Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
лекция когнитив.doc
Скачиваний:
83
Добавлен:
16.02.2016
Размер:
667.65 Кб
Скачать

«Адам танымын қалыптастырудың лингводидактикалық ұстанымдары»

► Блок 1 ТЕОРИЯЛЫҚ БӨЛІГІ

Жоспары

1. Адам танымын (жас жеткіншекті) қалыптастырудың лингводидактикалық ұстанымдары.

а) ғылымилық ұстанымы

ә) сапалық пен белсенділік ұстанымы

б) көрнекілік ұстанымы

в) танымдық мотивациясын қалыптастыру ұстанымы

г) әлеуметтік мотивациясын қалыптастыру ұстанымы (1 сағат).

2. Концептілік жүйе бойынша адам танымын сипаттайтын мағыналарды сипаттау (1 сағат).

3. Адам танымын қалыптастыруда қолданылатын жұмыс түрлері (1 сағат).

1. Адам танымын қалыптастырудағы лингводидактикалық ұстанымдар (2 сағат).

Соңғы жылдары қазақ елінде де әлдеқашан ұмыт болған ғылым, өнер саласына дұрыс көзқарас қалыптасып, бірте-бірте оңды өзгерістер өрбуде екенін жоққа шығара алмаймыз. Бұл жоғары мәдениетті адамдарға қоғам қажетсінуі айқын аңғарылуда. Нәтижеде қайта оралған тиімді қарым – қатынастың жағдайы мен түрлері туралы когнитивтік лингвистика ғылымы қоғамдағы сөйлеу мәдениеті деңгейін көтеру мен мықты тұлға тәрбиелеу мәселесін шешу жолдарын ұсынуы тиіс.

Әрбір адам – ол қоғамның құндылығы. Қазіргі қоғамның мәдени даму сатысы адам баласына кең тұрғыда, гуманитарлық қалыпта ойлана білуді, өнеркәсіптік өркендеу, даму заңдары бойынша кәсіби қимыл - әрекетті үлестіре білу қабілеттегін талап етеді. Сондай – ақ, осы ретте тек гуманитарлық білім ғана көпшілікке мәнді құндылықтарға жауапкершілік, танымдық тұрғыда өзіндік көзқарасты анықтау, жалпы мәдени хабардарлық, жекелік өзін - өзін белсендіру сияқты жемісті ырғақтарды алатынын ескеру артық емес.

Бүгінгі таңда жан – жақты жүйелі талданған қолданбалы ғылым ретіндегі когнитивтік лингвистика пәні жайлы мәлімет беру, оны оқыту әдістемесі тәжірбие жүзінде жиі жасалған жоқ. Дегенмен де бұл жағдай атылмыш пәнді оқыту әдістемесінің мәселелері күн тәртібінде қойылып, алға тартылмалы деген де сөз емес.

Когнитивтік лингвистиканы оқыту дегенде ең алдымен «нені оқытамыз?» «қалай оқытамыз?» деген сөздер ойымызға оралады. Әрине біз ғалымдардың зерттеулері мен пікірлеріне сүйенеміз. Осы тұрғыдан келгенде білім, білім беру жүйесінде жас ұрпақты тәрбиелеу мен оқытудың технологиясын жаңартуға байланысты көптеген міндеттер жүзеге асуда.

Адамзат баласының танымдық белсенділігін және іскерлік әрекетінің білім жүйесіндегі орны мен мәні ерекше. Танымды қалыптастыруға байланысты қазіргі таңда оқыту процесінде негізгі көптеген ұғымдар бар. Олар: таным, іс-әрекет, танымдық әрекет, танымдық белсенділік, танымдық белсенділігін мотивтендіру, алгоритмдеу, компьютерлеу, дифференциалдау, проблема қойып оқыту, жоспарлап оқыту.

ХХ ғасырдың 70-80 жылдарында оқыту процесін белсендіруге бағытталған, оның балаға арналғаны, оқушының оқытудың белсенді субьектісіне айналуына бағытталған әдістемелік зерттеулердің көлемі көбейеді. «Белсенділік деген (интенсивтендіру, мығымдық ) оқушының іс-әрекеті мен пәнімен «қосылғандағы» дәрежесін анықтайды. Белсенділік –бұл оқушының белгілі мақсатқа ұмтылған әрекеті, мазмұнды, көлемді оқу қолданылатын және қызығушылығын тудыратын, белсенділігін арттыратын, шығармашылықты арттыратын, білімді меңгерудегі оқушының өзіндік үйренуі, дағды мен шеберліктің қалыптасуы, оларды тәжірбиеде қолдануға бағытталған. Бұл ой еңбегінің құлдырау және тоқтап қалудан сақтайтын жігерлі, мақсатты бағытталған жүйе» [21,261-262 ].

Қазіргі кезде танымдық белсенділіктің мәнін ұғындыратын екі әдіс анық белгілі болып отыр. Бірі зерттеушілер танымдық белсенділкті әрекет ретінде қарайды, ал біреулер –сапа, жекелік білім деп ұғады.

Оқытудың әдістемлік белсенді негізі болып, танымдық ілімі болып табылады. Танымдықтың мақсаты – жеке тұлғаның санасындағы белгілі нақтылығында. Тәжірбиелік және рухани әрекетте жеке тұлға өзін қоршаған әлемге әсерін тигізе отырып, өзінің қажеттілігі мен мақсаттарына сәйкестендіріп оны өзгертеді және таниды. Бұл танымдық процестің ең жалпы үлгісі.

Аталмыш мәселеге байланысты Қ. Жаманбаева былай дейді: «Таным процесінде адам баласына, алдымен, шындықты көркем түрде бейнелеу қажеттігі туады. Соның әсерімен жасалған көркемдік әлем адам баласының үйлесім мен жарасымдыққа ұмтылысын қанағаттандырады. Осыдан кейін ғылми талдау мен қорыту, дерексіз ұғымдар мен түсініктерді белгілеуге мүмкіндік беретін таным жолы ашылады [ 6 ,37].

Біз, ең алдымен, оқушы танымын қалыптастыру мәселесі жөнінде сөз қозғамас бұрын, «таным» дегеніміз не екеніне тоқталып кеткенді жөн көрдік.

Адам баласында білім атаулы бірден бола салмайды. Жоғарыда айтып кеткеніміз сияқты, білімді адам өз өмірінің барысында, практикалық іс - әрекетінің нәтижесінде игереді. Бұдан шығатын қортынды – адамның жаңа білімдерді игеруі «таным» деп аталады.

