Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
каза яз-1 прод.doc
Скачиваний:
21
Добавлен:
06.03.2016
Размер:
351.74 Кб
Скачать

VIII бөлім. Замандас ақын-жазушылар

22-САБАҚ

Лексикалық тақырып: Ақиық ақын - М.Мақатаев

Грамматикалық тақырып: Шылаудың емлесі

Лексикалық минимум: үлес, шың, жалған, ақтық, жады, қия, өр, күйреу.

1-тапсырма. Берілген өлеңді мәнерлеп оқып, жаттап алыңыз.

Арманда, ұлым!

(М.Мақатаев)

Кім боласың,

Қандай өмір сүресің,

Ол - өзіңнің үлесің.

Ақылымды тыңда, мейлің тыңдама,

Тілегім бар бір ғана:

Шығып ал да арманыңның шыңына,

Сосын, мейлі, ұшып өл де, сырғана.

Болса ақылың біл мынаны: жалғанда

Жолай көрме арманы жоқ жандарға?!

Арманда, ұлым, арманда!

Арманда, ұлым, ақтық демін қалғанда!

Бүкіл өмір, бүкіл дүние, бар жалған,

Жадыңда, ұста, жаратылған арманнан!

Өміріңнің аяғы жоқ, басы жоқ,

Өлген артық армансыз боп қалғаннан.

Айтқанымды жөн де, мейлі, жөн деме,

Арманда, ұлым, қия деме өр деме,

Шығып ал да арманыңның шыңына,

Қира мейлің, күйре мейлің, дөңгеле.

2-тапсырма. Өлеңнің идеясын ашыңыз.

3-тапсырма. «Арманы жоқ адам болады» дегенге сенесіздер ме? және «Арманшыл болу дұрыс па?» деген тақырыпта пікірталас не академиялық дау-дамай ұйымдастырыңыздар. Грамматикалық сілтеме: Шылаулардың көпшілігі өздері қатысты сөздерден бөлек жазылады және кейбірі дефис арқылы жазылады. Бөлек жазылатын шылаулардың көбі кейбір граммтикалық тұлғалармен сырт жағынан ұқсас болып келеді. Мысалы, ма (ме, ба, бе, па, пе) шылауы болымсыз етістік жасайтын жұрнақпен ұқсас. Брасың ба? – барма. Мен (бен, пен) шылауы көмектес септік жалғауымен тұлғалас. Өнер мен ақыл – ақылмен жең.

4-тапсырма. Өлеңнен шылауларды тауып, түрлерін ажыратыңыз. Болымсыз етістікті және болымсыз етістіктің жұрнағымен тұлғалас шылауларды тауып жазып, жазылу емлесіне назар аударыңыз, айырмашылығын айқындап алыңыз.

5-тарсырма. Жақшаны ашып, жақша ішіндегі сөздердің шылау не қосымша екенін ажыратып жазыңыз.

Сырым(да) – осы,

Жырым(да) – осы,

Алдың(да).

Байқашы бір,

Бықсыдым(ба), жандым(ба)

...Махаңдар жоқ,

Махаңдардың сарқыты –

Мұқағали Махатаев бар мұнда!

6-тапсырма. Арман мен мақсат! Осы екі ұғымның ұқсастығы бар ма? Өз ойыңызды ашып жазыңыз.

7-тапсырма. М.Мақатаев туралы мәлімет жинақтаңыз.

23-САБАҚ

Лексикалық тақырып: М.Шаханов

Грамматикалық тақырып: Одағай, түрлері

Лексикалық минимум: кею, маң-маң басу, әдіптеу, ішік, үгіттеу, қапысыз, парасат, ізгілік.

1-тапсырма. Өлеңді мәнерлеп оқыңыз.

Әке үкімі

(М.Шаханов)

Шомбал жігіт кіріп келді ентелеп,

- Әке, - деді ол кірген бойда,

- Әке, - деді еркелеп-

Жүруші едің меған ылғи өкпелі,

Кеюші едің

Мал болмайсың деп мені.

