Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
07-06-2014_10-48-31 / __АЗА__ __ДЕБИЕТН О__ЫТУ __ДСТЕМЕС Силабусс.docx
Скачиваний:
142
Добавлен:
16.02.2016
Размер:
209.14 Кб
Скачать

2.2. Лекциялық сабақтардың тезистері

1 лекция тақырыбы: Әдебиетті оқыту әдістемесі пәні

І апта. 2 кредит- сағат.

Лекция тезисі: «Әдебиет методикасы» - педагогикалық ғылымдардың саласына жататын ғылыми пән. Мұның қамтитын объектісі, қарастыратын мәселелері мектепте әдебиетті оқыту сабақтары кезінде мұғалім мен оқушылардың өзара қарым-қатынасы болып табылады, ол педагогика ғылымының, оның теориясының жалпы қағида, ережелеріне сүйенеді. Бірақ әдебиет методикасы педагогика сияқты мектеп, оқу-тәрбие мәселелерін тұтас алып қарастырмай, тек көркем әдебиетті оқып үйрену негізінде оқушыларға берілетін білім мен тәрбие мәселелерін өз шеңберінде ғана алып баяндайды.

Оқу бағдарламаларының тарихи желісін құру - әдістеме ғылымының алдағы дамуы үшін де мәнді болмақ. Әр оқу пәні бойынша меңгерілуге тиісті білім мазмұны мен мөлшерін, білік пен дағдыларды және оқу жылдары бойынша бөлінген бөлімдер мен тақырыптардың мазмұнын анықтайтын құжат бағдарлама деп аталады. Жалпы білім беретін орта мектептерге арналған бағдарламалар оқу пәнінің мазмұнын белгілеу формасы болып табылады және білім мазмұнын нақты оқу үрдісіне енгізу үшін жоспарланған мазмұнның іске асырылуы үшін қызмет етеді. Бағдарлама сонымен қатар мұғалім мен оқушының іс - әрекетін анықтайтын нормативтік құжат болып табылады. Қоғамның және мәдениеттің даму өзгерістеріне сай әдебиет пәнінің бағдарламалары, оқулықтарымен қатар оны оқыту әдістемесі де жетілдіріліп отырады және ол қалыптасқан отандық әрі әлемдік тәжірибеге негізделеді.

Қазақ әдебиеті әдістемесі өзінің қалыптасу және даму тарихында мектепте әдебиетті оқытуды оқу – әдістемелік тұрғыдан қамтамасыз етуге қызмет ете отырып, өзгеріп отыратын дәуір талаптарына сай белгілі бір бағыттарда басым дамығаны байқалады. Әдістеме ғылымы дамуының қай кезеңде де оқу бағдарламалары жетекшілік басымдықта дамыған.

Қазақ әдебиеті әдістемесінің ғылым ретінде дамып қалыптасуына ғылыми – әдістемелік зерттеулер қатарында әдеби білім тұжырымдамалары, мемлекеттік білім стандарттары, оқу бағдарламалары, оқулықтар, оларға жазылған әдістемелік құралдар да орын алады.

«Қазақ әдебиеті» пәні арқылы адам өмірдегі жақсылық пен жамандықтың, арамдық пен адалдықтың, әділеттілікпен әділетсіздіктің, ізгілікпен қаталдықтың тағы басқа да қоғамдағы жағымды - жағымсыз қылықтардың арасындағы күресті айыра алатын қабілетке жетеді, өмірдегі түрлі құбылыстарға сыни көз қараспен қарайды, өзінше баға береді.

Әдебиеттегі көркем сөздің қуаты қоғамды, қоршаған ортаны, адам жанының небір нәзік сырлары мен әлеуметтік өмірдің терең қатпарларын ақтара білуге жеткізеді. Өмір көріністерін түрлі образдар арқылы оқушы санасына бейнелеп, көз алдына жандандырап елестетеді. Сөйтіп, оқырман көз алдынан талай тағдырлар өтіп жатады. Олардың әрқайсысы өзіндік тіршілігімен, қайталанбас мінезімен, өкініш - опығымен, қуаныш-қызығымен, түрлі тартысымен көрінеді.

