Сөйлемдегі айтылған ойды білдіруге қатыспайды, грамматикалық көрсеткіштерді қабылдамайды, грамматикалық мағыналарды білдіруге де қатыспайды, сөйлем мүшесі бола алмайды.

Одағайлардың мағынасы да сыртқы дүниені суреттемейді, адамның көңіл-күйін, әр түрлі сезіміне байланысты дыбыстық ишараттарды білдіреді де, сөйлемнен тыс тұрады. Осындай ерекшеліктері арқылы олар тілдегі басқа сөздерден бөлектеніп тұрады. Сонымен, сөздерді осылай үш топқа бөлудің де өзіндік мәні бар екен.

3. Тілдегі сөздерді жеке сөз таптарына таптастыру да тіл білімінде танылған, ертеден келе жатқан, ғылыми негізі бар мәселе.

Ғылымда сөздерді таптастыруда негіз болатын үш ұстаным (принцип) қалыптасқан, олар: 1) сөз табының ортақ семантикалық мағынасы; 2) сөздердің морфологиялық, грамматикалық белгілері; 3) сөздердің сөйлем ішіндегі синтаксистік қызметі. Осыларға жеке тоқталайық.

1) Сөздерді таптастыруда бір сөз табына кіретін сөздердің бәрінің ортақ мағынасы, ортақ семантикасы есепке алынады. Мәселен, зат есімге жататын сөздердің бәрі заттық ұғымды білдіреді, мұндай мағынасы жоқ сөздер зат есімге жатпайды. Заттық мағына, заттық ұғым – зат есім сөздерді бәріне ортақ жалпы мағына. Бұл жалпы мағына – бүкіл осы бір сөз табына жататын сөздердің бәрінен абстракцияланып алынған жалпы грамматикалық мағына. Ол мағына – сат есім сөздердің әрқайсысына тән лексикалық мағынадан мүлде бөлек мағына. Семантикалық ұстаным барлық сөз табына қатысты. Сондықтан бұл ұстаным сөздерді таптастыруда негізгі ұстаным болып есептеледі.

2) Сөздерді таптастыруда екінші орында олардың морфологиялық, грамматикалық белгілері тұрады. Морфология – тілдегі сөздердің түрлену жүйесін зерттейтін ғылым. Ал, сөздер тілде қалыптасқан заңдылықтар бойынша түрленеді. Морфологиялық түрлену сөздердің белгілі бір топтарына қатысты. Мысалы, зат есімге тән қосымшалар сын есімге жалғанбайды, сын есімге тән қосымшалар етістіктерге жалғанбайды, т.с.с. Сондықтан сөздерді таптастыруда олардың белгілі бір тобының бірдей түрленуі ескеріледі. Демек, сөздерді таптастыруда әр топтағы сөздердің өзіне тән түрлену ерекшелігі ескеріледі. Әрине, сөздер тобының ішінде түрленбейтіндері де бар (еліктеуіш, үстеу, одағай т.б.). Бірақ, олардың осы түрленбеу қасиетінің өзі олардың қалыптасқан, заңды грамматикалық белгісі, сипаты болып есептеледі.

3) Сөздерді таптастыруда олардың тағы бір негізгі ұстанымдарының бірі синтаксистік қызметтері саналады. Сөздердің морфологиялық түрленуі олардың өзара байланысуы үшін қажет. Ал синтаксистік байланыс, қатынас сөйлемдегі байланысты ойдың дұрыс берілуін анықтайды. Осыған байланысты сөздердің сөйлемдегі синтаксистік қызметі қалыптасқан. Әр сөзтұлғаның сөйлемдегі атқаратын синтаксистік қызметі бар. Демек, сөз таптарын анықтауда сөздердің синтаксистік қызметі де ескеріледі. Яғни зат есімнің сөйлемде бастауыш не толықтауыш болуы, сын есімнің анықтауыш болуы, етістіктің баяндауыш болуы т.б. сөздерді таптастырғанда ескеріледі. Әрине, сөз таптарының белгілі бір топтары белгілі бір жағдайда өзінің негізгі синтаксистік қызметінен басқа да қызметтерді атқара беруі мүмкін. Бұл ерекшелік олардың екінші орындағы қосалқы қызметтері, сөйлем құрылымынан, ондағы ойдың берілу ерекшелігінен туындаған уақытша қызметтері болып табылады.

Сөйтіп, осындай үш негізгі ұстанымды басшылыққа алу барысында қазақтіліндегісөздер қазіргі кезде 9 сөз табына топтастырылған. 2002 жылғы «Қазақ грамматикасында» модаль сөздерді өз алдына сөз табына жатқызып 10 сөз табы бар көрсеткен. Н.Оралбай бұл топтастырудың дұрыс болмайтынына мынадай уәж айтады: «Модаль сөздер аналитикалық форманттың құрамында модальдік категорияның көрсеткіші болғандықтан,олар қосымшалар сияқты грамматикалық қосымшалар қатарында қалады және оларды саны аз. Сондықтан модаль сөздер жеке сөз таптарының қатарына қосылмайды.».

4. Сөздің морфологиялық құрылымы – морфологияның маңызды мәселелерінің бірі, өйткені қазақ тілінде сөздер әр түрлі құрамда қолданылады, кейде сөздердің өте күрделі құрамда қолданылуы да кездесе береді. Әдетте сөйлемдегі сөз бірнеше мағыналы бөлшектерден тұрады. Ол мағыналы бөлшектер морфемалар деп аталады. Морфема деп сөздің әрі қарай бөлшектеуге келмейтін ең кіші мағыналы бөлшегі аталады (жабыр+қама, жоқ+ты, із+де, бар+ды, бақ+па). Осы бес сөзде бес лексикалық мағынасы бар сөз, бес лексикалық мағынасы жоқ сөз бар. Осымен байланысты алғашқы бес сөзді негізгі морфема, соңғысын көмекші морфема деп атайды.

Негізгі морфема деп әрі қарай бөлшектеуге келмейтін лексикалық мағынасы бар морфема аталады (ат, ақ, бөл, соқ, шал т.б.).

Көмекші морфемалар деп өздігінен жеке қолданылмайтын, сөйлемде сөздіңқұрамында ғана қолданылып, оған түрлі мағыналар үстейтін морфемалар аталады. Бұның екі түрі бар: 1) қосымшалар, 2) көмекші сөздер. Қосымшалардың өзі екіге бөлінеді: 1) грамматикалық мағыналы қосымшалар, 2) сөзжасамдық қосымшалар.

Грамматикалық мағыналы қосымшалар деп грамматикалық қосымшалардың мағынасын білдіретін, грамматикалық категориялардың көрсеткіші саналатын қосымшалар аталады. Бұлар іштей екіге бөлінеді: 1) жалғаулар, грамматикалық жұрнақтар.

Жалғауларға сандылық, тәуелдік, септік, жітік категориялардың жалғаулары жатады.

Грамматикалық жұрнақтар рай, шақ, болымды-болымсыздық категорияларының жұрнақтары жатады.

Көмекші морфеманың екінші түрі – көмекші сөздер. Көмекші сөздердің түрлері туралы жоғарыда айтылды. Бұл жерде көмекші сөздердің түрлері емес, көмекші сөздердің грамматикалық категориялары сөз болады.

Тілімізде көмекші сөздер мына категорияларда қызмет етеді: септік категориясы, шырай категориясы, етістіктің болымдылық-болымсыздық, шақ, рай,модальдық,қимылдың өту сипаты категориялары. Бұлардың басым көпшіліктері бұрынғы ғылыми еңбектерде, оқулықтарда, атап айтқанда «Қазақ тілі. Морфология.» (А.Ысқақов) оқулығында берілген. Бірақ қамтылмағандары да бар. Мысалы, ғылымда соңғы кездері ғана зерттеліп, дәлелденген кейбір категориялардың мағынасын білдіретін, категория көрсеткіші саналатын көмекші сөздер анықталып отыр. Олар – септік категориясының аналитикалық формасын жасайтын көмекші есім және септеулік шылаулар. Бұлар жөнінде кейінірек айтылады.

5. Морфологиядан сөзжасамның жеке сала болып бөлініп шығуы морфологиялық талдаудың ерекшеліктерін анықтауды қажет етеді.

Сөздердің екі түрлі топтастырылуына байланысты морфологиялық талдауда алдымен сөздердің үш үлкен топтың қайсысына жататынын анықтау қажет. Ол үшін, біріншіден, сөздің лексикалық мағынасына мән беру керек. Егер сөз мағыналы сөз болса, атауыш сөз болғаны. Екіншіден, сөзге сұрақ қою қажет.Өйткені лексикалық мағыналы сөз қалайда бір сұрақтың жауабы болып, сол арқылы бір сөз табының құрамына енеді.

Сөздердің екінші тобы – көмекші сөздерді де ажырата білу морфологиялық талдаудың еншісінде. Бұнда басты ескерілетін ерекшелік – олардың мағынасының болмайтындығы, сұраққа жауап бермейтіні және белгілі бір сөз табына телулі болып, соған тіркесе қолданылатыны. Сонымен бірге, олардың қай сөз табына қатыстылығын, түрлерін, грамматикалық-категориялық мағыналарын ажырату да осы талдаудың құзырында.

Сөздердің үшінші тобы – одағай. Оларды ажырата білу де морфологиялық талдауға жатады. Мұнда басты ескерілетін нәрсе – олардың мағынасы, сөйлемдегі орны, сөйлем құрамынан тыс қолданылуы.

Морфологияның барлық мәселелері сөз таптарымен байланысты болғандықтан, морфологиялық талдаудың негізгі нысаны да сөз таптары болады. Сөйлемдегі сөз таптарын анықтау үшін әр сөзді сөздерді таптастырудың үш ұстанымы бойынша тексеру қажет (семантикалық, грамматикалық, синтаксистік).

Сөйлемдегі сөздің қай сөз табы екені анықталған соң, сөз құрамындағы морфемаларды талдау қажет. сөздің морфемдік құрамын білу сөздің грамматикалық табиғатын ашуға көмектеседі.

Сөз құрамына морфемдік талдау жасауда сөзжасам мәселесіне де соқпай өту мүмкін емес. Себебі талдау кезінде лексикалық мағыналы сөздердің қандай жолдармен жасалғанын да көрсетуге тура келеді. өйткені түбір сөздер дара да, күрделі де, туынды бола береді және олар сөзжасамдық тәсілдер арқылы сөз табылық қасиеттерін өзгертіп отырады, соған сай грамматикалық тұлғаларментүрленеді. Осы ерекшеліктердің бәрінажырату морфологияның нысанына жатады.

Сөйлемдегі сөз атаулының бәрі белгілі бір грамматикалық категориялардың тұлғаларында қолданылады (сөйлемнен тыс одағайлардан басқасы). Сондықтан сөйлем құрамындағы сөздерді талдау олардың қай категорияның тұлғасындағы сөз екенін анықтаудан басталғаны дұрыс. Мұны сөздің құрамындағы грамматикалық категорияның көрсеткіші білдіреді. Олар қай категорияның көрсеткіші болса, сол категорияның грамматикалық мағынасын білдіреді.

Грамматикалық категориялардың көрсеткіштері қосымша да, көмекші сөздер де болатындықтан, сөздің грамматикалық тұлғасы синтетикалық та, аналитикалық та болады. Олай болса, сөздің синтетикалық, аналитикалық тұлғасын ажырату да морфологиялық талдауға жатады.

Сөйлемде қолданылған сөздің құрамы көбіне өте күрделі болып келеді, бұл қазақ тілінің жалғамалы тілдер тобына жатуымен байланысты екені белгілі. Мұндай күрделіліктің мәні екі жағдайға байланысты: 1)түбірдің бойында бір немесе бірнеше сөз тудырушы жұрнақтар болады; 2)осы сөз тудырушы жұрнақтардың үстіне бір немесе бірнеше грамматикалық категориялардың көрсеткіштері жалғанады. Оның үстіне грамматикалық көрсеткіштердің көп не аз болуы ол сөздің қай сөз табына жататындығымен де байланысты болады. олай болса, морфемдік талдауда сөз табынескеру өте маңызды қызмет атқарады.

Морфемдік талдауда грамматикалық категориялар бойынша талдау ерекше орын алады. Мұнда сөздің қай грамматикалық категорияның тұлғасында қолданылғанын ажырату негізгі нысан болады. ол үшін алдымен сөздің лексикалық мағына беретін түбірін тауып алу маңызды. Содан кейін лексикалық мағынаның үстіне қосылған грамматикалық мағынаны ажыратып алуға көңіл бөлінеді. Әр грамматикалық категорияның өзіндік жалпы грамматикалық мағынасы болатыны белгілі. Ол сөздің қай категорияда қолданылғанын ажыратуға көмектеседі. Мәселен, тәуелдік категориясының жалпы грамматикалық мағынасы – меншіктілік. Тәуелдік категориясының тұлғасындағы сөзді меншіктілік мағынаның бар, жоқтығына қарай ажырату керек. Тәуелдік мағынасы бар екені анықталған соң, тәуелдіктің ішкі мағыналық құрамының қай түріне жататынына мән беріледі. Олар: жекеше, көпше, үш жақтың қайсысы.

Бұл әр категорияға қатысты. Морфологиялық талдауды білмей, тілді білдім деуге болмайды.

Әдебиеттер:

  1. Ысқақов А. Қазіргі қазақ тілі. Морфология. А., 1991.

  2. Жұбанов Қ. Қазақ тілі жөніндегі зерттеулер. А., 1966 (1999).

  3. Байтұрсынов А. Тіл тағлымы. А., 1992.

  4. Исаев С. Қазіргі қазақ тіліндегі сөздердің грамматикалық сипаты. А., 1998, 285-292-б.

  5. Аханов К. Тіл білімінің негіздері. А., 1993, 359-371-б.

  6. Мұхтаров С. Қазақ тіл біліміндегі сөз таптастыру теориясының қалыптасуы. Кандидаттық дис-я. А., 1999.

  7. Қалыбаева А., Оралбаева Н. Қазіргі қазақ тілінің морфемалар жүйесі. А., 1986.

4-дәріс: Зат есім

    1. Зат есімнің анықтамасы, сөз табылық ерекшеліктері мен морфемдік құрамы

    2. Зат есімнің лексика-семантикалық сипаты

    3. Зат есімнің грамматикалық категориялары: тәуелдік, сандылық, септік

    4. Зат есімнің жіктелуі

1. Зат есім – жалпы грамматикалық мағынасы бойынша заттық ұғымдыбілдіретінсөздерден тұратын, олардың сандылық, тәуелдік, септік категориялары бар, баяндауыш қызметінде жақ категориясының көрсеткіштерімен түрленетін сөз табы. Осы кезге дейін зат есім заттың атын білдіреді деген анықтама көбірек айтылып келді де, ал оның жалпы грамматикалық мағынасы деген ұғым термин ретінде кейінгі кезде ғана айтыла бастады. Шынында да зат есім сөздер шындық өмірдегі заттардың атын (қарағай, қызғалдақ, қой, жылқы т.б.) олардың жинақтық атын (мал, жеміс, мүлік, құрал т.б.), жанды заттар атын (адам, жәндік, құс т.б.), жансыз заттар атын (үстел, қағаз, балта т.б.) білдіретіні рас. Сонымен бірге зат есім сөздер заттың қасиетінің атын (адалдық, шындық, жақсылық т.б.), жалпы сандық ұғымды (ондық, бірлік, жүздік т.б.), тағы басқа дерексіз заттық ұғымдарды білдіреді (білімділік, ақыл, ой, ес т.б.). Сондықтан осы сөздердің бәріне ортақ қатысты заттық ұғым абстракцияланған жалпы грамматикалық мағына деп танылған.

Жалпы заттық ұғымды білдіретін сөз атаулының зат есімге жататынын олардың «кім? не?» деген сұрақтарға жауап беруіне қарап та ажыратуға болады. Зат есім сөздердің ішінде бұл сұрақтарға жауап бермейтін лексикалық мағыналы сөз жоқ.

Сөздерді таптастыру ұстанымдары тұрғысынан алғанда, зат есімнің жалпы грамматикалық заттық ұғым мағынасы сөздерді таптастырудың семантикалық ұстанымына жауап береді. Өйткені семантикалық ұстаным – бір сөз табына жататын сөздердің бәрінің ортақ мағынасы. Заттық ұғым – зат есім сөздердің лексикалық мағыналарынан абстракцияланған зат есім сөздердің бәріне ортақ мағына.

Сөздерді таптастыру ұстанымының 2-түрі бойынша сөз табының грамматикалық құрылымына, грамматикалық сипатына мән беріледі. Өйткені сөз таптары бір-бірінен грамматикалық құрылымы, грамматикалық көрсеткіштері арқылы ажыратылады, әр сөз табының өз грамматикалық құрылымы, өз категориялары бар, олардың көрсеткіштерінің бір-бірінен өзіндік айырмашылықтары бар. Бұл ұстаным бойынша зат есімнің сандылық (көптік) категориясы, тәуелдік, септік категориялары зат есімді басқа сөз таптарынан ажырататын басты белгі қызметін атқарады. Себебі бұл категориялар басқа сөз таптарында жоқ. Сондықтан олар зат есімнің морфологиялық белгісі деп аталып жүр. Әрине, бұл категориялар арқылы қолданылатын сөздердің заттық ұғымды білдіруі міндетті.

Кейде зат есімнің морфологиялық белгісіне сөзжасамдық жұрнақтарды қосу да бар. Профессор Н.Оралбаева сөйлемде негізгі түбір зат есім де, туынды түбір зат есім де қолданылған жағдайда сөздердің лексикалық мағынасын ажырату үшін оған да сүйенуге болатынын, бірақ ол жұрнақтар зат есімнің негізгі морфологиялық белгісі бола алмайтынын, қосымша, көмекші белгі ретінде пайдалануға болатынын айтады.

Тілде зат есімнен басқа да сөз таптарының зат есімнің көрсеткіштерімен қолданылатыны – бар құбылыс. Есімдіктер, сын есім мен сан есім сөздер осындай ерекшеліктерге ие. Есімдіктер орынбасар сөз табы ретінде зат есімнің орынына қолданылатындықтан, оның қосымшаларымен түрлене алады. Ал сын есім мен сан есімдер контексте заттық мағынада қолданылған жағдайда (субстантивтенгенде) зат есім көрсеткіштерімен түрленеді. Бірақ бұл ол сөз таптарының зат есім сөздер екенін білдірмейді.

Зат есімді сөз табы деп танудың 3-ұстанымы оның синтаксистік қызметіне байланысты. Зат сөз табының негізгі синтаксистік қызметі – бастауыш, толықтауыш болу. Зат есім сөздердің ішінде осындай синтаксистік қызмет атқармайтын бірде-бір сөз жоқ.

Зат есім сөздер сөйлемнің басқа синтаксистік мүшелері (мысалы, анықтауыш, пысықтауыш, баяндауыш) қызметін де атқара алады. Бұл қызметтерді зат есім атаулы сөздердің бәрі бірдей атқара бермейді, олар зат есімнің белгілі бір мағыналық тобына, белгілі қолданысқа ғана қатысты. Мәселен, анықтауыш қызметін заттың қандай заттан жасалғанын білдіретін, сол заттың алдынан тіркескен зат есімдер атқарады (алтын сағат, кірпіш үй т.б.). Немесе ілік септік жалғауында қолданылып, меншікті заттың иесін білдіретін сөздер сөйлемнің анықтауыш мүшесі қызметін атқарады.

Баяндауыш қызметін мамандық мәнді, туыстық мәнді зат есім сөздер не бастауыштың не екенін білдіретін сөздер атқарады (Мен ақынмын. Сен маған жиенсің. Ол – құс т.б.). Зат есім сөздердің бұл қызметтері олардың қосымша, көмекші қызметтері болып табылады.

Зат есім сөйлемде заттық ұғымда қолданылатын сөздер болғандықтан, олардың сөйлемде қандай тұлғада қолданысқа түсетінін білу өте қажет. Өйткені ол лексикалық сөзтұлға мен сөздердің сөйлемдегі түрленген грамматикалық сөзтұлғаны ажырату үшін қажет.

Зат есімдер құрамы жағынан әр түрлі, олар:

1) Негізгі түбір зат есімдер. Мысалы, аға, ана, әке, су, ағаш, тоғай, көл, теңіз, өзен т.б. Негізгі түбір сөздер грамматикада негізгі морфема деп аталады, өйткені негізгі түбір зат есімдердің құрамын бөлшектеуге болмайды, ол бір морфемадан тұрып, лексикалық мағынаны білдіреді. Олар сөйлемге біртұтас лексема ретінде кіреді.

2) Сөйлемде туынды түбір зат есімдер де қолданылады. Олардың құрамы негізгі түбір мен сөзжасамдық жұрнақтан құралады (дәрігер), кейде туынды түбір сөздің құрамында бірнеше сөзжасамдық жұрнақтар болады (егіншілік), бұл туынды түбір сөздің туынды түбір уәждеме сөзден жасалуына байланысты. Негізгі және туынды түбір сөздердің құрамы бір ғана сөзден тұратындықтан олар дара сөздерге жатады.

3) Біріккен зат есім сөздер екі (кейде үш) сөзден бірігіп, бір лексикалық мағына береді. Мысалы: алаөкпе, батаоқыр, Екібастұз, т.б.

Біріккен сөздер біріккен (Н.Оралбай – бірікпеген) және кіріккен сөздер болып бөлінеді.

4)Қос сөз зат есімдер екі сөздің қосақталуынан жасалады: қол-аяқ, ата-ана,буыншақ-түйіншек, ауыл-аймақ т.б.

5) Тіркесті күрделі зат есімдер екі, одан да көп сөздерден жасалып, бір лексикалық мағынаны білдіреді: күн тәртібі, мал шаруашылығы, азу тіс, сары май т.б.

6)Қысқарған зат есімдер – күрделі атаулардың қысқаруынан жасалған сөздер: ҚҰУ,ҰПУ т.б.

Бұл соңғы төрт зат есім түрлері күрделі сөздер аталады, олар сөйлемде лексикалық мағыналы бірліктер ретінде қолданылады.

Дара сөздер мен күрделі сөздер сөйлемнің қажетіне қарай зат есімнің грамматикалық категорияларының көрсеткіштерін қабылдап, түрлі грамматикалық сөзтұлғада қолданылады.

2. Зат есім сөздердің бәрі заттық ұғым сияқты жалпы мағынаны білдіргенімен, олар іштей нақты мағыналары жағынан бір-бірінен ерекшеленеді. Осындай ерекшеліктері ескеріліп, ғылыми еңбектерде зат есім сөздер бірнеше мағыналық топтарға бөлінеді, олар: 1) адамзат, ғаламзат атаулары, 2) жалпы, жалқы за есімдер, 3)деректі, дерексіз мағыналы зат есімдер, 4) дара, жинақтық мағыналы зат есімдер, 5) әр түрлі реңк мәнді зат есімдер.

Адамзат атаулары. Тілдегі зат атауларының бір тобы адамға ғана қатысты атауларды білдіреді де, кім? деген сұраққа жауап береді. Оларға мынадай мағыналы зат есімдер жатады: 1) адамға қатысты жалпы атаулар: қыз, жігіт, кемпір, шал, жігіт, кісі, келіншек, бала, еркек, әйел т.б. 2) туыс атаулары: әке, шеше, әже, аға, іні, апа, сіңлі, жезде, немере, шөбере, жиен, балдыз, т.б. 3)мамандық иелерінің атаулары: егінші, малшы, мұғалім, инженер, дәрігер, ғалым, сатушы, суретші, т.б. 4) қызмет, лауазым атаулары: бастық, хан, ханым, басшы, әкім, би, төре, сұлтан, т.б. 5) кісі аттары: Асқар, Әсет, Балқия, Жансұлтан, Күләй, Оспан, Талғат, Зейнегүл, Жасұлан, т.б.

Ғаламзат атаулары. Адамнан өзге барлық жанды-жансыз зат атаулары ғаламзат атауларына жатады да, не? деген сұраққа жауап береді. Олар:

1) адамды қоршаған барлық жансыз заттардың аты: ағаш, көл, топ, жол, машина, ұшақ, кеме, жастық, қала, ауыл, үстел, орындық т.б.

2) жабайы жан-жануарлар атаулары: қасқыр, қоян, жолбарыс, аю, түлкі, қарсақ, киік, арқар т.б.

3) өсімдік атаулары: жусан, алма, жалбыз, қызылша, өрік, қауын, пияз, сарымсақ, қарбыз, алмұрт, қарағай т.б.

4) үй жануарлары атаулары: ат, жылқы, түйе, сиыр, ешкі, қой, мысық, есек, бие, т.б.

5)балық атаулары: шортан, сазан,, табан, алабұға, бекіре, жайын т.б.

6) тамақ атаулары: сүт, ірімшік, айран, қаймақ, қазы, қарта, ет, нан, тоқаш, бауырсақ, қант т.б.

7) құрал атаулары: мылтық, пышақ, балта, ара, балға, қайрақ, шоқпар, қайшы, орақ, бұрғы, сүзгі т.б.

8) құрт-құмырсқа, жәндік атаулары: қоңыз, кене, өрмекші, құмырсқа, құрт, шыбын, шіркей, ара, сона т.б.

9) жабайы және үй құстарының атаулары: құс, қарға, бөдене, бүркіт, сұңқар, кептер, көгершін, ителгі, қаз, үйрек, тауық т.б.

10) мекен-жай атаулары: жатақхана, мейманхана, емхана, дәріхана, үй, бөлме, кеңсе, ғимарат т.б.

11) жер-су аттары: Алматы, Астана, Алатау, Балқаш, Қызылорда, Жетісу, өзен, көл, теңіз, тау, Сырдария, Сарысу т.б.

Жалпы алғанда ғаламзат атаулары өте көп, сондықтан оларды түгел атап шығу мүмкін емес.

Жалпы және жалқы зат есімдер. Біртектес заттарды басқа бір бөлек тектес заттардан ажырату үшін, оларға ортақ берілген жалпы атау жалпы есім деп аталады. Мысалы: қалам, дәптер, кітап, адам, орындық, әскер, мұғалім, тау, өзен т.б. Осы заттардың әрқайсысының көптеген түрлері бар (қызыл қалам, көк қалам, қысқа қалам, жуан қалам т.б. немесе қалың дәптер, жұқа дәптер, тор көз дәптер, кең жол дәптер, суретті дәптер т.б.). Осындай бір тектес көптеген заттар бір ғана атаумен аталған. Сондықтан олар жалпы есім аталып тұр. Жалпы есім деректі, дерексіз болып бөлінеді.

Заттардың жалпы атауларымен бірге, белгілі бір ғана затты атайтын, дербес атаулар да болады. Мысалы: Абай, Мағжан, Сәбит, Ғабит, Мұхтар т.б. Осындай жеке затқа берілген атауларды жалқы есімдер деп атайды. Жазуда жалпы есімдер кіші әріптермен, жалқы есімдер бас әріптермен басталып жазылады. Жалпы есімдер мен жалқы есімдердің бір-біріне ауысу мүмкіндіктері бар.

