Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
07-06-2014_10-48-31 / __АЗА__ __ДЕБИЕТН О__ЫТУ __ДСТЕМЕС Силабусс.docx
Скачиваний:
142
Добавлен:
16.02.2016
Размер:
209.14 Кб
Скачать

Оқушылардың білім дағдыларын тереңдету мақсатында мынандай жұмыс беріледі:

Өлең негізінде жатқан идея, авторлық ой

Өлеңдегі негізгі ойды ашатын шумақтар, өлең жолдары

Айшықты, әдемі, образды көркем сөздер

Өзіңе ұнаған жолдар, шумақтар

Ақын стилі, әдісі

Мұғалімнің мәнерлеп оқуы мәтінмен жұмыстарға жол ашады, шығарма мазмұнын, астарлы сырын ұғуға жәрдемдеседі. Мәнерлеп оқу түрлі дауыс бояуы арқылы шығарманың идеясы мен тақырыбын беру екендігіне оқушы көзін жеткізе түсу қажет. Мәнерлеп оқу үшін поэзияның табиғатын, өлең элементтерін – буын, бунақ, шумақ, тармақ, ырғақ ұйқастардың қызметін оқушыларға түсіндірген жөн.

Кез келген өлеңді оқуда мұғалім бунақтар мен тармақтар аралығында және шумақ соңында дауыс кідірісі(пауза) жасалатындығын түсіндіреді. Өлең элементтерінің бірі – ырғақ. Ырғақ, яки ритм – үннің жүйелі, мерзімді қайталануы. Өлеңнің әр сөзі – ырғақты сөз. Өлеңді оқу, тыңдау, түсіну, өлеңге тұшыну, толқу, тебірену – бәрі ырғаққа байланысты.

Ы.Алтынсариннің «Өзен» өлеңінің әр тармағы үш дауыс соқпасынан тұрады. Оны бунақ дейді. Бунақтың буын өлшемі бірдей, әр тармақтың(3-тармақтан басқа) ұйқасы бірдей.

Таулардан/(3) өзен ағар /(4)сарқыраған(4)

Айнадай/(3) сәуле беріп/(4) жарқыраған(4).

Жел соқса,/ (3) ыстық соқса,/ (4) бір қалыпты,(4)

Аралап/(3) тау мен тасты/(4) арқыраған(4).

Өлең шумағының, тармақтарының буын саны мен бунақ санының бірдей болып келуі өлеңге ерекше көрік, дауыс үйлесімін беріп тұрады. Ақын өзенді қимыл-қозғалыс үстінде танытқан. Демек, оқығанда дыбыс, буын, сөз үйлесіміне, дауыс ырғағына қоса оқу темпі де ерекше екпінмен жылдамдата оқылады.

Ашық буынмен аяқталған сөздер тұйық буындармен салыстырғанда созылыңқы, әуезді оқылады. Сол себепті ашық буынды сөздер мен өлең бунақтарын өзгелерден гөрі созып әндете оқыған жөн. Мәселен, далаа, анаау, алаа, ғанаа.

Оқушылардың лирикалық шығармаларға даген қызығушылығын туғызу үшін не істеуге болады? Өлеңді мәнерлеп оқу, күйтабақтарды пайдалану, сабаққа көркемсөз оқудың шеберлерін шақырып, кездесу өткізу; Табиғатқа саяхат жасау, сол жерде табиғат жайында өлеңдер оқу, суреттер көрсету; Әндер тыңдау, алған әсерлері бойынша пікірлесу, әңгіме өткізу; Сыныптан тыс оқуларда лирикалық шығармаға көбірек көңіл бөлу; Мәнерлеп оқу үйірмесін құру; Кейде әр сабақтың алдында поэзияға 3-5 минут бөлінеді, оқушылар өздері сүйетін өлеңдерді оқуға, жатқа оқуға, өз өлеңдерін оқуға мүмкіндік алады.

Өлең оқыту күрделілігі оның жанрлық ерекшелігінде ғана емес, ең бастысы оқушылардың оған деген көзқарасы, қарым – қатынасында.

Негізгі әдебиет: 1.[1.7:5]; 2.[1.7:6]; 3.[1.7:12]; 4.[1.7:15]; 5.[1.7:16]; 6.[1.7:17]; 7.[1.7:18]; 8.[1.7:19]

Қосымша әдебиет: 1.[1.7:14]; 2.[1.7:16]

12 лекция тақырыбы: Әдебиет сабағы

ХІІ апта. 2 кредит- сағат.

Лекция тезисі: Әдебиет сабағының басым көп уақыты оқушылардың да, мұғалімдердің де ауызекі сөйлеу тіліне кетеді. Оқыған әңгімелерін не басқа көркем туындыларын мәнерлеп оқу, мазмұндау - әдебиетті оқытудың дәстүрлі әдіс-тәсілдері.

Ауызекі сөйлеуде тіл мәдениетін, көркемдеп сөйлеу дағдыларын жетілдірудің тиімді әдіс-тәсілдері:

1. Жауаптарының, баяндама немесе жиындарда сөйлейтін сөздерінің жоспарын жасатып, сол бойынша жүйелі, мазмұнды сөйлеуге дағдыландыру;

2. Көркем мәтінді өзіне жуық мазмұндату: а)Әсіресе, мәтіннің ішіндегі көркем суреттер, портреттер, т.б. ойлы монолог, әсерлі диалогтер, мақал-мәтел, даналық сөздерді құрғақ мазмұндамай, негізін сақтап, мазмұндау. ә) Мәтін ішіндегі көркем, бейнелі, образды сөздерді, яғни эпитет, теңеу, метафораларды сақтап сөйлеу. б) Дәйексөз алу, мысалдар келтіру, оны мәнерлеп, нақтылап айта білу, жатқа айта білу. в)Дауыс екпініне, ырғағына, мақамына назар аудару. Сөйлеп тұрғанда, өзін тыңдаушылардың көңіл-күйіне назар аудару, нақтылы, мәнерлі сөйлей отырып, олардың ынтасын өзіне бұру жайын ойластыру.

Тыңдаушылар назарын өзіне тартудың басты жолдары: айтар пікірінің тереңдігі, мәнділігімен қатар, жоғарыда айтып кеткендей, дауыс мәнерінде. Әсіресе, өлең сөздерін мысалға келтіргенде, керекті жерінде дауыс ырғағын құбылтып отыру, өлең құрылысы, мазмұнына қарай жігерлі, нәзік, баяу оқи білу де ерекше маңызды. Бірақ мәнерлеп оқу, мәнерлеп айту – тіл дамытудың негізгі тәсілдері емес. Негізгі мәселе – мазмұнын білу, оны жеткізуде тиісті сөйлемдер мен оралымды сөздер таба білу, ойын көркем айта білу.

Оқушылардың тілін дамытуға арналған жазбаша жұмыстардың түрлері көп. Жазбаша жұмыстар сауаттылық үшін де, алған білімдерін тексеруде де қолайлы болып келеді. Жазбаша жұмыстар оқушыларды ойлау еңбегіне дағдыландырады, қосымша материалдарды пайдалану машықтарын жетілдіреді. Себебі, балалардың жазбаша жұмыстарды орындау кезінде асықпай ойлауға, ойланып жазуға уақыты, мүмкіндігі көп болады, ауызекі сөйлеуде ондай жағдайлар бола бермейді.

Жалпы жазба жұмыстары тіл дамытумен қатар, балаларды ойлай білуге, ізденіске жетелейді. 5-7 сыныптардағы жазба жұмыстарының ең ауқымдысы – мазмұндама. Мазмұндама - оқушының өз ана тілі мен әдебиетінен алған білім тексерудің негізгі нысандарының бірі. Мазмұндама арқылы баланың өз ойы жүйелі баяндай білу қабілеті мен тіл байлығы, сауаттылық деңгейі айқын көрінеді.

Мазмұндама мынадай бірнеше түрге бөлінеді:

1)Мәтінге жуық жазылатын мазмұндама. Мұнда оқиға эпизод, диалог, монолог, баяндау, суреттеу сияқты элементтер сақталынып жазылады;

2)Ең басты оқиғаларды ғана теріп жазатын мазмұндама;

3)Бір оқиғаның айналасында ғана жазылатын мазмұндама;

4) Шығармашылық бағыттағы мазмұндама. Оны жазған кезде оқушылар тек оқиғаны, болған істі ғана көркем мазмұндай бермейді, әңгімені өз жағынан баяндайды, дәйектемелер алады, өз пікірі, сезіміне ерік бере алады. Мұғалім нұсқауымен кейбір сөздердің синонимін, баламасын тауып жазады. Мазмұндаманың түрлері мұғалімнің оқу-тәрбие мақсатына байланысты өзгеріп отырады.

Мектептегі ең көп тараған, тәжірибеде жиі пайдаланылатын жазба жұмыстардың ішінде күрделісі де, ең маңыздысы да шығарма жұмыстары. Шығарма – оқушының туған халқының әдебиетінен алған білімін өз ойымен, дүниетанымдық көзқарасымен еркін ұштастыра отырып баяндайтын шығармашылық төл еңбегі. Оқушыдан көркем шығарманы өзіндік ой – пікірі,көзкарасы тұрғысында терең талдап пайымдауы, әсерлі, көркем тілмен жүйелі баяндауы талап етіледі.

