Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
Кукык лекция.doc
Скачиваний:
155
Добавлен:
21.02.2016
Размер:
1.48 Mб
Скачать

Қазақ гуманитарлық-заң университеті

Пән: __Құқық негіздері________ Кредит саны:_2__________

Дәріс № _3_____ Соның ішінде сабақ түріне байланысты_________

Дәріс тақырыбы Азаматтық құқық негіздері Факультет_____________

Оқытушы _Танатарова З.Л.__ Академиялық жыл__2009/2010_________

Курс ___2_____________________ Семестр____2______

    1. Дәрістің мақсаты:

Азаматтық құқық пәні мен міндеттерін, қағидалары, қайнар көздері және жүйесінің мазмұнын ашып, түсінік беру.

    1. Жоспары:

1. Азаматтық құқық түсінігі, пәні, жүйесі,қағидалары.

2.Азаматтық құқықтық – қатынастың субъектілері.

    1. Азаматтық құқық және әрекет қабілеттілігі.

    2. Мәміленің түсінігі, түрлері.

    3. Азаматтық құқықтың объектілер.

3.Дәрістің қысқаша мазмұны:

Азаматтық кұқық Қазақстан Республикасының құқық салаларының бірі. Азаматтық құқықты зерттемес бұрын азаматтық құқық пәнін анықтап, басқаша айтқанда, мұның пәні не екенін белгілеп алуға тиістіміз. Ал азаматтық құқықтың пәнін анықтаудың өзі оңай шаруа емес. Өйткені, азаматтық құқықпен реттелетін коғамдық қатынастар ауқымы өте кең де сан қырлы.

Қазакстан Республикасы азаматтық құқығының пәнін тауар-ақша қатынастары және қатысушылардың теңдігіне негізделген өзге де мүліктік қатынастар, сондай-ақ мүліктік қатынастарға байланысты мүліктік емес жеке қатынастар кұрайды (Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің 1- бабы, 1-тармағы). Сонымен қатар мүліктік катынастарға байланысы жоқ мүліктік емес жеке қатынастар азаматтық заңдармен реттеледі, өйткені олар басқа заң құжаттарында өзгеше көзделмеген не мүліктік емес жеке қатынастар мәнінен туындамайды (АК-тің 1-бабы, 2-тармағы).

Азаматтық құқықпен реттелетін қоғамдық қатынастар негізінен мүліктік қатынастар болып табылады. Материалдық игіліктермен (мүлікпен, жұмыспен, қызмет көрсетумен, ақшамен, құнды кағаздар мен басқа да мүліктермен) байланысы бар қоғамдык қатынастар мүліктік қатынастар деп аталады. Мұндай қатынастар иелену немесе мүліктің тиістілігіне қарай (заттық қатынас), мүліктің бір адамнан екіншісіне ауысуы, өтуі (міндеттемелік қатынас), меншік иесінің қайтыс болуына байланысты заттың тағдырын шешу (мұрагерлік қатынас) тәрізді қатынастар тұрғысынан көрінсе, онда олар азаматтық заңмен реттеледі. Бір сөзбен айтқанда, мүліктік қатынас дегеніміз мүліктерді сатып алу, иелену, басқа адамдарға беру мен пайдалану жөніндегі қатынас болып табылады.

Дейтұрғанмен бұдан азаматтық құқық мүліктік қатынастардың бәрін бірдей реттей береді деген ұғым тумауы тиіс. Өйткені, олардың, өзі әртүрлі сипатта кездеседі. Сайып келгенде, мүліктілік (имущественность) дегеніміз заңды белгі болып табылмайды, ол тек экономикалық түсінік. Сондықтан да азаматтық құкық пәнінің мазмұнын оны біріктіретін әрі мән-мағынасын ашатын тұсын бөліп қарауды қажет етеді. Қоғамдық қатынастарды бір-бірінен ажырататын мүліктік қатынастардың мынадай белгілері, атап айтқанда, белгілі бір экономикалық құндылыкқа ие болуымен байланысты материалдық объектілер жайында адамдардың арасындағы қатынастар болғандықтан оның ерік сипатында болатындығы нарықта дербес тауар иеленуші ретінде қимылдауы, катысушылардың өзара келісім және өзара шарт жасауы.

