Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
каза яз-1 прод.doc
Скачиваний:
21
Добавлен:
06.03.2016
Размер:
351.74 Кб
Скачать

V бөлім. Аталар сөзі – ақылдың кені

12-САБАҚ

Лексикалық тақырып: Әлібекұлы Төле би

Грамматикалық тақырып: Есімдік. Мағыналық түрлері

Лексикалық минимум: қайраткер, ойшыл, дана, әулет, дерек, үлес, нығайту, бағыт, бірегей, белсене.

1-тапсырма. Мәтінді оқып, мазмұндаңыз.

Әлібекұлы Төле би

Әлібекұлы Төле би (1663-1756) – қазақтың Тәуке,Болат,Әбілмәмбет, Жолбарыс, Абылай хандары тұсында мемлекет басқару ісіне араласқан аса ірі мемлекет және қоғам қайраткері, ойшыл, дана, Әз-Тәуке хан құрған «Билер кеңесінің» мүшесі, атақты шешен, Ұлы жүздің төбе биі, «Жеті жарғы» деп аталатын заңдар кодексін шығарушылардың бірі. Шыққан тегі – Ұлы жүздің Дулат тайпасының Жаныс руы. Шежірелер «тоғыз ұлды Құдайберді әулетінен Төлеге дейін бай да, би де шықпаған, олар «қарашоғыр» деп атанған қара шаруа болған» деген дерек береді.

Төле бидің өзі кезінде оқыған, ірі сауатты, халқының ақындық, шешендік өнерінен тәлім алған адам. Жастайынан ел арасындағы билікке араласып, әділдігімен, шешендігімен, тапқырлығымен төңірегіне кеңінен танылады.

Тәуке ханның тұсында Төле би «Билер кеңесінің» мүшесі ретінде мемлекеттік істердің оң шешілуіне айтарлықтай үлес қосқан, сол кезеңдерде жыл сайын өтетін бүкілхалықтық жиынды ұйымдастырушылардың бірі болған. Ол орта жүздің төбе биі Келдібекұлы Қазыбекпен, Кіші жүздің төбе биі Байбекұлы Айтеке - бәрі бірге Тәукенің Түркістан қаласын орталық етіп, үш жүз ұлыстарын бір орталыққа бағындыруға, сөйтіп бірегей Қазақ хандығын нығайтуға, Жоңғар шапқыншылығына қарсы бауырлас қырғыз, қарақалпақ, өзбек халықтарының одағын құруға бағытталған іс-шараларды жүзеге асыруға белсене араласады.

2-тапсырма. Мәтін бойынша тезис құрыңыз.

3-тапсырма. Мәтін негізінде деңгейлі сұрақтар қойыңыз.

Грамматикалық сілтеме: Есімдіктің мағыналық түрлері

  1. Жіктік есімдіктері (личные): мен, сен.

  2. Сілтеу есімдіктері (указательные): сол, анау.

  3. Өздік есімдіктері (возвратные): өз.

  4. Жалпылау есімдіктері (определительные): барлық, күллі.

  5. Сұрау есімдіктері (вопросительные): кім? не?

  6. Белгісіздік есімдіктер (неопределенные): біреу, әлдекім.

  7. Болымсыздық есімдіктер(отрицательные): ешкім, ешқашан.

4-тапсырма. Мәтінде кездесетін есімдіктерді теріп жазып, мағыналық түрлерін айқындаңыз.

5-тапсырма. Есімдіктерді тауып, олардың қандай сөздердің орнына жұмсалып тұрғанын анықтаңыз.

Олар Құнанбай аулына келгенде, Түсіп те Жігітек ішіне жетіп еді. Осы сыбағаны, халыққа көрсеткен мінездерін өздерінше бір қисынмен істеген болады. Мен келіп түскен күні анам қалбалақтап, әлдекімнен әлденеге саудаласып, бір серке әкеп сойған болатын. Үлкен еңбегі әперген беделі де үлкен еді, сол себепті жұмысшылардың барлығы оның айтқанын заң көретін-ді. Мына ағаштың күтушісі болмаған, өз бетімен өскен, сондықтан ол қисық болып өскен.

6-тапсырма. Өз есімдігінен жасалған қос сөздерді жазып, 4 сөйлем құраңыз.

7-тапсырма. Төле бидің 2 шешендік сөзін жазып, оқып келіңіз.

13-САБАҚ

Лексикалық тақырып: Байбекұлы Әйтеке би

Грамматикалық тақырып: Есімдіктің сөйлемдегі қызметі

Лексикалық минимум: шешен, тек, кәде, іспеттес, үзеңгілес, толғаныс, көкірегі даңғыл,шұбырынды, ұшырау.