Зерттеуші Н.У. Бегалиеваның сөзімен айтар болсақ: «Таным теориясы –қоршаған дүние заттары мен құбылыстарының адам санасында бейнелеуін, танымның жалпы шарттары мен мүмкіндігін, зерттеу құралдарын, оның заңдылықтарын, негізгі түрлерін, субъектісі кім екенін, түрліше әдіс-тәсілдерін, ғылыми жорамалдар мен теорияларды құру және дамытудың жолдарын зерттейтін психология ғылымының бір саласы», [22, 67] -танымды психологияның бір саласы деп анықтамасын береді. Енді осы психологиялық терминді лингвистикада қалай қолданамыз? Жоғарыда айтылған мәселелерден көргеніміздей, конгтивтік лингвистика осы екі ғылымды (тіл білімі, психология) бір жерге ұштастырған. Когнитивтік лингвистика -тілдік білімнің табиғатын және оны қалай қолдану керектігін меңгертетін ғылым.

Дидактика білім мазмұнының ғылыми негізін, оқыту әдісі мен ұйымдастыру формасын, яғни нені оқыту, қалай оқыту сияқты нәрселерді зерттейді. Осылайша, дидактика білім мазмұнын анықтау, оқыту процесінің заңдылықтарын ашу, оқытудың тиімді әдістері мен тәсілдерін ұйымдастыру формаларын табу сияқты проблемаларын шешіп отырады және оның негізгі міндеті –оқу процесі бағытынан заңдылықтарды мақсатқа сай қолданудың жолдарын қарастыру. Дидактика қоғамдағы жалпы даму, оқу, үйрету, жетілудің ортақ теориясын, ортақ ережелерін жасаса, ал әдістеме –жеке ілім саласына, пәндерге байланысты әдістемелердің, амалдарының нақты, жеке теориясын, ережесін қалыптастырады. Сондықтан дидактика –жалпы оқу тәрбие мәселесіне қатысты принциптерді, қағидаларды қарастырса, әдістеме арнайы белгілі бір пәнге қатысты принциптері, әдістерді зерттейді.

Қазақ тілі әдістемесі лингводидактиканың бір саласы ретінде педагогика ілімінің жалпы дидактикалық принциптеріне сүйенеді, оны басшылыққа алады. Дидактикалық ұстанымдар оқу тәрбие жұмысының заңды жүйесін көрсетеді, оқытушының оқыту ісінде табысқа жетуінің қажетті шарты болып табылады. Когнитивтік лингвистиканы оқыту ұстанымы жалпы алғанда үлкен екі топқа бөлінеді.

1.Жалпы дидактикалық ұстанымдар.

2.Когнитивтік лингвистиканың өзіне тән ерекшеліктеріне байланысты тіл әдістемесіне тән жеке ұстанымдар.

Жалпы дидактикалық принциптер дегеніміз –барлық пәнді оқытуда қолданылатын жалпы оқу негіздері болса, ал жеке ұстанымдар – әр ғылымның өзіндік ерекшелігіне байланысты қолданылады. Оған оқытудың комуникативтік принципі, ана тілі ерекшеліктерін ескеру және жаттығудың басым болу ұстанымы және оқу негізі жатады.

Қолдану аясына қарай когнитивтік лингвистиканы оқыту үстінде бірнеше түрге бөлінеді. Белгілі бір пәннің оқыту саласын қарастырушы тілші ғалымдардың қай-қайсысы болсын жеке пәнге қатысты оқыту ұстанымын айқындау үшін, ең алдымен, жалпы дидактикалық қағидаларды негізге алады. Қазақ тілін оқытуға байланысты соңғы жылдары баспадан шыққан еңбектің авторы, негізінен, мынадай жалпы дидактикалық ұстанымдарды атап өтеді. Б. Құлмағанбетова, С.Әбдіғалиев, А. Жапбаров, Ә. Исабаева, С. Қазыбаев сияқты ғалым әдіскердің бәрі де ғылыми, беріктік және оқушының жеке өзіндік ерекшеліктерін ескеру, теорияны практикамен, яғни оқытуды өмірмен байланыстыру принципін алса, басқа ғалымдар жаңа түрін қосады. Аталмыш ұстанымдардың бірнеше түріне жеке –жеке тоқталуды жөн көдік. Себебі дидактикалық ұстанымдар когнитивтік лингвистиканы оқыту процесінде аса маңызды мәселенің бірі.

Когнитивтік лингвистиканы оқыту барысында оқыту процесінің заңдылықтарына сүйенеміз. Оқыту процесінің заңдылықтарынан оқытудың ұстанымдары дамиды. «Ұстаным бұл педагогтың өзінің тәжірбиелік іс-әрекетінде және мінез құлқында басшылыққа алатын негізгі, бастапқы жағдайлары. Яғни, ұстанымның заңдылықтардан айырмашылығы, оның тұлғаға тәуелділігі, ол оны қолданады немесе оны қажет етпейді». [21 .188] Ал оқыту ұстанымдары оқытудың мазмұнына, ұйымдастырылуына және әдістемесіне қойылатын талаптар жүйесін анықтайтын, негізгі жағдайлар. Адам танымын танымын қалыптастыруда негізінен әдістеме ғылымында бар мынандай ұстанымдарға сүйенуге болады:

- ғылыми ұстаным;

- сапалық, белсенділік ұстаным;

- көрнекілік ұстаным;

- танымдық мотивациясын қалыптастыру ұстанымы;

- әлеуметтік мотивациясын қалыптастыру ұстанымы.

Когнитивтік лингвистиканы оқытуда аталмыш ұстанымдардың мәні зор болғандықтан, әр қайсысына жеке –жеке тоқталып өтсек:

Ғылыми ұстаным. Осы ұстанымға сәйкес Когнитивтік лингистика сабағы парадигмалық қана емес, ғылыми сипатта болуы тиіс. Когнитивтік лингвистика пәнінің курсына бөлінген сағат саны аз болса да, оқырмандар когнитивтік лингвистика теориясы бойынша біршама жағдайда толық әрі жан-жақты мағлұмат алады, себебі қазіргі кезде мектеп бағдарламасында «Дүниетану» пәні жүреді, осы пән негізінен когнитивті лингвистика пәнін ұғынудың алғашқы баспалдағы саналады. Қ. Жаманбаеваның “Тіл қолданысының когнитивтік негіздері”, Т. Смағұлованың «Мәтін лингвистикасы» сияқты теориялық еңбектерімен танысады. Ж. Сәткенованың, Қ. Манкееваның қазақ тілі когнитивтік лингвистикасы туралы зеріттеулерін оқиды. Содай-ақ, оқушылар қазіргі когнитивтік лингвистика ілімі тіл тану ғылымының (Психолингвистика, лингвосоциопсихология т.б.) тығыз байланысты екенін ұғады. Аталмыш ғылым саласының қазіргі таңда адам танымын қалыптастыруда ең басты рөл атқаратынын біледі.