Сол сөзіңді, сірә, қайтып аласың-ау шамасы

Аты шулы Баймағанбет сұлтанның

Маған берген сыйлығына қарашы!

Төрде отырған әкесінің алдына,

Маң-маң басып барды да,

Алтын жіппен әдіптелген жағасы

Сұр ішікті тастай салды баласы.

- Иә, сөйле, -деді әкесі, -

Қандай ерлік көрсеттің?

Екі ай бойы, қане, қайда жол шектің?

Баласы айтты:

  • Топ бастадық төрт адам.

Махамбеттің жақыны

Ықыласты үгіттеп,

Мақтап, қағып арқаға

Қосып алдық ортаға.

Бұл түгелдей мына ұлыңның ақылы.

Еркін жетер әңгіме ол бір таңға.

Қапысызда қармақ салып,

Махамбетті алдап соғып,

Басын кесіп сыйға тарттық сұлтанға.

  • Ой, залым-ай, жүзіқара залым-ай.

  • Мұнша залым екеніңді қалай келгем танымай!

Бұдан өткен зор қасірет болар ма,

Бұдан өткен зор қасірет болар ма,-

Деп әкесі жас үйірді жанарға.

Құдіретті шындығынан танбаған,

Парасатын ізгілікке жалғаған,

Ақын деген киелі аққу самғаған.

Ал, ендеше, аққуды атқан пендені

Қай атаңнан көріп едің, оңбаған!

Ертең сені қойып желдің өтіне,

Ызалы ұрпақ түкіреді бетіңе.

Жә, не қайыр, налы мейлі, налыма

Сорлы балам, туыпсың-ау сорыма.

Өзің түстің өзің қазған орыңа.

2-тапсырма. Махамбет туралы не білесіңдер

3-тапсырма. Өлеңнің идеясын ашатындай сұрақтар құрыңыз.

Грамматикалық сілтеме: Толық мағынасы жоқ, тек адамның әр түрлі көңіл-күйін, сезімін білдіретін немесе жан-жануарға, малға қаратылып айтылатын сөздер одағай деп аталады. Түрлері: көңіл-күй одағайы, жекіру одағайы, шақыру одағайы.

4-тапсырма. Өлең жолынан одағай сөздерді тауып, мағынасын айқындаңыз. Сол одағайды қатыстырып, сөйлем құраңыз.

5-тапсырма. Мына өлең жолынан одағайды тауып, оның өлеңге үстеп тұрған мәнін ашыңыз.

Әттең, біздің сор маңдайлы Жайықта

Ерлер аз ғой бара алатын байыпқа!

Тым кеш ұқтым,

Махамбеттей батырға

Бүкіл қазақ ғашық болса айып па

6-тапсырма. Одағайдың түр-түрін қатыстырып, «Ақын-киелі есім» тақырыбында ой толғау не шағын сюжетті әңгіме жазыңыз.

7-тапсырма. М.Шахановтың өмір жолы туралы мәлімет жинақтаңыз.

24-САБАҚ

Лексикалық тақырып: Ә. Кекілбаев

Грамматикалық тақырып: Еліктеу сөздер

Лексикалық минимум: ірге, кенет, буалдыр, бұлдырау, әулет, тұсаулы, елегізу, әмір.

1-тапсырма. Мәтінді оқып, мазмұндаңыз.

«Күй» хикаятынан үзінді

Қарауыл төбе жақты іргеден бағып отырған қызыл шыбығы, қара шыбығы аралас торы ала ала шапанды қайыс қараның иық тұсы бүлк ете түсті. Мүлгіген бастар селк етіп айыр сақалға қарады. Кенет жұрттың өзіне тесіле қалғанын көріп, айыр сақал артына бұрылды. Еңкейіп іргеге көз салды. Қарауыл төбенің шығыс жағынан төбелерімен көк тіреген екі-үш қарайған шығыпты. Жүрістері өнбей көкжиекте бұлдырап тұрды да қойды. Қарауыл төбенің басындағы қара буалдыр орнынан тырп еткен жоқ. Айыр сақал тіктеліп отырды. Елегезіп еңсе көтеріп алған сеңсең бөріктер қайтадан сұлқ түсті.

