Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
Оу-дістемелік кешен, макро, 2013-2014.doc
Скачиваний:
268
Добавлен:
05.02.2016
Размер:
1.49 Mб
Скачать

Игіліктер нарығы. Кейнсшілдік макроэкономикалық теорияның негізі

Мақсаты: макроэкономикалық тепе-теңдікке жетудегі классикалық және кейнстік бағыттарды талдау, кейнстік төңкерістің мәнін ашып оның теориясына кеңінен тоқталу, «Кейнс кресі» үлгісін қарастыру, Кейнс кресі мен AD-AS үлгілерінің өзара байланысын түсіндіру, мультипликатор теориясын толық сипаттау. Осы мақсаттарға жету үшін төмендегі сұрақтарды алға тартамыз.

Дәріс жоспары:

  1. Классикалық үлгідегі макроэкономикалық тепе-теңдік.

  2. Кейнстік төңкеріс. Кейнсшілдік макроэкономикалық тепе-теңдік.

  3. Тұтыну мен жинақтау функциясы. Инвестициялар және олардың түрлері.

  4. Нақты және жоспарланған шығындар. «Кейнс кресі» үлгісі.

  5. Автономды шығындар мультипликаторы. Рецессиялық және инфляциялық үзілістер. Үнемділік оғаштылығы.

Негізгі түсініктер: Сэй заңдары; классикалық дихотомия; Кейнстің психологиялық заңы; «тиімді сұраныс»; тұтыну функциясы; тұтынуға деген орташа бейімділік (АРС); тұтынуға деген шекті бейімділік (МРС); тұтыну функциясының қозғалыстары; жоспарланған шығындар; автономды шығындар; жинақтау функциясы; жинақтауға деген орташа бейімділік (АРS); жинақтауға деген шекті бейімділік (МРS); автономды көрсеткіштер; мультипликатор әсері; автономды шығындар мультипликаторы; индуцирлі көрсеткіштер; таза экспорт функциясы; толық мультипликатор; импорттауға деген шекті бейімділік; Кейнс кресі; рецессиялық үзілістер; инфляциялық үзілістер; инвестиция функциясы; инвестициялауға деген шекті бейімділік; үнемділік оғаштығы (парадокс); т.б.

Тақырыптың мазмұны. 1936 жылы ағылшын экономисі Дж. Кейнс «Жұмыспен қамтудың, ақшаның және пайыздың жалпы теориясы» деген әйгілі еңбегінде өзінің жаңа макроэкономикалық идеяларын ұсынды. Ол Сэй заңына келіспеушілік білдіріп былай деді: кейбір уақытта адамдар өздерінің тапқан табыстарының барлығын нарықтағы тауарлар мен қызметтерге толық жұмсамауы мүмкін, олай болса, дүкен сүрелерінде, қоймаларда сатылмай қалған тауар қорлары пайда болады. Соған байланысты өндірушілер өндірісті қысқартуға мәжбүр болады, нәтижесінде экономика құлдырай бастайды. Кейнс нарықтық экономикада толық жұмысбастылық жағдайында өнім өндіруге кепілдік беретін механизмнің болмайтындығы туралы нақты қорытындыға келеді. Экономикалық тепе-теңдік жұмыспен толық қамтылмаған жағдайда және экономикада дағдарыс байқалған кезде де орын алуы мүмкін. Сонымен қатар, Кейнс классиктердің өндірісті және жұмысбастылықты автоматты реттейтін икемді бағалар идеясын да қатты сынға алды. Ол жиынтық сұраныс қысқарғанда тауарға бағаның төмендейтінін жоққа шығармады. Бірақ бұл жағдай өнім көлемін әлеуетті деңгейге әкеледі дегенмен келіспеді. Нарықтық экономика тек жетілген бәсекеге негізделе бермейді. Еңбек нарығындағы кәсіподақтардың монополистік үстемдік жүргізуі кәсіпкерлерге тепе-теңдік орнатуға қажетті деңгейге дейін жалақыны төмендетуге мүмкіндік бермейді. Олигополистер де басқа да ресурстардың (көмір, мұнай, болат, т.б.) иелері ретінде бағаның төмендеу жағына деген икемділгін қаламайды.