Жалқы есімдерді де іштей әр түрлі семантикалық топтарға бөлуге болады. Олар: 1) кісі аттары (Мұхтар Әуезов, Қаныш Сәтбаев, т.б.), 2) жер-су аттары (географиялық атаулар – Орал тауы, Каспий теңізі, Қызылорда, Шымкент т.б.), 3)газет, журнал, кітап аттары («Егемен Қазақстан», «Жас Алаш», «Абай жолы» т.б.), 4) тарихи құбылыс, ұйым, мекеме аттары («Қазан төңкерісі», «Алаш», «Қызылорда облысының әкімдігі» т.б.), 5) ән-күй аттары («Балбырауын», «Дариға сол қыз», «Арыс жағасында» т.б.), 6) үй жануарларына қойылатын аттар («Қараторғай», «Бөрібасар», «Тайбурыл» т.б.), т.б.

Деректі және дерексіз зат есімдер. Деректі зат есімдер деп көзбен көріп, қолмен ұстауға болатын, түрі, түсі, тұлғасын көзбен елестетуге болатын адамды қоршаған нақтылы заттардың атаулары саналады. Мысалы: тау, тас, ағаш, гүл, қала, адам, хайуан, көше,т.б.

Дерексіз зат есімдер деп мағынасы оймен танылатын заттық ұғымды білдіретін сөздер аталады. Мысалы: ақыл, қуаныш, қайғы, үміт, талап, жақсылық, білім, сана, ықпал т.б.

Бұл дерексіз мәнді зат есім сөздердің мағынасын ойлау, топшылау әрекеттері арқылы ғана түсінуге болады, өйткені олардың нақты тұлғасы, сыртқы белгісі жоқ. Сондықтан оларды әркім әртүрлі түсінуі мүмкін. Мәселен, біреудің білімін әркім әртүрлі бағалайды, өйткені оның нақтылы көлемі, салмағы, аумағы жоқ.

Құрамы жағынан алғанда, тілде деректі зат атаулары өте көп, дерексіз мағыналы сөздер дәл олардай емес. Ал грамматикалық түрленуі жағынан оларда үлкен айырмашылық жоқ.

Дара, жинақтық мәнді зат есімдер. Сөз мағынасы, оның қамтитын аумағы орасан зор. Зат есім сөздер заттардың аты екені белгілі, бірақ зат есім сөз тек үнемі бір түрлі тектес көп затты немесе тек нақтылы бір затты ғана білдіріп қана қоя ма? Зат есім сөздердің ішінде бір тектес заттарды даралай, нақтылай көрсететін сөздер де бар. Мысалы, ағаш деген жалпы есім сөзді қайың, қарағай, емен, тал сияқты түрі, түсі, құрылысы басқа-басқа зат есім сөздердің орнына қолдануға болады. Өйткені ағаш – бір тектес әр түрлі заттың жиынақтық атауы. Олардың ағаш екендігін білдіретін ұқсас, ортақ биологиялық белгілері бар (тамыры, діңі, бұтағы, жапырағы т.б.). Осымен байланысты зат есім сөздер дара және жинақтық мағыналы зат есімдер болып бөлінеді.

Дара зат есімдер деп көп болсын, аз болсын бір түрлі заттардың атаулары саналады. Мысалы, шие, алма, алмұрт, үстел, орындық, сәбіз, қияр, сарымсақ, үйрек, қаз т.б. десек, бұлар өмірдегі белгілі заттардың нақтылы аттары. Сонымен бірге осылардың бірнешеуін жинақтап бір-ақ атайтын сөздер де бар. Мысалы, шие, алма, алмұрт – жеміс, үйрек, қаз – құстар, үстел, орындық – жиһаздар т.б.

Сонымен, бір тектес әр түрлі заттың атын білдіретін сөз жинақтық зат есім деп аталады.

Түрлі реңк мәнді зат есімдер. Зат есім сөздер заттарды атап қана қоймай, сөйлеушінің пікірін, сезім күйін қоса білдірсе, олар реңк мәнді зат есімдер деп аталады. Олар жанды, жансыз зат атауларымен қолданыла береді. Реңк мәні мына зат есімдерге қатысты:

1) туыс атауларында еркелету, жақсы көру мәнінде қолданылатын сөздер бар: балақан(-қай), әкежан, шешетай, жиенжан, апашым;

2) Кісі атауларында еркелету, жақсы көру реңкі көп қолданылады: Ерден – Еркеш, Нұралы – Нұрыш, Балқия – Балыш т.б.;

3) Үлкен адамдарды құрметтеу, сыйлау реңкі бар: Асқар – Асеке, Мұхтар – Мұха, Ахмет – Аха т.б.;

4) затты кішірейту реңкі: көл – көлшік, төбе – төбешік, үй – үйшік, т.б.;

5) менсінбеу реңкі: өлеңсымақ, ақынсымақ т.б.;

6) кішірейту, еркелету реңкі: інішек, құлыншақ, қошақан. Ботақан т.б.

Реңк мәнді зат есімдер әрі заттың атын, әрі ол туралы сөйлеушінің пікірін білдіреді.

3. Зат есім – грамматикалық категорияға бай сөз таптарының бірі. Оның мынадай грамматикалық категориялары бар: 1) сандылық категориясы, 2)тәуелдік категориясы, 3) септік категориясы. Бұл категориялардың әрқайсысының өзіндік көрсеткіштері яғни тілдік бірліктері бар. Әр категорияның көрсеткіштері сөйлемде зат есім сөздерге жалғанып, оларға өз категориясының мағынасын қосып, сөзді өз категориясының грамматикалық тұлғасына көшіреді. Грамматикалық категориялардың тұлғалары зат есім түбірлерге дара күйінде де, бірінің үстіне бірі тіркескен күйінде де жалғанып, түбірдің лексикалық мағынасының үстіне бірнеше грамматикалық мағыналар жамай береді. Енді зат есімнің грамматикалық категорияларына жеке-жеке тоқталайық.

Сандылық категориясы – өте абстракты грамматикалық категория. Бұл категория заттың сандық белгісі туралы жалпы ұғымға негізделген, бірақ ол заттың нақтылы сан мағынасымен бір емес. Нақтылы сандық мағына сан атауларынан тұратын лексикалық мағынаны білдіреді. Мысалы, екі, бес, отыз, қырық екі т.б. Осыған байланысты да, Н.Оралбаева кейбір ғалымдар қолданатын «сан-мөлшер» терминінің орнына осы «сандылық» терминін қолданады.

Сандылық категориясы – жекешелік пен көптік мағыналардың қарама-қарсылығына құрылған жалпы грамматикалық категория. Сандылық категория тұлғасындағы сөз грамматикалық мағынаны білдіреді. Бұл категорияның жекеше не көптік мағынасын білдіретін тілдік бірліктері (көрсеткіштері) бар, олар: жекешелік мағынаны білдіретін нөлдік жалғау және көптік мағынаны білдіретін көптік жалғау. Сөйлемде нөлдік және көптік жалғаумен қолданылған зат есім сөздер сандылық тұлғасындағы сөздер болып саналады. Мысалы, Мағжанның өлеңдерін аса құнттап жарыққа шығаратын Мағжаншылдар да бар. Сандылық грамматикалық категориясының жалпы грамматикалық мағынасы жекелік және көптік мағыналардан құралады. Бұл – заттың сандық сипатына қатысты мағына, бірақ ол заттың сан есім сөздер білдіретін нақтылы санынан басқаша. Мысалы, он кітап дегенде кітаптардың нақты саны айтылған (10). Мұнда кітаптың жалғыз емес, көп екенін байқауға болады, бірақ бұл қолданыста көңіл, назар оның нақты санын көрсетуге аударылған. өйткені нақты санның көптік мәні сандылық категориясының көптік мәнінен мүлдем басқа. Сондай-ақ, категорияның жекелік мәні де бір, жалғыз деген ұғыммен тең емес.

Сонымен, сандылық категория екі мағыналық құрамды категория, бұл екі құрамның өзіндік көрсеткіштері бар, олар – нөлдік жалғау және көптік жалғау. Категорияның жекелік мәнді білдіретін нөлдік жалғауы деп жекелік мәнді білдіретін қосымшаның жоқтығын білдіретін нөлдік белгі аталады. өйткені тілдік бірліктердің бәрі екі жақты құбылыс: 1) тілдік бірліктің сыртқы көрінісі, 2) мағынасы. Демек, мағына бар жерде оны білдіретін көрсеткіш те бар. Ғылымда бұл нөлдік морфема (немесе нөлдік жалғау) деп аталады. Зат есімнің сандылық категориясының ішкі бір түрі осы нөлдік жалғау арқылы берілуі болып табылады. Сандылық категориясының грамматикалық мағынасының екінші түрі – көптік мағына. Көптік мағына – жалпы грамматикалық мағына, оның көрсеткіші көптік жалғауы болып табылады. Олай болса, сандылық категориясы – тіл білімінің грамматикалық категория боп танылу үшін, оның ең кемі екі сөзтұлғасы болуы керек деген шартына сай категория.

Көптік жалғау санауға келетін зат атауларының қайсысы болса да таңдамай жалғана береді де, ол сөздерге көптік мағына үстейді. Бұл қасиет жалпы есімдердің бәріне тән болғанымен, жалқы есімдерге тән емес. өйткені олардың бойында жекелік мән бар. Алайда кісі есімдерінің көптік жалғауларды қабылдайтын кездері де болады. бірақ мұндай жағдайда көптік жалғауы сол атты кісінің көптігін емес, оның қасында басқа да кісілер бар екендігін, яғни жинақтық мәнді білдіреді. Мысалы, Абайлар келді. Демек, көптік жалғауы қолданыста түрлі реңкке ие болуы мүмкін.

Тілде көптік мағынаның нөлдік жалғауы арқылы берілуі де кездеседі. Олар – санауға келмейтін зат атаулары. Мысалы, бидай, шаш, сақал, құм, қант жауын, қар, қымыз, сүт, су т.б. осындай сөздер көптік жалғауын қажет етпей-ақ көптік мәнде қолданылады. Кейде осындай сөздердің стильдік қолданыста көптік жалғауын қабылдайтын кездері де болады. Мысалы, Талай шаштар ағарар. Осындай стильдік мақсатта бірыңғай мүшелердің біреуіне ғана көптік жалғанады: Завод, фабрикалар көбейіп келеді.

Зат есімнің тәуелдік категориясы – түркі тілдерінің, оның ішінде қазақ тілінің де грамматикалық құрылысының өзіндік ерекшелігі. Меншіктілік, тәуелділік мағына барлық тілдерде бар болғанымен, ол мағынаның грамматикалық категория ретінде арнаулы көрсеткіштер арқылы берілуі тілдердің бәріне бірдей қатысты емес. Мәселен, славян, орыс тілдерінде бұл категория жоқ. Қазақ тілінде бұл категория бар. Тәуелділік категория деп бір я көп заттың екінші бір затқа меншікті екенін білдіретін категория аталады. Тәуелдік категориясының меншіктілік мағынасын осы категорияның тәуелдік жалғаулары, меншікті заттың иесін ілік септік білдіреді (менің үйім, сенің балаң, оның киімі т.б.). Меншікті зат болған жерде ол заттың иесі болады. Заттың иесінің түрлілігіне байланысты тәуелдік категориясының ішкі мағыналық құрамы айқындалады. Ол жақ арқылы көрінеді. Үш жақ, анайы, сыпайы жақтар білдіретін меншіктілік мағына категорияның ішкі мағыналық құрамы болып саналады. Осымен байланысты тәуелдік жалғауының үш жақта, анайы, сыпайы, жекеше, көпше түрден құралатын парадигмасы бар. Ол парадигма төмендегідей:

Жекеше

1-жақ: -ым, -ім, -м қаламым, үйім, анам

2-жақ: -ың, -ің, -ң қаламың, үйің, анаң

Сыпайы: -ыңыз, -іңіз, -ңіз қаламыңыз, үйіңіз, анаңыз

3-жақ: -сы, -сі, -ы, -і қаламы, үйі, анасы

Көпше:

1-жақ: -ымыз, -іміз, -міз қаламымыз...

2-жақ: -дарың, -ларың... қаламдарың...

Сыпайы: -дарыңыз, -ларыңыз... қаламдарыңыз...

3-жақ: -дары, -лары... қаламдары...

Меншіктілік екі жақты құбылыс болғандықтан, ол екі сөздің матаса байланысқан тіркесі арқылы көрінеді. 1-сыңары меншікті заттың иесін (ілік септік арқылы беріледі), 2-сыңары меншікті затты білдіреді (тәуелдік жалғауы арқылы беріледі). Мысалы, менің ыдысым, біздердің аталарымыз, сендердің үйлерің оның атасы т.б. Меншіктілік мәнді сөз тіркесінің 1-сыңары 1 және екінші жақта тұрақты, яғни жіктеу есімдіктерінен болады, ал үшінші жақта жіктеу есімдігінен де, кез келген зат есім сөздерден де бола береді.

Тілдік бірліктердің қолданыста өзгеріске түсіп отыратыны белгілі. Сондықтан ілік септігі мен тәуелдік жалғауларының да түсіріліп, нөлдік тұлғада қолданылуы – тілде бар құбылыс. Алайда, бұдан тіркестегі грамматикалық мағыналар жойылып не өзгеріп кетпейді, меншіктілі және тәуелділік мәнін сақтайды.

Мысалы, Танып ниет теңізін, Біз бәріміз бір ағаштың бұтағы (Қ.М.) Бұл құбылыс тәуелдіктің барлық жалғауларына емес, 1-жақ көпше, 2-жақ сыпайы түріне ғана қатысты.

Ендігі бір ескеретін жай – тәуелдік жалғауының негізгі мағынасы меншіктілікті болғанымен, кейде олардың бұл мағынаны бере бермейтіні де тілде бар. Мысалы, жүрек сыры, май мейрамы, өмір кемесі, жер жүзі, қазақ мектебі, тіл білімі т.б. тәрізді тіркестерде меншіктілік мағына жоқ. Бұлар көркемдік негізде кейін пайда болған мағыналар.

Тәуелдік жалғауларының өз мағынасынан мүлде айырылып, жеке сөздің құрамына сіңісіп кеткендері де бар: шырағым, қалқам, айнам, тәйірі, дұрысы, асылы, шамасы, ат-жөні, ұшы-қиыры т.б.

Тәуелдік мағынаның екінші берілу жолы –нікі, -дікі, -тікі жұрнақтары арқылы жүзеге асады. Мысалы, сөз сенікі, кітап менікі, хат Асандікі т.б.

Меншіктілік мағынаның 1- және 2-берілу жолдарының арасында үлкен айырма бар. Тәуелдік мағынаның жұрнақ арқылы берілуінде жұрнақ жалғанған сөз меншікті заттың иесін ғана білдіреді. Мысалы, менікі, Сәуленікі, баламдікі дегенде бірдеңенің біреулерге меншікті екенін білгенімізбен, нақты қандай заттың меншікті екені белгісіз болып қалады. Ол меншікті затпен тіркесте ғана айқындалады (кітап менікі). Егер меншікті затты тіркестен бөліп алсақ, оның меншіктілік мәні болмайды.

Түркітанушылар меншіктіліктің жалғау арқылы берілген түрін деректі меншіктілік, жұрнақ арқылы берілген түрін дерексіз меншіктілік деп атайды.

Қазіргі әдеби тілімізде меншіктіліктің екі түрі де еркін қолданылады, бірақ біріншісі белсендірек те, екіншісі бәсеңірек қолданылады.

Меншікті заттың иеленушісінің көптігіне, жекелігіне қарай тәуелдену оңаша және ортақ тәуелдену болып бөлінеді. Оңаша тәуелдену деп бір не бірнеше заттың бір адамға не бір затқа меншіктілігін айтады (менің кітабым, менің кітаптарым). Ортақ тәуелдеу деп бірнеше заттың бірнеше затқа не адамға меншікті екенін білдіруді айтады (біздің баламыз, біздің балаларымыз).

Зат есімнің септік категориясы. Қазақ тіліндегі септік категориясының екі түрі бар деп есептеледі: 1) синтетикалық септік, 2) аналитикалық септі.

Синтетикалық септік. Септік категориясы – зат есім сөздерді сөйлемдегі басқа сөздермен байланыстыру қызметін атқаратын категория. Септік жалғауындағы зат есім сөз көбінесе етістік сөздермен және зат есім сөздермен байланыстырады. Сөйлемде септік тұлғалы сөздер белгілі бір сөйлем мүшесі қызметінде қолданылады: негізінен бастауыш, толықтауыш қызметтерін, сонымен бірге анықтауыш, пысықтауыш, баяндауыш қызметтерін де атқара алады.

Септік жалғаулы сөздердің синтаксистік қызметі ғылымда әбден танылған, сондықтан да септік категориясының қызметі ситаксиспен байланысты қарастырылады.

Септік категориясы 7 септіктен тұрады. Олар: атау, ілік, барыс, табыс, жатыс, шығыс, көмектес. әр септіктің өзіне тән жалғаулары, және сұрақтары бар (септік жалғаулары мен септелу үлгісін кестемен көрсетуге болады). Септік категориясының көрсеткіштері грамматикалық бірліктер ретінде танылады. Сөздің септік категориясының жалғаулары арқылы түрленуін септіктің синтетикалық парадигмасы деп атайды. Септік жалғаулары түбірге бірден жалғанады, мұны жай септеу деп атайды (үйге бар, қаланың баласы т.б.). Сондай-ақ, септік жалғаулары тәуелденген сөздерге жалғанғанда, оны тәуелдеулі септеу деп атайды (қаламызды көркейтейік, мектебімізді құрметтейміз т.б.).

Септік категориясының мағыналары. Септік категориясының зат пен заттың, зат пен қимыл-әрекеттің арасындағы қарым-қатынасты білдіруі – оның жалпы грамматикалық мағынасы болып табылады. Бірақ септіктердің әрқайсысының өзіндік мағынасы және ол мағынаны білдіретін көрсеткіштері бар. Септік категориясы көп мағыналық құрамнан тұрады, кейде бір септіктің бірнеше мағынаны білдіруі – жиі кездесетін құбылыс. Сондықтан септік категориясының грамматикалық мағынасын білдіретін көрсеткіштер де әр түрлі. Соған сәйкес септік категориясы – мағынасы жағынан өте күрделі категория. Алайда, оларды ғылыми грамматикаларда жинақтап беруге болатыны дәлелденіп жүр. Олар төмендегідей:

1) субъектілік мағына – мұнда септік қимылды кім, не жасағанын білдіреді: балық жүзеді, самолет ұшады;

2) нысан (объект) мағынасы – септік қимылға түскен затты, қимылдың қай затқа тікелей бағытталғанын білдіреді: жемісті жина, кітапты оқы, ағашқа соқты;

3) пысықтауыштық мағына – қимылдың жасалатын орнын, мезгіл, себебін, қалай, немен жасалғанын білдіреді: бөлмеде отыр, көшеден өтті, балтамен шапты т.б.

Септік мағынасының тек септік жалғаулары арқылы берілуі синтетикалық септік деп аталады.

Атау септік. Бұл септіктің жалғауы жоқ, сондықтан ол парадигмада мына белгі (Ø – нөл) қойылады немесе нөлдік тұлғада деп оқылады (айтылады). Мысалы: Шақырылған уақытта Жамбыл қонаққа келді. – Әке-ау, көңіліңізге алмай-ақ қойыңыз, біздің Сәбит байқұлақтарға сәлем бермейді, – деп Сәкен әзілдеген еді. Бұл жағдай – септік жүйесінің өз ерекшелігі, ол барлық қолданыста осы тұлғаны сақтайды. Атау септіктің өзіне тән мағынасы, соған сай синтаксистік қызметі бар. Атау септігінің мағынасы қимылдың иесін білдіру. Мұндай сөздер әрқашан сөйлемнің баяндауышымен байланысып, бастауыштық қызмет атқарады. Сондықтан олар субстанттық, субъектілік қатынастағы сөздер деп аталады. Осы арқылы ол басқа септіктерден ерекшеленеді.

Ілік септік. Ілік септіктің басты грамматикалық мағынасы – меншікті заттың иесін білдіру. Мысалы: Асанның үйі, Сәкеннің әні, Ақанның дауысы. Сондай-ақ, ілік септіктегі сөздер басқа да сөздермен қарым-қатынасқа түсіп, әртүрлі семантикалық мағыналарда қолданыла алады: 1) туыстық, жақындық қарым-қатысты (әкені баласы, досының қарындасы); 2) бүтіннің бөлшегін (үйдің есігі, кісінің қолы, ағаштың бұтағы); 3) заттың сандық қатысын (туысының бірі, қонақтардың үшеуі); 4) заттың сапасына қатысын (туыстың жақсысы, жігіттің әдемісі); 5) заттың ерекше қасиетін (сұлудың сұлуы, батырдың батыры) т.б. білдіреді.

Ілік септік қолданыста жалғаусыз, нөлдік тұлғада қолданыла береді. Бірақ ол мағынаға әсер етпейді, тек жалпылық мән басым болады. Мысалы: ауыл баласы, қала халқы, мал басы т.б. Егер осы сөздерді ілік септігінде қолданса, мағына нақтыланады (ауылдың баласы, қаланың халқы, малдың басы т.б.).

Барыс септік. Барыс септік заттың, қимыл-әрекеттің кімге, неге, қайда бағытталғанын яғни бағытын (қалаға, мектепке кетті), қимылдың аяқталар жерін, мекенін (үйге, қалаға келді), мақсатын (оқуға, демалуға келді), мезгілін (екі айға созылды), сандық белгінің қатысты затын (сөзге шешен, іске шебер) білдіреді.

Барыс септігінің нөлдік тұлғада қолданылуы сирек кездеседі (Жарқыратып ой толы нұр маңдайды... Қ.М. – ойға толы). Мұндай жағдай өлең сөздерде көбірек кездеседі. Бұл ерекшелік барыс септікті сөз бірыңғай мүше болып келгенде де кездеседі: Ақанның ораза, намазға салақтығын бетіне басады (М.Ж.).

Табыс септік. Табыс септіктегі сөз қимылға түсетін затты яғни қимылдың нысанын (объектісін) білдіреді. Мысалы: өлеңді айт, биді биле, кітапты оқы т.б. Табыс септіктің осы мағынасына сәйкес ол сабақты етістікпен тіркеседі. Сондықтан ол сөйлемнің тура толықтауышы қызметін атқарады. Табыс септіктегі сөз жалғаулы да, нөлдік тұлғада да қолданылады.

Табыс септігіндегі сөз нақты, тыңдаушының назарын аудару үшін екпін түсіре айтылса, жалғаулы қолданылады: мына журналды оқы, әңгімені тыңда т.б.

Тәуелді септеуде табыс жалғауы ашық қолданылады: анамда сағындым, әкемді күттім т.б.

Табыс септіктегі сөз бен етістік арасына сөз түссе, табыс жалғауы ашық болады: інімді кеше көрдім, мектепті ертең көрерміз т.б.

Табыс жалғаулы сөз жалпы мағынада қолданылса, стильдік қажеттілікке қарай нөлдік тұлғада қолданылады: хат жаздым, кітап оқу керек, т.б.

Жатыс септік. Жатыс септік істің жасалу орнын, мезгілін, мекенін, көлемін білдіреді. Осы мағыналарына қарай жатыс септік тұлғалы сөз сөйлемде мезгіл, мекен пысықтауыш және жанама толықтауыш болады. Мысалы: ауылды жүр, сол кезде ауылда болатын, өмірде не болмайды т.б.

Жатыс септікті сөз баяндауыш та бола алады: мен қаладамын, сен үйдесің, ол базарда.

Қолданыста, әсіресе өлең және мақал-мәтелдерде стильдік ыңғайда жатыс септігі сирек те болса нөлдік тұлғада кездеседі: Қыс азығын жаз(да) жина. Ысқырған жылан, шаян оң(да) мен солда...

Шығыс септік. Шығыс септік қимыл-әрекеттің қайдан басталғанын, қайдан шыққанын, яғни шыққан орнын, себебін, мезгілін, мөлшерін білдіреді. Мысалы, Арман етіп серкелікті, Арда кез мезгілінен ерте өліпті (Қ.М.). Мен үйден де, күйеуден де кетпеймін (М.Ш.). Бір жылдан бері қарап жүрмін (М.Ш.) т.б. Осындағы мезгілінен – мезгіл мәнді, үйден, күйеуден – қимылдың шыққан орнын, бір жылдан – мезгіл мәнін білдіреді.

Қолданыста шығыс септік те нөлдік тұлға арқылы берілетін кезі болады. бұл жайт көбінесе бірыңғай мүшенің алдыңғы сыңарларында кездеседі. Мысалы, Әке мен енеден ерте айрылған жетім бала тіршілік тауқыметін көп тартты (С.М.). Сыйлық пен құрметтен, қонақасы мен күтуден кемшілік болған жоқ (М.Ә.).

Көмектес септік. Бұл – тілде кеш қалыптасқан септік. Ол бірнеше мағынада қолданылады. Көптен аталып, танылған басты мағынасы – қимылдың құралын білдіру (балтамен шапта, арамен кесті). Бұдан басқа мағыналары: 1) қимылдың тәсілі (ақылмен істе, қуанышпен кездесті), 2)ортақтық мағына (туыстарымен кездесті, жұмысшылармен сөйлесті), 3)қимылдың мекенін білдіреді (жолмен жүрді), 4) мезгілін білдіреді (күнімен күтті, түнімен жүрді) т.б.

Септік категориясы мағынасының көмекші сөздердің қатысуы арқылы күрделенген түрі аналитикалық септік деп аталады. Мысалы, үйдің іші, жұмыстан кейін, үйге қарай, үйден гөрі, жолдасымен бірге, үй ішін т.б. тәрізді көмекші сөздер арқылы септелген зат есімдер немесе септелген зат есімдер мен септеулік шылау тіркескен сөздер аналитикалық септікке жатады.

Аналитикалық септікте әр септіктің негізгі мағынасы сақталады, ол мағынаның үстіне қосымша мағына үстеледі. Көмекші есім мен септеулік шылау көрсеткіштері септік категориясының мағынасын кеңейтіп, нақтылай түседі.

Көмекші есімді аналитикалық септік. Тілімізде мынадай тілдік деректер бар: ауылда терең сай бар – ауылдың жанында терең сай бар; мектепке кетті – мектепке қарай кетті; жылда келеді – жыл сайын келеді т.б. бұлардың арасында мағына жақындығы бар екені байқалады және қажетіне қарай бірінің орнына екіншісі қолданыла береді. Осындағы септік жалғаулардың мағынасы көмекші сөз тіркескен сөздерде де, шылау тіркескен сөздерде де сақталғанын байқаймыз. Яғни шылаулар да септіктің мағынасын бергенін білеміз. Олай болса, септік жалғаулы көмекші сөздер де, септеулік шылаулар да септік категориясының көрсеткіштері деуге болады.

Септік категориясының – көмекші есімдер тек септік құрамында ғана яғни септелген зат есім құрамында ғана қолданылады, басқаша көмекші есімдер қолданылмайды. Бұл көмекші есімдердің септік категориясына байлаулы, оның бір құрамы екенін көрсетеді. Яғни көмекші есімдер септелетін зат есімдерге тіркесіп, зат есімге жалғанатын септік жалғауын қабылдап, зат есімнің құрамына кіріп, сөйлемде зат есім сөзбен бір тұтас грамматикалық сөзтұлға жасайды (мысалы, үйде // үй ішінде – бір сөз тұлғалар). Көмекші есімдер зат есімге септік категориясына тән көлемдік (мезгіл), мезгілдік қатынастарды нақтылау, күшейту үшін тіркеседі. Яғни көмекші есімдер зат есім мен септік жалғауларын байланыстыратын көпір іспеттес.

