Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
ЛЕКЦИИ по ВСЕМИРКЕ.doc
Скачиваний:
975
Добавлен:
05.02.2016
Размер:
913.92 Кб
Скачать

Хх ғ. Екінші жартысындағы ксро

Экономиканың қалпына келтірілуі және тоталитаризмнің нығаюы.Соғыстан кейінгі кезендегі КСРО үшін аса маңызды және бірінші кезектегі мәселе халық шаруашылығын қалпына келтіру болды.

Адамзаттың бүкіл тарихында дүние жүзінің ешбір елі соғыста мұндай орасан шығынға ұшырап көрмеген болатын.КСРО соғыс жылдарында ұлттық байлығының 30% жоғалтып, 25-26 млн-дай азаматтарынан айырылды.

1946-1950жж. арналған халық шаруашылығын қалпына келтірудің төртінші бесжылдық жоспарын іске асырудың нәтижесінде соғыстан бұрынғы өндіріс деңгейіне қол жетті. Бұл ең алдымен бүкіл кеңес халқының жанқиярлық, ерлік еңбегінің жемісі болды.Бұл жерде Германиядан алынған репарациялар мен әлеуметтік салаларда жұмсалуға тиісті қаржы – қаражатардың қатаң түрде өнеркәсіп өндірісіне бағыттау да белгілі бір рөл атқарды.

Ауыл шаруашылығына келтірілген зиян өнеркәсіптегіден кем емес болатын. 1940ж. салыстырғанда ауыл шаруашылық өнімдерінің жалпы көлемі 40% кеміді. Соғыстан кейінгі алғашқы жылдардағы азық – түліктің жетімсіздігіне 1946ж. еуропалық бөлігіндегі құрғақшылық қосылып, елдің бірсыпыра аудандарында аштық басталды. Елдің барлық қорлары өнеркәсіпті қалпына келтіруге жұмсалды – ауыл мен село тек қосымша қаржы – қаражат көзіне айналды. Ауыл шаруашылығы өнімдерін сатып алу бағасы әдейі төмендетілді, артық өнімдер тегіннен-тегін мемлекет қарамағына алынып отырды. Шаруалардың қосалқы шаруашылықтарына үлкен алым – салықтар салынды. 50 – жж. басына қарай соғыстан бұрынғы ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру деңгейіне қол жеткнімен, деревня терең дағдарыс алдында тұрды.

Сталин бастаған КОКП мен КСРО басшылығы соғыстың алдындағы қайғылы оқиғалардан, соғыстың салдарынан ешқандай қорытынды жасамады, Кеңес халқының шаруашылықты қалпына келтірудегі қол жеткен табыстарын тек партияның және Сталиннің жеке «данабасшылығының» жеңісі деп санады. Сталин мен оның жақын серіктестері соғыс кезінде біршама толастаған жазалау және қуғын – сүргін саясатын қайта жандандыруға кірісті. Бүкіл ел бейне бір ұланғайыр «аймаққа» айналып, онда МҚК, ПМ және т.б. әкімгершілік және құқық қорғау органдарының шексіз үстемдіктері орнады. Миллиондаған жазықсыз жандар бостандықтарынан айырылды. Көптеген кешегі отан қорғаушылар, солдаттан маршалға дейін, көрнекті партия және мемлекет қайраткерлері, ғалымдар, мәдениет және өнер қайраткерлері сталиндік зорлық – зомбылықтардың құрбанына айналды.

Әсіресе Сталин бастаған партия – мемлекет басшылығының тікелей күнәлары мен қателіктерінің салдарынан соғыстың алғашқы жылдарында фашистік тұтқынға түскендердің жағдайы өте ауыр болды. Оларға «Отанға опасыздық жасағандар» деген айып тағылып, ұзақ жылдарғы түрмелерге жабылды, атылды.

«Космополитизмге қарсы күрес» деген ұранмен көптеген көрнекті жазушылар, ғалымдар, мәдениет және өнер қайраткерлері қуғын – сүргінге ұшырады Олардың ішінде шығармалары, ресми идеологтардың пікірінше, кеңес адамдарын тәрбиелеу мақсаттарына сәйкес емес деп танылған А.А. Ахматова мен М.М. Зощенко сияқты жазушылар, Д.Д. Шостакович, С.С. Прокофьев, А.И. Хачатурян секілді әйгілі композиторлар және т.б.. болды . Буржуазиялық жалған ғылым ретінде генетиктердің отандық мектебі талқандалды, кибернетика мен психоанализ қатал қуғынға ұшыратылды.Идеологиялық монополия ешқандай басқаша ойлауға мүмкіндік бермеді. Елде Сталиннің жеке басына табынушылық пен тоталитарлық әкімгершілік – әміргершілік жүйе мықтап орнады.

