Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
каза яз-1 прод.doc
Скачиваний:
21
Добавлен:
06.03.2016
Размер:
351.74 Кб
Скачать

VI бөлім. Ұлы ойшылдар

15-САБАҚ

Лексикалық тақырып: М.Х.Дулати

Грамматикалық тақырып: Есімше мен көсемше

Лексикалық минимум: ғұлама, қауышу, ғұмыр, жорық, жайт, сан қилы, куә, таным, парасат.

1-тапсырма. Мәтінді оқып, баяндаңыз.

Мұхаммед Хайдар Дулати

Ұлы ойшыл, ғұлама ғалым, тарихшы, ақылшы әрі қолбасшы М.Х.Дулати (1499-1551) қазақтың кең даласында туып өсіп, сонау алыстағы Үндістанның Кашмир қаласында жерленген. Туғанына 500 жыл толғанда бабамыз қайтадан еліне, кіндік қаны тамған жеріне оралып, елімен қауышты. Бабамызды 1992 жылы Ташкентте өзбек ғалымдары орыс тілінде шығарған «Тарих-и-Рашиди» кітабы арқылы білеміз. Ол қырғыз, қазақ, өзбек секілді түркі халықтары ұлт болып қалыптаса бастаған кезде ғұмыр кешті. Бұл дәуір феодалдық соғыстардың жиілей түскен шағы болғандықтан, оның өмірінің көпшілік бөлігі Орта Азия мен Ауғанстан, Қашғари мен Тибет, Бадахшан мен Үндістан арасында, ат үстінде, жорықта өтті.

М.Х.Дулатидің орталық Азия халықтарының ХІІІ-ХҮІ ғасырлардағы тарихы, этнографиясы мен географиясы, кәсібі мен шаруашылығы, әдебиеті мен мәдениеті, ғылымы мен білімі, мемлекет басқару жүйесі мен соғыс жүргізу өнері, дипломатиялық және экономикалық қатынастары жайлы өзі көрген, естіген, оқып білген басқа да жайттарды баяндайтын «Тарих-и-Рашиди» атты классикалық шығармасы мен «Жаһаннама» атты поэмасы - әлеуметтік, тарихи маңызы зор мәдени ескерткіштер.

М.Х.Дулати небәрі 55 жыл жасаған өз ғұмырында сан қилы тарихи оқиғаларға куә болды. Терең таным, биік парасат иесі бола жүріп, ол өмір, адам мен заман, мемлекет тарихы туралы өшпес ескерткіш жасады, ұрпағына өлмейтұғын сөз қалдырды.

2-тапсырма. М.Х.Дулатидің қабілетін ашып көрсетуге негіз болған тірек сөздерді теріп жазыңыз.

3-тапсырма. Берілген мәліметтен бөлек М.Х.Дулати туралы не білесіздер?

Грамматикалық сілтеме: Есімше

Түбірі етістік болғанымен, есімдерше түрленетін етістіктің түрі есімше деп аталады. Жасалу жолы:

  1. -ар, -ер, -р, -с

  2. -мақ, -мек, -бақ, -бек, -пақ, -пек

  3. -ған, -ген, -қан, -кен

  4. -атын, -етін, -йтын, -йтін

Тиянақсыз формада жұмсалатын етістіктің түрі – көсемше.

Жасалуы: 1) –ып, -іп, -п

2) –а, -е, -й

3) –ғалы, -гелі, -қалы, -келі

Етіс деп қимылдың объекті мен субъектіге қатысын білдіретін етістіктің категориясын айтамыз. Етістің 4 түрі болады:

  1. Өздік етіс. Жұрнақтары: -ын, -ін, -н.

  2. Өзгелік етіс. Жұрнақтары: -тыр,/-тір, -дыр,/ -дір, -ыр,/ -ір, -т, -қыз,/-кіз, -ғыз,/ -гіз.

  3. Ортақ етіс. Жұрнақтары: -ыс, -іс, -с.

  4. Ырықсыз етіс. Жұрнақтары: -ыл, (-іл, -л), -ын, (-ін, -н).

4-тапсырма. Мәтіннен есімшені бір бөлек, көсемшені бір бөлек теріп жазыңыз.

5-тапсырма. Төменде берілген сөйлемдерден етістікті тауып, тұлғасына қарай талдаңыз.

