Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:

ашыты,_марлы_пен_–_ол_екі_жол

.pdf
Скачиваний:
106
Добавлен:
16.02.2016
Размер:
1.3 Mб
Скачать

шықпады. Нақ сол жазушы айтқан мезеттерді басымнан кешірдім. Кешірдім де сүйетінімді мойындадым. Мойындадым да бір рахат күй кештім.

Сен маған жолыққан бақытсың ба, сорсың ба?! Анық білерім: сенсіз менің өмірім мағынасыз да мәнсіз бірдеңе болып шығар еді. Сенің атың менің жадыма мәңгі жазылып қалған, оны ешкім де, ештеңе де өшіре алмайды.

Мен қорқатын бір нәрсе ғана бар, ол – сені жоғалтып алу, адасып қалу. Онда менің ғұмырым бақытсыз жалғыздықта өтер. Онда күн де күңгірт тартар.

Мен саған өзімді тұтастай арнай алмайтынымды білемін. Саған бар махаббатымды, барлық мейірімімді, жанымның бар жылуын бере алмаймын. Соған күйзелемін.

Мен өмір сүре білмеймін. Жап-жақсы жалғасып жатқан үйлесімді өзім бұзатын кезім бар. Ол да – махаббаттың белгісі.

Мен бұлай сүю мүмкін екенін білмейтінмін. Басыма түскенде бір-ақ білдім. Сүйемін. Сүйетінімді айта бергім келеді. Қанша айтсам да жеткізе алмайтын секілдімін.

Сенің күлкің кез келген адамға, тіпті сені онша ұната қоймайтын адамның өзіне бақыт әкелуі мүмкін.

Сен менің өміріме дем берумен келгендейсің. Сен – мен үшін Күнсің! Мен саған бар болғаның үшін, сенің құштарлық сезімің, бір-біріне үйлеспейтін мінездерді үйлестірген болмысбітімің үшін рахмет айтқым келеді.

Менің де өмірім жанып өтіп бара жатқан секілді. Мен де ылғи ауытқуда боламын. Менде де пенде тірлікке бағыну мен ессіздік жетерлік.

Айтам дегенімді айта алмай, адаса беретін болдым. Айтам деген сөзімнің орнына аузымнан басқа сөз шығады. Әйтеуір, өмір өкінішке толы болып барады, тәттісінен ащысы көп.

Сонда да, өмірде ойда жоқ бір ғаламат керемет бола кететінін білмеуші ме едің? Әлде оған сенгің келмейді ме?

Адамның бүгін жылап, ертең шаттана күлетіні, ертең-ақ жадыраңқы жағдай мен жеңілдік келетіні де болушы еді ғой.

Адамдар бұл секілді жағдайлардың емшісі уақыт деп ақыл айтады. Бастарына келсін, сонда көреді, уақыттың емші емес, жаза екенін!..

Уақыт махаббатты емдемейді, махаббатты үйлесім ғана емдейді.

Өмірде барлығы да өзгереді деседі. Бірақ менің саған деген махаббатым ешқашан өзгермейді. Өйткені махаббат шарасыздықтан да, үмітсіздіктен де кемімейді, ескірмейді, қаншама үмітсіз, орындалуы мүмкін емес болса да, ол – шексіз.

Бұл өмірде сені өте жақсы көретін, сен үшін басын өлімге де тігуге әзір екі адам болса, біреуі – менмін!

Мен әр түні ұйықтар алдында сені ойлаймын. Мен үшін сен бүкіл әлемнің өзісің.

Мен бұл дүниеге келмеуім мүмкін еді, сен үшін келгем. Сен ерекшесің және ешкімге ұқсамайсың.

Тағы да бір айтарым – саған рахмет. Бар болғаның үшін. Құдайым маған сені жақсы көру бақытын сыйлағаны үшін.

Мен сені сүйемін!

Екінші хат (Амангелді Кеңшілікұлынан)

Аяулым! Сені сүймеу мүмкін емес! Бәлкім, сондықтан болар өзіңді өмірімнің өліарасында жолықтырғанымда Алланың рахмани нұрынан жаратылған періште бейнені көрген бейбақтай есімнен танып қала жаздағанмын. Жүрегімнің патшасына айналған сол бір қимас сәттен соң шын ғашық болудың не екенін түсініп, өмірімді қайта бастағым келіп аласұрып, сағыныштан өртеніп кете жаздаған дерттің отын сөндіре алмай, алақұйын сезімнің құрдымына батқанмын. Содан бері тәтті ұйқыға шомып, өмірінің ортасында бір әдемі түс көріп, алдамшы қуанышқа мәз болып, оянып кетуден өлердей қорқатын қияли пенденің халін бастан кешудемін. Есірткіге тәуелді нашақордай қайта-қайта құмартып, күндіз күлкімнен, түнде ұйқымнан айрылдым. Асқақ басым Сенің алдыңда иіліп қоя берді. Мына Әлемді көзіне де ілгісі келмейтін жанарымды Сенің тылсым құдіретің арбап алды. Мен сенімен кездескен күнді ұзақ жылдар бойы сарыла сағыныппын. Бұлақтың суындай мұндай тұнық, әрі таза сезімге өмір бойы шөліркеп келеді екенмін. Мазасыз

51

айлы түндерімде де, жалған тіршіліктің тозаңы мен шаңына тұншығып, қайғы жұтып, қасірет шеккенімде де Сені іздеп, қаңғырумен болыппын. Сені кездестірмегенімде мөлдір махаббат пен әзәзілдің ойынының айырмасын түсіне алмай өмірден мұңайып өтер ме едім?.. Кім біліпті?! Алла өмірімді ұзартып, тіршіліктің дәмін әлі татқыза тұру үшін маған Сені сыйлаған болар. Тыныш ұйқыға батқалы жатқан жерімнен оятып алғаның үшін өмір бақи қарыздармын. Сені кездестіргеннен соң, жүрегімді жалын шарпып, өмір сүруге деген құштарлығым сілкініп оянды. Талмаусырап сөніп бара жатқан кеудемдегі нәзік шырағым тағы жанды. Дүние керемет екен! Бұл жолы мені сөнуден Сен құтқарып қалдың! Махаббат дегеннің не екенін түсіндім!

