Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
6-Дріс кешені Е.doc
Скачиваний:
69
Добавлен:
05.02.2016
Размер:
804.35 Кб
Скачать

Тақырыптың атауы: Есеп саясаты туралы ақпарат және түсініктеме жазба

№15 лекция мазмұны:

Есеп саясаты туралы ақпарат және түсініктеме жазба мәні мен мазмұны.

1- «Қаржы есептілігін ұсыну» және 8 «Есеп саясаты, есепшілік бағалаулардағы өзгерістер және қателіктер» IAS Халықаралық қаржы есептілігінің стандарттарына сәйкес мекеме өзі өзінің есеп саясатын жасайды. Есеп саясаты- бұл мекеме қаржы есептілігін дайындау және ұсыну үшін қолданатын нақты қағидаттар, негіздер келісімдер, ережелер және практика.

Мекеменің қабылдайтын есеп саясатының мақсаты мекеменің жүргізген операциялары мен оқиғалары туралы ең толық, әділ және дұрыс ақпараттар алу болып танылады. Бұл ақпараттар мекеменің иелеріне және меншік иелеріне, мемлекетке, банкке, салық органына және мекеменің шаруашылық байланыстағы және басқа іскерлік серіктестікке қосылуға ниет білдірген заңды және жеке тұлғаларға, барлық ішкі агентерге өте қажет.

Қазақстан Республикасының «Бухгалтерлік есеп және қаржылық есептілік туралы» Заңына сәйкес мекеменің қаржылық есептілігінің құрамына есеп саясаты туралы ақпарат кіреді. Онда мекеменің есеп саясатының негізіне алынған бухгалтерлік есепті ұйымдастырудың негізгі ережелері ашылуы керек:

  • негізгі құралдар мен материалдық емес активтердің амортизациясын және құнсыздануын есептеу тәртібі және олардың құнын өтеу тәсілдері;

  • негізгі құралдарды жөндеуді есепке алу және қаржыландыру тәртібі;

  • тауарлық-материалдық қорларды бағалау әдістері (ФИФО) және орташа алынған құн және оларды есепке алу;

  • тауарлық-материалдық қорлардың өзіндік құнына енгізілмейтін және мерзім шығындары есепті кезеңде жасалған шығындар ретінде танылған шығындарды анықтау тәсілдері және әдеттегідей енгізілетін;

  • өнімдерді сату және қызметтер көрсету бойынша шығындар;

  • әкімшілік шығындар;

  • сыйақылар бойынша шығындар;

  • тауарлық-материалдық қорларды сатудан және қызмет көрсетуден алынатын табыстарды анықтау әдісі (төлеу сәті бойынша не, жөнелту және сатып алушыға (тапсырысшыға) төлем құжаттарын төлеуге ұсынуы сәті бойынша);

  • сатып алушылар мен тапсырысшылар, жабдықтаушылар мен мердігерлермен әртүрлі дебиторлар мен қарыз (несие) берушілермен және т.б. есеп айырысу нысандары;

  • жарғылық, төленбеген және резервтік капитал, эмиссиялық табыстың қалыптасу тәртібі, резервтердің құрылуы, есепті жылдың пайдасын бөлу, дивидендтерді төлеу және т.б. тәртібі;

  • несиелік (кредит) саясаты;

  • қаржылық инвестицияларынын құнын анықтау және оларды бухгалтерлік есеп пен қаржылық есептілікті көрсету тәртібі қаржылық инвестицияларды бір категориядан басқа категорияға ауыстыру және олардың құнынын қайтарымсыз түсу тәртібі;

  • ақша қаражаттарының қозғалысын және шетелдік валютадағы операцияларды есепке алу әдістемесі, шетелдік валюталар бойынша оң және теріс бағамдық айырманы тану;

  • келешек кезеңдердің шығындарының түрлері мен өтеу мерзімін анықтау және оларды есепке алу әдісі;

  • алдағы (келешектегі) шығындар мен төлемдердің резервтерінің тізілімін (санын) анықтау тәртібі және оларды есепке алу әдістемесі;