Жанрлық тұрғыдан келгенде, «Тарих-и-Рашиди» - ғылыми еңбек әрі түркі тілдес халықтардың шынайы шежіресі, сондай-ақ тарихи тақырыпқа жазылған көркем туынды деуге де болады.

Біріншіден, «Тарих-и-Рашиди» - көне түркі, шағатай, араб, парсы, латын, ежелгі грек, үнді тілдерінде жазылған, есімдері әлемге мәшһүр Шығыс пен Батыс ғұламаларының тарихи зерттеулеріне негізделіп жазылған нағыз ғылыми еңбек.

Екіншіден, М.Х.Дулати еңбегі сан ғасырлар бойы ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып, ауызша айтылып келген тарихи деректерді, аңыз-әңгімелерді, хандар мен сұлтандардың ата-тегін қамтыған шынайы шежіре кітап деуге болады.

6-тапсырма. Етіс тұлғалы сөздерді қатыстырып, «Менің университетім» тақырыбында шағын шығарма не әңгіме жазыңыз.

7-тапсырма. М.Х.Дулати туралы, оның «Тарих-и-Рашиди» шығармасы туралы қосымша мәліметтер жинақтаңыз.

16-САБАҚ

Лексикалық тақырып: Әбу Насыр әл-Фараби

Грамматикалық тақырып: Етістіктің шақ категориясы

Лексикалық минимум: тұлға, көне, сауат ашу, бозбала, сапар шегу, көзқарас, нақыл, қор.

1-тапсырма.Мәтінді оқып, баяндаңыз.

Әбу Насыр әл-Фараби

Тарихымыздағы ұлы тұлғалардың бірі – Мұхамед Әбу Насыр әл-Фараби. Ол – барша адамзаттың мақтанышы. Әбу Насыр әл-Фараби Аристотельден кейін дүниежүзілік білім мен мәдениеттің екінші ұстазы атанған данышпан, ойшыл, энциклопедист-ғалым.

Көне заманда Сырдарияның оңтүстік жағалауында, бүгінгі Оңтүстік Қазақстан облысының жерінде түркілердің Отырар деген қаласы болған. Арабтар оны Фараб деп атаған. Міне, осы қалада 870 жылы Әбу Насыр дүниеге келді.

Әбу Насыр әл-Фараби Отырарда қыпшақ тілінде сауатын ашты. Көптеген тарихи жазбаларда Отырар қаласында кезінде үлкен кітапхана болғандығы айтылады.

Әбу Насыр білімін жалғастыру үшін бозбала шағында туған жерімен қош айтысып, Бағдатқа қарай сапар шегеді. Сөйтіп, ол Бағдатта, Шамда болып, білім алды. Бұл уақыт тарихта «Алтын ғасыр» атанған еді.

Әл-Фараби бірнеше тіл білген. Ол Платонның, Аристотельдің еңбектерін араб тіліне аударды, өзінің жүзден астам еңбектері бар. Әбу Насыр өз еңбектерінің басым көпшілігін араб тілінде жазды. Әл-Фараби сол кездегі Шығыстың ұлы қоғамдық-саяси ойшылы болған. Оның «Қайырымды қала тұрғындарының көзқарастары», «Мемлекет қайраткерлерінің нақыл сөздері» деген шығармалары - әлеуметтану тарихының үздік үлгілері.

Өмірінің көп жылын Таяу Шығыста, соңғы жылдарын Дамаскіде өткізген Әл-Фараби 950 жылы сексен жасында Дамаскіде дүние салған.

2-тапсырма. Мәтінге жоспар құрыңыз.

3-тапсырма. Лексикалық минимумда берілген сөздердің мағыналарын ашып, сол сөздердің синонимдер қатарын құрыңыз.

Грамматикалық сілтеме: Етістіктің шақтары

Іс әрекеттің өту кезеңіне қарай етістік үш жақта жұмсалады.

  1. Осы шақ екіге бөлінеді: нақ осы шақ отыр, тұр, жатыр, жүр қалып етістіктері арқылы жасалады

ауыспалы осы шақ –а,-е, -й жұрнақтары арқылы жасалады

  1. Өткен шақ үшке бөлінеді: жедел өткен шақ –ды,-ді, -ті, -ты жұрнақтары арқылы;

бұрынғы өткен шақ -ып, -іп ,–п, -ған, -ген, -қан, -кен жұрнақтары арқылы;

ауыспалы өткен шақ -атын, -етін, -йтын, -йтін жұрнақтары арқылы жасалады.

