Добавил:
Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
Скачиваний:
14
Добавлен:
20.02.2017
Размер:
215.55 Кб
Скачать

XXVI – тарау

БРАХМАНДАР ТУРАЛЫ

383

О брахман! Ағынды тоқтат, алға қарай бас, нәпсіні маңайыңа жолатпа! О брахман! Санкхарды жоя білсең, әлі қолға алынып жасалмағанды танисың!

384

Брахман екі дхамма арқылы басқа жағаға жетсе, онда одан білгір жанның мойнынан барлық қырсық жоғалады.

385

Мен брахман деп ол үшін ол жаға да, бұл жаға да жоқ, ол орын да, бұл орында да жоқ, еш нәрседен қорықпайтын, алдарқанушылықтан ада жанды атаймын.

386

Мен брахман деп, ойлай білетін, құштарлық дегеннің бәрінен аулақ жүретін, ұстамды, сабырлы, өз ісіне біртоға, өзінің нәпсісін жеңе білетін, жоғарғы игілікке жеткен жанды атаймын.

387

Күн күндіз жайнап тұрады, ай түнде жайнап тұрады, брахман ойға батқанда жайнап тұрады. Ал, оқымысты жан күндіз де, түнде де жайнап, жарқырап тұрады.

388

Өзінің бойынан жамандықты алып тастаған жан брахман деп аталады, тыныштықта өмір кешкен – дәруіш, өзінің бойынан былғаныш біткеннің бәрін алып тастаған жан “тазарған жан” деп аталады.

389

Брахманды ұрып, соқпа. Бірақ брахман да өзі ренжіткен жанға көзін тігіп, сұқтана қарамасыншы. Брахманды ұру масқаралық, өзін ренжіткен жанға кек сақтау да масқара.

390

Брихман үшін өзінің ақылын жағымдылықтан сақтаудан жоғары ешнәрсе жоқ. Жойып жіберуді тілеу жоғалғанда, азап та тиылады.

391

Мен тәнімен де, сөзімен де, ойымен де ешкімге жамандық жасамайтын, осы үш нәрсеге ұстамды жанды брахман деп атаймын.

392

Мүлдем оқымысты дхамманы біз кімнен танысақ та, құрбандық оты – брахман сияқты рахымдылықпен құрметтеуіміз керек.

393

Ұйысып қалған шашымен немесе тууымен, немесе арғы тегімен брахман бола алмайды. Кімде шындық пен дхамма бар, сол бақытты, әрі сол брахман.

394

О ақымағым, мынау ұйысып қалған шашыңнан не пайда! Сенің үстіңдегі киімің мен денеңнің терісінен не пайда! Сенің ішің толған қалың жыныс, сен тек сыртыңды ғана ойлайсың.

395

Киімі шаң, былғанышты, өзі әбден арықтаған, қолының күре тамыры шығып тұрған, жападан жалғыз күн кешкен, қалың орман ішінде ой үстінде жүрген жанды мен брахман деп атаймын.

396

Мен анасынан адам болып туғаны үшін оны брахман деп атамаймын. “Бхо деп айтатын” адамды және соған ұқсас адамды ғана солай деп атаймын. Мен ешнәрсеге үйір емес, бәрінен азат, бойында ешбір игілігі жоқ адамды брахман деп атаймын.

397

Жолындағы бөгет біткенді жоя білетін, шын мәнінде ешнәрседен қорықпайтын, ынсабын тия білетін, жалған дүниеден безген жанды мен брахман деп атаймын.

398

Мен брахман деп оқыған, көзі ашық, жолындағы бөгеттің белбеуін, қамшысын, ауыздығын шынжырмен қоса бұзған жанды атаймын.

399

Мен брахман деп төзімі күшті, ал күші - әскері, ешнәрсеге кінәлі емес, өзіне қарай айтқан сөзді, жазаны, қамауды да көтере білетін жанды атаймын.

400

Мен брахман деп ашу-ызадан ада, өзінің парызын білетін, рахымды, жеңіл жүрісі жоқ, ұстамды да байсалды, ең соңғысы өзінің денесі болатын жанды атаймын.

401

Мен брахман деп сезім ләззатына жоламайтын, лотос гүлінің астындағы су сияқты немесе біздің ұшындағы қышаның (горчицаның) дәні сияқты жанды атаймын.

402

Мен брахман деп мынау жалған дүниеден безген, үстінде лыпасы жоқ, өмірде азап-бейнетті жоя білген жанды атаймын.