Шығарма жаздырудың ең басты мақсаттары мыналар:

    1. Бала білімін бақылау, білім еңгейін тексеру;

    2. Жазбаша көркем тілін дамыту, теориялық білімдерін практикалық жұмыстарда пайдалана білу;

    3. Ойлау еңбегіне өз беттерімен іздендіру, өз пікірлерін салыстыру, қорытынды жасай білуге дағдыландыру;

4. Оқушылардың қабілеті, дарынына әсер ету, шығармашылық жұмыстарға баулу,

Шығарманың күрделілігі сол, бұл – оқу процесіндегі бірден-бір жеке-дара орындалатын жұмыстың түрі. Қарастырылатын мәселе, жазатын тақырып біреу болса да, әр оқушы оны өзінше жеткізеді, яғни тілі, пікірі, қорытындысы сол көркем туынды, не кейіпкерді қабылдау дәрежесіне байланысты.

5-6 сыныптарда, әсіресе, шағын шығарма-суреттеме, шығарма-сипаттама, шығарма-кескіндеме, шығарма-бейнелеме т.б. жаздыруға болады. Бұлар – көркемөнер туындылары бойынша жазылатын шығармашылық бағыттағы жұмыстар. Көлемі шағын болып келеді, бірақ нақты бір өнер туындысының негізінде жазылады.

Шығарма арқылы оқушылардың көркем тілін дамытудың бір ұтымды тәсілі – көп болып талқылау, олардың өздеріне пікір айтқызу. Мұғалім өзі тексеріп, талдау жасап келгеннен кейін, шығармаларды(қалауы бойынша) оқытып, бірігіп талдау жасатқызады. Олар шығарманың тілі, мағынасы, стилистикасына назар аударады, өздеріне ұнағанын айтады, кемшілігіне тоқталады.

Шығарма жаздыруда ең басты мәселенің бірі – оқушының өз қалауы, өз тілегін ескеру болып табылады.

Шығармаларды мынадай түрлерге бөлуге болады:

1.Публицистикалық шығармалар. Оған очерк, фельетон, мақалалар, пікірлер жаздыру жатады. Мысалы, «Тіл тағдыры – ел тағдыры», «Жариялылық – бақыттың басы» т.б.

2.Шығармашылық бағыттағы шығармаларға әңгіме, инсценировка, өлеңдер жаздыру жатады(Әдеби жанрларды басшылыққа алады).

3.Ғылыми-зерттеу сипатындағы шығармалар. Оған реферат, ғылыми сипаттағы мақала, аннотация, әдеби шолулар, пікірлер жатады. Мысалы, «Бейімбет әңгімелеріндегі деталь, штрихтың маңызы».

4.Әдеби тақырыптарды қамтыған, білім дәрежесін, тіл байлығын тексеруге арналған шығармалар. «Біржан мен Сара айтысындағы Біржан мен Сараның сипаты», «Бақтығұл қылмыскер ме, әлде әділдік іздеуші ме?» т.б.

Шығарманы үйде де, сыныпта да жаздырады. Шығарма жазуда жоспардың жай, күрделі түрі пайдаланылады. Бірақ, бір ескертетін мәселе, егер оқушы шығармасы мазмұны, тілі, стилі, сауаттылығы жағынан талапқа сай жазылса, жоспар бар ма, жоқ па(эпиграф та солай) – оны негізге алмау керек. Әсіресе, жоғары сыныптарда жоспар өздеріне жай бағыт, бағдар, ой жүйесі үшін ғана қажет, жоспарды да шығармашылық бағытта құруға болады.

Жазба жұмыстарына қойылатын негізгі талаптар.

Әдебиет пәні мен қазақ тілі пәндеріндегі тіл дамыту жұмыстарын жеке дара қарастырмай, үнемі, жүйелі түрде, бірлікте, бір мақсатта жүргізіп отырған нәтижелі, жемісті болмақ.Тіл байлығының ұғымы кең. Әр пәннің өз тілі, оған қойылатын өз талаптары бар. Ал қазақ тілі мен әдебиетіндегі тіл дамыту жұмыстарын мынадай мақсаттар негізінде жүргізуге болады:

а/ аз сөзге терең мағына сыйғызу /нақтылық, дәлдік /;

ә/ ойын бейнелі, көркем айшықты да шешен оралымды пайдалана отырып жеткізу / ауызша да, жазбаша да /;

б/ ауызекі сөйлеу тіліндегі мәнерлік, айқындық, нақтылық, жүйелілік, еркіндік;

в/ жазба тілдеріндегі жатықтық,сөздерді түрлендіре пайдалану,сауаттылық, жазу мәдениетіне қойылатын талаптарды меңгеру,қазақ әдебиеттен алған білімдерін қазақ тілі сабақтарында, қазақ тілінен білімдерін әдебиетте пайдалана білу.

Қазіргі кездегі оқушылардың шығарма жұмысын тексерудің екі түрі:

1.Оқушы шығармасындағы кемшіліктерді мұғалім өзі түзетеді.

2.Мұғалімнің басшылығымен оқушының өзіне тексерту.

Шығарма жұмысын тексергенде қателерді түрлі шартты белгілер арқылы көрсету керек.Мұның өзіндік бір жүйесі бар:

/- емле қатесі белгіленеді.

V- тыныс белгісінен кеткен қате.

Z- абзац керек деген белгі.

Z- артық қойылған абзац.

?- дүдамал, екі ұшты, осы сөйлемді ойлан деген белгі.

?!- пікірді немесе фактіні бұрмалаудан кеткен кемшілік.

!- осы жерге ерекше көңіл аудар.

~~ - ауыстыруды керек ететін, бірнеше қайталанған сөздер мен сөйлемдер.

---_ стильдік жағынан дұрыс құрылмаған, жөндеп жаз деген белгі.

...- сөз қалдырып кетсе, түсініксіз сөйлемдерді белгілейді.

Бұл шартты белгілер мұғалімге де өте қолайлы. Себебі ол мұғалімнің уақытын үнемдейді. Шығармадағы кемшіліктерді жазып көрсеткеннен шартты белгіні қоя салу мұғалім үшін жеңіл.

Мазмұндама мен шығармаға екі баға: біріншісі жұмыстың мазмұны мен көркемдік сапасы, тіл шұрайлығы үшін, ал екіншісі грамматикалық сауаттылығы үшін қойылады.

Үйге тапсырма беру, оны тексеру, бағалаудың критерийлері. Үй тапсырмалары бірнеше мақсатта беріледі:

а) сыныпта алған білімдерін бекіту;

ә) сыныпта алған білімдерін қосымша материалдар арқылы байыту, молайту;

б) шығармашылық бағыттағы тапсырмалар арқылы қабілеті, дарыны, талантын дамыту, оған әсер ету;

в) алдын ала берілетін тапсырмалар арқылы оқушыларды жаңа сабаққа дайындау(мысалы, М.Әуезовтің алғашқы әңгімелерін бастамас бұрын, алдын ала оның бірнеше шығармасын оқып келу тапсырылады).

Үй тапсырмасының қандай түрі болсын, мұғалім даралап(дифференциалді) оқыту принциптерін басшылыққа алуы тиіс.

Үй тапсырмасын беру оқылып жатқан тақырыптың ауыр, жеңілдігіне де байланысты. Мұғалім оған кететін уақытты мөлшерлейді, сондай-ақ басқа пәндердің тапсырмасын да ескеріп отырған жөн. Мысалы, математикада бақылау болатын, орыс әдебиетінен жазба жұмыстары алынатын күндерге орындалуы күрделі, уақыт көп кететін тапсырмалар беруден бас тартқан жөн.

Үй тапсырмасын түсіндіріп беру, үлгі, көмек көрсету оның жемісті орындалуына үлкен әсер етеді. Әсіресе, қабілеті «орташадан төмен» оқушыға мұғалім үнемі көмек көрсетіп, «көмек-нұсқау» беріп отыруы керек.

Оқулық бойынша берілетін тапсырмаларға мыналар жатады:

  1. Тақырып бойынша сұрақтарға жауап;

  2. Тақырыптарды оқу, мазмұндау;

  3. Тақырыптың ең негізгі, түйінді дәнін бөліп ала білу;

  4. Тезис конспект жасау;

  5. Өз беттерімен тақырып материалдарына сұрақтар әзірлеу;

Көркем мәтін, көркем туынды бойынша:

1.Сюжеттік, композициялық жоспар жасау,

2. Аннотация жазу.

3. Поэтикалық талдау жасау(көркем компоненттеріне)

4. Жазушы тілі, стиліне талдау;

5. Кейіпкерлердің сөйлеу тілі, іс-әрекетінен мысалдар алу, оны жауаптарында, не шығармаларында пайдалану;

6. Негізгі оқиғаларды сұрыптап ала білу, сол бойынша мазмұндау, не образдардың іс-әрекетін ашу.

