Добавил:
Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
На сортировку / 2 / Тарих / билет тарих / 1.Қазақстан тарихы / Тарих / жанарбектен / на каз / ҚАЗАҚСТАН РЕСЕЙ ИМПЕРИЯСЫНЫҢ ҚҰРАМЫНДА.doc
Скачиваний:
352
Добавлен:
20.02.2017
Размер:
2.42 Mб
Скачать

§ 11. Қазақстанның ресей империясының шикізат базасына айналуы

Қазақстандағы түсті металл кен орындарын игерудің басталуы. Ежелгі заманнан бері Орталық және Шығыс Қазақстан аймағында тау-кен өндірісі мен мыс, қорғасын, қола, күміс, алтын металлургия өндірісі  дамығандығы тарихтан белгілі. Алайда кен орындарының ашылуы мен түсті металлургия өндірісінің біртіндеп дамуы революцияға дейінгі дәуірде шындап қолға алынды.

1814–1815 жылдары Орынбор әскери-барлау экспедициясы жергілікті қазақтардың көрсетуімен Ұлытау ауданында Қорғасынтау және Мыстау деп аталған ежелгі кен орындарын тапты. Сонымен қатар, 1816 жылғы Батыс Сібір экспедициясы солтүстіктегі қорғасын және т.б. металл орындары іздерін барлап қайтты.

Қазақстан далаларындағы түсті металл кен орындары туралы хабарлар Ресейдің  кен өнеркәсібімен айналысатын саудагерлердің құлағына жетеді. Қазақ өлкесіне кен іздеп келгендердің алғашқыларының қатарына Томск губерниясынан алтын өнеркәсібімен айналысатын С. И. Попов және оның балаларын жатқызуға болады. Алтай өңірінде бірнеше алтын кеніштері болған Поповтар Баянауыл және Қарқаралы сыртқы округі қазақтарының арасында қосымша сауда ісін жүргізумен де айналысқан. Олар өздеріне таныс қазақтардан округ аумағында мыс, қорғасын, күміс кені орындары бар екендігін естіп біледі. Поповтар аздаған сый-тартулар жасау арқылы ежелгі тұрғындардан көне кен орындарының қай жерге орналасқандығын біліп алады.

Осылайша 1820 жылдан бастап Попов үкімет органдарының рұқсатымен ежелгі Берікқара кенішінен күміс-қорғасын рудаларын Алтай металлургия зауыттарына Ертіс бойымен тасып әкете бастады. Тек 1854–1860 жылдары ғана кеніштен таза 1 млн 300 мың сом таза пайда түседі.

Көпес, кен кәсіпкері Попов Қарқаралы және Баянауыл округтерінде кен өндіру және тау-кен зауыттарын салып, оның шикізатымен Алтай металлургия зауыттарын жабдықтап тұрды. ХІХ ғ. ортасынан бастап Поповтарға тиесілі төмендегідей зауыттар жұмыс істеді: Благодатно-Стефановск қорғасын-күміс-мыс зауыты, Александровск қорғасын-күміс-мыс зауыты, Николаевск мыс-қорғасын зауыты, Қызылтау мыс балқытатын зауыт, Степановск (Қызыл-Еспе) қорғасын зауыты және Козьмо-Демьяновск қорғасын-күміс-мыс зауыты. Бұл зауыттар тас көмір кеніштерінен алынған отынмен жұмыс істеді. Қызылтау, Майкөбе, Степановск (Жамантұз), Талдыкөл тас көмір кеніштері де Поповтардың меншігінде болды. Бұл кеніштерден 1893 жылға дейін 40,7 мың тонна көмір өндірілді, бұл Орталық Қазақстанда өндірілген өнімнің 11,5%-ы. Ал  барлық Орталық Қазақстан көмір кеніштерінен өндірілген  көмірдің 85%-ы Қарағанды кеніштерінің иесі — Рязановтарға тиесілі болды.