Сапалық, белсенділік ұстанымы. Оқыту үрдісінде қарапайымнан күрделіге, белгіліден белгісізге, әліппеден бастап, ғылым шыңына қарай қозғалыстың мызғымастығын есепке алатын бірден – бір қажетті ұстанымның бірі. Когнитивтік лингвистика оқыту үрдісінде осы ұстанымды жүзеге асыруға әр түрлі тақырыптарды бағдарламада қандай бір ізділікпен орналастыру мәселесін шешуі нақты үлгі рөлін атқара алады. Мәселен, оқырман көркем шығарманы оқығанда ондағы көркем мәтінді өз бетінше талдауы, мәтіндегі тірек мағындағы сөзінің (контекс) концептісін қалай игергендігі, өз танымында аталмыш концепті қандай көрініс тапқанын сапалық, белсенділік ұстанымдары арқылы анықтауға болады. Әрине, әлемнің тілдік бейнесі ең алдымен оқушы тіл білімінің басқа салаларын оқып үйренгеннен кейін меңгеруі тиіс.

Шынында да, пән логикасы айқын аңғартып тұрған қалыпты сапалықтың, белсенділіктің бұзылуы оқу материалын игеруді қиындатады. Мәселен, егер де таным ғылымын қызықтаушылар когнитивтік лингвистика ғылымымен алдын ала танысып алмаса, олар «қиял» концепті деген тіркестің мағынасын түсінеді деп есептеу қисынсыз дүние болар еді.

Көрнекілік ұстанымы– когнитивтік лингвистика негізін игерудің маңызды жағдайлардың бірі. Бұл ретте сөз материалының кесте суреттер арқылы жинақталып берілуі туралы ғана емес, когнитивтік лингвистиканы игерушінің көз алдында белгілі бір бейнелерді туғызуды, елестетуді үйлестіру болып отыр. Сонымен қатар когнитивтік лингвистика пәнін жоғарғы оқу орындарында оқытуды ұсынылып отырғанын, бүгінгі күнгі қоғам талабынан туындағанын айтып кеткен жөн.

Тест сұрақтары, логикалық кестелер, деңгейлік тапсырмалар, психологиялық сызбалар, когнитивтік лингвистиканы оқытудың бірден-бір ұтымды әдісі болар еді.

Танымдық мотивациясын қалыптастыру ұстанымы.Ізденушілердің танымдық мотивациясын қолдануда оларға берілетін тапсырмалырдың атқаратын рөлі ерекше. Тапсырмалар мазмұнының танымдық сипаты басым болуы керек. Ізденушіні жеке тұлға ретінде қалыптастыруға ықпал ететіндей терең мазмұнда болуы көзделуі тиіс. Сол арқылы ізденушілердің ой-санасының өсуіне әсер етеді. Танымдық мотивациясын қалыптастыру ұстанымы ізденушілердің қоршаған ортасын өмір сүрген қоғамын танып білуге үйретеді. Мотивацияның өзі экстринсивтік құбылыстың әсерімен туындайтынын ескерсек, ізденуші тұлғаның «әлемдік тілдің бейнесін» тануына, когнитивтік лингвистиканың мақсатын түсінуіне танымдық мотивациясын қалыптастыру үлкен рөл атқарады.

2. Концептілік жүйе бойынша адам танымын сипаттайтын мағыналарды анықтау (2 сағат).

Тіл білімі саласында дербес ғылым ретінде енді ғана қалыптаса бастаған когнтивтік лингвистика жайында жоғарғы оқу орындарының студенттеріне теориялық білім беру біздің басты мақсатымыз. Когнтивтік лингвистиканың шығу тарихы, зерттелуі, ұғымдары мен котегориялары, басқа ғылым салаларымен байланысы жайында жоғарыда біршама сөз қозғалған болатын.

Адам танымын қалыптастыруда біз неге баса назар аударамыз, қандай ұстанымдарға сүенеміз, нені көздейміз? Міне, осы сұрақтарға жауап беріп көркейік.

Когнтивтік лингвистикада аталған ұғымдар (концепьуальды метафора, фрейм, гештальт, стереотип, сценарий, прототип, ойбейне, концепт т.б.) әлемнің концептуальды сипатын беруде ерекше қызмет атқарады. Әлемді тұтас тану теориясы деңгейіндегі тіл қызметінің когнитивтік негіздерінің ұстанымдарын тілші – ғалым Ж. Манкеева былай топтастырады:

  1. Қоғамдық тәжірбиеге негізделу, яғни дәстүр жалғастығы, танымның қазыналық сипаты.

  2. Таным модельдерінің символдық түрлері, яғни тілдің қызметі – ақпарат беру емес, бейнелеуге мүмкіншілік жасау. Осыған қатысты мына пікірдің мәні ерекше: тіл арқылы бейнелілік пен дүниедегі объективті шындықты субъективті түрде, яғни символдар арқылы беру.

  3. Таным модельдерінің жүйелі сипаты, сабақтастығы. Яғни, ол-таным моделінің құрылымдарының тұтасуынан тұратынын сипаттайды [4, 78].

Когнтивтік лингвистика саласында тіл тек ақпарат беруші ғана емес, сонымен бірге бейнелі образдар арқылы әлемнің тілдік сипаттауда айрықша қызмет атқарады. Тілдің бейнелік сипатын когнтивтік лингвистикада «концепт» ұғымы арқылы көрініс табады. «Концепт» дегеніміз не? ХХ ғасырдың ортасы мен ХХI ғасырдың басында тіл білімінде «әлем бейнесін» когнитологиялық тұрғыдан қарауда зерттеушілер «концепт» ұғымына өте көп көңіл бөліп келді. «Концепт» терминінің теориялық негіздері Дж.Лакофф, М.Джонсон, Ю.С.Степанов, В.А.Маслова, А.Вежбицкая, С.Г.Варкачева, Д.С.Лихачев, Н.Д.Арутюнова, Е.С.Кубрякова, А.Н.Махаровский сынды шетел ғалымдарының еңбектерінде кең көлемде қарастырған. Ал қазақ тіл білімінде «концепт» терминінің ғылыми- теориялық негізі Ж.Манкеева, Г.Смағұлова, Қ.Жаманбаева, Б.Ақбердиев, К.Күркебаева, Н.Аитова, Ф.Қожахметова сияқты зерттеушілердің еңбектерінде сөз болады.

«Концепт» терминінің мағына ауқымдылығы өте кең. Сонымен қатар зерттеушілер тарапынан да оған берілетін анықтамалар да әр алуан. «Концепт» термині когнитивтік бағытқа дейін «түсінік» (понятие) сөзімен қатар жұмсалған. Концепт туралы тіл білімі ғалымдарының пікірі төртке бөлінген:

Біріншіден, концепт – түсінік сөзімен синонимдес мәнде жұмсалады.

Екіншіден, концепт –тілді қолданушының жеке тұлғалық және ұжымдық танымындағы «түсінік» орнына жұмсалады.