Махаббат – Алланың мәңгілік бейнесі. Әлемді махаббат қана құтқарып қалады. Махаббат – темірдің өзін балқытып, тастың өзін уатып жіберетін Алланың сиқырлы сәулесі. Алла өзінің нұрлы бейнесін сездірту үшін махаббатты жаратқан. Махаббат – Алланың алтын сезімінен құйылған асыл перзенті. Махаббат – Тәңірдің жердегі елесі. Жарығым, ендеше, Сені сүймеу, саған ғашық болмау – Жаратушының хақтығын мойындағысы келмегендей есалаңдық емес пе?! Өзіңді алғаш «білгеннен»-ақ Алланың құдіретін сезінгендей есімнен тана жаздап, құлай ғашық болғаным да сондықтан. Бір күні маған мұңая қараған жанарыңа шоқтай қадалғаным есіңде ме? Сенесің бе, мен сол қас-қағым сәтте Сенің жәудіреген жанарыңнан бір кездері жоғалтып алған сүттей әппақ жанымды көрдім. Сен қуансаң Алланың ризашылығына бөленгендей төбемнің көкке сәл жетпей қалатынын, қайғырсаң жүрегіме у құйылғандай тұла-бойымның мұздап кететінінің сырын да сонда ғана ұқтым. Біреулер Сенің атыңды атаса, сен туралы сөз етсе жүрегімнің қуаныштан неге жарылып кете жаздайтынының себебін де сонда ғана түсіндім.

Сенші! Мен Сенің махаббатыңды құрметтеп, күндіз күлкімнен, түнде ұйқымнан айырылдым. Тәкаппарлықты, Азаматтықты сүйетініңді білгендіктен өмірдің осы бір қиын жолын таңдап, тозақтың отына да шыдадым. Махаббат үшін де пәктігімді, адалдығымды дәлелдеп, ойымның айтқанына көнбедім, айдағанына жүрмедім, сөздеріне сенбедім. Өмірімді қолдан қиындаттым. Әйтпесе, менің де басқалар секілді алаяқтықпен, екіжүзділікпен, арамдықпен, махаббатты алдау арқылы өмірімді жеңілдетуге ақылым жетеді. Бірақ онда мен Махаббаттан мәңгілікке айырылып, қараңды да көрмес едім. Мен Махаббатты соңғы демім қалғанша қорғағым келеді, дәм-тұзым таусылғанша аялағым келеді.

Түсінші! Мен Сені аңсаумен талай азапты таңдарды көз ілмей атырып жүрдім. Ішкенім ірің, жегенім желім болса да бар екендігіңнен қуат алып қана өмір сүрдім. Сені ойласам жүрегім дүрсілдеп, басым айналды. Ал сені бір сәт болса да, ойламау мүмкін болмады. «Махаббат бізге мәңгі өмір сүру үшін керекті», - деп айтқан Низамиге ғашық болдым. «Махаббат - ойын» деген Бальзакты бұрын мақұл көріп жүр едім, енді араздасып тындым. Сонда да екіұдай сезімде жүріп келемін, әрі сүйдім, әрі байсалды ер, ақылды адам болып қала бергім келді. Ол үшін: «Адамның тәні жезөкше болғанмен, жаны жезөкше болмауы мүмкін» деген теория ойлап таптым және оның дұрыстығын дәлелдеуге талай рет тырыстым. «Әрі сүйіп, әрі данышпан болу болу мүмкін емес» деген Бэкон данышпандықты ақыл деп ұғынған, сөйтіп, оның бір қырын ғана білген деп бет бақтырмадым өзіме. Жұрттың бәрі ақылды болып бара жатса да, Махаббат ешуақытта күресінге лақтырылмауы тиіс. Сол үшін де ол – Махаббат. Адам баласы Махаббат – Құдайға емес, ақылайлаға, залымдыққа сеніп, дүние азып-тозады. Махаббатты емес, ақыл-айланы ғана мойындайтын мына жалған тіршілікте жалғыз қалу оп-оңай екен, айым! Сенің де жалғыздықтан жаның жабырқаған сайын менің жүрегімнің бір нәзік пернесі үзіліп кеткендей болады.

Жасырып қайтейін. Махаббаттың жоқтығынан запа шегіп, өмірден таяқ жегеніңді естігенде өзімді қоярға жер таппағанмын, Саған араша түсе алмағанда шарасыздықтан не істерімді білмей жаным қысылып, жүрегім езіліп, көзімнен жас сорғалап, талай жылағанмын. Сен оны білесің бе, сездің бе!

Махаббатсыз тіршілік суалады. Гюгоның «Махаббат – ағаш секілді; ол өздігінен өсіп шығады, біздің болмысымызға тамырын терең жібереді, тіпті кейде біздің қираған жүрегімізде де көктеп, гүлдей береді» деген өсиетін ұмытпағайсың. Махаббатты ұмытқан қоғам – бақытсыз ұрпақты тәрбиелеп шығарады: «Махаббатсыз – дүние бос, Хайуанға оны қосыңдар» деген Абайдың өсиетіне бой ұсынған жөн, бірақ оған бой ұсынғанның да шегетін қасіреті шексіз!

