Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
Оу-дістемелік кешен, макро, 2013-2014.doc
Скачиваний:
268
Добавлен:
05.02.2016
Размер:
1.49 Mб
Скачать

Ақша нарығы

Мақсаты: ақша рөлінің және макроэкономикалық қызметтерінің мәнін ашу, ақшаға сұраныстың негізгі теорияларын талқылау, ақша ұсынысы, ақша мультипликаторы, ақша базасы сияқты мәселелерді қарастыру, Ақша нарығының тепе-теңдігін қарастыру. Ол үшін дәрістің төмендегідей сұрақтарын талқылау қажет.

Дәріс жоспары:

  1. Ақшаның макроэкономикалық мәні, қызметтері, агрегаттары.

  2. Ақшаға деген сұраныс және оның теориялары.

  3. Ақша ұсынысы және ақша мультипликаторы. Ақша нарығындағы тепе- теңдік.

Негізгі түсініктер: ақша; ақшаның қызметтері; ақша агрегаттары; атаулы пайыз мөлшерлемесі; нақты пайыз мөлшерлемесі; нақты кассалық қалдықтар; ақшаның сандық теориясы; Фишер теңдеуі; ақшаның бейтараптылығы; ақшаға деген сұраныс; ақшаға деген сұраныстың үлгілері; ақша ұсынысы; ақша нарығындағы тепе-теңдік; ақша базасы; ақша мультипликаторы; ақша ұсынысының қысқа және ұзақ мерзімдегі қисықтары; т.б.

Тақырыптың мазмұны. Ақшалар нарықтық экономикада аса маңызды элемент ретінде жұмыс істейді, ал ақша нарығы мен бағалы қағаздар қаржы нарығының құрамдас бөліктері ретінде игіліктер нарығы және еңбек нарықтарымен қатар, негізгі макроэкономикалық нарықтар болып табылады.

Ақшалар (ақша массасы) және бағалы қағаздар (ең алдымен, акциялар мен облигациялар) қоғамның қаржы активтерінің негізгі түрлері болып табылады.

Ақшаның негізгі қызметтері бар:

құн өлшеу құралы ретінде – тауарлардың бағалар түріндегі құндарын өлшеу және салыстыру үшін қызмет атқарады;

айналым құралы немесе жалпылама айырбастау құралы ретінде – айырбас кезінде делдалдық қызмет атқарады;

жинақтау (құнды сақтау) құралы ретінде – болашақта сатып алушылық қабілетті қамтамасыз ету қызметін атқарады;

төлем құралы ретінде – несиелік төлемдерді қайтару үшін қызмет атқарады;

әлемдік ақшалар ретінде – әлемдік нарыққа қызмет көрсету үшін қолданылады.

Өтімділік (ликвидтілік) деген аса маңызды макроэкономикалық категория ақшалармен тығыз байланысты, ол ақшаның ерекше қасиетін және белгісін білдіреді. Активтің немесе мүліктің барлық түрлері үшін өтімділік олардың өз құнын еш жоғалтпай ақшалай формаға тез айнала алу қабілетінің болуын сипаттайды. Өз кезегінде, ақшалар абсолютті өтімділікке ие: әртүрлі тең жағдайларда олар тауардың кез-келген түріне айырбастала алатындай қабілетке ие болып табылады.

Ақша массасы – бұл экономиканың шаруашылық айналымына қызмет көрсететін және жекелеген тұлғаларға, фирмаларға және мемлекетке тиесілі қолма-қолды және қолма-қолсыз түрдегі төлем құралдарының жиынтығы.

Ақша массасы экономикада біртекті (стандартты) болып табылмайды. Оның құрамына сатып алушылық және төлемдік құралдармен қатар, депозиттік сертификаттар, чектер, жинақтаушылық шоттар және басқа да құралдар ретіндегі компоненттер кіреді. Бұларды «квази-ақшалар» (ақша сияқты) немесе өтімділігі бар активтер деп атайды.