Үшіншіден, концепт – «ғаламның тілдік бейнесінің» ментальдық құрылымы.

Төтріншіден, ұжымдық сананың заттанған түрі - концепт. Олай болса, «концепт» терминінің мағыналық аясы «түсінік» сөзіне қарағанда кең.

Н.Д.Арутюнов концептінің екі түрін көрсетеді – объекті үшін (заттық атаулар) және іс-әрекет пен белгілер үшін (предикаттық атаулар) тілдің әртүрлі қызметін атқарады [ 5, 73].

Ю.С. Степанов концепт ұғымына мынандай анықтама береді: «Концепт – это «сгусток» культуры в сознании человека…Концепты не только мыслятся, но и переживаются. Они – предмет эмоций, симпатий и антипатий, а иногда и столкновений. Концепт – основания ячейка в ментальном мире человека… У концепта сложная структура. С одной стороны ей принадлежит все, что принадлежит строению понятия, с другой стороны, в структуру концепта входит все то, что делает его фактом культуру – сжатое до основных признаков содержания история; современные ассоциации; оценки; и т.д.»[5.73]

Кейбір ғалымдар концепт ұғымын әр тілдік ұжымдарда бірыңғай болады, себебі оның іргесі қаланған, толық қанды жетілген десе, енді кейбіреулері әр тілдің өзіндік танымы, яғни концепт ұғымы әр тілде әртүрлі деңгейде. Біз соңғы пікірге қосыламыз.

В.И.Карасиковтың пікірше, концепт өзінің көп қырлылығына байланысты – бейнелілік, түсініктік, бағалылық (образное, понятийное, ценностное) болып бөлінеді.

Концептінің бейнелілік жағы – күнделікті өмірдегі заттарды көру, иіскеу, сезу арқылы білу. Адам санасындағы ұғымдардың объектілік және субъектілік бейнесі мен белгісі абстрактілік дәреже бойынша жіктеледі.

Концептінің түсініктік жағы - концептінің тілдік фиксациясы, оның аталуы, суреттелуі, белгілік құрылымы, дефиниясы. Концептінің базалық жағы – жеке тұлғаның және ұжымның психикалық дамуына аса қажет [5.73].

Осы пікірден соң, концептінің екі: әмбебап және мәдени қабаты пайда болады. Концептінің мәдени қабатының аясы әмбебап қабатына қарағанда кең. Себебі мәдени қабат тілдік жүйемен тікелей байланысты: «Культурный слой концепта отражает аксиологию, актуальную для той или иной нации или народа. Например, важность земли, которая, по представлениям казахо – кочевника, отражается в наличии положительного значения лексемы «қара» (қара жер - родная земля ) [5.73].

Когнитивтік зерттеулер нәтижесінде, концептіні ұлттық концептілік өріс элементі деп қарауға мүмкіндік туады. Осы негізде зерттеуші В.А.Маслова концептінің түрлерін былайша топтастастырады:

1) Жеке тұлғалық концептілер

2) Адамдардың жас ерекшеліктеріне байланысты концептілер

3) Жалпы ұлттық концептілер [23.41].

Енді осы аталған тұжырымдарға жеке - жеке тоқталсақ.

Жеке тұлғалық концептілер дегеніміз, біздің пайымдауымызша, белгілі бір тұлғаның немесе автордың жеке таңбасына тән тірек мағыналар. Ал, адамның жас ерекшелігіне тән концептілер тобы сол адам санасының жасына қарай дамуын, сол арқылы әлемді, қоршаған ортаны қабылдауын көрсетеді. Мәселен, зерттеу жұмысында талданатын концептілер тобы балалар танымындағы тірек мағыналарының көрінісін сипаттайды.

Жалпы ұлттық концептілер сол ұлттың танымын, талғамын, өмірлік тәжірбиесін, парасат – пайымын, ұлттық ерекшеліктерін сипаттайтын сөздер тобын құрайды. Сонымен қатар әрбір концепт адам санасының даму ерекшелігіне байланысты бірнеше қабаттардан тұрады. Осыған орай оның ішкі формасы күрделене түседі. Сонымен қатар концептілердің негізгі қабаты жалпы ұлттық сипатты қамтып, қосымша қабаты – семантикалық өріс шеңберіндегі концептілерді құрайды. Әрбір концепт күрделі, ол ментальды, кешенді жүйеден құралады. Бала танымында әлемнің тілдік бейнесі тілді игергенге дейінгі уақыттан қалыптасады. Оның тілдік көріністері бала тіліндегі вербалды элементтер арқылы көрінеді. Бала дүниеге келгеннен кейін белгілі бір дәрежеде өзін қоршаған ортамен танысады. Сол арқылы миында ақпараттарды жинақтай бастайды, бірте - бірте баланың танымы, сана - сезімі өскен сайын енді оның әлем туралы түсінігі де ұлғаяды, миындағы ақпараттар да молаяды. Көп мәліметтерді мида жинақтауда бала алдымен, өз танымындағы нысандарды анықтап, салыстырады. Осылайша өз болмысына қатысты ақпараттарды жинақтап, сұрыптап, өңдейді. Бала миындағы жинақталған ақпараттар енді тілді меңгергеннен кейін, сөйлеу барысындағы тілдік бірліктер арқылы нәтижесін көрсетеді. Осыдан барып әлем туралы тілдік үлгілер қалыптасады да, баланың әлем туралы біртұтас тұжырымдамасы бейнеленеді.

Ендігі кезекте мәтінді когнитивтік лигнвистика бойынша талдаудың кейбір әдістеріне тоқталамыз. «Мәтінді талдаудың қалыптасқан бірнеше әдістері бар»,- деп көрсетеді Г.Смағұлова өз еңбегінде [24.11]. Бұдан әрі зерттеуші солардың ішінде ең алдымен аталатыны - лексика - семантикалық талдау әдістері дейді.

Лексика семантикалық талдау әдістері көркем мәтінді түзуші сөздер сипатынан басталады. Оның ішінде мына төмендегідей тәсіл түрлерін қамтиды:

1) Классикалық әдіс

2) Дәстүрлі парадигмалық әдіс

3) Семантикалық әдіс

4) Лексика - семантикалық топтар /ЛСТ/ бойынша талдау әдісі

5) Компоненттік талдау әдісі

6) Эксперементті талдау әдісі

Классикалық әдіс. Бұл тәсілге сөздердің мағынасын түсіндіруде қызмет ететін лексикографиялық еңбектер жатады. Мәселен, түсіндірме сөздіктер. Мұнда сөздердің түрлері лексикографиялық талап бойынша барлық параметрлерімен одағай, модаль сөздер, көмекші атаулар, атау сөздер, т.б. толық грамматикалық топтастырумен қатар, сөз семантикасының анықтамалары қамтылады. Тіпті пассив қолданылатын сирек кездесетін сөздер де өз мағыналарымен анық айқындалады.

