Добавил:
Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
На сортировку / 2 / Тарих / билет тарих / 1.Қазақстан тарихы / Тарих / жанарбектен / на каз / ҚАЗАҚСТАН РЕСЕЙ ИМПЕРИЯСЫНЫҢ ҚҰРАМЫНДА.doc
Скачиваний:
352
Добавлен:
20.02.2017
Размер:
2.42 Mб
Скачать

§ 4. Қазақ-қытай қарым-қатынасы. Абылай хан

Жоңғар хандығының жойылуы. 1741 ж. жоңғарлар Орта жүзге басып кіріп, Әбілмәмбет пен Абылай сұлтанның ауылдарын ойрандап, Абылайды тұтқынға алып кетеді. Келесі 1742 ж. Қалдан Серен қонтайшы екі отряд әскер шығарып, Әбілмәмбет хан мен Барақ сұлтанға қалмақ билеушісіне тәуелділігін мойындатып, олардан аманат алады. Тек Кіші жүз ғана орыс әкімшілігінің араласуымен қалмақтардың басқыншылығынан аман қалады.

Абылай сұлтан тұтқында екі жылға жуық мерзім болып, орыс әкімшілігінің араласуымен және Әбілмәмбет хан өз ұлын Абылай сұлтанның орнына аманатқа жіберген соң ғана бостандыққа шығады. Тұтқында болған кезінде Абылай ойрат тілі мен жазуын үйреніп, Жоңғар хандығының ішкі өмірімен танысып, Дабашы және Әмірсана нояндармен достасады. Абылай сондай-ақ жеке ерлік қасиетімен, мемлекеттік қайраткерге лайық ақылымен Қалдан Серенге үлкен әсер етіп, қонтайшы сұлтанды еліне қайтарар алдында екеуі Қазақ хандығы мен Жоңғар хандығы арасындағы бейбітшілік туралы бітім шартын жасасады.

Қалдан Серен өмірден өткен соң (1745) Жоңғар хандығында тақ үшін талас басталып, оның арты үлкен берекесіздікке ұласады. Абылай жоңғар билігіне таласушы нояндарды кезек қолдап, оларды өзара әлсіретіп, қалмақтардың қазақ жеріне басқыншылығын болдырмауға тырысады. Бірақ сұлтанның бұл әрекеті Жоңғар хандығын біржола жоюға бағытталмағаны анық. Ондай қауіп ойраттарға шығыс жақтан, яғни Қытай мемлекеті тарапынан төніп келе жатыр еді.

1755 ж. ерте көктемінде Цинь империясының әскері ойраттардың ішіндегі ала ауыздықты пайдаланып, Жоңғар хандығына басып кіреді. Жазға қарай жоңғарларды “тыныштандыру” аяқталады. Жоңғар ханы Дабашы тұтқынға алынып, Пекинге жөнелтіледі. Дабашыны құлату үшін қытай әскерін бастап келген Әмірсана, енді ойраттарды циндерге қарсы көтеріліске шақырады, бірақ қолдау таба алмай, қазақ жеріне, Абылай сұлтанға келіп паналайды. Көп ұзамай, яғни 1756 ж. Абылай сұлтанға Цинь елшісі келіп, Әмірсананы ұстап беруді талап етеді, бірақ Абылай елшіліктің өтінішін орындаудан бас тартып, ойраттардың ұлт-азаттық күресі жағында екендігін танытады.

Цинь үкіметі бұған жауап ретінде солтүстік және оңтүстік бағыттағы әскеріне екі саппен Қазақстанға енуге бұйрық береді.

1756 ж. жазында Абылай мен Ералы сұлтандар бастаған Орта және Кіші жүз жасақтары жақсы қаруланған қытай әскерімен бірнеше қанды шайқастар өткізеді. Сібір губернаторы В.А.Мятлев Сыртқы істер коллегиясына берген мәліметінде 10 мың адамнан тұрған қазақ қолдары Аягөз өзенінің бойында Цинь әскеріне бірнеше мәрте елеулі соққы бергендігін жеткізеді.