Кейнс өзінің пайымдауларында Сэй заңындағы жиынтық сұраныс пен жиынтық ұсыныс арасындағы себеп-салдарлық байланыстың бағытын өзгертті, нақтырақ айтқанда: «жиынтық сұраныс жиынтық ұсынысты тудырады». Оның мағынасы: «сұранысы бар тауарларды өндіру қажет». Сондықтанда, Кейнс теориясы «тиімді сұраныс теориясы» деп аталады.

Классикалық теория екі негізгі алғышартқа сүйенеді. Біріншіден, жиынтық шығындар деңгейі Y = C+I+G+Xn толық жұмыспен қамту кезінде өндірілген өнімдерді сатып алуға жетпейтіндей жағдай орын алмайды деп болжайды, яғни жиынтық сұраныс пен жиынтық ұсыныстың бір-біріне тең болмау (AD ≠ AS) жағдайының орын алуы мүмкін емес. Екіншіден, егер мұндай жағдай орын ала қалса, онда бағалар, жалақы көрсеткіштері және пайыздық қойылым дереу өзгереді, жиынтық сұраныстың төмендеуімен қатар өндірістің құлдырауы жылдам өтеді, әрі аса маңызды болмайды, яғни жағдай икемді көрсеткіштер арқылы тез арада қалпына келе бастайды. Ал ақша нарығы инвестициялар мен жинақтардың теңдігіне және ресурстардың толық қамтылуына әрқашанда кепілдеме беріп отырады. Тек табиғи деңгейімен бара-бар «еркін» жұмыссыздық орын алуы мүмкін, бірақ ол да икемді жалақылар арқылы жылдам реттеліп отырады. Бұл жиынтық сұраныс AD пен жиынтық ұсыныстың AS тепе-теңдік нүктесінде өндірістің нақты көлемі Y0 әрқашанда потенциалды деңгейіне Y* тең дегенді білдіреді.

Кейнстік теория мұндай өзін-өзі реттеу механизмінің орын алуын жоққа шығаратындығы жөнінде жоғарыда айтқанбыз. Ұлы депрессия кезеңінде алынған эмпирикалық мәліметтер негізінде Кейнс реттелмейтін экономикада толық жұмысбастылықтың орын алмайтындығын, тіпті болса да оның тек кездейсоқ жағдайларда ғана орын алатындығын дәлелдей алды. Жиынтық сұраныс пен жиынтық ұсыныстың теңесуі (сурет 4.1) әдетте, ресурстардың толық қамтылуы деңгейімен сәйкес келмейді: А нүктесінде AD = AS теңдігі орындалады, бірақ өндірістің нақты көлемі потенциалды деңгейінен кіші болып табылады Y0 < Y*.

P

AS

A

P0

AD

Y0 ≠ Y* Y

Сурет 4.1 Өндірістің нақты көлемінің потенциалды деңгейімен сәйкес келмеуі

Кейнс өзінің зерттеулерінде психологиялық факторларға (бейімділік, қалаушылық, күтушілік, ұмтылыс) көп мән бере отырып, мұндай сәйкес келмеушіліктің себептерін әртүрлі экономикалық агенттердің әртүрлі мотивтер мен әсер ететін алуан түрлі факторларға байланысты жүзеге асыратын өздерінің инвестициялар және жинақтау бойынша жоспарларының сәйкес келмеуімен түсіндіреді.

Үй шаруашылықтарының жинақтау себептері:

1) қымбат тұратын заттарды сатып алуы;

2) кәрілікті қамтамасыз ету;

3) күтпеген жағдайлардан (ауру-сырқаттан, кездейсоқ жағдайлардан және басқа да оқыс оқиғалардан) өздерін сақтандыру;

4) балаларын болашақта қамтамасыз ету.

Фирмалардың инвестициялау себептері:

1) таза пайда мөлшерін максималдау;

2) нақты пайыздық қойылым, яғни инвестициялау үшін салынатын ақшалай капиталдың төлемі инвестиция жоспарларын құру кезінде есепке алынады.

