Добавил:
Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
На сортировку / 2 / Тарих / билет тарих / 1.Қазақстан тарихы / Тарих / жанарбектен / на каз / ҚАЗАҚСТАН РЕСЕЙ ИМПЕРИЯСЫНЫҢ ҚҰРАМЫНДА.doc
Скачиваний:
352
Добавлен:
20.02.2017
Размер:
2.42 Mб
Скачать

§ 23. 1917 Жылғы ақпан және қазан революциялары тұсындағы қазақстан

Қазақ қоғамында жаңа ұлттық саяси ұйымдардың пайда болуы. 1917 жылғы ақпанның 27-де Ресейдегі буржуазиялық-демократиялық революция нәтижесінде монархия құлатылды. Патша тақтан түсті.

Революция туралы хабарды бүкіл Қазақстан халқы қуанышпен қарсы алды. Олар оны ұлт аймақтарындағы сан ғасырлық күрестің нәтижесі, ғасырлық армандарының орындалғаны деп қарады.

1917 жылғы Ақпан революциясы нәтижесінде Ресейде қос өкімет орнады. Елді Уақытша үкімет басқарды. Конституция қабылдайтын Құрылтай жиналысы шақырылғанша оған елді уақытша басқару міндеті жүктелді.

Қос өкімет дегеніміз:

1917 ж. наурыз-сәуірде ірі қалаларда құрылған жұмысшы және солдат депутаттарының кеңесі;

Құрылтай жиналысына дейінгі басқаруды қолына алған буржуазия үкіметі (Уақытша үкімет).

Қазақстанда Уақытша үкіметтің өлкедегі ұлттық тірегі комитеттер — 1917 ж. наурыз айының ортасынан құрыла бастаған. Сондай-ақ, ұйғыр-дүнген, қырғыз уездік комитеттері сияқты ұлттық және діни негізде ұйымдар құрылған еді.

Қазақ комитеттері қазақ қоғамындағы ұлттық қоғамдық-саяси ұйым ретінде ұлттық мүддені қорғады. Оның мүшелері Уақытша үкіметтің жергілікті органдары облыстық және уездік атқару комитеттеріне мүше болып кірді. Сол кездегі Орал облыстық Қазақ атқару комитетінің жарғысында ұйымның мақсаты — қазақ халқын жаңа құрылыс негіздерімен таныстыру және оны жүзеге асыру, құрылтай жиналысына әзірлеу делінген.

Құрылтай жиналысы — халық өкілдері мен саяси партия өкілдерінен тұратын мемлекеттік маңызды мәселені шешетін, сайланып қойылатын билік органы. Құрылтай жиналысы болашақтағы мемлекеттік басқару формасын айқындау үшін шақырылатын болды. Сонымен Ресейде Уақытша үкімет халық бұқарасының қысымымен құрылтай жиналысын шақыруға дайындалды. Ол революцияның негізгі міндеті — мемлекет формасы (кеңестер республикасы немесе буржуазиялық-демократиялық республика) мәселесін шешу керек болатын. Елдегі сайлау саяси күштердің нақты ара салмағын, халықтың еркін толық көрсетуге тиіс еді.

Уақытша үкімет ұлт саясатында демократиялық бағыт ұстауға тырысты. 1917 ж. 20 наурызда Ресей азаматтары ұлтына қарамастан құқықтары тең, қайсы дінді ұстаса да ерікті деп жарияланды. 1916 ж. көтерілістен зардап шеккендерге көмек көрсетілді. Қытайға кеткен босқындарды, майдандағы тыл жұмысына алынғандарды Отанына қайтару туралы шешімдер қабылдады. Жоғарыда аталған шешімдерді қабылдауда қазақ комитеттері өкілдері еңбек сіңірді.

1917 ж. кейін ауылдар мен болыстарда земстволық өзін-өзі басқару орындары үшін қазақ зиялылары белсенді үгіт жүргізді. Земстволық басқарма халықтың құқықтары мен еркіндіктерін қамтамасыз ететін жергілікті билік аппараты болды. Земствоға сайлау құрылтай жиналысына сайлау қарсаңында өтті. Саяси партиялар уездік земстволық басқармаларға өз өкілдерін өткізуге тырысты. Ауыл мен болыстардағы земствоға сайлауларда Алаш партиясы өкілдері жеңіске жетіп отырды. Алайда Қазан революциясынан кейін билікті өз қолдарына алған кеңестер жергілікті басқару органы земстволарды жойды.