1-тапсырма. Мәтінді оқып, баяндаңыз.

Байбекұлы Әйтеке би

Байбекұлы Әйтеке би (1644 – 1700) - қазақтың Тәуке, Болат, Әбілмәмбет, Жолбарыс, Абылай хандары тұсында мемлекет басқару ісіне араласқан аса ірі мемлекет және қоғам қайраткері, ойшыл, дана, Әз-Тәуке хан құрған «Билер кеңесінің» мүшесі, атақты шешен, Кіші жүздің төбе биі, «Жеті жарғы» деп аталатын заңдар кодексін шығарушылардың бірі. Шыққан тегі – Кіші жүздің Алшын тайпасынан шыққан Әлім руы. Ол қазіргі Өзбекстан жеріндегі Нұрата тауының Бұқара жеріне қарай созылып жатқан Қыз-Бибі тауының етегінде өмірге келген.

Ұлықбек медресесінде оқып, тәлім алған Әйтеке әуелі атасы Ақша ханның, атасы өлгеннен кейін ағасы Жалаңтөстің тәрбиелерінде болып, ел басқару ісінің қыр-сырымен танысады. Оның осы кезде көргені мен білгені кейін Тәуке ханның кеңесші биі болған кезде ел кәдесіне асады. Қазақ халқының ата заңы іспеттес «Жеті жарғыны» шығаруға қатысқанда да Әйтекеге осы алған білімі мен жиған тәжірибесінің көп көмегі тиген болу керек.

Ата жұртқа келер алдында Төле би, Қазыбек би секілді үзеңгілес серіктеріне сәлем ретінде жолдаған ұзақ толғанысында Әйтеке би: «Елінен айрылған ер бақытсыз, жерінен айрылған ел бақытсыз. Құдайым, ондай күнді маған көрсетпегей!» деген екен. Елім деген ердің тілегі ақ қой қашанда. Көкірегі даңғыл дана би өзі тілегендей, елінің «ақтабан шұбырындыға» ұшырағанын көрмей, бұ жарық дүниемен қош айтысты.

2-тапсырма. Мәтінге сұраулы жоспар құрыңыз.

3-тапсырма. Лексикалық минимумда берілген сөздердің мағынасын ашып, сол сөздерді қатыстырып, құрамында есімдігі бар сөйлемдер құраңыз.

Грамматикалық сілтеме: Есімдік сөйлемде 5 түрлі қызмет атқарады.

Бастауыш: Ол шешендік сөздерді оқығанды ұнатады.

Баяндауыш: Менің бар болмыс-бітімім осы.

Анықтауыш: Бұл кеңесіңіз әрқашан есте болады.

Толықтауыш: Дүниеде ешбір міні жоқ ешкімді таппайсың.

Пысықтауыш: Өмірде ешқашан қателеспейтін адам болмайды.

4-тапсырма. Мәтіннен құрамында есімдігі бар сөйлемді теріп жазып, есімдіктің сөйлемдегі қызметін анықтаңыз.

5-тапсырма. Өз есімдігінің тәуелденген түрінің бәрімен сөйлем құрастырыңыз.

6-тапсырма. Нақыл сөздерді жазып, онда есімдіктің қай түрі қай септікте тұрғанын ажыратып, сөйлемдегі қызметін анықтаңыз.

Мынау біздің ғаламды сөз деп аталатын шамшырақ нұрландырып тұрмаса, онда түнек тұмшалап тұрған болар еді. Күллі ғылымды зерттеп, олардың жай-мәнісіне қанығып, бірақ соларды қажетіне жарата білмеген адамға білімнен не керек? Қалжырап қажу ғана.

7-тапсырма. Әйтеке бидің шешендік сөзін жазып келіп, баяндаңыз.

14-САБАҚ

Лексикалық тақырып: Келдібекұлы Қазыбек би

Грамматикалық тақырып: Етістік. Мағыналық түрлері

Лексикалық минимум: жарғы, ұтымды, зерек, машықтану, тағайындау, елеулі, ықпал, азаттық, дәріптеу, мәмілегер, сызат, айбын.

1-тапсырма. Мәтінді оқып, баяндаңыз.

Келдібекұлы Қазыбек би

Келдібекұлы Қазыбек би (1665 – 1765) - қазақтың Тәуке, Болат, Әбілмәмбет, Жолбарыс, Абылай хандары тұсында мемлекет басқару ісіне араласқан аса ірі мемлекет және қоғам қайраткері, ойшыл, дана, Әз-Тәуке хан құрған «Билер кеңесінің» мүшесі, атақты шешен, Орта жүздің төбе биі, «Жеті жарғы» деп аталатын заңдар кодексін шығарушылардың бірі. Шыққан тегі – Орта жүзде Арғын тайпасының Қаракесек руы.