Мүліктік құндылық қатынастарға ең алдымен қатысушылардың құн заңына сүйенетін мүліктік қатынастарының теңдігіне негізделген тауар-ақша қатынастары және өзге де қатынастар жатады десек, нарықты экономика жағдайында тауар-ақша қатынасы азаматтық құқықты реттеудің негізгі өзегіне айналады.

Мүліктік қатынас адамдар арасындағы қатынас болғандықтан ол мүліктік емес қатынастармен біте қайнасып, ұштасып жатады.

Қазақстан Республикасы азаматтық заңдары мүліктік емес қатынастардың екі түрін, атап айтқанда, мүліктік қатынасқа байланысты мүліктік емес жеке қатынастар (АК-тің, 1-бабы, 1-тармағы) мен мүліктік қатынастарға байланысы жоқ мүліктік емес жеке қатынастарды (АК-тің 1-бабы, 2-тармағы) реттейді. Мүліктік емес жеке қатынастың бірінші тобына мүліктік қатынаспен байланысы бар мүліктік емес жеке қатынастар жатады. Бұл жердегі "байланыстылық" деген сөз жеке қатынастардың мүлікке бағыныштылығын көрсетпейді, қайта қоғамдық қатынастардың біртұтас бірлікте болуын айқындайды (мәселен, авторлық, өнертабыс және т.б. қатынастар). Мысалы, бір ұйымның басқа бір заңды тұлғаның тауарлық белгісін заңсыз қолданса онда ол әлгі тұлғаға зиянын тигізеді. Мүліктік емес қатынастан келіп мәселен, шығарманың авторы үшін мүліктік катынастың мүліктілігі пайда болады. Сондықтан мүліктік қатынасқа байланысты мүліктік емес жеке қатынастар азаматтық кұқық нормаларымен реттеледі.

Мүлік қатынасына байланысы жоқ мүліктік емес жеке қатынастардың екінші түрі мүліктік қатынасқа қарағанда өзге фактілерге орай және басқа субъектілер арасында да туындайды. Ол жеке адамдар мен ұйымдарға ғана тән әрі олардан ажырамайтын игілік болып табылады, сондай-ақ онда мүлік мазмұны болмайды, ақшамен де бағалауға келмейді.

Мүліктік емес жеке қатынас Қазақстан Республикасы Конституциясымен реттеледі. Конституцияньщ II тарауы адам мен азаматтың ажырамайтын құқықтарына арналған. Сонымен азаматтық құкықтың реттеу пәніне мүліктік қатынастарға байланысы жоқ мүліктік емес жеке қатынастардың мейлінше кең ауқымы енеді. Қорыта айтқанда, азаматтық құқықты реттеудің пәні, міне, осындай.

Азаматтық құқықтың принциптері

1. "Принцип" (қағидат) термині латынның сөзі - бастау, негіз дегенді білдіреді. Азаматтық принциптері (кағидаттары) — ол нормативтік сипаты бар, қоғамдық қатынастарды азаматтық-құқықтык реттеу бастамасын басшылыққа алатын негіз. Ол Қазақстан Республикасы азаматтық заңының мейлінше маңызды тұстарын көрсетеді. Демек азаматтық заңды түсіну мен оны колдану азаматтық құқықтың тек жалпы принциптері (қағадаттары) арқылы мүмкін болады.

Принциптер (қағидаттар) Азаматтық құқық жүйесінде әрқашанда бастапқы норма болып саналады. Сондықтан да басқа нормалар онымен жанама түрде көрініп, жалпы сипат алады, демек принциптер өзгелерден басым түседі. Принциптер азаматтық-құқыктық нормалардың барлық жүйесін қамтып, басшылыққа алынады. Азаматтық кодекстің 2-бабындағы азаматтық заңдардың жалпы негіздері мен мәнісі беки түсуіне байланысты, енді принциптер нормативтік мәнге ие болды және оны қолдану міндеттілікке айналды. Бұрын-сонды азаматтық принциптер заң нормаларында арнайы термин немесе тиянақты тұжырымдама ретінде бекітілмеген еді, тек "азаматтық заңдардың жалпы негіздері мен мәнісіне байланысты" деген жалпылама тұжырымдамамен шектелетін (Қазақ КСР АК-тің 4-бабы).