Ғылыми еңбектер, қосымша материалдар бойынша берілетін тапсырмалар: конспект жасау, дәйексөз алу, ең басты мәселелерін тезис ретінде сұрыптап ала білу, хабарлама жасау, жауаптарында, жазба жұмыстарда пайдалану, оқулық пікірі мен ғылыми еңбектегі пікірлерді салыстыру немесе бір тақырып айналасындағы бірнеше ғалымдар пікірін, талдауын салыстыру, оған өзіндік пікір айта білу, өзіне кімнің пікірі жақын, соны біліп алып, оның неге ұнағанын дәлелдеу;

Жаңа сабаққа байланысты берілген тапсырмалар сол сабақты түсіндіру кездерінде пайдаланылады. Тапсырмалар кейде тек білімін есепке алу, бағалау жүргізу үшін ғана берілмейді, мұғалімге көмек, жаңа материалды жан-жақты игерту мақсатында да беріледі.

Әдебиет сабағының көрнекілігі. Оқу-тәрбие процесін жүзеге асыруда көрнекіліктердің өзіндік маңызы, орны бар. Көрнекіліктің маңызы, тиімділігі:

  1. Көрнекілік білім мазмұнын байыта түседі;

  2. Есту арқылы алған білімін көру арқылы бекіте түседі;

  3. Көрнекіліктер оқушылардың ынтасын, қызығушылығын арттырады, ойлау, таным белсенділіктерін, көркем тілін дамытады;

  4. Эмоциясына әсер етеді;

  5. Алған білімдерін пратикада жүзеге асыруға жетелейді т.с.с.

Бүкіл сыныпты көз жауын алатындай безендіріп тастау, көрнекілікті бірінен соң бірін пайдалану, сол сияқты техникалық құралды да келсін-келмесін қолдана беру зиян.

Көрнекі құралдарды тиімді, қонымды, керегінде ғана пайдалану мәселесі әр ұстазды ойландыруы керек. Тақырыпқа байланысты ең тиімді, ең керекті дегендерін ғана іріктеп пайдалану керек. Бір сабақта нақты бір жағдайда ғана тиімді деп пайдаланылған көрнекіліктер жүйесі басқа сабақта тиімді болмауы мүмкін.

Көрнекіліктерді өте көп пайдалану оқушы назарын, психологиясын, сезімін негізгі білімінен, тақырыптан аударып әкетеді. Ал берілетін білім мазмұнына сай, ең керекті дегендерін сұрыптап ала білу, оны өз орындарына пайдалана білу жемісті болатыны хақ. Мысалы, лирикалық туындыларға байланысты музыка мен бейнелеу өнерінің туындыларын үйлестіре отырып, қолдану тиімді деп саналады.

Көрнекілік түрлері: 1.Көркем суретті; 2.Графикалық материалдар, үнтаспа жазулары, күйтабақтар, радио-телехабарлар, оқу фильмдері, кино-фрагменттер, теле сабақтар. Бұлардың өзін есту, көру процестеріне байланысты бірнеше түрге жіктеуге болады: а) көруге негізделген көрнекіліктер: иллюстрациялар, бейнелеу өнерінің туындылары, мүсін, сәулет өнерінің шығармалары, графикалық материалдар(сызба, кесте-плакат т.б.), портрет, фотосуреттер, макеттер, альбомдар т.б. жатады. ә)естуге негізделген көрнекіліктер: ақын-жазушылар даусы, шығармалары жазылған күйтабақтар, не олар туралы үнтаспаға жазылған естеліктер, музыка туындылары, ертегі, батырлар жыры, әңгіме, өлеңдер, артистер оқуындағы басқа да шығармалардың түрлері жатады. б) көру, есту көрнекіліктерінің екеуіне де жататын – кино, телехабарлар, оқу фильмдері де көрнекіліктердің маңызды бір саласы.

Әдебиет сабағында көбіне көруге негізделген көрнекіліктер жиі пайдаланылады. Қазақ әдебиетін оқытуда дайын көрнекіліктер өте тапшы, сол себептен оны мұғалімдердің өзі жасауына тура келеді.

- Суреткердің шыққан тегі, ата-бабасы көрсетілген кесте-сызба ерекше маңызды, қажетті көрнекіліктер тобына жатады. Кесте-сызбаны ақын, не жазушының білім алған орталары, өз ұрпақтары, шығармаларының тараған жерлері, саяхаттарын, өмірінде аса маңызды із қалдырған мекендерімен толықтырып, суреткер өмірін тұтастай қамтитын көрнекілікке айналдыруға болады. Хронологиялық кесте жасап, суреткер өмірінің басты-басты кезеңдерін оқушының көз алдына келтіріп қою да тиімді.

- Кесте-сызбаның ең бір тиімді түрі – суреткер шығармашылығының негізгі, түйінді мәселелері бойынша жасалынатын «Нені міндетті түрде білу керек?» деген көмек-нұсқау көрнекілігі. Бұл көрнекілік суреткер шығармашылығының негізгі мәселелерін тұжырымды түрде толық қамтиды, әрі оқушыға нені білу керек екеніне жол сілтейді. Ең бастысы, ол суреткер туралы жан-жақты хабар береді. Оның шығармасынан нені оқу керек, сол жайында нұсқау-көмек жасайды.

- Кесте-плакат, сызбалар көркем шығармалардағы образдар жүйесін оқытуға байланысты да жасалынады. Осы схема эпопеяның ішіндегі көптеген әйелдер бейнесін іс-әрекеті, мінез-құлқы, шығармадағы орны, образы негізінде жатқан идеясына қарай сұрыптап, топтап, жинақтап беріп отыр. Эпопеялық шығармалардағы образдар жүйесін оқытудың тиімді жолы – оларды белгілі бір проблемалар айналасына топтап, жинақтап беру.

- Көлемді шығармаларды сюжеттік-композициялық талдауда да сұлба-кестенің тиімділігі айтарлықтай. «Абай жолы» - 4 кітаптан тұратын эпопеялық шығарма. Оқушыны былай қойып, мұғалімнің өзі де ондағы барлық оқиғаларды толық еске сақтап, біле бермейді. Сондықтан әр кітаптың басты-басты оқиғасын мына үлгіде теріп, сұрыптап, кесте-плакатқа жазып қою керек.

Көрнекіліктерге қойылатын басты талаптар мыналар:

- Жазуын соңғы партада отыратын бала да оқи алатындай болу керек;

- Көркемдеуі, безендіруі, бояулары әлем-жәлем емес, қарапайым, оқушы жан жүйесіне, көру қабілетіне кері әсер етпейтіндей, мектеп гигиенасына сай жасалуы керек.

- Қолдануға оңай(мұғалімге де, оқушыға да) әрі мазмұнды, сабақ процесінде мұғалім іс-әрекеті, қызметі, сондай-ақ, оқушы іс-әрекеті, қызметіне тиімді бірден-бір көмекші құрал дәрежесінде болуы керек. Оқушыға беретін білім мазмұнын байытып, танымын арттыратындай, әрі қосымша хабарлама беретіндей жасалуы да басты талаптардың бірі.

- Тұжырымдылық, нақтылық, ғылыми жағынан тереңдік те басты шарт. Жазушы өмірі мен шығармашылығына арналған хронологиялық кестемен мына сияқты маңызды жұмыстар атқарылады: а) суреткер өмірінің басты-басты кезеңдеріне, сол кезеңдерде жазылған шығармаларына оқушы назарын аудару; ә) кесте арқылы оқушыларды пікірталасқа, әдеби айтысқа тарту; Сұрақтар мен тапсырмалар: а) қалай ойлайсыңдар, сенше жазушы өмірінің ең маңызды кезеңі қай жылдар? Пікіріңді дәлелде(не себепті маңызды деп есептейсің?) ә) қай жылдар ең өнімді, жемісті жылдар болған? б) кестеге қарай отырып, жазушы шығармашылығына елдегі тарихи-әлеуметтік жағдайлардың қалай әсер еткені туралы өз ойыңды айт. в) жазушының ең өнімді еңбегі, шығармалары қандай тарихи оқиғаларға, қай жылдарға байланысты жазылған екен?

- Ақын-жазушылардың өмірін оқыту барысында оның жеке басы, шығармаларына балалар назарын аударып, қызықтыру, белсенділіктерін арттыру мақсатында ол туралы пікірлер, тамаша ойлар, бағалар жазылған кесте-плакат әзірлеп, пайдаланудың тиімділігі зор.

Жалпы графикалық көрнекіліктер мазмұн, тақырыпты ашуға көмек жасайтындай, оқушыларды ойлы, маңызды еңбекке жұмылдыра алатындай, әрі терең біліммен қаруландыратындай дәрежеде жасалынуы керек.

Негізгі әдебиет: 1.[1.7:5]; 2.[1.7:6]; 3.[1.7:21]

Қосымша әдебиет: 1.[1.7:6]; 2.[1.7:10]

13 лекция тақырыбы: Әдебиет сабақтарында көркем шығармамен жұмыс істеу кезеңдері

ХІІІ апта. 2 кредит - сағат.

Лекция тезисі: Мұғалімнің алдына қойған оқу-тәрбие мақсаты, көркем шығарманың өзіне тән ерекшелігіне қарай кіріспе жұмыстары әр түрлі.

