Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
каза яз-1 прод.doc
Скачиваний:
21
Добавлен:
06.03.2016
Размер:
351.74 Кб
Скачать

IX бөлім. Ұлттық отбасы тәрбиесі

25-САБАҚ

Лексикалық тақырып: Қазақ тағлымындағы ұлттық тәрбие

Грамматикалық тақырып: Сөйлем және сөйлемнің айтылу мақсатына қарай түрлері

Лекискалық минимум: байыптау, араз, ізет, пәк, ұлағат, дәру, араша, пәрмен, дәрмен.

1-тапсырма. Мәтінді оқып, мазмұндаңыз.

Қазақ тағылымындағы ұлттық тәрбие

Әр халықтың тәлім-тәрбиелік мұрасы – ұлттық мәдениетінің маңызды белгісі болып табылады. Осы арқылы ол ұлттың ұлттық тәрбиесінің ерекшелігін білеміз. Қазақ халқының этностық ерекшеліктерін байыптасақ, бұл халық ұрпақ сабақтастығын сақтап, алысты жақындатып, аразды татуластырып, ізетті келіннен таныған, татулықты абысыннан тапқан, дархандықты даласынан, даналықты бабасынан, пәктікті баласынан алған халық. Қазақ адамгершіліктің басы - әділдікті ту етіп, әділдіктің басы болған адалдықты анасынан алған. Аналар ұрпақты ұлағаттылыққа баулып, дауға – дәру, жауға – қару, араздыққа – араша, татулыққа – тамыр, тазалыққа – нәр, пәктікке – пәрмен, дәстүрге – дәрмен, өнерге тұлпар, көкте – сұңқар етіп тәрбиелеген. Қазақтар «Балаңды өз тәрбиеңмен тәрбиелеме, өз ұлтыңның тәрбиесімен тәрбиеле», - дегеніндей халқымыздың бойына сіңген атадан балаға жалғасып келе жатқан ұлттық тәрбиесі өзге ұлттардан ерекшеленіп, өздеріне тән қасиеттерді көрсетіп тұратынын жоққа шығара алмаймыз.

Ұлттық тәрбиеміз халқымыздың сан ғасырлар тарихымен тығыз байланыста болып, осы уақытқа дейін дәстүрлі тәрбие құндылықтарын жоғалтпай, жалғастырып келеді. Халқымыздың ұлттық тәрбиесі негізінен жүйелі болған деп айтуға болады. Өйткені, тәрбиеге әке-шеше, отбасынан бастап, ағайын-туыс, көрші-қолаңның бәрі араласып, бәрі де халықтың баласына ортақ қамқорлық жасаған. «Балаңа басқұр қалдырғанша, тозбас дәстүр қалдыр» деген қазақ халқы озық жұрттардың санатында болашақ қамын қатты ойластырған.

Сол себепті ұлтымыз: «Балаң өзіңе тарса – жұбан, Қоғамға тартса – қуан», - деп бекер айтпаған. Қазақ табиғатында отбасы иелері ең әуелі өз ұлы мен қызының алдында тәрбиелі, өнегелі, көргенді, үлгілі болуға тырысқан. Оның ең басты себебі, «ұлдың ұяты - әкеде, қыздың ұяты – шешеде» деп бағалағандықтан, қызын арға, ұлын –нарға балаған.

2-тапсырма. Мәтінде кездесетін мақал-мәтелдердің мағынасын таратып айтыңыз.

3-тапсырма. Қазақ халқының ұлттық тәрбие құндылықтарына нені жатқызар едіңіздер?

4-тапсырма. Мәтін бойынша сұраулы жоспар құрыңыз.

Грамматикалық сілтеме: Сөйлем бір-бірімен тұлғалық және мағыналық жағынан байланысқан сөздер тобынан құралады. Айтылу мақсатына қарай сөйлем хабарлы, сұраулы, бұйрықты, лепті сөйлем болып бөлінеді.

5-тапсырма. Мәтіннен 5 хабарлы сөйлемді көшіріп, басқа түрлеріне айналдырып жазыңыз.

6-тапсырма. Қазақы тәрбие туралы көзқарасыңыз. Сіз өз балаңызды қалай тәрбиелер едіңіз?

7-тапсырма. Б.Момышұлының «Ұшқан ұя» повесін оқыңыз.

26-САБАҚ

Лексикалық тақырып: Ұлт тағдыры мен қыз бала тәрбиесі – біртұтас

Грамматикалық тақырып: Жай және құрмалас сөйлем

Лексикалық минимум: тұжырым, береке, ұйытқы, үнемшіл, ысырапшыл, иман жүзді, біртұтас, бағыт, пана.