Профессор Ю.Г.Басин азаматтық құқық принциптерінің рөлі мен маңызы туралы былай деп тұжырымдайды:

  • Біріншіден, ол тікелей әрекет ететін нормалар түрінде кездеседі.

  • Екіншіден, ол жаңа заңды жасау немесе бұрыңғы заң құжаттарын өзгерту кезінде ескеріледі.

  • Үшіншіден, құқық ұқсастығын қолдану қажет болған жағдайда заң, принциптері басшылыққа алынады.

  • Төртіншіден, мұндай принциптер құқықтық нормалардың бастапқы мазмүнының немесе шарт талаптарының тиісті жағдайларының мазмұнының түсінілуі жүзеге асырылғанда назарға алынуы тиіс (мысалы, Азаматтық кодекстің 6,392- баптарын қараңыз).

  • Бесіншіден, заң принциптеріне сүйене отырып, заң нормалары арасындағы қарама-қайшылықты жоюдың жолдарын табуға болады, мұның өзі егер бұл аталған жағдай кездескенде ғана қолданылады.

Осы мәселелерге орай оған екі жағдайды қосып айтуға болар еді: біріншіден, принциптер тек заң актілері жүйесінің сипатын көрсетіп қоймайды, сонымен қатар ол заңгерлердің құқықтағы құқықтарын белгілейді. Екіншіден, азаматтық құқық принциптері өзінің реттеу жүйесі арқылы бірқатар мемлекеттік құқықтық институттар мен нормаларды, яғни бірінші кезекте азаматтардың конституциялық құқығын азаматтық құқықтар арқылы өзіне тән тәсілдермен қорғауды нақтылай түседі.

Азаматтык құқықтың мынандай принциптері бар:

1) азаматтық-құқықтық қатынастарға қатысушылардың теңдігі;

2) меншікке және басқа заттық құқыққа қол сұқпаушылық;

3) шарт еркіндігі;

4) жеке істерге кімнің болса да озбырлықпен араласуына жол беруге болмайтындығы;

5) азаматтық құқықтарды кедергісіз жүзеге асыру;

6) нұқсан келтірілген құқықтардың қалпына келтірілуін қамтамасыз ету;

7) азаматтық құқықты сот арқылы қорғау.

Міне, осы принциптердің бәрі де Азаматтық кодекстің " Азаматтық заңдардың негізгі бастаулары" деп аталатын 2-бабында бекітілген. Яғни сол арқылы мемлекет пен қоғамның азаматтық заңдарының алдына қойған мақсаты мен міндетін орындаудағы азаматтық заңның демократиялык және ізгілікті қасиеттері көрініс береді. Енді осы көрсетілген принциптерді талдасақ дейміз.

Азаматтық құқықтық қатынастарға қатысушылардың теңдігі. Азаматтық құкықтың басты кағидаттарының бірі олардың қатысушыларының теңдігіне байланысты келеді. Азаматтық қатынастарға қатысушылардың теңдік принципі қоғамдық қатынастарды азаматтық-құқықтық реттеу әдістемесінің өзімен айқындалады. Яғни бұдан азаматтық-құқықтық қатынастарда тараптардың жағдайы тәуелсіз, тең дережеде болатындығын көреміз. Демек, азаматтық қатынасқа қатысушының бірі екіншісіне тіптен бағынышты емес, ал тәуелділігі оның мінез-құлқына, екіншісінің ерік-жігеріне қатысты болмау керек. Азаматтық заңмен реттелетін мүліктік және мүліктік емес қатынастар жүйесінде субъектілер теңдігі темендегідей жәйттерді білдіреді:

1) мемлекет немесе оның әкімшілік-аумақтық бөлінісі азаматтық-құқықтық қатынастарға жалпы негізде, өзге қатысушылармен тең құқықта қатысады. Бір айта кететін жайт, азаматтық-құқықтық қатынастардағы мемлекеттің жауапкершілік ерекшелігі (дербес иммунитеті) заңда көрсетілмеген (АК-тің 111-114 баптары);