Кіріспе жұмыстары өтілгелі отырған тақырыпқа оқушыны қызықтыру, эмоцияларына әсер ету мақсатында жүргізіледі. Оны әңгімелеу, сол тақырыпқа байланысты қызықты қосымша материалдарды, көрнекіліктерді пайдалану арқылы немесе кинофрагменттерді көрсету, музыка(ән, күй) тыңдау т.б. жұмыстар негізінде ұйымдастыруға болады.

Кіріспенің мақсаты – белгілі бір мәтінді оқып түсінуге жеңілдік тудыру, балаларға бағыт беріп, оларды істелетін істің мазмұны мен тәсіліне қанықтыру.

Кіріспе әдебиеттік оқудың басты элементі емес, көбіне мәтінді оқуға апаратын жол, дайындық болғандықтан, оның көлемі де 5-6 класта 3-4 минуттан басталып, 7-8 кластарда 5-6 минуттық уақытқа шақталады.

Кіріспе жұмыстарды Ә.Қоңыратбаев үш салаға бөледі:

  1. заман, қоғам тірлігі жайындағы тарихи түсінік;

  2. жазушының өмірбаяны мен творчестволық жолы(көзқарасы) жайындағы түсінік;

  3. мәтін тұсында берілетін тақырыптық-текстологиялық(сөздік) түсінік.

Кіріспе жұмыстар кезінде мұғалім сөзіне елеулі мән беріледі. Кіріспе сөз логикалы, әдебиет пәні мақсатына шақ, қысқа да көркем, сөзге сараң, ойға толы, ұғымды, табиғи болуы шарт. Дайын тіркестерді қайталау, орынсыз ділмарлық, көп сөзділік, схемашылдық кіріспе сөздің мәнін кетіреді.

Кіріспе сөзге В.Голубков бірнеше түрлі талап қояды. Олар: а) кіріспе сөздің идеялылығы, принципшілдігі; ә)оның әдеби курсқа, тақырыпқа байланыстылығы; б) нақтылығы, көрнекілігі; в) білімдік-логикалық арқауының берік болуы; г) әдеби тілмен айтылуы.

Дауыс ырғағына шеберлік керек. Сөз жылдам айтылып, дауыс жамырап, құлақты жарса, оқушының зейіні сөз, ой, фактіге емес, шулы дауысқа ауып, кіріспе сөздің әсері кемиді. Сондықтан кіріспе сөздің өзін көркем әңгіме стилінде жай айтқан жөн.

Кіріспе сөз ылғи баяндау тәсілі емес, сұрақ-жауап(әңгіме) әдісімен де жүргізіледі. Мысалы, Ғ.Мүсірепов шығармаларын бастамас бұрын 11-сынып оқушыларына төмендегідей мазмұндағы сауалнама таратылып беріледі:

  • Ғ.Мүсірепов туралы не білесің?

  • Төменгі сыныптарда оның қандай шығармаларын оқыдыңдар?

  • Өз бетіңмен не оқыдың?

  • Ғ.Мүсірепов шығармасы өзіңе ұнай ма, ұнаса, неге ұнайды?

Көркем туындыны оқу - әдебиетті оқытудың ең негізгі мәселесі. Әдебиетті оқыту көркем шығарманы оқудан басталады. Балаға көркем туындыны оқытпай, әдебиеттен білім беру мүмкін емес. Көркем туындыны жай оқып шығу емес, одан алған әсері, туынды оқушы жүрегіне, сезіміне әсер етті ме, соны білу – мұғалім үшін мақсат.

Көркем шығарманы оқу үйде, сыныпта жүргізіледі. Бірақ екеуі бір-бірімен тығыз байланыста іске асып отырады. Мысалы, көркем туындыны түгелдей сыныпта оқуға уақыт жетпейді, сондықтан мұғалім қалауы бойынша ең негізгі, маңызды бөлімдер сыныпта оқытылып, қалған бөлімдері үй тапсырмасы ретінде беріледі.

Түсіндірмелі(комментарий) оқу арқылы шығарманың алғашқы бөлімдері оқылады, тәжірибеде осы тәсіл жиі кездеседі. Көркем туындыны оқуда мәнерлеп оқу, әр сөзді айқын, түсінікті оқу, жинақы оқу, дауыс естілімінің де ашық болуы талап етіледі.

Ә.Қоңыратбаевтың айтуы бойынша, методистер бірінші оқу(мұғалім), екінші оқу(балалар), үшінші оқу(көркемдеп оқу), төртінші оқу(жаттау, теріп оқу) деп бірнеше салаға бөледі.

Көркем туындыны оқуды ұйымдастыру, әрі бақылау жасауда баланы баланы жалықтырмау, қажытпау керек.

Мұғалім мақсаты – талдау кезінде шығарма негізінде жатқан проблема, оның басты ойы, тілі, көркем туындыны құрап тұрған көркем компоненттер туралы сөз қозғау болып табылады. Көркем туынды оқу сияқты, оны оны талдау да әдебиетті оқытудың маңызды, күрделі жұмыстарының бірі.

Талдау мұғалімге байланысты дүние ғана емес, оқушыларға да тікелей байланысты(көркемтуындыны қабылдауы, дүниетанымы мен ой өрісі, сезім дүниесіне де байланысты).

Қ.Бітібаева көркем мәтінді талдаудың жан-жақты талдау(толық талдау), шолу бағытындағы талдау, сұрыптап талдау түрлерін мысалға келтіреді.

- жан-жақты толық талдау көркем туындыны тұтастай қарастырып талдайды. Бұл талдау кейде мәтіндік талдау деп те аталады. Жан-жақты талдау уақытты көп алады, дегенмен, оның тиімділігі көркем туындыны жанды бір организмдей тұтас қарастырады. Шешуші бір эпизодтар, не суреттеу, баяндау, кейіпкер монологі, сөйлеу тілдері негізге алынады. Ерекшелігі, үнемі мәтінге жүгініп отырады. Мәтіндік талдауда оқушылардың шығармашылық жұмыстарына ерекше көңіл бөлу керек. Оған мәтін бойынша инсценировка жасату, суреттер салғызу, сценарийлер жазғызу т.б. жұмыстар жатады.

- шолу бағытындағы талдаулар. Ерекшелігі, мұғалім көркем туындыны жалпылама, шолу бағытында қарастырады. Проблемалық сұрақтарға, эпизодтарға арнайы тоқталмайды. Көркем шығарма сюжеті, композициясы, тілі, көтерген тақырыбы тұтастай қамтылады.

- сұраптап талдау көбіне проблемалық сұрақтар, проблеманы шешу айналасында ұйымдастырылады. М.Әуезовтің «Қараш-қараш оқиғасы» бойынша «Бақтығұлдың ең басты қателігі неде?» деген сұраққа жауап беретін эпизодтар, оқиғалар сұрыпталынып алынады.

Қ.Бітібаева мектепте әдеби талдаудың үш жолы бұрыннан тәжірибеде қолданылып келе жатқандығын жазады:

- автор ізіміен талдау, бұны тұтастай, толық талдау дейді.

- кейіпкерлерге талдау жасау және тақырыпты проблемалық талдау

Көпшілік мұғалімдер аралас талдауды(осы үш талдау элементі түйіскен) тиімді деп табады.

Т.Ақшолақов «Қазіргі әдістеме көркем шығармаға талдау жасаудың төрт түрлі тәсілін: образ бойынша, тақырыптық, проблемалы, тұтас талдау әдістерін ұсынады» - дейді.

Мұғалім талдауда қандай бір әдіс-тәсілдерге жүгінсе де, ол солар арқылы оқушыларға білім беру процесін ғана жүзеге асырмайды, ең бастысы, біліммен қоса, іскерлік дағдыларының қалыптасып, дамуына да зор әсерін тигізеді.

Әдебиетті оқыту-халқымыздың көркем тарихын оқыту. Ендеше, адам баласына берілетін рухани байлық әр халықтың ұлттық әдет-салты, дүниетанымы шыққан түп тамырында жататыны белгілі. Бүгінгі жас ұрпақты тәрбиелеуде әдебиет пәнін өмірмен байланыстыра оқыту арқылы көркем шығармадан тәлім алуға, шәкірттердің оқырмандық қызығушылығын қалыптастыруға жол салу қажет. Көркем шығарманы оқып үйренуге қызығушылығын қалыптастыра білу - әдебиет пәні мұғалімінің басты міндеті болуы тиіс. Көркем шығарманы оқытуда ескеретін жайт – мектепте әдеби білім беру заңдылықтарын сақтау міндетті. Әсіресе, әдеби білім тұжырымдамасы, бағдарлама, оқулық, қосымша оқулық шеңберінде болуы тиіс. Әдебиет сабақтарында көркем шығармамен жұмыс істеу кезеңдері белгілі жүйемен жүзеге асырылады.

Соңғы кезде көбірек қолданыста өз жемісін беріп жүрген көркем шығармамен жұмыс істеу кезеңдері – кіріспе сабақ, көркем мәтінмен жұмыс, қорытынды сабақ. Міне, осы үш кезеңді сабақ процесінде орынды пайдаланғанда ғана, сабақ өз дәрежесінде өтеді деуге болады.

Кіріспе сабақтарды ұйымдастыруда қойылатын әдістемелік талаптар уақыт мөлшері, көркем шығарманың жанрлық ерекшелігіне қатысты мәселелер ескерілуі тиіс.