  1. Келер шақ үшке бөлінеді: болжалды келер шақ –ар, -ер, -р, -с жұрнақтары арқылы;

мақсатты келер шақ -мақ, -мек, -бақ, -бек, -пақ, -пек арқылы;

ауыспалы келер шақ –а, -е, -й жұрнақтары арқылы жасалады.

4-тапсырма. Мәтіндегі қарамен жазылған сөйлемдерді көшіріп жазып, шақ түріне ажыратыңыз. Етістіктерінің жасалу жолын айқындаңыз.

5-тапсырма. Әл-Фарабидің айтқан сөздерінің ішінен етістіктерді тауып, шақ түріне ажыратыңыз, сол етістіктерді басқа шақ түріне айналдырыңыз. Нақыл сөздерді жаттап алыңыз.

Жалған сөз ешқашан мәнді болмайды.

Егер мінез-құлқы теріс кісі болса, ол ешқашан да ғалымдар қатарына қосылмайды.

Ағаштың өсіп-жетілгенін бұтақтағы жемісіне қарап бағалайды. Сондай-ақ адамның басына қонған бақытының тұрақты болуы жақсы мінез-құлыққа байланысты.

Кімде-кім өз дәрежесін жоғары көтермек болса, ондай адамның өсу жолына тосқауыл қойылады.

6-тапсырма. Ауыспалы келер шақ пен ауыспалы осы шаққа мысалдар келтіріп, ондағы ерекшеліктер туралы айтыңыз.

7-тапсырма. Орта ғасыр ғалымдарының Әл-Фараби туралы ой-пікірлерін жазып келіңіздер.

Пайдаланылатын әдебиет: Н.Келімбетов «Ежелгі дәуір әдебиеті» Алматы, «Атамұра» 2005 жыл. 168-174 бб.

17-САБАҚ

Лексикалық тақырып: Кемеңгер ойшыл ұлы Абай

Грамматикалық тақырып: Етістіктің рай категориясы

Лексикалық минимум: кемеңгер, әзіл-әжуа, қабілет, баулу, жете танысу, ұтымды, тіреніш,жүйе.

1-тапсырма. Мәтінді оқып, баяндаңыз.

Кемеңгер ойшыл ұлы Абай

Құнанбайұлы Абай (1845-1904) – қазақтың ұлы ақыны, композитор, философ, қазақ жазба әдебиетінің негізін қалаушы және оның алғашқы классигі. Шын аты – Ибраһим. Туған жері – бұрынғы Қарқарары ауданына қарасты Шыңғыс тауының баурайы. Әкесі Өскенбайұлы Құнанбай өз заманындағы атақ-даңқы алысқа кеткен беделді адамдардың бірі. Шешесі Ұлжан – Орта жүздің Арғын тайпасындағы Қаракесек руының шешендікпен, тапқырлықпен, әзіл-әжуамен аты шыққан шаншарлардың қызы.

Осындай текті ортадан шыққан Құнанбай мен Ұлжаннан туған төрт ұлдың бірі Абай жастайынан ерекше қабілетімен, ақылдылығымен көзге түседі. Балаға сыншы әкесі осы баласынан қатты үміт күтеді. Сондықтан да ол Абайды медреседе төрт жыл оқығаннан кейін оқудан шығарып алып, қасында ұстап, ел басқару ісіне баули бастайды. Әкесінің төңірегіндегі ел жақсыларымен араласып, өз халқының рухани мәдениетімен жете танысады. Сөйтіп жүріп билер үлгісінде шешен сөйлеуге төселеді. Ұтымды сөзімен, әділ билігімен елге танылып, аты шығады. Көп ұзамай, 70-жылдардың бас кезінде Қоңыр Көкше дейтін елге болыс болады.

Абай өлең шығаруды бала кезінен-ақ бастаған. Оның шығармалары үш жүйемен өрбиді: бірі - өз жанынан шығарған төл өлеңдері, екіншісі – ғақлия немесе қара сөз деп аталатын прозасы, үшіншісі - өзге тілдерден, әсіресе, орысшадан аударған өлеңдері.