Жазушы олардың әрқайсысын өзіне тән ерекшелігімен, ерлігімен, еңбегімен, ойымен, ақылымен, қулығымен, әзілімен өрнектейді. Оның бәрі жазушының ішкі және дүниесінің толғанысымен, сезім шынайылығымен бейнеленеді. Сондықтан өнер туындысында адамды баурап әкетер, ләззәтқа бөлер, жүрек толғар, қуат берер, сұлулыққа іңкәрландырар ерен күш бар. Міне, өнер туындысының танымдық, тәрбиелік мәнін ерекше бағалайтынымыз содан.

Мектепте оқушылар әдебиетті оқу арқылы халықтың ауыз әдебиеті мен өткендегі прогрессшіл әдебиетінің, тарихи-әдеби және идеялық-көркемдік ерекшеліктерін, өзіндік сипаттарын нақты танып, өтілген әрбір көркем шығарманы меңгеруге тиіс. Бұл міндет сөз өнері арқылы болмысты эстетикалық қабылдауға негізделген әдебиеттің өзіне тән өзгешелігіне сәйкес оқып үйрену, шығарманың идеялық мазмұны мен көркемдік түрін, сөз өрнегін органикалық бірлікте, ажырамас тұтастықта талдай білуге үйрету негізінде орындалады.

Әдебиет – сөз өнері. Ол – өнердің бір саласы. Әдебиет пәні де - өнер пәні. Әдебиетті ұлағатты адамдар “адамтану құралы” десе, біз әдебиет пәнін “адам тәрбиелеу құралы” дер едік. Ол жасөспірімдерге әдебиеттанудан, сөз маржандарының қыр – сырын игеруден жай білім ғана алып беріп қоймайды, ең бастысы, өмірдің ең қымбаттысы, ең асылы – жақсылық пен ізгіліктің ұрығын себеді. Әдебиет пәні – сонымен бірге қоғамтанудың басты құралдарының бірі.

Әдебиет пәнінің жас ұрпақты уақыт талабына сай тәрбиелеу ісіне қосар үлесі үлкен. Ол жақсы мен жаманның ара жігін ажырата білуіне, адамгершілік сезімінің ұшталып, имандылық қасиеттерінің оянуына септігін тигізеді.

Әдебиет пәні бойынша оқушыға ұсынылатын білім мазмұнының сынып бойынша сұрыпталуы оқушының жас ерекшелігіне, қабылдау мүмкіндігіне қарай айқындалады, себебі әдебиет пәнінде оқушыны дамыту, тәрбиелеу, оқыту, оқу әрекетін ұйымдастыру бәрі білім мазмұнына, көркем шығарма мәтініне тәуелді. Сондықтан оқушыға ұсынылатын оқу материалы оқушының ықпалы мен ынтасын бәсеңдетпей, керісінше, оның таным белсенділігін арттыруға ықпал ететіндей болуы керек және ол оқушы ақыл-ойының дамуының шешуші факторы да болуы керек. .

Әдебиет пәні барлық пәндермен, әсіресе, гумманитарлық, эстетикалық циклдағы пәндермен өте тығыз байланысты. Соның ішінде, өзі де өнер пәні болып саналатыны себепті, ол бейнелеу өнері, музыка пәндерімен ерекше гармониялық үндестікте жүріп отыруы керек. Сондай – ақ, тарих пәні әдебиеттің ең туыстас, бауырлас пәні болып табылады. Бағдарлама мен оқулыққа назар аударған адам бірден осы туыстықты аңғарар еді. Себебі ақын – жазушы шығармашылығына тоқталмас бұрын, ол өмір сүрген тарихи кезеңнің сипаттамасы, келбеті беріледі. Қай суреткер болсын, - өз заманының жемісі. Ол, ең алдымен, өз заманын жыр етеді, соның келбетін кескіндейді, бейнелейді, шығармашылығы заманына байланысты туады. Оның шығармасы - сол өз заманының айнасы. Қазақ тілі пәнімен ерекше бауырластығы дәлелдеуді қажет етпейді. Егер әдебиетті көркем бір ғимарат, ғажайып мүсін десек, соны құрайтын заттар – тіл, тіл байлығы; сондықтан бұл екі пәнді бөліп алып қарастыру дұрыс емес.