Бір-бірінен өтімділік дәрежелері бойынша ерекшеленетін ақша массасының құрылымдық элементтерін ақша агрегаттары деп атайды.

Ақша агрегаттарының мынадай түрлері бар:

М0 = айналыстағы қолма-қол ақшалар;

М1 = М0 + жинақ банктеріндегі, коммерциялық банктердегі халықтың және кәсіпорындардың талап етілгенге дейінгі депозиттері, халықтың және кәсіпорындардың есеп-айырысушылық және ағымдық шоттардағы қаржылары, саяхатшылардың чектері;

М2 = М1 + кіші жедел салымдар;

М3 = М2 + ірі жедел салымдар, банктердің депозиттік сертификаттары, мемлекеттік займ облигациялары.

Сонымен қатар, нарықтық экономикасы дамыған елдерде L деген агрегат та қолданылады, яғни,

L = M3 + қазыналық жинақ облигациялары, коммерциялық қағаздар, қысқа мерзімдік мемлекеттік міндеттемелер және т.б.

Макроэкономикалық талдауда М1 және М2 ақша агрегаттары аса жиі қолданылады.

Нақты ақиқат ақшалар немесе тар мағынадағы ақшалар болып макроэкономикада М1 агрегаты табылады. Ал қалған агрегаттар (М2, M3, L) «квази-ақшалар» ретінде сипатталады. Сонда M1 мен «квази-ақшалардың» қосындысы кең көлемді ақшалар деп аталады. M2 және M3 ақша агрегаттары айналым құралы ретіндегі қызметінен гөрі жинақтау құралы қызметін атқаратын қаржы активтерінің алуан түрлілігінен құралады.

Ақша агрегаттарының динамикасы нарықтағы пайыздық қойылымның деңгейіне байланысты өзгеріп отырады. Ақшаның нарығында пайыздық қойылым (атаулы және нақты) ақшаның альтернативтік құны ретінде көрінеді және жинақтарды ақшалай формада сақтауға байланысты жіберіп алған балама табысты сипаттайды.

Ақшаға деген сұранысd) – бұл тұрғындар мен фирмалардың берілген уақыт мезетінде белгілі бір төлем операцияларын жүргізу үшін нақты қаражаттар көлемін өз қолдарында ұстағысы келетінін білдіретін қалаулары; нарықтың ақша қаражаттарына деген жалпы қажеттіліктері. Бұл сұранысты сол ақшаның көмегімен әрдайым сатып алуға болатын тауарға сұраныс деп түсінуіміз қажет.

Ақшаға сұраныстың әртүрлі теориялық модельдері бар:

Ақшаға сұраныстың классикалық сандық теориясы.

Классиктер ақшаға сұранысты ақшаның сандық теориясымен түсіндіреді және ол айырбас теңдігі арқылы көрсетіледі:

MV = PY,

мұнда, М – айналыстағы ақшаның саны; V – ақша айналысының жылдамдығы; Р – бағалар деңгейі (бағалар индексі); Y – шығарылым көлемі.

Ақша айналымының жылдамдығы тұрақты деп есептелінеді. Бұл жағдайда атаулы ЖІӨ ақша массасына тура байланыста өзгеріп отырады. Классикалық теорияға сәйкес, нақты ЖІӨ баяу өзгереді. Сондықтанда, атаулы ЖІӨ-нің өзгерісі баға деңгейінің өзгерісін көрсетеді. Сөйтіп, ақша массасының өзгерісі нақты көрсеткіштерге әсер етпейді, тек атаулы көрсеткіштерге ғана әсер етеді. Бұл құбылысты «ақшаның бейтараптылығы» деп атайды.

Ақшаға сұраныстың кейнстік теориясы – өтімділікке артықшылық беру теориясы деп атайды. Осы теория бойынша адамдарды қолма-қол ақша сақтауға итермелейтін негізгі үш себеп қарастырылады:

1. Келісімдер уәжі (трансакциондық мотив), мұнда ақшаға сұраныс әрдайым тауарлар мен қызметтерді сатып алуға немесе ағымдағы мәмілелерге қажетті қолма-қол ақшаның қажеттілігі ретінде қарастырылады.