1756 ж. қыркүйекте Солтүстік Монғолияда циндерге қарсы көтерілістің басталып кетуі, оның артын ала келген қысқы суық қытай әскерінің Қазақстанға тереңдеп енуіне мүмкіндік берген жоқ. Сонымен Цинь әскері осы жылғы жазғы басқыншылық әрекетінде алдына қойған мақсатына жете алмады. Соңында, біраз жеңілістен соң циндіктер күзге қарай әскерін қазақ жерінен алып кетуге мәжбүр болды.

1757 ж. жазында Жоңғарияның Цинь әскеріне қарсы көтерілісі біржола жеңіліс тапты. Жоңғар хандығы өмір сүруін тоқтатты. Оның осы мезгілдегі 600 мыңдай халқынан 30—40 мыңы ғана көрші елдерге бас сауғалап тірі қалды.

Жоңғар хандығын ойрандаған Цинь үкіметі енді Қазақстанмен шекарасын анықтау әрекетіне көшеді. 1755, 1756 жж. Абылай сұлтанның ауылына Цинь елшілігі екі мәрте келіп, императордың хатын тапсырады. Қытайлықтар Жоңғар хандығының барлық мұрасын, соның ішінде ойраттардың бұдан бұрын қазақтар мен қырғыздардан тартып алған жерін де иемденбек ниетін білдіреді. Алғашында бұл пікірге қарсылық білдіріп, ойраттардың азаттық қозғалысына ашық қолдау көрсеткен Абылай 1757 ж. күзінде император Цяньлунге Шағыр және Өміртай бастаған он бір кісілік елшілік аттандырып, екі ел арасында бейбітшілік қатынас орнату жөнінде келісім-шарт жасасуды ұсынады.

Қазақ елшісімен әңгіме кезінде император Цяньлун: “Егер Цинь империясы Ресеймен соғыса қалған жағдайда қазақтар қай жағына көмектеседі?” — деген сұрау қойып, оған қазақ елшісі: “Сіздер сияқты ақсүйек патшалар өзара соғысып жатса, біз сияқты кішкентай елдің ондай іске араласпағаны жөн шығар, ондай жағдайда біз бейтарап қаламыз”, — деп жауап қайтарады.

Цинь империясының 1759 ж. Жоңғар хандығы мен Шығыс Түркістанды жаулап алып, тікелей Қазақстан шекарасына шығуы, әрине, бұл аймақтағы жағдайға Ресейдің де мүдделілік таныта бастауына түрткі болды. Өз ретінде Абылай хан мен оның бағытын қолдайтын қазақ билеушілері екі империяның арасында мүмкін болғанша тәуелсіздігін сақтауға тырысты. Сонымен бірге, кезінде ойраттар басып алған қазақ жерлерін қайтаруға, Шыңжаң базарларында, яғни жаңа ғана Қытай империясы құрамына енген Жоңғария мен Шығыс Түркістанда бұрынғыдай еркін сауда қатынасын сақтауға күш салды.

Қытай үкіметі қалмақтардан босаған жерге қазақтарды жібермеу мақсатында Іле өзені бойы, Тарбағатай және Ертіс өзеніне шейінгі аралықта әскери бекіністер сала бастайды. 1761 ж. қытай императоры қазақтарға Аягөз өзенінің оң жақ бетіне көшіп-қонуға тыйым салған жарлық шығарады. Бірақ оған қазақ малшылары құлақ аспай, Тарбағатайдың жайылымдарын пайдалана берді. 1767 ж. Цинь үкіметі қазақтарға Тарбағатай мен Іле өңіріндегі жайылымдарды пайдалануға келісім беруге мәжбүр болды, бірақ оның есесіне қазақ малшыларынан жер майы (жүз бас малдан 1 бас жылқы) салығын төлеп тұруды талап етті. Сонымен ХVІІІ ғ. соңына қарай Орта және Ұлы жүздің біраз бөлігі Қытайға жер майы салығын төлеп, Тарбағатай, Іле өңірі және Монғол Алтайындағы бай жайылымдарды пайдалану мүмкіндігін иемденді. Кейін бұл аймақ Қытайдың Шыңжаң өлкесі құрамына енді.