Жаңағы қарайғандар тезек теріп келе жатқан мәңгүрт қазақтар болып шықты. Олар өткен жазда қолға түскен тұтқындар еді. Бұл Дүйімқараның туған нағашысының ауылын шауып, он бестен он алтыға енді шығып отырған алты қыз бен он алты-он жеті жасар алты бала жігітті таңдап жүріп атқа өңгеріп әкеткен-ді. Алты қыз адайдың арулары екен. Бетінен қаны тамған, тостаған көз қырдың қызын көргенде, Мәмбетпана әулеті түгел естерінен танды. Бай ауылдың шетінен әупірім көп жігіті тұтқыннан келген алты сұлуды өзара бөлісе алмай, әлі дау-шармен жүрген көрінеді. Алты бала жігітті бұл бай ауылға түсірмей, өз ауылына алып келді. Аз ғана ағайынын жиып ап әмір қылды. Бұл атаның өзінен үлкен ақсақалы – балгер Аннадүрдіні Мәмбетпанаға жұмсады. Кешегі жорығымен алты күннің ақысына ана жылы Хорезм шапқынынан қолға түскен ақ інгеннен туған ақ тайлақтардың біреуін бересін, Көкбөрінің басына сойып құдайы берем деді. Қас дүшпаннан қан құстырардай қып өш алып қайтқан соң, інісінің басына ақ түйе сойып, айбынын асырғысы келді. Аннадүрді Мәмбетпананың ауылына көп айналған жоқ, сол күні кештетіп екі өркеші баладай ақ тайлақты жетелеп қайтты. Ақ тайлақ ауылдың қасындағы шөбі әлі тұяқкешті бола қоймаған астау ойға жайылып шықты. Тұсаулы тайлақты таң атқанша атқа мініп үш жігіт күзетті.

2-тапсырма. «Мәңгүрт» дегенді қалай түсінесің?

3-тапсырма. Мәтіннен түсініксіз сөздерді көшіріп жазып, мағынасын түсіндірме сөздік арқылы айқындаңыз.

Грамматикалық сілтеме: Айналадағы әр түрлі құбылыстардың дыбыстарына, қимыл-әрекеттеріне еліктеумен немесе олардың бейнелерімен байланысты туған сөздер еліктеу сөздер деп аталады. Мағынасына қарай екіге бөлінеді: 1) еліктеуіш сөздер – дыбыстарға еліктеу арқылы пайда болған сөздер: тарс-тұрс. 2) бейнелеуіш сөздер – табиғаттағы заттардың қозғалысын, күйін көру арқылы сипаттайтын, бейнелейтін сөздер: жалт-жұлт.

4-тапсырма. Мәтіндегі қарамен жазылған сөздердің қайысысы еліктеу сөз екенін анықтаңыз да, сол еліктеуді қатыстырып сөйлем құраңыз.

5-тапсырма. Берілген жұмақтарды көшіріп жазып, шешуін табыңыз. Құрамынан еліктеу сөздерді тауып, мағыналық түрін айқындаңыз.

Қақпаны тарс-тұрс жабады,

Терезені қағады.

Уілдейді ысқырып,

Қорқытады баланы.

Екі езуі екі құлағына жетеді,

Тамақ жесе ызың-ызың етеді.

Қырық екі тілі бар,

Тық-тық еткен үні бар.

Оның жазған сөздерін

Оқыған жан ұғынар.

Жымың еткен көздері

Түнде алыстан жанады.

Таң атқанда өздері

Жасырынып қалады.

6-тапсырма. Селк етті, сақұр-сұқыр, жалт қарады, гүрс етті, шарт сынды, бұрқ-сарқ қайнады, жылт етті деген еліктеу сөздерді қатыстырып сөйлем құраңыз. Еліктеулерді мағынасына қарай айқындңыз.

7-тапсырма. Ә.Кекілбаевтың «Күй» хикаятының ізімен түсірілген «Кек» атты фильмді көріңіздер. Сол фильм негізінде әңгіме жүргізіңіздер.