Ақын-жазушылардың өмірі мен шығармашылығын, шолу тақырыптарды, монографиялық тақырыптарды өткенде кіріспе сабақтардың өзіндік ерекшелігін ескеріп, белгілі жүйені сақтау қажет. Олай етпейінше , оқушының көркем шығарманы оқып үйренуге деген қызығушылығын арттыра алмаймыз.

Көркем шығарманың сыныптар жүйесі бойынша белгіленген әдеби білім көлеміне сай меңгертудің талдау арқылы жүзеге асатыны белгілі. Мектепте көркем шығарманы талдаудың оқушының әдеби қабілетін дамытып, қызығушылығын оятады. Көркем шығарманы талдауда кеңінен қолданылып жүрген тақырыптық талдаудың тиімділігін бүгінгі өмір дәлелдеп отыр. Тақырыптық талдаудан проблемалық талдауға көшу-оқушыны көркем туындының ішкі әлеміне бойлатуға айрықша қызмет етуі даусыз. Шығарманы тұтас талдау – авторлық позицияны көре білуге мүмкіндік береді. Осы талдау түрлерінің сабақтастығы бір-бірімен өзара үйлесін тапқанда ғана мұғалім оқушы назарын өзіне аудара алады.

Көркем шығарманы оқып үйретудің бір амалы – көркем шығарманы талдату. Ол белгілі бір жүйе арқылы әдеби шығармаларды оқыту, талдату, өзіндік дербес жұмыстарды жүргізу, ұйымдастыру іс-әрекеттерін дұрыс жүргізу барысында ғана жүзеге аспақ. Өйткені, шығарма құбылысының ішкі сырына терең бойлай отырып, оның қыр-сырын жан-жақты ұғынып, тани біледі.

Көркем шығарманың өзіндік ерекшеліктерін ескере отырып, олармен жұмыс жүргізудің түрлерін таңдап алу қажет. Сонан кейін оқушылардың әдеби шығарманы оқып үйренуге қызығушылығын арттыру үшін тиісті іс-шаралар атқарылуы тиіс. Сондай іс-әрекеттердің бірі – оқушылардың дайындық деңгейіне қойылатын талаптар. Бұл талаптарды орындатуда оқушының жас ерекшелегін ескерген жөн.

Көркем шығарманы талдап оқуға және пікір алысуға ұсынылған шығармаларды өз бетінше оқып, мұғалім басшылығымен зерделеп меңгеруі және дұрыс оқи білу керек. Өлеңдер мен прозалық туындыларды, поэмаларды, прозалық туындыларды жатқа айта білуі ескеріледі.

Көркем шығарманың тақырыбы бір-біріне үндес болған жағдайда, шығарма кейіпкерлерін оқиғаларын анықтайтын мәселелермен байланыстыра отырып салыстырмалы түрде пайымдай алуға үйретеді.

Көркем шығарманы оқып үйретудің тиімді жолдарының бірі - проблемалық сұрақ қою арқылы ауызша немесе жазбаша жауап беруге үйрету. Әдеби шығарма бойынша (кейіпкерлер мінездемесі, кейіпкерлерге салыстырмалы мінездеме) сондай-ақ сол шығармалар бойынша салынған иллютрациялар мен суреттерге негіздеп өз толғамын, көзқарасын білдіре отырып, шығарма жазу арқылы да оқушының әдебиетке деген қызығушылығын арттыруға болады.

Шығарманы өтуде қарастырылатын аса маңызды мәселелердің бірі – шығарманың тіл ерекшелігін талдау. Бұл талдаудың күрделі мәселелерінің қатарына жатады. Егер көркем шығарманың тілі деп автордың тілі мен кейіпкердің тілін ұғатын болсақ, бұл образ – характерлерді танытуда, шығарманың идеясын ашып түсінуде басты қызмет атқарады. Әрбір ақын, жазушының өзіне тән, даралық сипаты бар стиль, тіл өзгешеліктері болады. Бұл ерекшеліктер оның лексикасынан, қолданған троптары мен фигурасының түрлерінен көрініп тұрады (теңеу, эпитет, метафора, әсірелеу, метонимия, арнау, қайталау, шендестіру, дамыту т.б.). Шығарманың тілін талдағанда, көркемдік өзгешеліктерін әңгімелегенде, осылардың бәрі қарастырылуы керек.

Көркем шығармалардың қыр-сырын танытып білдіру үшін әр сынып көлемінде бірізділікпен жүргізілетін жалғас жұмыстар арқылы оқушылар шығарманың талдаудың қалыптасқан жүйесін меңгеруге алып келеміз. Біріншіден, мазмұндық - тақырыптық талдау, шығарманы тұтастай ала отырып, бөлім бойынша мазмұнын, тақырыбын таныта отырып талдау. Екіншіден, тілдік эстетикалық талдауға көңіл бөлу. Шығарманың тілдік ерекшелігін, сөз өрнегін, суреттемелік шеберлігін, көркемдігін, сөздер табиғатын, стилдік айырмашылықтарын таныту. Үшіншіден, кейіпкерлік-бейнелік талдау. Шығармадағы кейіпкерлерге талдау, олардың өзара сабақтастығын шығарма тақырыбы мен оқиға желісіне қатысын айқындата отырып, ажырату әрі салыстыру.

Көркем шығармаларды осылайша жүйелі талдау арқылы оқушылардың бойындағы танымдық, бағалаушылық, жасампаздық, тілдік қатынастық сананы қалыптастыратын боламыз.

Пән мұғалімі қорытынды жұмысқа арнайы сағат бөліп, қорытынды сабақтарды өткізудің маңызына ерекше көңіл бөлуі керек.

Жоғары сыныптарда қорытынды сабақ өткізудің тиімділігі:

  • оқушылар оқып кеткен шығармасына қайта үңіледі, оған басқа мақсат, басқа көзқараспен қарай бастайды;

  • өз беттерімен іздену жұмысына кіріседі;

  • мұғалім оқушылардың алған білімдерін жаңа, тың мәселелер көтере отырып, толықтырады, байытады, әрі сол білімді өз ізденісі, шығармашылық жұмысы арқылы алуды ұйымдастырады;

  • оқушылардың икем-дағдысын, іскерлігін арттыру жұмыстары жүреді;

  • оқытудың жалғаспалық, жүйелілік, ғылымилық принципі тоғыса келіп, оқушыларға терең білім беру жүзеге асады.

Қорытынды жұмыстарда оқыған көркем туындының мазмұны емес, оның идеясы, тақырыбы, көркем тілі, маңызы туралы мұғаліммен біріге отырып, бір тұжырымға келеді.

Негізгі әдебиет: 1.[1.7:5]; 2.[1.7:6]; 3.[1.7:9]

Қосымша әдебиет: 1.[1.7:7]; 2.[1.7:8]

14 лекция тақырыбы: Әдебиет бойынша сыныптан тыс оқу және сыныптан тыс жұмыстар

ХІҮ апта. 2 кредит- сағат.

Лекция тезисі: Оқушылар еңбегін ғылыми түрде ұйымдастыру, бос уақыттарын пайдалы, тиімді өткізуде инабаттылық, имандылық, адамгершілік сияқты биік гуманистік қасиеттерге баулуда, ұлттық өнерді, халық өнерін қастерлеу, қорғауда да сыныптан тыс жұмыстардың жас ұрпаққа берері, үйретері көп.

Сыныптан тыс жұмыстардың түрлері: мерекелік датаға арналған әдеби шаралар, поэзия кештері, әдеби конференциялар, әдебиет үйірмесі т.б

Сыныптан тыс жұмыстар оқушылардың қабілеті, икемі, дарыны, жеке ынтасы негізінде ұйымдастырылады және бірнеше салаға бөлінеді.

- Әдеби – шығармашылық үйірмелердің сонымен қатар “Шешендік өнер”, “Айтыс”, “Термеші” сияқты фольклорға негізделген түрлері, әсіресе, соңғы кездерде тәжірибеге көптеп енгізілуде. Үйірме жұмыстарының арнаулы органы – қол жазба журналы, газеті болады. Жұмыс жоспары жасалынады. Мұндай істерге кейде жергілікті ақын – жазушылар да көмектесіп, белгілі бір секцияны басқарады. Әдеби шығармашылық үйірмелерінің жұмысын жас ақын – жазушылармен бірігіп жүргізу нәтижелі болмақ.

- Әдеби үйірмелердің бір түріне “Кітап достары” немесе “Кітап білім бұлағы” деген үйірмені жатқызуға болады. Әсіресе, 5 – 8 сыныптарда мұны мектеп кітапханасымен бірігіп жүргізудің маңызы ерекше. Үйірме мүшелері кітапханада арнайы көрме ұйымдастырып өткізеді, мысалы,

- “Құрметтейік те көтерейік Ананы” (8 наурыз қарсаңында), “ Менің Қазақстаным” (Республика күніне), т.с.с. Олар жаңа кітапты үнемі насихаттап, балаларға таратып, төменгі сынып балдырғандарына әңгімелеп береді. Жұмыс нәтижелі болу үшін жоспарлы, жүйелі жүргізілуі керек. Кітапты күтіп ұстау, ұқыпты болу, оны қалай оқудың мәдениеті туралы да тартымды әңгімелер осы үйірме міндетінде. Олар осы мәселеге неше түрлі бәйге өткізеді. Мысалы, «Ұқыпты бала», «Кітап жанашыры», «Білгір» тағы басқа тақырыптарда. Жеңімпаздарға қоғамдық ұйымдар, үйірме, мектеп әкімшілігі алғыс айтып, оларды мектеп газетінде мадақтап отырғаны дұрыс. Үйірме мүшелері оқушыларды кітапханадан кезекті кітапты қалай алуға болады, каталогпен жұмыс түрлерін қалай жүргізу керек, соған үйретеді, дағдыландырады.