Әдебиет пәнінің ауқымы да, мүмкіндігі де, маңызы да ерекше. Мектепте оқытылатын қай пән болсын, олардың білім мен дағды, тәрбие беруде өзіндік орны, атқарар маңызы бар. Дегенмен де әдебиет пәні барлық пәннің анасындай қызмет атқарады. Математиканы меңгеру үшін де сауатты оқи білу керек, оқығанын түсіну, ұғу, айта білу қажет (география, тарих пәндерін былай қойғанда).

Соңғы кездерде туыстас пәндерді бір арнада біріктіре оқыту тәжірибеге жиі еніп келеді. Сондай – ақ интегративтік оқытудың бір тәсілі – дуэт сабақтар, трио, гармония сабақтары да кең етек алуда. Әдебиет пәні тақырып ерекшелігіне байланысты кейде тіл, тарих, музыка, бейнелеу өнері, география пәндерімен дуэт, трио сабағы ретінде өтіліп келе жатыр. Әдебиет пәнінің тағы бір ерекшелігі- оның ойлы, ізденімпаз, өзіндік эстетикалық көзқарасы бар оқырман дайындауында. Бұл – үлкен, қасиетті міндет.

Әдебиет пәні - өнер пәні, адамтану пәні дедік. Сонымен қатар, әдебиет пәні – жан – жақты ойлантудың, терең ойлаудың пәні. Ең бастысы, әдебиеттің басқа пәннен айырмашылығы – онда дәлелденген ешқандай заң жүйесінің, формулалардың, элементтердің, бұлжымас, айнымас ережелердің жоқтығы. Орыс әдебиетінде бір ғана Пушкиннің “Евгений Онегиніне” қаншама сын – зерттеулер, монографиялар жазылды. Әр зерттеуші оны әр қырынан қарастырады, өзіндік пікір айтады, себебі, зерттеуші ғылыми еңбек жазып отырса да, онда, сөз жоқ, өзінің оқырман ретіндегі қабылдауына, сезіміне де орын береді. Қазақ әдебиетіндегі Абай шығармашылығына байланысты М.Жұмабаев, М.Әуезов, С.Мұқанов, Қ.Жұмалиевтер еңбектерін былай қойғанда, бүгінгі әдебиетшілер де зерттеулер жазуда. Бұдан шығатын қорытынды не? Қорытынды әдебиеттің өзіндік ерекшелігінде жатыр. Ол - өнер туындысы.

Ой, ойлану, ойланту барлық пәндерге де керек. Ойсыз өмір сүру мүмкін емес. Бірақ бұл жердегі ерекше бір еске алатын мәселе - өзіндік ойлау, өзіндік пікірде жатыр. Әдебиетті оқытуда мұғалім оқушыларға көркем туынды туралы оқулық авторы, не ғалымдар пікірін қайталауды, не соны қаз – қалпындамазмұндатуды мақсат етпеуі керек, ең бастысы сол көркем туынды туралы оқушы пікірі, ойына ерекше көңіл бөлген жөн. Бұл пәннің басқа пәндерді оқытудан өзгешелігі де, күрделілігі де осында.

Негізгі әдебиет: 1. [1.7:3]; 2. [1.7:4]; 3. [1.7:5]; 4. [1.7:6]; 5. [1.7:9]

Қосымша әдебиет: 1. [1.7:7]; 2.[1.7:8]; 3. [1.7:10].

2 лекция тақырыбы: Әдебиетті оқыту әдістемесінің қысқаша тарихы

ІІ апта. 2 кредит- сағат.

Лекция тезисі: Қазақстандағы білімнің өткеніне көз салсақ, білім беру тамыры ерте заманнан басталады. 7-8 ғасырларда мектеп-медреселер, діни білім беретін жоғары оқу орындары жұмыс істеген. Ал 19-ғасырдың екінші жартысында білім беру ісі үш бағытта дамыды: 1. Қадим мектептері (мұсылмандық дәстүрлі діни мектептері) 2. Жәдит мектептері. 3. Орыс-қазақ мектептері.