Мен Саған өлердей ғашық болғандықтан сол шексіз қасіретті өмір бойы шегіп келемін. Бірақ оған өкінген емеспін. Өйткені күндердің күнінде адамдардың жүрегін Махаббат құдіретінің

52

қайта жаулап алатынына, Алланың хақтығын мойындағандай, шын жүрегіммен сенемін. Соған сенгендіктен басқаша өмір сүре алмадым. Сүргім де келмеді.

Аяулым! Біз өмір сүріп жатқан рухсыз қоғамда, адамгершілікті, мейірімділікті ұмытқан жалған дүниеде Сені менен артық ешкім сүйе алмайды! Болмыс-бітіміме анамның ақ сүтімен дарыған ерекше құдірет болғандықтан, Сені сүюдің азап екенін біле тұрсам да, сені сүю – менің пешенеме жазылған тағдырым.

Өзіңе құлай ғашық болған күннен бері Құдай менің жанымды тозаққа салып қойды. Сенен басқа ешкімді көргім келмейтін, жаным жабырқайтын жалғыздық сынағын салар сәттер туды. Қарапайым пенделер секілді Алланың бергеніне риза болып, тыныш өмір сүрудің орнына, жер ортасынан әлдеқашан асып кеткен кезімде неліктен мен Сені ойлап, ұйықтай алмай дөңбекшіп шығамын?! Менің жанымды ыстық табада шыжғырып қинап, қайта-қайта мазалай беретіндей Махаббатта не сиқыр бар?!

Ақылға сенген жұрт қызмет, сөз, қуғанда, оларды қуып көрген мен Сені іздеуге көштім, Сені тапқаным да соның нәтижесі. Махаббатқа құлдықтың қамытын кигізіп, оны да билікке, қызметке, ақшаға, күшке бағындырғысы келген Ортаны өзгерткім келді. Бірақ махаббатты менше түсінетіндерді кездестірмедім. Өзіммен-өзім болып қана қалдым. Махаббат менен басқа ешкімге керек емес екен-ау дедім. Осы ой жүрегімді өртеп, өкпемді қабындырды. Әлемге Махаббаттың көзімен қарағандықтан, өмірдің басыма салған ноқтасын жұлып алып, лақтырып жіберуге тырыстым, ол қолымнан келмей, тағдырыммен тайталастым. Еркімді билеп алғаның соншама – тұла бойым қобыздай күңіреніп, қайғы жамылдым. Күндіз күлкі көрмедім, Түнде ұйқтамадым. Осыншама азап шегетіндей мен Құдайға не жаздым, Махаббатым үшін неге жазықты болуым тиіс деп ұлыдым. Сонда да сені ешбір жазғырмадым. Бәрін өзімнен көрдім.

Махаббаттың болар жері – үйлену ме екен?! Мұхтар Шаханов: «Махаббатты үйлену деп ойлайды, Махаббаттың құнын білмес сорлылар», - дейді. Әрине, толық бақыт болғандай өмірге не жетсін. Бірақ жұрттың бәрі бірдей толық бақытқа ие бола алар ма?! Мен де толық бақытқа ие бола алмасымды білсем де, Сені ұмытпадым. Ұмытқым да келген жоқ. Ұмыттым деп өзімді алдадым. Бірақ өзімді-өзім қанша алдағаныммен, сенен қанша қашқақтағаныммен Махаббатымнан ешқайда қашып құтыла алмадым. Мұқағали айтқандай: «Сен менің миымдасың, қанымдасың!».

Махаббатқа емес, ақыл мен айлаға, залымдыққа, зұлымдыққа, күшке, дүниеге сенетін Ортадан дос таба алмай, жалғыздық жанымды қинағанда ақыл-есінен айырылған жынды адамдай, дертіме дауа іздеп, қайғымды түсінетін жан табылмады. Әркімге бір бар сырыңды жайып сала да алмайсың. Өйткені Ортада Махаббатты қастерлейтін, қадірлейтін адам аз, жоқ десе де болады. Қайта олар Махаббатты өз қолдарымен тірідей жерге көмуге даяр. Махаббатты басқа пәндәуи сезімдерге айырбастағаннан рахат алады олар.

Құдай үшін, айтшы! Неге мен қарапайым адамдар секілді махаббатты ұмытып, пендешілікпен өмір сүре алмаймын? Махаббаттың Құдайлары – Абайды, Мағжанды аямаған Ортаның мені де таптап өте шығатынын біле тұрсам да, неге онымен қасарыса беремін? Әділеттілік, адалдық, ізгілік, мейірімділік, адамгершілік жоқ Ортадағы күресімнің баянсыз екенін біле тұрсам да, сол ұлы ұғымдарды қайта тірілткім келіп, неге менің жаным күні-түні тыныштық таппайды?

Егер мен де адамдық қалпымды жоғалтып, Уақыттың құлына айналсам, Махаббат та мәңгілікке сөнер еді. Ал Махаббат тірі болса мен де мәңгі өлмеймін. Махаббат та менің, мен секілділердің арқасында ғана тірі жүр ғой.

Махаббат болмаса, қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заманда да адамдар шын бақытты сезіне алмайды. Кешегі кең заманда сол Мұқағали «Мен нағыз махаббатты армандаймын» деп баз кешіп, дүниеден озды.

Мен өмірге Сенің көзіңмен қараймын, Сенің – менің көзіммен қарауыңды қалаймын. Махаббаттың құдіретінің өзі сол болса керек. Мен Саған деген махаббатымды дәлелдеу үшін ғана мына өмірде жүргендеймін.

Аяулым! Мен махаббаттың мына Әлемді мәңгілікке тастап кетпейтініне сенемін. Соған сенгендіктен әлі күнге Сені іздеймін. Болмысыма тамырыңды терең жайып жібергендіктен сені ұмытудың орнына мен Саған айналғандаймын. Сен қиналсаң, менің жүрегімнен қан тамшылағандай күй кешемін.