Лексика - семантикалық топтарды мәтінде, негізінен, үш бағыттан байқауға болады.

- сөздердің шындық болмысқа тура қатысы

- сөздердің мәтін түзудегі грамматикалық қызметі мен қолданысы

- сөздердің көп мағыналылығы

Дәстүрлі парадигмалық әдіс. Тіл біліміндегі антонимдік парадигма мен синтагма терминдері қазіргі лингвистикада бұлар тек тәсіл ұғымындағы ғана емес, тілде жүйе ретінде қалыптастыруда қолданылатын термин.

Семантикалық әдіс. Тілді семантикалық талдаудың идеясы мен принцптері беретін кем семантикалық өріс әдісі ұғымымен тұжырымдалды. Семантикалық жүйе бойынша мысалы, жалпы өсімдік макро жүйеден, ал оның түрлері микро жүйеден орын алады. Аталған әдіске жақын, ұқсас метод ретінде сөздерді дәстүрлі тақырыптық талдау түрі бар. Бұл - сөздерді тақырыптық түрлеріне қарай топтастыру

Лексика – семантикалық топтар /ЛСТ/ бойынша талдау әдісі. Мұнда сөздер мағыналарына қарай, бірыңғай тақырыптық топқа біріктіріледі. Мұнда зерттеу мақсатына қарай тілдегі барлық сөздерді тақырыптық салаға бөліп шығу. Мысалы, мектеп, спорт, үй хайуандары, құрылыс,т.б.

Компоненттік талдау. Түбі семантикалық өрістен туындаған бұл тәсіл о баста терминдермен аталып жүрді. Мысалы, мағына компоненттері немесе семантикалық компоненттер, дифференциалды элементтер, мазмұн фигуралары, ноэмдер, семалар, семантикалық көбейткіштер, т.б.

Сонымен семантикалық компонент деп аталған талдау түрі сөздердің лексикалық мағыналарын анықтауда, коннативтік, денотативтік, эмперикалық, прагматикалық, т.б. әдістермен жүзеге асырылады. Сөздердің семантикалық компоненттерін анықтауда аталған түрлердің өзіндік талдау жолдары бар. Мәселен, сөздің қосымша мағынаға ие болуы оның коннатативтігіне байланысты болса, сөздердің эмоция мен сезімге қатысын эмоционалдығы, ал сөздердің айналадағы қоршаған заттардың атауын, қасиетін, түрлерін білдіруі -денотаттығы, адам мен заттардың арасындағы байланыс - прагматикаға қатысы болады.

Эксперименталдық талдау әдісі.Ұлт тілінде сөйлейтін ұлт өкілінің тілді терең білуі, сөздердің сезімдік эмоционалдық жағын түсінуі, компоненттер семантикасын ажырата алуы, сондай-ақ, араласатын ортасы сияқты объективті себептерді есепке алынады. Аталған тәсілдердің тіл қызметінің түрлерін айқындау кезінде когнитивтік лингвистикада алатын орны мен өзіндік маңызы, пайдалы жақтары бар [24. 11-14].

Бұдан шығатын қорытынды, кез келген мәтін түрі лингвистикалық аспекті ретінде айқындалады. Ал лингвистиканың концепциясының мақсаты - тілді түсіндіру, оның құрылысы, жалпы қызметі туралы белгілі бір ғылыми көзқарас, идея тұрғысынан баяндау.

Когнитивтік лингвистика саласында мәтінді талдауда оқушылардың танымын қалыптастыруда жоғарыда аталған барлық әдіс ауадай қажет. Яғни, біз осы әдістерге сүйене отырып мәтіндерге талдау жасаймыз.

Әрине, тіл тілде әр жылдар мен кезеңдерге қатысты әдеби тіл және көркем әдебиет нұсқалары, ауыз әдебиеті, сөйлеу тілі сияқты тілдік материалдар когнитивтік лингвистикалық талдаудың нысанына айналып келеді. Олай болса, ізденістер үлгісінен когнитивтік талдаудың жалпы бағыты мен түрлері айқындала бастады. Олар төмендегідей үлгіде болмақ:

- Мәтінді түсініп оқып шығу;

- Адам жан күйлерін білдіретін концептілерді табу, оларға жеке - жеке тоқталу;

- Тілдік элементтерді анықтау;

- Концепт болатын сөзді сөздіктегі және автор қолданысындағы мағынасымен салыстыру;

- Концептілерге тезаурустік тізбек құру.

Кез келген сөз концепт бола бермейді. Тек танымды бейнелейтін сөздер ғана концепт болады. Мысалы, лирикалық шығармалардан алынған, концепт болатын сөздің бірі - «қара». Осы сөз арқылы М.Мақатаев табиғат құбылыстарымен қоса, лирикалық кейіпкердің ішкі сезім иірімдерін ашуда аталған «қара» концептісін қаншама мағыналық реңкте көрсеткені мына тіркестерден байқалады:

«Қара кеш, қара өлең, қара жол, қара құлып, қолаң қара шаш, қара қыз, қара бояу, қара нар, қара көз, қара бұлт, қара қас, қара жер, қара тас, қара түн, қара су, қара нөсер, қара орман, қара қарға, қара тау, қара аспан, қара тамшы, қара бала, қара жауын, қара жұлдыз, қара бақ, қара орда, қара қой қара моншақ, қара емен, қара қорған, қара жал, қара жал, қара дала, қара күз, қара шаруа, қара шаңырақ, қара шалғын, қара халық, қара бас, қара кебін, қара жау, қара түнек, қара қайғы, қара уайым, қара күш, қара мұрт, қара қазақ, т.б. [25].

Грамматикалық мағынаға мән беретін болсақ, «қара» концептісі зат есіммен тіркесіп, сындық қызметте жұмсалып, тура және ауыспалы мағынада қолданылып тұр.

Ал өлең жолдарында олардың стильдік бояулары ерекше құбыла түскен:

Қап - қара көзді бір қыз бар,

Қашпаңдар қара бояудан.

Аспанда жарық жұлдыздар,

Кап - қара түнде оянған.

(Қап қара ғажап сиқырмен).

Жарыңның шашы қап - қара,

Көзі де қара шамасы.

Сондықтан жүзі аққала,

Сондықтан әсем қарашы.

Қара бұлт қаралы ару түнереді,

Қарағай қара аспанға тіреледі.

Қаптай кеп қарбаласта қара қарға.

Қарайды қара тауға түнегелі [25].

