Добавил:
Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
На сортировку / 2 / Тарих / билет тарих / 1.Қазақстан тарихы / Тарих / жанарбектен / на каз / ҚАЗАҚСТАН РЕСЕЙ ИМПЕРИЯСЫНЫҢ ҚҰРАМЫНДА.doc
Скачиваний:
352
Добавлен:
20.02.2017
Размер:
2.42 Mб
Скачать

§ 64. Қазақстан және дүниежүзілік қауымдастық

Қазақстанның геосаяси жағдайы. Тәуелсіз Қазақстан Республикасына өзіндік сыртқы саясаты ұстанымын қалыптастыру қажет болды. Сыртқы саясаттағы негізгі мақсат — елдің қауіпсіздігін сақтау, саяси және экономикалық қарым-қатынастарда аймақтық, сурегионал­дық құрылымдарға ену, тәуелсіз мемлекет есебінде елдің дамуы үшін сыртқы қолайлы жағдайларды қарастыру және оны тиянақтау.

“Азия мен Еуропаның түйіскен жерінде орналасқан геосаяси жағдайы, экономикалық және әскери-саяси мүдделері, сондай-ақ, қол жеткен қуаты Қазақстанды қазіргі халықаралық қатынастарда өзінің айналасындағы елдермен қауіпсіздігін, егемендігін, аумақтық тұтасты­ғын құрметтеу принциптеріне негізделген тату көршілік аймағын құруға мүдделі ірі аймақ­тық мемлекет ретінде танытты”.

(Қ.Тоқаев. “Тәуелсіздік туы астында”. А., 1997)

Бүгінгі әлем күрделі де жан-жақты. Бұрынғы кездегі идеологиялық қарама-қайшылық (социалистік жүйе — капиталистік жүйе) енді жекелей мемлекеттердің экономикалық және саяси беделіне ауысты.

1993 жылдың 13 желтоқсанында Үкімет қаулысына сәйкес, ядросыз мемлекеттер қа­тарында Қазақстан “Ядролық қаруды таратпау жөніндегі Келісімге” қосылды. Дегенмен, республика аумағында бірнеше жылдар бойы ядролық қару болып келді. Бірақ оны Қазақстан өз бақылауында ұстай алған жоқ. Ендігі бірден-бір шешім — ядролық қарудан бас тарту еді. 1994 ж. үш мемлекеттің — Еуропадағы қауіпсіздік пен өзара достық қарым-қаты­нас­тар жөніндегі Будапештте өткен Кеңесінде Қазақстанның қауіпсіздігін сақтауға Ұлы­британия, АҚШ және Ресей мемлекеттері өз кепілдіктерін берді. 1995 ж. оларға Қытай мен Франция қосылды. Сөйтіп, Қазақстанның тәуелсіздігі, дербестігі, шекара біртұтастығы мен қауіпсіздігі басты-басты ядролық державалар тарапынан кепілдікке алынды.

Ядролық қаруды өз жерінен көшіру үшін республика 84 млн доллар алды. 1995 жылдың 26 мамырында ядролық қарудың соңғы бөлшектері республика аумағынан әкетілді. 1995 жылдың 30 мамырында Семей полигонында қалған ең соңғы ядролық заряд жойылды.

90-жылдары әлемде бірқатар аса маңызды геосаяси және экономикалық өзгерістер болды: КСРО-ның тарауы, бұдан кейінгі Ресей жағдайын анықтау, бірігуге бет алған Еуропа мен реформадан кейінгі Қытайдың күшейе түсуі, бірқатар Азия аумағы мемлекеттерінің пайда болуы, жаңа халықаралық экономикалық жүйенің қалыптасуы, т.б. Осы тұрғыдан алғанда, Қазақстан өзінің сыртқы саясатында мына төмендегі аймақтық саяси одақтарға сүйенеді:

— АБӘСШ (Азияда бірігіп әрекет ету және сенім шаралары) 1992 жылдың қазан айында, БҰҰ Бас Ассамблеясында Н.Ә.Назарбаев бұл ұйымды қолдап сөз сөйлеген).