53

Махаббатым! Алладан жарлық түсіп, дәм-тұзым таусылған күні, мәңгілік сапарға аттанарда, жанымның Сені ғана көргісі келіп, ең соңғы рет ышқынатынын алдын-ала сезеді жүрегім. Сол ғана медеу, сол ғана медет!

Үшінші хат

Достар!

Бүгінгі екеуің бірдей, бірге қол ұстасып жеткен алпыс жылдық мерейтойларыңа құтты болсын айтамыз.

Сонымен бірге сендердің бір-біріңе деген асыл сезімдеріңе 50 жылға жуық уақыт болды. Сондықтан біз өзіміздің тілек сөзімізді Ұлы мәртебелі Махаббатқа арнаймыз!

Сендердің өмірлеріңнің өзі үлкен роман.

Бүгінде ойланып қарасақ, біздің қатарластарымыздың ішінде бірінші махаббатына үйленген адам аз екен, сол тізімнің ең басында Сендер тұр екенсіңдер. Сендердің жігіт-бойжеткен, тіпті бала-қыз кездеріңде басталған махаббаттарыңызға қызыға қарамағандар кем де кем еді.

Өмірде қай жағынан қарасаң да өзгермейтін, барлық адамдар үшін құндылыққа ие заттар бар, мәселен – махаббат. Сендердің махаббаттарың сондай махаббат.

Біз Сендерді бір-біріңді бүкіл болмыстарыңмен, жүректеріңнің сырымен, жандарыңның әрбір түйсігімен сүйгендерің үшін жақсы көреміз!

Сендер өздеріңді бір-біріңе тұтастай арнағандарың үшін бізге қымбатсыңдар!

Сендер бір-біріңе бар махаббатыңды, барлық мейріміңді, жандарыңның бар жылуын бере алдыңдар. Соған рахмет!

Сендер бір-біріңе қырық жылдай уақыттан бері дем берумен келесіңдер. Біз сендерге бар болғандарың үшін рахмет айтқымыз келеді. Сендердің бір-біріңе деген құштарлық сезімдерің, үйлесімді болмыс-бітімдерің үшін.

Махаббат туралы жыр-хикаялардың бәрі екі адам қосылғанға дейінгі уақытқа көп көңіл бөледі. Ал ең негізгісі әрі қарайғы өмір ғой... Сендердің махаббаттарыңның бүгінге дейінгі өмірі сол басталған сәттегідей екеніне қуанамыз және Сендер үшін мақтанамыз!

Біздің өміріміз өте асығып, ағызып өтіп бара жатқан секілді.

Өмірде барлығы да өзгереді деседі. Бірақ Сендердің бір-бірлеріңе деген махаббаттарың біз үшін ешқашан өзгермейді. Өйткені махаббат шарасыздықтан да, үмітсіздіктен де кемімейді, ескірмейді, қаншама осал, орындалуы қиын болса да, ол – шексіз.

Өмір бойы Сендер бір-біріңді түсінуден қалған емессіңдер. Өйткені Сендер өмірге бірбірлеріңнің көздеріңмен қарайсыңдар. Махаббаттың құдіреті де сол болса керек. Адамдар бірбіріне деген махаббатын дәлелдеу үшін ғана мына өмірде жүр.

Махаббатты басқа пәндәуи сезімдерге айырбастай салатын, махаббатқа емес, ақыл мен айлаға, залымдыққа, зұлымдыққа, күшке, дүниеге сенетін Ортадан дос таба алмай, жалғыздық жанымызды қинағанда біз балалық кездегі, жастық кездегі таза, мөлдір, риясыз, уайымсыз махаббатымызды аңсаймыз. Сол шақты есімізге ойша түсіргенімізде есімізге алдымен Сендер, сендердің махаббаттарың түседі. Сөйтеміз де жанымыз жадырап, жаймашуақтанамыз.

Тағы да айтарымыз – сендерге рахмет. Бар болғандарың үшін. Құдайым Сендерге бірбіріңді жақсы көру бақытын сыйлағаны үшін.

Махаббат бізді аспанға шығаруы да, жерге тығып жіберуі де мүмкін, бірақ бұрынғы орнымызда қалдырмайды. Махаббатты кері қайтарып жібере алмайсың, өйткені ол – біздің тұрмысымыздың тамағы. Одан бас тартсақ – жемістен қайысқан өмір ағашының жемісін қолымыз жетіп тұрса да, үзіп алуға батылымыз жетпей құр қарап отырып аштан өлеміз.

Платон бойынша, еркек пен әйел әуел бастан бүгінгідей болып жаралмаған, олар екеуінің бастары екі жаққа қарап тұрған тұтас бір денеде еді. Бір кеуде, бір мойын, бірақ төрт қол мен төрт аяқтары бар, яғни, арқалары жабысып қалғандай кейіпте болған.

Зевс ол пенделердің күштерін қалай кемітуді ойлап, оларды найзағайдың соққысымен ортасынан қақ бөлген. Содан бері екіге бөлінген сол адамдар өзінің баяғы жартысын ылғи да іздеумен жүреді екен. Біреулер өзінің екінші жартысын табады, біреулер таба алмайды. Тапқандар

– бақытты, олар – махаббат иелері! Солардың бір жұбы – Сендерсіңдер! Таппағандар әйтеуір ағысқа ілесумен өмірін өткізеді екен.

54

Өмірде ниеттес адамдар ғана бір-біріне жолығады... Өмірде көзқарасы бірдей адамдар бірбіріне жолықса бақытты болады.