Көмекші есім тіркескен зат есім барлық септік жалғауларын осы көмекшілер арқылы қабылдайды. Жалпы көмекші есімдер септік жалғауынсыз қолданылмайды. Сондықтан олар септік категориясының мағынасын толықтыратын заңды әрі грамматикалық көрсеткіші болып табылады.

Аналитикалық септіктердің екінші түрі септеулік шылаулар арқылы жасалады. Септеулік шылаулар септік жалғаулы сөздерге тіркесіп, оларға түрлі реңк қосып, септік мағынасын күрделендіреді. Мысалы, көңіл үшін, үйіне қарай, жұмыстан кейін, егіспен қатар деген сөздер аналитикалық септіктің атау, барыс, шығыс, көмектес септік тұлғасындағы сөздер. Бұлардың әрқайсысында септік жалғаулы зат есімдермен салыстырғанда өзіндік реңк бар: 1) көңіл үшін – себеп мағынасын қосқан, 2) үйіне қарай – бағыт мағынасын күшейткен, 3) жұмыстан кейін – мезгіл мағынасында, 4) бидаймен қатар – бидайдан басқа да заттар бар екендігін білдіру. Бұдан байқайтынымыз – шылаулар септіктің мәнін өзгерте алмайды, тек ол мағына күрделене түседі.

Септеулік шылаулар тек септік жалғаулы сөздермен және арнаулы өздеріне ғана тән септіктермен тіркеседі, бұл – бұлжымас заңдылық. Бірақ шылаулар 7 септіктің бәріне қатысты емес, атау, барыс, шығыс, көмектес септіктердіңаналитикалық тұлғасынжасайды. Атау септігімен үшін, сайын, сияқты, туралы, бой, бойымен, ғұрлы (ғұрлым) шылаулары тіркесіп, себеп, мақсат, даралау, ұқсату,пікір, сатылық, мерзімді түгел қамту мағыналарын білдіреді. барыс септікті сөзге үшін, шейін, қарай, таман, салым, тарта, жуық, таяу шылаулары тіркесіп, мекен, мезгілдің аралық шегін, жеткен жерін, бағытын, межеге тақау мәнін білдіреді. шығыс септікті сөзге гөрі, бері, бұрын, бетер шылаулары тіркесіп, салыстыру, мезгіл, себеп, күшейту мағыналарын білдіреді. Көмектес септікті сөзге қатар, бірге шылаулары тіркесіп қабаттаса жасалған іс-әрекетті білдіреді.

Сонымен, көмекші есіммен, септеулік шылаумен қолданылған сөздер септіктің аналитикалық тұлғасындағы сөздер болып есептеледі.

Септік категориясындағы сөздер сөйлемде белгілі бір мүшелік қызмет атқарады. Негізінен сөйлемнің бастауышы мен толықтауышы қызметін атқарады делінгенмен, семантикалық ерекшеліктеріне қарай анықтауыш, пысықтауыш, баяндауыш қызметтерін де атқарады.

4. Зат есімдер жіктік жалғауларын да қабылдайды. Жіктік жалғаулары баяндауышқа жалғанатын болғандықтан, зат есім баяндауыш қызметінде ғана жіктеледі, яғни зат есімнің жіктелуі оның синтаксистік қызметімен байланысты болады.

Баяндауыш қызметінде зат есім жіктік жалғауының толық түрімен түрленеді, тек 3-жақта нөлдік тұлғада болады. Зат есімнің жіктелу парадигмасы төмендегідей болады:

Жекеше: Көпше:

1-жақ: баламын, оқушымын; баламыз, оқушымыз

2-жақ: баласың, оқушысың; баласыңдар, оқушысыңдар

Сыпайы: баласыз, оқушысыз; баласыздар, оқушысыздар

3-жақ: балаØ, оқушыØ; бала(-лар)Ø, оқушы(-лар)Ø

Әдебиеттер:

  1. Қазақ грамматикасы. Астана, 2002, 442-б.

  2. Ысқақов А. Қазіргі қазақ тілі. Морфология. –А., 1991, 134-166-б.

  3. Қасым Б. Күрделі зат есімдер сөздігі. –А., 1999, 3-13-б.

  4. Төлеуов Ә. Сөз таптары. –А., 1982.

  5. Жанұзақов Т. Қазақ есімдерінің тарихы. –А., 1971, 3-7-б.

  6. Құрманәлиева З. Реңк мәнді есімдердің мағыналық құрылымы. Кандидаттық дисс. авторефераты. –А., 2003.

  7. Қалыбаева А., Оралбаева Н. Қазіргі қазақ тілінің морфемалар жүйесі. –А., 1996, 124-126-б.

  8. Исаев С. Қазіргі қазақ тіліндегі сөздердің грамматикалық сипаты. –А., 1998, 64-69-б.

  9. Сәдуақасов Ж. Қазіргі қазақ тіліндегі жақ категориясы. –А., 1994.

5-дәріс: Сын есім

1.Сын есімнің жалпы сипаты

2. Сын есімнің мағыналық топтары

3. Сын есімнің морфемдік құрамы

4. Сапалық сындар мен қатыстық сындар

5. Сын есімнің шырай категориясы

6. Сын есімнің заттануы

1. Сын есім деп заттың әр түрлі сыр-сипатын (түрі-түсін, сапасын, көлемін, салмағын т.б.), қасиеттерін тікелей не басқа заттың қатысуы арқылы білдіретін сөздер аталады (жақсы, жаман, сұйық, ауыр т.б. немесе елсіз, тоғайлы, жазғы, қысқы) және олар заттың тұрақты белгісін білдіреді.

Зат есімдердің мағынасы шындық өмірдегі заттармен тікелей байланысты болғандықтан, олар денотатты мағыналы сөздер саналады да, сын есімдер денотатсыз мағыналы сөздер болып саналады, яғни сын есімдер заттың белгісі ұғымын білдіреді. Сындық белгі өмірде заттан бөлек орын алып, өзінше көрініс таба алмайды. Сондықтан олар өзі белгісін білдіретін зат атауымен ешбір қосымшасыз оның алдынан келіп тіркесе қолданылады. Мысалы: әсем ән, күшті жігіт, маңызды әңгіме, асау ат, балалы әйел т.б.

Сын есімдер заттың тұрақты белгісін (жігерлі жігіттер, әдемі қыз т.б.) және тұрақсыз белгісін білдіретіндер (аласалау үй, өте жақсы сөз т.б.) болып бөлінеді. Алдыңғысы шырай категориясына түрленбеген, түбір күйінде, соңғысы шырай категориясына түрленген болады.

Синтаксистік қызметі жағынан анықтауыш мүше болады: Қып-қызыл ерні шиедей мөлдіреп тұр.

Сын есімдер баяндауыш қызметінде де жиі қолданылады: Бет пішімі дөңгелек емес, сопақтау және жұқалау.

Сын есім қимылды анықтап, пысықтауыш қызметінде де қолданылады: Алақанын бұрынғыдан да гөрі қаттырақ соғып қалды.

Сын есімнің бір ғана категориясы бар, ол – шырай категориясы. Шырай категориясымен негізінен сапалық сындар ғана түрленеді (өте жақсы, қызғылт, қап-қара), әйтсе де, қатыстық сындардың ішінде де шыраймен түрленетіндері кездесіп қалады (өте ақылды, көңілдірек, тым қатты). Шырай категориясы – сын есімнің морфологиялық белгісі, грамматикалық тұлғасы. Сын есімнің екінші морфологиялық белгісі – оның сөзжасамдық жұрнақтары. Бұл жұрнақтар арқылы қатыстық сын есімдер жасалады.

2. Сын есім затқа қатысты болғандықтан, заттардың алуан-түрлілігіне байланысты сын есімдер де мағыналық жағынан түрлі-түрлі болады. Сын есімнің мағыналық топтары:

1. Заттың түсін білдіреді: ақ, қызыл, қара, көк, жасыл т.б.

2. Заттың дәм белгісін білдіреді: тәтті, ащы, қышқыл, тұщы т.б.

3. Заттың иіске қатысын білдіреді: иісті, хош иісті, сасық т.б.

4. Заттың көлемдік белгісін білдіреді: үлкен, кіші, ұзын, қысқа т.б.

5. Заттың мезгілдік белгісін білдіреді: қысқы, жазғы, былтырғыт.б.

6. Адамның келбетіне қатысты белгілер: әдемі, келбетті, сұлу, ұсқынсыз т.б.

7. Адамның мінез-құлқына қатысты сипаттар: әдепті, жуас, топас, тәртіпсіз т.б.

8. Заттың физикалық белгісіне қатысты белгілер: қатты, жұмсақ, берік т.б.

9. Заттың сыртқы тұлғасына қатысты сипаттар: үшкір, сопақ, дөңгелек, домалақ т.б.

10. Заттың салмақ белгісін білдіреді: жеңіл, ауыр, салмақты, зілдей т.б.

11. Адамның ақыл-ой белгісін білдіреді: ақылды, парасатты, надан, көргенсіз т.б.

12. Заттың мекен белгісін білдіретіндер: үйдегі, қаладағы, елдегі т.б.

13. Теңеу сыны: ақындай, баладай, үйдей, инедей т.б.

14. Көңі-күй сыны: көңілді, көңілсіз, жабырқау, қайғылы, қуанышты т.б.

15. Қалып сыны: ашық, жабық, құрғақ, сирек, жиі, жұқа т.б.

16. Адамның сыртқы бейнесіне қатысты: толық, арық, тапал, жуан, төртбақ т.б.

3. Сөйлемде қолданысқа түскен лексикалық мағыналы сөздердің морфемдік құрамы әр түрлі болады. Оларды сөз сөйлемге түскеннен кейін сөйлемнің қажетіне қарай түрленген грамматикалық сөзтұлға жасаушы көрсеткіштермен шатастырмау керек.

Сөйлемде қолданылатын сын есім сөздер төмендегі тұлғаларда болады: негізгі түбір сын есімдер, туынды түбір, біріккен түбір, қос сөз, тіркесті күрделі сын есімдер.

1. Негізгі түбір сын есімдер бір ғана морфемадан тұратын, тілдің қазіргі даму сатысында әрі қарай бөлшектеуге келмейтін негізгі морфемалар: ақ, қара, көк, қызыл, жасыл, үлкен, кіші, кең, тар т.б.

2. Туынды түбір сын есімдер ең кемі екі морфемадан құралады – негізгі морфема және сөзжасамдық жұрнақ: өнерпаз, білгіш, малды, үйсіз, еріншек, тоңғақ т.б.

3. Біріккен түбір сын есімдер – екі я онан да көп сөздердің бір лексикалық мағынаға көшуінен жасалған сын есімдер: жалқаяқтай, басыбайлы, бәйшешектей, бойкүйез т.б.

4. Қос сөзді сын есімдер – екі сөздің қосарлануы арқылы бір сындық мағынаны білдіретін сын есімдер: үлкенді-кішілі, аумалы-төкпелі, үлкен-үлкен, барлы-жоқты, жөнді-жөнсіз, таулы-тасты, ессіз-түссіз т.б.

5. Тіркесті күрделі сын есімдер екі немесе одан да көп сөздің тіркесуі арқылы бір сындық мағынаны білдіретін сын есімдер: көк ала, қара көк, ал қара көк, ақ сары, мұздай суық, сүттей ақ, жұпар иісті, жас ботадай т.б.

Сын есім сөйлемде шырай категориясымен түрленіп, шырайдың әр түрлі сөзтұлғасында қолданылғанда, сөздің жоғарыда айтылған морфемдік құрамы өзгереді, олардың үстіне шырай көрсеткіштері жалғанып, көмекші морфемалардың саны өседі. Мысалы: кішілеу, жырағырақ, өте ақылды, үп-үлкен, тым беделді т.б.

4. Негізгі сындар сындық белгіні лексикалық мағынасы арқылы білдірсе, туынды сындар туынды лексикалық мағынасы арқылы білдіреді. Олардың негізгі түбірінде сындық мағына болмайды. Осы ерекшеліктеріне қарай сын есімдер сапалық және қатыстық болып бөлінеді.

Сапалық сын есімдер – заттың тұрақты сындық белгісін басқа затқа қатыссыз тікелей білдіретін сөздер. Қазақ тілінде сапалық сынға көбінесе негізгі түбір сын есімдер жатады. Бірақ тарихи тұрғыдан алғанда, сапалық сындардың құрамында туынды сын есімдер де кездеседі. Мысалы: ұзын – ұза, қызыл –қызғылт, момын – момақан т.б. туынды сын есімдер ішінде сапалық сын мағынасына ие болғандары да кездеседі: қатал, тұнық, толық, ширақ, ұқсас, жұмыр, еркін т.б., өйткені бұл сөздер шырай тұлғасымен түрлене алады (ұқсастау, ширағырақ, өте қатал т.б.). Олай болса, сапалық сындар тілдің қазіргі дамуы сатысы бойынша танылған сөздер, яғни сапалық сындар өзінің құрамын үнемі жаңартып, толықтырып отырған деуге болады.

Сапалық сындарда жалпы сын есімдерге қатысты қасиеттердің бәрі бар және олар басқа сындық мағыналы сөздерге ұйтқы болады. Оның басты ерекшелігі шырай тұлғасымен түрленуінде. Сапалық сындардың тағы бір қасиеті – олар бір-бірімен антонимдік қатар құрайды. Мысалы: жеңіл – ауыр, жақсы – жаман, үлкен – кіші т.б.

Сапалық сын есімдерге синонимдік қасиет те тән: жақсы – тәуір, оңды, керім; жақын – жуық, тақау; аласа – тапал, қысқа, тәпелтек т.б.

Сапалық сындар бір морфемалы негізгі түбір болғандықтан, олардың туынды түбір жасау қабілеті күшті. Ал сапалық сындардан туынды зат есімдер, туынды етістіктер жасалады. Мысалы: жақсылық, жамандық, семіздік, ақта, қарала, көкте, алыстат т.б.

Сапа сыны мағынасы жағынан заттың түрлі сындық белгісін: түсін (ақ, көк, жасыл), сапасын (жақсы, нашар, тәуір), көлемін (үлкен , кіші), аумағын (кең, тар, биік), салмағын (ауыр, жеңіл), дәмі мен иісін (тәтті, ащы, тұщы), түрін (әдемі, сұлу, ару) тағы да басқа түрлі белгілерін білдіреді.

Сапа сындары сөйлемде, қолданыста шырай категориясының синтетикалық та, аналитикалық та тұлғасында қолданылады. Бұл сапа сындарының тағы да бір ерекшелігі болып табылады. Сөйлемде анықтауыш қызметінде қолданылуы – сапа сынының негізгі қызметі болып табылады. Сапа сындары баяндауыш, пысықтауыш қызметтерінде де қолданыла алады.

Қатыстық сын есімдер деп заттың белгісін басқа заттың, іс-әрекеттің қатысы арқылы білдіретін сөздер аталады. Мысалы, таулы жер, сусыз аймақ, өнерлі адам, білімді кісі, ұйқышыл бала, ұстамды адам т.б. Зат есім мен етістік арқылы жасалған қатыстық сын есімдер туынды сын есімдер болып есептеледі де, кемінде екі морфемадан тұрады. Ол екі морфеманың бірі негізгі түбір болады да, екіншісі сөзжасамдық жұрнақ болып табылады. Сонымен қатыстық сын есімдер тек туынды сын есімдер болады. Бұлар да заттың әр түрлі сындық белгісін білдіріп, сын есімнің барлық қызметін атқарады.

Сандық жағынан қатыстық сындар сапа сындарынан әлдеқайда көп. Ұзақ уақыт ішінде тілге үздіксіз қосылып отырған туынды сөздер сын есімнің де қорын барынша молынан толықтырып отырған.

Қатыстық сындар зат есімнің алдынан ешбір қосымшасыз қосылып, анықтауыш қызметін атқарады. Мысалы: Сыртқы сылақтары түскен, төбедегі қышы ескі, астыңғы қызыл тақталары ырсиып, сөгіле бастаған (М.М.). Қап-қара мойылдай көзінің астына сұрықсыз қара көлеңке түсті (Ф.М.). Осы мысалдардағы сыртқы, төбедегі, астыңғы, мойылдай, сұрықсыз дегендер – қатыстық сындар. Олар –қы, -гі, -дай, -сыз жұрнақтар арқылы жасалған. Бұл сөздер сөйлемде анықтауыш қызметінде болса, қатыстық сындар баяндауыш, пысықтауыш қызметтерінде де қолданылады.

Қатыстық сындардың мағынасы алуан түрлі болады. Ол мағыналар қатыстық сынның қандай сөз табынан жасалғанына яғни уәждеме сөзге байланысты. Ал ондай сөздер өте көп, сондықтан ол мағыналарды түгелдей атап беру де мүмкін емес, сондықтан кейбіреулерін ғана көрсетуге болады. Олар:

1) Белгінің кімге қатысын білдіру: әкелік ақыл, аналық сезім, балалық наз, т.б.

2) Белгінің жан-жануарға қатысы: жылқылы бай, малды ауыл, түйелі азамат т.б.

3) Белгінің жансыз затқа қатысы: өзенді жер, мұнайлы өңір, қамысты көл т.б.

4) Деректің ұғымға қатысын білдіру: ғылыми еңбек, тарихи уақиға, тілдік пікір т.б.

5) Белгінің мезгілге қатысы: жазғы күн, күзгі суық, көктемгі жаңбыр т.б.

6) Белгінің мекенге қатысы: қалалық адам, ауылдық жігіт, астаналық қыз т.б.

7) Белгінің қимылға қатысын білдіру:білгіш адам, дайындық жұмыс, жуынды су т.б.

5. Шырай деп сындық белгінің әр түрлі заттардағы дәрежесін білдіретін грамматикалық категория аталады. Мысалы, қызық, қызықтау, қызығырақ, өте қызық, тіпті қызық сөздері бір ғана қызық деген сапалық мәннің әр түрлі реңдікдәрежесін білдіреді. Осы мағыналық ерекшеліктеріне қарай сын есім шырайлары үшке бөлінеді: жай шырай, салыстырмалы шырай, күшейтпелі шырай.

Жай шырай деп сындық белгінің негізгі дәрежесін білдіретін шырай түрі аталады. Жай шырай тұлғасы жағынан сапа сындарының сөздіктегі тұлғасына сай келеді. Бірақ олардың мағыналары бірдей емес. Мысалы, үлкен үй мен үл-к-е-е-е-н үй тіркестеріндегі үлкен сөзінің мағыналары бір емес. Бұл жай шырайдың қолданыста өзіндік мағынасы болатынын байқатады.

Жай шырайдың мағыналық ерекшеліктерін білдіретін мынадай ерекшеліктерін білдіретін мынадай көрсеткіштері мен әдістері бар:

1. Жай шырай сапаның негізгі көрсеткіші болғандықтан, оның арнаулы тұлғасы болмайды, сол себепті ол нөлдік тұлғада деп есептеледі: жақсы адам, әсем ән т.б. Жай шырайдың мағынасы қолданыста түрленіп, құбылып отырады. Мұнда сапа сынының дауысты дыбысын созып, әр түрлі ырғақпен айту арқылы сөйлеуші өзінің таңданысын, қызығушылығын, ұнатушылығын т.б. сезімдерін білдіреді: та-а-а-ма-а-а-ша кітап т.б.

2. Интонация арқылы да сөйлеуші өзінің сапа туралы көңіл-күйін білдіре алады: Мыңжасар осы жүрген көп қазағыңнан әрі ақылды, әрі намыскер,әрі қайсар да өжет! (М.Ә.).

3. Жай шырай тұлғасының алдынан қандай, қалай есімдігі тіркесіп, сапаға таңдану, ризашылық мәнін қосады: Қандай қорқынышты! – Лебізің қандай жақсы еді! Күн қандай әдемі бүгін! Нағашым қандай бақытты жан!

4. Одағай сөздер де сындық белгіні құбылта алады: О, сорлы ауыл! – деп өкінді Асқар ішінен, - жаралы ауыл! Шіркін! Тамаша заттар еді.

5. Демулік шылаулар да сөйлеушінің көңіл-күйін, ризалығын, пікірін қосады: Шіркін, жеңгей-ай! Ұстаған асыңның дәмдісі-ай!

6. Кейде жай шырай да салыстыру мәнінде қолданыла алады. Ол контекске қатысты болады: Бірақ бәрінен осынікі жақсы. Бұл үйден ана үй биік көрінеді.

Жай шырай салыстырылатын заттың сапасының теңдігін де білдіреді: Асан сен ақылдысың, Асқар да сондай.

6. Салыстырмалы шырай деп сандық белгінің, сапаның бастапқы сапа, белгіден сәл төменгі не сәл жоғары дәрежесін білдіретін шырай түрін айтады. (Бұл тұста Н.Оралбай берген анықтама басқашалау, біз оны дәлдеңкіредік – Ж.Сәдуақасұлы). Бұл мағына негізгі етістікке -рақ, -рек, -ырақ, -ірек, -лау, -леу, -дау, -деу, -тау, -теу жұрнақтарының жалғануы арқылы беріледі (Өңі Абай реңдес болғанмен, одан гөрі суықтау, қалың қара сұр келген. М.Ә.).

Н.Оралбай бұрынғы оқулықтарда беріліп жүрген -ғыл, -ғылт, -қыл, -қылт, -шыл,-шіл, -ақ тәрізді т.б. бір топ жұрнақтарды салыстырмалы шырайға жатқызбайды да, сөзжасам жұрнағы деп есептейді. Бұл – дұрыс шешім.

Салыстырмалы шырай аталғанымен, ол сапаның дәрежесін басқа заттағы сондай сапамен салыстырып та, салыстырмай да білдіреді (бұған біздің өз көзқарасымыз бар – Ж.С.).

Салыстырмалы шырай тұлғалы сын есімдер сөйлем құрамында шығыс септіктегі сөздің болуын талап етеді, кейде оған гөрі, да, де демеуліктері тіркесіп келеді: сенен ақылдырақ, одан гөрі күштірек, менен әдемі, одан да сұлуырақ т.б.

Салыстырмалы шырай тұлғасындағы сапа сыны синтетикалық тұлғадағы сөз болып табылады.

Салыстырмалы шырай тұлғасындағы сөздер сөйлемде анықтауыш, баяндауыш, пысықтауыш қызметтерін атқарады.

7. Күшейтпелі шырай деп сапа сынының, сындық белгінің ең жоғары дәрежесін білдіретін шырайдың түрі аталады. Күшейтпелі шырай күшейткіш буын мен күшейткіш көмекшілер арқылы жасалады.

Күшейткіш буын деп сапа сынының бірінші буынына –п қосымшасы қосылу арқылы жасалған сапаны күшейтіп, сапаның жоғары дәрежесін білдіретін көмекшіні атаймыз. Мысалы: ап-ашық, үп-үлкен, жап-жақсы, қып-қызыл, ып-ыстық т.б.

(Күшейткіш буын арқылы жасалған сапа сыны қос сөзге жатпайды, күшейтпелі шырайдың сөзтұлғасына жатады. Күшейткіш буын аппақ және көкпеңбек сөздерінде түбірмен бірігіп қалыптасқан.).

Күшейткіш көмекші деп сапа сынының мағынасын күшейтіп, сапаның жоғары дәрежесін білдіретін өте, аса, ең, тіпті, тіптен, тым, орасан, керемет сияқты көмекшілер жатады. Мысалы: өте жақсы, аса тар, ең қызық, тіпті үлкен, тым кең, орасан қызық т.б. (Бұл күшейткіш көмекшілер үстеуге жатпайды, грамматикалық мағына білдіретін бірліктер болып табылады. Оқулықтарда шырай тұлғасы деп көрсетіліп жүрген ал, шымқай сөздері шырай көрсеткіштері болып табылмайды, олар күрделі сын есімдер жасайды.).

Шырайдың бұл екі көрсеткіштерінің ерекшеліктері – бұлар сөз алды көрсеткіштері болып табылады яғни дербес сөздің алдынан келіп тіркеседі.

Күшейтпелі шырайдың бұл екі көрсеткіштерінің мағыналары бір-біріне жақын болғандықтан, бірінің орнына екіншісі қолданыла беру мүмкіншілігі бар (теп-тез – өте тез, жап-жарық – аса жарық т.б.). Бұлар аналитикалық сөзтұлғаларға жатады.

Күшейткіш көмекшілерге кейде бір сөзінің тіркесуі арқылы да аналитикалық сөзтұлғалар жасалады. Мысалы: өте бір рақымды, аса бір рақымды, өте бір ойлы т.б.

Күшейтпелі шырайдың аналитикалық тұлғасындағы сын есімдер сөйлемде анықтауыш, баяндауыш, пысықтауыш қызметтерінде қолданылады.

8. Сөйлемде сын есім сөздердің зат есім сөздердің орнына қолданылуы кездеседі. Мұны сын есімнің субстантивтенуі деп атайды. Бұндай жағдайда сын есімдер зат есімдердің барлық жалғауларын қабылдап, соның қызметін атқарады. Бұл құбылыстың басты себебі – сын есімге тіркесіп тұрған зат есімнің ықшамдау заңдылығына сай түсіп қалуы (Үлкен адамды сыйла – үлкенді сыйла). Сын есімдер заттанғанда сындық мағынасынан толықтай айырылып қалмайды, тек сындық мағына үстіне заттық мағына жамалады. Сын есімнің заттануы екі топқа бөлінеді: 1) контекстік және 2) лексикалық заттану.

Контекстік заттану деп белгілі бір контексте ғана заттық мағынаға ие болатын сын есімдер аталады. Мысалы: білімдіден үйрен, ақылдыға жақын бол, ақымақтан қаш т.б.

Сын есімдердің кейбір заттанған түрлері бара-бара заттық лексикалық мағынаға көшкен. Мысалы: байдың малы, жастың ісі, жансыз – жау ортасындағы тыңшы т.б.

Заттанған сын есімдердің осы ерекшеліктеріне қарай оларды «уақытша заттанған», «толық заттанған» деп атау да кездеседі. Бұл ерекшеліктерді айыра білу керек.

Әдебиеттер:

  1. Мұсабаев Ғ. Қазақ тіліндегі сын есім шырайлары. А., 1951.

  2. Шакенов Ж. Қазіргі қазақ тіліндегі сын есім категориясы. А., 1961.

  3. Қазақ грамматикасы. Астана, 2002.

  4. Мұхамади Қ. Сапалық сын есім шырайының аналитикалық формалары. – Қазақ тілі тарихы мәселелері. А., 2004.

  5. Кенбаев С. Шырайдың аналитикалық тәсіл арқылы жасалуы. – Тіл таным, Тіл білімі институты. 2005, № 3.

  6. Исаев С. Қазіргі қазақ тіліндегі сөздердің грамматикалық сипаты. А., 1998.

  7. Оралбай Н. Қазіргі қазақ тілінің морфологиясы. А., 2007.