Классикалық теорияға сәйкес, инвестициялар мен жинақтардың қарқынын анықтайтын негізгі фактор болып пайыздық қойылым табылады: егер бұл көрсеткіш өссе, онда үй шаруашылықтары салыстырмалы түрде көбірек жинақтай бастайды және тұтынуға жұмсайтын табысының әрбір қосымша бірлігін төмендете береді. Үй шаруашылықтарының жинақтауды арттыруы уақыт өте келе несие бағасының төмендетеді, ал бұл өз кезегінде инвестициялардың өсуіне жол береді, яғни фирмалар төменгі пайызбен инвестицияларды көбірек жүзеге асыра бастайды.

Кейнстік теорияға сәйкес, тұтыну мен жинақтаудың қарқынын анықтайтын негізгі фактор ретінде пайыздық қойылым емес, үй шаруашылықтарының қолда бар табыстары қарастырылады. Бұл жерде барлық тұтынушылық шығындарды жүзеге асырып болғаннан кейін қалған табыстың бөлігі жинақталады. Пайыздық қойылым екінші орынға ығысады, оның рөлі тұтыну мен жинаққа қолда бар табыстың әсер етуімен салыстырғанда аса маңызды емес. Дегенмен, сол уақытта инвестицияның қарқыны ең алдымен, пайыздың деңгейімен анықталады, соған байланысты тұтыну, жинақтау және инвестиция функцияларында көрініс табады.

Кейнстің қарапайым тұтыну функциясы:

C = C (Y - T),

мұнда, С – тұтыну шығындары, Y – табыс, Т – салықтар.

Жоғарыда атап өткендей, Кейнстік теорияның классикалық мектеп өкілдерінен айырмашылығы, оның ойынша адамдар өз табыстарын тұтыну мен жинаққа бөлгенде пайыздық қойылымға емес, психологиялық факторларды басшылыққа алады. Кейнс өзінің тұтыну теориясына сәйкес, адамдардың мінез-құлқын сипаттайтын негізгі психологиялық заңды ашты.

Кейнстің негізгі психологиялық заңы: «табыс өскен сайын тұтынушылар тұтынуды арттырады, бірақ тұтынудың артуы табыстың өсуіне қарағанда кем артады, яғни тұтынудың өсуі табыстың өсу көлеміндей болмайды». Адамдардың табысы артқан сайын тұтынуға деген бейімділік төмендей береді және керісінше жинақтауға деген бейімділік арта түседі. Тұтыну мен жинақтау функцияларының графигі 4.2-суретте көрсетілген.

Психологиялық фактор тұтыну мен жинақтауға бейімділіктің түрлерін анықтайды.

Тұтынуға деген шекті бейімділік (MPC – marginal propencity to consume) – қолда бар табыстың кез-келген өзгерісінде тауарлар мен қызметтерге жұмсалатын шығындар өсімінің пайыздық үлесі.

MPC = ΔC / ΔYd,

мұнда МРС – тұтынуға деген шекті бейімділік; ΔC – тұтыну шығындарының өсімі; ΔYd – қолда бар табыстың өсімі.

Тұтынуға деген орташа бейімділік (АPC – average propencity to consume) – үй шаруашылықтарының тауарлар мен қызметтерді сатып алуға жұмсайтын қолда бар табыстарының бөлігі.

АPC = C / Yd,

мұнда АРС – тұтынуға деген орташа бейімділік; C – тұтыну шығындарының мөлшері; Yd – қолда бар табыстың мөлшері.

Жинақтауға деген шекті бейімділік (MPS – marginal propencity to save) – қолда бар табыстың кез-келген өзгерісінде жинақ өсімінің пайыздық үлесі.

MPS = ΔS / ΔYd,

мұнда МРS – жинақтауға деген шекті бейімділік; ΔS – жинақтың өсімі; ΔYd – қолда бар табыстың өсімі.

Жинақтауға деген орташа бейімділік (АPS – average propencity to save) – үй шаруашылықтарының жинақтауға қалдыратын қолда бар табыстарының бөлігі.

АPS = S / Yd,

мұнда АРS – жинақтауға деген орташа бейімділік; S – жинақ мөлшері; Yd – қолда бар табыстың мөлшері.