Әр түрлі шығармаларда көптеп кездесетін, бала танымын бейнелейтін концептілердің тағы бірі «көңіл» концептісі. Көңіл өзіндік арқалаған жүгі бар филосфиялық ұғым. Көңілдің флософиялық ұғым ретінде қолданылатын табиғаты адам болмысы, ол тек адамға қатысты айтылады. Адам болмысын айқындай алатын көңілден өзге, бірақ оған жақын мынандай ұғымдар бар. Олар: жан, сана, сезім, хал. Сонымен бірге көңілге тікелей қатысты, тіпті оны көріну формалары қызметін атқаратын ұғымдар: ғашықтық, сұлулық, тақуалық, нәпсіқұмарлық, жомарттық және күй.

«Көңіл» коцептісінің сөздіктегі мағынасы:

Көңіл зат. 1. Адамның мінез - құлқына байланысты жалпы эмоциялық сезім (сана, ой, зерде, назар,т.б.). «Әйел жақсы болмайды көркіменен, Мінезіне көз жетпей көңіл бөлме»/Абай Тол.жинағы). «- Рахмет, ата, көңіліңізге рахмет, польтом жылы (С.Сарғасқаев, Біз төртеу). 2. Ауыс. Қиял, арман. «Көңіл жүйрік пе, көк дөнен жүйрік пе? (мәтел ) [26. 373].

Көңілдің орыс тілінде дәлме дәл баламасы жоқ. Әр түрлі жағдайға байланысты өзгеріп кете береді. Мысалы, қазақ кісісі қайтыс болған үйге жасайтын кісілік рәсімін «көңіл айту» дейді. Орыс дәстүрінде ол «выразить соболезнование» болып шығады. Енді осы жерде Абайдың М.Лермантовтан аударған мысалдарына назар аударатын болсақ, бірінші шумақтарының үшінші жолында көңіл деген ұғым кездеседі.

Абайда:

Өзіңе сенбе, жас ойшыл,

Тіл өнері дертпен тең.

Көңілдің жүгін қиял қыл,

Ызаға тұтқын бой мең зең.

Лермонтовта:

Не верь, не верь себе,

Мечтатель молодой,

Как язвы бойся вдохновенья…

Оно- тяжелый бред души.

Твоей больной

Иль пленной мысли раздраженье.

Абай «душаны» қазақша «көңіл» деп аударған. «Душаның» тіліміздегі тура баламасы - жан. Көңіл бойына аксиологиялық (құндылық, бағалылық) өлшемдерді жинай білген ұғым. Шығармадан «көңіл» концептісі тек өзі ғана емес, әр түрлі етістіктермен тіркесіп келеді. Сонда бұл сөздің мағынасы ашылып адамның түсінуіне оны еркін қабылдауына, жан-жақты ақпарат алуына септігін тигізеді.

Міне, осындай үлгіде қандай шығармадан болсын, қандай сөзге болсын оқырман қауым когнитивтік талдау жасай алмаса да концепт деп танылған сөздің танымдық табиғаты жайлы ала алына жәрдемін тигізері сөзсіз.

Енді осы аталмыш концептілерді адам танымының негізінде анықталған терең жан күйлерінің, күшті эмоциялардың атауларын тезаурусқа түсіріп көрейік.

«Тезаурус - дүниенің тілдік моделі» [4. 6],-деп көрсетеді зерттеуші Қ.Жаманбаева. Орыс ғалымы Ю.Н.Караулов тезаурусқа мынандай анықтама береді: «Тезаурус -является лексическим инструментом информационно поисковых систем. Он состоит из контролируемого, но изменяемого словаря терминов, между которыми указаны смысловые связи. Токой словарь, изчерпывающим образом покрывая некоторую спецефическую область знании, представляет собой перечень дескрипторов и недескрипторов» [27, 148]. Алайда, біз тезаурусты түсіндірме сөздікпен шатастырмауымыз керек. Тезаурусқа анықтама беріп, жан - жақты тоқталған зерттеуші Қ.Жаманбаева осы екі мәселенің (тезаурус - түсіндірме сөздік) ара - жігін ашып береді. Ол Абай шығармаларындағы «мұң» концептісінің тезаурусын құрып, былай көрсеткен:

ағу қорлық

азу қоршылық

қайғы азап мұң

жаны ауыру налу

жаны асығу ойға түсу

қабақ ашпау ой таппау

ашу қайғы ойлау

зарығу уайым ойлау

біту өкініш

жараның бітпеуі зар

жабырқау көксеу

жалығу күйік тарту, [4.71].

Тезаурусты орыс тіл білімінде зерттеген Ю.Н.Караулов «өркендеу» (развитие) концептісіне түзілген тезаурусты былай көрсетеді:

Развитие

подъем развертывать

прогресс развиваться

развитие прибавляться

расширение расти

распространение расшираться

рос увеличивать

возрастать увеличиваться

всходить укреплять

вырасти усиливать

повышать усиливаться

поднимать и т.п. [27.242].

прибавлять

Бұл тезаурустар бір - бірімен мағынасы жағынан екі түрлі. Біріншісі, Жан күйлерінің, күшті эмоция атауларынан құрылса, екіншісі, қоғамда пайда болған құбылыстың негізінде құрылған. Бірақ құрылымы, жасалуы, нысаны - бір.

Міне, соындай үлгіде қандай шығармадан болсын тезаурусты құруды оқырманға оқыған шығармасының көзге көрінбейтін сөз астарын ашып көрсетуге әрекет етуге болады.

Жалпы когнитологтардың пікірлерімен санаса келіп, оқулықтарда берілген мәтіндердегі адам танымын бейнелейтін концептілік жүйені төмендегідей жіктерге топтастыруға болады:

достық адамгершілік

талант тәртіптілік

тағдыр қулық

дүние қобалжу

ұят тәртіпсіздік

қорқыныш қуаныш

сезіктену реніш

қиял сезім

көңіл өкініш

шабыт ашулану

бақыт

Кез келген концептіден адамның бір немесе бірнеше объектіге қарым - қатынасын, оларға деген бағасын, жеке тұлғалық сипаттарын, тәлім - тәрбиесін, білімін , психсофизиологиялық ерекшеліктерін аңғаруға болады. Аталған тірек мағыналар балалардың танымдық бейнесін беретін жеке мағыналардың жиынтығын құрайды.

Достық. зат. Дос адамға тән ниеттік, жақындық қарым - қатынас [26 . 161] Концепт бойынша: адамдар арасында болатын шынайы жақындастық. Ішкі жан дүниеңнің сол адаммен бірлігі.

Бақыт. зат. Адамның арманына жетуі, толық қанағаттанушылығы; зор қуаныш, шаттық.

Концепт бойынша: жанның ішкі қажеттіліктерінің қанағаттануы, жанның рахаты, тыныштығы.

Адамгершілік.зат. Адамшылық, ізгілік, саналылық.

[26. 97]. Концепт бойынша: адам миындағы прогресс, адамның өзінің ішкі «Менінен» бас тартуы, айналасындағы басқа адамдарды көп ойлауы. Адам баласы ішкі Жан дүниенің ерекше ырғағын, сұлу қозғалысын тудыруы керек.