- Үйірмелердің тағы бір түрі – мәнерлеп оқу, драма үйірмелері. Үйірмені осы өнерден хабары бар, сауатты маманның жүргізгені дұрыс. Оқушылар драматургия жанры, оның ерекшелігі туралы хабар алады, театр өнері, оның өзіндік сипаттарымен ұлы артистер өмірі, өнерімен танысады. Драмалық шығармалардан үзінділер, инсценировкалар әзірлейді. Оларды мұғалім сабаққа пайдаланып отырады. Мысалы, Ғ.Мүсірепов, М.Әуезов драмаларын талқылаған кезде олардың туындыларынан шағын көрініс, монолог дайындалып, сабақпен ұштастырылады.

- 5 – 8 сыныптар бойынша әдебиет үйірмелерімен бірлесе отырып, «Алтын сақа» немесе «Ер Төстік елінде» атты драма үйірмесін жүргізуге болады. Үйірме мүшелері ертегілерді мәнерлеп оқуға, инсценировка жасауға, сахналық көрініс көрсетуге үйренеді. Төменгі сынып оқушыларына, бала – бақшаларға барып өз өнерлерін көрсетеді, бөбектерді ертегіні сүюге баулиды.

Үйірмеге қарағанда клубтардың ауқымы кең. Үйірмеге қабілетті, соған икемді ғана балалар тартылса, клубқа қатысамын деушілерге ондай шек қойылмайды. Бір сыныпты түгелімен бір клубқа қатыстыруға болады. Әдеби біліммен қатар, эстетикалық тәрбие беру, сұлулық, әдемілікті сезінуге баулу, ұлттық тәрбиені жүзеге асыруда оның атқаратын жұмыс ерекше. Клубта әдебиеттегі қыздар бейнесі, ақын – жазушы қыздардың өлеңін оқып талдау, өнерпаз, білімпаз қыз – келіншектер туралы, сондай – ақ, қыздарға өзін - өзі күту, болашақта үй – тұрмысын қалай жүргізу, дастархан мәзірінің жайы, бала тәрбиесі, сән, т.б. туралы қызықты, маңызды әңгімелер өткізіліп, әр саладағы мамандармен кездесу ұйымдастырылады. “Алтыбақан”, “Мұрагер” клубтарын құрып, халықтың өнерін, әдет – ғұрпын, әдебиетін, шешендік өнерін кеңінен насихаттауға болады. Клубқа қандай ат қойылады – оны қатысушылар өздері шешеді. “Сиқырлы сөз” клубын ұйымдастырып, өткізуге болады. Онда ақын – жазушылар, әншілер, сал – серілер шығармашылығы, ақын композиторлар, Абай, Сәкен, Қасым т.б. өлеңдері туралы тамаша хабарлар, отырыстар жүргізу де пайдалы. Клуб жұмыстары әр түрлі формада өткізіледі. Бірде дәріс - әңгіме түрінде өтсе, енді бірде композиция, концерт, кездесу т.б. түрінде өтіледі.

Оқу бағдарламасындағы оқып, талдауға ұсынылатын шығармалардың барлығын сабақ процесінде игеріп біту мүмкін нәрсе емес. Көркем шығарманы оқудың басты – басты кезеңдері сыныптан тыс мезгілде жүзеге асырылады. Сыныптан тыс оқулардың басты мақсаттарының бірі – кітаппен жұмыс істеуге үйрету, өз беттерімен оны тыңдай білу, оқығандарының ішінен ең негізгі, басты мәселелерді есте ұстау дағдыларын қалыптастыру. Сыныптан тыс оқу сабақтарын ізденіспен өткізетін мұғалімдер кабинетте, кітапханада арнайы «Сыныптан тыс оқу» бұрышын ұйымдастырады. Ол мынадай бөлімдерден тұрады.

  • Оқу бағдарламасында ұсынылатын кітаптар тізімін сынып бойынша көркем етіп, жазып қою: Үлгі (5 сынып) 2.Өз беттерімен кітап оқудың көмекші нұсқауын беру. Кітап оқығанда мына мәселелерді есте ұстау: Кітапты жатып оқыма, денеңді тік ұстап, дұрыс отырып оқы. Басты кейіпкерлер, негізгі оқиғалар есіңде қалу үшін, арнайы күнделік, дәптер ашып қой.

3. “Сүйінші” айдарымен басылымдардан шығып жатқан кітаптар тізімін жасап, оқушыларды таныстырып отыру. (Аннотация беру – тұжырымды түрде).

4. Әлем әдебиетінің алтын қорына жататын ұлы туындыларды оқу. ( Әрине, оқушылардың жас ерекшелігіне қарай, сыныбы бойынша ).

5. Осы “Сыныптан тыс оқу” бұрышына “Оқырмандар экраны” немесе «Кітап сүйгіштер жеңімпазы», “Кітап білгірлері”, т.б. тақырыппен көрсеткіш – тақта жасап қоюға болады. Қай сыныпта. Кім қанша кітап оқыды соны дәріптеп, мадақтап, үлгі ретінде іліп қоюдың маңызы ерекше.

Ең басты мәселе, мұғалім оқушылардың сыныптан тыс оқуын, сыныптан тыс оқу сабақтарын ғылыми түрде, тиімді, қызықты ұйымдастыра білуі керек.

Сыныптан тыс оқуларда ата – аналар мен кітапхананың да атқара рөлі зор. Әдебиет мұғалімі сынып жетекшілерімен, ата – аналармен байланыса отырып, әр баланың жеке кітапханасы болуына, үйде оны қалай құру керек екеніне көңіл бөледі, ақыл – кеңес береді. Бұл жұмыс нәтижелі болуы үшін, тоқсанына бір рет “Кітап – рухани байлық”, “Менің кітапханаммен танысыңыз ” атты әңгімелер өткізіп тұруға болады.

Оқу, тәрбие жұмысы ғылыми түрде ұйымдастырылған мектептерде сыныптан тыс оқу бүкіл мектеп жұмысының күретамыры, жүрек соғысы болып есептеледі. Себебі, кітап оқымау деген сөз – ой еңбегі жоқ деген сөз. Тарих, георграфия, биология тіпті математиканы меңгеру үшін ең алдымен кітапты қатесіз, еркін оқи білуі керек. Сол себептен де кітап бүкіл білімнің, ілімнің ұлы анасы. Мектепішілік байқаулар, жарыстар, әдеби ойындар, кітап оқу мәдениеті, маңызы т.б. тақырыптарға тәрбие сағаттарын жүргізу, оқырмандар конференциясын өткізудің маңызы ерекше.

Оқу бағдарламасында сыныптан тыс оқылатын әдебиеттер тізімі, әр сыныпқа нақтылы сағаттар саны көрсетілген. Бұған қатып қалған нәрсе деп қарауға болмайды. Мұғалім өз қалауы бойынша ішінара оны өзгертіп, керекті деген шығармаларды өз қалауымен ұсына алады.

Жүйелілік, үндестік, байланыс – сыныптан тыс оқу сабақтарында да басшылыққа алатын маңызды оқу принциптері. Тақырып үндестігі ғана емес, жанрын негізге алу да маңызды. Халық ертегілерінен кейін әдеби ертегілерге орын беру, лирикалық шығармалардан кейін оны жалғастырып, басқа тақырыптағы басқа автордың лирикалық шығармаларын оқыту – сыныптан тыс оқу сабақтарын ұйымдастырудың келесі мәселелерінің бірі.

Сыныптан тыс оқу сабақтарын өту әдістемесіне ерекше назар аудару керек. Оны әдебиеттегі сабақтардан мүмкіндігіне қарай басқаша ойластырып өткізген жөн. Сабақ бойы сұрақтар беріп мазалау, талап ету сияқты таптаурын әдістерден қашқан жөн.

Әсіресе, 5 – 7 сыныптарға арналған сабақтан тыс оқу сабақтары қызықты, оқушыларды тартатындай, жалықтырмайтындай болып жоспарлануы, өтуі керек. Бір ізбен өтетін сабақтардан оқушылар жалығады, ал оның зияны ұшан – теңіз, себебі ондай сабақтар баланың кітапқа деген қызығушылығын тежейді, жояды. 5 – 7 сыныптардағы сабақтан тыс оқудың ең басты мақсаты – оқушылардың кітапқа деген ынтасы, қызығушылығын арттыру, оқырмандар әзірлеу. Концерт, сабақ, әдеби ойын сабақтары, жәрмеңке сабақ, жарыс сабағы, композициялық сабақ, сабақ викторина, саяхат сабағы, “Бізде ертегі кейіпкерлері қонақта” атты кездесу сабағы т.б. сабақ түрлері сабақты әрлендіріп, балаларды көңілдендіріп жіберетіні сөзсіз.