Сыртқы саясат.Екінші дүниежүзілік соғыс аяқталғаннан кейін бұрынғы одақтас – жеңімпаздар баррикаданың екі жағынан шықты. Олардың араларындағы идеялық – саяси қарама –қайшылықтар бір –біріне қарама –қарсы дүниежүзілік екі жүйенің және бір –бірімен күресуші әскери одақтардың – Солтүстік – Атлантика әскери – саяси одағы (НАТО) мен Варшава Шартты ұйымының (ОВД) құрылуына алып келді. 50-жж. басы қырғи – қабақ соғыстың нағыз қызған кезі еді, соның бір көрінісі Кореядағы соғыс (1950-1953 жж.) болды.

Бұрыңғы одақтастар арасындағы қарама – қайшылықтар Германия мәселесінде де көрініс тапты: бұл жердегі «талас алма» Батыс Берлин мәселесі болды.

Фашизмге қарсы күрестегі бұрыңғы одақтастар ешқайсысы да қабылдамайтын өзара талаптарының нәтижесінде соғыс аяқталғаннан соң бірнеше жылдан кейін дүние жүзі қайтадан қарулы қақтығыс қаупіне душар болды. Дүние жүзінің халықтары «ұлы мемлекеттердің саяси басшыларының империялық армандарының құрбандықтары бола жаздады.

Жеке басқа табынуды әшкерелеу. Н.С. Хрущев: самғау мен құлау. 1953ж. 5 наурызда И.В. Сталин қайтыс болды. Жоғарғы партия басшылығында билік үшін күрес басталып, онда Н.С. Хрущев жеңіп шықты. Өз қарсыластарын артқа сырып тастап, ол елдегі жоғарғы билік орындарын – КОКП ОК Бірінші секретары мен Министрлер Кеңесінің төрағасы қызметтерін иеленді. Н.С. Хрущевтың аты ең алдымен оның КОКП – ың ХХ съезінде (1956) И.В. Сталиннің жеке басына табынуды әшкерелеген баяндамасына байланысты шықты.

Тұңғыш рет жоғарғы партиялық деңгейде Сталин «халықтардың атасы» және «дүние жүзі пролетариатының көсемі емес», миллиондаған адамдардың қанын төккен қылмыскер және тиран деп мәлімделді. Қуғын – сүргін, жазалаулар мен асыра сілтеушіліктер үшін жауапкершілік тек Сталин мен оның айналасындағы аздаған серіктестеріне жүктеді. Социалистік қоғамның кемшіліктері сыналмақ түгіл, керісінше, оның жетістіктері деп жарияланды.

Бірақ Н.С.Хрущев өзінің саясатында тұрақты болмады.Бұл тұрақсыздық экономикада да, саясат пен партиялық – идеологиялық өмірдің басқа да салаларында да көрініс тапты. Оның сансыз реформалары мен тәжірибелері халықтың тұрмыс жағдайына кері әсер етті, оның іс – әрекеттеріне қарсы партия және мемлекеттік апарат қызметкерлері, әскерилер мен зиялы қауым тарапынан наразылықтар күшейді.

Тоқырау кезеңі. Л.И. Брежнев.1964ж. 13 қазанда Н.С. Хрущев волюнтаризм мен субъективизм үшін КОКП Орталық Комитетінің Бірінші секретары және Министрлер Кеңесінің төрағасы қызметтерінен алынып, зейнетке жіберілді. КОКП ОК бірінші секретары болып Л.И. Брежнев, ал Министрлер Кеңесініңтөрағасы болып А.Н. Косыгин сайланды.

50 – жж. кеңес экономикасы едәуір тиімді дамыды: еңбек өнімділігі 62%, қорқайтарымы 17% - ке өсті. Тың және тыңайған жерлерді игеру нәтижесінде жалпы астық өндіру 1953 ж. 82,5 млн. тоннадан 1956 ж. 125 млн. тоннаға жетті. Бірақ бұл уақытша табыс еді. 60 – жж.басында шет елдерден жаппай астық сатып алына бастады.

