Добавил:
Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
На сортировку / 2 / Тарих / билет тарих / 1.Қазақстан тарихы / Тарих / жанарбектен / на каз / ҚАЗАҚСТАН РЕСЕЙ ИМПЕРИЯСЫНЫҢ ҚҰРАМЫНДА.doc
Скачиваний:
352
Добавлен:
20.02.2017
Размер:
2.42 Mб
Скачать

§ 61. Нарықтық экономика қатынастары

Нарықтық экономиканы құрудың алғашқы қадамдары. Қайта құрудың алғашқы — 1990 жылының өзінде, КСРО Жоғарғы Кеңесінің 3-сессиясы нарықтық экономикаға көшу туралы мәселе көтерген болатын. Осыған байланысты республиканың өз ерекшеліктерін ескере отырып, Қазақстанда нарықтық шаруашылыққа көшудің концепциясын жасау қолға алына бастады. Дүниежүзілік экономиканың озық тәжірибелерін ескере отырып, шаруашы­лық­тың тиімділігіне қол жеткізу — экономикалық реформаның мақсаты ретінде қаралды. Бұған жету үшін қатардағы көптеген маңызды мәселелерді шешу қажет болды. Атап айтқанда, олар мыналар:

— экономикалық қарым-қатынастарды ырықтандыруды жүзеге асыру;

— мемлекет иелігінен алу мен жекешелендіру негізінде жеке меншікті трансформа­циялауды жүзеге асыру;

— кәсіпкерлікті дамытуға жағдай жасау;

— республикада инфрақұрылымды өрістетуге мүмкіндік туғызу;

— қаржылық-несиелік саланы реформалау;

— шетел капиталын кеңінен тарту арқылы ашық экономикалық жүйені орнықтыру.

1990 жылдардағы Қазақстан экономикасының тоқырау жағдайы аталған мәселелерді жүзеге асыруға кері әсерін тигізеді. Жас республиканың халық шаруашылығы бұл уақытта мыналарды басынан өткізді: аграрлық сектор мен оның қаржы көп жұмсалғанымен тиімділігі аз салаларының әркелкілігі; халық тұтынатын тауарларды өндіретін өндірістер мен басқа да салалардың жеткіліксіз дамуы; өнімнің күрт төмендеуі, гиперинфляция, тауар тапшылы­ғының ұлғая түсуі, қаржы жүйесінің бей-берекеттігі.

Тоқырау жағдайын тоқтату және нарықтық қатынасты орнықтыру мақсатында бірқатар шаралар қолға алынды. Алғашқы әрекет — 1992 жылдың қаңтарындағы ырықтандырудың бірінші кезеңі болып табылады. Нарықтық экономиканың бір қыры — еркін баға. Ал баға сұраныс пен ұсыныс арқылы анықталады. Ендігі жерде оны мемлекеттік тұрғыдан реттестірудің қажеті жоқ. Бағаны ырықтандыру біркелкі жүргізілді, осыған орай, мемлекет тауар түрлерін біртіндеп қысқартып отырды. Тұтынушылардың ынта-ықыласын қорғап, қолдап отыру мақсатында баға және монополияға қарсы саясат жүргізетін мемлекет дүниеге келді. Еркін бағаны орнықтырудың бірыңғай тәртібі ойластырылды. ҚР Ұлттық банкі тәуелсіз статусқа ие болды.

Нарықтық экономиканың кідіріссіз дамуын жеделдету үшін заңдылық базаны әзірлеу жұмыстары үздіксіз жүргізілді.

Қазақстан Республикасының 1993 жылғы бірінші Конституциясы бойынша жеке меншік ресмилендірілді. Ендігіде жеке бизнесті дамытуға құқықтық негіз жасалды. Дегенмен, соған қарамастан, елде өндірістің құлдырауы жалғаса берді, тиімсіз, пайдасы аз өнімдердің іркілу үрдісі жалғасты, мекемелердің жұмсалған қаржыны қайтару қауқары азайды, бюджетке ақша түсу азайды, мемлекет шаруашылық субьектілеріне дотация беруді бірте-бірте азайтты, құнсыздану бел алып, оның деңгейі ай бойына 50 пайызға дейін көтерілген кездері болды.