8 – 9 сыныптардағы сабақтан тыс оқулар. Оқу бағдарламасында бұл сыныптарда төңкерістен кейінгі әдебиет үлгілері ұсынылады. Бұл сыныптарда да сабақты түрлендіріп, жандандырып отыру керек. Мұнда да сабақты өтіліп жатқан шығармалармен байланыстыру, тақырып, жанр, проблемалық мәселелерге байланысты жүйелі түрде өткізу басшылыққа алынады. Семинар сабақтары, пікірталас сабақтар, реферат қорғау сабақтары сияқты сабақтың маңызды формалары негізге алынуы керек. Сондай – ақ, бұл жоғары сынптарда шетел әдебиетінің озық үлгілерін оқыту, оқушылардың дүниетанымын кеңейту, әлем, адамзат әдебиетінің асылдарын таныстыру мүмкіндігі мол.

Көркем шығармаларды оқыту ғана емес, әдеби әдістер, дәстүр мен жаңашылдық, жанрлық, стилдік ерекшеліктер, поэтикалық талдаулар сияқты мәселелерге ерекше көңіл бөлінеді. Кабинетте, кітапханада жоғары сыныптар үшін “Әлем әдебиетінің асылдары ”, “Адамзаттың Айтматовы”, “М,Әуезов әлемді аралап кетті” сияқты кітап көрмелерін жасап қоюға болады. Сондай – ақ, осы кітап көрмесінің әр тақырыбына сабақ өткізу, оны баяндама, пікір, аннотация, дәріс оқу әдістерін пайдалану арқылы жүзеге асыру тиімді. Мысалы, “Адамзаттың Айтматовы” тақырыбын конференция – семинар түрінде өткізуге болады.

Сыныптан тыс оқуларда да зерттеу еңбектерін жеңіл, қарапайым жолдармен талқыланып жатқан шығармаға байланысты пайдалануға болады. Түсіндірмелі оқу, дәйексөздер – үзінділер алу, баға беріп отыру тиімді тәсіл деп есептеледі. Қысқаша дәйексөздерді, үзінділерді, бағаларды көрнекі етіп жазып қою да маңызды болмақ. Немесе мұғалім кіріспе сөзін өзі өткелі отырған суреткер не оның шығармасы туралы зерттеу еңбектерден алынған бағаларды жатқа айтып отырса, оқушыларды қызықтырар, сабаққа ынтасын арттырар еді. Кейде мұғалім зерттеу еңбектерінен үзінді, дәйексөз жаттатқызып, сабақты әдеби – монтаж типінде де өткізеді.

Мектептегі оқу мен тәрбие, сыныптан тыс жұмыстардың барлығы да оқушылардың жас ерекшелігі, психологиясына байланысты ұйымдастырылады. Сондай – ақ, балаларға көркем шығарманы оқыту, кітапқа деген құмарлығы, сөз өнеріне деген ынтасы мен құлшынысын дамыту мектептерде әдебиетті оқыту, одан білім берудің аса маңызды әрі күрделі жұмыстарының бірі болып табылады. Бұл мәселелерде де оқушылардың психологиялық ерекшелігі жасы, оқып жүрген сыныбы ескеріледі. Тиімділік идеялары, саралап, даралап оқыту, оқушылардың бүкіл ой еңбегін, оқу еңбегін оған ерекше күш түсірмейтіндей, қонымды, қолайлы, нақтылы белгілі бір уақыттарда нәтижелі, жемісті болатындай етіп ұйымдастыру, жүргізу туралы сөз етеді. Көптеген ғалымдар, психологтер, мұғалімдер зерттеулері, пікірлері бойынша оқушыларды көркем шығарманы оқытуға баулу, оны оқырман ретінде қалыптастыру бірнеше сатыдан тұрады.

Факультативтік сабақтар қалыпты оқу жүйесі мен жоспарын өзгертпей – ақ оқушыларға әдеби білім берудің жаңа формасы, қосымша резерві міндетін атқаруда. Ол оқушылардың негізгі бағдарлама көлемінде алатын білімдерін бір жүйеге түсіре отырып, әрі қарай тереңдетуді көздейді, сол арқылы білім мазмұнын байытады. Сонымен бірге әдебиеттің факультативтік сабақтары оқушының кітап оқуға деген ынтасын арттыру үшін де, оқырмандық талғамын дұрыс қалыптастыру үшін қажет. Оқушының әсемдікке деген сезімін дамыту, жоғары эстетикалық талғамын қалыптастыру ісінде де әдебиеттің факультативтік курстары зор танымдық және тәрбиелік рөл атқарады.

Факультативтік сабақтар - әр оқушының қалауы бойынша, қабілетіне сәйкес таңдап алатын сабақтың еркін формасы. Бұған көркем сөз өнеріне деген икемі мен ынтасы бар оқушылар қатысады. Факультативтік сабақтар оқушының қызығушылығы мен қабілетін әрі қарай дамытып, баулиды, кәсіптік бағдар беруді мақсат етеді.

Факультативтік сабақтарда оқушылардың мәтінмен, қосымша сын - зерттеу әдебиеттерімен практикалық, танымдық, шығармашылық түрлі тапсырмалар орындауы олардың өзіндік ой дербестігі қалыптасуына, ауызша, жазбаша тілін дамытуға, шығарманы талдау икем дағдыларының жетіле түсуіне, шығармашылық дарын көзінің ашылуына көмектеседі. Факультативтік сабақтардың бүкіл мазмұны, ондағы оқу – тәрбие процесінің барлық элементтері оқушыларға идеялық – саяси тәрбие беру ісіне, жас жеткіншектерді бүгінгі қоғам талабын қорғай білуге, адамгершілік қасиеті мол саналы, парасатты азамат болып шығуына, интернационалдық тәрбие беруге қызмет етуге тиіс.

Қазақ әдебиетінен факультативтік сабақтарды ұйымдастыру мен оны жүргізудің өзіндік ерекшеліктері бар. Факультативтік сабақтар оқу, тәрбие жұмысының жаңа формасы, ерікті түрі. Алайда, белгілі бір факультативті қалаған оқушы сол циклды тұтастай оқуы тиіс. Мұның өзі білім тұтастығын сақтауға да керек. Мұндай сабақтарды ұйымдастыру формалары жағынан дәстүрлі сабақ формаларымен қатар дәрістік сабақтар, семинарлық сабақтар, пікірсайыс, конференциялар т.б. болып келеді.

Факультативтік сабақтар негізгі бағдарламалы сабақтар мазмұнымен өзектестіріле, тығыз байланыстырыла жүргізілуін қамтамасыз ету керек. Факультативтік сабақтардың ғылыми теориялық мазмұнын тереңдету, нәтижелілігін арттыру оны жүргізудің әдіс – тәсілдерін түрлендіріп отыруды қалайды. Бағдарламада көрсетілген сағат саны да, жеке шығармалар да мөлшермен ғана алынады. Нақтылы жағдайда мұғалімдер оларды өз ыңғайына сәйкес өзгертулеріне, жеке шығармаларды ауыстыруына еркі бар. Тек факультативтік бағдарламаның жалпы бағыты мен негізгі принципін бұзуға болмайды.

Факультативтік сабақтар бойынша оқушы білімін бағалау және есепке алудың тәжірибеде қалыптасқан өзіндік ерекшелігі бар. Мұнда негізгі сабақтағыдай орындалған әрбір тапсырмаға оқушының сабақ үстіндегі ауызекі жауабы мен жазба жұмысына т.б. баға қойылмайды. Алайда факультативтік топтағы әр баланың білімі мен икемін, дағдыларын есепке алу мен бағалауға оқушы психологиясы тұрғысынан келу қажет. Сондықтан факультативтік сабақта оқушы білімі, икем – дағдылары курстың белгілі бір тақырыбын, тарауын меңгеруіне не белгілі бөлігін жинақтауына қарап, сол сияқты семинарлық сабақтардағы жасаған хабарламасы мен баяндамаларына, жазған шығармалары мен рефераттарына қарап бағаланады.

Негізгі әдебиет: 1.[1.7:5]; 2.[1.7:6]; 3.[1.7:9]; 4.[1.7:22]

Қосымша әдебиет: 1.[1.7:7]; 2.[1.7:8]; 3.[1.7:10]

15 лекция тақырыбы: Мұғалім даярлау жүйесіндегі педагогикалық практика

ХҮ апта. 2 кредит- сағат.

Лекция тезисі: Студенттердің оқу – тәрбие жөніндегі педагогикалық тәжірибесі, үздіксіз білім беру принципі сияқты, олардың қоғамдық және мектептегі педагогикалық тәжірибелерімен тығыз байланысты жүргізіледі.

Педагогикалық тәжірибе студенттерді мұғалімдік мамандықты сүйе білуге, педагогикалық әдет – дағдыларын игеруге, алған теориялық білімді тәжірибеде қолдана білуге үйретеді. Оқу – тәрбие жұмысының озық тәжірибелерін игеріп, білгір педагог маман болып шығуына мүмкіндік жасайды.