6-дәріс: Сан есім

    1. Сан есімнің жалпы сипаты

    2. Сан есімнің морфемдік құрамы

    3. Сан есімнің мағыналық топтары

    4. Сандық ұғым мәнді басқа сөздер

    5. Сан есімнің синтаксистік қызметі

1. Сан есімдер – сандық ұғымды, заттың сандық белгісін білдіретін сөздер тобына жатады. Бұл жағынан ол сын есімге жақын. Сан есім де сын есім тәрізді дерексіз ұғымды білдіреді, сондықтан оның мағынасы зат есіммен тіркескенде ғана нақтыланады: бес кітап, жүз кісі, он бес дәптер, бес жүз он екі көше т.б.

Шындық өмірде сан есімдер затпен тіркесте ғана қолданылады дегенімізбен, олардың сан атауы ретінде жеке де қолданылуы кездеседі. Мысалы, Атадан алтау, анадан төртеу, жалғыздық көрер жерім жоқ... деген сөйлемде сан есімдер, сан атауы ретінде қолданылған.

Тілімізде сан атауынан басқа заттың мөлшерін ғана білдіретін әр түрлі сөз табына жататын сөздер мен сөз тіркестері де бар (жарым, жарты, қадақ, кез, метр, центнер, ат шаптырым, сүт пісірім т.б.). Бірақ олар сан есімге жатпайды.

Сан есімдер тілде екі түрлі – әріппен де, цифрмен де жазылады. Бұл сан есімнің өзіндік ерекшелігі.

Сандық ұғымды білдіру – сан есімнің семантикалық мағынасы, оның басты сөз табылық ұстанымы (белгісі) болып табылады. Дүниеде заттар өте көп, заттар болған жерде олардың саны да болады. сондықтан сан есімдер зат атауының алдынан тіркесіп, заттың нақты санын білдіреді.

Сөз табына тән екінші басты ұстаным оның морфологиялық тұлғасы болып табылады. Сан есім түрленбейтін, яғни өзіне тән грамматикалық формасы жоқ сөз табы деп есептеледі. Дегенмен, сандық атау қызметінде олардың да түрленетін кезі болады (бесті онға қосса, он бес болады). Сонымен бірге сан есімдердің мағыналық топтарының өздеріне тән жұрнақтары бар (-ыншы, -еу).

Сөз табына тән үшінші ұстаным – синтаксистік қызметі болса, сан есімнің сөйлем ішінде анықтауыштық қызмет атқаруы, осыған дәлел бола алады. Бұнымен бірге сан есімдер субстантивтену арқылы сөйлемнің басқа да қызметін атқара береді.

2. Сан есім құрамына қарай дара және күрделі болып бөлінеді. Дара сан есімдер бір негізгі морфемадан тұрып, бір ғана сандық ұғымды білдіреді. Оларға бірліктердің (тоғыз сөз: бір, екі, үш, төрт, бес, алты, жеті, сегіз, тоғыз), ондықтардың аттары (олар да тоғыз сөз: он, жиырма, отыз, қырық, елу, алпыс, жетпіс, сексен, тоқсан) және жүз, мың, миллион, миллиард – барлығы жиырма екі сөз жатады. Дара сандарға түбір және қосымшадан тұратын екі морфемалы сандар да жатады. Мысалы: бірінші, оныншы, төртеу, бесеу т.б.

Күрделі сан есімдердің саны өте көп. Бір сан мен екінші санның ешқандай қосымшасыз тіркесуі арқылы үшінші бір күрделі санның атауы жасалады: он бір, елу тоғыз, жүз он бес, тоғыз жүз елу алты т.б. Яғни, күрделі сандар екі я одан да көп негізгі морфемалардың өзара тіркесуінен тұрады.

Күрделі сандардың мағынасы оның құрамындағы сандардың мағынасынан екі түрлі жолмен жасалады: 1) сандарды бір-біріне қосу арқылы, 2) сандарды бір-біріне көбейту арқылы. Бұл жөнінде „Сөзжасам” пәнінде толық айтылады.

Қазіргі дара сандар қатарындағы сексен, тоқсан сандары тарихи жағынан алғанда күрделі сандар болған. Сондай-ақ, алпыс, жетпіс сандарының құрамындағы -пыс, -піс бөліктері де бір кезде ондық мәнді берген жеке сөз болған дейді тарихшылар.

Сан есімдер морфологиялық көрсеткіштері өте аз сөз табына жатады.

3. Сан атауын білдіруіне қарай сан есімдердің бірнеше мағыналық топтары бар. Олардың бәрі негізгі есептік саннан жасалды, бірақ сан есімнің әр түрлі мағыналық тобында оған уәждеме болған есептік санның мағынасы жойылып, мүлдем өзгеріп кетпейді. Сан есімнің әр мағыналық тобында оған негіз, уәждеме болатын есептік санның мағынасы түрлі өзгеріске түсіп түрленеді, бірақ мүлдем басқа санға айналмайды.

Есептік сан есім. Есептік сан есімдер заттың нақты санын білдіреді. Зат есімнің алдынан тіркесіп, онымен ешбір қосымшасыз байланысады да, қанша?, неше? деген сұраққа жауап береді және сын есімдер тәрізді анықтауыш қызметін атқарады. М.: Бір қолға – бір күрек. Бір айда отыз күн, бір жұмада жеті күн. Есептік сандарға түбір күйіндегі барлық дара және күрделі сан есімдер жатады.

Есептік сандар дерексізденгенде, заттанғанда зат есімдерше түрленеді (бірақ көптелмейді, көптік жалғауын жалғаса басқа мағынаға ауысады).

Есептік сандардың тағы бір ерекшелігі – олар сөзжасам әрекетіне қатысуға бейім тұрады. Бірсыпыра сан есімдер түбір қалпында тұрып, басқа сөз табына көшкен : бір – есімдікке, жеті – апта, тоғыз – сыйлық (дәстүрге байланысты), тоқсан – жыл мезгілі, адам жасын білдіреді (қырықтамын), белгілі бір сөзтұлғада үстеуге көшкен (бірге, бірден, бірде). Өлім рәсіміне байланысты үші, жетісі, қырқы, жүзі – зат есімге айналған. Морфологиялық тәсілмен жасалған бесті жылқыны, үшті, жетілік, ондық шам атауларын білдіреді. Аналитикалық тәсіл арқылы сөзжасамға қатысу арқылы жасалған зат есімдер өте көп: Қырықбай, Алпысбай, Жетікөл, Екібастұз, онкүндік, бессайыс, сегізкөз, мыңжапырақ т.б. Бір есептік саны арқылы жасалған сөздер өте көп. Есептік сандар тұрақты тіркес құрамында да жиі кездеседі. Бұлар жөнінде „Сөзжасам” пәнінде айтылады).

Реттік сан есімдер. Сан есімнің бұл түрі есептік санға -ыншы (-інші, -ншы, -нші) жұрнағының жалғануы арқылы жасалып, заттың рет санын, орын тәртібін білдіреді. Дара және күрделі болады. Мысалы: үшінш, он бесінші, жүз он алтыншы т.б.

Реттік сан есім араб цифрімен жазылғанда цифрдан соң жұрнақтың орнына дефис қойылады (жыл, ай, күн реті дефиссіз жазылады: 2010 жылғы 30 тамыз), ал рим цифрімен жазылғанда, цифрдан соң дефис қойылмайды: 6-қабат, 31-үй, ХХІ ғасыр, ХІХ сессия т.б.

Реттік сан есімдер зат есімнің алдынан тіркесіп, анықтауыш қызметін атқарады.

Реттік сан есімдер субстантивтеніп, зат есімше түрленеді (біріншісінің аты белгісіз).

Туынды сөздердің жасалуына уәждемелік қызмет те атқара алады (Екіншілей маған жолама). Бұл қызметі өнімсіз.

Жинақтық сан есім. Есептік сан есімге -ау, -еу жұрнағының жалғануы арқылы заттың жинақталған сан мөлшерін білдіреді. Жеті ғана сөзден тұратын бұл сан есім түрі зат есіммен тіркеспейді, өзі заттық мағынаны иеленіп, зат есімше тұлғаланады. Мысалы: Бұл екеуінің елі жақын. Үшеуіміз жолға дайындалдық. Осыған сай жинақтық сан есімдер зат есімнің синтаксистік қызметінде қолданылады. Жинақтық сан есімнен біреу сөзі белгісіздік есімдікке көшкен, алайда сандық мағынасын да сақтаған. Сондықтан бұлар омонимдес болады. жинақтық сан есімнен туынды етістіктер жасалады (екеуле, үшеуле).

Топтық сан есімдер. Есептік сан есімге шығыс септігінің жалғауы жалғану арқылы жасалып (кейде септік жалғауы тіркескен заттық мағынадағы сөзге жалғанады), зат тобының шама-мөлшерін, топтық санын білдіреді. Мысалы: Бес-бестен қатарға тұрыңдар. Он қойдан бөліп алыңдар. Дара да, күрделі де болады. Топтық сан есімдер пысықтауыш, анықтауыш қызметін атқарады.

Болжалдық сан есімдер. Есептік саннан синтетикалық және аналитикалық жолмен жасалып, заттың нақты санын емес, заттың санын шамамен мөлшерлеп, болжалдап білдіреді. Синтетикалық жолмен (қосымшалар арқылы) жасалуы:

1) -лаған/-леген, -даған/-деген, -таған/-теген жұрнағы арқылы: елулеген, қырықтаған, жүздеген т.б.

2) –дай/-дей, -тай/-тей жұрнағы арқылы: елудей, мыңдай, қырықтай т.б.

3) бір есептік сан есіміне көне -ер жұрнағының жалғануы арқылы: Бірер күн ғана күтемін.

Аналитикалық жолмен жасалуы:

1) есептік сандардың қосақталуы арқылы: бес-алты қалам, он-он бес оқушы т.б.

2) есептік сандарға шақты, шамалы, шамасында, тарта, қаралы, жуық, астам, таяу шылаулары тіркесіп келуі арқылы: жүз шақты адам, қырық шамалы қара мал, бес жүзге тарта машина, жүзге таяу үй, жүз қаралы жылқы т.б.

Болжалдық сан есімдер түрленбейді, тек заттанғанда зат есімше түрленеді. Сөйлемде анықтауыш қызметін атқарады.

Бөлшектік сан есімдер. Заттың сандық бөлшегін яғни бөлшектің санынбілдіреді.Жасалу жолдары:

1) санның шығыс септікте тұруы арқылы жасалады, қосымшасыз не тәуелдік жалғауымен айтылады: оннан үш, бестен екі, екіден бірі, бестен үші т.б.

2) бөлшектік санның бірінші сыңары ілік септікте, екінші сыңары тәуелдік жалғауында тұрады: екінің бірі, үштің екісі, алтының үші т.б.

3) есептік санға жарым сөзінің тіркесуі немесе жарты, ширек сөздерінің зат есімнің алдынан тіркесуі арқылы жасалады: бір жарым ай, ширек ғасыр бұрын, жарты жолымыз қалды т.б.

4. Тілде сан есімге жатпайтын, бірақ мағынасы сандық ұғымға жақын болып келетін сөздер де кездеседі. Олар: жалғыз, дара, жалқы, сыңар (бұлар өзара синонимдес әрі бір сөзімен мағыналас), қос, егіз (бұлар да синонимдес – екі сөзімен мағыналас), жарты, жарым, ширек (бұлар бөлшектік сандармен мағыналас) т.б.

Тілде әр түрлі өлшем мәнін білдіретін сөздер мен сөз тіркестері де бар:

1) көлем мәнділер: бір шөкім, бір шымшым, бір уыс, бір топ т.б.

2) салмақ өлшемін біліретіндер: пұт, қадақ, батпан т.б.

3) қалыңдықты білдіретіндер: бір елі, бармақ елі т.б.

4) ұзындық мәнділер: қарыс, адым (қадам), шақырым, кез, аршын, құлаш, қозы көш жер, ат шаптырым жер т.б.

5. Сан есім сөйлемде, негізінен, анықтауыш, сирек те болса пысықтауыш қызметін атқарады. Ал заттанғанда сөйлемнің барлық қызметін атқара алады.

Әдебиеттер:

  1. Хасенов Ә. Қазіргі қазақ тіліндегі сан есімдер. А., 1958.

  2. Оралбаева Н. Қазіргі қазақ тіліндегі сан есімнің сөзжасам жүйесі. А., 1988.

  3. Қазақ грамматикасы. А., 2002.

  4. Оралбай Н. Қазіргі қазақ тілінің морфологиясы. А., 2007.

7-дәріс: Есімдік

    1. Есімдіктің жалпы сипаты

    2. Есімдіктің грамматикалық, морфологиялық сипаты

    3. Есімдіктің синтаксистік қызметі

    4. Есімдіктің мағыналық топтары

1. Есімдік – басқа сөз таптарынан ерекшелігі мол сөз табы. Басты ерекшелігі – оның мағынасы өте жалпы. Осы жалпы мағынасы оның әр түрлі мағыналы сөздің орнына қолданылуға мүмкіндік береді. Мысалы: Мазутты жандыру үшін, оны ауамен үрлейді. Осында осы есімдігі мазут орнына қолданылған т.б. Нақты мағыналы сөздерде бұл мүмкіндік жоқ. Тіпті, жалпы мағыналы зат есімдердің өзі де бірінің орныны екіншісі қолданылмайды. Ағаштың орнына тасты, тастың орнына суды т.б. қолдану мүмкін емес. Бұлар жалпы есім болса да, олардың әрқайсысының нақты мағынасы бар.

Есімдіктің жалпылық мәні өлшеусіз кең, тиянақсыз жалпылық түрде келетін есімдіктерге ғана тін қасиет есімдіктің негізгі белгісі болып саналады. Бірақ есімдіктердің бұл жалпылық мәні сөйлем мазмұнын түсінуге кедергі келтірмейді, өйткені сөйлем ішінде не бұрынғы сөйлемде есімдіктің мәнін ашып тұратын нақты мағыналы сөздер болады. Сөйтіп, есімдік - әрқилы заттар мен құбылыстар, белгілердің қайсысын болса да таңдамай көрсете беру дәрежесіндегі өте кең көлемдегі жалпылық мағынадағы сөздер. Бұл жалпылық мағына – барлық есімдіктерге тән қасиет. Есімдіктің мағынасы уақытша мағына болғандықтан, контекстік мағына деп аталады.

Есімдік мағынасы сөйлеу әрекетімен, яғни ол сөйлемде не туралы айтылғанымен, сөйлеуге қатысушылармен тікелей байланысты. Мысалы, мен – сөйлеуші, сен – тыңдаушы, ол – орындаушы, мына сөйлеушіге жақын зат т.б. Мұны ғылымда есімдіктің дейктикалық қызметі деп атайды.

Сөйлемде есімдіктің қандай мағынада қолданылғанын білдіретінсөздер болады. ол ғылымда анафора деп аталады.

Есімдік сөйлемде әр түрлі заттармен, бейнелермен байланысты қолданылады, олар сөйлеушілер мен тыңдаушыларға белгілі де, белгісіз де бола береді.

Сөздерді таптастыру тұрғысынан алғанда, 1-ұстанымға есімдіктің жалпылық мағынасы жауап береді. 2-ұстанымға байланысты алсақ, есімдіктің өзіне тән грамматикалық категориясы, түрлену ерекшеліктері жоқ. қай сөз табының орнына қолданылса, сол сөз табының грамматикалық ерекшеліктерімен түрленеді. 3-ұстаным тұрғысынан алғанда, синтаксистік қызметі есімдіктің табиғатына сай, қай сөз табының орнына қолданылса, сол сөз табының синтаксистік қызметін атқарады.

Есімдіктер ерте кездерде жасалып, кейін өзінің құрамын толықтыруды тоқтатқан, саны, құрамы жағынан санаулы сөздер. Бірақ тілде белсенді сөздер тобына жатады.

2. Есімдіктер сөз таптарына тән жалпы грамматикалық ұғымдардың жеке біреуіне де, бәріне де қатысты емес. Алайда жалпы грамматикалық ұғымдардың үшеуіне тән: заттық ұғым, белгі ұғымы және сандық ұғым. Осыған байланысты есімдіктер үш топқа бөлінеді: 1)заттық есімдіктер, 2)белгі есімдіктері, 3)сандық есімдіктер.

Заттық есімдіктер зат есім сөздердің орнына қолданылып, соның мағынасына сілтейді, соның синтаксистік қызметін атқарады (мен, сен, ол, біз, сіз, сендер, олар, ешкім, кім, не, өзі, ештеме, әркім т.б.). Бұларды субстантивтік есімдіктер деп те атайды.

Белгі есімдіктері заттың белгісіне нұсқайды. Анықтауыштық қызмет атқарады, қай?, қайсы?, қандай? Деген сұрақтарға жауап береді (бұл, сол, мына, ана, осынау, әне, міне т.б). Бұларды атрибутивтік есімдіктер деп атайды.

Сандық есімдіктер сөйлемде сандық ұғыммен байланысты қолданылады, олар: қанша, қаншама, бірнеше, біршама, бірқыдыру. Бұл есімдіктер қанша?, неше? сұрақтарына жэауап беріп, анықтауыш не пысықтауыш қызметтерін атқарады.

Субстантивтік есімдіктер зат есімдер тәрізді септеледі, тәуелденеді, көптеледі.

Атрибутивтік есімдіктер заттанғанда, зат есімдерше түрленеді.

Есімдіктер қазіргі тілдің дамуында негізгі түбір сөздер деп есептеледі. Алайда, тарихи жағынан түбірге кіріккен қосымшаларда бар (ме-н, се-н, сі-з, ана-у т.б.).

3. Есімдіктердің синтаксистік қызметі олардың субстантивтік және атрибутивтік қызметтерімен байланысты.

4. Есімдік мағыналық жағынан жеті топқа бөлінеді:

1) Жіктеу есімдіктері – жақтық мағыналы сөздер. Жақтық мағынаны олар анайы, сыпайы, жекеше, көпше түрде лексикалық түрде білдіреді. Жіктеу есімдіктері небәрі 8 сөзден тұрады.

Мен – бірінші жақ сөйлеуші, сен, сіз – екінші жақ тыңдаушы (анайы, сыпайы), ол – үшінші жақ бөгде адам, бұлардың бәрінде жекешелік мән бар.

Біз – бірінші жақ көпше, сендер, сіздер – екінші жақ көпше (анайы, сыпайы), олар – үшінші жақ көпше.

Жіктеу есімдіктері зат есімше септеледі, бірақ ерекшеліктері бар (жекеше және көпше түрде септеліп көрсетіледі, ерекшеліктері түсіндіріледі) – студенттер берілген әдебиеттерден қарау керек.

Жіктеу есімдіктері баяндауыш қызметінде жіктік жалғауларын қабылдайды. Жіктеу есімдігі қай жақта болса, жіктік жалғауы да сол жақта жалғанады. Бастауыш баяндауышпен жақ арқылы қиыспайды.

Жіктеу есімдіктері негізінен тәуелденбейді, тек үшінші жақ жіктеу есімдігі ғана тәуеледенеді.

2) Сілтеу есімдіктері. Нұсқау, сілтеу мәнін білдіріп, қай?, қайсы? Деген сұрақтарға жауап беретін есімдіктер сілтеу есімдіктері болады. сілтеу есімдіктері мыналар: бұл, сол, ол, осы, ана, мына, әне, міне, анау, мынау, сонау (тонау), осынау. Осындағы ол сілтеу есімдігі жіктеу есімдігімен омонимдес.

Сілтеу есімдіктері мағыналық жағынан іштей: 1)кеңістікті нұсқау, 2)уақыт, мерзімді нұсқау болып бөлінеді.

Кеңістікті нұсқағанда есімдіктер тағы екі топқа бөлінеді: 1)жақын жердегі заттарға сілтейтіндер: бұл, міне, мына, мынау, осы, осынау (Бұл – Елемес батырақ. Мына көгалға отырыңдар т.б.); 2) Алыстағы заттарға сілтейтіндер: ана, әне, анау, ол, сонау, тонау, сол (Анау атамандарың ғой!).

Мезгілге сілтейтін есімдіктер де осы бөлініске сәйкес келеді. Мысалы, Сонау өткен заманда Байбөрі деген бай болыпты... Мына заман – бизнес заманы. Сілтеу есімдіктері заттанып қолданылғанда зат есім парадигмаларымен түрленеді. Бұлардың ішінде анау, мынау, сонау, әне, міне есімдіктері септелмейді, әне, міне есімдіктері басқа қосымшалармен түрленбейді, сөйлем мүшесі қызметін атқармайды, қыстырма сөз ретінде қолданылады.

3) Сұрау есімдіктері. Заттар мен құбылыстардың атын, сапасын, санын, мекенін, мезгілін, амалын т.б. білу мақсатында қолданылатын сөздер. Олар: кім?, не?, қай?, қандай?, қанша?, қалай?, неше?, нешінші?, нешеу?, қайсы?, қайдан?, қайда?, қашаннан?, қашанғы?. Бұлардың көпшілігі туынды сөздер. Кейбіреулері зат есімдерге қатысты қойылса, кейбіреулері сын есімдерге, кейі үстеулерге қатысты қойылады. Зат есімге қатысты есімдіктер (субстантив мәнді) зат есімге тән көрсеткіштермен түрленеді. Септік жалғауларында тұрған есімдіктер басқа септік жалғауларын қабылдамайды.

Кім?, не?, қай?, нешеу? Есімдіктері тәуелденеді.

Кім?, не?, қандай?, қанша?, қалай?, нешінші? Есімдіктері жіктеледі.

Сұрау есімдікиерінің сөйлемде сұрау мағынасын бермейтін кездері де болады. мысалы, Кең байтақ, бақытты еліміз қандай! Кімді айтсаң, сол келеді.

4. Өздік есімдік. Өздік есімдікке жалғыз ғана өз сөзі жатады. Бірақ ол тәуелдік жалғауымен түрленіп, бірнеше сөз ретінде қызмет атқарады (өз, өзім, өзіңғ өзі).

Тәуелденген өздік есімдіктердің мағынасын олармен қабаттаса қолданылатын жіктеу есімдіктері анықтай түседі: мен өзім, сен өзің, ол өзі, біз өзіміз т.б. бұл екі сөз әрдайым бір жақта тұрады. Өздік есімдігі бастауыш болғанда баяндауышпен жақ жағынан қиысады: өзім келдім, өзің келдің, өзі келді. Тәуелденген басқа сөздерде бұл қасиет жоқ (әкем келді, әкең келді, әкелері келді.

Тәуелденген өздік есімдігі толығымен септеледі, сөйлемні барлық мүшесі болады.

Бастауыш есімшеден болып, баяндауыш өздік есімдігінен болғанда, бастауышпен жақ арқылы қиыспайды. Айтқан мен өзіммін. Берген өзіңсің.

5. Белгісіздік есімдіктері – заттар мен құбылыстардың сан, сапа белгілерін, мекен, мезгілін анық айтпай, көмескі, белгісіз мәнде білдіретін есімдік түрі. Олар: бір, біреу, кей, әлде, пәлен, бірдеңе, бірнеше, кейбір, әлдекім, әлдене, әлденеше, әлдеқашан, әлдеқалай, әлдебір, әркім, әрқайсысы, әрбір, бірдеме, әлдеқайдан.

Бұлардың кейбірі заттық мағынада қолданылса, кейбірі анықтауыштық, кейбірі пысықтауыштық мәнде қолданылады. Субстантивтік мағынадағылар зат есімше түрленеді.

6. Болымсыздық есімдіктер – болымсыздық мағынада қолданылады. Олар: ешкім, ештеңе, ешқашан, ештеме, ешнәрсе, ешбір, ешбіреу, ешқайсысы, ешқандай, бәнеңе (дәнеме), бірде бір. Осының ішіндегі заттық ұғымда қолданылатындары зат есімше түрленеді.

Ішінде болымсыздық есімдігі қолданылған сөйлем болымсыздық мағынадағы сөйлемдер болып келеді. Баяндауыштары болымсыздық етістіктерінен не емес, жоқ сөздері қатысу арқылы жасалады.

7. Жалпылау есімдігі – заттар мен құбылыстарды жинақтай көрсететін жалпы мағыналы сөздер. Олар: бар, барлық, бүкіл, күллі, тамам, бәрі, барша, баршасы, түгел.

Жалпылау есімдіктері негізінен атрибутивтік яғни анықтауыш сөздер. Бірақ олар заттанғанда зат есімдерше түрленеді. Түрленбейтіндері: бүкіл, тамам, күллі.

Негізгі әдебиеттер:

  1. Ысқақов А. Қазіргі қазақ тілі. Морфология. –А., 1991.

  2. Оралбай Н. Қазіргі қазақ тілінің морфологиясы. –А., 2007.

  3. Қазақ грамматикасы. –Астана, 2002.

  4. Қазақ тілінің грамматикасы. І том. –А., 1967.

Қосымша әдебиеттер:

  1. Ибатов Ә. Қазақ тіліндегі есімдіктер. А., 1961, 52-62-б.

8-дәріс: Етістік

  1. Етістіктің сипаты

  2. Етістіктің лексика-семантикалық сипаты

  3. Салт-сабақты етістіктер

  4. Етіс, оның түрлері, салт-сабақтылыққа қатысы

  5. Лексикалық мағыналы етістіктің морфемдік құрамы

  6. Дербес лексикалық мағыналы етістіктер мен көмекші етістіктер

  7. Етістіктің ерекше түрлері

1. Етістік – сөз таптарыныі ішіндегі құрамы жағынан да, грамматикалық құрылымы жағынан да ең күрделі сөз табы. Құрамы жағынан – етістік сөзге бай сөз табы. Зат атаулының бәрі әр түрлі қимыл-әрекет жасайды, өзара әрекетке түседі. Етістік деп заттардың қимыл-әрекетін білдіретін сөз табы аталады (кел, ал, сөйле, ақта, бозда, ұр, үр, құла жар, сыйла т.б.). Қимыл-әрекет ұғымы етістіктің жалпы мағынасы болып табылады. Етістіктің жалпы қимыл ұғымын білдіруі сөздерді таптастырудың 1-ұстанымына жауап береді.

Етістік осы жалпы мағынасы арқылы барлық басқа сөз таптарынан ерекшеленеді. Етістіктің мағынасы басқа ешбір сөз табына ұқсамайды. Оның 2-жақтық мағынасы арқылы етістік екенін танымау мүмкін емес.

Тілде етістіктің атқаратын қызметі өте зор. Құрамында етістік жоқ сөйлемдер сирек кездеседі. Құрамында етістік болса, ол етістік атаған қимылдың жасаушысы, осыған байланысты қимылдың жасалған орны, мезгіл, мақсаты, қалай жасалғаны сияқты тағы да басқа түрлі мағыналарды білдіру қажеттігі туады. Бұл сөйлемнің құрамына әсер етеді, одан етістіктің ұйтқы қызметі анық көрінеді.

Етістік сөздер сөйлемде құрамы жағынан өте күрделі, оған себеп – етістіктіңграмматикалық категорияларға байлығы. Қазақ тілінде ең көп категориялы сөз табы – етістік. Бір сөйлем ішінде осы категориялардың бәрі болмағанымен, бірнешеуі кездесуі мүмкін. Оның үстіне етістіктің сөзжасамдық жұрнақтары қосылғанда, осы көрсеткіштерді бірінен-бірін ажырату қиындық келтіріп жатады.