2) заңды тұлғалардық құқылық мәртебесі жеке тұлғалардың мәртебесіне біртабан жақын келеді. Мысалы, казіргі кезде азаматтар ғана емес, заңды тұлғалар да шартпен өздерінің құқықтары мен міндеттерін белгілей алады, сондай-ақ заңға қайшы келмейтіндей шарт талаптарының кез келгенін таңдауга ерікті; заңды тұлға және заңды тұлға құрмай кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыратын азаматтар еңбек шартын, оның ішінде келісім шартты жасасуға хақысы бар;

3) егер заң құжаттарында өзгеше көзделмесе, шетелдік жеке және заңды тұлғалар, сондай-ақ азаматтығы жоқ адамдар азаматтық заңдарда ҚР-ның азаматтары мен заңды тұлғалары үшін қаңдай құқықтар мен міндеттер көзделсе, нақ сондай құқықтарға ие болуға қақылы және сондай міндеттерді орындауға міндетті (АК-тің 3-бабының 7-тармағы).

Қазақстан Республикасы Конституциясының 6-бабында меншік иелерінің құқын қорғауға байланысты теңдік принципі тұжырымдалған. Мұның өзі оларға қатысты құқықтардың бұзылуына қарсы қорғану құралын субъектілер бірдей қолданады дегенді білдіреді.

Меншікке және басқа заттық құқыққа қол сұқпаушылық принципі. Меншікті құрметтеп, оған ешкім қол сұқпайтын елде ғана азаматтар жайбарақат өмір сүре алады. Сондықтан да әрбір қоғамда меншік ерекше мәртебеге ие болып, оны қасиетті әрі қол сұғылмайтын нәрсе деп бағалайды. Адамның белгілі бір затты иеленуі оны тұтынып, белгілі бір мақсатына, яғни керегіне жаратуы үшін керек, сондықтан ол бұл орайда қызмет ету құралын бәрінен де жоғары кояды.

Мемлекет пен құқық, оның ішінде азаматтық құқық азаматқа мұндай жағдайды қамтамасыз етеді.

Шарт еркіндігі принципі. Заң шығарушы меншікті емін-еркін пайдалану үшін заңды негіз жасайды, сол арқылы азаматтық субъектілердің өздеріне контрагентті таңдауына, шарт талаптарын мүлдем дербес айқындауға әрі оны тағайындауға мүмкіндік береді. Бұл принцип нарықтық дамуына және бәсекеге қажетті алғы шарттарды жасайды, міне, сондықтан да ол кәсіпкерлік қызмет үшін ерекше маңызға ие. Сонымен АК-тің 10-бабының б-тармағында әрбір тұтынушының тауарлар сатып алу, жұмыс пен қызметті пайдалану үшін еркін шарт жасасуға мүмкіндігі бар.

Шарт дегеніміз — шаруашылық кызметінің негізгі құралы. Азаматтар мен заңды тұлғалар шарт негізінде өздерінің құқықтары мен міндеттерін өз еріктерімен, өз мүдделеріне сүйене отырып тағайындайды, сонымен бірге заң құжаттарына қайшы келмейтін жағдайда олардың кез келген шарт жасасуына мүмкіндігі бар.

Шарт еркіндігін шектеуді тек мемлекет қана емес, сонымен бірге азаматтық айналым де жүзеге асырады. Мысалы, Азаматтық кодекстің 11-бабына сәйкес заңды бәсекелестікті шектеуге немесе жоюға, негізсіз артықшылықтар алуға, тұтынушылардың құқықтары мен заңды мүдделеріне қысым жасауға бағытталған монополистік және қандай болса да басқа қызметке жол берілмейді.