1891 жылдан бастап Абайдың басына ауыртпашылық түсіп, бір-біріне ұласқан қайғы бұлты ашылмай қояды. Осы жылы ақынның сүйікті інісі Оспан қайтыс болады, одан кейін орысша әскери білімі бар, үлкен үміт күткен баласы Әбдірахман қайтыс болады. Сөйтіп жүргенде, соңғы тіренішіндей болған дарынды ақын баласы Мағауия да дүниеден озып, қайғы-қасіреттен күрт сынған Абай Мағауияның қазасынан кейін қырық күннен соң көз жұмады.

2-тапсырма. Мәтін бойынша деңгейлі сұрақтар қойыңыз.

3-тапсырма. Абайдың қандай өлеңдерін жатқа білесіңдер? Бір өлеңін айтып, мәнін ашыңыз.

Грамматикалық сілтеме: Қимылдың, іс-әрекеттің жүзеге асу, орындалу мүмкіндігіне қарай етістіктің райлары 4 түрге бөлінеді: ашық рай, бұйрық рай, шартты рай, қалау рай.

Үш шақтың бірінде қолданылып, сөйлеушінің шындыққа қатысты баяндауын ашық рай дейміз.

Бір шаққа (көбінесе 2-жаққа) қаратылып, қимылдың, іс-әрекеттің орындалуын талап ету мағынасын білдіретін етістіктің рай түрі бұйрық рай деп аталады.

Қимылдың, іс-әрекеттің болу-болмау мүмкіндігінің шартын білдіріп, -са, -се жұрнақтары арқылы жасалатын рай түрі шартты рай деп аталады.

Етістіктің қалау райы іс иесінің қимылды, іс-әрекетті қалауын, соған ынтасын, ниетін білдіреді де, белгілі жолдармен жасалады.

  1. –қы, -кі, -ғы, -гі жұрнақтары арқылы: барғысы келді.

  2. Шартты рай тұлғасы (-са, -се) игі еді сөздерінің жіктеліп келген түрімен тіркеседі: барса игі еді.

  3. –қай, -кей, -ғай, -гей жұрнақтары арқылы: барғайсың.

4-тапсырма. Мәтіннен негізгі тірек сөздерді теріп жазып, сол сөздерді қатыстырып барлық рай категориясында жұмсай отырып, сөйлем құрастырыңыз.

5-тапсырма. Абай Құнанбаевтың 38-қара сөзінен берілген үзіндіні оқып, мәнін ашыңыз, ойды ары қарай өрбітіңіз. Құрамынан етістіктерді тауып, шақ пен рай түрін айқындаңыз.

Күллі адам баласын қор қылатын үш нәрсе бар. Содан қашпақ керек: әуелі – надандық, екіншісі – еріншектік, үшінші – халымдық деп білесің. Надандық – білім-ғылымның жоқтығы, дүниеде еш нәрсені оларсыз біліп болмайды. Білімсіздік хайуандық болады. Еріншектік – күллі дүниедегі өнердің дұшпаны. Талапсыздық, жігерсіздік, ұятсыздық, кедейлік – бәрі осыдан шығады. Залымдық – адам баласының дұшпаны. Адам баласына дұшпан болса, адамнан бөлінеді, бір жыртқыш хайуан хисабына қосылады.

6-тапсырма. «Абай – қазақтың бас ақыны» деген тақырыпта шығарма жазыңыз.

7-тапсырма. Абайдың бір қара сөзін жазып, жаттап алыңыз.

18-САБАҚ

Лексикалық тақырып: Заманымыздың заңғар жазушысы– М.О.Әуезов

Грамматикалық тақырып: Етістіктің сөйлемдегі қызметі

Лексикалық минимум: әйгілі, тәмамдау, қыруар, ат салысу, тұлға, белсене араласу, бірыңғай, жетілдіру.

1-тапсырма. Мәтінді оқып, баяндаңыз.

