Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
каза яз-1 прод.doc
Скачиваний:
21
Добавлен:
06.03.2016
Размер:
351.74 Кб
Скачать

III бөлім. Табиғат пен ана - егіз ұғым

5-САБАҚ

Лексикалық тақырып: Табиғат - туған анаң, асыл қазынаң

Грамматикалық тақырып: Сөзжасам. Түбір мен қосымша

Лексикалық минимум: туынды, қасиетті, уағыз, құрмет тұту, құт, ырым, жаршы, бастама, аңыз, жоралғы.

1-тапсырма. Мәтінді оқып, баяндаңыз.

Табиғат - туған анаң, асыл қазынаң

Ерте кездерде халқымыз табиғаттың кейбір туындыларын киелі, қасиетті деп ұғып, оларды өлтіруге, жоюға болмайтындығын уағыздаған. Сонымен бірге табиғат пен адамды біртұтас, бір-бірінен бөлуге болмайды деп қараған. Сондықтан адам табиғаттан өз керегін ғана алып, қалғанына еш уақытта зиянын тигізбеген. Қазақтар киеге үлкен мән береді. Табиғаттың кейбір жануарлары мен құстарын, көшпелі тұрмысқа қажетті заттарды киелі деп қастерлейді. Осы аталғандарды құрмет тұту, ырым жоралғысын жасаттыру адам баласына байлық пен бақыт, құт әкеледі деп атап көрсеткен. Халық табиғаттағы өздері қастерлеген жерлерді «әулие-бұлақ», «әулие-ағаш» деп атап, оларды көздің қарашығындай қорғап отырған. Ал қарлығаш, аққу сияқты құстарды «жақсылықтың жаршысы, бақыттың бастамасы» деп, ұясын бұзуға, балапанын жоюға рұқсат етпеген. Бұл арада ақын М. Кенжебаевтың мына жыр жолдарын атап өтуге болады.

Қасиетті сөз бар еді кие деген,

Киеліге жоламас күйе деген.

Жерін, елін, Отанын сүйетіндер,

Ең алдымен, бұл сөзді сүйеді ерен.

Тірі нәрсе – шөп деген, көгал деген,

Көкті жұлма, болады обал деген!

Ата-анамыз жыланға үйге кірген,

Ақ сүт құйып басына, «жоғал» деген.

Халық даналығында халқымыздың табиғатқа жанашырлық қасиетін аңғартатын аңыз-әңгімелер де көптеп кездеседі.Соның бірі асқан ақыл иесі Төле би атамызға байланысты айтылады. Ертедегі жоңғар шапқыншылығы кезінде ел жерінен босып қаша жөнелген кезде Төле бидің үйін жықпай отырғанын қалмақтың әскер басы көріп, себебін сұрағанда, данышпан ата шаңырағында қарлығаштың ұя салып, балапан шығарғанын және сол қызылшақа балапандарды қырып алмау үшін үйін жықпай отырғандығын айтады. Мұны естіген әскер басы ақсақалдың адам баласы сүйсінер ер қасиетіне разы болып, оның өзіне де, қарлығаш балапандарына да тимеген екен деген аңыз бар.

2-тапсырма. Мәтін бойынша сұраулы жоспар құрыңыз.

3-тапсырма. Ел Президентінің «Жасыл ел» бағдарламасының мақсаты неде?

Грамматикалық сілтеме: Сөз түбір мен қосымшадан тұрады. Сөздің ары қарай бөлшектеуге келмейтін түпкі бөлігін түбір десек, түбірге мағына үстейтін, жеке қолданылмай, тек түбірмен қосылып жұмсалатын бөлшекті қосымша дейміз. Мысалы: бала+ лық, біл+ім+ді+лер.

Қосымша екіге бөлінеді: жұрнақ және жалғау.

4-тапсырма. Мәтінде қарамен берілген сөздердің құрамын анықтаңыз.

5-тапсырма. Төмендегі сөйлемдерден қосымшалы сөздерді тауып, ондағы қосымшаларды жалғау мен жұрнаққа ажыратыңыз.

Тауда жаңа жаңбыр жауып өткен екен. Алқаптағы көгал масаты кілемедей құлпырып, иісі мұрын жарады. Көз ұшында бұлдыраған аққудың жұмыртқасындай екі ақ үй енді бір қырқадан аса бергенде алдынан кез бола кетті. Жерошақтан жылжып ұшқан бұйра түтін аспандағы кемпірқосақпен жалғасып, көзден ғайып болып жатыр.

6-тапсырма. Табиғатқа байланысты тыйым сөздерді жазыңыз.

7-тапсырма. «Табиғат пен ана – егіз ұғым» деген тақырыпта шағын эссе жазыңыз.

6-САБАҚ

Лексикалық тақырып: Экологиялық апат аймақтары

Грамматикалық тақырып: Зат есім. Зат есімнің түрленуі

Лексикалық минимум: ұлан-ғайыр, қауіп, ұлғайту, адам айтқысыз, зардап, мүлдем, тұқым, аймақ, шұғылдану, мекен.

1-тапсырма. Мәтінді оқып, баяндаңыз.