Бұл кезеңдегі өндірістің құлдырау себептерін былайша түсіндіруге болады:

— технология мен басқа да құрал-жабдықтардың моральдық және физикалық тұрғыдан ескіруі;

— бағаның ырықтандырылуына байланысты энергия көздеріндегі шығынның көбейіп, өнімнің қымбаттауы;

— КСРО құлағаннан кейін іргелес республикалармен арадағы экономикалық байланыстардың үзілуі;

— жеке мүмкіншіліктің жетіспеуі;

— заемдік айналым арқылы тығырықтан шығудың қиындығы.

Қазақстан экономикасын тұрақтандыру мақсатында 1993 ж. маңызды-маңызды деген екі шешім қабылданды:

1.Республикадағы жеке меншік түрлерін бір қалыпқа түсіру мақсатында 1993 жылдың сәуірінен бастап мемлекет иелігінен алу мен жекешелендірудің Ұлттық бағдарламасы іс жүзіне асырыла бастады.

2. 1993 жылдың 15 қарашасында республиканың өз ұлттық валютасы — теңге айналымға кірді. Бұл елдің өзіндік қаржы жүйесін қалыптастыруға мүмкіндік жасады. Шындығына келгенде, Қазақстан осы күннен бастап экономикалық дербестік жолына түсті.

“Ресей болса бұл кезде 1961—1992 жылғы ақшаны ауыстыру әрекетін жасап жатты. Бұл 1993 жылдың 26 шілдесінде жүзеге асырылды.

Осыдан бастап іле-шала қазақстандық ақша күрт құнсыздана бастады. Республикадан құнды тауарлар жан-жаққа тасылып, оның есесіне өз валютасы бар Қытай, Балтық жағалауы және Ресей сияқты елдерден барынша құнсызданған ақшалар мен тауарлар ағыла бастады. Дегенмен, рубльдік аймақтан толайымен қол үзбеген бұл шақта, ТМД-ның бірқатар елдері, оның ішінде Қазақстан, осы жылдың 7 қыркүйегінде Мәскеуде “Жаңа сипаттағы рубльдік аймақ құрудың практикалық шаралары туралы” келісімге қол қойды. Бұдан екі апта өткен соң ақша жүйесін біріктіру жөнінде келісім жасалды.

Бірақ валюталық бұл одақ Ресей үшін тиімді бола қойған жоқ. Ал Қазақстанда жаңа ұлттық валютаны енгізу бағытында жұмыс жүргізілді. Ұлттық банк тарапынан реформа барысын реттеп отыру үшін 18 құжат хаттамасы әзірленді. Ескі ақшаның орнына жаңа теңгені енгізу 1993 жылдың 15 қарашасында сағат таңғы 8-де басталып, осы жылдың 20 қарашасы күні кешкі сағат 20-да ойдағыдай аяқталды. Ескі үлгідегі, яғни 1961—1992 жылғы рубль банкноты 950,6 млрд мөлшерде айналымнан біржола алынып тасталды”.

(“Казахстанская правда” 26 наурыз 2001 ж.)

Мемлекет иелігінен алу мен жекешелендіру бағдарламасы. Мемлекет меншігінен алу үрдісі 1992 ж. басталған. Ол алғашында сауда объектілерін, қоғамдық тамақтандыру, тұрмыстық қызмет көрсету және басқа қызмет көрсету салаларын сату түрінде өтті. Алғашқы жылы 6200-дей негізінен ұсақ мекемелер жекешелендірілді. Ірі кәсіпорындар, әсіресе, өнеркәсіп орындары сол кездегі қолданыстағы заңға орай, еңбек ұжымдарына берілді. Бұлар негізінен жеңіл өнеркәсіп мекемелері еді.

Нарықтың дамуы жеке меншіктің көптүрлілігіне тікелей байланысты.

Мемлекет иелігінен алу мен жекешелендірудің Ұлттық бағдарламасы ең алдымен осыны жүзеге асыруы тиіс болды.

Енді жекешелендірудің басты-басты үш кезеңін ұсынайық:

1. Жалпылай жекешелендіру. Мұндағы негізгі мақсат — қоғамның барлық мүшелерін қатыстыра отырып, жекеменшіктік құқықты іс жүзінде дәйектеу. Жекешелендіру барысында азаматтардың 97 пайызы тегін купондарға қол жеткізіп қана қоймай, оларды өз қалауынша инвестициялық-жекешелендіру қорларында (ИЖҚ) сақтауға мүмкіндік алды. Әйткенмен, республика тұрғындары бұл жолы жекеменшіктік құқыққа емес, бар болғаны ИЖҚ-ның дивидендіне ғана ие бола алды. Инвестициялық-жекешелендіру қорларының да бұл кезде өз қиындығы бар еді. Өздерінің емін-еркін ақша айналымы болмағандықтан, олар тұрғындардан келіп түскен купондарды дер кезінде ақшалай түрде қайтарып отыра алмады.