  • бухгалтерлік есеп шоттарының жұмыс жоспарын жасау;

  • қажетті есептік тізілімдерінің тізімін таңдау, оларға жүргізілетін жазулардың дәйектілігі мен техникасын айқындау;

  • активтер және міндеттемелерді түгендеу жүргізу тәртібі мен жиілігі;

  • есепті жыл бойына есеп саясатымен қабылданған мүліктерді, операцияларды және оқиғаларды көрсету әдістемесін сақтау;

  • мекеменің құрылымына, қызмет түріне және шаруашылықты жүргізудің нақты жағдайларына қарай бухгалтерлік қызметтің ұйымдастырылу нысанын белгілеу;

  • бухгалтерлік қызметтің қызметкерлерінің бухгалтерлік есепті ұйымдастыру мен жүргізу бойынша құқықтары мен міндеттерін бөлу және белгілеу.

Атап айту керек, егер есепті жылы қабылданған есеп саясатында өзгерістер болса, онда оларды терең ашып, өзгеру негіздемелерін көрсету керек, ал қажет болған жағдайда осы өзгерістерді бағалау керек, егер олар елеулі материалдық және қаржылық зардаптар әкелсе.

Жоғарыда аталған Халықаралық қаржы есептілігінің стандарттарының талаптарына сәйкес қаржылық есептіліктің ажырамайтын құрамдық бөлігі болып, сондай-ақ түсініктеме жазба танылады. Ол қаржылық есептіліктің цифрлық деректерінің мазмұнын жақсы анықтау үшін қажетті мәліметтер беретін негізгі талдамалы құжат.Түсіндірме жазбаның басында мекемеге енетін құрамдық бөлігінің құрамын олардың шаруашылық қызметінің негізгі көрсеткіштерін сипаттаумен ашып көрсетіледі де, мекеменің қаржылық-шаруашылық қызметінің жүргізілген жағдайларын сипаттайды. Онда бизнес-жоспардың барлық оның бөлімдері мен тараулары бойынша орындалуы туралы деректер келтіріледі де, мекеменің есепті кезеңдегі шаруашылық және қаржылық нәтижелеріне оң және теріс әсер еткен негізгі себептер мен факторлар көрсетіледі. Жазбада сондай-ақ келесі жылы жеткен жетістіктерді жақсарту және айқындалған жетіспеушіліктерді жою үшін қажетті шаралар жоспары белгіленіп қояды.

Түсініктеме жазба мекеменің қаржылық есептілігі бойынша келесі негізгі мәселелерді ашуға тиіс:

1.Теңгерім (баланс) бойынша ашылуға тиіс:

А.І.Қысқа мерзімді активтер бөлімінде:

  • ақша қаражаттары олардың орналасқан жерлері бойынша (кассада, ағымдағы банктік шоттарда және т.б.);

  • қысқа мерзімді қаржылық инвестициялар теңгерімдік баланстық және ағымдағы құндары бойынша;

  • қысқа мерзімді дебиторлық берешек - төлемдер нысандары және өтеудің болжамдағы бір жылға дейін мерзімдері және дебиторлардың топтары бойынша;

  • қорлар - оларды түрлері (дайын өнім, тауарлар және т.б.) бойынша бағалау және есепке алу әдісі;

  • ағымдағы салықтық активтері бюджетке төленетін салықтар мен басқа да міндетті төлемдердің түрлері бойынша;

  • сатуға арналған ұзақ мерзімді активтер - сату ықтималдығы жоғары ретінде жіктелетін ұзақ мерзімді активтер бойынша;

  • басқа да қысқа мерзімді активтер - берілген қысқа мерзімді аванстар, алдағы кезеңдердің шығыстар және басқа да қысқа мерзімді активтер бойынша;

Б.ІІ. «Ұзақ мерзімді активтер» бөлімінде қарастырылады:

  • ұзақ мерзімді қаржылық инвестициялар - мекеменің бір жылдан асатын мерзімге берген қарыздары, өтеуге дейін ұсталатын ұзақ мерзімді қаржылық инвестициялар, сатуға арналған қолда бар ұзақ мерзімді қаржылық инвестициялар бойынша;

  • ұзақ мерзімді дебиторлық берешек - сатылған активтер мен бір жылдан асатын мерзімде көрсетілген қызметтер үшін басқа мекемелер және жеке тұлғалармен есеп айырысу бойынша;

  • үлестік қатысу әдісімен есепке алынатын инвестициялар -аталған әдіспен есепке алынатын қауымдастырылған және тәуелді мекемелерга берілетін инвестициялар бойынша;

  • инвестициялық жылжымайтын мүлік - жылжымайтын мүлікке салынатын инвестициялар, олардың амортизациясы және құнсызданудан болған шығындар бойынша;

  • негізгі құралдар - меншікті, ұзақ мерзімді жалға алынған (берілген), олардың түрлері және орналасқан жері бойынша бағалау және амортизацияны есептеу тәсілдері және т.б.;

  • биологиялық активтер - ауылшаруашылық қызметімен байланысты биологиялық активтерді (өсімдіктер, жануарлар) бастапқы таныған сәтте және теңгерімнің (баланстың) әрбір күнгі жағдайы бойынша бағалау және есепке алу әдістемесі;

  • барлау және бағалау активтері - шығыстарды барлау және бағалау активтері ретінде танумен байланысты операциялар мен осы активтердің амортизациясының және құнсыздануының сомаларын есептеу әдістері;

  • кейінгі қалдырылған салықтық активтер - корпорациялық табыс салығы бойынша кейінге қалдырылған салықтық активтер, онда мыналар шегерілетін мерзілдік айырмаға; алдағы кезеңге пайдаланылмаған салық залалдарын көтеруге; және алдағы кезеңге пайдаланылмаған салық кредиттерін көшіруге байланысты алдағы кезеңде өтелуге жататын пайдаға салынатын салықтардың сомасын есептеу және есепке алу әдістемесі;

  • басқа да ұзақ мерзімді міндеттемелер – бір жылдан асатын берілген ұзақ мерзімді аванстарды алдағы кезеңдердің шығыстарды аяқталмаған құрылысты өзге де ұзақ мерзімді активтерді есепке алу әдістемесі.

В.ІІІ. Баланстың қысқа мерзімді міндеттемелер бөлімінде ашып көрсетіледі:

  • қысқа мерзімді қаржылық міндеттемелер - мұнда бір жылға дейінгі мерзіммен алынған банктік қарыздар; осы мерзіммен банктік емес мекемелерден алынған қарыздар; жарғылық капиталда үлесі бар заңды тұлға қатысушыларына акциялар бойынша дивидендтерді және табыстарды есептеу және төлеу тәртібі; ұзақ мерзімді қаржы міндеттемелерінің ағымдағы бөлігі, мысалы, қаржылық жал, қарыздар бойынша міндеттемелер және өзге қысқа мерзімді қаржылық міндеттемелер;

  • салықтар бойынша міндеттемелер - мекеменің Салық Кодексіне сәйкес төлеуге жататын корпорациялық табыс салығы, жеке табыс салығы, қосылған құн салығы, акциздер, әлеуметтік салық, жер салығы, көлік құралдары салығы, мүлік салығы және өзге салықтарды есептеу және төлеу бойынша операциялар;

  • басқа міндетті және ерікті төлемдер бойынша міндеттемелер - Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес әлеуметтік сақтандыру бойынша міндеттемелер, зейнетақы аударымдары бойынша міндеттемелер, басқа міндетті және ерікті төлемдер бойынша міндеттемелер, мысалы, алымдар, мемлекеттік баждар, төлемдер бойынша аударымдарды есептеу және төлеу әдістері;