403

Жоғарғы білімдарлыққа жете білген, оң мен солын айыра білген, терең ойлы данышпанды мен брахман деп атаймын.

404

Мен алдына қойған мақсат-тілегі жоқ, басында үйі де жоқ, үйі барлармен де, үйі жоқтармен де байланысы жоқ жанды атаймын.

405

Ешбір жандыны өлтірмейтін, ешкімге өлтір деп бұйырмайтын, ешбір жандыға таяқ көтермейтін, ол мейлі қорқақ, мейлі батыр болса да, міне осындайларды брахман деп атаймын.

406

Мен брахман деп толғанып-тебіренетіндердің ішінде толғанып-тебіренбейтін, таяқ көтеретіндердің ішінде ең сабырлысы, дүниеге құмарлардың ішінде мұндайдан азат жандарды атаймын.

407

Мен брахман деп құштарлық, көреалмаушылық, тәкаббарлық, екіжүзділік біздің ұшындағы қышаның (горчицаның) дәні сияқты өз бойынан оп-оңай ұшып түсетін жанды атаймын.

408

Тек шындық сөзді ғана айтатын, тағылымы мол, артық мінезі жоқ, ешкімге жала жаппайтын жанды мен брахман деп атаймын.

409

Мынау дүниедегі өзіне берілмеген нәрсенің бәрін, мейлі ол ұзын болсын, мейлі қысқа болсын, мейлі ол жақсы болсын, мейлі жаман болсын, алмайтын жанды брахман деп атаймын.

410

Мен брахман деп бұл дүниеде ешбір мақсат, тілегі жоқ, ондайлардан қол үзген, ыңғайы да жоқ жанды атаймын.

411

Мен брахман деп өзінде талап-тілек пен өзінің білімінің көмегімен күдіктенуден арылған, мәңгілікке ұюға қол жеткізген жанды атаймын.

412

Жақсылыққа да, жамандыққа да көп үйір емес, қайғы-мұң дегенді білмейтін, өзі ержүрек һәм кіршіксіз таза жүретін жанды мен брахман деп атаймын.

413

Мен брахман деп бейне-бір ай сияқты кіршіксіз таза, момын, толғанып-тебіренбейтін, тіршіліктің қуанышы бойынан сөнген жанды атаймын.

414

Мен брахман деп мынау тар жол, тайғақ кешуді басынан өткізген, басқа жағаға жүзіп өтіп шыққан, ойшыл, тілек-талап пен күдіктен азат, ешнәрсемен ісі жоқ, тыныш қана жүрген жанды атаймын.

415

Мен брахман деп құштарлықтан бас тартқан, үйсіз айдалада қаңғып жүрген, тіршіліктен баз кешкен жанды атаймын.

416

Мен брахман деп құштарлықтан бас тартқан, үй-күй, тілек-арманнан бас тартқан, тіршіліктен баз кешкен жанды атаймын.

417

Мен брахман деп адамдарға үйір болушылықты қойып, аспанға үйір болушылықты да тастап, барлық үйір болушылықтан безген жанды атаймын.

418

Мен брахман деп мынау бүкіл дүниені бір өзі жеңген, жақсы, жаманның бәрінен бас тартқан, ұстамды және өзі жаңадан туудың жолын кескен жігітті атаймын.

419

Мен брахман деп барлық жанды тіршіліктің тууы мен өлуінің мәнін білген, бір нәрсеге үйір болушылықтан азат, білімді, көзі ашық, сугата жанды атаймын.

420

Мен брахман деп өзінің жолында құдайды да, гандхарваны да, адамды да білмейтін, архата және талап-тілегі ғайып болған жанды атаймын.

421

Нәпсіге берілмеген, дүние-мүлік жинамаған, жеңімпаз да жасампаз, ұлы кемеңгер, жан-жақты жетілген жанды брахман деп атаймын.

422

Мызғымас мықты, болаттай берік, балуан білекті, арыстан жүректі жүректі, жеңімпаз да жасампаз, кемелденген кемеңгер, нәпсіге ешқашан берілмеген парасатты жанды мен брахман деп атаймын.

423

Мен өзінің бұрынғы тіршілігінен бейхабар, және аспан мен тозақты көре білетін, дана ойлы, орындауға мүмкін нәрсенің бәрін іске асырған жанды брахман деп атаймын.

Соседние файлы в папке Үнді философиясы туралы материалдар