ИЖҚ келіп түскен купондарды арнаулы аукциондарға салу арқылы жекелей мекемелердің акцияларына ие болғанымен, ол мекемелердің дені, өкінішке орай, жұмыссыз еді. Осы және басқа да себептерден инвестициялық қорлар өзін-өзі ақтай алған жоқ. Акционерлік қоғамдар жұмысын басшылыққа алу үшін оларға ең алдымен жеткілікті мөлшерде акциялар керек болатын. Әйткенмен, құнды қағаздарға байланысты нарықтық қатынастарды қалыптастыру мен дамытуда оларға ИЖҚ лайықты дәнекерлік қызмет атқарды.

Жекешелендіру үрдісі, өзіне халықтың қалың тобын тарту арқылы әлеуметтік әділдік идеясын іс жүзіне асырды.

2.Шағын жекешелендіру жалпылай жекешелендіруге қарағанда халықты өзіне көбірек тарту мақсатында жүргізілді. Шағын немесе ақшалай жекешелендіру объектілері — көтерме және бөлшек сауда нүктелері, қоғамдық тамақтандыру орындары, өндірістік мекемелер және басқа да қызмет түрлері болып табылады. Орталық Азия биржа қоры аралық сауданы ұйымдастырудың ұйтқысы міндетін атқарды. Шағын жекешелендіру үлкен мемлекеттік шығындарды қажет еткен жоқ, керісінше, Қазақстандағы шағын және орта бизнесті дамытуға ықпал жасады.

3. Жеке жобаларға байланысты жекешелендірулер аса ірі (5000-нан аса жұмысшылары бар) мекемелерді қамтыды. 1994 жылдан бастап мұндай мекемелер шетелдік басқаруға беріле бастады.

Белгілі бір келісімге сәйкес мекемелер компания жетекшілеріне 5 жылдан — 10 жылға дейінгі мерзімге берілді. Бұл компаниялар өз дәрежесінде мекемелер табысынан үлес алу мүмкіндігіне ие болды. Сонымен бірге, шетел компаниялары жетекшілерінің алдына бюджет пен ұйымдарға тиесілі қарызды дер кезінде жауып отыру, ұзақ мерзімді инвестициялар тарту, мекеменің әлеуметтік және экологиялық проблемаларын шешіп отыру міндеттері қойылды.

Мекемелерді шетелдік басқаруға беру жеке жекешелендірудің бастапқы сатысы болып табылады. Үкімет мекеме мен оны басқаруға алған компанияның жұмыс барысын бақылауға алып, ол компаниялар өз міндеттемелерін орындамаған жағдайда аралықтағы келісім-шартты кез келген уақытта бұзуға құқылы.

1994 жылдың желтоқсанына дейін отандық және шетелдік компаниялармен 50-ге жуық келісім-шарт жасалды. Оның ішінде дәл бүгін республиканың ең ірі деген 45 мекемелерін қамтитын 30 келісім-шарт нақты іске асырылып отыр. Олардың ішінде Павлодар алюминий зауыты — компанияны басқарушы “Уайтсвен ЛТД”, “Соколов-Сарыбай тау-кен өндірістік бірлестігі — “Айведон”, Дон тау-кен комбинаты, Жармақ және Ақтөбе ферроқорытпа зауыты — “Джапан Хром Корпорейшн”, т.б. бар.

Сөз жоқ, жеке меншікке айналдыру — өте-мөте күрделі үрдіс. Ол, ең алдымен, заңдылық базасын мұқият қарастыруды, сондай-ақ, халықтың, мемлекеттің және жеке меншік иелерінің мүддесіне сай болуды талап етеді.

Өнеркәсіп. Нарықтық қатынасқа көшу өнеркәсіп жағдайына да өз әсерін тигізді. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары республикада өнеркәсіп баяулап, негізінен даяр өнімдер өндіру салаларында құлдырау байқалды. Бұл КСРО-ның тарауы салдарынан бұрынғы серіктестерімен шаруашылық байланыстардың үзілуінен, тұтынушылардың төлем қабілетінің төмендеуінен, отандық тауарлардың бәсекеге төтеп бере алмауынан белең алды. Алайда Қазақстанның өндіруші салаларында керісінше, өндіріс көлемі ұлғайды. Бұл әсіресе 1999 ж. соңында, үкімет кәсіпорындарды отандық және шетелдік компаниялар иелігіне бере бастаған кезде байқалды. Өндіруші саланың дамуына түсті металдардың, темір және хром рудаларының, газ, мұнай және көмір қорының молдығы әсерін тигізді.