Абылай (Әбілмансұр) — аса ірі мемлекет қайраткері, қолбасшысы, Қазақ хандығының негізін қалаушылардың бірі Жәнібек ханның ұрпағы. Есім хан, одан Салқам Жәңгір, осы Жәңгір ханның төртінші ұрпағы Көркем Уәли, оның ұлы Әбілмансұр. Ол “Ақтабан шұбырынды” тұсында жетім қалып, Төле бидің қолында болып, тәрбие алады. Қалмақтармен шайқас алдында өткен бір жекпе-жекте қалмақ батыры Шарышты өлтіріп, шабуылға шыққанда атасының аруағын шақырып “Абылайлап” шауып, содан өзі де Абылай атанып кетеді. Алдымен ержүрек батыр ретінде танылған Абылайдың 30—50-жылдардағы қызметі қалмақ шапқыншылығына қарсы қажырлы күресте өтті, сондай-ақ бұл істе қазақ және қалмақ жұртшылығы бірдей таныған көреген және айлалы саяси қайраткер есебінде көрінді. Абылай Жәңгір ханнан соң қалмақ тұтқынында болып қайтқан екінші қазақ ханы. ХVІІІ ғ. 50-жылдарының екінші жартысындағы қалмақ трагедиясына белсенді түрде араласа отырып, Абылай төніп келе жатқан қытай басқыншылығына ойрат және басқа шығыстүркістандық халықтармен бірге қарсы тұру бағытын ұстанды. Абылай бастаған қазақ жасақтары 1756 ж. жазда қытай басқыншыларына тойтарыс берді. Орта жүздің билеушісі ретінде Әбілмәмбет ханмен бірге 1740 ж. Орынборда Ресей билігін мойындап, ант береді. Бұл антын 1762 ж. қайталайды. Ол XVІІІ ғ. Орталық Азияда қалыптаса бастаған жаңа геосаяси жағдайда қазақ қоғамының Ресей және Қытай империяларымен қатынаста ұстануға тиіс саясатының мазмұнын анықтап берген алғашқы қайраткер. Тәуке ханнан кейінгі кезеңде құлдырау жолына түсіп, біржола жоқ болуға айналған ұлттық мемлекеттікті жаңғырту әрекеті де Абылайдың есімімен байланыстырылуы әбден негізді. Ол батыс пен шығыстан төнген қауіп жағдайында қазақ еліне тұтас мемлекеттік биліктің аса қажет екендігін өз уағында тура түсініп қана қойған жоқ, осы мақсатта нақты әрекеттерге де барды. 1771 ж. Түркістанда жалпы қазақ ханы болып сайланғаннан кейін Ресей патшасына елші жіберіп, өзін үш жүздің ханы ретінде мойындауды талап етті, бірақ орыс патшасы грамотасында оны тек Орта жүздің ханы ретінде мойындайды. Абылай бұл грамотаны Орынборда немесе Троицкіде алуға тиіс болды, бірақ оны алуға бармады. Ресей патшаларының қазақ қоғамында ұстанған “тепе-теңдік” саясатының мазмұнын жақсы ұғынған Абылай отаршыл әкімшіліктің қолындағы ойыншық хан болғысы келмеді. Төле би және басқа қазақ басқарушыларымен бірге, қазақ елінің белгілі бір бөлігінің тұрақты егіншілікпен айналысып, отырықшы тұрмысқа өтуін қалады.

Қазақтардың ұлттық санасы. 1723 жылғы жоңғар қалмақтарының басқыншылығы, қазақтардың Түркістаннан айырылуы, атамекен жерін тастап шұбырындыға ұшырауы ұлттық санаға үлкен соққы болып тиді. Дегенмен халықтың ең таңдаулы әрі белсенді күштері оны құтқарып қалуға ұмтылды. Топыш ақын өзінің “Ақтабан шұбырынды” толғауында:

Ұмытпа, қазақ, “Алаш” ұраныңды,

Ойыңнан үзбе, халқым, құраныңды.