Мұсылмандық дәстүрлі діни мектептерде ешқандай дүниелік ғылым-білім, ана тілі, қазақ əдебиеті сияқты пəндер оқытылмай, тек дін сабақтары: араб тілі, ислам дінінің фарыз-қағидаларын өткен. Бұлардың бəрінде əуелі иман-шарт кітабы оқытылып, онда балалар араб тіліндегі 29 харіптің сүресін, ережесін, араб тіліндегі барлық харіптен құралған, мағынасы жоқ белгілі ғана сөздерді, түрлі аят-мінажат, дұғаларды жаттайтын. Иман-шартты шала-шарпы жаттаған соң, арабша аят, дұға, насихат өлең түрлерін жаттап, құранның өзіне көшетін-ді.

Еуропаның білім беру жүйесі мен щығыстық дәстүрлі үлгіні таразылай отырып татар ағартушысы Исмаил Гаспыралы мектеп-медреселерде реформа жасау қажет деп білді. Осылайша ой түйген ол, кейіннен “Тәржіман” газетіне қосымша ретінде жариялаған “Мектеп және жәдидшілік деген не?” атты кітапшада реформа жасауды қалаған ескі әдісті қолданатын мектептердің қателіктерін былай деп көрсетіп берді. Оның пікірінше, бір кездері озық мәдениеттің бесігі болған мектеп-медреселерде уақыт өте келе мынадай қателіктерге жол берілген: Мектеп-медреселерде белгілі бір оқу жүйесі жоқ; Дәрістер оңайдан емес, керісінше, күрделіден басталады; Шәкірттер ешқандай сынақ немесе тексеруден өткізілмейді; Шәкірттер қабылдануына және қабілеттеріне қарай сыныптарға бөлінбейді; Ана тілінде оқу, шығарма, есеп сияқты пәндер жеке пән ретінде оқытылмайды; Негізгі кітаптардың орнына қажетсіз түсініктемелерге көп орын берілген.

Жәдит мектептері ХІХ ғасырдың екінші жартысында туды десек те, қазақ даласында бой көрсете бастауы ХХ ғасырдың басы еді. Дәстүрлі мұсылман мектептерінен басқа ХХ ғасырдың бас кезінде Қазақстанда И.Гаспринский негізін салған үлгідегі жәдит мектептері ашыла бастады. Білім беру саласына терең талдау жасаған Исмаил бек, оқу – ағарту ісінің ұлттық педагогика негізінде болып, мектептердің ана тілінде білім беруін, медреселерде діни ілімдермен бірге дүнияуи ғылымдардың қатар оқытылуын және жаңа әдіспен белгілі бір қалыпқа түскен, өзіндік ережелері мен қағидалары бар оқу жүйесінің қажетсіз пәндерден арылуы керектігін, оның орнына оңайдан бастай отырып ғылым хал, тәпсір, хадис, тарих, жағрафия пәндеріне көбірек мән берілуін баса айтты.

Исмаил Гаспыралы тарапынан ашылған жәдид мектебі халық тарапынан қысқа уақыт ішінде қолдау тауып, саны бірте-бірте арта түсті. Исмаил Гаспыралы “Тәржіман” газеті арқылы жәдид мектептері туралы көптеген мәліметтер беріп, халықтың ынтасын арттырса, екінші жағынан “Хожа-и Субян” атты оқулық арқылы жаңа жүйесінің қалай жүзеге асырылатынын үйрететін еді. Жаңа жүйе бойынша жәдид мектептерінде ескі қадим мектептерінен бөлек, белгілі бір қағидалар қалыптасты.

Сонымен, XIX ғасырдың соңы мен XX ғасырдың басынан былай қазақ арасындағы мектеп, медреселердің көпшілігі жаңа, төте, оқу «ұсылы жəдид» тəртібіне көшті: мектеп, медреселерде діни сабақтарымен қатар ана тілі, есеп, география, тарих оқылатын болды. Кейбір медреселерде орыс тілі де жүрді. Балалар аз уақыт ішінде хат танып, бастауыш көлемде білім алып шығатын-ды. Қадым мектептері көбіне ауылда басым болса, жәдит мектептері қалалы жерде өріс алды.