Жеке істерге кімнің болса да озбырлықпен араласуына жол беруге болмайтын принципі. Бұл принцип Азаматтық кодекстің 2-бабының 1-тармағында тұжырымдалған және де ол жеке істерге кімнің болса да озбырлықпен араласуына жол беруге болмайтындығын қарастырады. Азаматтық кұқықтың бұл нормасы Конституцияның 18-бабында бекітілген: "әркімнің жеке өміріне қол сұғылмауына, өзінің және отбасының кұпиясы болуына, арнамысы мен абыройлы атының корғалуына кұқығы бар" деген талапты алға тартады.

Жеке істерге кімнің болса да озбырлықпен араласуына жол бермеу билік және басқару органдарының, ата-аналадардың, қызмет орны жетекшілерінің және басқа адамдардың әрекет қабілеті бар азаматтар мен заңды тұлғалардың мүлкіне қожалық етуіне, пайдасын бөлісіп, кірісін пайдалануына тыйым салады. Егер заңда көзделмесе, әлде біреудің рұқсаты, келісім беруі, ақпарат ұсынуы талап етілмейді. Жеке, отбасылық, коммерциялық құпиялары бар мәліметтерді беруді талап етуге тыйым салынады.

Азаматтық құқықтарды кедергісіз жүзеге асыру принципі. Азаматтық кодекстің бұл принципі конституциялық ережеде де жазылған: "Әркімнің кәсіпкерлік қызмет еркіндігінде, өз мүлкін кез келген заңды кәсіпкерлік қызмет үшін еркін пайдалануға құқығы бар" (Конституцияның 26-бабының 4-тармағы). Азаматтық құқықты жүзеге асырудың өзі осы принципке байланысты. Азаматтық кодекстің 8-бабына сәйкес, азаматтар мен заңды тұлғалар өздеріне берілген азаматтық құқықтарды, оның ішінде өздерін қорғау құқығын өз қалауынша пайдаланады. Бір айта кететін жайт, олардың өздеріне берілген құқықтарды жүзеге асырудан бас тартқан жалпы ережеге орай бұл құқықтардың тоқтатылуына әкеп соқтырмайды. Азаматтар мен заңды тұлғалар өздеріне берілген құқықтарды жүзеге асырған кезде адал, парасатты және әділ әрекет жасап, заңдардағы талаптарды, қоғамның адамгершілік қағидаттарын, ал кәсіпкерлер бұған коса іскерлік, әдептілік ережелерін сақтауға тиіс.

Азаматтық құқық жүйесі

Құқық жүйесі дегеніміз сол мемлекеттегі құкықтық нормалардың жиынтығын камтитын ғылыми әрі нақты құбылыс болып табылады. Құқықтың әр саласына белгілі бір жүйе тән. Азаматтық құқық Қазақстан Республикасындағы құкыктық-нормативтік құжаттары жағынан ең ауқымды да күрделі заң саласы болып есептеледі. Нормалардың әр алуандығына қарамастан азаматтық құқықтың жүйесі логикалық талаптарға сай келеді, яғни ол іштей салаларға, құрылымдар мен оның бөліктеріне бөлінеді. Ішкі салаларға тән ерекшелік оның кұрылымдарына тұтастай енетін жекелеген және жалпы ережелерді бөліп қарау мүмкіндігі деуге болады. Мұндай құрылымдардың мазмұны біркелкі келеді, оны құқықтық реттеудің бір арнаға

жинақталуынан және заңдық ерекшелігінен деп түсінген жөн.

Ішкі салалардың "жалпы бөлімі" мен "жалпы ережелерін" бір-бірінен бөліп карау проблемасы әзірге айтарлықтай зерттеле койған жоқ. Аталған саланың "жалпы бөлімі" жалпы сипаттағы жекелеген институттардың жиынтығын білдіреді. Ал осы орайда ішкі салалардың "жалпы ережелерінде" мұндай дербес институттар жоқ, сондықтан да ол институттардың белгілі бір бөлігін ғана біріктірумен шектеледі.

Азаматтық құқық жүйесі төмендегідей ішкі салаларға бөлінеді: "Міндеттемелік құқық", "Меншік құқығы мен өзге де заттық құқықтар", "Интеллектуалдық меншік құкығы", "Мұрагерлік кұқығы", "Халықаралық жеке құқық", осындай әрбір ішкі саланың өз нормаларына сай келетін "Жалпы ережесі" болады. Оның әркайсысы өз кезегінде іштей құрылымдар мен бөлімдерге жіктеледі. Айталық, шарт институты және шарттан тыс міндеттемелік институты деп бөлінеді.