Заманымыздың заңғар жазушысы – М.О.Әуезов

Әуезов Мұхтар Омарханұлы (1897-1961) – қазақтың әйгілі жазушысы, қоғам қайраткері, Қазақ ҚСР Ғылым академиясының докторы, профессор, Қазақ КСР-ның еңбек сіңірген ғылым қайраткері. Туған жері – бұрынғы Семей уезінің Шыңғыс болысы (қазіргі Шығыс Қазақстан облысының Абай ауданы). М.О. Әуезов үлкен өмірлік, шығармашылық жолдан өткен ұлы тұлға. Атасы Әуез бен әжесі Дінасылдың тәрбиесінде болған бала Мұхтардың алғашқы сауатын ашушы да атасы. Бұдан кейін ол әуелі Семейдегі бес кластық орысша оқытатын училищені, содан соң сондағы мұғалімдік семинарияны тәмамдайды. Семинарияда жүріп өзінің тұңғыш шығармасы «Еңлік-Кебек» пьесасын жазады.

Алашорда өкіметінің қызметіне белсене араласқан Мұхтар Алашорда таратылғаннан кейін бірыңғай білім жинауға бет бұрады. Бір қыс Ташкенттегі Орта Азия мемлекеттік университетінде, төрт жыл Ленинград университетінде Шығыс факультетінің жанындағы аспирантурада оқиды.

Жазушы өзінің шығармашылық жолында талай жанрға, тақырыпқа із салып, қыруар очерк, әңгіме, пьесалар жазған, тамаша аудармалар жасаған, әдеби сынға, әдебиет тарихын зерттеу жұмысына белсене ат салысып, көптеген мағыналы мақалалар жариялаған, баяндамалар жасаған, оқулықтар құраған, жоғары оқу орындарында дәріс беріп, теориялық білімін жетілдіріп отырған.

Ұзақ зерттеп, кең тыныспен кіріскен «Абай жолы» романын Мұхтар он бес жылға жуық жазады. Жазушының өзі айтқандай, «Абай» және «Абай жолы» романдарын жазу – жазушының сүйікті ісіне айналады. Абай жолы – халық жолы, халық жолы – Абай жолы. Осы бірлікті тарихи шындыққа сай асқан көркемдік шеберлікпен көрсету – М.Әуезовтың шығармашылық жеңісі.Сол жеңісіне сай ол туған халқының құрметіне бөленді, өз заманының ең жоғары сыйлықтары – КСРО Мемлекеттік сыйлығы мен Лениндік сыйлықты иеленді.

2-тапсырма. Мәтінге тезис құрыңыз, сол тезис бойынша мәтінді айтып шығыңыз.

3-тапсырма. Мәтіннен М.Әуезовтың қасиетін ашуға көмек беретін сөздерді теріп жазып, етістікпен тіркестіріңіз.

Грамматикалық сілтеме: Етістіктің сөйлемдегі негізгі қызметі – баяндауыш. Мысалы: М.Әуезов есімін ерекше атауға болады.

Бастауыш: Жиналғандар дереу іске кірісті.

Анықтауыш: Айтылған сөз оқпен тең.

Толықтауыш: Көп жасағаннан емес, көпті көргеннен сұра.

Пысықтауыш: Бір халықтың тағдырын қоса суреттеп көрсеткен.

4-тапсырма. Мәтіндегі қарамен жазылған сөйлемді көшіріп жазып, етістіктің сөйлемдегі қызметін анықтаңыз.

5-тапсырма. М.Әуезов туралы айтылған сөздерді оқып шығыңыз. Құрамындағы етістіктердің қызметін айқындаңыз.

Дүниеге қазақ перзенті болып туып, адамзат перзенті болып аттанған М.Әуезов тағдыры – талай ақиқатқа көз жеткізетін тағылым мектебі. Заманмен бірге тебіреніп, мәңгілікке үйлесе білудің айқын өнегесі. (Ә.Кекілбайұлы.)

М.Әуезов мен үшін алыстан мұнартқан әлдебір академиялық тұлға десем, әрине, ағат айтқаным: өзім көріп, өзім білгендер ішіндегі ең ірі суреткер десем, мұным да жалпылама сөз. Мұхтар Әуезов маған әкедей қамқор болған кісі...(Ш.Айтматов.)

6-тапсырма. Оқы етістігін түрлі тұлғада жұмсай отырып, барлық сөйлем мүшесі қызметінде сөйлемдер құрастырыңыз.

7-тапсырма. М.Әуезовтің бір шығармасын оқыңыз.