  • қысқа мерзімді кредиторлық берешек – мұнда бір жылға дейінгі мерзіммен жеткізушілер мен мердігерлерге, еншілес, қауымдастырылған және бірлескен ұйымдарға, филиалдарға және құрылымдық бөлімшелерге кредиторлық берешек, сондай-ақ еңбекақы төлеу, жалдау бойынша қысқа мерзімді берешек, ұзақ мерзімді кредиторлық берешектің ағымдағы бөлігі, төлеуге қысқа мерзімді сыйақылар (алынған қарыздар, берілген вексельдер, эмиссияланған бағалы қағаздар және сенімгерлік басқару шарттары бойынша төлеуге есептелген сыйақылар) және өзге қысқа мерзімді кредиторлық берешекті есептеу және төлеу бойынша мәліметтер;

  • қысқа мерзімді бағалау міндеттемелері – мұнда бір жылға дейінгі кепілдік мерзімімен іске асырылған өнімдер және көрсетілген қызметтер бойынша кепілдік міндеттемелер жөніндегі резервті және қозғалысы мен байланысты операциялар және өзге қысқа мерзімді кепілдік міндеттемелер; қарау мерзімі бір жылға дейін өтетін сот қуынулары бойынша резервті құрумен және қозғалысымен байланысты операциялар және заңды наразылықтар бойынша өзге қысқа мерзімді міндеттемелер; қызметкерлерге ақы төленетін жұмыста болмауы нысанында қысқа мерзімді сыйақылар төлеуге болжамалы шығындар және қызметкерлерге сыйақылар бойынша өзге қысқа мерзімді бағалау міндеттемелері; өзге қысқа мерзімді бағалау міндеттемелерін ашып көрсету;

  • басқа қысқа мерзімді міндеттемелер – мұнда алдағы кіші бөлімде көрсетілмеген өзге қысқа мерзімді міндеттемелер, мысалы, алынған қысқа мерзімді аванстар, алдағы кезеңдердің табыстары, сатуға арналған істен шығатын топтың міндеттемелері, өзге қысқа мерзімді міндеттемелерді ашып көрсету;

  • Г. Баланстың IV «Ұзақ мерзімді міндеттемелер» бөлімінде ашып көрсетіледі:

  • ұзақ мерзімді қаржылық міндеттемелер – мұнда бір жылдан асатын мерзіммен алынған банктік қарыздар, осы мерзіммен банктік емес мекемелерден алынатын қарыздар; аталған қарыздардан басқа ұзақ мерзімді міндеттемелерді ашып көрсету;

  • ұзақ мерзімді кредиторлық берешек – мұнда бір жылдан асатын мерзіммен жеткізушілер мен мердігерлерге, еншілес, қауымдастырылған және бірлескен ұйымдарға, филиалдар мен құрылымдық бөлімшелерге берілетін ұзақ мерзімді кредиторлық берешек, бір жылдан астам қаржылық және операциялық жалдау бойынша жалдау міндеттемелері, төлеуге арналған ұзақ мерзімді сыйақылар (мысалы, алынған қарыздар, берілген вексельдер, эмиссияланған бағалы қағаздар және сенімгерлік басқару шарттары бойынша төлеуге арналған есептелген сыйақылар) және өзге ұзақ мерзімді кредиторлық берешектерді ашып көрсету;

  • ұзақ мерзімді бағалау міндеттемелері – мұнда бір жылдан жоғары кепілдік мерзімімен іске асырылған өнім жөніндегі кепілгерлік міндеттемелер бойынша резерв құру және қозғалысын; заңды назарлық бойынша қарау мерзімі бір жылдан жоғары сот талап етулері және өзге ұзақ мерзімді бағалау міндеттемелері бойынша резерв құру және қозғалысын; қызметкерлерге ақы төленетін жұмыста болмауы нысанында қысқа мерзімді сыйақылар төлеуге болжалы шығындар, сондай-ақ, он екі ай немесе одан көп уақыттан кейін қызметкерлер тиісті қызметтер ұсынған кезең аяқталғаннан кейін төлеуге жататын пайдаға қатысуға және сыйлық төлеуге арналған болжалды шығындар және қызметкерлерге сыйақылар бойынша өзге ұзақ мерзімді бағалау міндеттемелері; аталған міндеттемелерде көрсетілмеген өзге ұзақ мерзімді бағалау міндеттемелерін ашып көрсету;