Қазакстан Республикасы азаматтық-құқық жүйесі Жалпы және Ерекше бөлімдерден тұрады.

1. Жалпы бөлім:

І-бөлім. "Жалпы ережелер" (тараулары: азаматтық-құқықтық қатынастарды реттеу; азаматтық құқықтардың субъектілері; азаматтық құқықтар объектілері; мәмілелер; өкілдік және сенімхат; мерзімдерді есептеу; талап кою мерзімі).

ІІ-бөлім. "Меншік құқығы және өзге де заттық құкықтар" (тараулары: меншік құқығы. Жалпы ережелер; шаруашылык жүргізу құқығы; оралымды басқару құкығы; ортақ меншік; бірлескен қызмет туралы шарт (жай серіктестік); меншік құқығына және өзге де заттық құқықтарға ие болу; меншік құқығы және өзге де заттық құқыктардың тоқтатылуы; меншік құқығы мен өзге де заттық құкықтарды қорғау).

III-бөлім. "Міндеттемелік құқық" (І-бөлімше: "Міндеттеме туралы жалпы ережелер", оған мына тараулар енеді: міндеттемелер ұғымы және олардың пайда болуы негіздері; міндеттемені орындау; міндеттеменің орындалуын қамтамасыз ету; міндеттемедегі адамдардың ауыстырылуы; міндеттеменің бұзылғандығы үшін жауаптылық; міндеттемені тоқтату. II-бөлімше: "Шарт туралы жалпы ережелер", оған мына тараулар енеді: шарт ұғымы және оның ережелері; шарт жасасу; шартты өзгерту және бұзу).

Қазақстан Республикасы Азаматтық құқығының Ерекше бөлімі мыналарды қамтиды:

IV-бөлім. Міндеттемелердің жекелеген түрлері: сатып алу — сату; айырбас; сыйға тарту; рента және өмір бойы асырауда ұстау; мүлік жалдау (аренда); тұрғын үйді жалдау; мүлікті тегін пайдалану; мердігерлік; өтелмелі қызмет көрсету; тасымалдау; көлік экспедициясы; заем; ақшалай талапты беріп қаржыландыру (факторинг); банктік кызмет көрсету; сақтау; сақтандыру; тапсырма; басқаның мүддесіне тапсырмасыз іс-әрекет жасау; комиссия; мүлікті сенімгерлікпен басқару; кешенді кәсіпкерлік лицензия (франчайзинг); конкурстық міндеттемелер; зиян келтірудің салдарынан туындайтын міндеттемелер; негізсіз баю салдарынан туындайтын міндеттемелер.

V-бөлім. "Интеллектуалдық меншік құқығы" (тараулары: жалпы ережелер; авторлық құқық; сабақтас құқықтар; өнер-табысқа, пайдалы модельге, өнеркәсіптік үлгіге құқық; селекциялық жетістіктерге құқық; интегралды микротәсімдер топологиясына құқықтар; ашылмаған ақпаратты заңсыз пайдаланудан қорғау құқығы; азаматтық айналымға тауарларға және қызмет көрсетуге қатысушылардың дараландыру құралдары).

VІ-бөлім. "Мұрагерлік құқық" (тараулары: мұрагерлік туралы жалпы ережелер; өсиет бойынша мұрагерлік; заңды мұрагерлік; мұра алу).

VІІ-бөлім. "Халықаралық жеке құқық" (тараулары: жалпы ережелер; коллизиялық нормалар).