2. Сақтық уәжі (мотив), мұнда ақшаға сұраныс болашақтағы күтпеген кездейсоқ жағдайларға байланысты адамдардың қолма-қол ақшаға қажеттілігін білдіреді. Мұндай себеп әдетте, адамдарда көзделмеген төлемдерге тап болғанда пайда болады.

3. Алыпсатарлық уәжі (спекулятивтік мотив), адамдардың өз байлықтарын қаржылық активтер түрінде сақтауға тілек білдіруіне байланысты ақшаға сұраныс ретінде қарастырылады. Мұндай сұраныс кезінде ақша қаржы активтерін сату және қайта сату арқылы табыс әкеледі. Ақшаға сұраныстың бұл түрі пайыздық қойылым мен құнды қағаздар бағамына байланысты. Пайыз артқан сайын құнды қағаздардың құны төмендей береді, соған сәйкес, құнды қағаздарға сұраныс өседі. Бұл қолма-қол ақшаны азайтып, ақшаға деген сұранысты төмендетеді. Осыған байланысты, пайыздық қойылым мен ақшаға сұраныс арасындағы кері тәуелділіктің бар екенін байқауға болады.

Келісімдер уәжі мен сақтық уәжі ақшаға трансакциондық сұранысты сипаттайды, яғни қазіргі және болашақ кезеңдерде келісімдер үшін қажетті ақшаның көлемін анықтайды. Ақшаға деген трансакциондық сұраныс ең алдымен, табыс деңгейіне тәуелді, ал пайыздық қойылымға тәуелді емес. Сондықтанда, оның сұраныс қисығы тік сызық түрінде орналасады (сурет 6.1 а).

Ақшаға алыпсатарлық сұраныс пайыздық қойылымға тәуелді және оның сұраныс қисығы теріс көлбеулі болып табылады (сурет 6.1 ә).

Кейнс теориясы бойынша ақшаға жиынтық сұраныс екі өзгермелі функцияны көрсетеді:

а) табыс;

ә) пайыздық қойылым.

Md = M (Y, r)

r r

Mdт (Y) Mda (r)

0 М 0 М

а) ә)

Сурет 6.1 Ақшаға деген трансакциондық және алыпсатарлық сұраныс

Сонымен, екі теорияны қорыта келе, ақшаға деген сұранысқа әсер ететін мынадай факторларды атап көрсетуге болады:

1) табыс деңгейі;

2) пайыздық қойылым;

3) ақша айналымының жылдамдығы.

Классикалық теория ақшаға сұранысты нақты табыспен байланыстырса, кейнстік теория ақшаға сұраныстың негізгі факторы ретінде пайыздық қойылымды алға тартады.

Ақша ұсынысы (Ms) – бұл банктен тыс айналымдағы ақша көлемі. Ол қолма-қол ақшалар (С) мен экономикалық агенттердің талап еткенге дейінгі депозиттерінен (D) құралады немесе ақша ұсынысын M1 ақша агрегаты деп қарастыруға болады:

Ms = C + D.

Екінші деңгейлі банктер депозиттерінің бір бөлігін ғана резерв түрінде сақтайды, ал қалған бөлігін несиелер түрінде қарыз беру үшін және активті операциялар жүргізу үшін пайдаланады. Басқа қаржылық институттарға қарағанда, банктер ақша ұсынысын өсіре алады. Ақша ұсынысын өсіру банктік немесе несиелік (депозиттік) мультипликаторын іске қосу арқылы жүзеге асырылады. Банктік мультипликатор – екінші деңгейлі банктер жүйесі шеңберіндегі төлем құралдарының эмиссиялық үрдісі.