Бұл қиындықты жеңу үшін екі мәселеге көңіл аудару керек: 1) етістіктің сөйлемге түскенге дейінгі түбір тұлғасы, оның лексикалық мағынасы, 2) етістіктің сөйлем құрамына (сөз тіркесіне) түскендегі түрленген тұлғасы. Осыларды ажырату арқылы етістік көрсеткіштері де ажыратылады. Етістік сөз табылық ұстанымның барлық түрлерін толық қамтиды.

Демек, етістік – өзіндік мағынасы және әр алуан грамматикалық категориялары, морфологиялық көрсеткіштері, негізгі синтаксистік қызметі бар, тілде үлкен қызмет атқаратын дербес сөз табы.

2. Етістік сөзге бай, құрамы жағынан өте үлкен сөз табы болғандықтан, оның лексикалық, мағыналық ерекшеліктері де мол. Ғылымда олар лексикалық тұрғыда: қозғалу етістіктері, қалып етістіктері, сөйлеу етістіктері, амал-әрекет етістіктері, қалып-сапа етістіктері, сезіну етістіктері, ойлау етістіктері, көңіл-күй етістіктері, дыбыс-сес етістіктері, өсіп-өну етістіктері т.б. болып топтастырылып жүр.

Грамматикалық жағынан да етістік мағыналары алуан түрлі. Олардың салт-сабақты, қимыл атауы, есімше, көсемше түрлерінің өзі өзіндік мағыналық ерекшеліктерімен көрінеді.

3. Кейбір етістіктер субъектілердің қимыл-әрекетін ғана білдіреді. Олар қимылға қатысты заттың аталуын қажет етпейді. Ондай етістіктер салт етістіктер деп аталады. Мысалы, Сен кел. Ол барды. Сендер отырсыңдар. Мұндай етістіктер үшін қимыл иесінің аталуы жеткілікті.

Сонымен бірге сөйлемде қимылға түсетін заттың, яғни объектінің (нысанның) болуын қажет ететін етістіктер болады. Мысалы, Ол кітап оқыды. Мен ағаш жардым. Осы қимылды атқарушы субъекті мен, ол болғанымен, қимылдың нысаны кітап, ағаш болады да, бұлар әрқашан табыс септігінде тұрады. Табыс септік жалғаулы сөзді талап ететін етістіктер сабақты етістіктер деп аталады.

Қазақ тіліндегі етістік атаулының бәрінде салт-сабақтылық мән бар. бұл негізгі түбір етістіктерге де, туынды түбір етістіктерге де, күрделі етістіктерге де ортақ. Сондықтан да бүкіл етістік атаулы салт және сабақты болып бөлінеді. (Н.Оралбайдың кітабында етістіктер тобы аталып көрсетілген. 205-206 б.).

Бұл етістіктің грамматикалық қасиеті емес, лексикалық қасиетіне жатады. Сондықтан оны грамматикалық категория деп оқыту дұрыс емес. Алайда етістіктердің салт және сабақты болып бөлінуі өзгеріссіз қалмайды. Салт етістіктің сабақтыға немесе керісінше ауысуы болып отырады. Мұнда етістік мағынасындағы бұл өзгеріс етіс жұрнақтары арқылы жүзеге асып отырады.

4. Етіс – қимыл-әрекеттің субъектіге, қимылдың нысанына қатысын білдіріп,салт, сабақты етістік жасайтын етістіктің түрі. Нақтырақ айтқанда, етіс жұрнақтары салт, сабақты етістіктердің мағыналарын бір-біріне ауыстырып, жаңадан сөз жасаушы жұрнақ қызметін атқарады. Мысалы, сен кел – сені келтірді, ол барды – оны барғызды, кітапты оқыды – кітап оқылды, баланы оятты – бала оянды т.б.

Бұл мысалдардан етіс жұрнақтарының сабақты, салт етістік жасайтын өте өнімді қызметі айқындалды. Етіс жұрнақтарының тілде бірнеше түрі қалыптасқан. Қазір олардың төрт түрі танылған: 1) өздік етіс, 2) өзгелік етіс, 3) ырықсыз етіс, 4) ортақ етіс.

Ғылымда негізгі етіс деген түрі де аталған (А.Қалыбаева, А.Ысқақов). Бірақ негізгі етістің арнаулы көрсеткіші жоқ, өзіндік мағынасы да жоқ, сондықтан оны етіс қатарына жатқызуға болмайды деп есептейді Н.Оралбай.

Етістің түрлерінің болуы оны категорияға санауға негіз болған. Етісті арнайы зерттеген А.Қалыбаева етістерді категория деп атай отырып, сөзжасамдық жұрнаққа жатқызады. Ал А,Ысқақов сөзжасамдық жұрнақ деп атаса, С.Исаев лексика-грамматикалық категория деп есептейді. Н.Оралбай етіс жұрнақтарының сөзжасамдық қасиетін басты назарда ұстап, оны сөзжасамдық жұрнақ деп есептейді де, оны категория қатарына жатқызбау дұрыс дейді.

Етістер: 1) салт етістік жасайтын етістер және 2) сабақты етістік жасайтын етістер болып екіге бөлінеді. Бұл топқа ортақ етіс қосылмайды. Ол қимылдың бірнеше субъектіге ортақтығын білдіреді де, салт, сабақтылық мәнді өзгертпейді.

Салт етістік жасайтын етістерге өздік етіс пен ырықсыз етістер жатады. Өздік етісте қимылдың иесі мен қимылға түсетін зат бір зат болғандықтан, ол зат сөйлемде субъекті түрінде беріліп, қимылдың объектісі , нысаны сөйлемде мүлдем аталмайды да, етістік салт етістік болады (Ол жуынды). Сонда өздік етіс жұрнақтары сөзжасам жұрнақтары болып табылады. Ол жұрнақтарға: -ын, -ін, -н (сен жуын, таран, ойлан, оран т.б.), -ыл, -іл, -л (сен бұрыл, жазыл, керіл т.б.) жұрнақтары жатады.

Ырықсыз етіс – қимыл-әрекеттің субъектісі аталмай, қимыл өздігінен жасалғандай мәнді білдіріп, сабақты етістіктен салт етістік жасайтын етістің түрі. Оның жұрнақтары: -л, -іл, -л (үй тазартылды, қора сыпырылды т.б.), -ын, -ін, -н (жіп байланды, қора тазаланды, сөз сөйленді т.б.), -лын, -лін, -ныл, -ніл (бұлар өнімсіз: ас желінді, сөз сөйленілді т.б.).

Сабақты етістік жасайтын етісті тілде бір ғана өзгелік етіс жасайды. Өзгелік етіс қимыл-әрекетті сөйлеуші, бөгде біреуге жасату арқылы басқа біреудің қимыл әрекетін білдіретін сабақты етістік жасайды. Өзгелік етіс жұрнақтары мыналар: -т – өнімді жұрнақ (санат, сұрат, тыңдат, сырлат т.б.), -дыр, -дір, -тыр, -тір – өте өнімді жұрнақ (қондыр, қойдыр, жаздыр т.б.), -қыз, -кіз, -ғыз, -гіз – өнімді жұрнақ (айтқыз, салғыз, жүргіз т.б.), -ыр, -ір, -дар – өнімсіз жұрнақ (кетір, көшір, қашыр, аудар т.б.).

Ортақ етіс қимыл-әрекеттің бірнеше субъектіге ортақ екенін білдіреді. Мұның жұрнақтары: -ыс, -іс, -с (онымен айтыс, сөйлес, егес, сынас т.б.). Ортақ етіс салт сабақты етістіктерден жасала береді, бірақ олардың мағыналарын өзгертпейді.

Етіс жұрнақтары сөзжасамдық жұрнақтар болғандықтан, олар бір сөздің бойында қабаттасып қолданыла береді: жина – т – тыр – т – қыз, ойна – т – қыз – дыр – т т.б.

5. Дербес етістіктер деп лексикалық мағынасы бар, сөйлем мүшесі қызметін атқара алатын етістіктер аталады. Сөйлемнің мазмұнына сай қолданылатын осындай лексикалық мағыналы етістіктердің өзіндік морфемдік құрамы болады.

Лексикалық мағыналы етістіктердің морфемдік құраы төмендегідей: 1) негіхгі түбір етістіктер, 2) туынды түбір етістіктер, 3) біріккен түбір етістіктер, 4) тіркесті күрделі етістіктер мен құранды етістіктер, 5) тұрақты тіркесті (идиомаланған) етістіктер.

1) Негізгі түбір етістіктер бір ғана морфемадан тұрып, лексикалық мағынаны білідреді, олардың құрамын әрі қарай бөлуге болмайды. Олар негізгі морфемаға жатады. Мысалы: ал, кел, кет, отыр, жат т.б. осылардың бірсыпырасы өткен заманда туынды түбір болуы да мүмкін. (Бұл жөнінде Н.А.Баскаков пен А.Зайончковский пікірлері бар). Қазіргі қазақ тілінде бір буынды түбірлерден бастап үш, төрт дыбысты, бір буынды және екі буындық құрамда кездесе береді (же, де, ақ, кел, кет, тарт, қайт, сұра, тала т.б.). Н.Оралбай „қазір негізгі етістікті тануға бір буынды етістіктер негіз бола алмайды” дейді.

2) Туынды түбір етістік ең кемі екі морфемадан тұрады, олардың бірі негізгі морфема, кіншісі көмекші морфема болады (ағар, ақта, көрсет, жақсар, басқар т.б.).Бұл – туынды етістіктің бірінші белгісі. Екінші белгісіне оның мағынасы жатады. Туынды түбірде уәждеме сөзге жалғанған жұрнақ оның мағынасын өзгертуі не түрлендіруі керек. Ол түрленген мағына уәждеме сөздің мағынасымен байланысты болуы керек (ақта, ағар, ақтат, ақтаттыр.б.).

3) Күрделі етістіктер тілде өте көп және олар 4 түрлі болады: 1) тіркесті күрделі етістіктер (кіріп шық, келіп кет, жазып бер, сұрап ал, барып көр, беріп кел, бара тұр т.б.); 2) біріккен (кіріккен) күрделі етістіктер, бұлардың саны көп емес (апар – алып бар, әкел – алып кел, әкет – алып кет т.б.); 3) құранды етістіктер есімдерге ет, қыл, бол, қақ, ал, сал көмекші етістіктері тіркесіп, оларға қимыл мәнін қосып етістік жасайды (жәрдем ет, қорған қыл, адам бол, қабыл ал, серуен сал, зар қақ т.б.); 4) тұрақты тіркесті күрделі етістіктер (таяқ жеді, опық жеді, бармағын шайнады, көз салды, арам тер болды, жек көрді, бас қойды, қырғи қабақ болды т.б.).

6. Дербес лексикалық мағыналы етістіктер мен көмекші етістіктер

Тілдегі етістіктер дербес етістіктер және көмекші етістіктер болып екіге бөлінеді.

Дербес етістіктер деп заттың қимыл-әрекетін білдіріп, етістіктің қосымшалары арқылы түрленіп,сөйлемде түрлі синтаксистік қызмет атқарып, белгілі сұрақтарға жауап беретін, сөйлемдегі басқа сөздермен байланысқа түсіп, сөз тіркестерін жасайтын етістіктер аталады. Мысалы: Ол есіктен кірген, орта жастардағы, шашы қиылған, толықша, қараторы әйелге қарады. (М.М.)

Лексикалық мағыналы дербес етістіктердің өзіндік белгілері мыналар:

1) заттың қимыл-әрекетін білдіреді: кел, кет, отыр, ал, бер, оқы, бас т. б.

2) сөйлем мүшесі болады, белгілі сұрақтарға жауап береді: Абай енді үнсіз тыйылды да, отырып қалды. (М.Ә.) не істеді? – отырып қалды – баяндауыш.

3) сөйлемдегі басқа сөздермен байланысқа түседі: Абай отырып қалды, Абайтыйылды – предиқаттық байланыс, үнсіз тыйылды – пысықтауыштық байланыс.

4) сөз тіркесін жасайды: Абай тыйылды – қиысу, үнсіз тыйылды – қабысу.

Тілдің дамуымен байланысты лексикалық мағынасынан айырылып, грамматикалық мағынаға көшкен, сөйтіп грамматикалық мағынаны білдіретін көрсеткіш қызметіндегі етістіктер көмекші етістіктер деп аталады. Олар екі топқа бөлінеді: толымды көмекші етістіктер және толымсыз көмекші етістіктер.

Толымды көмекші етістіктер деп қазіргі кезде лексикалық мағынасы бар кездегі дыбыстық құрамын сақтаған, бірақ грамматикалық мағына білдіріп, грамматикалық көрсеткіш ретінде ғана қызмет атқаратын көмекші етістіктер аталады. Олар 30 шақты: ал, бар, баста, бақ, бер, бол, бөл, біл т.б. бұлардың бәрінің де тілде дербес лексикалық мағыналы омонимдері бар.

Толымды көмекші етістіктер қимылдың жасалу сатысын білдіреді: сөйлей бастады, жазып отыр, айтып қойды т.б.

Толымды көмекші етістіктер қимылдың қалай жасалғанын білдіреді: жығыла жаздады, келе берді, айтып бақты, отырып алды, жылап жіберді т.б.

Толымды көмекші етістіктер бұйрық рай мағыналарын да білдіреді: беруші болма, айта көрме, айта көр, таба көр т.б.

Толымды көмекші етістіктер шартты рай мағынасын да білдіреді: Ол келсе болды, жиналысты бастай береміз.

Толымды көмекші етістіктер нақ осы шақ жасайды: көріп отырмын, біліп тұрсың,әндетіп жатырсың, келіп жүрсіз, т.б.

Бұл мысалдардан біз толымды көмекші етістіктердің алуан түрлі грамматикалық мағынаны білдіріп, тілдіе үлкен қызмет атқаратынын көреміз.

Толымсыз көмекші етістіктер деп дербес сөз кезіндегі дыбыстық құрамын сақтамаған,, етістіктің түрлі грамматикалық тұлғаларында қалыптасып, қазір сол тұлғада түбір сөз ретінде қолданылатын көмекші етістіктер аталады. Олар саны жағынан өте аз, атап айтқанда: еді, екен, емес, ет, жазда.

Бұл көмекші етістіктер көне тілде болған ер сөзінен ықшамдалып, грамматикалық тұлғалары сақталған деп есептеледі.

Толымсыз етістіктер тілде әр түрлі қызмет атқарады.

Еді толымсыз көмекші етістігінің қолданылу аясы өте кең, ол есім сөзбен де (дәрігер еді, қызыл еді, алтау едік т.б.), етістік сөзбен де тіркеседі. Етістікпен тіркескенде шақ, рай көрсеткіштерімен тіркесіп аналитикалық формант құрайды (-қан еді, -атын еді, -ушы еді, -ар еді, -ып отыр еді, -мақ еді т.б.).

Екен толымсыз көмекші етістіктер есім сөздермен де, шақ, рай тұлғаларымен де тіркесіп, күрделі аналитикалық формант жасйды. Мысалы: мұғалім екен, бай екен, үлкен екен; -ген екен, -атын екен, -а жатыр екен, -са екен т.б.

Ет көмекші етістігі есім сөзден құранды етістік жасайды: жәрдем ет, көмек ет, арман ет, сәлем ет, т.б.

Жазда толымсыз көмекші етістігі дербес етістіктерге көсемшенің –а, -е, -й жұрнағы арқылы аналитикалық формант жасайды: жығыла жаздады, ұмыта жаздады т.б.

Бұрынғы грамматикаларда етістіктің көп категорияларының бірі ретінде қаралып келген, соңғы кезде Н. Оралбай „етістік түрлері” деп атап отырған үш етістікті (қимыл атауы, есімше және көсемше) С.Исаев та етістіктің ерекше категориялары деп бөліп қараған болатын.

7. Етістіктің ерекше түрлері

Қимыл атауы. Алғаш рет „тұйық райы”, одан соң – „тұйық етістік”, одан кейін „қимыл есімі” (Қ.Неталиева), ақырында – „қимыл атауы” (А.Ысқақов) атанған бұл етістік түрі етістік түбіріне –у жұрнағы жалғану арқылы жасалады.

Қимыл атауы етістіктер қимылдың атын ғана білдіріп, қимылдың әрекеті, жасалуы туралы ешбір мәлімет білдірмейтіндіктен, оның рай, шақ, модальдық мағынаға қатысы жоқ, қимыл атауы етістіктің бірде-бір категориясымен түрленбейді. Қимыл атауы атау сөздер ретінде зат есім парадигмасымен түрленеді. Осы ерекшелігі арқылы қимыл атауы етістіктің барлық түрінен, барлық категорияларынан өзгеше түрі болып табылады. Осы ерекшеліктеріне байланысты қимыл атауының кей түрлері зат есімдерге өткен: жамау, бояу, көсеу, тісеу, жабу, қабу т.б.

Есімше. Есімше де етістіктің есімдерге ұқсас түрі. Осындай ерекшеліктеріне байланысты оны сын есімге қосқандар да (А.Пешковский), жеке өз алдына сөз табы етуге тырысқандар да (А.Н.Тихонов) болған. Қазақ тіл білімінде үнемі етістіктің қарамағында қаралып келеді. Есімше қимыл-әрекет түрінде қолданылып, заттың сапасы, қасиеті, белгісі ретінде ұғынылады. Мысалы, оқыған адам, білген кісі, тозбайтын тон, айтар сөз т.б. деген тәрізді заттың түрлі қимылдық белгісін білдіру – есімшенің негізгі қызметі.

Сонымен бірге, есімше етістіктің салт, сабақтылық қасиетін де сақтайды (кітапты оқыған бала, үйге кірген кісі т.б.).

Етістік сөйлемде субъектінің қимыл-әрекетін білдіріп, баяндауыш болса, есімше сөйлемде жанама қимылды ғана білдіретіндіктен, негізгі баяндауыш емес, анықтауыш қызметін атқарады. Тілде баяндауыш құрамындағы –ған, -мақ т.б. жұрнақтар есімшеден шақ мағынасын білдіретін жұрнаққа ауысқан (сен келгенсің, ол бармақ т.б.), сондықтан оларды есімше деуге болмайды.

Есімшенің заттың алдынан тіркесіп, жанама қимылын білдіретін қасиеті оның сын есімге тән сипатты иеленуін туғызған. Сондықтан олар субстантивтене де алады (көргендеріңді түгел айт, алғанды кім жек көреді т.б.).

Демек, есімше деп қимыл мағынасын сақтай отырып, сын есімнің анықтауыш қызметінде қолданылып, сөйлемде заттанып, зат есімше түрленетін етістіктің түрі аталады.

Есімше жасайтын жұрнақтар:

1) –ған, -ген, -қан, -кен – заттың бұрын жасалған қимылын білдіреді (айтқан әңгіме, қатқан мұз, жауған қар т.б.);

2) –атын, -етін, -йтын, -йтін – ертерек кезде немесе алдағы уақытта үнемі болып тұрған (тұратын) әрекетті білдіреді (білетін жұмыс, атқаратын қызмет, ойланатын кез);

3) –ар, -ер, -р, -с – етістіктен жасалу, жасалмауы белгісіз, күмәнді іс-әрекетті білдіретін есімше жасайды (жүрер жол, барар жер, орындалмас іс т.б.);

4) –мақ, -мек, -пақ, -пек – түбір етістіктен мақсат мәнді етістік жасайды (айтылмақ пікір, кездеспек жер, көрсетпек көмек т.б.).

Көсемше. Көсемше деп сөйлемдегі негізгі қимылдың жай-күйін, жанама қимылды білдіретін етістіктің түрі аталады. Жанама қимылды білдіру – көсемшенің негізгі қызметі. Ол қайтіп?, қалай?, неге? тәрізді сұрақтарға жауап береді. Бұл тұрғыда ол үстеуге жақын болып көрінеді. Алайда үстеуден айырмашылығы бар. Олар:

1) Көсемше тек қимылды білдіреді , ол – етістіктің белгісі.

2) Көсемше жұрнақтары тек етістікпен ғана қолданылады.

3) Үстеу – белгінің белгісін білдіреді, көсемше қимылдың белгісін білдіреді.

4) Көсемше тек етістіктен жасалады, үстеу әр түрлі сөз табынан жасалады.

5) Көсемше тек етістікпен сөз тіркесін жасайды, үстеу басқа сөз таптарымен тіркесе береді.

6) Көсемше есім сөзді меңгереді, үстеуде ол қасиет жоқ.

Осы айырмашылықтар көсемшені етістік деп тануға негіз болған. Сондықтан көсемше етістіктің бір түрі деп есептеледі.

Тарихи даму барысында көсемшелер түрлі өзгерістерге түсіп, басқа да қызметтер атқаратын болған, олар:

1) Көсемшенің жанама қимылды білідіру – оның негізгі қызметі болса, ол бара-бара күрделі етістіктердің пайда болуына, көсемше жұрнақтарының екі етістіктің арасын байланыстырушылық қызметке ауысуына алып келген. Мысалы, алып кетті, кіріп шықты, қайтып келді, асып кетті, беріп келді т.б. Осы мысалдардағы байланыстырушы жұрнақтарды көсемше жұрнағы деуге болады.

2) Екі етістіктің ұзаққа созылған осылайша тіркесуі тіркескен екі етістіктің бағыныңқы сыңарын грамматикалық мағына беретін көмекші сөзге айналдырған. Енді көсемше жұрнағы аналитикалық формант құрамына еніп, әр түрлі грамматикалық мән беретін дәрежеге жеткен. Мысалы, айтып берді, сала салды, айта қойды, келе берді т.б.

3) Тілдің даму барысында көсемше жұрнақтары шақтық көрсеткіш дәрежесіне жеткен. Негізгі баяндауыштың құрамындағы көсемше жұрнақтарын шақ жұрнақтары деп атау керек. Өйткені олардың қызметі көсемшеден мүлдем басқа. Олардың ерекшеліктері:

- шақ жұрнақтары негізігі қимылды білдіретін етістікке жалғанады, көсемше жұрнақтары жанама қимылды білідретін етістіктерге жалғанады;

- көсемше түрленбейді, одан кейін қосымша қосылмайды, шақ көрсеткіші түрленеді, одан кейін жіктік жалғауы жалғанады;

- көсемше сабақтас құрмаластың бағыныңқысы баяндауышы қызметін атқарады, шақ тұлғалы етістік бұл қызметте қолданылмайды;

- көсемше лексикалық мағыналы сөз болса, шақ тұлғасы грамматикалық мағына береді;

- көсемше жұрнақтары аналитикалық формант жасауға қатысады, шақ тұлғасында ол қасиет жоқ.

Көсемше жасайтын жұрнақтар мыналар:

1) –ып, -іп, -п – әр түрлі мағыналы көсемшелер жасайды: ашуланып жылау, жантайып жату, қорқып тоқтау, сүйреп тарту т.б.;

2) –а, -е, -й – негізгі қимылдың қалай жасалғанын білдіретін көсемшелер жасайды: күле сөйледі, тұнжырай қарады, бара көрерміз т.б.;

3) –ғалы, -гелі, -қалы, -келі – негізгі қимылдың жасалу мақсатын білдіретін көсемше жасайды: танысқалы келді, сөйлегелі отыр т.б.;

4) –ғанша, -генше – жанама қимылыдың негізгі қимылдан бұрын, қатар болатынын білдіреді: келгенше күт, аяқтағанша тынықпа т.б.;

5) –майынша, -мейінше – негізгі қимылдан бұрын болған жанама қимылды білдіреді де, бағыныңқы сөйлемнің баяндауышы болады: Хабар келмейінше, қозғалма.

Әдебиеттер:

  1. Хасенова А. Етістіктің лексика-грамматикалық сипаты. А., 1971.

  2. Ысқақов А. Қазіргі қазақ тілі. Морфология. А., 1991. 281-284-б.

  3. Исаев С. Қазіргі қазақ тіліндегі сөздердің грамматикалық сипаты. А., 1998. 168-183-б.

  4. Қасабекова Қ. Негізгі түбір салт етістіктер. А., 1998.

  5. Оралбаева Н. Қазіргі қазақ тіліндегі етістіктің аналитикалық форманттары. А., 1975.

  6. Жұмағұлова Ө. Қазақ тіліндегі көсемшенің мағынасы мен қызметінің дамуы. А., 2002.

  7. Қапалбеков Б. Көсемшелердің жұмсалу өрісі. А., 2006.

  8. Оралбай Н. Қазіргі қазақ тілінің морфологиясы. А., 2005. 200-239-б.

9-10-11-дәріс: Етістіктің категориялары (3 сағат)

    1. Етістіктің грамматикалық категорияларының көрсеткіштері (қосымшалары)

    2. Етістіктің аналитикалық форманттары

    3. Қимылдың өту сипаты категориясы

    4. Қимылдың жасалу тәсілдері мен олардың берілу жолдары

    5. Қимылдың даму сатысы

    6. Болымдылық, болымсыздық категориясы

    7. Етістіктің модалдылык мағынасы, оның рай категориясымен байланысы

    8. Етістіктің рай, жақ, шақ категориялары

    9. Етістіктің сандылық категориясы

    10. Етістік тұлғасының сөйлемде түрленуі

1. Етістіктің грамматикалық категорияларының мағыналарын білдіретін мынадай

көрсеткіштер бар: 1) қосымшалар, 2) аналитикалық форманттар.

Етістіктің грамматикалық категорияларының мағынасы 1) грамматикалық жұрнақтар және 2) жалғаулар арқылы беріледі.

Грамматикалық жұрнақтарға: 1) болымдылық-болымсыздық категориясының жұрнағы; 2) қимылдың өту сипаты категориясының жұрнағы; 3) есімшенің жұрнағы, 4) көсемшенің жұрнағы; 5) бұйрық райдың нөлдік жұрнағы; 6) қалау райдың жұрнағы; 7) шарттырайдың жұрнағы; 8) шақ жұрнақтары.

Етістіктің грамматикалық мағынасын білдіретін жалғауға жіктік жалғауы жатады. Жіктік жалғауының етістікпен қолданылатын 3 түрі де сөйлемде қимылдың қай субъектіге қатысты екенін білдіріп, сөйлемде бастауышпен жақ арқылы қиысып тұрады. Тілде етістіктердің ең көп атқаратын қызметі – баяндауыш. Сондықтан да етістік жіктік жалғауы арқылы жиі қолданылатын сөз табына жатады. Есім сөздер баяндауыш болғанда, олар ад жіктік жалғауында қолданылады. Сондықтан жіктік жалғауын баяндауыштың жалғауы десе де болады.

Етістік категорияларының ішінде меншіктілік модалдылықта жақ мағынасын білдіруде тәуелдік жалғауы да қолданылады. Мысалы, оқығым келеді, оқығың келеді, оқығысы келеді. Бірақ бұл – өнімсіз қолданыс.

2. Грамматикалық категориялардың мағынасын білдіретін көрсеткіштердің бір түрі – аналитикалық форманттар. Етістікте аналитикалық форманттар өте көп.

Аналитикалық форманттар деп қосымша мен көмекші сөзден құралып, бір грамматикалық мағына беретін тілдік бірлік аталады. Мысалы, еңіреп жіберді (-п жіберді), шайнап тұр (-п тұр), бола аласың (-а аласың) т.б.