Азаматтық құқық нормалары теорияда да, заңда да белгілі бір жүйе бойынша реттеледі. Әлемдік азаматтық-құкықтық жүйе ғылымында қалыптасқан институционалдық және пандектілік тәрізді екі жүйе бар. Оның біріншісі бүкіл кұқықтық нормаларды: а) тұлға; ә) меншік және оның түрлерінің өзгеруі; б) меншікке ие болу тәсілдері деп бөледі. Франция Азаматтық кодексі мен оның тұжырымдарын қолдаушылар осы жолды таңдады. Екінші, пандектілік жүйе жалпы бөлімнің бөлінуімен ерекшеленеді, соның нәтижесінде кодекстің арнайы бөлімдері қайталаудан, басы артық сілтемелерден және т.б. арылады. Жалпы бөлімнен соң заттық, міндеттемелік, отбасылық және мұрагерлік құқықтар тәртіптеледі. Мұндай жүйені Германияның азаматтық заңдары колданады және де осындай тәсіл бразилиялықтардың, гректердің және басқалардың азаматтық заңдарында бар.

СӨЖ тапсырмасы:

1 СӨЖ: Реферат

Студенттің өзіндік жұмысының ең басты түрлерінің бірі реферат жазу. Реферат Мемлекет және құқық негіздері пәні бойынша жазылады және ол компьютер үлгісіндегі 3-4 беттен аспауы керек. Реферат: кіріспе, негізгі, қорытынды бөлімнен тұрады. Кіріспе бөлімде тақырыптың жан-жақтылығын, мақсатын және талабын және тақырыпты зерттеуде қандай әдебиеттерді пайдаланғаныңызды көрсетесіз. Негізгі бөлімде реферат тақырыбын ашып: ол қысқа әрі жеке зерттеуіңізді көрсетіп, салыстырмалы анализ жасаңыз. Қорытынды бөлімде өз тұжырымдамаңызды көрсетесіз. Сондай ақ әдебиеттер тізімін көрсетесіз: 1) нормативтік құқықтық актілер; 2) негізгі әдебиеттер; 3) қосымша әдебиеттер. Реферат ауызша қорғалады, белгіленген ұпайға сәйкес бағаланады.

Рефератты бағалау критерийлері:

  1. Тақырыптың ғылыми және тәжірибелік маңыздылығы

  2. Зерттеу тақырыбы бойынша әдебиеттерді терең оқып, дұрыс талдау жүргізіп, оны дұрыс жаза білуі

  3. Қажетті қортындылардың жасалуы

  4. Материалдардың жоспарға сайкес қисынды және рет-ретімен жазылуы

  5. Жұмыстың әдеби тілмен дұрыс жазылуы және оның дұрыс рәсімделуі

2 СӨЖ: Глоссарий

Бұл жұмысты орындау үшін оқу курсының басынан бастап, ұсынылған тақырыптармен жұмыс істеп, терминдер сөздігін жасау қажет. Яғни, сіз үшін таныс емес, жаңа сөздердің (терминдердің) барлығын жазып алып, оларға анықтама бересіз.

СӨЖ тапсырмасын бағалау критерийлері

  • Мәтінді заңда негізделген нысан бойынша толтыру

  • Казустарды тақырыпқа сай ұйымдастыру

  • Рәсімдеу сапасы

  • Сауатты талқылау

СОӨЖ тапсырмасы:

ҚР пайдалана отырып, есеп шығарасыз. Сондықтан міндетті түрде Кодекс алып отырыңыз. Дәрістің қарастырылатын сұрақтарына байланысты кесте сызасыз.

Үй тапсырмасы:

Азаматтық құқықтағы мәміленің түсінігін және түрлерін ашу

Төмендегі әдебиеттерді пайдалана отырып үйде тест құрастырыңыз.

Тақырып бойынша әдебиеттер тізімі:

1. Қазақстан Республикасы Конституциясы. Алматы, 1998.

2. М. Дулатбеков «Мемлекет және құқық негіздері». Астана, 2001ж.

3. М.К. Сулейменов, Ю.Г. Басин «Гражданское право». Алматы, 2000г.

4. Қазақстан Республикасының Конституциясы.30 тамыз, 1995 жыл.

5. Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексі. Жалпы бөлім 1994 жылы 27 желтоқсан, Ерекше бөлім 1999 жылы 1 шілде.

Семинарлық сабаққа бақылау сұрақтары:

  1. Азаматтық құқыққа жалпы сипаттама

  2. Мәміленің ұғымы, түрлері

  3. Меншік құқығы

  4. Мұра және мұрагерлік құқық