Бұл мектеп, медреселер қазақ арасынан сауатты, оқыған адамдардың, қазақтың жаңаша оқыған интеллигенттерінің шығуына, халықтың оянуына белгілі дəрежеде себепкер болды. Ұсыли-жəдид ағымы діни ескі оқуға қарсы, қазақ арасындағы орта ғасырлық мешеулікке қарсы күресуде прогресшіл бағыт ұстанды. Кейін жəдидшілдердің көпшілігі ұлт қамы үшін, орыс шовинизміне қарсы батыр күрестерге шықты. Оларды патша Үкіметі пантюркистер, панисламистер деп атап, барынша қудалау жолына түсті. Кейін Кеңес үкіметі жəдидшілдерді біржолата тарих сахнасынан аластауға жан-тəнімен ерісіп, олардың көпшілігі коммунистік партия тарапынан репрессияға ұшырады.

Ғалымдар алғашқы мұсылмандық білім ошақтары-медреселер жұрттың бәрі ойлағандай араб жерінде емес, біздің топырағымызда, дәлірек айтқанда – Мәуренахр жерінде пайда болған деген дерек келтіреді. Түркістан өлкесіндегі алғашқы медреселер Ислам бұл аймаққа тарала бастаған кез – 8 ғасырда пайда болған.

Құлшылық ордасы мешіттерден медіреселердің бөлінуі мұсылмандық діни білім беру ісінің жаңа кезеңін бастады. Ендігі жерде медреселер ислам дінін үйретудің арнайы жабдықталған және үлкен ғұламаларды қамтыған білім мекемесіне айнала бастады. Алғашқы күннен бастап медресе бағдарламасында шәкірттің негізгі құнды сапасы – жақсы есте сақтау қабілеті деп танылды да, білім жаттау арқылы сіңірілді. Кейіннен байқап отырғанымыздай, медресе шәкірттерінің бұл қасиеті Құран мен Пайғамбардың хадистерінің бізге өзгеріссіз жетуіне септігін тигізген.

Қазіргі мектеп оқыту әдістемесінде көп пайдаланылмайтын дәрісті жаттау әдісінің ғылымды игерудегі салмағының ерекшелігін мұсылман ғұламаларының бәрі дерлік айтқан. Діннен тыс қарағанда «құрғақ, жаттанды сөз» деп қаралатын жаттау әдісі шындығында адамның білімді игерудің негізгі әрі маңызды шарты. Бұл туралы бізге заманы жақындау ғұламаларының ішінде башқұрттан шыққан Зәки Уәлиди Тоған 19 ғасырдағы Түркістандағы медреселер мен қарапайым отбасындағы діни тәрбиедегі жаттаудың рөлін жоғары бағалаған. Уәлиди Естеліктерінде Өзінің тағдырдың тәлкегімен темір торға қамалып, оқитын газет-журнал тоқтатылған сәтте баяғы медреседе жаттаған аят-хадис, Иассауи хикметтерін қайта қорытуға мүмкіндік алғанын, жатталған білім пікіріне азық болып, астарына бүккен сырды аша түскенін жазады.

Ал Ибн Сина мұғалімге қойылған талаптардың ішіндегі негізгілерін – тәрбие әдістерін терең меңгеру, әдеп тәртіптерін жақсы білетін қайратты, шыншыл әрі үлкен жүректі болу деп белгілейді. Жалпы мұсылмандық оқу жүйесі негізінен екі сатыдан: бастауыш саты-мектеп, орта саты-медреседен тұрды. Қазіргі күні медреселердің мұсылмандық білім жүйесінің жоғарғы оқу орны болғаны дәлелденіп отыр. Ал медресеге дейінгі алғашқы бастауыш білім сатылары ретінде қарыханалар мен далаилханалар алынды. Мектеп-медреседегі оқыту ісін ұйымдастыру, оның оқу бағдарламалары мен әдістемелері туралы мәліметтері мен деректер қорының бүгінгі күнге жетуі ұлы ғалым Ұлықбектің есімімен тікелей байланысты. 14-15 ғасырдың басында оқу жүйесінің құрылымын қайта құрған Ұлықбек тек мемлекет басшысы, меценат қана емес, ірі әдіскер ғалым да болған.