КСРО өзінің Батыспен салыстырғандағы ғылыми – техникалық мешеулігіне қарамастан, таңқаларлық табыстарға қол жеткізді. Атом электрстансасы салынды (1954), «Ленин» атомоходы суға түсірілді, Жердің тұңғыш жасанды серігі ұшырылды (1957), ал 1961 ж. аспан кеңістігінде бортында адамы бар тұңғыш ғарыш кемесі ұшырылды.

Дегенмен 70 жж. ортасынан бастап КСРО экономикасында дағдарыс құбылыстарының нышандары белгі бере бастады. Ғылыми – техникалық прогресс баяулап, өнеркәсіптік жетекші салаларында құрал – жабдықтардың моральдық тозғаны байқалды, инфрақұрылымдық салалардың негізгі өндірістен артта қалушылығы, өнеркәсіп үшін қажетті шикізаттардың қымбаттауы орын алды. 1960-1985жж. аралығында негізгі қорлар жеті есе өссе, ұлттық табыс тек төрт есе ғана артты. Міне, мұның барлығы экономиканың экстенсивтік жолмен дамып келгенін айғақтады. Мұның негізгі себептерінің бірі аса ірі әскери – соғыс қуатын жасауға бағытталған ел басшыларының өркөкіректік саясаты болды.

Елдің экономикасына басшылық басқарудың қатал әкімгершілік – жоспарлы үлестіру жүйесінің шеңберінде іске асырылды. Материалдық игіліктер өндіру салалары өндіріс құрал – жабдықтарын өндіруден анағұрлым артта қалушылыққа негізделген экономикалық құрылым әлеуметтік саланың нашарлауына әкеліп соқты, себебі, оған қаржы – қаражат мемлекеттік бюджеттен қалдық принципі бойынша бөлініп отырылды.

Әлеуметтік – экономикалық және қоғамдық – саяси өмірдің жаппай мемлекеттендірілуі: елдегі демократиялық бастамалардың тарылуы, өндірушінің монополизмі, бірпартиялық саяси жүйе басқаша ойлауға тиым салынуына, мұның барлығы адамның қоғамдық меншіктен қол үзуіне және еңбек пен оның қортындысына деген қызығушылыықтың жойылуына алып келді.

Күннен – күнге белең алып жатқан дағдарыс құбылыстарының жағдайында ұлы мемлекет мәртебесін ұстап тұру тек әлеуметтік бағдармаларды қысқарту және табиғи қорларды шексіз пайдалану арқылы ғана мүмкін болды.

Экономикалық дағдарыс пен қоса – қабат елде идеологиялық, одан соң саяси дағдарыс та пісіп жетілді.Бұл жылдары Сталиннің жеке басына табынушылықты сынау тоқтатылды, басқаша ойлаудың қандай да болмасын көріністеріне қысым жасау мен жазалау күшейе түсті. 60 –жж. ортасында елде құқық қорғау және диссиденттік қозғалыс қалыптасты, оған қатысушылар конституцияның принциптерінің, оның ішінде КСРО қол қойған халықаралық актілерде тұжырымдалған адам құқықтарының қатаң сақталуын талап етті.

Партия және үкімет орындары бұл талаптарға ешқандай құлақ аспады. Мұндай қозғалыстарға қатысушылардың көпшілігі қамауға алынып, ұзақ мерзімдерге сотталды, жер аударылды немесе шетелдерге қуылды.

Кеңес одағы 1985 – 1991 жж. М.С. Горбачев және оның «қайта құру» мен «жариялылық» саясаты. КСРО-да 80 –жж. соңы мен 90 –жж. басында орын алған экономикалық және саяси дағдарыстың партия мен ел басшыларының жүргізген көпжылдық тиімсіз экономикалық саясатының, олардың халықаралық қатынастардағы өркөкіректігінің нәтижесі екндігі айдан ашық бола бастады. Бұл саясат елдің табиғи - материалдық байлықтарының ысырап болуына, өндірістің социалистік әдісі мен бүкіл дүниежүзілік социалистік жүйесіне сенімсіздіктің пайда болуына алып келді.

1958ж. наурызында КОКП ОК Бас секретарлығына М.С. Горбачев сайланды. Кеңес елінің тарихында «қайта құру» деп аталған кезең басталды. КОКП жаңа басшылығының басты міндеті «мемлекеттік социализм» жүйесінің ыдырауын тоқтату, оның кейбір ауытқушылықтарын түзеу, аса шектен шыққан, ақылға сыйымсыз қатал шаралардан бас тарту болды.