Сонымен, 1917 жылғы Ақпан революциясынан кейінгі қалыптасқан жаңа уақыт талабы, заман өзгерістеріне сәйкес жаңа міндеттерді орындауға қазақ комитеттері мен земство мекемелері құрылды. Олар украин, башқұрт, татар т.б. халықтардың ұлттық қоғамдық ұйымдары сияқты отарлық езгіден азат ету арқылы ұлттық дербестікке қол жеткізуді мақсат етті. Өз елін өркениетті елдер сапына жеткізуге ұмтылды. Қазақ комитеттері стихиялы түрде құрылғанымен, олардың қоғамдық ұйым ретінде ережесі және жарғысы болды.

Қазақ комитеттері Уақытша үкіметтің атқару комитеттеріне өз мүшелерін сайлап, қазақтарға қатысты істерді шешуге тікелей араласып отырды. Мәселен, Оралда — Ж.Досмұхамедұлы, Семейде — Х.Ғаббасов, Қарқаралыда — Ж.Ақпаев, Жетісуда — Жайнақов, Сырдария облысында — Көтібаровтар атқару комитеттеріне мүше болды. Ақмола облыстық атқару комитетіне қазақ комитеті 10 адамды өкіл етіп кіргізген. Ақмола облысының уездік қазақ комитетінің басында А.Тұрлыбаев, А.Шонаев, С.Сейфуллин, М.Әйтпеков (Омбы уезі), Ә.Жұманов (Көкшетау), Жетісу облысы Үржар уездік атқару комитетінің төрағасы С.Аманжолов, т.б. жұмыс істеді.

Дегенмен патша өкіметінің отарлық саясатының ықпалы Уақытша үкімет тұсында бірден жойылмады. Бұл өз кезегінде Уақытша үкіметтің жергілікті билік орындары мен ұлттық бірлестіктердің бірігіп жұмыс істеуіне кедергі болды. Әр түрлі билік құрылымдарының қарым-қатынасы күрделі жағдайда қалыптасты. Бірде ортақ шешімге келсе, бірде қазақтарға байланысты мәселелерді шешуде біржақты пікір болмады. Мәселен, қазақ халқы үшін өмірлік маңызы бар жер, автономия, тіл мәселелерінің түйінін шеше алмай, Құрылтай жиналысының құзырына ысыра берді. Құрылтай жиналысы арқылы автономия алуға деген сенім ақталмады.

Осыдан келіп қазақ халқының саяси-экономикалық және рухани дербестікке тек ұлттық автономия арқылы қол жеткізетіндігі айқын болды.

Қазақ зиялылары өлкеде ұлттық мемлекет құру ісіне шұғыл кіріседі. 1917 ж. 28 қарашада Қоқан қаласында өткен төтенше ІV мұсылмандар съезі Түркістан автономиясын жариялады. Көп ұзамай қазақ мемлекеттілігі туралы мәселені қараған жалпықазақ съезі 1917 ж. 12 желтоқсанда Орынборда Алаш автономиясын жариялады.

Сонымен, Қоқан және Алаш автономиясы деп аталған ұлттық мемлекеттер дүниеге келді. Бұл ғасырлар бойы аңсаған тәуелсіздік үшін күрестің саяси жолмен келген заңды қорытындысы еді.

1917 жылғы Ресейдегі Ақпан революциясының нәтижесінде қазақ қоғамында бұрын-соңды болмаған қоғамдық белсенділікке жол ашылды. Әр түрлі ұлттық, діни, таптық негіздегі саяси партиялар мен ағымдар бой көтерді. Қазақ халқы үшін патшалық биліктің құлауы азаттыққа деген үміт сәулесін туғызды. Қоғам алдында тұрған жаңа міндеттерді белгілеп берді. Қазақ қоғамының саяси тұтастыққа, идеялық бірлікке ұмтылуы байқалды.

