Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
каза яз-1 прод.doc
Скачиваний:
21
Добавлен:
06.03.2016
Размер:
351.74 Кб
Скачать

X бөлім. Жастар – біздің болашағымыз

28-САБАҚ

Лексикалық тақырып: Ел тұтқасы - жастар

Грамматикалық тақырып: Жақты және жақсыз сөйлем

Лексикалық минимум: насихат, қолдау, рух, қабілет, салауатты өмір салты.

1-тапсырма. Мәтінді оқып, баяндаңыз.

Қазақстандағы жастар қозғалысының қалыптасуы

Біздің елімізде жастар белсенділігі күннен-күнге артып келеді. 2000 жылдан бастап Қазақстанда 150-ден аса балалар және жастар ұйымы тіркелді.

Жастар қозғалысының қызметі экологиялық, құқықтық, саяси-көзқарастық, мәдени құндылық, сауатты өмірге байланысты болып бөлінеді. Жастар қозғалысының негізгі мақсаты мен міндеттері жастардың әлеуметтік, мәдени, экономикалық жағдайын қорғау, салауатты өмір салтын насихаттау, бос уақытын дұрыс ұйымдастыру, талантты жастарды қолдау, көпшілікке таныстыру болып табылады. Көзделген мақсаттарға қол жеткізу үшін әр түрлі акциялар, қайырымдылық іс-шаралар, концерттер, пікір-сайыс, ғылыми-практикалық конференциялар мен семинарлар, марафондар мен фестивальдар өткізілуде.

Мемлекет жастар қозғалысын дамытуға ерекше көңіл бөліп отыр, өйткені жастар қозғалысы арқылы жастарға патриоттық рух, медерлік қасиеттер қалыптасатыны белгілі. Осындай көздеген мақсаттары бір, шығармашылық ойлау қабілеттерін дамытуға әсер ететін жастар қозғалысы біздің еліміздің демократиялық дамуына ерекше әсер етеді.

2-тапсырма. Мәтін бойынша сұрақ үлгілерін құрыңыз

3-тапсырма. Мына тақырыпқа байланысты пікір сайыс ұйымдастырыңыз «Біздің елімізде жастар әлеуметтік жағынан қорғалған ба?»

Грамматикалық сілтеме: Құрамында бастауыш қатысқан жай сөйлемнің түрін жақты сөйлем дейміз. Кейде сөйлемде бастауыш жасырын түрде жұмсала береді. Мысалы: (Мен) Бейтаныс адамның қолынан ұстай алдым.

Баяндауыштың бір өзі сөйлемге ұйытқы болатын жай сөйлемнің түрін жақсыз сөйлем дейміз. Мысалы: Енді біраздан кейін көз байлануға айналды.

4-тапсырма. Мәтіндегі қарамен жазылған сөздерді сөйлем мүшесіне талдаңыз. Жақты сөйлемдерді жақсызға айналдырыңыз.

5-тапсырма. М.Жұмабаевтың «Мен жастарға сенемін» өлеңін жаттаңыздар.

6-тапсырма. «Альянс» жастар ұйымы туралы не білесіздер? Мәлімет жинақтаңыз.

29-САБАҚ

Лексикалық ақырып: Мамандығым –мақтанышым

Грамматикалық тақырып: Жалаң және жайылма сөйлем

Лексикалық минимум: бейім, сала, жетістік, ақпарат, талпыныс, әуесқой, әмірші.

1-тапсырма. Мәтінді оқып, баяндаңыз.

Менің мамандығым

Мен бала кезімде ұшқыш болуды армандадым. Әйтсе де өмір тез өзгереді, біз де онымен бірге өзгеруге бейімбіз. Мен қазір өзімнің тіпті басқа салада керек екенімді түсінемін. Жас кезімнен-ақ адамдармен араласуды, олармен сөйлесуді, сұрақ беріп, жауап алуды жақсы көрдім. Мен әрдайым өзімді қоршаған дүние әлемін жан-жақты білуге тырысамын. Мектеп қабырға газетін шығаруға қатыстым, менің жазған мақалаларым жетістікке ие болып жүр. Мен бар күшімді кәсіпкер журналист болуға сынап көрсем несі бар? Бұл менің толық және сенімді ақпарат алуға деген талпынысыма жауап болар еді.