19 ғасырдан бастап жәдидтік бастаулардан нәр алған қазақ ғұламалары медреселердегі оқыту үрдісінің кәсіби деңгейін біршама ілгерлетті. Рухани жағынан медреселер халықты тәрбиелеудегі маңызды институт болып қалыптасты. Медресе білім адамгершіліктің бастауы болып тұлғаның рухани-интелектуалдық жағынан толысуына өлшеусіз жол ашты, әдептен озбайтын, ішкі потенциалы бай шәкірттерді молайтты. Бұлардың көпшілігі өмірлерінің ақырына дейін медресе ұрығын сепкен ізгілік пен адамгершіліктің қалпын сақтады. Бұған артында сөзі қалған, кейінгіге өнегесі мирас қазақ зиялыларының баршасының дерлік дүниетанымының бастау көзі – медресе болғаны дәлел бола алады.

Негізгі әдебиет: 1. [1.7:4]; 2. [1.7:5]; 3. [1.7:6]

Қосымша әдебиет: 1. [1.7:7]; 2.[1.7:8]; 3. [1.7:10].

3 лекция тақырыбы: Ыбырай Алтынсарин – ағартушы ұстаз, тарихи тұлға

ІІІ апта. 2 кредит - сағат.

Лекция тезисі: Ы.Алтынсарин демократиялық-ағартушылық бағыты оның педагогикалық көзқарасының үш бірдей саласынан көрініс тапты. Біріншіден, бүкіл өмір жолын мектеп ашуға, қазақ балаларын оқуға тартуға, дүние ғылымдарын үйретуге және соған оқу құралдарын жазып шығаруға арнаса, екіншіден, өнегелі ұстаз тәлімгер даярлауға, оларға күнделікті ғылыми-әдістемелік басшылық жасауға көңіл бөлді. Үшіншіден, шығармаларында қазақ халқының ХІХ ғасырдағы қоғамдық өмірінде болған саяси әлеуметтік мәселелерді жан-жақты қамтып жазуға жұмсады. Ол кез келген шығармаларында шәкірттерді адал, шыншыл, еңбек сүйгіш, өнерлі азамат болуға, жат мінезден бойын аулақ ұстауға шақырды.

Сол кездегі Қазақстан жағдайында өте күрделі мәселелердің бірі – белгілі педагогикалық даярлығы бар мұғалім кадрлардың жетіспеуі Ыбырай ол мәселені екі жолмен шешуді көздеді: біріншіден, қазақтардың өз ішінен мұғалім даярлайтын қазақ мұғалімдер мектебін ашу арқылы, екіншіден, жаңадан ашылып жатқан орыс-қазақ мектептеріне Ресейдің арнаулы мұғалімдік оқу орындарын бітірген жас мұғалімдерді жұмысқа шақыру арқылы мақсатты іске асырмақ болды. Ы.Алтынсариннің ұсынысы бойынша 1888 жылы көкек айында Ор қаласында тұңғыш мұғалімдер мектебі ашылды.

Ы.Алтынсарин қазақ жастарына кәсіптік мамандық беру мәселесіне ерекше мән беріп, қолөнер, ауыл шаруашылық училищелерін ашуға көп күш жұмсады.

Көп ұзамай Торғай қолөнер училищесі ұйымдастырылып, өзі қайтыс боларының алдында Қостанайда ашылғалы отырған ауыл шаруашылығы училищесінде өзінің қора жайын беретіні туралы өсиет қалдырды.

Қазақ қыздарын оқытып-тәрбиелеу ісіне де жол ашқан Алтынсарин еді. Ол Ырғызда қазақ қыздарына арнап жанында интернаты бар мектеп аштырды.

Ы.Алтынсарин екі бірдей маңызды тарихи бастама жасады: 1) қазақ тіліндегі оқулықты қажет еткен таза қазақ мектептерін ашты; 2) ашылған қазақ мектептерінің сұранысы қанағаттандырылды, алғашқы оқулық жасап шығарылды.