— Еуразиялық Одақ (1994 жылдың наурыз айындағы Мәскеуге сапары кезінде Н.Ә.Назарбаев бұл Одақты құру жөнінде мәселе көтерді).

— 1992 жылдан бері Қазақстан экономикалық өзара қарым-қатынас ұйымына (оған Иран, Пәкстан, Түркия, Әзірбайжан, Қазақстан, Ауғанстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан, Өзбекстан кіреді) мүше.

Қазақстанның геостратегиялық басымдылығы үш бірдей әлеуметтік-экономикалық және әлемдік қатынастардың саяси орталығына негізделеді. Олар: Солтүстік Америка, бірігу бағытындағы Еуропа және Тынық мұхит аймағы. Орталық Азияда орын тепкен жас мемлекетке дүниежүзілік экономикалық кеңістікке шығу әлдеқайда тиімді.

Қазақстанның геосаяси жағдайы, қазақстандық өнімдерді дүниежүзілік рынокқа шығару жолдарын іздестіру қажеттігі жан-жақты Халықаралық байланыстар орнатуға қосымша түрткі болды.

Қазақстан және халықаралық ұйымдар. Дүние жүзіндегі көптеген экономикалық және саяси ғаламдастыру үрдістері халықаралық құқықтың басты-басты принциптерін алға қойып отыр. Қазақстан жекелеген мемлекеттермен сыртқы қарым-қатынасында халықаралық құқықтың көпшілік таныған нормаларын сақтауды көздейді. Сондықтан да жас мемлекет үшін БҰҰ, ОБСЕ, Халықаралық және Еуропалық даму және қайта құру банктері, Халықаралық валюта қоры, ЮНИСЕФ, ЮНЕСКО, т.б. сияқты ірі-ірі Халықаралық ұйымдарға мүше болу үлкен маңызға ие.

1992 ж. 2 наурыздағы БҰҰ Бас Ассамблеясының (БҰҰБА) 46- сессиясында Қазақстан Респбликасын БҰҰ-ға мүшелікке алу жөніндегі 46/224 резолюцияға қол қойылды. Халықаралық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге ерекше мән бере отырып Қазақстан БҰҰ-ның бейбітшілікке бағытталған қызметін белсенді түрде қолдай бастады. 1996 ж. Қазақстан БҰҰ-ның бейбітшілікті қолдайтын қимылдарына қатыса алатын резервтік келісімдер жүйесіне қосылған 51-ші мемлекетке айналды.

БҰҰ адамзат дамуына қатысты кең көлемді мәселелерді шешумен айналысады. БҰҰ бөліп көрсетуі бойынша адам қауіпсіздігіне қатер төндіретін төмендегідей құрылым тізімі қабылданған: экономикалық қауіпсіздік, азық-түлік қауіпсіздігі, экологиялық қауіпсіздік, жеке адамның қауіпсіздігі, қоғамдық қауіпсіздік, саяси қауіпсіздік. Бұлардың барлығы әр түрлі ұйымдар мен конференциялардың қызметінде көрініс тапқан. 1992 ж. Рио-де Жанейрода, 1993 ж. Венада — адам құқы; 1994 ж. Каирде — халық саны мен дамуы, 1995 ж. Копенгагенде — әлеуметтік даму, 1996 ж. Пекинде — әйелдердің жағдайы, Стамбұлда елді мекендер мен даму және басқалар жөнінде мәселелер қаралды. Қазақстан БҰҰ-ға енген уақытынан бастап бұл конференциялардың жұмысына белсене атсалысты.

БҰҰБА-да қаралған ең басты келелі мәселелердің бірі — Семей ядролық полигонына қатысты болды. 1998 ж. 16 қарашада БҰҰБА-ның 53-сессиясы “Халықаралық ынтымақ­тас­тық және тұрғындарды реабилитациялау және Қазақстандағы Семей аумағының экологиясы мен экономикалық дамуы мақсатындағы жұмыстарды үйлестіру” деп аталған резолюция қабылдады. Қазақстан басқа да Халықаралық ұйымдардың белсенді мүшесіне айналды. 1998 ж. республика БҰҰ-ның Экономикалық және әлеуметтік кеңесі (ЭӘК) жанындағы комиссия құрамына кірді. Қазақстанның БҰҰ-ның балаларға көмек қорымен (БКҚ) ынтымақтастығы кең түрде даму үстінде. Республикада “Бала мен ана денсаулығы”, “Базалық білім беру”, “Сумен қамтамасыз ету және санитария ісі” және басқа да бағдарламалар бойынша жұмыстар жүргізілді. 1997 ж. Қазақстан БҰҰ-ның балаларға көмек қорының Атқару Кеңесіне мүше болды.