Қиял.зат. Заттар мен құбылыстардың субъективті образдарын қайтадан жаңғыртып, өңдеп, бейнелеуде көрінетін тек адамға тән психикалық прцесс [26, 225]

Концепт бойынша: жанның беймәлім, тылсым күштерге үміт артуы, соларды көз алдына елестетуі. Сол беймәлім субъектіні елестету арқылы аңсауы, соған ұмтылуы.

Қуаныш.зат. Бір нәрсеге қуану сезімі; шаттық, көңілділік.[26, 385] Концепт бойынша: блегілі бір сыртқы фактор әсерінен жанның қажеттіліктерді қанағаттандыруы.

Бір нәрсеге қолы жеткендегі ішкі сезімнің сыртқы көрінісі.

Қулық.зат. Алдамшы іс әрекет, амал, айла, тәсіл [26 , 400]. Концепт бойынша: жанның мақсатқа жетудің оңай жолын іздеуі. Ішкі дүниенің жаңа формаларды игеруі.

Қорқыныш.зат. Бір нәрседен жүрексініп, сескенгенде, шошынғанда пайда болатын сезім, қауіп қатер, үрей [26 . 351]. Концепт бойынша: ішкі дүниенің бір нәрседен шошынуы, сананың тежелуі. Ішкі жан бірлігінің талқан болуы.

Талант.зат. Табиғи дарын, ерекшке қабілет [26. 559].

Концепт бойынша: сананың жетілуі арқылы дара тұлғаға айналуы. Адам әрекетінің ішкі құрылымының күрделеніп, дамуы. Адам баласының белгілі бір сипаттағы форманы, әрекет түрін ішкі таңдаумен дәл ұстауы.

Тағдыр. ар. зат. 1.Діни. Құдіреттің жазуы, жазмыш.

2. Өмір, тұрмыс, тіршілік. 3. Ауыс. Бір нәрсенің жай күйі, келешегі , болашағы [26 ,53]. Концепт бойынша: ішкі жан дүниенің бір нәрсені мойындауы, бойүсынуы. Болған, болып жатқан, болатын жағдайға көнбіспен қарау.

Тәртіптілік.Зат. Тәртіпті болушылық, үлгілілік, өнегелік [26, 73]. Концепт бойынша: Жанның белгілі бір заңдылықтарды мойындауы, бағынуы. Бұл жерде де адамның ішкі « Менінен» алыстауы байқалады.

Тәртіпсіздік. Зат. Тәртібі жоқтық, бетімен кеткендік, жүгенсіздік, тентектік [26, 73]. Концепт бойынша: тәртіптілікке қарама қарсы, яғни, жанның дербестенуі, ешқандай заңды мойындамау, оны бұзуы.

Сезім.Зат. Сыртқы дүние мен құбылыстың адамға әсер ететін әрекетіне байланысты болатын психологиялық процесс [26, 245] Концепт бойынша: жан күйінің тоғысуынан пайда болатын психологиялық күй. Бұл жағдай ішкі дүниеде үнемі болып тұрады. Шығарма оқу барысында сезім арқылы адам жан дүниесінің сол шығармаға кіре алады.

Сезіктену. ет. әлденеден күдіктену, күмәндану,

қауіптену [26, 256]. Концепт бойынша: ішкі дүниенің таным жолындағы әрбір болмысында беймәлім бір сезіктену әр кезде еріп отырады. Тылсым түйсіктер рух туғызып отырған еркін бастаудан келеді, оған адам алдымен өз бойындағы жау түйсіктерді (сезіктенуді) бұзып жарып шығып жетеді. Сөйтіп өз бойындағы табиғаттан тыс болмыстың тұрқын оятады.

Шабыт. зат. Бір нәрсеге қызығуда я белгілі істі орындауда адам бойына тән ықылас, зауық, ынта. [ 26 ,464]. Концепт бойынша: адамның ішкі рухани дүниесінің бір нәрсеге қызығушылықтан өсуі. Когнитивтік лингвистикадағы дара тұлға ұғымының бірінші сатысындағы ішкі қажеттілік шабыттан пайда болады.

Ұят. зат. Ар, намыс, әдеп, сыпайыгершілік, абырой [26,364].

Өкініш. зат. Белгілі қазаға не сәтсіздікке байланысты туған уайым, қайғы, аяныш, реніш сезімі [26,193]. Концепт бойынша: ойға батудың, толғанысқа берілудің күрделі психикалық құрылымы. Күйіну, ішкі дүниенің бос қаңырап, таянышсыз қалуы. Түпсіз қасірет , түпсіз тұңғиық.

Аталған концептілер адам эмоциясын білдіретін жан күйлері. Адам танымын қалыптастыруда аталмыш концептілердің алатын орны ерекше. Себебі, сыртқы ортаны қабылдауға байланысты осы концептілер адам санасында үнемі жүріп отырады. Бірақ бұлардан басқа жан күйлерін білдіретін концептілер адам танымын қалыптастырмайды деген ой тумауы керек. Тек біз бұл ұғымдар шығармаларда көп кездесетіндіктен, адам танымын қалыптастыруда негізгі рөл атқаратындықтан таңдап алып отырмыз.

Жоғарыда тезаурус ұғымы мәселесіне сөз қозғалған болатын. Енді осы тезауруспен қатар зерттеушілер «сегмент» (бөлшек) ұғымды қолданып жүр. Тезаурус терең жан күйлерінің күшті эмоция атауларынан, былайша айтқанда, концептіден құрылса, ал сегмент болса сол тезаурусты толықтырып тұрады. Сегмент теориясына толыққанды анықтаманы чех әдебиеттанушысы Иржи Левый былай береді: «Главный структурной особенностью высказывания является его линейный характер : оно состоит из ряда последовательных сегментов. В этом ряду действуют следующие элементарные принципы формообразования

  1. Неперерывность или перерывность, т.е. большая или меньшая теснота связи соседних сегментов.

  2. Эквивалентность или неэквивалентность единиц, т.е. их равноценность или же преобладение некоторых из них над другими благодаря боли высокой степени какого либо физического качества, например, ударности, долготы , скорости, основной частоты тоны , и т.п.

  3. Регулярность или нерегулярность расположения единиц т.ею большая или меньшая энтропия ряда. Этот принцип распространяется и на такие специальные случай, как повторяемость и варьированные ритмических единиц и синтаксических констуркции. [28,100].