Қазыбектің анасы Тоқмейіл ұтымды да тақпыр сөздерді көп білетін, зерек кісі болыпты. Анасы айтқан есті сөздерді кішкентайынан жаттап өскен ол ер жете келе өзі де солай сөйлеуге машықтана бастайды.

Осы өнерінің арқасында бала биден дана биге айналып, «Қара қылды қақ жарған қаз дауысты Қазыбек би» деген атаққа ие болады. Содан болар Тәуке хан мемлекет тұтастығына жарықшақ түсірмей, халықты бірлікте ұстау үшін үш жүзді өзінен шыққан үш биге билету арқылы басқарғанда, Орта жүзге осы Қазыбек биді тағайындайды. Ол ел басқару ісіне араласып, қазақ хандығының ішкі-сыртқы саясатына елеулі ықпал жасап отырады.

Жоңғар басқыншылығына қарсы халық күресін ұйымдастырушылардың бірі болған Қазыбек елдің азаттығы жолында аянбай еңбек етеді. Абылай сұлтан жоңғарлардың қолына тұтқын болып түсіп қалғанда оны босатып алуға белсене араласады. Сондай-ақ Ресей, Бұқара, Хиуа мемлекеттері арасындағы еларалық мәселелерге араласып, бейбітшілік пен достықты дәріптеуші мәмілегер болған. Аразды татуластырып, алысты жақындастырып отырған. «Елдестірмек – елшіден, жауластырмақ – жаушыдан» деп, ол елшілік қызметті де мінсіз атқарған тұңғыш дипломат. Оның тұңғыш рет елшілікке атшы болып барып, басшы болып қайтқаны ел аузында әлі күнге аңыз болып айтылады.

ХҮІІІ ғасырдың алпысыншы жылдарында Чин империясы Қазыбекті өз жақтарына тарту мақсатымен оған елші жіберіп, мол сыйлықтар тартады. Бірақ Қытайдың қол астына қарауға қарсы болады. Сөйте тұрып, Абылайды Чин империясымен тығыз қарым-қатынас жасауға шақырады.

Үш жүздің ішіндегі шешуі қиын ең күрделі мәселелердің басы-қасында жүріп, хандардың сенімді ақылшысы, халықтың ханға бергісіз биі болған Қазыбек әр кез батыр жинап, ел шаппай, қылыш шауып, оқ атпай-ақ ақылымен жол тауып, ел бірлігінің емшісі бола білген.

2-тапсырма. Мәтінге жоспар құрыңыз.

3-тапсырма. Лексикалық минимумда берілген сөздерді қолданып, Қазыбек би жайлы сөйлемдер құрастырыңыз.

Грамматикалық сілтеме: Етістік мағынасына қарай сабақты және салт болып екіге бөлінеді. Өзінің алдында тұрған сөздің табыс септігінде тұруын қажет ететін етістік сабақты, табыстан басқа септік тұлғалы сөзді қажет етсе, салт етістік дейміз. Мысалы: үйді жина дегенде жина етістігі сабақты, үйге кір десек, кір етістігі салт болып тұр.

4-тапсырма. Мәтіннен тек Қазыбек бидің іс-әрекетін білдіріп тұрған етістіктерді теріп жазыңыз. Сол етістіктерді қатыстырып сөйлемдер құраңыз.

5-тапсырма. Төменде берілген Қазыбек бидің сөзін жаттап алып, құрамынан салт етістіктерді өзі қатысты сөзімен бірге теріп жазыңыз.

Өркенім өссін десең, кекшіл болма,

Кесапаты тиер еліңе.

Елім өссін десең, өршіл болма,

Өскеніңді өшірерсің.

Басына іс түскен пақырға қастық қылма,

Қайғысы көшер басыңа.

Жанашыры жоқ жарлыға

Жәрдемші бол асыға,

Қиын-қыстау күндерде

Өзі келер қасыңа.

Бүгін сағы сынды деп,

Жақыныңды басынба.

6-тапсырма. Төмендегі мақал-мәтелдерді оқып, ондағы табыс септіктегі сөздің қандай етістікпен тіркесіп тұрғанын айтып, мақал-мәтелдерді жаттап алыңыздар.

Ашу жүйкені бұзады,

Жүйке ұйқыны бұзады.

Шешен кісі сөз бастар,

Ақылды кісі ел бастар.

Алтыннан қымбат сөз айтсаң да,

Ақымақ құлақ салмайды.

Қалам ұстаған қол қайыр сұрамайды.

7-тапсырма. Қазыбек бидің бір шешендік сөзін жазып, айтып беріңіз.