1917 ж. 25 қазанда (жаңаша 7 қарашада) Петроградта болған үкімет төңкерісі нәтижесінде Уақытша үкімет құлатылып, билік басына В.И.Ленин бастаған большевиктік партиясы келді.

1917 ж. Ресейдегі Қазан төңкерісінің Қазақстанның саяси дамуына әсері. 1917 жылғы Қазан төңкерісі қазақ қоғамындағы осы бір қалыптасып келе жатқан ұлтты біріктіру идеясын бұзып жіберді. Ұлттық идеяны таптық күрес идеясымен ауыстырып, қазақ қоғамының ішіне іріткі салып, жікке бөлді.

Қазан төңкерісінен кейін қазақ қоғамы социализм жолына ауыса бастады. Демек, қазақ халқын бостандыққа жеткізудің большевиктік-төңкерісшіл жолы таңдалды. Дегенмен төңкерісшіл ұйымдардың қазақ халқына саяси ықпалы күшті болмады. Себебі өлкеде жұмысшы табы қалыптасып үлгермеген еді. Дегенмен орыс большевиктерінің көмегімен Қазан төңкерісі қазақ қоғамына сырттан таңылды. Бейбіт халықтың Азамат соғысына еріксіз тартылуына әкелген тарихи құбылыс болды. Азаматтық қарсы тұру қозғалысы кезінде Алаш зиялылары ұлттық мүдде үшін кеңестік режіммен күреске шықты. Себебі Кеңес өкіметі бірінші күннен бастап-ақ ұлттық автономия дегенді мойындаудан бас тартқан болатын. Қазан төңкерісі ұлттық идеяларды аяқ асты етіп, елдің эволюциялық даму мүмкіндігін жоққа шығарды. Кеңес өкіметі көп жағдайларда басқа саяси күштердің пікірін есепке алмай, күштеу арқылы орнады. Ресей капитализмінің кенже қалуы, соның салдарынан буржуазияның экономикалық және саяси қуатының әлсіз болуы большевиктердің революция жолымен билікке келуін мүмкін етті. Кеңес өкіметі қоғамның ең кедей топтары — шаруалар мен жұмысшылар, солдат депутаттарының билігі ретінде орнады.

Бірінші дүниежүзілік соғыстың ауыр зардаптары, патша үкіметінің отарлық езгі саясаты халықты бұдан әрі қалыптасқан жағдайды өзгертуге итермеледі. Қалыптасқан ыңғайлы тарихи жағдайды кеңес басшылары өз мақсаттарына өте тиімді пайдалана білді. Бұған келелі мәселелерді шешуде Уақытша үкіметтің батылсыздығы себеп болды.

Большевиктер билік басына келген күннен бастап халықты өз жағына тарту үшін барлық шараларды жүзеге асырды. Бітім, жер туралы декреттерді қабылдау арқылы халықтың төменгі топтарын өз жағына тарта білді.

Енді ұлт-азаттық қозғалыстар мен 1917 жылғы Ақпан және Қазан революцияларының арасындағы байланыстар мен ерекшеліктерге келетін болсақ, біріншіден, ұлт-азаттық қозғалыс пен революцияның мақсатында өзгешеліктер бар. Ұлт-азаттық қозғалыс отаршылдық бұғауынан азат болуды мақсат етсе, орыс халқы империалистік соғыс ауыртпалығынан құтылып, демократиялық даму жолына түсуді армандады. Бұл тұрғыдан алғанда олардың күресі мүдделік жағынан үндестік тапты. Сондықтан 1916 жылғы ұлттық қозғалыс та, Ақпан революциясы да ұлттық дағдарыстан шығуда тең құбылыс ретінде бір жерде емес, барлық аумақты қамтып, көтеріліс шеңберінен шығып, бүкілхалықтық қозғалысқа айналды.

Бұл жай лап етіп лаулап, жалп етіп сөнген көтеріліс емес, ұлттық сатыға көтерілген бүкілхалықтық қозғалыс болды. Отаршылдық жүйеге бүкіл шығыс бір майдан болып көтерілді және ұлтқа төнген қауіп-қатерге қарсы біріккен халықтың шешуші қадамы ретінде тарихи маңызын ешқашан жоғалтпақ емес.