  • кейінге қалдырылған салықтық міндеттемелер – мұнда салық салынатын уақытша айырмаға байланысты болашақ кезеңдерде төлеуге жататын пайдаға салынатын корпорациялық табыс салығының сомасын есептеу және төлеу тәртібі көрсетіледі;

  • басқа ұзақ мерзімді міндеттемелер – мұнда тауарлық-материалдық қорларды жеткізу және қызметтер көрсету үшін, сондай-ақ, жеткізушілерге ішінара дайындық бойынша өндірілген өнімге ақы төлеу бойынша алынған аванстар және өзга алынған ұзақ мерзімді аванстар туралы, болашақ есепті кезеңге жататын, бірақ ағымдағы есепті кезеңде алынған табыстар туралы, аталған міндеттемелерде көрсетілмеген өзге ұзақ мерзімді міндеттемелер туралы ақпаратты ашу;

  • Д. Баланстың V «Капитал» бөлімінде ашылып көрсетіледі:

  • жарғылық капитал – мұнда акционерлік қоғам түрінде құрылған мекеменің төленген эмиссияланған қарапайым артықшылықты акцияларының жиынтық атаулы құны, сондай-ақ, серіктестік түрінде құрылған мекеменің жарғылық капиталына салымдар мен жарналар экономикалық мазмұны және есепке алу әдістемесін ашып көрсету;

  • төленбеген капитал – мұнда мекеменің жарғылық капиталына эмиссияланған акцияларды төлеу, салымдарды (мүліктік жарналарды) енгізу жөніндегі операциялар, сондай-ақ мекемелердің жарғылық капиталына эмиссияланған акцияларды төлеу жөніндегі және тұлғалар мен мекемелердің берешегі және салымдарды (мүліктік жарналарды) енгізу жөніндегі құрылтайшылардың берешегі туралы ақпараттарды ашу;

  • сатып алынған меншікті үлес аспаптар – мұнда өздерінің меншікті үлес құралдарын сатып алу кезінде мекеме келтірген шығындарды ашып көрсету;

  • эмиссиялық кіріс – мұнда шығарылған акциялар бойынша эмиссиялық табыстың (жеке меншік үлестік құралдардың құнымен оларды іске асыру кезіндегі олардың құны мен оларды іске асыру кезіндегі олардың атаулы құны арасындағы айырманың) экономикалық мазмұны және есепке алу әдістемесін көрсету;

  • резервтер – мұнда Халықаралық қаржы есептілігінің стандарттарының талаптарына сәйкес, сондай-ақ құрылтайшы құжаттарға және мекеменің есеп саясатына сәйкес белгіленген резервтік капитал, сондай-ақ капиталдың есебінде көрсетілетін негізгі құралдарды, материалдық емес активтерді, сатуға арналған қаржы активтерін, шетелдік қызмет бойынша шетел валютасын қайта бағалау және есептеуге арналған резервтердің экономикалық мазмұнын ашып көрсету;

  • бөлінбеген пайда (жабылмаған залал) - мұнда мекеменің есепті жылдың бөлінбеген пайдасы (жабылмаған залалы), сондай-ақ осы жыл ішінде түпкі қаржылық нәтижені қалыптастыру жөніндегі ақпаратты ашу және өткен жылдардың бөлінбеген пайдасын (залалын) ашып көрсету;

  • азшылық үлесі – мұнда еншілес мекеменің пайдасы мен залалының және таза активтерінің бөлігі, оның негізгі мекеме еншілес мекеме арқылы тікелей немесе жанама түрде меңгермейтін капиталдың қатысу үлесіне келетінін анықтау.