Келе – келе күні өткен әкімгершілік – әміршілдік жүйені зорлап жұмыс істетуге болмайтындығы анықталды. Оны демократияландыру қажеттілігі туды. 1987 ж.ортасында «жариялылыққа» бағыт алынған болатын. Бұл цензураның жұмсартылуынан, кітапханалардағы «арнайы сақтау» қорларының жойылуынан, ертеде тыйым салынған кітаптардың бастырылып шығарылуынан көрініс тапқан еді.

1985 ж. сәуірінде СОКП ОК пленумы елдің әлеуметтік – экономикалық дамуын жеделдетуге, мұны өндіріс қуаттарын техникалық қайта жарақтандандыру және «адам факторының» есебінен іске асыруға бағыт алынғанын жариялады. Бірақ бұл бағыт өзіне артылған үмітті ақтамады. 1987ж. алғашқыдағы «жеделдету» ұраны «қайта құру» терминімен ауыстырылды. «Қайта құру» термині жоғарғы жақ тарапынан іске асырылатын саяси құрылысты демократиялау мен экономикада нарықтық қатынастарға өту деген ұғымды білдірді. Бұл өз кезегінде партияның қоғамдық өмірдегі басшылық рөлін төмендетуді, парламентаризмді қайта жандандыруды, жариялылықты, экономикаға орталықтан басшылық жасауды босаңсытуды, биліктің аймақтық органдарының құқықтары мен жауапкершілігін арттыруды көздеген саясат еді.

«Қайта құру» бағдарламасында әлеуметтік салаға бет – бұрыс, экономика құрылымын қайта құру, баға түзу мен қаржы – несие жүйесін қайта құрып, реттелмелі нарықтық экономикаға көшу қарастырылды. Бірақбұл жолы дахалық мүддесі билік үшін таластың құрбандығына шалынды. Орталық үкімет экономикалық жағдайды түзей алмады – экономикалық дағдарыс тереңдеп, бүкіл елді экономикалық ереуілдер тасқыны қаптады.

1988 ж. Конституциялық реформа іске асырылды. Ең жоғарғы билік органы болып Халық депутаттарының Съезі жарияланды, ол тұрақты жұмыс істейтін жоғарғы Кеңес сайлады. 1990 ж. Жоғарғы Кеңес КСРО президенті етіп М.С. Горбачевті сайлады, ал РСФСР Жоғарғы Кеңестің төрағасы болып Б.Н. Ельцин сайланды. Құқықтық мемлекет құру туралы ұран КОКП-ы мемлекеттік биліктен шеттетуге берілген белгі болды. Коммунистік партия ыдырап, оның мүшелері топ-топтап партия қатарынан шығып жатты.

КСРО-ның ыдырауы және ТМД-ның құрылуы.

Елдегі саяси жағдай бақылаудан шықты. Биліктің орталық органдары мен одақтас республикалардың басшылықтарының арасында күрес басталды, 80-жж. соңы мен 90-жж. басыңда бүкіл елде ұлтаралық қақтығыстар орны алды (Әзірбайжан, Армения, Өзбекстан, Қырғызстан, Грузия, Молдавия т.б.).

Партия-үкімет басшылығы, М.С. Горбачевтың жеке басы «жариялылық» демократияландыру бағытын жариялай отырып, шын мәнінде бұрынғыша орталықтың әкімгершілік-әміргершілік саясатын жалғастыра берді, ұлт республикаларындағы халықтардың мүдделері мен пікірлері еш ескерілмеді. Кандай да болмасын наразылық немесе қарсылық күш қолдану жолымен аяусыз жазаланылып отырылды (Алматыдағы 1986 ж. желтоқсан оқиғасы, кейінгі жж. Балтық жағалауы республикаларындағы оқиғалар т.б.).

Міне, осындай жағдайда КСРО басшылығы жаңа одақтық шартты жасауға кірісу туралы шешім қабылдады. Ол шартта одақтас республикаларға кең ауқымды құқықтар беру карастырылуы тиіс болатын. Бірақ 1991 ж. тамызында, осы шартқа қол койылудың қарсаңында жоғарғы партия және мемлекет басшылығына жататын бір топ адам М.С. Горбачевтің демалысқа шығуын пайдаланып, елде төтенше жағдай енгізілгендігін мәлімдеп, Төтенше Жағдай жөніндегі Мемлекеттік комитеттің құрылғандығын хабарлады. РСФСР президенті Б.И. Ельцин бастаған демократиялық күштер бүлікшілерге тойтарыс беруді ұйымдастырды. Бүліктің басылуы КСРО-ның ыдырау процесін жеделдетті. Ұзамай Б.И.Ельциннің жарлығымен РСФСР аумағында КОКП әрекет жасауына тыйым салынды. Қыркүйектің басында КСРО басшылығы Латвия, Литва және Эстонияның тәуелсіздігін мойындады.