Қосыша ақша ұсынысының жалпы түрі жаңа депозиттің пайда болуы нәтижесінде туындайды:

Ms = 1/rr × D,

мұндағы,

rr – банктің орталық банкте сақтайтын міндетті резервтерінің нормасы;

D – алғашқы депозит түріндегі салым:

1/rr – банктік немесе депозиттік мультипликатор.

Орталық банк ең алдымен, ақша базасын реттейді. Себебі, елдегі ақша массасы ақша базасының көлеміне байланысты болады.

Ақша базасы (МВ) – банк жүйесінен тыс қолма-қол ақшалар (С) мен Орталық банкте коммерциялық банктердің міндетті түрде сақтайтын резервтерінің (R) қосындысы:

MВ = С + R.

Ақша ұсынысының жалпы үлгісіне ақша мультипликаторы да кіреді.

Ақша мультипликаторы (m) – бұл ақша ұсынысының ақша базасына қатынасын сипаттайтын сандық коэффициент:

m = Ms / МВ = Ms = m × MB.

Ақша мультипликаторы ақша базасы бір бірлікке өскенде, ақша ұсынысының қалай өзгеретіндігін көрсетеді.

Ақша мультипликторын депозиттеу коэффициенті (cr) және резервтеу нормасы (rr) арқылы да анықтауға болады:

m = Ms / МВ = C + D / C + R,

егер, екі өрнектің алымын да бөлімін де D-ға бөлсек, онда:

m = cr + 1 / cr + rr,

мұнда, cr = C / D; rr = R / D.

cr – депозиттеу коэффициенті, оның шамасы халықтың қолма-ақша мен депозитті қандай пропорцияда бөлетініне байланысты болады.

rr – Орталық банкте резерв түрінде сақталатын банктік салымдардың үлес салмағы. Оның шамасы Орталық банк тағайындаған міндетті резервтер нормасына және коммерциялық банктердің артық резервтеріне байланысты болады. Осыған орай, ақша ұсынысының формуласын төмендегідей жазуға болады:

Ms = cr + 1 / cr + rr × MB, Ms = m × MB.

Осыған байланысты, ақша ұсынысына мультипликативті түрде әсер ете алу қасиетіне ие ақша базасын тиімділігі жоғары ақшалар деп атайды.

Сонымен, елдегі ақша көлемі мына жағдайларда өседі, егер:

  • ақша базасы өссе;

  • міндетті резервтер нормасы төмендесе;

  • коммерциялық банктердің артық резервтері қысқарса;

  • халықтың жалпы қаржысындағы қолма-қол ақшалардың үлесі азайса.

Ақша нарығындағы тепе-теңдік – бұл ұсынылатын ақша көлемі және жеке тұлғалар мен кәсіпкерлер қолдарында ұстағысы келетін ақша көлемінің теңесуі. Ақша нарығындағы тепе-теңдікті Орталық банк реттейді.

Ақша ұсынысының қисығы (Мs) тік сызық түрінде болады. Бұл жерде Орталық банк ақша ұсынысын бақылау мақсатында пайыздың өзгерісіне қарамастан, оның көлемін тұрақты деңгейде сақтауға тырысады (сурет 6.2).

Ақша нарығындағы тепе-теңдік А нүктесінде R0 M0 деңгейінде орнайды. Пайыз төмендегенде облигациялардың құны төмендейді, ал ақшаға сұраныс өседі. Бұл жағдайда экономикалық агенттер құнды қағаздарын сата бастайды, нәтижесінде облигацияларға сұраныс төмендейді. Ол өз кезегінде пайыз мөлшерлемесінің өсуіне әкеледі. Сөйтіп, қайтадан тепе-теңдік орнайды.

r Ms

r0 A

r1 Md

М0 М1 М

Сурет 6.2 Ақша нарығындағы тепе-теңдік

Табыс өскенде ақшаға сұраныс өседі және ақшаға сұраныс қисығы оңға-жоғарыға жылжиды (сурет 6.3).