Аналитикалық форманттың құрамы қанша күрделі болса да, қолданыста бір ғана мағына береді. Олар етістіктің грамматикалық қызметке көшуімен байланысты қалып тасқан. Етістік грамматикалық мағынаға көшерде алдындағы етістікпен көсемшенің қай жұрнағымен байланысқан болса, сол жұрнақсыз қазір көмекші етістік грамматикалық мағынаны білдіре алмайды.

Аналитикалық форманттар етістіктің барлық дерлік категорияларының құрамында қызмет етеді. Мысалы, келсе екен – қалау райдың аналитикалық тұлғасындағы етістік, Барған еді – қатыстық өткен шақтық етістік тұлғасындағы етістік. Айтушы болма – бұйрық райдың аналитикалық тұлғасындағы етістік т.б.

Аналитикалық форманттардың құрамы біртұтас мағынаны білдіретін, өзгермейтін болып қалыптасқан. Құрамы жағынан олар екі морфемалы, үш морфемалы, төрт морфемалы форманттар болып келеді. Ең негізгіс – екі морфемалы форманттар.

Үш морфемалы форманттар күрделенген аналитикалық форманттарға жатады: -са игі еді, -ушы болма, -а сала, -ғандай бол т.б.

Төрт морфемалы форманттар екі аналитикалық форманттың бірігуінен жасалады: -п бара жатыр, -п қоя берді, -п болып қалды т.б.

Етістіктің грамматикалық категориялары сөйлеу әрекетіне қатысты болғандықтан, категория бірліктері сөйлемде қолданылады. Сөйлемде етістік көрсеткіштерінің қосымша түрімен қолданылған етістіктер синтетикалық тұлғалы сөздер болып саналады да, аналитикалық форманттар арқылы келген етістік аналитикалық тұлғалы сөз болып саналады. Бір етістік аналитикалық форманттармен де, синтетикалық формалармен де қатар түрлене береді және олардың бірнешеуі қабаттаса қолданыла да береді. Мысалы: құлап қала жазда дым – құла-п қал-а жазда-ды-м.

3. Өмірде қимыл түрлі тәсілмен жасалады, ол тілде түрлі тілдік тәсілдер арқылы беріледі. Мысалы: Жалт қарап еді, есінен тана жаздады (Б.А.). Дегенмен, Нұрке шыдап бақты (Ғ.Е.). Осы сөйлемдердегі есінен тана жаздады дегенде қимылдың жасалуға жақындап барып жасалмай қалғандығын білдірсе, шыдап бақты дегенде қимылды жасауға бар ынтасын салғанын, өте тырысқанын білдіреді.

Қимылдың жасалуындағы осындай алуан түрлі ерекшеліктерді дәлме-дәл көрсететін қазақ тілінің грамматикалық құрылысындағы арнайы категория қимылдың өту сипаты категориясы деп аталады. Оның қалыптасқан көрсеткіштері бар.

Қимылдың өту сипаты категориясы – көп мағыналы категория. Бір қимылдың жасалуына бірнеше тәсіл қатыса береді. Себебі қимыл атаулы бірден тез аяқтала бермейді, сондықтан қимыл аяқталғанша бірнеше тәсілден өтуі мүмкін. Осыған байланысты етістіктің құрамында қимылдың өту сипаты категориясының бірнеше көрсеткіші қолданыла береді. Бұл көрсеткіштер етістік түбіріне бірден қосылады да, басқа көрсеткіштер осылардан кейін қосылады.

Бұл категорияның көрсеткіштері екі топқа бөлінеді: 1) қосымшалар немесе грамматикалық жұрнақтар, 2) аналитикалық форманттар.

Жұрнақтар:

1) –ла, -ле (-да, -де, -та, -те) етістікке жалғанып, қайталау мәнін қосады: сипала, сүйреле, сабала, жанышта, тістеле т.б.

2) –қыла, -кіле (-ғыла, -гіле) бұл да қимылдың қайталануын білдіреді: атқыла, жұлқыла, тепкіле, езгіле, созғыла т.б.

3) –мала, -меле (-бала, -беле, -пала, -пеле) қимылдың қайталана созылуын білдіреді: қазбала, қақпала, итермеле, сұқпала, кеспле т.б.

4) –ғышта, -гіште (-қышта, -кіште) қимылдың бәсең қайталануын білдіреді: барқышта, келгіште, түйгіште, сүйгіште, езгіште т.б.

5) –ыңқыра, -іңкіре (-ңкіре, -ңқыра) қимылдың жалғаса түсуін білдіреді: алыңқыра, үйреніңкіре, созыңқыра, күтіңкіре, ішіңкіре т.б.

6) –ымсыра, -імсіре (-мсыра, -мсіре) – өнімсіз жұрнақ, қимылдың жетімсіз, әлсіз екенін білдіреді: жыламсыра, күлімсіре, өлімсіре.

7) –сы, -сі (-сын, -сін) қимылдыжасаған боп көрінуді білдіреді: білгенсіп отыр, жазғансып көрінеді, білгішсініп отыр, батырсынып көрінеді т.б.

Аналитикалық форманттар. Қимылдың өту сипаты категориясы негізінен аналитикалық форманттар арқылы жасалады. Бұл категорияның мағынасы үлкен екі топқа бөлінеді: 1) қимылдың жасалу тәсілі, 2) қимылдың жасалу сатысы мағыналары.

4. Қимылдың жасалу тәсілдері мен берілу жолдары. Қимылдың өту сипаты категориясының негізгі мағыналарының бірі – қимылдың қалай жасалғанын сипаттау. Н.Оралбай оның 8 түрін атайды.

1) Қимылдың тез жасалуын білдіретін – қимылдың тездік тәсілі. Бұл – көрсеткіштері көп, өнімді, жиі қолданылатын тәсіл. Қимылдың тездік тәсілін білдіретін аналитикалық форманттар мыналар: -а қал (келе қал), -а қой (жасыра қойды), -а кет (ала кет), -п кет (қысылып кетті), -п жібер (тастап жіберді), -п таста (қағып таста), -п түс (іліп түсті), -а сала (келе сала), -п сал (айтып сал), -а түс (айта түс), -п қоя берді (жылап қоя берді), -п кеп қал (итеріп кеп қалды), -п кеп жібер (періп кеп жіберді), -п кеп кет (құйылып кеп кетті), -п ала қой (тығып ала қой), -п жүре бер (құлпырып жүре берді), -п ала жөнел (қуып ала жөнелді), -п кел ал (шаншып кеп алды), -п кеп түс (оршып кеп түсті).

Бұл форманттардың жалпы мағынасы бір тездік болғанымен, бір-бірінен сәл-пәл реңдік айырмашылығы болады.

2) Қимылдың жасалуының ұзаққа созылуын білдіретін тәсіл – созылыңқы қимыл тәсілі. Бұл тәсілді мына форманттар білдіреді: -е бер (келе береді), -е түс (күте түс), -а тұр (шыдай тұр), -а тұр (бара тұр), -а отыр (айта отыр), -а жатар (ала жатар), -а жүр (айта жатар), -ып қал (отырып қалды), -ып жатыр (оқып жатыр).

3) Жасалмаған қимылды жасалғандай, керісінше, жасалған қимылды жасалмағандай етіп көрсетуге тырысу қимылдың жасандылық тәсіліне жатады. Бұл тәсіл -ған бол форманты арқылы ғана жасалады: күлген бол, қуанған бол, білген бол, жылаған бол т.б. Мысалы, Көрсе де, көрмеген болып жүре берді (Т.А.).

4) Жетімсіз қимыл тәсілін -а жазда, -й жаздап барып қалды, -ып қала жаздады аналитикалық форманттары жасайды: ауып қала жаздады, құлай жаздады, құлай жаздап барып қалды, сатылып кете жаздады т.б.

5) Қимылды сбъекті өзі үшін немесе басқалар үшін жасауын білдіру қимылдың бағыт-мақсат тәсіліне жатады. Бұл тәсіл -п ал (оқып ал, біліп ал, үйреніп ал, түсініп ал т.б.), -п бер (айтып бер, оқып бер, түсіндіріп бер, орындап бер т.б.) форманттары арқылы жасалады. -п ал форманты кейде адамның психологиялық жағдайын да білдіреді: сазарып алыпты, ішін тартып, сұрланып алыпты т.б. Бұл форманттар кейде күрделі етістіктермен омонимдес болып келеді. Оларды айыра білу керек. Мысалы: көріп бер, сатып ал, апарып бер т.б.

6) Қимылдың ынта тәсілі -п бақ форманты арқылы жасалады: шыдап бақты, тырысып бақты, қорғап бақты т.б.

7) Қимылдың немқұрайды тәсілі -а сал, -й сал форманттары арқылы жасалады: айта сал, сөйлей салды, бере салды, хабарлай салды т.б.

8) Қимылдың бейімділік тәсілі -йын де- форманты арқылы жасалады: ашылайын депті, ұйықтайын деді, жылиын деді, басылайын деп, құрғайын деп т.б.

5. Қимылдың даму сатысы (фазасы) деп оның басталуынан аяқталуына дейінгі қалып саналады. Бұл үш кезеңнен тұрады: 1) қимылдың басталу кезеңі, 2) қимылдың басталып, аяқталмаған (жасалу үстіндегі) кезеңі, 3) қимылдың аяқталған кезеңі. Бұл сатылар белгілі бір көрсеткіштер арқылы беріледі.

Қимылдың дамуының 1-сатысы қимылдың басталуын білдіреді: жауа бастады, айтыла бастады, шаршай бастады, сөйлей жөнелді, көгеріп сала берді, еңіреп қоя берді, өсіп жүре берді т.б.

Қимылдың 1-сатысы мынадай аналитикалық форманттар арқылы жасалады:

-а баста форманты қимылдың қалыпты басталғанын білдіреді: шыға бастады, үйіріле бастады, ұша бастады т.б.

-а жөнел, -п қоя бер форманттары қимылдың кенеттен тез басталғанын білдіреді: жүрегі айни жөнелді, мақтай жөнелді, шылдырап қоя берді, сайрап қоя берді, т.б.

-п сала бер, -п жүре бер күрделенген аналитикалы форманттары қимылдың баяу басталғанын білдіреді: суып сала берді, ағарып сала берді, жынданып жүре берді, т.б.

Қимылдың 2-сатысы қимылдың жасалу үстінде екенін білдіре отырып, мынадай аналитикалық форманттар арқылы жасалады: -п келе жат, -п бара жат, -п бара, -п келе, -п жат, -п тұр, -п жүр, -п отыр: өсіп келе жатты, күйіп бара жатқан, үлкейіп барады, жанып жатты, жиылып жүргенде, жазып отырды т.б.

Соңғы қалып етістіктерінің қатысуы арқылы жасалған форманттар нақ осы шақтың жұрнақтары да болып есептеледі де, сөйлеушінің сөйлеуі кезіндегі қимылдың даму үстінде екенін білдіреді. Ал, бұл форманттардың мағынасы сөйлеушінің хабарлау кезіне сәйкес келмегенде, тек қимылдың даму үстінде екенін ғана білдіреді: келіп жүргенде, оқып отырғансың, өсіп тұрды, құлпырып бара жатқаны, өсіп бара жатқан еді т.б.

Қимылдың 3-сатысы қимылдың аяқталу кезеңін мына аналитикалық форманттар арқылы білдіреді: -п бол, -п шық, -п біт, -п қой, -п кет, -п қал, -п болып қал: жалығып болдым, жоғалып шықты, орындалып бітті, алып кетті, шашалып қалды, айтып болып қалды т.б.

6. Етістіктің болымдылық, болымсыздық категориясы. Етістіктің болымдылық, болымсыздық мағынасы – бүкіл етістік атаулыға тән жалпы грамматикалық мағына. Сондықтан ол етістіктің өзінше жеке категориясы болып табылады. Етістіктің бұл категориясы категория болу талаптарының бәріне толық жауап береді. Тілде болымдылық нөлдік (Ø) тұлға арқылы беріледі де, болымсыздық –ма, -ма, -ба, -бе, -па, -пе жұрнағы арқылы және Ø емес, Ø жоқ форманттары арқылы беріледі. Болымдылық, болымсыздық етістіктің барлық түрлері мен категорияларына тән.

7. Етістіктің модальдылық мағынасы және оның рай категориясымен байланысы. Модальдылық мағына – тілдің түрлі деңгейіне қатысты. Алайда ол етістік құрамынан, әсіресе етістік баяндауыштың құрамынан мол орын алады. өйткені модальдылық сөйлеушінің сөйлемдегі айтылған ойға көзқарасын, ойын, пікірін білдіреді. Сөйлеушінің бұл көзқарасы шындық өмірге сай да, сай емес те болып берілуі мүмкін. Модальдылық мағына деп сөйлемде айтылатын ойдың шындық өмірге қатысы туралы сөйлеушінің пікірі айтылады.

Модальдылық мағына объективті және субъективті мағына болып екіге бөлінеді. Осы мағыналар етістіктің рай категориясы арқылы беріледі. Осы арқылы модальдылық мағынаның рай категориясымен байланысы айқындалады. Модальдылық мағынаның реалды (шындық) және неғайбыл болып берілуі арнайы райлық көрсеткіштер арқылы берілетіндіктен, рай категориясы да реалды және ирреалды (неғайбыл) болып бөлінеді. Реалды – ашық рай, ирреалды (неғайбыл) – бұйрық рай, шартты рай, қалау рай. Бұл екеуінің мынадай айырмашылықтары бар: 1) ашық райдың арнайы көрсеткіші жоқ, неғайбыл райлардың көрсеткіштері бар; 2) ашық райдағы реалды мағынаны шақ көрсеткіштері білдіреді, неғайбыл райда бұйыру, қалау, шарт мағыналарын осы райлардың көрсеткіштері білдіреді. Сондықтан ашық райдың шақтарындағы етістіктер объективті мағынаға, ал неғайбыл райлар субъективті мағынаға жатады.

Модальдылық мағынаның берілуі рай көрсеткіштерімен шектелмейді, ол арнайы модальдық мағынаны білдіретін көрсеткіштер арқылы да беріледі.

8. Етістіктің рай категориясы деп қимылдың шындыққа қатысын білдіретін категория аталады. Райдың төрт түрі бар: ашық рай, бұйрық рай, қалау рай, шартты рай. Бұлардың шындық өмірді білдіру бірдей дәрежеде емес. Райлардың модальдылыққа қатысы жоғарыда айтылды.

Ашық рай (объективті модальдылық). Ашық рай (индиқатив) деп қимылдың шындық өмірде белгілі бір мезгілде болатынын, болып өткенін, я болып жатқанын, я болмайтынын нақтылы білдіретін етістіктің категориясы аталады. Ашық райдың өзіне тән көрсеткіштері болмайды да, оның мағынасы шақ көрсеткіштері арқылы беріледі. Мысалы: Ол күңгірт көпті ойлаумен өмір кешкен (М.Ә). Барлығы да көктеп, жайнап тұр (Ғ.М.).

Неғайбыл райлар деп қимылдың шындық өмірге қатысын білдірмей, қимыл туралы субъектінің (сөйлеушінің) пікірін ғана білдіретін райлар аталады. Субъектінің пікірін ғана білдіретін мағыналар етістіктің бұйрық, қалау, шартты райлары арқылы беріледі де, субъективтік модальдылық деп аталады.

Бұйрық рай (императив) деп қимылды жасау я жасамауды басқадан талап ететін, қимылға қозғау салатын рай аталады. Мұнда сөйлеуші – бұйрық беруші, бұйрық иесі. Демек, бұйрық – субъектінің пікірі ғана, ол қимыл - әлі шындық өмірде жоқ қимыл. Бұйрық беруші сөйлеші жақ болады да, бұрық екінші, үшінші жақтарға қарай бағытталады. Осыдан келіп бұйрық райдың жақпен, оны білдіретін жіктік жалғауымен байланысы шығады. (жіктелу үлгісі оқулықта).

Бұйрық райы аналитикалық форманттар арқылы да беріледі: -ушы бол, -а көр, -а көрсе. Бұйрықтың алуан түрлі мағыналары бар (мағына түрлері оқулықта).

Қалау рай деп сөйлеушінің қимылды жүзеге асырғысы келетін ниетін, ықыласын, ойын білдіретін етістіктің түрі аталады. Қалау рай субъектінің қимылдың жасалуын тілейтінін, ұнататынын білдіреді де,тілекті модальдылықты білдіреді. Мысалы: Беліңді әрдайым бекем буғайсың (М.Ә). Тезірек кетсе екен (С.Ж.).

Қалау рай жасайтын көрсеткіштер: 1) –ғай, -гей, -қай, -кей: барғайсың, қайтқайсыз, білгейсіз т.б.; 2) –ғай еді (-қай еді, -гей еді, -кей еді): қайтқай еді, көрсеткей еді, алғай еді т.б.; 3) –са игі: сұраса игі еді, білсе игі еді, бітірсе игі еді; 4) –са еді: бұйырса еді, білсем еді т.б.; 5) –са екен: өтсеңіз екен, ұтсам екен, қалса екен т.б.

Қалау райлы етістіктердің алғашқы екі көрсеткіші жіктік жалғауының толық түрімен түрленсе, соңғылары қысқа түрімен түрленеді.

Шартты рай деп екінші қимылдың жасалу-жасалмауына шарт болатын қимылды білідретін етістік аталады. Осымен байланысты шартты ралы етстік бар сөйлемде екі етістік болады да, бірі екінші қимылдың шарты болады. Осыдан шартты бағыныңқылы сөйлемдер қалыптасқан. Мысалы: Қорықпасаң бері кел (Х.Е.). Отқа өртенсем де, өкінбеймін (М.Ә.). Енді аз бөгелсе, жұрт тағы кернеп кетеді (М.Ә.).

Шартты райлы етістіктер жіктік жалғауының қысқа түрімен түрленеді.

Сөйлемде модальдық мағынаның басқа да берілу жолдары бар. тілде сөйлеуші пікірін білдіретін арнайы көрсеткіштер бар. Олар етістік баяндаыштың құрамында келіп, сөйлем мазмұнына модальдық мән үстейді.

Тілде рай көрсеткіштерінсіз мынадай модальдық мағына білдіріледі: 1) мүмкіндік мағына, 2)міндеттілік мағына, 3) ниет мағынасы, 4) болжалдық мағына.

Мүмкіндік модальдылық сөйлеушінің қимылды жасау мүмкіндігі бар деп анықтаған пікірін білдіреді. Олар мына форманттар арқылы жасалады: -а ал(ма), -а біл, -уға бол, -уға кел: айыра алады, еңбек ете біледі, айыруға болады, жүруге келмейді т.б.

Міндеттілік модальдылық етістік қимылды жасауға субъектінің міндетті екенін білдіреді. Бұл мағына мына форманттар арқылы білідріледі: -у керек, -уге тиіс, -у қажет: айтуға тиіс, баруым қажет, көтеру қажет т.б.

Ниет-пиғыл модальдығы қимылды жасауға субъектінің ынтасы ауғанын, ниеті түскенін білдіреді. Бұл модальдылық түбір етістіктерге –ғым кел аналитикалық флорманты арқылы жасалады. –ғы көрсеткіші үш жақта жіктік жалғауымен түрленіп қолданылады: айтқым келеді, айтқың келеді, айтқысы келеді.

Болжал модальдығы субъектінің қимылды жасау-жасамауы күдікті екенін білдіреді. Мынадай форманттар арқылы жасалады: -уы мүмкін, -се керек, -ған болар, -ген көрінеді, -ғанға ұқсайды, -уы ықтимал, -ған шығар, -ді білем, -ген тәрізді, -етін тәрізді, -ген сияқты, -ген секлді, -ді кәдік: болса керек, алған сияқты, болуы мүмкін т.б.

Етістіктің шақ категориясы. Ашық рай. Етістік сөз табы амал-әрекетті білдіреді, ал қандай амал-әрекет болса да, белгілі бір мерзімде жасалады. Етістіктің осы ерекшелігі сөйлемде шақ көрсеткіштері арқылы беріледі. Етістік шақ категориясы арқылы басқа сөз таптарынан ажыратылады.

Етістіктің шақ категориясы деп қимылдың хабарлану кезеңіне қатысты мезгілін анықтайтын әр түрлі тұлғалардың жүйесі аталады. Грамматикалық мезгіл яғни шақ сөйлеушінің хабарлау мезгіліне қарай белгіленеді. Сөйлеушінің хабарлау мезгілі осы шақ болады да, одан бұрын болған қимыл-әрекет өткен шақ деп, ал кейін болатын іс-әрекет келер шақ деп аталады. Сөйтіп етістіктің шақ категориясы осы үш парадигмадан тұрады.

Өткен шақ сөйлеу кезінен бұрын болған қимыл-әрекетті 4 түрлі мағыналық ыңғайда білдіреді: 1) жедел өткен шақ етістік түбіріне -ды, ді, -ты, -ті жұрнағы тікелей жалғану арқылы жасалады, жекеше, көпше 3 жақта болымды-болымсыз түрде жіктеледі: отырдым / отырдық, отырдың / отырдыңдар, отырды / отырды; 2) бұрынғы өткен шақ етістік түбіріне –ып, -іп, -п жұрнағы жалғану арқылы (көміліп қалыпты, киініп алыпты), -ған, -ген, -қан, -кен жұрнағы арқылы (кеткен, толған, қатқан), -ған екен фрманты арқылы (келген екен, толған екен) жасалады, үш жақта, жекеше, көпше, болымды-болымсыз түрде жіктеледі; 3) ауыспалы өткен шақ –атын, -етін, -йтін жұрнағының түбір етістікке жалғануы арқылы жасалып, сөйлеуші хабарлағанға дейін болған қимылды білдіреді. Бұл жұрнақ келер шақты да жасайды, сондықтан ауыспалы аталады. Бұл мағыналар сөйлемнің тұтас мағынасынан айқындалады. Өткен шақтың бұл түрі де жекеше, көпше, болымды-болымсыз түрде жіктік жалғауын қабылдайды: көретінмін / көретінбіз, көретінсің / көретінсіңдер, көретін / көретін; 4) қатыстық өткен шақ қимылды кейін еске түсіру мәнін білдіреді. Өткен шақта болған қимылды ескерту үшін –п еді, -ған еді, -атын еді аналитикалық форманттары қолданылады (жылай бастап еді, болатын еді), осы шақта болған қимылды кейін еске түсіруді –п отыр еді, -п тұр еді, -п жүр еді, -п жатыр еді, -уде еді форманттары білдіреді (ойлап отыр едім, біліп жүр еді), келер шақтағы қимылдың жасалуына бір кедергі барын –мақ(шы) еді, -ар еді, -тын еді форманттары білдіреді (сұрамақшы еді, жан сақтап қалар еді, екпек еді). Шақтың бұл түрі де үш жақта жіктеле алады.

Осы шақ сөйлеуші хабарлап тұрған мезгілге жасалуы сай келетін етістік аталады. Бұл шақтың екі түрі бар: 1) нақ осы шақ – қимылдың сөйлеуші хабарлап жатқанда болып жатқанын –п отыр, -п тұр, -п жүр, -п жатыр форманттары арқылы 3 жақта жекеше, көпше түрде жіктеліп білдіреді (оқып отырмын, жазып жатырсыңдар, ойнап жүр). Осы форманттар күрделену арқылы осы шақта қимылдың даму үстінде екенін білдіреді: -п бара жатыр, -п келе жатыр (өсіп бара жатыр, дамып келе жатыр). Нақ осы шақтың болымсыздық түрі қалып етістіктеріне –қан жұрнағы қосылу және жоқ көмекшісінің тіркесуі арқылы жасалады (жазып отырған жоқ, айтып жатқан жоқ); 2) ауыспалы осы шақ түбір етістікке –а, -е, -й жұрнағы жалғанып, одан соң жіктік жалғауы жалғану арқылы, болымды-болымсыз түрде жасалады: жазамын, барасыңдар, қарайды т.б.

Кей әдебиеттерде –уда, -уде қосымшасы да осы шақ жасайды деп көрсетілген: өндіріс өсуде, өмір өркендеуде т.б.

Келер шақ сөйлеушінің хабарлауынан кейін болатын қимл-әрекетті 1) ауыспалы келер шақ, 2) болжалды келер шақ, 3) мақсатты келер шақ мағыналарында білдіреді. Ауыспалы келер шақ –а, -е, -й және –атын, -етін, -йтін жұрнақтарының етістік түбіріне жалғануы арқылы болымды-болымсыз мағынада жіктеліп жасалады: Қойыңдар, бізді өлтірмейді, бізді алып шығады. Естіген әңгімесінің бәрін бала ынтыға тыңдайтын. Болжалды келер шақ етістік түбіріне –ар, -ер, -р, -с жұрнақтарының жалғануы арқылы болымды-болымсыз мағынада жіктеліп жасалады: Асықпаңыз, жетерміз. Ол бүгін келе қоймас. Болымсыз түрі емес көмекшісі арқылы да жасалады: келер емес, бітер емес т.б. Мақсатты келер шақ 1) етістік түбіріне –мақ, -мек, -пақ, -пек, -бақ, -бек жұрнақтарының жалғануы арқылы (қалмақ, бармақ, жүрмек т.б.) және –ғалы жұрнағынан кейін қалып етістіктері тіркескен аналитикалық форманттар арқылы болымды-болымсыз мағынада жіктеліп жасалады (жазғалы отыр, барғалы жүр, кеткелі тұр т.б.).

Етістіктің жақ категориясы қимылдың субъектісін көрсететін категория: 1-жақ – сөйлеуші, 2-жақ – тыңдаушы, 3-жақ – бөгде адам. Тілде осы үш жақтың әрқайсысының мағынасын білдіретін жіктік жалғаулары бар, соның ішінде кей түркі тілдерінде кездеспейтін 2-жақтың сыпайы түрін білдіретін жалғау да бар. Сөйлемде жіктік жалғаулы етістіктер атау тұлғалы жіктеу есімдіктермен қиысып тұрады.

Қазақ тіліндегі жіктік жалғауы үш түрлі: 1) қысқа түрі (бұл жедел өткен шақ пен шартты райда, қатыстық өткен шақта еді көмекші етістігінен кейін жалғанады: келдім, келсең, келген едім т.б.), 2) толық түрі (жедел өткен шақтан басқа шақтардың бәрінде қалау райда, есім сөздердің жіктелуінде де қолданылады, 3-жағы ауыспал осы шақ пен ауыспалы келер шаққа бұрынғы өткен шақтың –п жұрнағынан кейін жалғанады), 3) бұйрық райдың жіктік жалғауы түбір етістікке тікелей жалғанады. 2-жақтың жекеше түрінде нөлдік тұлғада қолданылады (сұрайын, сұра, сұрасын).