1-тапсырма. Мәтінді оқып, баяндаңыз.

Ұлт тағдыры мен қыз бала тәрбиесі – біртұтас

Қазақ халқы ұл мен қызының тәрбиесін екі бағытта жүргізуге тырысқан. Мұнда негізінен ұл тәрбиесі - әкеге, қыз тәрбиесі – шешеге байланысты деп білген. Мұны «Әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер» деп, әдемі де қысқа тұжырымдай білген. Қазақ халқы қыз бала тәрбиесіне баса назар аударған. «Ел болам десең, бесігіңді түзе» дегендей, тәрбие бесіктен басталатыны белгілі. Ал бесік иесі –Ана. Сондықтан да қыз баланы, яғни болашақ бесік иесін тәрбиелеуге ерекше көңіл бөлуіміз керек, өйткені қыз бала – ертеңгі бойжеткен, ана, халқымыздың болашағы. Сондықтан да отбасының берекесі болмай, Отанның мықты болуы мүмкін емес. Себебі «Қашан да отбасының ұйытқысы – «Ана» деген даналық сөз бабалардан болашаққа жалғасып келеді.

Баяғының білімпазы Ризаудин Ибн Фахруддин: «Әйелдері тәрбиелі болған халық – тәрбиелі халық, әйелдері тәрбиесіз халық та тәрбиесіз». Әйелдері үнемшіл, пысық, жігерлі, талантты болса, халық бай, ал жалқау, салақ немесе ысырапшыл болса, халық тақыр кедей болады»- деп бекер айтпаса керек. Өткен ғасырдың екінші жартысында дәрігер, ғалым Н.Л.Зеланд өз еңбегінің қорытындысында қазақ ерлері мен әйелдерінің адамгершілік қасиеттерін сөз ете келіп: «Әйелдері иман жүзді, олар ақылдылығымен көзге түседі. Бұл – қазақ қыздарының тәрбиесіне отбасында ерекше көңіл бөлуге байланысты» деп тұжырымдайды.

Бүкіл қазақ фольклоры, тұрмысы, біздің қыз балаға ерекше қамқорлық жасағандығымыз, ошақтың иесі, ел мен елді біріктіруші деп санауымыз, аналарымыздың бойындағы бар өнерін қыздарға үйретуі, әкелеріміздің барын қыздарға жұмсауы, бұның бәрі – халықтың тәрбиенің негізі.

Қызды тәрбиелеу – ұлтты тәрбиелеу деген сөз. «Халықты тану үшін қызын көр», Атасыз үй – батасыз, анасыз үй панасыз» - деген ұлағатты сөздеріміз бекер айтылмаған.

2-тапсырма. Мәтінге тезис құрыңыз.

3-тапсырма. Мәтіндегі ұлағатты сөздерді көшіріп жазып, сол сөздер негізінде әңгіме жүргізіңіздер.

Грамматикалық сілтеме: Аяқталған бір ғана ойды білдіретін сөйлем жай сөйлем болады. Мысалы: Халық батырлары мәңгі жадымызда.

Бірнеше жай сөйлемнен құралып, күрделі ойды білдіретін сөйлем құрмалас сөйлем деп аталады. Мысалы: Көпшілік сенім білдіріп отыр, сондықтан жұмыстың абыройлы орындалғаны жақсы.

4-тапсырма. Мәтіннен жай сөйлемдерді теріп жазып, құрмалас сөйлемге айналдырыңыз.

5-тапсырма. Мәтіндегі ойға тірек болған сөздерді қатыстырып, отбасылық тәрбиеге байланысты құрмалас сөйлемдер жазыңыз.

6-тапсырма. Б.Момышұлының «Ұшқан ұя» повесінде қыз тәрбиесі қалай сипатталған?

27-САБАҚ

Лексикалық тақырып: Шығармашылық жұмыс

Грамматикалық тақырып: Жай сөйлемнің құрылысына қарай түрлері. Атаулы сөйлем

«Қыз тәрбиесі – ұлт тәрбиесі» деген тақырыпта шығарма жазыңыз.

(Жоспар міндетті түрде құрылуы тиіс.)

Грамматикалық сілтеме:Жай сөйлемдердің мынадай түрлері бар: 1) атаулы сөйлем; 2) жақты және жақсыз сөйлем; 3) жалаң және жайылма сөйлем; 4) толымды және толымсыз сөйлем.

Іс-оқиға жайында баяндамай, тек соған байланысты жағдайды атап көрсететін жай сөйлемнің түрін атаулы сөйлем дейиіз. Мысалы: Көктем. Тау жақтан жылы жел еседі.

Тапсырма. Шығарма құрамында атаулы сөйлем кездесуі тиіс.