1996 ж. мамырда ЮНЕСКО (БҰҰ-ның білім, ғылым және мәдениет мәселелерімен айналысатын ұйымы) делегациясының Алматыға сапары кезінде үлкен ғаламдық ЮНЕСКО бағдарламаларын (“Адам және биосфера”, “Халықаралық гидрология”) жүзеге асыру жөнінде келісімдерге қол жеткізілді. 1997 ж. қарашада ЮНЕСКО-ның Париждегі Бас конферен­циясында Қазақстан ЮНЕСКО-ның Атқару Кеңесінің мүшелігіне қабылданды.

1994—1995 жылдарда ОБСЕ-нің төмендегідей құрылымдарымен тұрақты ынтымақтастық байланыстар орнады: аз санды ұлттар жөніндегі институты, демократиялық институттар мен адам құқы бюросы. 1999 жылдың қаңтарынан Алматыда ОБСЕ орталығы тұрақты жұмыс істейді.

Қазақстан Республикасы дипломатиялық қызметінің негізгі міндеттері. Сыртқы саясаттағы басты құрал — дипломатия және оның органдары. Қазақстанның еуразиялық екі ірі мемлекеттердің арасындағы геосаяси жағдайында дипломатиялық қызмет мемлекеттік мүддені нақты жағдайда қабылданатын шешімге орай икемділікпен үйлестіре қатаң қорғауы керек. Халықаралық байланысты жүзеге асыруда Қазақстанның сыртқы саясаты дүние жүзінде қалыптасқан жағдайға байланысты көпбағыттығын ескеру принципінен шығуы керек. Дүние жүзіндегі саяси және экономикалық үрдістердің ғаламдық сипаты жағдайында, жекелеген елдер қауіпсіздігіне кепілдік ұжымдық күш-жігермен ғана қамтамасыз етіледі. Қазақстан республикамен шекаралас елдердің бәрімен сенімге негізделген тату көршілік қатынас орнатуға тырысады.

Бұл мақсатқа жету үшін Қазақстан қауіпсіздік жүйесін құруға арналған және халықаралық ынтымақтастықтың барлық деңгейіндегі қарусыздану үрдістеріне мақсатты түрде қатысады. Оның бірнеше деңгейі бар:

— Қазақстанның ТМД-дағы халықаралық қауіпсіздік және қарусыздану саласындағы интеграциялық саясаты;

— Қазақстанның Азияда бейбітшілікті және тұрақтылықты қолдау туралы ұйым құру ұсынысы;

— Қазақстан халықаралық БҰҰ, ОБСЕ және т.б. ұйымдарға қатысып, қарусыздану және бейбітшілікті қолдау саясатын жүзеге асырады.

Қауіпсіздікке кепілдік алуға қол жеткізу үшін Қазақстан бірқатар сыртқы саясат әрекеттерін қарастырды. 1992 ж. Ташкентте Қазақстанның, Қырғызстан, Тәжікстан, Бела­русь, Армения, Әзірбайжан, Грузия мен Өзбекстанның басшылары бас қосып, ұжымдық қауіпсіздік туралы Келісімге қол қойды. Мемлекеттер басшылары және ТМД Біріккен Қарулы күш бас қолбасшыларынан тұратын Ұжымдық қауіпсіздік кеңесі құрылды. 1992 ж. қазан айында БҰҰ Бас Ассамблеясының 47-сессиясында Қазақстан Президенті Н.Ә.Назарбаев Азияда бірігіп әрекет ету және сенім шаралары (АБӘСШ) туралы Кеңес құру туралы ұсыныс жасады. 1999 ж. 14 қыркүйекте Алматыда АБӘСШ мүшелері — 15 мемлекеттің Сыртқы істер министрлерінің кездесуі өтті.