  1. Пайдалар мен залалдар туралы есеп бойынша жазылған түсініктеме жазбада келесі сұрақтар бойынша мәліметтер қарастырылады:

  • өнімдерді сатудан және қызметтер көрсетуден алынатын табыс, құралу көздері және оның өзгеруіне әсер ететін факторлар;

  • өткізілген өнімнің және көрсетілген қызметтердің өзіндік құны және оның өсуіне немесе төмендеуіне әсер ететін факторлар;

  • қаржыландырудан түсетін табыстар және олардың түсу көздерін анықтау;

  • басқа да табыстар және олардың түсу көздері;

  • өнімдерді сату және қызметтер көрсету бойынша шығыстар, әкімшілік шығыстар, қаржыландыруға арналған шығыстар және басқа да шығыстардың құралу жолдары және шығыстардың деңгейін өсіретін немесе төмендететін факторлар;

  • үлестік қатысу әдісі бойынша есепке ескерілетін мекемелер пайдасының немесе залалының үлесі;

  • қысқартылатын қызметпен байланысты табыстар мен шығыстарды айқындап көрсету;

  • корпорациялық табыс салығы бойынша шығыстарды есептеу;

  • азшылық үлесі;

  • акцияға салынатын пайда;

  • есепті жылдағы мекеменің қаржылық-шаруашылық қызметінің нәтижесіне елеулі әсерін тигізген басқа да шаруашылық операцияларын жан-жақты ашып көрсету;

3. Ақша қаражаттарының қозғалысы туралы есеп бойынша түсініктеме жазбада келесі сұрақтар қарастырылуы керек:

  • операциялық қызметтен түсетін ақша қаражаттарының қозғалысын ашу үшін мекеме қандай әдісті (тікелей немесе жанама әдісті) пайдаланады;

  • инвестициялық және қаржылық қызметтерден түсетін ақша қаражаттарының жалпы түсімдері мен төлемдерінің негізгі түрлері жеке ашылады.

  • шаруашылық қызметінің барысында нетто - негізінде ашылған ақша қаражаттарының түсімі мен пайдалануы қалай болғаны туралы;

  • ақша қаражаттарын пайдалану барысында кез келген шектеулерді ашу.

4. Капиталдағы өзгерістер туралы есеп бойынша түсініктеме жазбада келесі ақпараттар ашылуы керек:

  • кезең ішіндегі капиталдың өзінде тікелей танылған пайда немесе залал, оларға әсерін тигізген факторларды ашу;

  • енгізген капиталдың әрбір сыныбының және әрбір өзгерісті жеке ашып, кезеңнің басындағы және аяғындағы капиталдың құрамында тікелей танылатын табыстар мен шығыстардың әрбір бабының теңгерімдік (баланстық) құны арасындағы салыстырма беру;

  • мекеменің әрбір акциясының түрлері бойынша келесі мәліметтерді келтіру керек: жарияланған, шығарылған және айналыста жүрген акциялардың сомасы мен саны (жарияланған жазылған және төленген капитал) номиналды құны және орналастыру бағасы; есептелген дивидендтер; сатып алынған меншікті акциялар түрлері бойынша саны және құны;

  • капиталдың иелері жүргізілген сомалар мен дивидендтер және акцияларды шығарудан алынған сомаларға бөліп, сатып алынған акциялармен жасалатын операциялар бойынша сомалар мен үлестік құралдарды ұстаушыларға өзге де бөлулер бойынша сомаларды ашып көрсету;

  • активтерді қайта бағалаудан алынатын пайда немесе залал, ақша ағындарын хеджирлеу, шетелдік қызметтен алынатын бағам айырмалар туралы ақпараттар.

Мекеменің қаржылық – шаруашылық қызметінің негізгі көрсеткіштерін сипаттаған кезде қосымша талдамалы кестелер, түсіндірмелер, талдамалы көрсеткіштерді есептеулер жасалады да, олар мекеменің қаржылық жағдайы мен қаржылық нәтижесін талдау мен бағалаудың негізі болып табылады. Мұнда шаруашылық құралдары мен қаржыларының (активтердің) және олардың қаржыландыру көздерінің (капитал мен міндеттемелері немесе пассивтердің) келесі орналасу және пайдалану көрсеткіштері есептеледі.