КСРО президенті М.С. Горбачевтің жүргізіп отырған саясатының дәйексіздігі оған деген сенімнің жоғалуына алып келді. 1991 ж. 8 желтоксанда Ресей, Украина және Белоруссия президенттері Б.Н. Ельцин, Л.М. Кравчук және С.С. Шушкевич КСРО-ның өмір суруін тоқтату туралы келісімге қол қойып, тәуелсіз мемлекеттер достығын (ТМД) құрды. Сөйтіп, бұрынғы одақтас республикалардың негізінде дербес тәуелсіз мемлекеттер құрылды. 25 желтоксанда М.С. Горбачев президенттік қызметтен кететіндігін мәлімдеді. КСРО өмір сүруін тоқтатты.

Бұл жағдай АҚШ-ты дүние жүзіндегі бірден-бір аса ірі держава етті.

Ресей Федерациясы (1991-2000). КСРО ыдырағаннан соң Ресей Федерациясында дәйекті реформалар кезеңі басталды. Ресейдің жаңа үкіметі оларды монетаризм мен «шоктік терапия» әдісіне негіздеп іске асырды. Бұл мемлекеттік меншікті жедел түрде жекешелендіруден, баға мен рубльдің валюталық курсын мемлекеттік реттеуден; экономикаға жоспарлы түрде басшылық жасау және кәсіпорындардың шығарған өнімдерін жоспарлы түрде бөлуден; халық шаруашылығының салалары мен халыққа дотация беруден; өнім шығару үшін әкімгершілік жолымен тұтынушыға бекітіп қою, т.б. бас тартудан көрініс тапты.

Бағаны еркіне жіберу оның тоқтаусыз өсуіне әкеліп соқты. Экономиканың монополиялық сипаты мен тауарлардың жеріміздегі халықтың сатып алушылық қабілетін күрт төмендетті, мыңдаған кәсіпорындар тоқтап қалды, жабылды, жұмыссыздық көбейді. Өнеркәсіп және ауыл шаруашылық өнімдерінің өндірісі едәуір азайды.

1993-1994 жж. мемлекет меншігін жедел түрде жекешелендіру іске асырылды. Реформашылдардың ойынша жекешелендіру кәсіпорындардың жұмысының тиімділігін арттыруға, бюджеттің оларға дотация беруді кемітуге, рыноктік экономика құруға, жаңа қоғамның негізгі әлеуметтік тірегі ретінде орташа тапты қалыптастыруға тиіс еді. РФ-ның әрбір азаматы бір-бірден жекешелендіру чегін, яғни жалпыхалықтық меншіктегі өзінің үлесін алды. Бірақ жекешелендіру ойлағандай нәтиже бермеді. Елдің негізгі байлығы ат төбеліндей топтың қолына шоғырланып, еңбекші халық іс жүзінде құралақан қалды. 1998 ж. соңына дейін Ресей экономикасы зор қиыншылықтар мен дағдарыстарды басынан өткізді.

1999 ж. экономикадағы жағдай бірсыпыра тұрақтандырылды. Осы жылдар ішінде елдің қоғамдық-саяси өмірінде шын мәнісінде революциялық өзгерістер орын алды. Жүздеген жылдар бойы елде үстемдік құрған тоталитарлық жүйені лақтырып тастап, Ресей демократиялық даму жолына түсті. Бір партияның үстемдігі жойылып, көппартиялық жүйе орнатылды. Халық нағыз демократиялық бостандықтар мен құқықтар алды (олардың көбісі кеңес үкіметінің тұсында қағаз жүзінде жарияланғанымен, іс жүзінде орындалмай келген болатын). Елде парланментаризм дами бастады. Сайлау баламалы негізде өткізіле бастады. Халық едәуір мөлшерде мемлекет тарапынан жаппай қысым мен бақылаудан, азаматтардың қоғамдық және жеке өмірлеріне араласудан азат етілді; олар өзін-өзі, экономикалық және саяси белсенділіктерін көрсетуге, еңбекте озық нәтижелерге жетуге мүмкіншіліктер алды. Мұның барлығы елдің ішкі қоғамдық-саяси жағдайына әсер етті, Ресейдің бұрын қырғи-қабақ болып келген елдермен қарым-қатынастарының жақсаруына, халықаралық беделінің артуына көмектесті.