Тамақ өнеркәсібі мен қызмет көрсету салаларының жолға қойыла бастауы кіші жекешелендіруге байланысты болды. Тамақ өнеркәсібінде әр түрлі компаниялардың құрылуы рынокты отандық тағам өнімдерімен байытты. Бұл сүт, нан-тоқаш, колбаса, макарон, арақ-шарап, кондитерлік бұйымдар еді. Жеңіл өнеркәсіпте әлі де шетелдік тауарлар үрдісі басым. Жаппай пайдаланылатын тауарлар өндіру (киім, трикотаж, аяқ киім, жиһаз, кеңсе тауарлары, т.б.) негізінен шетелдік материалдарды, жинақ бөлшектерін, құрал-жабдықтарын, т.б. пайдалану арқылы жасалады.

Аграрлық сектор. Аумағының кеңдігі, бірнеше табиғат, климаттық зоналардың болуы республикада мал шаруашылығы және өсімдік шаруашылығына мамандануына мүмкіндік береді. Аграрлық сектордың нарықтық қатынасқа көшуі нәтижесінде мемлекеттік ауыл шаруашылығы шаруашылықтың өзге формасына, жеке меншік, ұжымдық және аралас формалы меншікке негізделген. Бұл салада акционерлік қоғам құру немесе кәсіпорынды еңбек ұжымының қолына беру кеңінен қолданылады. Жер мемлекеттік меншік болып табылады. Ауыл шаруашылығын жекешелендіру механизмі айналымдық қаржы, техника, малды қамтиды. ҚР заңы бойынша жер 99 жылға дейін мұрагерлік құқығымен жалға беріледі.

1995 ж. дейін жерді иелену және пайдалану құқығын сатуға байланысты нарықтық қатынастарға рұқсат етілді, бірақ жерді сату, сатып алу акті жүзеге асырылмады.

Президенттің 1995 ж. 25 желтоқсандағы “Жер туралы” жарлығына байланысты бұдан былай жер мемлекеттік әрі жеке меншікке де берілетіні анықталды. Осы жылы мемлекеттік тапсырыс жойылып, ауыл шаруашылығының өнімдері рынок саласы арқылы таратыла бастады.

2001 ж. 24 қаңтарда “Жер туралы” Заң қабылданып, ауыл шаруашылығы саласындағы барлық мемлекеттік емес пайдаланушылардың құқығы теңестіріліп, жалға алу мүмкіндігін (49 жылға дейін) уақытша пайдаланушыларға айналды. Дәнді дақыл өсіру негізінен Солтүстік және Орталық Қазақстанда орналастырылған. Күріш өсіру Оңтүстік-Батыс Қазақстанның суармалы жерінде, мақта — Оңтүстік Қазақстан аудандарында дамыған. Мал шаруашылығы республиканың барлық аудандарында таралған. Ел тәуелсіздігінің алғашқы жылдарында ауыл шаруашылығы өнімдерінің құлдырауы байқалды. Бұл ауыл өндіруші­лерінде қажетті қаржы қорының жеткіліксіздігі, қазіргі заманғы техниканың жетіспеуі, кейде тіпті мүлдем жоқтығы, ауылшаруашылық шикізатын өңдейтін озық технологияның жоқтығы, қолайсыз ауа райы жағдайы да айтарлықтай әсерін тигізді. Соңғы жылдары, өнеркәсіп және ауыл шаруашылығы өнімдеріне қойылған бағаның салыстыруға келмейтін алшақтығына қарамастан, республика рыногының түрлі тағамдарға лықа толып тұруы жергілікті өндіріс есебінен жүзеге асуда. Қорыта айтқанда, елдің аграрлық-ресурстық қуаты ауыл шаруашылығы өндірісін дамыту және өңдеуші өнеркәсіпке қажетті жағдай болған кезде, сауда жүйесі дамыған және озық технология енгізілген жағдайда тәуелсіз республиканы азық-түлікпен қамтамасыз етуге мүмкіндігі мол.

ҚОСЫМША ДЕРЕКТЕР

1991—2000 жж. Қазақстан Республикасының транзиттік экономикасын трансформа­циялаудың жүйелік бағыттары.