Қарағанды көмір кеніштері, сол сияқты Спасск мыс өндірістеріне енетін тағы басқа Спасск, Воскресенск, Успенск және Жезқазған мыс кеніштері, Саран көмір кеніші және Спасск мыс балқыту зауыты – осылардың бәрі 1847 жылдан 1904 жылға дейін кен кәсіпкерлері Ушаков пен Рязанов және т.б. екі Екатеринбург кәсіпкерлерінің компаниясына тиесілі болды. Кейіннен компания тараған кезде ең көп қаржысы бар (50%-дан астам) Рязанов барлық Спасск мыс кендері өндірісінің толық қожайынына айналды. Рязанов өндірісті 1904 ж. шетел капиталистеріне сатты. 1904 жылдан 1919 жылдың соңына дейін патша үкіметінің келісімімен шетелдік “Спасск мыс кені” акционерлік қоғамы басқарды. Осылайша Қарағанды көмір кеніші, Спасск мыс өндірісі және т.б. ағылшын мен француздарға жалға берілді.

Өндіруге қаржысы жоқ болса да Рязанов, Ушаковтардың барды қамтып қалуға деген тәбеті зор болды. Мәселен, Ушаковтың Ақмола және Атбасар сыртқы округтерінде 28 кен орындары, Көкшетау округінде 6 мыс кені болды.

Қазақ даласына ағылған көпестер әрине, өлкенің табиғат байлықтарын неғұрлым көбірек өз қол астына басып қалуға ұмтылды. Тек қана Семей және Ақмола облыстарында 15 жылдың ішінде (1880–1894) кен және тас көмір орындарын игеруге барлығы 415 өтініш келіп түскен. Тек қана Қарқаралы уезі бойынша өтініштер саны 15 жылда 293-ке жетті, олардың 252-сі түсті металл (бірінші кезекте мыс), 41-і тас көмір орындарын игеруге арналған. Көпес-кен кәсіпкерлері Отарлық Қазақстанның кен орындарын өз меншіктеріне айналдыру арқылы кейіннен олардан алыпсатарлықпен пайда көруді ойлады. Сауаты шамалы көпестер тау-кен ісінде ешнәрсе түсінбеді, барлау жұмыстары жүргізілмеді, кен мен тас көмір өндірілмеді, өндірілсе де, оларды сол жерде балқыту қолға алынбады. Көпестер өндіріске капитал жұмсағылары келмеді. Аса бай көпестердің Орталық Қазақстан аумағында орасан зор кен аймақтарын игеруге рұқсат беретін жүздеген куәліктері болды да, ХІХ ғ. соңы мен ХХ ғ. басында оларды шетел кәсіпкерлеріне сатуға кірісті.

Мәселен, павлодарлық көпес-кен кәсіпкері А.И.Деров және оның әйелінің 800 шаршы шақырым жерге барлау жүргізуге құқық беретін 200-ге жуық куәліктері болды. Сол сияқты Қарқаралы уезінде Н.И.Перфильев және В.В.фон Рибен компаниясының 720 рұқсат куәлігі болды. Ал С.Попов мұрагерлерінің “Кен зауыттары мен рудниктердің серіктестігінде” 1911 жылы 68 кен және көмір кеніштері болды. 1840–1877 жылдары бұл кен орны Қарқаралы округіндегі Поповтардың Благодатно-Стефановск және Николаевск күміс-қорғасын зауыттарының (1844) негізгі шикізат көзіне айналды. Көптеген кен орындарын ежелгі кен орындарының ізі бойынша жергілікті қазақтар тапқанымен, оларды Ресейден келген тау-кен өнеркәсіпшілері иеленіп кетті. Патша үкіметі Қазақстанға метрополияның тек шикізат көзі ретінде қарады. Сондықтан қазақтардың өздері ашқан тау-кен және көмір кеніштерін өндіруге қазақтардың өздерін жібермеді. Мәселен, кен іздеуші пайдалы қазба орнын тапқаннан кейін, сол бөлікке бағана орнатып, жергілікті билік органдарынан өндіру жұмысымен айналысуға рұқсат сұрап өтініш беретін. Мәселен, Қарқаралы уезінің бай қазағы Керсембек Қалмамбетовтың 1886 жылғы күміс-қорғасын орындарын алғаш ашушы ретіндегі ресми өтініші қанағаттандырылған жоқ. Сол сияқты осы уездегі тас көмір кенішін игеру туралы 1903 жылғы Қазанғап Досановтың өтінішіне де теріс жауап қайтарылды. 1856 ж. Қаржы министрінің нұсқауымен Алтай тау-кен зауыттарының бастығы Баянауыл округінің аға сұлтаны Мұса Шормановқа алтын және кен кәсібімен айналысуға рұқсат куәлігін бергізбеді.