Өмір сүре білудің белгілі бір канондары жоқ. Барлығымыздың да өмірімізде келіспей қалу, ақшаны жеткізе алмау, қызғану, қиындыққа төзімділіктің жетпеуі секілді жәйттар кездеспей қалмайды. Сондай сәттерде жап-жақсы жалғасып жатқан үйлесімді бұзбай, бақытты сәттерді жалғастыра түсу – махаббаттың белгісі. Бұл мінезді Сендердің бойларыңнан танып, тапқанымызға куәміз және оған сүйсінеміз. Махаббат жолында пенде тірлікке бағыну мен ессіздіктен биік болғандарың үшін. Махаббатты үйлесім ғана емдейтінін біздерге көрсеткендерің үшін.

Осылай сүю мүмкін екенін, сол мектептен алдымен өткен Сендерден үйрендік. Сүйетінін айта бергісі келуді, қанша айтса да жеткізе алмайтын секілденуді.

Абайша айтқанда, дүниеде жүргенде тууымыз, өсуіміз, тоюымыз, ашығуымыз, қайғымыз, қазамыз, дене бітіміміз, шыққан жеріміз, бармақ жеріміз – бәрі бірдей; екі дүниенің қайғысына, пәлесіне қаупіміз, екі дүниенің жақсылығына рахатымыз – бәрі бірдей екен. Бірімізге біріміз қонақ екенбіз, өзіміз де дүниеге қонақ екенбіз, біреудің білгендігіне білместігін таластырып, біреудің бағына, малына күндестік қылып, я көрсеқызарлық қылмай өмір кешіп келе жатқанымызға, бірбірімізге деген достық сезімімізге қылау түспегеніне разымыз!

Достар! Біз Сендердің тойларыңдағы барлық қатысушыларға, біздердің аға-інілерімізге, жеңге-келіндерімізге, барлық бауырларға махаббат деп аталатын жалғыз шындықты іздеуден жалықпаңыздар, соның заңдарымен келісімде өмір сүріңіздер деп тілер едік.

Бүгінгі күн біреулер үшін күнкөріс уайымы, біреулерге дүниеге құлдық ұра түсу, біреулер мансаптың буына мәз, біреулер билікшінің шалғайынан пана іздеумен жүр. Әрқайсысының проблемасы әр түрлі, ортақ нәрсе кеміді, шынымен биік өреге ұмтылып жүргендер азайды. Сонда да махаббатпен өмір сүруден жалықпайықшы, бойларыңыз Аллаға деген, жұбайға деген, туысқа деген, серіктеске деген махаббатқа толы болсыншы деп тілегіміз келеді.

Жаратқаннан көп сұрап, көп алудың өзі қажетсіз, ертең қайтаруы оңай болмайды. Осы күнімізге, осы қалпымызға шүкіршілік етейік.

Бүгінгі бағымызға көз тимесін! Той тойға ұласа берсін!

* * *

Әр еркекке оған толығымен сенетiн, өмiрдiң ыстық-суығына онымен бiрге көнуге дайын әйел керек. Әйел ешқашан күйеуiне «жолы болмайтын адамсың» деп айтпауы тиiс. Оның басшылары оның барлық iскерлiк кемшiлiктерiн құр жiбермейдi, бiрақ үйде оларды ауызға алуға болмайды. Күйеуiне: «Сен ешқашан ештеңеге қол жеткiзе алмайсың» дейтiн әйел оны ақыр соңында сәтсiздiкке ұшыратады және керiсiнше, бiр ауыз жылы сөз iстiң жайына күйеуiңiздiң көзiн ашып, оған жiгер бередi. Генри Фордтан екiншi өмiрiңiзде кiм болып туғыңыз келер едi деп сұрағанда, ол: «Маған бәрiбiр, әйтеуiр әйелiммен қайта кездессем болғаны» дептi.

миссис Дейл Карнеги.

* * *

Ар-намысың – мың куәң.

Квинтиллиан.

* * *

Әйел жақсы киiнсе, өзiн сұлу санар.

Стендаль.

* * *

Ұятың мақұлдамаған нәрсенiң бәрiнен сақтан.

Толстой.

* * *

Гомер:

...Әйелді үнсіздік әсемдей түседі.

55

...Әсемдік ұзақ тұрмайды.

* * *

Клеобул:

...Қыздарыңды жасы жағынан қыз кезiнде, ақылы жағынан әйел дәрежесiне жеткiзiп ұзатыңдар.

...Бөтен адамдардың көзiнше әйелiңмен аймаласпа және ұрыспа: бiрiншiсi – топастықтың белгiсi, екiншiсi – құтыру.

* * *

Әйел еркекпен жақындасқан соң қашан тазарады? Ол өз ерiмен жақындасса – бiрден тазарады, өзгемен жақындасса ешқашан тазармайды.

Пифагор.

* * *

Сократ:

...Үйленсең де, үйленбесең де өкінесің.

...Беймаза әйел мен үшiн асау ат сияқты, оны бағындыру маған басқа адамдармен қарымқатынас өнерiн үйретедi.

* * *

Демокрит:

...Өте ұят қылық жасап жүргендердің сөзінде мін болмайтындары кездеседі.

...Өз құмарлықтарын жеңе білетіндер де жауын жеңгендер секілді ержүректер қатарына жатады.

...Тамақ ішуде және махаббат ләззатында шаманы білмейтіндердің рахаты ұзаққа бармайды.

* * *

Жақсы көргенiң үшiн алғыс сезiмiн аямайтын әйелге күлiп қара.

Антисфен.

* * *

Плутарх:

...Ері аймаласқысы келгенде қабақ шытатын әйел мен ері бір шаруамен айналысып жатқанда ойнап-күлгісі келетін әйелді алып қарасақ: біріншісі – ерін жек көретін әйел, екіншісі – еріне енжар әйел.

...Ерінің достарынан өзге достары бар әйел – нашар әйел.