Ы.Алтынсарин Н.И.Ильминский, А.Алектронов, А.Бессонов, т.б. миссионерлік әрекеттеріне қарсылық білдіріп отырған. Сол кездегі қазақ жазуын (яғни, араб әрпіне негізделген қазақ емлесін) орыс алфавитіне көшіруге мүлде қарсы болған. Бұл туралы жоғары орындарға бірнеше рет хат жазып, арыз айтып ұсыныстар жасаған. Мысалы, ол 1871 жылғы 31 тамызда Н.И.Ильминскийге жазған хатында былай дейді: «Шапағатты төрем Николай Иванович! Сіз бұл хатыңызда қазақ арасына орыс алфавитін енгізу жөнінде пікір айтқан екенсіз. Бұл талассыз пайдалы пікір ғой. Дегенмен, оны жүзеге асыру, меніңше, үлкен қиыншылыққа кездеседі. Орыс әрпімен жазылған кітаптар қазақ арасына, тап біздің ойлағанымыздай жеңіл және тез сіңе қоймайды. Бірінші жағынан фанатизмнің салдарынан, екінші жағынан, орыс жазуына көзі үйренбегендіктен, оның таныс еместігінен, оның үстіне, елімізде тарап отырған татар жазуының әсерінен… Кітаптарды қазақтың өз тілінде, олардың өздеріне таныс әріппен шығара алу керек. Міне, менің шын пікірім осы».

Алайда, Ы.Алтынсариннің өз заманы үшін бұл орынды ұсынысын Н.И.Ильминский де, сол кездегі оқу министрі Толстов та қабылдамаған. Ы.Алтынсарин сонымен бірге кейбір миссионерлердің оқушы қазақ балаларын еріксіз шоқындыруға үзілді-кесілді қарсы шыққан. Бұл жөнінде тиісті орындарға шағым жазып, наразылық білдіріп отырған.

Оқу-тәрбие процесін ұйымдастыруда ол дүние жүзі педагогика классиктері Ушинский, Руссо, Каменский, Толстой, т.б. гуманистік идеяларын басшылыққа алады.

Ыбырай Алтынсариннің көзқарастарынан бүкіләлемдік тәлім-тәрбиенің алатын діңгегі гуманистік көзқарас, яғни шәкіртке жылы жүректі болу, мұғалім мен оқушы арасындағы ынтымақтастық принциптерінің көрініс тапқанын байқаймыз. Мысалы, өзінің екі кластық мектептердің меңгерушісіне жазған нұсқау хатында ол «Егер балалар бірдемені түсінбейтін болса, онда оқытушы оларды кінәлауға тиіс емес, оларға түсіндіре алмаған өзін кінәлау тиіс. Ол балалармен сөйлескенде ашуланбай, жұмсақ сөйлесуі, шыдамдылық етуі керек, әрбір нәрсені де ықыласпен түсінікті етіп түсіндіру керек, орынсыз терминдерді қолданбау керек, мұндай сөздер оқушыларға түсініксіз болады да, жалықтырып жібереді...»

Өзінің мектеп өміріндегі тәжірибесін Ушинскийдің, Толстойдың педагогикалық озат пікірлерін, тағы басқа да материалдарды қорыта отырып, Ы.Алтынсарин – «Қазақ хрестоматиясы» (1879 жылы) мен «Қазақтарға орыс тілін оқыту жөніндегі бастауыш басшылық» деген екі кітабын жазды. Бұл еңбектер кезінде қазақ халқының мәдениетінің тарихында аса зор оқиға, үлкен ғылыми табыс ретінде жарыққа шығуы өз кезінде қазақ халқы үшін сирек кездесетін тамаша жаңалық болды.

Ы.Алтынсариннің шығармашылығына Н.Ф.Бунаков және Н.А.Корфтің жүйесімен Ресейде құрылған бастауыш халық мектептерінің тәжірибесінің жемісті ықпалы болды. Ы.Алтынсарин оқу жоспарларын және бағдарламаларын жасауда оқыту мен тәрбиенің дидактикалық және әдістемелік тәсілдерді қолдануда оның пайдалы тәжірибелерін пайдаланды.