9. Етістік қимыл иесі субъектімен тікелей байланысты. субъекті болатын негізгі сөз зат есім болатын болса, оның сандылық категориясының мағынасы етістікке де әсер етеді. Ол әсер етістіктің жіктік жалғауынан көрінеді. Сондықтан, етістікті жекеше субъектімен жіктік жалғауының жекеше түрі байланыстырады, олар – 1-жақта: -мын, -мін, -пын, -пін, -м, -айын, -ейін, -йын, -йін; 2-жақта: -сың, -сің, -сыз, -сіз, -ң; 3-жақта: -ды, -ді, -ты, -ті жалғаулары. Етістік баяндауыштың субъектісі көп болса, баяндауышқа жіктік жалғауының көпше түрі жалғанады. Бұл тек 1 және 2-жақтарға ғана қатысты. 3-жақта жіктік жалғауы нөлдік тұлғада болады. Көпше 1-жақ: -мыз, -міз, -быз, -біз, -пыз, -піз, -йық, -йік, айық, -ейік, -қ, -к; 2-жақ: -сыңдар, -сіңдер, -сыздар, -сіздер, -ңдар, -ңдер, -ңыздар, -ңіздер, -ыңдар, -іңдер, -ыңыздар, -іңіздер.

10. Етістік сөйлемде қолданылғанда түрлі-түрлі тұлғада келеді, өйткені оның түрлері де, категориялары да көп. етістік қай тұлғада тұрса, сол тұлғалардың атымен аталады (мысалы, шарттырай тұлғалы етістік, осы шақ тұлғалы етістік т.б.).

Етістік басқа сөз таптарының тұлғасында да қолданылады. Бұл оның басқа мағынада (субстантивтік, атрибутивтік) қолданылуымен байланысты.

Етістік сөйлемде бір категорияның да, бірнеше категорияның да көрсеткіштерімен қоданыла береді және олар белгілі бір заңдылықтармен тіркеседі: 1) қимылдың өту сипаты категориясының, 2) болымдылық-болымсыздық категориясының, 3) рай, шақ көрсеткіштерінің бірі (бұл екеуі бір сөзде қатар қоданылмайды), 4) мүмкіндік және ниет-пиғыл модальдықтары шақ көрсеткішінен бұрын тұрады, 5) соңынан жіктік жалғауы жалғанады.

Әдебиеттер:

1. Оралбаева Н. Қазіргі қазақ тіліндегі етістіктің аналитикалық форманттары. А., 1975. 36-41,72-127-б.

2. Қордабаев Т. Қазіргі қазақ тіліндегі етістіктің шақ категориясы. А., 1953.

3. Оралбаева Н. Қазақ тіліндегі етістіктің категориялары. А., 1980

4. Садуахасов Ж. Қазіргі қазақ тіліндегі етістіктің жақ категориясы.А.,1994.

Қосымша әдебиеттер:

  1. Мұхамади К. Қазіргі қазақ тіліндегі етістіктің тездік тәсілі. А., 2004. 53-76-б.

  2. Бибеков Қ. Қазіргі қазақ тіліндегі қимылдың аяқталу кезеңі және оның берілу жолдары. КДА., А., 2000.

  3. Әбдіғалиева Т. Қазігі қазақ тіліндегі болымдылық-болымсыздық категория.ДДА., А., 1998.

  4. Құлманов Б. Қазақ тіліндегі мүмкіндік модалділігінің функционалды-семантикалық өрісі. КДА, 2004. 7—б.

  5. Дүйсембекова Л. Қазіргі қазақ тіліндегі бұйрық райдың парадигмасы мен мағыналық құрамы. КДА, А., 1998.

  6. Мамаділов Қ.А. Қазақ тіліндегі етістіктің модалдық құрылымдары. КДА, 1996.

  7. Түймебаев Ж. Прошедшее время индиқатива в казахском языке. АДК, А., 1987.

12-дәріс. Үстеу

    1. Үстеудің жалпы сипаты

    2. Үстеудің морфемдік құрамы

    3. Үстеудің мағыналық топтары

    4. Үстеудің сөйлемдегі қызметі

1. Сөздерді таптастырудың 1-ұстанымы бойынша, үстеу – қимылды жан-жақты сипаттайтын сөз табы. Оған қимылдың болған я болатын мезгілі, орны, мекені, мөлшері, қалай жасалғаны, мақсаты, себебі сияқты алуан түрлі мағыналар жатады. Мысалы: Бүгін қымыз жақсы ашыған екен (М.Ә). т.б.

2-ұстаным бойынша, үстеудің грамматикалық категориясы жоқ.үстеу – түрленбейтін сөз табы. Демек үстеу сөйлемде түбір тұлғада қолданылады деген сөз. Яғни сөйлем үстеудің тұлғасына әсер ете алмайды деген сөз. Мұның өзі үстеудің морфологиялық сипаты болып табылады.

Үстеудің қолданыста түрленуі де кездесіп қалады. Бұл екі жағдайға байланысты: біріншісі – ғалымдардың көбі үстеулерді сын есімнен пайда болды деп есептейді. Осындай бойында сын есімдік қасиеті болған үстеулер шырай тұлғасымен түрленуі мүмкін. Екіншіден – үстеулер заттанып, зат есімше түрленуі мүмкін. Алайда бұлар үстеудің өзіндік сипаты емес.

3-ұстаным бойынша, үстеулер етістіктің алдынан тіркесіп, сөйлемде пысықтауыш қызметін атқарады.

Сөйтіп, мағынасы жағынан қимылдың жай-күйін сипаттайтын, морфологиялық жағынан түрленбейтін, синтаксистік жағынан сөйлемде пысықтауыш қызметін аттқаратын сөздер үстеу деп аталады.

2. Морфемдік құрамына қарай үстеулер негізгі және туынды деп бөлінеді. Негізгі үстеулер бір ғана морфемадан тұратындықтан, оның құрамы бөлшектеуге келмейді: қазір, бағана, әлі, сол, бұрын, әрең, кеш, енді, әнтек, таман, дереу, дәл, ұдайы т.б.

Туынды үстеулер дара және күрделі боп екі топқа бөлінеді. Дара туынды үстеулер уәждеме сөз бен сөзжасамдық жұрнақтан тұрады: күн-діз, шет-кей, ерте-ң, түн-делете, жұлдыз-ша , көр-неу, қас-ақана т.б.

Күрделі үстеулер екі не одан да көп түбірлерден жасалады: 1) кіріккен: биыл, бүгін, жаздыгүні т.б.; 2) біріккен үстеулер: аққұла, біржолата, құлантаза т.б.; 3) тіркесті түбірлер: күні ертең, күндердің бір күнінде, таң ата, екі кештің ортасында т.б.

3. Үстеулер мағыналық жағынан 7 топқа бөлінеді.

1) Мезгіл үстеулері. Қимыл атаулының шындық өмірде жасалуы белгілі бір мезгілге қатысты болады. Мезгіл үстеулері қимылдың жасалу мезгілін дәлме-дәл де, шамамен де, белгілі бір уақыт арасында да, әр түрлі мезгілде де білдіре алады. Үстеу сөздер: кеше , бүгін, ертең, ертемен, кеш, кешке, қазір, күндіз, енді, қыстай, ертеңгісін, жаздай, жуырда, ежелден, оқтын-оқтын, күні ертең, түні бойы, жаз шыға т.б. Мысалы: Ол Раушанмен оқта-текте сырласпайды, мұңдаспайды (Б.М.).

Сонымен, қимылдың, амалдың, жалпы мезгілін, дәл мезгілін, ұзақ мезгілін білдіретін үстеудің түрі мезгіл үстеу деп аталады. Мезгіл үстеуі қашан? қашаннан? деген сұрақтарға жауап береді.

2) Мекен үстеулері. Шындық өмірде қимылдың белгілі бір орында, мекенде жасалып жатқанын сөйлеуші арқылы білдіретін үстеулер бар. Оларға: жоғары, төмен, жолшыбай, әрі, бері, алда, артта, ілгеріде, артқа, кері, жол-жөнекей, алды-артынан, тысқары, онда, осында, тұс-тұстан, оқшау, әрмен, әредік, шеттеу, жолай, солай т.б. сөздер жатады. Мекен үстеулері қайда? қайдан? деген сұрауларға жауап береді.

3) Мөлшер үстеулер. Қимылдың шамасын, мөлшерін білдіретін үстеулер мөлшер үстеулері деп аталады. Оларға: әрең, жата, сонша, мұнша, соншалық, осыншалық, бүтіндей, екіншілей, азғантай, шөміштеп, осыншама, бірен-саран, анағұрлым, бірталай, бірқатар, қыруар, едәуір, көптеген, бірқыдыру т.б. сөздер жатады. Мөлшер үстеулері қанша? қаншалық? қаншама? деген сұрақтарға жауап береді.

4) Сын-бейне үстеулері. Қимылдың сапалық белгілерін, өту тәсілін, жай-күйін білдіретін үстеулер сын-бейне үстеулері деп аталады. Қимылдың өту тәсілі алуан түрлі болатындықтан, оны білдіретін сөздердің саны да мол. Мысалы: әрең, азар, дереу, шапшаң, осылайша, ойша, бірден, бірге, жылдам, тез, дәл, әншейін, бірте-бірте, біртіндеп, қазақша, бұрынғыша, өзінше, тікелей, біржола, қолма-қол, ауызба-ауыз, шалқасынан, етпетінен, жүресінен, бет алды, қаннан қаперсіз, ашықтан-ашық т.б. Мұндай үстеулер қалай? қайтіп? қалайша? кімше? неше? тәрізді сұрақтарға жауап береді.

5) Мақсат үстеулері. Мақсат үстеулері деп қимылдың жасалу мақсатын білдіретін үстеулер аталады. Неге? не үшін? деген сұрауларға жауап береді. Оларға: әдейі, әдейілеп, жорта, қасақана, жори сөздері жатады. Мысалы: Өзіңді іздеп Алматыға әдейі келдім (С.Ш.).

5) Себеп-салдар үстеулері. Себеп-салдар үстеулері қимылдың себебін білідреді: босқа, құр босқа, жоққа, бекерге, амалсыздан, бостан-босқа, тектен-текке, тегіннен-тегін, аққұла, лажсыздан, шарасыздан, сөйлей-сөйлей, айта-айта, текке. Бұлар неліктен? не себепті? деген сұрауларға жауап береді.

6) Топтау үстеулері. Қимылдың топталып жасалатынын білдіретін үстеулер топтау үстеулері деп аталады: екеулеп, ондап, жүздеп, он-ондап, топ-тобымен т.б. бұлар қаншадан? нешеден?, қалай-қалай? т.б. сұрақтарға жауап береді.

7) Күшейту үстеулері қимылды өте күшейтіп я өте солғындатып көрсетеді. Саны жағынан көп емес: мейлінше, әбден, ылғи, кілең, өңшең, өңкей, сәл, төтенше, жөнсіз, ретсіз, соншадлық, мұншалық, айрықша, пәрменінше,оншалықты, соншалықты, мұншалықты. Мысалы, Мұншалықты күйінетін басыңа не зор туды (С.М.).

4. Үстеулер сөйлемде басқа сөздермен қарым қатынасқа түсіп, синтаксистік қызмет атақарады. Үстеу қимылдың жай-күйін білдіретіндіктен, мағыналық жағынан негізінен етістікпен байланысады. Ол етістіктің алдынан келіп, пысықтауыш қызметін атқарады. Мысалы, Тысқа жұртпен бірге Асқар мен Итбай да шықты (С.М.). Үстеу пысықтауыштың барлық түрін атқарады. Кейбіреулері жіктік жалғауын қабылдап баяндауыш қызметінде қолданылады: Мен сенімен біргемін (Ғ.С.). Үстеулердің ішінде көп мағыналы сөздер де бар. Олар басқа сөздермен байланысып, басқа да мүшелердің қызметін атақарады: Сонша алтынды қайдан алдың? (С.М.). сонша – анықтауыш. Бүгінді ертең жеңеді (Ғ.С.).бүгінді – толықтауыш, ертең – бастауыш.

Әдебиеттер:

  1. Ысқақов А. Қазіргі қазақ тілі. Морфология. –А., 1991.

  2. Оралбай Н. Қазіргі қазақ тілінің морфологиясы. –А., 2007.

  3. Қазақ грамматикасы. –Астана, 2002.

  4. Қазақ тілінің грамматикасы. І том. –А., 1967.

Қосымша әдебиеттер:

  1. ИскаковА. Наречие в современном казахском языке. –А.,1950.

  2. Таңсықбаева Б.А. Қазіргі қазақ тіліндегі үстеудің сөзжаксам жүйесі. КДА, 2006.

13-14-дәріс Еліктеуіш сөздер мен шылаулар

    1. Еліктеуіш сөздердің өзіндік белгілері, түрлері

    2. Еліктеуіштердің фонетика-морфологиялық сипаты

    3. Еліктеуіш сөздердің синтаксистік қызметі

    4. Шылау туралы түсінік

    5. Шылаудың түрлері: септеулік шылаулар

    6. Жалғаулық шылаулар

    7. Демеулік шылаулар

1. Еліктеуіш сөздер – сөз табы ретінде кейін танылған сөз табы. Оны сөз табы ретінде дәлелдеген А.Ысқақов еді.

1950 жылға дейін еліктеуіштер одағайлар қатарына жатқызылыпкелді. 1948 жылы А.Ысқақов „Еліктеу сөздер туралы” деген мақаласында еліктеу сөздерді сөз табы ретінде дәлелдеп, оны одағайлар қатарынан шығаруды ұсынды. Сөйтіп, 1950 жылдан бастап ғалым еліктеу сөздерді жеке сөз табы ретінде оқулықтарға енгізді. 1954 жылы шыққан алғашқы ғылыми грамматикаға да жеке сөз табы ретінде енді.

Қазіргі қазақ тілінде еліктеуіш сөздер басқа сөз таптарынан мағынасы жағынан да, дыбыстық құрамы жағынан да, грамматикалық қызметі жағынан да өзіндік ерекшелігі бар сөз табы деп есептеледі.

Еліктеуіш сөздер деп өмірдегі заттардың бір-біріне соқтығысуынан шыққан, басқа да әр түрлі табиғи дыбыстарға еліктеуден немесе заттардың әр түрлі әрекеттерінің әр түрлі көріністерін бейнелеп атаудан пайда болған сөздер аталады. Мысалы: гүрс, тарс, сырт, кірт, тық-тық, тоқ-тоқ, тарс-тұрс, гүрс-гүрс т.б. сөздер заттардың бір-біріне соқтығысуынан шыққан түрлі дыбыстарды білдірсе, арс-арс, мыңқ-мыңқ, күңк-күңк, шіңк, ыңқ, саңқ, қарқ-қарқ т.б. сөздер адамдар, жануарлар басқа да тіршілік иелері шығаратын дыбыстарды білдіреді, ал жалт-жалт, қалт-құлт, бүгжең-бүгжең, арбаң-арбаң, жалп-жалп, жалт-жұлт, қисаң-қисаң т.б. осындай сөздер өмірдегі заттардың, құбылыстардың, адамдардың қимыл қозғалыстарындағы көзге көрінетін әр түрлі бейнелерді суреттеп көрсетеді. Мұның бәрі еліктеуіш сөздердің мағыналық ерекшеліктері ретінде сөз табы болудың 1-ұстанымына жатады.

Сөз табы болудың 2-ұстанымы – морфологиялық қасиет еліктеуіш сөздерге тән емес. Бұл жағынан ол шылау, одағай,үстеу сөз таптарына ұқсайды. Дегенмен, еліктеу сөздердің өзіндік басты ерекшелігі – дыбыстық құрамы болып табылады. Олар екі, үш, төрт дыбыстан тұратын бітеу буынды сөздер болып келеді. Сонымен бірге бұл сөз табы өзінің құрамын басқа сөз таптарынан туынды сөз жасау арқылы кеңейтіп, толықтырып отырады. Бірақ бұл сирек болатын, негізінен бұрынырақ болған құбылыстар деп есептеледі.

Сөз табылық 3-ұстанымға сай еліктеуіш сөздер сөйлем мүшесі ретінде негізінен пысықтауыштық, кейде анықтауыштық қызметтер атқарады.

Еліктеуіш сөздер ойды дәл, қысқа, анық жеткізуде көркем шығармаларда жиі қолданылады.

Еліктеуіштер мағынасына қарай: 1) еліктеуіш сөздер, 2) бейнелеуіш сөздер деп бөлінеді.

Еліктеу сөздер – табиғаттағы, өмірдегі заттардың соқтығуынан, түрлі хайуан, аң-құстардың дауыстарына еліктеуден пайда болған адамдардың сөйлеу аппараттарынан шыққан дыбыстарды білідретін сөздер. Оларды төмендегіше топтастыруға болады:

1) Табиғат құбылыстарының және өмірдегі заттардың қозғалуынан шыққан әр түрлі дыбыстарға еліктеуден пайда болған сөздер: шатыр-шұтыр найзағай, гу-гу жел, сылдыр-сылдыр қамыс, бұрқ-сарқ боран, жым-жырт көл, бұрқан-тарқан дауыс т.б.

2) Адаммен байланысты дыбысқа еліктеуден пайда болған еліктеу сөздер: қарқ-қарақ күлу, солқ-солқ жылау, шаңқ-шұңқ ұрысу, қорс-қорс жылау, күңк-күңк әңгіме т.б.

3) Алуан түрлі хайуан, аң-құстардың дауыстарына, дыбыстарына еліктеуден пайда болған еліктеу сөздер: бақ-бақ, барқ-барқ, арс-арс, қарш-қарш, пыр-пыр, шыр-шыр т.б.

4) Жансыз заттардың бір-біріне соқтығысуынан болған дыбыстарға еліктеуден болған сөздер: тарс-тұрс, салдыр-гүлдір, зың-зың, тық, тік, кірш, шылп, борс т.б.

Бейнелеуіш сөздер сөздер деп табиғат құбылыстарының, айналадағы заттардың, адамның, хайуанаттың сыртқы көрінісі,, қимыл әрекетінің бейнесін суреттеуден пайда болған сөздер аталады. Бұл сөздерді мағыналық жағынанбылай жіктеуге болады:

1) заттардың түрлі сыртқы бейнесін білдіреді: Үсті-басы жалба-жұлба (С.К.).

2) қимылдың сипатынбілідреді: Бала томпаң-томпаң жүріп келеді (М.Ә.).

3) табиғи құбылысты суреттейді: Найзағай жалт-жұлт, жарқ-жұрқ ойнады (З.А.).

4) жанды заттардың дыбысын, қалпын суреттейді: Бұзаулар шөпті бырт-бырт жеп тұр (Ж.Т.).

5) жансыз заттардың бейнесін суреттейді: Скважина ауызы ойпаң-тойпаң болып қалды (Ғ.С.).

2. Еліктеу сөздердің дыбыстық құрамы белгілі үлгілер бойынша қалыптасқан. Олардың дыбыстық құрамы үлкен емес және құрамындағы дыбыстардың түрлі-түрлі болуының өзіндік атқаратын қызметі бар. Мысалы, құрамында жіңішке дауыстының болуы қимыл дыбысының әлсіздігін білдірсе (шіңк-шіңк, гүрс-гүрс, гу-гу, дір-дір т.б.), жуан дауыстының болуы қимыл дыбысының күштілігін көрсетеді (тарс-тұрс, тарбаң-тарбаң, дар-дар, қор-қор, қарш-қарш, қалбаң-қалбаң т.б.).

Еліктеу сөздер екі дыбыстан бастап алты дыбыстан құралады. Үлгісі:

2 дыбыстын: 1) Д+Дз: ыр (етті), ыс (етті) т.б.; 2) Дз+Д: гу, ду, зу, шу т.б.

3дыбыстан: Дз+Д+Дз: гүр, дүр, зыр, сар, дар, дыр, бақ, шақ, сақ, шыж, быж т.б.

4 дыбыстан: Дз+Д+Дз+Дз: тарс, сарт, бырт, қырт, тырс, жалт, солқ, қаңқ, саңқ, бұлт, жылт, зірк, күрк, жалп, салп, томп, қыңқ т.б. Байқағанымыздай, соңғы екі дауыссыздың алдыңғысы үнді, соңғысы қатаң болады. Ал олардың арасындағы дауыстылырдың (а, о, ұ, ү, ы, і, е, ө) қатысуына қарай сөздердің мағынасында да өзгерістер болады. Демек, бұлардың белгілі бір заңдылықпен құралған дыбыстық құрамы бар екенін байқаймыз.

5 дыбыстан құралатын екі буынды сөздер болады және олардың көпшілігінің соңы Ң дыбысына бітеді. Мұны ғалымдар көне сөзжасамдық қосымша деп есептейді. Олардың үлгісі: 1) Д+Дз+Дз+Д+Дз: ербең, елбең, арбаң т.б.; 2) Дз+Д+Дз+Д+Дз: бұлаң, салаң, сумаң, жыпың, жалақ, далаң, қыпың, қожаң, шақыр, тасыр, сабыр, сылаң т.б.

6 дыбыстан: Дз+Д+Дз+Дз+Д+Дз: сыпсың, тырбың, қақшаң, тырбаң, мықшың, жылтың, сылтың, қылтың, делбең, жарбаң, қайқаң, сүйрең т.б. Мұнда да Ң дыбысы көбірек кездеседі. Бұл сөздер екі бітеу буыннан тұрады.

Сөйтіп, еліктеуіш сөздердің дыбыстық құрамының белгілі бір модельдер арқылы құралуы өзіндік ерекшелігі болып табылады.

Еліктеуіштер морфологиялық құрамы жағынан дара және күрделі болып келеді. Дара еліктеуіштердің өзі негізгі (гу, ду, гүр т.б.) және туынды (-ң, -ың, -ің, -аң, -ең арқылы: жым-ың, селт-ең, салп-аң т.б.; -лаң, -лең, -алаң, -елең арқылы: арс-алаң, соз-алаң, ора-лаң т.б.) болып бөлінеді.

Күрделі еліктеуіштер қосарлану арқылы дара еліктеуіштерден жасалады: гу-гу, арс-арс, тарс-тұрс, ербең-ербең, талтаң-талтаң, бажыраң-бажыраң т.б.

Еліктеуіш сөздер туынды сөздерге уәждеме болады:

1) зат есімге: тарсыл, гүрсіл, ыңқыл, даңғыр, дүңгір, сыңғыр, сарқырама, көлкіме, шуылдақ т.б.;

2) етістікке: сүмпи, қылти, селтеңде, елпеңде, сылдырла, жалбаңда, ырбаңда т.б.;

3) құранды етістік жасауға негіз болады: жылп етті, сарт етті, саңқ етті, тарс-тұрс етті, сарт-сарт етті, шықыр-шықыр етті т.б.;

4) сын есімге: былбыр, елбір, бүлкек, жалтақ, бұрқақ, жалпақ т.б.

3. Еліктеуіш сөздер сөйлемде әр түрлі қызмет атқарады.

Көбіне пысықтауыш болады: Машина кілт тоқтады.

Анықтауыш болады: Күңгір-күңгір қоңырау. Жол бойында қадақ-құдақ адамдар.

Баяндауыш болады: Басындағы шашы ұйпа-тұйпа, дода-дода.

Субстантивтеніп зат есімше түрленеді: Кәрінің күйбеңі көп болады. Сылпыңмен сырлас болма. Ұлы дүбірге қосылып көрелік.

4. Шылаулар деп өзінің шыққан сөз табынан байланысын жоғалтқан, грамматикалық даму нәтижесінде лексикалық мағынасынан айырылып, грамматикалық мағынаға көшкен, түрлі грамматикалық қызмет атқаратын тілдік бірліктер атқарады.

Шылаулар – грамматикалық мағынаны білдіруі жағынан, дыбыстық құрамы жағынан көмекші сөздердің ішінде қосымшаларға ең жақын тілдік бірліктер:

1) Бірсыпыра шылаулар қосымшалар сияқты дыбыстық вариантқа түрленіп қолданылады: да/де, та/те, ма/ме, па/пе, ба/бе; қой/ғой, ды/ді, ты/ті; құрлы/ғұрлы/ғұрлым; бойы/бойымен; әйтсе де/әйткенмен/әйткенде/әйтпегенде; я/яки/яғни; т.б.

2) Шылаулардың біразы тіркесетін лексикалық сөздің тұлғасын таңдайды. Мәселен, септік шылаулар септік категориясына ғана қызмет етеді.

Шылаулардың бұл қасиеттері олардың өте абстракті тілдік бірліктер екенін білдіреді.

Демек, шылаулар деп сөз бен сөзді, сөйлем мен сөйлемді байланыстыратын, сөзге әр түрлі грамматикалық мағына қосатын, сөздің грамматикалық тұлғасын түрлендіретін көмекші сөздердің бір түрі аталады.

5. Шылаулардың мағынасы да, сөзге тіркесу қабілеті де, атқаратын қызметі де алуан түрлі. Осымен байланысты шылаулар үш түрге бөлінеді: 1) септеуліктер, 2) жалғаулықтар, 3) демеуліктер.

Септеулік шылаулар деп септік жалғауларының мағынасын аша түсетін, толықтыратын, түрлендіретін шылаудың түрі аталады. Септеулік шылаулар – белгілі септіктерге ғана тіркесетін шылау түрі. Өйткені септеулік шылаулардың мағынасы сол өздері тіркесетін септіктердің мағынасына байланысты. басқа шылау түрлерінен осы қасиеттерімен ажыратылады.

Септеулік шылаулардың мағынасы септік категориясының грамматикалық мағынасына үстеме грамматикалық мағына қосып түрлендіреді. Ал әр септіктің грамматикалық мағынасы әр түрлі болуына байланысты, септеуліктердің де мағынасы осы арқылы анықталады. Шылауы бар септіктер: атау, барыс, шығыс, көмектес.

1. Тілде атау септіктегі сөз қимылдың субъектісін атап қана қоймай, оның мәнін аша түсу үшін түрлі әдістер қоданылады. Соның бірі атау септікті анықтайтын анықтауыш сөздердің шылаулар арқылы берілуі. Атау септік тұлғалы сөздермен тіркесетін шылаулар мыналар: арқылы, туралы, тураында, үшін, сайын, сияқты (секілді, сықылды), шақты, шамалы, жөнінде, бойы, бойымен, ғұрлы (ғұрлым, құрлы). Бұл шылаулар өзі тіркескен сөздерге мынадай грамматикалық мағыналар үстемелейді:

1) қайталау, даралау мағынасы сайын шылауы арқылы: Күн сайын опырыла түсіп, сағат сайын қауіп төндіреді (Ғ.С.). Келген сайын сені іздедім (С.Е.).

2) ұқсату мағынасын сияқты, секілді, сықылды, тәрізді шылаулары білдіреді: Мал емес, адам сияқты, еңкеңдеп келеді (Ә.О.).

3) себеп мағынасын үшін шылауы білдіреді: Қатпа үшін бұл да қолайлы сияқты (Ә.О.). – Болдық, оны не үшін сұрайсың? (З.Ш.).

4) мезгіл мағыналы шылаулар бойы, бойымен: Өмір бойы мал бағу міндетті ме? (Ж.Н.). Жыл бойы неге бітірмедің? (С.Ж.).

5) туралы, жайында, жөнінде, турасында, жөнінен заттың жөнін білдіретін шылаулар: Әңгімелері ауыл жайында еді (Ғ.Мұст.). Сен жөнінде неге әңгіме көп? (А.Т.).

6) болжал мәнді шылаулар: шақты, шамалы, қаралы: Он шақты машинаға тиеліп жүз қаралы дұшпан солдаттары келіп қалды (Т.А.).

7) шендестіру мәнді шылаулар: ғұрлы, ғұрлым: Жас бала ғұрлы ақылың болмады ма? (С.Ж.). Әжең ғұрлы күшің жоқ (Б.Н.).