...Ерінің көңілін өзіне барынша аударып алуды ойлаған әйел төркінінің мықтылығына, өзімен келген жасаудың молдығына, түрінің әсемдігіне емес, күнделікті, беріле, қуанышпен және көңілі қалап жасаған қызметіне, сыпайылығына, көнбістігіне сенсін.

...Геродоттың: «Әйел өзінің киімін шешумен бірге ұятын да жоғалтады» дегені жөн емес, қайта әйел өз ерінің алдында киімін шешу арқылы ұятқа енеді, мұндай ұят қаншалықты көп болса, махаббаттың соншалықты берік болғаны.

56

...Жаңа үйленген кезде ұрыс-керіске әдеттенбеген жөн: сынған көзені қайта жапсыра сала қозғасаң, қайтадан қирайды, ал біраз уақыт өткен соң тисең берік болып қалғанын көресің.

...Өзі адал ердің әйелі өзгелерге әуестенбейді.

* * *

Жас кезіңде көңіл қалауыңды шекте, қартайған соң өзіңді жөндей алмайсың.

Птолемей.

* * *

Публий Теренций:

...Әйел әйелді, еркек еркекті тезірек түсінеді.

...Махаббат адамды танымастай өзгертіп жібереді.

* * *

Сүйген адам сүйіктісінің кемшілігін байқамайды.

Гораций.

* * *

Публилий Сир:

...Махаббатта сағыныш пен қуаныш бәсекеге түседі.

...Сүйіп әрі саналы қалыпты сақтап қалу қиын болар.

* * *

Адам үшін ең ұлы қуаныш – сүйікті болу, ал сүйе білу – одан да зор қуаныш.

Кіші Плиний.

* * *

Овидий:

...Кез-келген әйелді көндіруге болады, бірақ саған көнген әйел сенен жасырақ, әдемірек, ауқаттырақ жігіт кездессе, оған да көне кеткенде таңырқама.

...Сұлулар, сіздер топқа көбірек араласыңыздар, үйден жиі шығыңыздар, оған себеп болмаса да. Бір қойды ұстау үшін қасқыр бірнеше қойға ұмтылады, қаршыға да солай, бірнеше құсқа шабуыл жасайды. Сонда олардың біреуі тезірек қолға түседі. Сондықтан сіз де жанкүйерлердің көп болуына әрекет жасаңыз. Қайда да кездейсоқ сәт шешуші роль атқарады, сондықтан қашан да қармағыңды оңтайлы ұста: балық тереңде де, таяз суда да болады.

...Ешуақытта әйелге кемшілігін ашық айта көрме…

...Рұқсат етілмегендіктен күнә жасамайтын әйел күнәһар.

...Қызғаныш ең берік, ең күшті махаббаттың да сорына жетеді.

...Күйіп-жанған махаббат та тәтті ас секілді күндер өте шекеге тие бастауы мүмкін.

...Еркегі өзінен де жеңілтек болған әйел не етер екен?

...Сүйікті болу үшін сүйе біл.

...Алтынды отпен, әйелді – алтынмен, еркекті әйелмен тексереді.

57

Өмір сабақтары

Бақыт деген не? Ол көзбен көріп, қолмен ұстап, дәмін татып, иісін біліп немесе құлақпен естіп-білетін нәрсе ме, әлде оны жүрекпен ғана сезе ме?

Адамның «бұл менің қасіретім...» деп жүргені – бақыты, ал «менің бар бақытым – осы» дегені қасіреті емес пе екен?!

Біреу өмірде керегін артығымен алды, көңіл көтерді, сұлу құшып биік салтанат, игілік, яғни, тыйым жетпеген рахатты көрді. Осының бәрін дұрыстап ойланып, бақыт деп емес, қасірет деп танитын кісілер бар. Себебі бұл түптеп келгенде, инстинкттің құлы болу. Әйелдің құшағы нәпсіні ғана қанағаттандырады. Ол мақтасаң ғана, сыйлық сыйласаң ғана жаныңнан табылады.

Ғашықтық та толық бақыт емес. Ғашықтар қосылады, ғашық жүректің аптығы басылады, бірін-бірі танып болғаннан кейін ықыластары кемиді, қауышардың алдында болған қиялы өледі. Аңсарына жетіп, құмарлары басылғаннан кейін бір-бірінің кемшіліктерін көре бастайды.

Орнықты көңіл-күйсіз, рухани бостандықсыз шын бақыт болмайды. Шын бақыт – татулық, үйлесім. Адам мен адамның, адам мен Құдайдың арасындағы үйлесім, татулық. Бұл бақыт – адамның өз күнін басқалардың жолына жұмсағанда болады. Ол бақытқа ақ ниет пен ізгі пейіл ғана апарады.

* * *

Панчатантра:

Дүниeдe жүрeктe жиналатын жан жылуы мoл, төңірeгінe шуақ шашқан махаббаттан артық eшнәрсe жoқ. Кiмнiң жүрeгi махаббатқа тoлы бoлса, басқа мінeзінe үңілмeй-ақ жақын жүругe лайық жан сoл дeп біліңіз.

* * *

Лао Цзы. Дао де цзин:

Жүректі әуестікке барынша үйір етпеу керек, тыныштықты берік сақтаған жөн, сонда барлық заттар өз-өзінен өзгере бастайды, бізге тек олардың қайта оралуын сырттай бақылау ғана қалады.

* * *

Сенека:

Егер қызық пен рахат қусаң, қасіретке ұшырайсың. Қуаныш деген әркімнің-ақ мақсаты, біреулер оны ойын-сауық пен сән-салтанаттан іздейді, тағы біреу – атаққұмарлықтан, оны қоршап ісі түсіп тұрғандардың көп болғанынан іздейді, тағы біреу – көңілдестерден, тағы бірі – ештеңеге ем болмайтын сөз өнерінен іздейді. Олар осы іздегендеріне мас болғандай алдамшы тәтті сезімде жүреді. Бірақ айнымайтын қуаныш – даналықта.