Спасск мыс кендері мен Алтайдағы өндірістер. 1856 жылдан бастап өндіріле бастаған Қарағанды көмірі де Спасск мыс балқыту зауытын отынмен қамтамасыз етіп тұрды. Ал әр түрлі кен орындары зауыттың минералдық шикізат көзіне айналды. Спасск мыс балқыту зауыты 1860 ж. іске қосылды. Зауыт Қарағанды көмір бассейнінен оңтүстік-шығысқа қарай 40 км жердегі Спасск кенішіне (Ақмола округы) жақын жерге салынды. Спасск кенішін де Ушаков 1851 ж. жергілікті Жуасбай, Доғалақ, Ақыл Өкеновтар мен Байжан Тоқтамысовтардан 228 сом 57 тиынға жалға алған болатын. Ал зауыттың негізгі базасы, сол кезеңдегі ең ірі бай кеніш Успенск кеніші еді. Оны 1852 ж. Ушаков жергілікті Қарабақсы Боздақовтан 86 сом күміс ақшаға жалға алған болатын. Бұл посессиондық құқық негізінде жерді иеленушілер іс жүзінде бұл иеліктерді жекеменшікке айналдырып алды. Успенск кеніші 1855 жылдан 1915 жылға дейін 13 жыл үзіліспен (1886—1898 жж.) жұмыс істеді. 1904 жылға дейін Ресей кәсіпкері Рязановтардың (Ушаков және басқа компаньондары 1860 ж. тастап кетеді), ал 1904 жылдан Қазан революциясына дейін ағылшындар мен француздардың қарамағында болды. Кәсіпкерлер мыс кенін үш түрге бөліп, тек мысы көп І және ІІ сортты кенді ғана пайдаға жаратты. Кеніштен Спасск зауытына дейін (105 км) кенді түйемен, атпен, өгізбен жергілікті қазақтар тасыды. Жүз шақырым қашықтықта бір пұт жүкті тасымалдауға небары 2—3 тиын ғана ақы төленді. 

Қарағанды мен Спасск зауытын жалғастыратын 40 шақырымдық темір жол тек 1908 ж. ғана салынды. Спасск мыс балқыту зауыты 1910 ж. жөндеуден өткеннен кейін Қарағанды көмірі мен мыс кеніне деген сұраныс арта түсті. Мысалы, Успенскіде 1904—1908 жж. — 41 мың т, 1909—1915 жж. — 157 мың т мыс кені өндірілді. Мыс балқытуға ғана 1905 ж. — 574 мың пұт, ал 1914 ж. — 1632 мың пұт көмір жұмсалды. Демек көмірді пайдалану артып отырды. Рязановтар Спасск зауытын барлық кеніштермен бірге ағылшын-француз капиталисінің сенімді өкілі П.Ф.фон Штейнге үш жылға (1904—1907 жж.) жалға береді. Жалға алу келісімінен кейін ағылшын-француз компаниясы патшалық Ресейден аталған кәсіпорындарды жеке меншікке алуға ұмтылды.

Патшаның өзі француз президентінің баласы  Карноға Рязановтың өндіріс орындарын сатып алуына рұқсат берді.

1904 ж. Лондонда “Спасск мыс кендері акционерлік қоғамы” құрылды. 1905 ж. акционерлік қоғам Спасск мыс балқыту зауытын, Успенск кенішін, Қарағанды көмір кенішін 776 мың сомға Рязановтардан сатып алды. Спасск акционерлік қоғамының капиталы алғашқы кезде 362 мың фунт стерлинг болса, 1911 ж. 600 мың ф. ст. жетті. Шетелдіктер патша үкіметінің қолдауымен Қарағанды көмір кенін және Успенск мыс кенішін жыртқыштықпен аса зор көлемде игеруге кірісті. 1904—1915 жылдары 30 мыңға жуық мыс балқытылды.  Ірі капиталистік елдердің бірінші дүниежүзілік соғысқа дайындала бастауы (1914—1917 жж.) мыс сияқты стратегиялық металға деген сұранысты арттыра түсті. 1913 ж. зауыт өз тарихында ең көп — 5021 тонна  таза мыс өндіріп, Ресейде мыс өндіруден екінші орынға шықты. Бірінші орындағы Оралдағы Карабаш мыс қорыту зауыттары да Спасск зауыты сияқты шетелдіктердің қолында болды.