1995 ж. үш республика — Қазақстан, Өзбекстан және Қырғызстан басшылары БҰҰ Бас хатшысына БҰҰ қарамағында біріккен орталықазиялық бейбітшілік сақтау батальонын (Ортазбат) құру туралы ұсыныс енгізді. 1997 ж. Ортазбаттың алғашқы оқу-жаттығулары өткізілді.

1996 ж. бес мемлекет — Қазақстан, Қытай, Қырғызстан, Ресей және Тәжікстан әскери салада және шекаралық аудандарда сенім шараларын нығайту туралы Келісімге қол қойды. 1997 ж. шекаралық аудандардағы қарулы күштерді келісімді қысқарту туралы Келісімге қол қойылды. Бұл келісімдер Қытаймен шекара жөніндегі дауды реттеуге негіз болды. 2001 ж. көктемде бұл Келісімге Өзбекстан қосылды. Шанхай бестігі — Шанхай ынтымақтастық ұйымы (ШЫҰ) болып құрылды.

Алайда, Қазақстанның дипломатиялық қызметінің мемлекет қауіпсіздігін қамтамасыз ету міндетінен басқа, республика ішінде өтіп жатқан реформаларды қамтамасыз ету жөніндегі бірқатар міндеттері бар. Оларды атап айтсақ:

— Қазақстан экономикасы үшін дамыған мемлекеттер және жекелеген қаржы ұйымдары тарапынан инвестициялар тарту;

— экономикалық міндеттер, экологиялық проблемалар, дүниежүзілік коммуникацияға шығу мәселелерінде қаржы тарту және практикалық көмек көрсету;

— әр түрлі проблемалар бойынша халықаралық ақпараттар алмасуға қатысу;

— Қазақстандық экономиканың, ғылым мен басқарудың әр түрлі салалары үшін шет елдерде мамандар даярлау бағдарламасын жүзеге асыру;

— шет елдердегі Қазақстан азаматтарының мүддесі мен құқықтарын қорғау;

— шетелдік серіктестермен еліміздің сауда-экономикалық байланыстарын кеңейту.

Аталған бағыттар бойынша Қазақстанның дипломатиялық қызметін тұрақты жүзеге асыру біздің еліміздің ұзақ мерзімдік приоритетін (басым бағытын) іске қосуға мүмкіндік береді.

Қазақстанның дипломатиялық қызметі 1991 жылдан — 2001 ж. дейінгі 10 жыл ішінде күрделі даму жолынан өтті. 1991—1993 жылдары Қазақстан халықаралық құқық субъектісі ретінде әлемдік қоғамдастыққа ену шараларын жүзеге асырды, дүние жүзіндегі жетекші елдермен ынтымақтастықтың келісімдік-құқықтық базасын қалыптастырды. 1991 ж. 20 желтоқсанда ҚР Президентінің жарлығымен Т.С.Сүлейменов ҚР Сыртқы істер министрі болып тағайындалды. 1992 ж. 15 сәуірде А.Х.Арыстанбекова ҚР БҰҰ-дағы тұрақты өкілі болып тағайындалды.

1994—1997 жж. сыртқы саясат қызметінде мықты құқықтық база құру жұмысы жалғастырылды, бірінші планға шет елдер стратегиялық ұлттық мүдделерді қамтамасыз ету тетігін қалыптастыру міндеті шықты. 1994 ж. 12 қазанда Қ.К.Тоқаев Сыртқы істер министрі қызметіне тағайындалды.

1997 жылдан бастап Қазақстанның сыртқы саясатында үшінші даму кезеңі басталды, ол — ел алдында жаңа ғаламдық жағдайлар тууымен сипатталады. Қазақстанның сыртқы саясатындағы бағдары “Қазақстан—2030” стратегиялық даму бағдарламасында ашып көрсетілді. 1999 ж. 12 қазанда Е.Ә.Ыдырысов ҚР Сыртқы істер министрі болып тағайындалды. 2002 ж. Қ.Тоқаев қайтадан Сыртқы істер министрі болды.