* * *

Бальтасар Грасиан:

...Өзіңе өзің ие болғаннан, өз құштарлықтарыңды бағындырғаннан артық жоғары билік жоқ. Дегенмен құштарлық бойды билеп алса, оған дәрежеге жетуге жол бермеу керек: міне, қамықпаудың оңай тәсілі, міне, ізгі даңққа апарар қысқа жол.

...Әсіреқызылдыққа ұмтылма, қажеттіден артық күш жұмсама. Құр бекерге тыраштануға болмайды. Тәжірибелі құсбегі саятқа керектіден артық сұңқар алмайды. Бойыңдағы барыңды жайып салма, ертең ешкімді таңдандыра алмайсың. Қайтадан көзге түсу үшін әрқашан бірдеңені бүгіп қал: күн сайын жаңа нәрсе көрсететін адамнан көп үміт күтеді әрі ешқашан оның қазынасының шетіне шыға алмайды.

...Орынсыз тілектерді уысында ұстайтын адам тегін емес. Парасат өзің туралы ойлануға, қазіргі жағдайыңды бағалап, оны түзеуге үйретеді. Өзіңді бағыттау үшін өзіңді таны. Тұрақсыздық құбыжықтары болады, олардың көңіл-күйлері мен құштарлықтарында бүр болмайды; өзіне ие бола алмайтын олар үнемі басын тауға да, тасқа да соғып жүреді. Мұндай өзгергіштік жігерді жасытып қана қоймай, пайымдауға әсер етеді, тілекті де, түсінікті де бұрмалайды.

58

...Көркем де әсем нәрсе көп қолданылса солғын тартады. Әуелі оны аңсайды, қолға түскен соң жалықтырады. Ештеңеге жарамсыз болу үлкен бақытсыздық, бірақ бәріне жағымды болуға ұмтылу одан кем түспейтін бақытсыздық.

...Сезім арқылы махаббат сенімге кіреді. Кейбіреу өзінің қасиеттеріне сеніп, оны жеңіп алуға ұмтылмайды, бірақ тілектестік көмектеспеген жерде қанша еңбек сіңіру керек екенін парасат қана біледі. Кіршіксіз махаббат бәрін жеңілдетеді, бәрін сыйлайды; бар қасиеттерді ғана марапаттап қоймайды, көбіне оларды өз қиялында жасап алады – айбынды, ізгілікті, ғалымдықты, тіпті ақылды ойша елестетеді; кемшіліктерді көрмейді.

* * *

Луиза Хей:

...Махаббат біздің өмірімізде күтпеген жерден пайда болады. Егер сіз махаббатты үнемі іздесеңіз, бұдан ештеңе де шықпайды. Махаббат қашан да біздің ішкі дүниемізде, ол – сырт көрініс емес.

...Махаббат бірден келсін деудің қажеті жоқ. Сіздің дайын болмауыңыз мүмкін. Немесе осы негізде рухани жеткілікті дамымағансыз. Сіздің тырнағыңызға да тұрмайтын адамдарға өзіңізді шығын қылудың қажеті жоқ. Өз ұмтылысыңыздың дәрежесін нақты анықтау керек. Сізге өмірде қандай махаббат керек? Осы қасиеттерді алдымен өзіңізде дамытыңыз, тек сонда ғана сіз өзіңіздің көңіліңіздегі адамды тартатын жағдайда боласыз. Қараңыз, сізге бұндай қарым-қатынас жасауға не бөгет? Мүмкін, басқалардың сынауы. Жан-жақты жетілмеушілік сезімі ме? Ұмтылыстың өте жоғарылығы ма? Киножұлдыздар бейнесі ме? Ашыналық қорқыныш па? Сізді ешкім сүйе алмайды деген таным ба?

...Махаббат келген кезде сүюге дайын болыңыз. Сүйіңіз – сізді де сүйетін болады. Өз ниетіңізде ашық болыңыз, сонда барлығы да жақсы болады.

...Менің болмысымның терең ортасында махаббаттың таусылмас қоры бар. Мен сол махаббаттың сыртқа шығуына мүмкіндік беремін. Ол менің жүрегімді, тәнімді, ақыл-ойымды, санамды, менің бар болмысымды толтырып тұр, менен жан-жаққа нұр шашып, одан бірнеше есе ұлғайып, өзіме қайта оралады. Мен махаббатты қаншалықты мол қабылдасам, соншалықты көп етіп қайтаруым керек, оның қоры шексіз. Махаббат маған жақсы көңіл-күй сыйлайды, ол – менің ішкі қуанышымның көрінісі. Мен өзімді жақсы көремін, сондықтан мен өзімнің тәніме махаббатпен қамқорлық жасаймын. Мен қайырымдылықпен оны жақсы дәммен және сусынмен тамақтандырамын. Мен оны махаббатпен жасандырып, киіндіремін. Тән де маған өзінің саулығы мен қуатын сыйлайды. Мен өзімді жақсы көремін, сондықтан өзіме барлық талаптарыма сай келетін, сонда тұру жақсы көңіл-күй әкелетін, қолайлы мекен-жай алдым. Мен бөлмелерді махаббат дірілімен толтырамын, ол махаббатты кірген адамдардың бәрі (соның ішінде өзім де) сезіп көңілі қош болатындай етемін.

...Біз: «Жерді айналуға мәжбүр етіп тұрған күш – махаббат» дегенді жиі естиміз. Бұл шын мәнінде солай. Махаббат – кеңістікті ұстап тұрған тетіктердің негізі. Оның ыдырап кетпей тұрғанының себепшісі де сол.