Шынын айтсам, журналистиканың қай саласын таңдауды әлі шешкен жоқпын. Газет пе, радио ма әлде теледидар ма? Мүмкін, бәрін де байқап көруім керек шығар. Сондай-ақ мен саяхат жасауды өте жақсы көремін. Сондықтан журналистика маған басқа елдерді көруге жол ашып, әрі менің әуесқойлығым өзінің орнын табар еді. Адамдар журналистиканы «төртінші өкімет» дейді. Мен оны былай түсінемін: жан-жағымызда болып жатқан уақиғаларға өзінің көзқарасын айтуға және сол көзқарасын қорғауға оның пәрмені де, күші де жетеді. Бүгін мысалы, әдебиеттің бұрынғыдай қоғамға күшті ықпалы жоқ, ал журналистикада ондай күш бар. Сондықтан, егер «ой әміршісі» болғың келсе, сенің журналист болғаның абзал. Меніңше, журналистика – бұл бүкіл әлемді өзгертуге, оны түсініп, сезінуге және оны жақсартуға жағдайлар жасауға мүмкіндік туғызу.

2-тапсырма Бала кезіңізде кім болуды армандадыңыз?

3-тапсырма. Қазіргі оқып жүрген мамандығыңызды таңдауға кім немесе не себеп болды?

4-тапсырма. Өзі сүймейтін мамандығының шебер маманы болу мүмкін бе? (пікірталас не академиялық дау-дамай ұйымдастырыңыз)

Грамматикалық сілтеме: Тұрлаусыз мүше қатыспаған сөйлемді жалаң сөйлем дейді. Мысалы: Аспан бұлтсыз.

Тұрлаусыз мүше қатысқан сөйлемді жайылма сөйлем дейді. Мысалы: Бүгін аспан бұлтсыз.

5-тапсырма. Мәтіннен негізгі ойды ашатын 5 жайылма сөйлемді көшіріп жазып, жалаң сөйлем түріне айналдырыңыз.

6-тапсырма. Өз мамандығыңыз жайында «Мамандығым - мақтанышым» деген тақырыпта шағын эссе жазыңыз

30-САБАҚ

Лексикалық тақырып: Ел болашағы білікті маман қолында

Грамматикалық тақырып: Толымды және толымсыз сөйлем

Лексикалық минимум: қия, сейілу, күдік, өрмелеу, мұрат.

1-тапсырма. Өлеңді мәнерлеп оқыңыз.

Егеменді елімнің студенті

(Ә.Кәкімұлы)

Ата-ананың ұшырған ұясынан,

Көрінсе деп білімің қиясынан.

Ақ кептер алып ұшқан көңілдері,

Мектептің сусындаған сиясынан.

Жүк артар болашаққа үміттерім,

Сейіліп көңілдегі күдіктерің.

Егеменді елімнің студенті,

Атанған ару қыз бен жігіттерім.

Тау-шыңға өрмелейтін қарындарым,

Шақырып алдарыңда тұр арманың.

Қазағымның аз емес жоғалтқаны,

Соның орнын толтырар жыр-арманым.

Қозы-Баян махаббат мұраттарың,

Төлегендей Жібекті ұнатқаның.

Еріп кетпей сезімнің сиқырына,

Білімнің де аша түс бұлақтарын.

2-тапсырма. Өлеңнің мағынасын таратып айтып беріңіз.

3-тапсырма. Бір-бірлеріңізден мамандықтарың, болашақтағы жоспарлаған жоспарларың мен мақсаттарың туралы интервью алыңыздар.

Грамматикалық сілтеме: Айтылуға тиісті сөйлем мүшелері иүгел қатысқан жай сөйлемнің түрін толымды сөйлем дейміз.

Айтылуға тиісті сөйлем мүшелерінің бірі түсіп қалған жай сөйлемді толымсыз сөйлем дейміз.

4-тапсырма. Өлең жолындағы толымсыз сөйлемдерді тауып, қажетті сөйлем мүшесін толықтырыңыз.

5-тапсырма. Жоғарыда алған интервьюлеріңізден толымды сөйлемді бір бөлек, толымсыз сөйлемді бір бөлек көшіріп жазыңыздар.

6-тапсырма. «Ел болашағы білікті маман қолында» деген тақырыпта ой толғау жазыңыз.

Автордың аты-жөні: Ж.Е.Айнақұлова

А.Б.Кожалиев

«Қазақ және орыс тілдері»

кафедрасының меңгерушісі Г.А.Алтаева