2. Барыс септікті сөздермен тіркесетін шылаулар: қарай таман, салым, жуық, таяу, тарта, шейін, дейін.

1) қарай, таман, жақын, тарта, жуық, таяу шылаулары барыс жалғаулы сан есімдерге тіркесіп болжал мағынасын білдіреді: Аспанға жүзге тарта самолет көтерілді (С.Е.).

2) таяу, жақын, қарай, таман, жуық, дейін шылаулары мекен бағыт мағынасын білдіреді: Ержан сол бүйірге таман бет алды (Т.А.).

3) қарай, таман, дейін, жақын, жуық шылаулары мезгіл мағынасын білдіреді: Қаңтар айының аяғына таман аяз күшее түсті (М.Ә.).

3. Шығыс септік жалғаулы сөзбен тіркесетін септеулік шылаулар: гөрі, әрі, бері, кейін, соң, бұрын, бетер. Мағыналары:

1) мезгіл мағынасын білдіретін септеуліктер: бері, бұрын, соң, кейін, дейін: Біз Қазан төңкерісінен кейін мүлде өзгердік (С.С.).

2) мекен мағынасын мына септеуліктер білдіреді: кейін, бері: Калининнен кейін Тулаға барамыз (Т.А.). Қарағандыдан соң асықпауға болады (Ғ.М.).

4. Көмектес септікті сөзбен тіркесетін шылаулар: қатар, бірге: Өз жұмысыммен бірге қоғамдық жұмыс та қосылды (С.М.). Әнмен қатар би де үйрендім (М.Ғ.).

6. Жалғаулық шылаулар – дербес лексикалық мағыналы сөздерді, сөйлемдерді бір-бірімен байланыстырып, оларға түрлі грамматикалық мағыналар қосатын тілдік бірліктер. Ондай шылауларға: мен, бен, пен, және, та, те, не, немесе, я, яки, не болмаса, бірақ, алайда, бірақ, дегенмен, әйткенмен, ал, құй, мейлі, әлде, бір, біресе т.б. жатады.

Жалғаулық шылаулардың мағыналары әр түрлі.

1) Ыңғайластық жалғаулықтар деп бірыңғай мүшелерді, сөйле мен сөйледерді байланыстыру қызметін атқаратын жалғаулық шылаулар аталады. Олар: мен (бен, пен), және, да (де, та, те), әрі, тағы. Бұлардың ішінде ең жиі қолданылатыны – мен жалғаулығы. Бұлар кез келген бірыңғай мүшелерді байланыстырады: Үміт пн Есет жайында ойластыру керек (М.Ә.).

Қалған жалғаулықтар бірыңғай мүшелерді де, сөйлемдерді де байланыстырады: Бұл жиында Ызғұтты мен Жақып және Майбасар сияқты үлкендер және Құдайберді мен Абай бар (М.Ә.). Танктің қақпағы жабылды да, бірнеше автоматтан оқ борап кетті (Ғ.М.).

2) Қарсылықты жалғаулықтар тіркескен сөз, сөйлемдердің соңғысы алдыңғы сөзде, сөйлемде айтылған ойға, қимыл-әрекетке қарама-қарсы пікірді білдіреді. Бұған мынадай шылаулар жатады: бірақ, алайда, әйтсе де, әйткенмен, дегенмен, онда да, әйтпесе, болмаса, әйтпегенде, ал. Бұл шылаулардың ішінде көбірек қолданылатыны – бірақ. Мысалы, Соған жету жолын көрсетпейді,бірақ көрмейсіңдер деп басқаны тықсыра береді (Ғ.М.).

Қарсылықты шылаулардың көпшілігінің мағынасы синонимдес болады, сондықтан бірінің орнына бірі ауысып қолданыла алады, алайда бәрі емес. Мысалы, Малдың қоңды болатыны рас, алайда (бірақ, әйтсе де) одан тұқымның жақсаруына келерпайда жоқ (Ғ.С.). Шындық анықталып аман қалдым, әйтпесе (болмағанда)университеттен шығаратын еді (З.Ш.). Сен танымадың, қарағым, ал (бірақ) мен сені жақсы таныдым (Ә.Т.).

3) Талғаулықты жалғаулар айтылатын ойдың бірі талғанып жасалатынын, я кезектесіп жасалатынын білдіреді. Талғаулық жалғаулықтары мыналар: я, яки, не, немесе, не болмаса, біресе, бірде, кейде,әлде, құй, мейлі, болмаса. Бұлар біріыңғай мүшелерді де, сөйлемдерді де байланыстырады. Мысалы: Егер мен елдің өсегінен қаймығып не болмаса даңқына қызығып, бұған берілсем, онда не болғаны (Ә.Ә.). Кейде тамсанып қойып, кейде ұзақ-ұзақ қалғып та кетеді (М.Ә.).

4) Себептік жалғаулықтар құрмалас сөйлемнің арасындағы себептік қатынастарды білдіреді. Оларға: өйткені, себебі, неге десең, не үшін десең шылаулары жатады. Мысалы: Бұл хабарды Гүлнар қуанышпен қарсы алды, өйткені Телкөл Сарысу өзені құйылатын ағыста (С.М.). – Әй, ол жеңер сені, себебі келешек онікі ғой (С.М.).

5) Салдарлық жалғаулықтар құрмалас сөйлем сыңарларындағы ойдың салдарлық қатынасын білдіреді. Ол шылаулар: сондықтан, сол себепті, сонан соң, сол үшін. Мысалы: Жер жақын болып екеуіңіз жеңісе алмадыңыздар, сонан соң алысқа айдап отырмын (Ғ.Мұст.). Я, бәрін қазір қайла шешеді. Сонан соң мен де жармастым қайлаға (Ғ.Мұст.).

6) Шарттық жалғаулықтар бағыныңқылы сабақтас құрмалас сөйлемнің шарттылық мағынасын күшейту қызметін атқарады. Олар: егер, онда, егер де, алда-жалда. Мысалы: Егер ол сені танымаса, өзіңді таныстыр (С.Ж.). Алда-жалда тіпті қиын болса, сырттан оқуға көш (С.Ж.).

7. Демеулік шылаулар тіркесетін сөздеріне әр түрлі грамматикалық мағына қосады. Демеулік шылауларға мына шылау түрлері жатады: ма, ме, ба, бе, па, пе, ше, -ау, -ай, -ақ, да, де, та, те, -мыс, -міс, түгіл, тұрсын, тұрмақ, екеш, құрлым, қана, ғана. Бұл шылаулардың өзіндік ерекшеліктері бар: 1) көбі бір буынды, екі буындылар аз – ғана, екеш, түгіл, тұрсын, тұрмақ; 2) дыбыстық варианттары бар: да/де, та/те, ма/ме, ба/бе, па/пе, ғана/қана, қой/ғой; 3) дефис арқылы жазылатын демеуліктер бар: -ақ, -ай, -мыс, -ты, -тын; 4) күшейткіш мәнді -ау демеулігі қолданыста таңдануды да білдіреді: Ғажап-ау, мен кімді көріп тұрмын?! (Ә.Ә.); 5) Түрлі сөз таптарына сөз тұлғасын таңдамай тіркесе береді, тек –мыс, -міс жіктік жалғауынан кейін жалғанады; 6) одағайлармен тіркесетін демеуліктер аз, олар: -ау, -ай; 7) демеуліктер түрлі сөйлем мүшесімен тіркесе береді, алайда сөз таңдайтындары да бар. Оларға –ды, -ді, -ты, -ті, -мыс, -міс, ма, ме, па, пе жатады.

Шылаулардың түрленбейтіні белгілі, алайда –да, -ғана, -ақ шылаулары жіктік жалғауын қабылдай алады. Мысалы: Үндемей жүргенде жақсы-ақсың. Ал инженер-мелиоратор жалғыз сіз ғанасыз. Мен оның қамқоршысы-дамын, баласы-дамын.

Демеуліктердің мағыналары алуан-түрлі. Олар 8 топқа бөлінеді.

1) Күшейткіш демеуліктер өзі тіркескен сөздердің мағынасын күшейту қызметін атқарады. Олар: да, де, та, те, -дағы, -тағы, -ақ, -ай, -ау. Мысалы: Өзге керейдің ішінде Балта үркердей-ақ (С.М.).

2) Сұраулық демеуліктер сұрау мәнін білдіріп, сұраулы сөйлемдер жасайды. Олар: ма,ме, па, пе, ба, бе, ше. Бұлар үнемі баяндауыш құрамында келеді: Ұзап кетпейміз бе? (Т.А.). Оның сөзіне жұрт сенбесе ше? (С.М.).

3) Шектеу демеуліктер затқа, сапаға шек қою, тежеу мағынасын білдіреді. Олар: ғана, қана, -ақ. Мысалы: Осы ғана менің айтарым (Ә.Ә.). Мыңнан аса жылқыны үш-ақ адам бағады (Ғ.М.)

4) Тежеу демеулігіне тек шылауы жатады. Мысалы: Тек өмір үшін күрес (З.Ш.).

5) Болжалдық демеуліктер (-мыс, -ау) күмәндану, сенімсіздік білдіру, кейде кекету, мысқылдау мәнін білдіреді. Қарымсақтың көзінен бүршіктеген жас шығыпты-мыс (Б.М.). Әттеген-ай, көре алмай қаламын-ау (С.М.).

6) Нақтылау демеуліктері болып есептелетін -ды, -ді, -ты, -ті, -тын, -тін, қой, ғой демеуліктері сөздің мағынасын нығарлай, бекіте, нақтылай түсу үшін қызмет атқарады. Мыалы: Осыны да үнсіз тыңдап шыққан-ды (М.Ә.). Түсің бұзылып тұр ғой (З.Ш.).

7) Қомсыну демеулігіне екеш шылау ғана жатады. Құс екеш құс та балапанын қорғайды.

8) Түгіл, -ай, -ау, да, де, қой, ғой демеуліктері болымсыздық, кейде салыстыру мағыналарын жасайды. Мұндай адамды көрмек түгіл, түсіне де кірген емес (Д.Ә.). Адам болайын деп тұрған бала-ау (З.А.).

Негізгі әдебиеттер:

  1. Ысқақов А. Қазіргі қазақ тілі. Морфология. –А., 1991.

  2. Оралбай Н. Қазіргі қазақ тілінің морфологиясы. –А., 2007.

  3. Қазақ грамматикасы. –Астана, 2002.

  4. Қазақ тілінің грамматикасы. І том. –А., 1967.

Қосымша әдебиеттер:

  1. Сарыбаев Ш.Ш. Қазақ тіліндегі еліктеуіш сөздер. – А., 1960. 3-10-б.

  2. Қатембаева Б. Бейнелеуіш сөздердің семантикасы. – „ҚМ”, 1964, № 11, 61-62 -б.

  3. Қатембаева Б. Еліктеу сөздердің семантикасы. – ҚазССР ҒА Хабарлары, Қоғ.ғыл.сериясы, 1965, 1-шығуы, 68-76-б.

  4. Мұхамади Қ. Қазақ тіліндегі септеуліктердің аналитикалық септікке қатысы. Қазіргі қазақ тілі теориясы және лингводидактика мәселелері. 9-шығуы. 2004, 123-127-б.

  5. Иманәлиева Ғ. Қазіргі қазақ тіліндегі шылаулардың синтаксисі. КДА, А., 1994.

  6. Әміров Р. Қазақ тіліндегі жалғаулықтар. А., 1959.

  7. Шақаман Ы. Қазіргі қазақтіліндегі демеулік шылаулардың мағыналық құрамы. КАД, А., 1997.

15-дәріс: Одағай. Модаль сөздер

  1. Одағайлардың жалпы сипаты

  2. Одағайлардың морфемдік құрамы

  3. Одағайдың мағыналары

  4. Одағайлардың мағыналық құрамы

  5. Модаль сөздер туралы жалпы сипаттама

  6. Модаль сөздердің қалыптасуы

  7. Модаль сөздердің қалыптасуы мен қолданылуы

1. Одағай – адамның сезімін, көңіл-күйін, бұйрығын, шақыру мәнін білдіретін сөз табы. Оның өзге сөз таптарынан көп айырмашылығы бар:

1) Одағай сөздердің мағынасы шындық өмірдегі затты, құбылысты, іс-әрекетті білдіруге қатысты емес, сондықтан ол сөйлемдегі ойды білдіруге де қатыспайды.

2) Одағайлар сөйлем құрамына кірмейді, сөйлемнен оқшау тұрады.

3) Одағайлар сөйлем мүшесі қызметін атқармайды.

4) Одағай- түрленбейтін категория, оның грамматикалық категориясы жоқ.

5) Одағай сөйлем мүшелерімен байланысқа түспейді.

6) Одағай сөйлемнен тыс тұрып, тұтас сөйлемге рең қосады.

7) Одағайлар – сөйлемде ерекше интонациямен айтылатын сөздер.

8) Одағайлардың жеке дыбыстарын созып айтуға болады, бұл оның мағынасын түрлендіреді.

Сонымен, одағай деп адамның сезімі мен көңіл күйін білдіру үшін, адамға, жан-жануарға бұйыру, шақыру, ренжу ишарасын сөйлемнен тыс тұрып білідру мақсатында қолданылатын сөздер аталады.

2. Морфемдік құрамына қарай одағайларды екі топқа бөлуге болады: негізгі одағайлар және туынды одағайлар.

Негізгі одағайлар бір ғана морфемадан тұрады, оларды әрі қарай бөлшектеуге келмейді: әй, па, түу, оһо, еһе, я, о, қап, пай, бәсе, ка, паһ, беу, е, уау, уһ, уһ, а. Мысалы, Ой, сен не деген тәртіпсізсің?! (С.М.). Қап, кетіп қалғаным-ай (С.Ж.).

Туынды одағайларға сөздердің кірігуі, бірігуі арқылы одағайға ауысқан сөздер жатады. Мысалы, ойпырмай, япырмай, апырай сөздері – ой пірім-ай сөзінің түрліше айтылуынан пайда болған варианттары. Бәрекелді одағайы барака аллаһу (арабша – алла саған бақыт берсін) тіркесінен, жәрәкімаллаалла рақым етсін дегеннен қалыптасқан. Мәссаған, масқарай одағайлары – мә саған, мә сен қара тіркестерінен шықса, ал Ура! Стоп! Бис! сөздері орыс тілінен және орыс тілі арқылы басқа тілідерден енген. Демек туынды одағайлар қазақтың өз сөздерінен де, басқа тілдің сөздерінен де жасалған. Одағайлар дара түрде де, қабаттаса күрделеніп те қолданылады. Мысалы: Бәсе, дұрыс айтасың (М.Ә.). Па шіркін-ай, қуанып қалған екен (С.Ж.). Паһ-паһ, күнше күркіредің (Ғ.Мұст.).

3. Одағай – іштей мағынаға бай сөз тобы. Олар үш топқа бөлінеді.

1) Көңіл-күй одағайлары адамның түрлі сезімін білдіреді:

- риза болу: бәрекелді, бәсе, уа, иә. М.: – Бәрекелді, абзал сөз! – Иә, келістік (С.Ж.).

- қуану: алақай, оһо, еһе. М.: Алақай, мамам келді! Оһо, бәйге менікі!(С.М.).

- қорқу, шошу: астапыралла, ойбай, оһ, аһ. М.: Ойбай, бұл не сұмдық! (М.Ә.).

- өкініш: әттең, қап, охой, уа, апыр-ай, түу. М.: – Әттең, не керегі бар еді?! (Ә.О.).

- таңырқау, таңдану, сүйсіну: оһо, еһе, па-пай, паһ-паһ, па, бәле. М.: Оһо, міне әдемілік (С.С.). Еһе, қандай тамаша! (З.Ш.). Па, шіркін, мырзалығы жанда жоқ қой! (С.М.). – О, тұлпардың тұлпары екен! (С.С.).

2) Бұйрық типтес одағайларға (императив) адам немесе жан-жануарға шақыру, бұйыру, жеку мәнді одағайлар жатады. Бұларды 1) адамға және 2) жан-жануарға бағытталған одағайлар деп бөліп қарастыруға болады.

Адамға бағытталған одағайлар: бұйыру (айда, сап-сап, мә: – Айда, кеттік! – Мә, енді сұрама!), тежеу, тоқтату, тыйым салу (жә, тек, тәйт, уа: – Жә жетті енді, тоқтат! –Уа, қой деймін, бала!), шақыру (әй, ау, уа: – Әй, шырағым балам, ар жағыңда әкең тұр... Сәлем бер! – Уа, халайық, құлақ сал менің сөзіме! – Ау, қайда кеттіңіз.) мәндерін білдіреді.

Малға, жан-жануарға бағытталған одағайлар шақыру, тоқтату, айдау, үркіту (кә-кә, құрау-құрау, шөре-шөре, ауқау-ауқау, көс-көс, шек, т.б.: –Құрау-құрау, құлыншағым, келші бері, арғымағым!), қарғау (жамандатқыр, мәлік келгір: – Жамандатқыр, қырсығуын қарашы!) мәнді болып келеді.

3) Тұрмыс-салт одағайлары адаммен байланысты қолданылады. Оларға амандасу, қоштасу, бұйрық, сыйластық, мәзірет мағынасындағы сөздер жатады: ассалаумалейкүм, уаләйкүмассалам, сәлем, қош, кеш жарық, қайырлы таң, қайыр, қош болыңыз т.б.және әр түрлі әскери бұйрықтар жатады. Мысалы: –Кеш жарық! – деді Щербаков кіре бере (Ғ.Мұст.). – Қайыр, көріскенше күн жақсы болсын! – Алға, жауынгерлер! Отан үшін, алға!

4. Одағайлардың мағыналық құрамы әр түрлі. Сондықтан оларды бір мағыналы және көп мағыналы деп бөлуге болады.

Кей одағайлар қолданыс ыңғайына қарай адам көңіл күйінің әр түрлі реңкін, ішкі ерекшеліктерін білдіреді. Бұларды көп мағыналы одағайлар деуге болады. Мысалы: – Әй, имансыздар, – деді ол қатты ашуланған дауыспен, – ұят бар ма сендерде (С.М.). – Әй, қу бала! – деп Жәкең бір жылжып қойды (С.М.). –Әй, қандай әдемі! (Ә.Ә). – Әй, қойшы әрі, – дедім мен (С.Т.). Осы мысалдарда бір ғана әй одағайы жекіру, риза болу, таңдану, зеку мәндерін білдірген. Басқа көпшілік одағайларды осындай түрлі мағынада қолдана беруге болады.

Одағайлардың бір тобы, қандай жағдайда болсын, тек бір мағынада қолданылады. Олар: субханалла, алақай, қап, тәйт, жә, әлди-әлди, уф-ф, , астапыралла, пішту, әуп, аллаһи, оллаһи-биллаһи, әттең, әттеген-ай, жәрәкімалла. Мысалы, – Жә, енді біз төсек жайлаймыз (М.Ә.). –Уф-ф, – деп күрсінді Кенжебек (С.М.). – Оллаһи, мен білмеймін! (Ә.Ә.). – Пішту, сол да сөз болып па? (С.М.).

5. Модаль сөздер – тілдегі модальділік және предиқативтілік құбылыстарымен тығыз байланысты тіл-тілдердің барлығында бар, тілдік бірліктерге жататын сөздер тобы. Модаль сөздер сөйлемде айтылған ойдың мазмұнына, болған уақиғаның шындыққа қатысы жөнінде айтушының көзқарасын білдіреді.

Қазақ тілінде модаль сөздер сөз таптары қатарына кірмейтін, сөйлемнің сан-алуан экспрессивтік және эмоционалдық мәніне байланысты сөйлем құрамына енетін, оның анықтығын не күмәнділігін білдіретін көмекші сөздер ретінде танылып келді (Қазақ тілінің грамматикасы. 1-том. 1967, 163-164-б.). Профессор С.Исаев атауыш сөздерден басқа көмекші сөздердің түрлері болып табылатын шылаулар мен одағайлардан басқа модаль сөздерді де жеке сөз табы ретінде тану керектігін айтады (Қазақ грамматикасы. 2002. 440-б.).

„Модаль” сөзі қазақша „шама, тәсіл, көрініс” мағынасындағы латын тілінен алынған. Модальділік – пікірдің субъектісі мен объектісі арасындағы байланыстың сипаты, яғни пікірлер. Пікірлерді модальділігіне қарай бөлуді алғаш енгізген – Аристотель.

Модальділік сөйлеушінің сөйлеу мазмұнына көзқарасын және сөйлем мазмұнының ақиқат шындыққа қатысын білдіреді. Модальділік ең алдымен, сөйлемде көрінетін тілдің негізгі өзек категориясына жатады. Айналадағы әр алуан болмыс түрлері жалаң хабар түрінде берілмейді. Онда сөйлеушінің сол хабар туралы пікірі, сөйлем мазмұнының ақиқат шындыққа қатысы туралы көзқарасы қоса беріліп отырады.

Орыс тіл білімінде модаль сөздер мен модальділіктің тілдік категория ретінде танылуы алғаш В.В.Виноградовтың есімімен байланысты.

Модальділік категориясы – негізінен субъектінің объектіге, ақиқат шындыққа деген сенімін, күмәнін, тілегін, болжамын, қалауын т.б. әр түрлі қатынастарды білдіретін категория. Бұл қатынас ақиқат шындыққа деген айтушы қатынасы немесе модальдік қатынас болып табылады. Бұл, біржағынан шындық туралы берілетін логикалық қатынас болса, екінші жағынан, айтушының шындыққа деген эмоциялық қатынасы да модальдік қатынасқа жатады. Осыдан келіп, сөйлем модальдігі коммуниқативті модальділік, логикалық модальділік, эмоционалды модальділік деген топтарға жіктеледі. Мұның өзі модалділіксіз сөйлем мазмұны болмайтынын және ол айтушы тарпынан берілетінін көрсетеді.

Модальділік сөйлемде алуан түрлі тілдік бірліктер арқылы беріледі. Соның ішінде модальділік кейбір толық мағыналы сөздер мен көмекші сөздер арқылы да беріледі. Мұндай сөздерді модаль сөздер деп атайды.

6. Модаль сөздердің саны тілде аса көп болмағанымен, атқаратын қызметі зор әрі маңызды. Модаль сөздер айтылатын пікірдің бағытына, ыңғайына қарай қолданылады да, сөйлем экспрессивтігін күшейтеді. Осыған байланысты модаль сөздердің құрамы мен мағынасы да түрліше болады.

Қазақ тілінде модальдік мағынаның модаль сөздер арқылы берілуін Е.Жанпейісов арнайы зерттеп, 1958 жылы кандидаттық диссертация қорғаған. Модаль сөздердің лексика-грамматикалық белгілері, қалыптасу көздері, семантикалық сипаты мен қолданылу ерекшеліктері жөнінде осы автордың еңбегі „Қазақ грамматикасында” (2002) толық берілген. (қосымша конспектілеу керек, кітаптың 567-580 беттері).

7. Лингвистикалық әдебиеттерде сөйлеушінің айтылған хабар жөніндегі пікірін білдіретін сөздердің модаль сөздер қатарына жатқызылуына, біріншіден, оның семантикалық белгісі – грамматикалану сипаты, екіншіден, олардың түрлену жүйесінің болмауы, үшіншіден, синтаксистік сипаты жағынан айтушының ойға деген өзіндік көзқарасын білдіре алуы негізге алынған. Қазақ тіліндегі модаль сөздер қатарына Е.Жанпейісов мына сөздерді жатқызады: сияқты, сықылды, секілді, сиқатты, сияқатты, әлпетті, сыңайлы, сынды, тәрізді, рәуішті, ләзімді, тақылетті, іспетті, мүмкін, ықтимал, кәдәік, шамасы, т.б. (жалғасы „ҚГ”-да, 577-б).

Модаль сөздер семантикалық сипаты жағынан: болжал мәнді модаль сөздер, міндеттілік мағына беретін модаль сөздер, біреудің сөзі не бір дерек негізінде айтылатын модаль сөздер, қостау (растау) мағынасындағы модаль сөздер, күмән (күдік) ұғымын білдіретін модаль сөздердеген топтарға бөлінеді.

1) болжал мәнді модаль сөздер: сияқты, сыңайлы, сынды, әлпетті, мүмкін, шамасы, аңғары, әлпеті, жобасы, қисыны, тәрізі, нәті, бәлкім, болар, шығар, білем, -ды білем, -кен білем, -са керек, -ға ұқсайды, -уы мүмкін, түрі, тәрізі т.б.;

2) міндеттілік мәнді модаль сөздер: керек, тиіс, қажет, лазым сөздерінің қатысуымен жасалатын –у керек, -у қажет, -у лазым, -мақ керек, -маққа керек, -уға тиіс, -уы(і) тиіс тәрізді аналитикалық форманттар арқылы берілген тіркестер;

3) сөйлеушінің „хабардың ақиқаттығына әбден көзі жеткендік” модальділігі көрінеді, екен формалары арқылы беріледі;

4) „бір нақты дерек негізінде білдірілетін” модальдік мағына қызметін де формасы атқарады. Бұл көбіне дейді түрінде, ара-тұра деп айтады, деп естиміз, деген сөз бар сияқты құрамда да қолданылады;

5) „айтылған ойды өз тарапынан қостау” мағынасында рас, анығында, шынында модаль сөздері қолданылады;

6) „нық сенімді білдіру” модальдік мәні әрине, әлбетте сөздері арқылы беріледі;

7) тілек, қалау, ниет мәнді модальділік -са/-се екен, -са/-се деймін аналитикалық форманттары арқылы беріледі;

8) сөйлеушінің күдік-күмәнін білдіретін модальділік -ар ма екен, -маса неғылсын, кім біледі аналитикалық конструкциялар арқылы беріледі.

Модаль сөздер қолданылу ерешелігіне қарай үш топқа бөлінеді. Олар: 1) сөйлемде тек синтаксистік қыстырма мүше қызметінде қолданылатын модаль сөздер, 2) үнемі тек баяндауыштың шылауында көмекші мүше қызметінде ғана жұмсалатын модаль сөздер; 3)сөйлемде осы екі қызметте бірдей жұмсалатын модаль сөздер.

Негізгі әдебиеттер:

Ысқақов А. Қазіргі қазақ тілі. Морфология. –А., 1991.

Оралбай Н. Қазіргі қазақ тілінің морфологиясы. –А., 2007.

Қазақ грамматикасы. –Астана, 2002.

Қазақ тілінің грамматикасы. І том. –А., 1967.

Қосымша әдебиеттер:

Сарыбаев Ш.Ш. Междометие в кзахском языке. А.,1959.

Сарыбаев Ш.Ш. Одағай (мұғалімдерге консультация). – „Қ.М.”, 1969, № 1, 91-94-б.

Жанпейсов Е.Н. Модальные слова в современном казахском языке. А., 1958.

ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ БІЛІМ ЖӘНЕ ҒЫЛЫМ МИНИСТРЛІГІ

«Бекітемін»

Педагогика факультетінің деканы,

_________ф.ғ.к А.Ө.Байдаулетова

«____» _______________» 2012 ж

ҚАЗІРГІ ҚАЗАҚ ТІЛІ МОРФОЛОГИЯСЫ пәнінен

практикалық сабақтарға арналған

ӘДІСТЕМЕЛІК НҰСҚАУЛАР