Яғни, сегмент тезаурус ішінде онша байқалмағанымен, тезаурус құруда маңызы зор. Зерттеуші Қ.Жаманбаева бұл құбылысты былай түсіндіреді: «Тезаурус ішіндегі жан күйлері атаудың ішкі сипаттары түзу жазық немесе тік жазықпен орналасқан сегменттер (бөлшектер) арқылы айқындалады. Сегмент бөлшек ұғымын мына тұрғыдан береді. Жан күйлерінің атауларының тезаурус ішінде тұрып, өзіне бөтен, жат мағыналы сөздерді тарта бастайды, сөйтіп олардың мағыналық ішкі белгілерін өзінің тезаурустық мағыналарының бір ішкі бөлігіне, ішкі бөлшегіне айналдырады, өзінің сипатына жақындатады. Мысалы, жалғыздық, қараңғылық, түпсіз терең, т.б. сөздер белгілі бір жан күйлерінің тылсым белгілерін көрсете бастайды. Атап айтсақ, мұң деп күйдің ішкі бөлшектерінің біріне жалғыздық, өлім, қараңғы көңіл, түпсіз терең, т.б. сегменттер кіреді. Және әрбір Жан күйлерінің ішкі сегменттерін нақты, дәлме дәл көрсету мүмкін емес, бөлшектер үнемі ішкі қозғалыста. Бірінші Жан күйлерінің атауы екінші жан күйлерінің атауының ішкі мәндеріне ығысып, көшіп жүреді»[2,72].

Сонымен қорыта келсек, сегментті форма жасаушы бөлшектер деп атауға болады. Олай дейтін себебіміз жан күйлерінің бір ғана аты өзі білдіріп тұрған мағынамен ғана шектеліп қоймайды. Яғни, ол атау сол көңіл күйдің дәлме дәл өзі емес. Тек бір ішкі басым тұрған белгісі ғана. Мысалы, қорқыныш, сезіктену, қобалжу концептілерін алсақ, бұлар адам жан дүниесінің (беймәлім) бір нәрседен толқуын көрсетеді. Олай болса, қандай көңіл күйді болмасын дәл жеткізу үшін оның атауын тіркеу аз болады, неді оны құрылымдық бөлшектермен (сегмент) толықтыру қажет. Және ол тезаурус ішінде жүретін процесс болмақ.

Тезаурустың жүру процесі өте күрделі процесс. Ең бірінші адам миында болатын құбылыс ой, ойлау процесі. Одан сана арқылы адамдарда таным пайда болады. Таным тіл арқылы көрініс тауып концептіге ұласады. Ең соңында концептіден көптеген бөлшектерден (сегменттерден) тұратын тезаурус құрылады. Бұл прцесті схема арқылы былай көрсетуге болады:

Ой

Таным

Тіл(сөз)

Концепт

Тезаурус

Сегмент

3. Адам танымын қалыптастыруда қолданылатын жұмыс түрлері (2 сағат).

Когнитивтік лингвистикада адам танымын қалыптастыруда атқарылатын басты жұмыс тапсырмаларды жүйелі орындату. Тапсырмалардың танымдылығы ұстанымы бойынша, берілген тапсырмалар оқушының ойлау дәрежесін арттыруға, ой өрісін дамытуға, дүниетанымын кеңейтуге арналған. Концепт сөздерді танып, олардың мағыналарын ажыратып қана қоймай, кез келген шығармадан сол концепт бойынша тезаурус құра білуге дағдыланады.

Тапсырмалардың маңызы анықталған соң, нақты когнитивтік лингвистикаға байланысты деңгейлік тапсырмалар жүейесі жасалынады. Бірақ ол тапсырмалардың әрқайсысының дидактикалық тұрғыдан орындайтын мақсаты мен міндеттері болады да, тапсырмалардың түрлері соған байланысты анықталады.

Жалпы оқушыларға тапсырма беруді педагогика саласында мынандай топтарға топтастыруға болады:

1. Білімділік тапсырма

2. Проблемалық тапсырма

3. Пәнаралық тапсырма

4. Шешендік тапсырма

5. Танымдық тапсырма

6. Интеллектуалдық тапсырма

Когнитивтік лингвистиканы оқытудағы орындалатын тапсырмалардың әрқайсысы оқушылық , алгоритмдік, ізденімдік деңгейлерімен, тығыз байланысты. Оқушылық деңгейлерде білімді тапсырмала; алгоритмдік деңгейлерде проблемалық, шешендік; шығарамшылық деңгейлерде танымдық, интеллектуалдық тапсырмалар орындалады. Енді когнитивтік лингвистиканы оқытуда орындалатын тапсырмалардың әрқайсысының өзіне тән ерекшкліктеріне тоқталған жөн.

Білімдік тапсырма.Оқушының теориялық ьілімін бекітетін, жаңа материал туралы негізгі білік дағдыларын қалыптастыратын тапсырмалардың түрі білімдік топ деп аталады. Білімдік тапсырма оқушылардың жаңа материалды қабылдап, оны өмірде пайдалана алуына бейімдейді. Әрбір тақырыпты өткеннен кейін білімдік тапсырма оқушы білімін нақтылай түсу мақсатында беріледі. Оларға оқушылық, алгоритмдік деңгейде орындалатын тапсырмаларды жатқызуға болады. Мысалы, берілген мәтіннің ішінен керекті концептіні танып, оны теріп жазу, кесте толтыру, сызбаны сызу, тезаурус құрау.

Проблемалық тапсырмалар. Оқушыларға рпоблемалық жағдай туғызып , оны оңтайлы шешім қабылдай отырып шешуге бейімдейтін тапсырманың түрі проблемалық тапсырма деп аталады.

Пәнаралық тапсырмалар.Өтілген тақырыптарды басқа пәндермен ғылым салаларымен байланыстыра отырып, оқушыға материалды терең әрі жан жақты меңгертуге арналған тапсырмалардың бір түрі пәнаралық тапсырма деп аталады. Оқушы білімі жекелеген пәндердің өзара байланысының негізінде берілген тапсырманы орындау барысында тұрақтана түседі. Мұндай тапсырмалар оқушылардың логикалық ойлауын дамытады. Мысал ретінде термин сөздерді оқытуға болады.

Шешендік тапсырма. Оқушылардың айтар ойын жүйелі жеткізе білуге дағдылантһдыратын, сөйлеу мәнерлерін қалыптастыратын, кез келген жағдайда сөз тауып тауып оны орынды қолдануына жетелейтін тапсырманың түрі шешендік тапсырма деп аталады. Ол оқушыға ойды жеткізуде әр сөздің атқарар қызметінің зор екендігіне көз жеткізеді. Сонымен қатар шешен , әдемі сөйлеуге үйрете алады.

Танымдық тапсырма.Оқушының ойлау қабілетін, дүниетанымын, ой өрісін дамытуға арналған тапсырманың бір түрі танымдық тапсырма деп аталады.

Интеллектуалдық тапсырма.Оқушылардың жеке ойын, пікірін, көзқарасын қалыптастырып, өзінің ұсынысын ашық айтуға бағыттайтын тапсырманың түрі интеллектуалдық тапсырма деп аталады.