  • мекеменің қарамағындағы мүліктердің (шаруашылық құралдардың жалпы құны теңгерімнің (баланстың) валютасына тең. Теңгерім (баланс) – бруттоны (жалпы салмақ) талдаған кезде бұл көрсеткіш теңгерімнің (баланстың) валютасынан реттеуші баптарды (негізгі құралдардың тозуы, материалдық емес активтердің амортизациясы және т.б.) шегеру арқылы анықталады;

  • теңгерімнің (баланстың) валютасындағы негізгі құралдардың үлесі - бұл негізгі құралдардың теңгерімдік (баланстық) құнының теңгерімдік (баланстық) валютасына қатынасы;

    • негізгі құралдардың жаңару коэффициенті - есепті кезеңде түскен негізгі құралдардың бастапқы құнының (тозуынсыз) мекеменің есепті жылдың соңындағы барлық негізгі құралдардың сомасына қатынасы ретінде есептеледі. Бұл көрсеткіш жаңа негізгі құралдардың есепті кезеңнің соңындағы теңгерімдік (баланстық) есептегі олардың жалпы сомасындағы үлес салмағын көрсетеді;

    • негізгі құралдардың есептен шығу коэффициенті- бұл есепті кезеңде шығып қалған негізгі құралдардың бастапқы құнының мекеменің есепті кезеңнің басындағы теңгерімде (баланста) есептегі барлық негізгі құралдардың бастапқы құнына қатынасы;

    • негізгі құралдардың жарамдылық коэффициенті - мекеменің негізгі құралдарының теңгерімдік (баланстық) құнын олардың бастапқы құнына бөлу арқылы анықталады;

    • негізгі құралдардың тозу коэффициенті – бұл мекеменің барлық негізгі құралдардың тозу сомасының барлық бастапқы құнына қатынасы. Бұл көрсеткіш мекеменің негізгі құралдарының тозған дәрежесін көрсетеді;

    • негізгі құралдарының активтік бөлігінің үлесі - негізгі өндірістік құралдардың (машина, құрал – жабдық, құрал- сайман, көлік құралдары, станоктар және т.б.) бастапқы құнының мекеменің барлық негізгі құралдарының бастапқы құнына қатынасы ретінде есептеледі.

Өтімділігі мен төлем қабілеттілігін бағалау:

    • тез өтімділік коэффициенті – бұл мекеменің ақша қаражаттары, дебиторлық берешек және басқа да активтер сомасының ағымдағы міндеттемелерге қатынасы; бұл көрсеткіштің оңтайлы (оптималдық) шама болып бір танылады және оның ұлғаюы мекеменің қаржылық тұрақтылығының өсу көрсеткіші болып табылады;

    • абсолюттік өтімділік коэффициенті - мекеменің ең өтімді активтер көлемінің оның ағымдағы міндеттемелеріне қатынасына тең. Ең өтімді активтер деп, теңгерімнің (баланстың) өтімділігін талдау үшін теңгерімнің (баланстың) баптарын топтастырғандай мекеменің ақша қаражаттары мен қысқа мерзімді бағалы қағаздары танылады. Абсолюттік өтімділік коэффициенті мекеменің қысқа мерзімді берешегінің қандай бөлігі таяу уақытта өтелуі мүмкін және мекеменің теңгерім (баланс) жасау күніне төлем қабілетін сипаттауын көрсетеді.

Түсініктемеде мекеменің іскерлік белсенділігіне баға беріледі, ол келесі көрсеткіштермен сипатталады:

  • активтердің оралымдылығы – бұл мекеменің өткізілген (сатылған) активтердің құнының оның активтерінің жалпы құнына қатынасы;

  • дебиторлық берешектің оралымдылығы – бұл өткізілген (сатылған) активтердің құнының дебиторлық берешектің жалпы сомасына қатынасы.

Мекеменің іскерлік белсенділігі сондай-ақ келесі көрсеткіштермен де сипатталады: өндірілген және өткізілген (сатылған) өнімдердің көлемі, жұмысшылардың еңбек өнімділігі, қор қайтарымдылығы, қор сыйымдылығы және т.б.