Дегенмен бұл процесс оңай болған жоқ. Елді демократияландыру барысында талай дағдарысты кезеңдерді бастан кешіруге тура келді. 1991 ж. 12 маусымда Ресейдің тұңғыш президенті болып Б.Н. Елъцин сайланды. М.С. Горбачевпен айтыс-тартыста, 1991 ж. тамызда орын алған мемлекеттік төңкеріс жасауға бағытталған бүлікке тойтарыс беруді ұйымдастыру барысында оның ел ішіндегі беделі шынына жеткен болатын. Бірақ көп ұзамай президент пен Жоғарғы Кенес төрағасы Р.И. Хасбулатов және вице-президент А.В. Руцкой арасында теке тірес басталып, ол 1993 ж. қыркүйегінде қанды оқиғаларға алып келді.

1993 және 1996 жж. Мемлекеттік Думаға сайлау кезінде Ельцинді қолдаушы партиялар жеңіске жетті. Оның өзі 1996 ж. президент сайлауында екінші рет сайланды. Президент Ельциннің тұсында Ресейде үкімет 5-6 рет ауысты. 1999 ж. желтоқсанда Б.И. Ельцин президенттік қызметтен өз еркімен кететіндігін жариялап, өз өкілеттілігінен соңғы Премьер-министр В.В. Путинге тапсырды. 2000 ж. наурызында Путин Ресей президенті болып сайланды.

КСРО ыдырағаннан кейін көптеген Ресей құрамындағы ұлттық автономиялар өздеріне орталық үкіметтің көптеген өкілеттіліктерін беруді талап етті. 1990-1991 жж. Ресей үкіметі орталыққа күресте олардың қолдауына ие болу мақсатымен аймақтарға егемендік қанша керек болса, сонша алыңдар деп ұсыныс жасаған болатын. Сөйтіп, егемендік шеруі басталды. Бұл кейбір ұлттық аймақтарда серапатизмнің жандануына алып келді. «Егемендік шеруінің» салдары әсіресе Солтүстік Кавказда аса ауыр болды.

1991 ж. Шешенстанның президенті болып отставкадағы генерал Д. Дудаев сайланды. Оның басшылығымен шешен ұлтшыл-сепаратистері Ресей құрамынан шығуға әрекет жасап, орталыққа бағынбай қойды. Осыдан кейін Ресей үкіметі Дудаев режимін күштеп құлату мақсатында 1994 ж. желтоқсанында Шешенстанға әскерлерін енгізді. Ресей әскербасыларының шешендерді «екі сағаттың ішінде бір десанттық полктің күшімен» жуасытамыз деген дақпырты іске аспай қалды. Шешен жауынгерлері 1996 ж. тамызда Грозныйды кенет басып алып, Ресей армиясын зор шығынға ұшыратты. 1996 ж. 31 тамызда екі арада Шешенстандағы соғыс кимылдарын токтату және Ресей әскерлерін Шешенстаннан әкету туралы шарт жасасылды.

Дегенмен шешен жауынгерлері соғыс қимылдарын тоқтатуға ықыласты болмады. Олар көрші Ресей аймақтарына басқыншылық шабуылдар жасап, террорлық өәекеттерге көшіп, түрлі қалаларда бірнеше жүздеген адам құрбандықтарына алып келген, жарылыстар ұйымдастырды. Шешенстандағы соғыс Ресей басшыларының түп тамырлары сонау патшалық және Кеңестік Ресей замандарында жатқан шиеленісті мәселелерді шешуде дәрменсіздігін көрсетті, дүние жүзі жұртшылығының алдында Ресей мемлекетінің беделін төмендетті.

Дегенмен, қазіргі кезде Ресейдің сыртқы дүниемен қарым-қатынастары жақсарып келеді. Ресей ұлы мемлекет болған және солай болып та қала береді. Әңгіме бұл мәртебенің сыртқы атына оның ішкі мазмұнының қаншалықты сай келетіндігінде. Ал бұл мәселенің шешімі Ресей экономикасының қаншалықты өркендеуіне, орыс қоғамын демократияландыру процесінің қаншалықты терең және ауқымды іске асырылуына байланысты.