Петербургтегі таза мыстың 1 пұттық нарықтық бағасы 1911 ж. — 14 сом 31 тиыннан 1915 ж. — 23 сом 50 тиын, Оралда  тіпті 34 сомға жетті. Шетелдіктер қарамағындағы зауыттар әскери қимылдар жылдарында (1914—1917 жж.) қорғаныстық маңызы бар металл өндіруді бірден азайтты. Себебі бірінші сортты кен аяқталып, екінші сортты кенді игеру үшін зауытты қайта құру қажет еді. Осылайша екінші сортты мыс кендерін өндіретін Сарысу кен байыту фабрикасы салынды. Сарысудың мыс кендері концентратын балқыту үшін Спасск зауыты қайта құрылды.

“Спасск мыс кендері акционерлік қоғамында” еңбек ететін жұмысшылар саны 1913 ж. 6 мың адамды құрады. Тек Спасск зауытында 1913—1914 жылдары 1 мың адам еңбек етті. Олардың 70%-ын қазақтар құрады. Қарағанды көмір кенішіндегі 700 адамның 75%-ы қазақтар болды. Бұл адамдардың бұлшықетінің күшімен ХІХ ғ. екінші жартысы — ХХ ғ. басында Спасск мыс кені өндірісінде 70 млн пұт Қарағанды тас көмірі, 20 млн пұт мыс кені және 2,5 млн пұт таза мыс өндіріліп алынды. Бірінші дүниежүзілік соғыс кезінде азая бастаған мыс өндірісі 1918—1920 жылдардағы Азамат соғысы кезінде тоқтатылды. Спасск мыс кендері акционерлік қоғамының ірі өндірісі 1918 ж. Ленин қол қоюымен мемлекет меншігіне айналды.

Ақмола облысы Атбасар уезі аумағында орналасқан Жезқазған мыс кеніші де (1847—1906 жж.) Рязанов компаниясынан “Атбасар мыс кендері акционерлік қоғамы” (Лондон) қолына көшті. Оның 40% акциясы Спасск акционерлік қоғамына тиесілі болды. Атбасар акционерлік қоғамы Жезқазған кеніші мен Байқоңыр көмір кеніші негізінде Қарсақбай — Жезқазған мыс балқыту зауыты құрылысын қолға алды. 1917 ж. іске қосылуға тиесілі болған зауыт жұмысы аяқталмай қалды. 1920 ж. аяқталмай қалған өндірістер ағылшын кәсіпкері, миллионер Лесли Уркварттың қол астындағы басқа да Спасск зауыттары сияқты мемлекет меншігіне алынды.

ХVІІІ—ХІХ ғасырларда Кенді Алтайда 850 түсті металл кен орындары табылды. Олардың ішіндегі ең үлкендері: Риддер (1784 ж.), Зыряновск (1791 ж.), Бұқтырма (1784 ж.) және т.б. базасында кейіннен күміс-қорғасын-мыс зауыттары пайда болды. Жалпы Алтай өңірінде тау кені, кен зауыттары өнеркәсібінің алғашқы негізін салушы А. Н. Демидов болды. Ол тулалық ұста, Ресейдегі ондаған зауыттар иесі, аса ірі кен кәсіпкері Н.Демидовтың баласы болатын. 1738—1740 жж. А.Демидов Барнауыл күміс-қорғасын зауытын, 1744 ж. Шығыс Қазақстанда Шүлбі мыс балқыту зауытын салды. Өндірілген алтын-күміс Петербург ақша сарайына, ал қорғасын Ертіс пен Тобыл су жолымен Оралға жеткізілді.

1747 жылдан А.Демидов (қайтыс болған соң) кәсіпорындары патшаның жеке меншігіне айналды. Енді оларды мемлекет басқаратын болды. 1831 ж. құрылған Алтай кен округы қарамағында 1764—1804 жылдары 5 зауыт салынды. Оларды Қазақстан кеніштері шикізатпен жабдықтап тұрды. Қазақстан кенінен алынған Алтайдың бағалы металдарынан теңге ақшалар соғылды. Алтай кеніштерінен 2,5 мың т алтын араласқан күміс, 115 мың т қорғасын, 18 мың т мыс өндірілді. Алтын араласқан күмістен Петербург теңге сарайында 30—35 пұт таза алтын тазартылып алынды. Тек Зыряновскіден бүкіл Алтай кенінің 45,8% өндірілді. Ертіс өңірінен — 28,9%, Риддерден — 25,3%. Кенді Алтай бүкіл Ресейдегі өндірілетін күмістің 75%-ын берді, ал Нерчинск округы (Чита облысы) небары 25% берді. Бұл мәліметтерге қарап отырып,  Қазақстанды Ресей империясының металлогенді провинциясы болды деп толығымен айтуға болады.