Ы.Алтынсарин өзінің оқу құралдарын жасауда өзінің идеялық бағыттылығы жағынан халықтың қағидаларға қызмет етуге және балаларды өз Отанына сүйіспеншілік рухта тәрбиелеуге ұмтылды. Сондықтан да орыс педагогтары мен жазушыларының шығармаларымен қатар ол хрестоматияға қазақ ауыз әдебиетінің үлгілерін енгізді.

«Қазақ хрестоматиясымен» жұмыс істеу барысында Ы.Алтынсаринге К.Д.Ушинскийдің педагогикалық көзқарасы мен оның «Балалар әлемі», сонымен қатар Л.Н.Толстойдың, И.И.Паульсонның, Н.А.Корфтің және басқалардың оқулықтар жасаудағы тәжірбиесінің әсері орасан зор болды.

Ыбырайдың Ушинский жолымен жүргізген оқыту жүйесі бойынша: мектеп, ең алдымен халықтық мектеп болуы керек, халықтың тұрмысына ыңғайлы, шаруашылығына қолайлы болып құрылуы керек. Ауыл мектебі ауыл өміріне, болыстық мектеп – болыстағы жағдайға сай құрылуы керек. Ауыл мектептері үлгілі, тәртіпті, көрнекті, мәдениетті, ауылдағы бүкіл мәдени-ағарту жұмысының орталығы «қазақтарды оқытудың негізгі буыны» болуға тиіс.

Ы.Алтынсарин «Қазақ хрестоматиясында» және басқа да мақалалары мен хаттарында қазақ мектебі тәжірибесіне оқу әдістемесін тұңғыш енгізді. Ол әдістемелік жүйе 4 буынды құрайды:

1) оқулыққа материалдардың балалардың жас ерекшеліктеріне, педагогикалық, прогрестік талаптарға сай сұрыпталынып енгізілуі;

2) материалдың орналасу, берілу тәртібінің тәрбиелік-өнегелік мәнерден тууы;

3) оқушыға материалды меңгеруде көңіл аударатын мәселелерді қарастыру

4) оқытушының әрекеттері

Әрине, Ы.Алтынсарин оқу әдістемесі туралы айтқанда, белгілі бір оқу бағдарламасына сүйенді дей алмаймыз. Ол кезде оқулық мазмұны мен оқытудың мақсат-мазмұнын айқындайтын бағдарлама жоқ еді. Ол мәселені бағдарлама жасаудан емес, хрестоматия құрудан бастады және оның хрестоматиясы ауыз әдебиетінің, белгілі ақындар өлеңдерініғң, әлемдік әдебиет үлгілерінен құрастырылған, сонымен бірге өзіне дейінгі хрестоматия жасаудың классикалық тәжірибесін меңгеріп барып құрастырылған оқулық құралы негізінде қазақ педагогикасы, қазақ оқу әдістемесі, қазақ оқулығының бастапқы тәжірибесі болды.

Сонымен, Ы.Алтынсарин әдебиеттік оқу методикасын қазақ тәжіриебсіне тұңғыш рет енгізе отырып, үш түрлі факторды қабат алып қарайды. Олар:

  1. материал;

  2. материалдың берілу тәртібі мен оқытылу жолы;

  3. оқушы

Осының үшеуі де жақсы мұғалім, соған көмектесетін жақсы хрестоматия арқылы ғана мақсатына жетпек.

Негізгі әдебиет: 1. [1.7:5]; 2. [1.7:6]; 3. [1.7:8]

Қосымша әдебиет: 1. [1.7:3]; 2.[1.7:4]; 3. [1.7:5]; 4. [1.7:14]

4 лекция тақырыбы: Кеңестік дәуірдегі әдебиетті оқыту әдістемесінің дамуы

ІҮ апта. 2 кредит - сағат.

  1. Лекция тезисі: Халық ағарту ісінің барлық жүйесін қайта құру төңкеріcтің алғашқы күндерінен басталады. Халық ағарту ісін басқарудың ескі жүйесін тарату басталады. 1918 жылы 1 қазаннан бастап барлық бастауыш және жоғарғы бастауыш училищелер, діни мектептер мен медреселер, төменгі және орта дәрежелі оқу орындары бірыңғай кеңес мектебі болып қайта құрылды. Олардың бәрі Халық Ағарту Комиссариаты қарамағына берілді.