Ұлт-азаттық қозғалыс ұлттық-демократиялық интеллигенция басшылығымен өрбісе, Ресейдегі Қазан төңкерісі социал-демократиялық жұмысшы қозғалысының басшылығымен жүзеге асты.

Қазан төңкерісін Ресей зиялы қауымы да қазақ зиялы қауымы сияқты наразылықпен қарсы алды.

Сондықтан Орта Азия мен Қазақстандағы халық бұқарасы 1916 жылмен салыстырғанда, 1917 жылғы революциялық оқиғаларда белсенділік таныта қойған жоқ. Ұлт-азаттық қозғалыс метрополиядағы жұмысшы қозғалысына ешбір тәуелсіз өздігінше дамыды. Қазақстандағы ұлт-азаттық қозғалысы метрополиядағы революциядан бұрын болғандығы белгілі. 1916 жылғы қазақ халқының ұлттық қозғалысы бүкілресейлік революцияның бастамасына айналды.

1916 жылғы көтеріліске қатысушылардың көпшілігі кейін 1917 жылғы революция мен Азамат соғысы жылдарында Кеңес өкіметіне қарсылар сапында болды. Олардың көпшілігі Кеңес өкіметін жақтаса, сонымен қатар, ақгвардияшылар қозғалысына қосылғандары да болды. Кейін олардың белгілі бір бөлігі 1921, 1931—1933 жылдардағы Кеңес өкіметіне қарсы көтерілістерге қатысты.

1916—1917 жж. оқиғалардың жылдам өрбуі, үкіметтің жиі ауысуы, Азамат соғысы халыққа орны толмас қайғы-қасірет әкелді. Бұл қантөгістерден халық бұқарасы зардап шекті. 1917 жылғы қақтығыстарда қазақ халқы 50 мың, 1918—1922 жылдардағы Азамат соғысында 900 мың адамға кеміді. Дегенмен Ш.Айтматов сөзімен айтқанда:

“Жоқ, адамзат тарихында күшпен басылып тұншықтырылса да, бостандық үшін құрбандыққа барып, бас тіккен батырлықтың, трагедиялық әсемдіктің символы ретінде сан ұрпақтың есінде өшпес із қалдырған көп-көп көтерілістер, ереуілдер, бүліншіліктер сияқты самодержавиеге қарсы халық кегінің бұл буырқанысы да текке кеткен жоқ. Мұның бәрі де адамзат қоғамына әлеуметтік және тарихи сабақ болды”.

Жалпы “қозғалыс”, “көтеріліс”, “төңкеріс” сияқты тарихи-әлеуметтік ұғымдарының мәні мен мағынасын түсінуде олардың үнемі бір қалыптан екінші қалыпқа ауысып дамып отыратындығын ескеру қажет. Сондықтан бұл күрделі тарихи құбылыстарға баға бергенде, ортақ белгілері мен ерекшеліктерін ескерген жөн.

1916 жылғы көтерілістің қазақ халқының тарихындағы бұрынғы көтерілістерден ерекшеліктері болғаны анық. Әсіресе көтерілістің қозғаушы күштері, ауқымы, мақсаты жағынан өзгешеліктері болды. Дегенмен бұл ұлт-азаттық революция дейтіндей Қазақстан тарихында жаңа дәуір, жаңа кезеңді бастап, күрделі бетбұрыс жасаған жоқ. Революцияға қоғамның барлық мүшелері тартылса, төңкеріс белгілі бір әлеуметтік топтар, таптардың белсенділігімен жүзеге асады.

1917 ж. Ақпан революциясы Ресей империясы құрамындағы бұратана отар халықтарға, оның ішінде, қазақтардың тағдырына үлкен өзгеріс әкелді.

Ал Қазан төңкерісі саяси, әлеуметтік-экономикалық жаңа құрылысты бастап берді. Бұрынғы өкімет, меншік жойылды. Кеңес өкіметі орнады. Жаңа социалистік қоғам дүниеге келді. Қазақ халқы белгілі дәрежеде ұлттық автономияға қол жеткізді. Қазіргі кездегі ие болып отырған аумақ сол Қазан төңкерісінен кейін орнаған Кеңес өкіметі тұсында қалыптасты.