Екібастұз металлургия зауыттары. Павлодардан Балқашқа дейін созылып жатқан Екібастұз көмір кеніші және басқа пайдалы қазбалар орындары “Воскресенск кен өнеркәсібі акционерлік қоғамына” қарасты болды. Ұзындығы 110 шақырым болатын Екібастұз — Ермак темір жолын осы 1899 ж. ұйымдасқан “Воскресенск кен өнеркәсібі” акционерлік қоғамы салды. Бұл қоғамның негізгі акционерлері   Деров, Бродский, Викторский, Смирнов және басқалар болды. Қоғамның жоғары басқармасы Киевте орналасты. Қоғам бес жылға (1899—1903 жж.) жуық, 1903 жылғы дағдарысқа дейін өмір сүрді.

Павлодар облысы Баянауыл ауданында Павлодардан оңтүстік-батысқа қарай 150 шақырым жерде орналасқан Екібастұз көмір кеніші 1876 жылдан белгілі еді. Оны игеруді 1893 жылдан Екібастұзды “алғаш ашушы” ретінде Деров қолға алған еді. 1899 жылдан бастап Екібастұз көмір кеніші жанынан 4 шақырым жерде Вознесенск (Воскресенск) мыс балқыту зауыты салынып, 1900 ж. іске қосылды. 

1901—1903 жж. дүниежүзілік экономикалық дағдарыс жылдарында “Воскресенск акционерлік қоғамы” банкротқа ұшырайды. Воскресенск зауыты мен мыс және марганец кеніштері, Екібастұз—Ермак темір жолындағы жұмысшылар жағдайы өте ауыр болды. Жұмыс күні 14 сағатқа созылып, жұмысшылар сыз және лас, тар барақтар мен жертөлелерде тұрды. Жалақыларын ала алмаған 150 жұмысшы бас көтеруге шығады. Жұмысшылар өздерінің табанды күресінің нәтижесінде ғана акционерлік қоғамнан өздеріне тиесілі жалақыны алуға қол жеткізеді. Осыдан аз уақыт өткен соң акционерлік қоғам өз жұмысын тоқтатты.

1913 ж.  барлық зауыт кеніштері, Екібастұз көмір бассейні және темір жол бар дүние-мүлкімен ағылшын-француз капиталистерінің қолына өтті. 1914 ж. Лондондағы Орыс Азия корпорациясы ағылшын миллионері Л.Уркварттың басшылығымен екі кен өнеркәсібі акционерлік қоғамын негіздеді: “Қырғыз (Екібастұз) кен өнеркәсібі акционерлік қоғамы” және “Риддер (Лениногорск) кен өнеркәсібі акционерлік қоғамы”.

Лесли Уркварт және оның компаниясы қарамағында сол кезде Оралдың ірі түсті кен өндірісі ошақтары болды. Британ қаржы олигархиясының аса ірі өкілі Л.Уркварт басқарған ағылшын-американ миллионер кен кәсіпкерлері аса бай Кенді Алтай және Екібастұз өңірінде ескі кәсіпорындарды қайта қалпына келтіріп, жаңаларын салуға кірісті.

1914—1915 жылдары Риддер кен байыту фабрикасы іске қосылды. Оларда байытылып қайта өңделген мырыш және қорғасын концентраттары ұзақ жол жүріп Екібастұзға жеткізілді. Екібастұз көмірі мен коксінде олар балқытылған металға айналды.

“Қырғыз (Екібастұз) кен өнеркәсібі акционерлік қоғамының”  капиталы “Риддер кен өнеркәсібі акционерлік қоғамының” капиталынан екі есе көп болды. Оның 97,6%-ы ағылшындарға тиесілі болды. Екібастұз мырыш және қорғасын зауыттарында 1916 ж. — 2251 жұмысшы болды. Зауыттағы 625 жұмысшының 495-і қазақтар, 132-сі орыстар болды. 1917 ж. жоғарыда аталған кәсіпорындардың барлығы мемлекет меншігіне айналып, Халық шаруашылығының жоғарғы кеңесі қарамағына берілді.