Мекеменің қаржылық нәтижелерін және қаржылық – шаруашылық қызметінің тиімділігін салыстырмалы сипаттау үшін келесі көрсеткіштер есептеледі:

  • аванстық капиталдың тиімділігі – бұл жиынтық кірістің (өткізуден түскен жалпы табыстың) аванстық капиталға қатынасы;

  • меншікті капиталдың тиімділігі – бұл жиынтық табыстың (өткізуден түскен жалпы табыстың) капиталға қатынасы;

  • өткізудің (сатудың) тиімділігі – бұл жиынтық табыстың (өткізуден түскен жалпы табыстың) өткізу (сату) сомасына қатынасы;

  • активтер тиімділігі – бұл жиынтық табыстың (өткізуден түскен жалпы табыстың) мекеменің активтеріне қатынасы;

  • бір акцияға келетін табыс – бұл жиынтық табыстың оралымдағы акциялар сомасына қатынасы

Мұнда мынаны ескеру керек, мекеменің есептік жылдағы жиынтық табысы (залал) негізгі қызметтен түскен табыстардан, сондай-ақ негізгі емес қызметтен алынған табыстардан құралады, сондықтан тиімділікті бағалауда келесі көрсеткіштерді есепке алу керек:

Өнімдерді (тауарларды, жұмыстарды) өткізуден және қызметтер көрсетуден алынатын жалпы табыс қосымша құнға салынатын салық пен акциздерсіз қолданылып жүрген бағамен өнімдерді (тауарларды, жұмыстарды) өткізуден және қызметтер көрсетуден түскен түсім және оларды өндіру мен өткізуге (көрсетуге) жұмсалған шығындардың арасындағы айырма ретінде анықталады. Бұл жалпы табыс мекеменің қаржылық – шаруашылық қызметін жүргізудегі жасалған барлық шығындарын (кезең шығындарын қосқандағы) өтеу үшін арналған және оның қаржылық – шаруашылық қызметінің тиімділігі көрсетеді.

Негізгі қызметтен түсетін табыс (залал) мекеменің негізгі қызметінің барлық түрлерінің тиімділігін көрсетеді және мекеменің жалпы табысы мен шығындарының айырмасы ретінде анықталады.

Негізгі емес қызметтен түсетін табыс (залал) - бұл мекеменің негізгі емес қызметтен алатын табыс. Оларға негізгі құралдарды, материалдық емес активтер, құнды қағаздарды және т.б. сатудан алынатын табыстар жатады.

Еліміздің Салық Кодексіне сәйкес корпоративтік табыс салығы мен басқа шегерімдер сомасына түзетілген мекеменің негізгі және негізгі емес қызметтерден түскен табыстар мекеменің таза табысын (залалын) көрсетеді.

Сонымен, түсініктеме жазбада теңгерімнің (баланстың) негізгі баптарына толық сипаттама беріледі, пайдалар мен залалдар туралы, ақша қаражаттарының қозғалысы туралы, капиталдағы өзгерістер туралы ақпараттар ашылады. Мекеменің қаржылық – шаруашылық қызметін бағалау үшін материалдық, еңбек және қаржы ресурстарын пайдалану көрсеткіштері есептеледі. Түсініктеме жазбада мекеменің есепті жылдағы қаржылық жағдайы мен қаржылық – шаруашылық қызметінің нәтижелеріне әсерін тигізген факторлар, сондай- ақ құрылтайшылардың (меншік иелері) жылдық қаржылық есептілікті қарап, талдау нәтижелері бойынша қабылданған шешімдер көрсетіледі.

Егер есепті жыл бойына мекеменің есептік саясатында өзгерістер болса, онда түсініктеме жазбада осы өзгерістердің себептері көрсетіледі де, олардан болған зардаптарға құндық баға беріледі.

Түсініктеме жазбаға мекеменің басшысы мен бас бухгалтер қол қояды.