Ms

r

r2

Md (Y2)

r1

Md (Y1)

М0 М

Сурет 6.3 Ақшаға сұраныс қисығының жылжуы

Орталық банк ақша ұсынысын қысқартқан жағдайда ақша ұсынысының қисығы солға жылжиды, пайыз мөлшерлемесі өседі (сурет 6.4).

Ms

r

r2

r1

Md

М0 М

Сурет 6.4 Ақша ұсынысы қисығының жылжуы

Ақша нарығындағы тепе-теңдіктің ұзақ уақыт сақталуы бағалы қағаздар нарығы жақсы дамыған жағдайда ғана мүмкін болады.

Қорытынды

1. Ақшалар инфляциялық үрдістерді, циклдік толқуларды, экономиканың тепе-теңдікке жету механизмін, тауар және ақша нарықтарының тиімді жұмыс істеуін талдайтын аса маңызды макроэкономикалық категория ретінде саналады.

2. Ақшаның негізгі қызметтері бар:

құн өлшеу құралы ретінде – тауарлардың бағалар түріндегі құндарын өлшеу және салыстыру үшін қызмет атқарады;

айналым құралы немесе жалпылама айырбастау құралы ретінде – айырбас кезінде делдалдық қызмет атқарады;

жинақтау (құнды сақтау) құралы ретінде – болашақта сатып алушылық қабілетті қамтамасыз ету қызметін атқарады;

төлем құралы ретінде – несиелік төлемдерді қайтару үшін қызмет атқарады;

әлемдік ақшалар ретінде – әлемдік нарыққа қызмет көрсету үшін қолданылады.

3. Ақшаның бағасы ақша нарығында ақшаға сұраныс пен ақша ұсынысының нәтижесінде қалыптасады. Ақшаға деген сұраныс (Мd) – тұрғындар мен фирмалардың берілген уақыт мезетінде белгілі бір төлем операцияларын жүргізу үшін нақты қара-жаттар көлемін өз қолдарында ұстағысы келетінін білдіретін қалаулары; нарықтың ақша қаражаттарына деген жалпы қажеттіліктері.

4. Ақша ұсынысы (MS) – бұл банктен тыс айналымдағы ақша көлемі. Ол қолма-қол ақшалар (С) мен экономикалық агенттердің талап еткенге дейінгі депозиттерінен (D) құралады немесе ақша ұсынысын M1 ақша агрегаты деп қарастыруға болады.

5. Ақша нарығындағы тепе-теңдік – бұл ұсынылатын ақша көлемі және жеке тұлғалар мен кәсіпкерлер қолдарында ұстағысы келетін ақша көлемінің теңесуі. Ақша нарығындағы тепе-теңдікті Орталық банк реттейді.

Дәріске арналған әдістемелік кеңестер:

1. Тақырыпты оқу барысында студент мыналарға міндетті түрде назар аударуы керек:

  • ақша нарығының макроэкономикалық шеңбер айналымы үлгісіндегі орны мен рөлі туралы;

  • ақша нарығындағы сұраныс пен ұсыныстың ерекшеліктері туралы;

  • ақша нарығын талдаудың әртүрлі бағыттары туралы;

  • бағалы қағаздар нарығының түрлері туралы.

2. Студентке мыналарды білу қажет:

  • ақша массасының құрылымын анықтау;

  • ақша агрегаттарын есептеу;

  • ақша мультипликаторын және банктік мультипликаторды есептеу;

  • тақырыпқа қатысты негізгі мәселелерді графикпен түсіндіре білу.

3. Студент мынадай қабілеттіліктерге ие болуы қажет:

  • елдегі ақша нарығының жағдайын талдау және ақша нарығының елдің макроэкономикалық жағдайына әсерін анықтау;

  • бағалы қағаздардың құндылығы мен табыстылығын есептеу;

  • елдегі бағалы қағаздар нарығының жағдайын талдау.

4. Негізгі әдебиеттер тізіміндегі оқулықтарды зерттеу арқылы тақырыпты меңгеру және бекіту қажет.

7-тақырып. Мәселелі дәріс