Революцияға дейінгі Қазақстан өнеркәсібі  дамуының жалпы сипаттамасы. Қазақстан өнеркәсібі революцияға дейін нашар дамыды. Сауда операцияларынан  көп пайда түсетін болғандықтан, орыс және жергілікті буржуазияның ауыр өнеркәсіпті дамытуға ынтасы болмады. Сонымен қатар, ауыр өнеркәсіп ірі капиталды  қажет етті. Дегенмен өлкеде көмір, мұнай, мыс кендерін өндіретін кәсіпорындар ашылды. Ресейлік кәсіпкерлер көбінесе өз капиталдарын ауылшаруашылық шикізатын өңдейтін фабрика-зауыттарға бағыттады. Ауылшаруашылық шикізатын пайдаланумен қатар — алтын, тас көмір, мұнай сияқты пайдалы қазбаларды өндірумен айналысты. Қазақстанның табиғат байлықтарын игеру ХІХ ғ. 30 — 40-жылдарынан басталды. Бұл кезеңде Спасск зауыты, Успенск және Жезқазған кеніштері жұмыс істеп жатты. Көптеген бай кен орындарын қазақтардың өздері тапты. Мысалы, 1833 жылы Апақ Байжанов деген кедей қазақ Қарағанды аймағында тас көмір кенін тапты. Бұл кен орыны Игілік Өтепов деген байдың жайылымында орналасқан еді. Өтепов бұл кен орнын 250 сомға Ушаков деген көпеске сатады. Екібастұз тас көмір кенін жұмысшы Қасымов ашты. Екібастұз көмірі Ертіс су кемелері мен Сібір темір жолында үлкен сұранысқа ие болды.

ХІХ ғасырдың соңында тау-кен өнеркәсібі шетелдіктердің қолына өте бастады. Қарағанды кен орыны француз кәсіпкеріне, кейіннен ағылшындарға сатылды. 1896 ж. француз кәсіпкерлері “Зыряновск тау-кен өнеркәсібі қоғамын” құрды. Алтай өңіріндегі бай алтын кені орындарын американ кәсіпкерлері сатып немесе жалға ала бастады.

ХХ ғасырдың басында тау-кен зауыт өнеркәсібінің маңызды салалары (тас көмір мен мұнай өндіру) шетелдіктердің қолында болды. 1904 ж. Ушаков иелігіндегі тау-кен өнеркәсібі ағылшындарға 60 мың сомға сатылды. 1907 ж. құрылған ағылшын акционерлік қоғамына Спасск-Воскресенск мыс кеніші, Спасск мыс балқытатын зауыт, Успенск мыс кеніші, Сарысу өзеніндегі кен байыту фабрикасы, Қарағанды тас көмір кеніші, Жезқазған мыс орындары, Қарсақбай мыс балқыту зауыты, Байқоңыр тас көмір кеніштері қарады.

Австриялық ақсүйек Турн-Такме Риддер мен Зыряновск түсті кен орындарына қожалық етті. Атырау ауданындағы мұнай орындары француз Нобель дегеннің қол астына қарады. Шетелдіктер аса зор пайдаға кенеліп, арзан жұмыс көзі арқылы өлкенің қазба байлықтарын тонаумен айналысты.

1880 жылдардан бастап Ресейде капитализмнің қарыштап дамуы түсті металл мен тас көмірге деген қажеттілікті өсірді. Кен кәсібімен айналысатын алыпсатарлар Орал және Сібірден Қазақ даласына ағылды. 1831—1895 жылдары Қазақ даласынан табылған кен орындарының саны күрт өсті. Мәселен, барлығы 448 мыс және қорғасын-күміс, 138 тас көмір орындарын игеруге өтініштер берілді. Түсті металл мен тас көмірлерді игеруге деген өтініштер қатары бұдан кейін де өсе түсті. 1906 ж. барлығы 857 кен орынына өтініш берілген. Олардың 609-ы — мыс; 71 — күміс-қорғасын және 177 — тас көмір орындары болды. Солардың ішінде Рязановтарға тиесілі болған Успенск кенішінен өлкедегі барлық өнімнің 59%-ы өндірілді.

1913 ж. Қазақстан мен Қырғызстанда 90 мың т көмір, 47 мың т мыс кені өндірілді. Қазақстандағы өнеркәсіптердің дамуы экономикалық жағынан қазақ жерінің байлығына  патшалық Ресей империясының монополиялық иелігін орнатты.