Педагогикалық тәжірибенің ұсынылып отырған бұл нұсқау студенттерді жоғары оқу орындарында алған педагогикалық – психологиялық білімдерін қолдана білуге үйретеді.

Атап айтқанда, олар бұл орайда ІІІ курста психологиядан, ІҮ курста педагогикадан, әдістемеден және осы пәндер бойынша өткізілген арнайы теориялық курстардан берілген білімдерге сүйенеді.

Олар тәжірибе барысында жеке оқушыларды, сынып ұжымын психологиялық – педагогикалық жағынан зерттеп үйренеді. Ол үшін оқушылардың өздік жұмыстарын, сынып журналдарын, күнделіктерін, оқушылардың басқа да шығармашылық жұмыстарын байқап зерттейді. Ата – аналармен әңгімелесіп, оқушы жөнінде мағлұмат алады.

Студенттер сабақ өткізуге дайындыққа байланысты мынадай шараларды жоспарлауға тиіс:

  • оқу бағдарламасын талдап үйрену;

  • әдістемелік әдебиеттерді, дидактикалық деректерді, сабақтың жоспар – конспектісін дайындау;

  • сол пәнге байланысты сыныптан тыс жұмыстарды ұйымдастыру;

  • пәнге арналған апталықтар, кештер өткізу;

  • сабаққа қатысып, талдау жүргізу.

Тәрбие жұмысын ұйымдастыруға байланысты студенттер мынадай шараларды жоспарлайды:

  • әр түрлі тақырыптарға тәрбиелік мәні бар әңгімелер дайындау;

  • оқушылар ұйымдарының тәрбие жұмыстары жоспарымен танысу;

  • оқушыларға арналған түрлі үйірмелер жұмысына қатысып, басшылық көрсету;

  • кештер, кездесулер ұйымдастырып, кәсіптік бағдар беру шаралары;

  • жеке оқушылармен арнайы жүргізілетін жұмыстарды белгілеу;

  • ата-аналармен, тәрбиешілермен байланысты жақсарту;

  • жекелеген ата-аналарды мектепке шақырып, үйінде әңгімелесу; ашық тәрбие сағаттарын өткізу, т.б

Студенттердің педагогикалық тәжірибесі кәсіптік мамандық алуды аяқтауына байланысты ұйымдастырылады.

Педагогикалық тәжірибенің ерекшелігі студенттердің әрекеттенуі біршама қалыптасып, кәсіптік дайындықтарының негіздері қалыптасқандығын танытумен бірге, олардың бұдан бұрынғы жылдардағы алған теориялық білімдерінің тәжірибелік әдет – дағдыларының белгілі дәрежеде сапалық қорытындысын шығарғандай үлкен сын іспеттес екендігінде.

Тәжірибе орта мектептің 5-11 сыныптарында өткізіледі. Педагогикалық тәжірибе студенттердің оқу тәрбие мекемелері әкімшілігінің әңгімесіне қатысудан басталады. Мектептің мұғалімдері мен басқа педагогикалық тәжірибені өткізуге байланысты ұжым мүшелерімен, пән мұғалімдерімен, сынып жетекшілерімен, оқушылар ұйымдарының активтерімен танысу, әңгімелесу алдындағы педагогикалық тәжірибенің мақсаты мен мазмұнын бағыттап айқындай түсу негізінде өткізіледі. Студенттер мектеп құжаттарымен, жоспарларымен таныстырылады.

Олар педагогикалық тәжірибе барысында төмендегідей оқу – тәрбие шараларын жүзеге асырып, үйренуге тиіс:

  • жеке оқушыларды, бүкіл сынып ұжымын зерттеп, мінездеме бере білу;

  • оқу-тәрбие жұмысындағы қазіргі озат тәжірибелерді тәжірибеде қолдана білу;

  • сабаққа кешенді қорытынды жасай білуді үйрену;

  • оқу пәні бағдарламаларын талдап, үйрене білу;

  • пән бойынша сыныптан тыс жұмыстарды ұйымдастыру;

  • факультативтік сабақ ұйымдастырып өткізу;

  • дидактикалық деректер дайындау;

  • оқу процесінде оқушылардың шығармашылық белсенділігін арттыру т.б.

Ал тәрбие процесінде сынып жетекші (тәрбиеші) міндетін атқаруға жаттығады. Адамгершілік, еңбек, эстетикалық, дене тәрбиесі жүйелерін бір – бірімен байланысты жүзеге асырудың тәжірибелерін жинақтап үйренеді. Сыныптан тыс тәрбие жұмыстарымен ұштастыра өткізудің тәсілдерін үйренеді.

Студенттер ата – аналармен, қоғам ұйымдарымен байланысты жүзеге асырады. Мысалы ата-аналардың үйіне барады, оларға арнап жиындар өткізеді, педагогикалық тақырыпта дәрістер оқиды, конференциялар ұйымдастырады т.б.

Студенттер педагогикалық тәжірибе кезінде әдістемелік және ғылыми зерттеу жұмыстарына белсене қатысады. Өздерінің тәжірибелік жұмыстарының нәтижесін мұғалімдердің оқу – тәрбие жұмысы саласындағы тәжірибе жұмыстарын талдап үйренеді. Мұғалімдердің әдістемелік кеңестеріне, семинарларға қатысады. Дипломдық және курстық жұмыстарға деректер жинайды.

Студенттер есеп құжаттарын дайындайды, кабинеттерді жабдықтауға қатысады. Төменгі курс студенттеріне педагогикалық тәжірибе жөнінде көмек көрсетеді. Педагогикалық тәжірибенің қорытындысына арналған конференцияға қатысады.

Осы жоғарыда көрсетілген педагогикалық тәжірибенің негізінде студент әр аптаға арналған жеке жоспар жасап, оның орындалуын қамтамасыз етеді.

Студенттердің педагогикалық тәжірибесі кәсіптік мамандық алуды аяқтауына байланысты ұйымдастырылады.

Педагогикалық тәжірибенің ерекшелігі студенттердің әрекеттенуі біршама қалыптасып, кәсіптік дайындықтарының негіздері қалыптасқандығын танытумен бірге, олардың бұдан бұрынғы жылдардағы алған теориялық білімдерінің тәжірибелік әдет-дағдыларының белгілі дәрежеде сапалық қорытындысын шығарғандай үлкен сын іспеттес екендігінде.

Тәжірибе орта мектептің 5-11 сыныптарында өткізіледі. Осы жоғарыда көрсетілген педагогикалық тәжірибенің негізінде студент әр аптаға арналған жеке жоспар жасап, оның орындалуын қамтамасыз етеді.

Іс-тәжірибені ұйымдастыру және басқару әдістемесі бойынша іс-тәжірибені өтуші стденттердің қатысуымен іс-тәжірибе алдындағы конференция ұйымдастырылып, студенттердің өз іс-тәжірибелерін өткізетін мектептерінің тұрақтары анықталып, студенттердің назарда ұстайтын негізгі міндеттері мен олардың жетекшілері белгіленеді.

Әр қайсысының өзіндік атқаратын міндеттері мен негізгі мақсаттары белгіленеді.

Іс-тәжірибе басшылары болып факультет деканы, әр кафедрадан белгіленген топ басшылары, яғни оқытушылар мен педагогика, психология кафедраларының оқытушылары саналады. Іс-тәжірибе басшылары іс-тәжірибенің бағыттылығы мен уақытын оқу бағдарламасына сай белгілеп, студенттерді іс-тәжірибеге бағыттау рәсімдерін жүргізеді. Жоғарыда аталған анықтаушы конференцияндан кейін іс-тәжірибе орындарында студенттердің инновациялық іс-әрекетте қатысу дәрежесін бақылайды және іс-тәжірибе бойынша есептерді дайындау және қорғау тәртібіне байлынысты ақыл-кеңестерін беріп, іс-тәжірибені өткізу тәртібі мен оның негізгі кезеңдерін талдауын қамтамасыз ете отырып, олардың іс-тәжірибеге бейімделуіне ықпал жасайды.

Факультет басшысы іс-тәжірибе өткізілетін базалық мектептер басшыларымен алдын-ала жасалатын келісім-шарттың іске асқандығын, ол мектептердің университет тарапынан қойылатын талаптарға сай екендігін және іс-тәжірибеші-студенттерге қалыпты жағдай жасалатындығын ескеруі қажет. Ал, топ басшылары болып табылатын кафедра оқытушылары мектеп тарапынан қойылатын талаптарға өз іс-тәжірибешілерінің жауап берулеріне, бағдарлама бойынша қойылатын талаптарға сай іс-әрекет түрлерін (кезекті сабақ, сыныптан тыс жүргізілетін жұмыстар, тәрбие жұмыстары) жүзеге асыруларын қамтамасыз етулері қажет.

Базалық ұйым болып табылатын мектеп басшылары да өз міндеттерін орындай отырып, іс-тәжірибешілерге талапқа сай жағдай жасаулары қажет. Жалпы студент-іс-тәжірибеші факультет тарапынан белгіленген топ жетекшілері мен мектеп мұғалімдерімен үнемі байланыста болулары қажет. Сонымен қатар іс-тәжірибе барысында студент-іс-тәжірибеші сабақ кестесі бойынша белгіленген сабақтарды өткізуге және оның әрқайсысына зор дайындықпен келуге міндетті.