Артыңа өлгендерің өсиет қыл

Халық боп Қаратауда құралуды, —

деп, сол тарихи кезеңдегі қоғамдық санадағы ортақ ойды білдірді.

Қайрат-жігер көрсететін заманның келгенін бүкіл ұлт болып түсінді. Қалмақ шабуылына шейін қанжығалы жұртының биі болып келген Бөгенбай ендігі уақытта қолына қаруын алып, батыр сауытын киіп, қол бастап шығады. Әке-шешесінен, олардың дәулетінен айырылып, Түркістанның түбінде Сабалақ деген атпен мал бағып жүрген текті Абылай қару асынып, жекпе-жекте қалмақ батырын өлтіру арқылы алдымен батырлығын көрсетіп, сонан соң барып сұлтан ретінде танылады. Топыш ақын: “...қазақта қаракерей Қабанбайдан асқан батыр жоқ. Үйсін Төле биден асқан би жоқ. Абылай заманында батыр атанбаған қазақ жоқ”, — деп турасын айтты.

“Ақтабан шұбырынды” тұсындағы халық санасындағы елеулі құбылыс — әрбір қарапайым қазақтың өзінің белгілі бір рулық қауымға ғана емес, жалпы қазақ еліне тән екендігін терең ұғынуында еді. Өзге жұртқа жер ауып барып, түрлі ауыртпалықты басынан өткізген жас пен кәрінің санасында Отан, Ел, Атамекен сияқты қасиетті ұғымдар терең орнады.

XVІІІ ғасырдағы құба қалмақпен (жоңғарлар), қытайлармен, қырғыздармен соғыс-қақтығыстарда бүкілқазақтық мүддені қорғаушы атақты батырлар Қаракерей Қабанбай, Қанжығалы Бөгенбай, Шақшақұлы Жәнібек, Көкжал Барақ, Ошақты Саурық, Шапырашты Наурызбай, Сіргелі Елшібек, Томаша, Жаулыбай, Шанышқылы Бердіқожа, Алшын Тайлақ, Есет, Сырлыбай, Бәсентиін Малайсары, Керей-Уақ Баян, Өтеген, Қожаберген, Матайдан Бөрібай, Шонай, Тауасар, Балталы-Бағаналыдан Оразымбет, Баянбай, Тарақты Байғозы, Қыпшақ Дербісәлі, т.б. шыққан еді. Бұл батырлар белгілі бір рулардың жасақ-қолын бастап шыққанымен, олардың әрқайсысының мақсаты жалпыұлттық мүддеге ұласқан, сондықтан да өз қызметі мен күресін бүкіл қазақ халқының тағдырымен байланыстырған тарихи кезең тұлғалары болатын. Бұқар жырау Бөгенбай батырдың өлімін Абылай ханға естірте келіп, батырдың өмір жолына мынадай баға береді:

Еңбек қылған ел үшін,

Жауда кеткен кек үшін,

Алаштың абырой-атына

Сарып қылған бар күшін.

............................................

Қарияң келіп жылап тұр,

Еңбегі сіңген ер үшін!

Егер батырлықтың негізгі өлшемі батырдың өз руы мен тайпасын ғана емес, жалпы ұлтын, Отанын қорғау болса, жырау толғауы мен би кесімінде жалпыұлттық мүдде рулық, жүздік мүддеден жоғары қойыла бастайды. Бұқар жырау ауызбірлігі кетіп, ел арасы ала ауыздыққа ұрынып, ең соңында Цинь әскерінің қырғынына ұшыраған қалмақ елінің трагедиялы тағдырын көлденең тартып, “кіші қалмақ бүлінерде... уағдадан жылысты, буыршындай тістесті, жамандықты іздесті, бірін-бірі күндесті, жаулаған ханын қара оңбас, хан қисайса бәрі оңбас, ханын қалмақ жаулаған, сүйткен қалмақ оңбаған” — деген тұжырым жасайды.

Міне, осы рухани өмір фактілері халықтың ішкі өмірінде болып жатқан сапалы өзгерістердің көрінісі болатын. Қазақ елі түрлі ауыртпалықтарға қарамастан ұлттық ұю және кемелдену жолынан ауытқымады.