...Махаббатты ашу, жек көру, мұң секілді етіп таңдау керек. Біз МАХАББАТТЫ таңдай аламыз. Бұл таңдауды іштей бүкіл өміріміз барысында жасаймыз. Олай болса барлық таңдаулардың ішінен махаббатты таңдап алуды қазірден-ақ бастайық. Бұл – ең ұлы күш. Ем беретін күш.

...Соңғы рет қашан сүйгеніңіз және жүрегіңіздің кеудеңізге сыймай тулағаны есіңізде ме? Ол қандай тамаша сәт еді… Сіз өзіңізді өзіңіз сүйе білсеңіз де тап солай болады. Оның

59

айырмашылығы – махаббат қашан да сізбен бірге қалады. Ол – сіздің басыңыздан кешкен тамаша сезімдердің ішіндегі ең тамашасы.

...Махаббат деген өшіргіш секілді, ол – зердедегі ең жаныңды жер ауыр естеліктерді өшіруші. Оның кіре алмайтын қыртысы жоқ. Егер сіздің көз алдыңызда сізді ренжіткен көріністер тұрса және сіз кім айыпты екенін саусағыңызбен көрсете бастасаңыз, онда бір орында тоқырап тұрып қаласыз. Ол ауырсынулар сізге жабысып, қалмай қояды. Күш пен таңдау – қашан да сіздің ішіңізде. Өз көзіңізге қараңыз да махаббатты, яғни, сіздің ішіңізде өмір сүріп жатқан адамдарға деген махаббатты сезініңіз.

...Егер әке мен шеше ажырасса, онда отбасы мүшелерінің бірін бірі қолдауы аса маңызды. Егер ажырасып жатқан әке мен шеше бірін бірі жамандап жатса, бала адасады. Ата-аналар балаларға өздерінің бұл тірліктерінің оларға еш қатысы жоқ екенін түсіндіруі керек. Ешуақытта балаларға ажырасу себебіне біз кінәлі болармыз деген ой келмейтіндей болсын.

...Доктор Бернли Сигель «Махаббат, медицина және кереметтер» деген кітабындағы мына ойларды мен өте мақұлдаймын: «Көп адамдар, әсіресе, рак кеселіне ұшырағандар, бала кезінде өз қалпының өзегінде бір кемшілік барына сенеді. Осы кемшілікті білдірмей жасырып, олар сүйікті болу мүмкіншілігін сақтағысы келеді. Егер біреу-міреу оның шын бет пердесін көріп қалса, ол мәңгі бақи жалғыздық пен махаббаттың жоқтығын сезінеді. Олай ойлаған адамдар өз төңірегінде өзгелерді ізгі армандары мен терең сезімдерін бөліспейтіндей және құпияларына бойлай алмайтындай етіп қорғаныс қабатын жасап алады. Олар іштерінде бір бос кеңістік бар екенін сезінеді және осы бос кеңістігін толтырарлықтай қатынастар жасауға тырысады. Олар қайтарымына бір нәрсе алса ғана сүюге келіседі. Ал ол осы кесірлі шеңберден шыға алмайтындай ішкі ойранды одан сайын ұлғайтуға алып келеді».

...Мынадай жаттығу бар: «Мен махаббат үшін ашықпын. Махаббат – қауіпсіз» деп күніне үш рет қол жайып тілек тілеңіз. Осыдан соң айна алдына тұрып: «МЕН МАХАББАТҚА ЛАЙЫҚТЫМЫН. МЕН ЛАЙЫҚТЫ БОЛМАСАМ ДА, осылай болуын қалаймын» деңіз.

...МАХАББАТҚА ҚАЖЕТТІЛІК пен МАХАББАТҚА ШӨЛІРКЕУ бар. Бұл екеуінің айырмашылығы зор. Сіз махаббатқа шөліркеген болсаңыз онда сізге махаббат пен өзіңіз жақсы көретін және биік бағалайтын адамыңыздың мақұлдауы жетпей тұрғаны. Нәтижеде сіз өз әріптесіңізбен қарым-қатынаста өзара тәуелділікке ұрынасыз. Ол сізге де, әріптесіңізге де пайда әкелмейді.

Пауло Коэльо:

...Өз Тағдырың деген не? Бұл біздің ең ұлы мақсатымыз, ол – Жердегі бізге Жаратушының дайындап қойған жолы. Әр жолы, біз бір нәрсені қуана және рахаттана орындасақ, ол біздің Өз Тағдырымызға ергенімізді көрсетеді. Бірақ сол жолмен жүріп, өзінің ұлы арманына жетуге барлығымыздың бірдей батылдығымыз жете бермейді.

Неге барлық адамдардың көздеген мақсаттары мен армандары орындала бермейді?

Бұған төрт нәрсе кедергі болады. Біріншісі – адамдарды жастайынан орындала бермейтін нәрсені армандай бермеуді үйреткендіктен. Ол – адам арманының шолақ болып қалуына, оны орындаудың алдындағы қорқыныштың пайда болуына, содан адам өзін-өзі айыпты сезінуіне алып келеді. Сол жүк адамның еңсесін езе береді.

Егер адам бұл кедергіні жеңе қалса, сөйтіп, өз жүрегінің түкпіріндегі арманын биік қоя алса және ол мақсатын орындау жолындағы күрестен бас тартпаса, онда адамды екінші тексеру – махаббат күтіп тұрады. Адам өзінің өмірде жетемін және өз бойымнан өткізіп көремін дегені өзінің жақын жандарына қатер не қасірет әкелуі мүмкін деп түсінеді. Ол махаббаттың ешуақытта кедергі болмайтынын, оның зияны жоқтығын, қайта ол ілгері жетелейтінін түсінбеуден келіп шығады.

60