Тұтынуға шекті бейімділік пен жинақтауға шекті бейімділік қолда бар табыстың қосымша бірлігінің қаншасы тұтынуға жұмсалатынын және қаншасы жинақтауға кететінін көрсетеді. Сондықтанда, олардың қосындысы әрқашанда 1-ге тең болады:

MPC + MPS = 1

Тұтыну мен жинақтау функциялары оң көлбеулі болып табылады. Егер қолда бар табыс пен тұтыну шығындары тең болса, онда тұтынудың қисығы координат басынан 45° градуста болады. Алайда, шын мәнінде табыстың бір бөлігінің жинақтауға кететіндігі белгілі, сол себепті тұтынудың нақты қисығы одан төмен орналасады.

Тұтыну мен жинақтау бір табыстың екі бөлігін құрайтындықтан жинақтау қисығы тұтыну қисығының «айнадағы көрінісі» ретінде қарастыруға болады. Тіпті бұл жерде атақты экономист П. Самуэльсонның аналогиясын келтірген өте орынды, яғни ол тұтыну мен жинақты «сиам егіздері» деп атаған. Қолдағы табыс Y0-ден төмен болғанда (Е нүктесінің сол жағы) тұтыну шығындары қолдағы табыстан артады. Төменгі графикте бұл жағдай «теріс жинақтауға» сәйкес келеді, бұл жағдай «адамдар қарызға өмір сүріп жатыр» дегенді білдіреді. Е нүктесінде тұтыну мен табыс теңеседі, ал жинақ нөлге тең болады.

Ал қолдағы табыс Y0-ден жоғары болғанда (Е нүктесінің оң жағы) тұтыну шығындары табыс көлемінен аз болады. Бұл жағдайда енді адамдар қарызға өмір сүру мәселесінен құтылып артылған табыстарының бір бөлігін жинақтай бастауға мүмкіндік алады.

C С=Y

С

E

C0

0 Y0 Y

S

S

+ E

0 - Y0 Y

Сурет 4.2 Тұтыну мен жинақтау функциясы

Тұтыну мен жинақтауға әсер ететін негізгі фактор – қолда бар табыс. Қолда бар табыс деңгейі өзгергенде тұтыну мен жинақтау өзгерістері С мен S қисықтарының бойында жүріп отырады.

Енді Кейнстің қарапайым тұтыну функциясы былай өрнектеледі:

C = a + b (Y – T),

мұнда, а – автономды тұтыну (табысқа байланысты емес тұтыну); в – тұтынуға деген шекті бейімділік.

Жинақтау функциясы:

S = - a + (1 - b) (Y – T),

мұнда, S – жеке сектордың жинақтары, 1-b – жинақтауға шекті бейімділік.

Сонымен, біз тұтыну функциясына сәйкес, тұтынудың екі түрін ажыратамыз: табысқа байланысты тұтыну және табысқа байланысты емес автономды (тәуелсіз) тұтыну.

Дегенмен, Кейнстің бұл теориясы 1942 жылы 1929-1941 жылдардағы статистикалық деректермен сыналды. Осы мәліметтер негізінде алынған Кейнстің тұтыну функциясы былайша көрініс тапты:

C = 47,6 + 0,73 (Y-T).

Ғалымдардың зерттеулері бойынша бұл өрнек тек қысқа мерзімге сәйкес келеді.

Ал 1946 жылы американдық экономист Саймон Кузнец 1869-1940 жылдардағы деректерді зерттей келе, мынадай қорытындыға келеді: ұзақ мерзімді кезеңде табыс өскен сайын тұтынуға орташа бейімділік тұрақты болып қалады. Бұл жаңалық ұзақ жылдар бойы басқа зерттеушілер үшін жұмбақ ретінде қалып, Кузнецтің жұмбағы деген атпен ғылымға енді.

Макроэкономикада, инвестициялар – бұл пайда табу мақсатында жеке және мемлекеттік сектор капиталдарының ұлттық экономикаға немесе шетел экономикасының әртүрлі салаларына ұзақ уақытқа салынуы.

Инвестицияның негізгі үш түрін бөліп көрсетуге болады:

1. Өндірістік инвестициялар (ғимараттар, құрал-жабдықтар, машиналар, т.б. түріндегі негізгі капиталға салынатын инвестициялар).

2. Тауарлы-материалдық қорларға инвестициялар (шикізаттар, отын-материалдар, аяқталмаған өндіріс, дайын өнімдер, т.б.)