Добавил:
Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
На сортировку / 2 / Тарих / билет тарих / 1.Қазақстан тарихы / Тарих / жанарбектен / на каз / ҚАЗАҚСТАН РЕСЕЙ ИМПЕРИЯСЫНЫҢ ҚҰРАМЫНДА.doc
Скачиваний:
352
Добавлен:
20.02.2017
Размер:
2.42 Mб
Скачать

Vііі тарау. Қазақ диаспорасы

§ 53. Диаспорология және диаспора ұғымы

Диаспорология ғылымы нені зерттейді. Қазақстанда диаспорология ғылымының дамуы көптеген себептерге байланысты тарихи Отаны шегінен асып кетуге мәжбүр болған халықтар тарихын тереңірек зерттеуге байланысты болды. Тәуелсіз даму жылдарында Қазақстанның көп ұлтты құрамының қалыптасу тарихын зерттеуге қадам жасалды. Еліміздің қазіргі тарих ғылымында қазақ диаспорасының пайда болуы және даму проблемаларын зерттеу жеке бағыт болып қалыптасты. Қазақ диаспорасы проблемаларын зерттеумен тарих ғылымы ғана емес, этнология, демография, ұлттық психология, жекелеген диаспоралар мәдениеті, т.б. ғылымдар айналысуда. Бұл ғылыми салалардың бәрі қазақ этносын өздеріне тән әдіс-тәсілдермен жан-жақты зерттеу үстінде.

Диаспорология осы аталған ғылыми бағыттар жинаған деректерге талдау жасайды. Сөйтіп, белгілі бір бөлігі өзінің этностық отанынан тыс өмір сүріп жатқан этнос туралы тұтас білімдер жүйесін қалыптастырады. Басты мәліметтерге диаспораның қалыптасу себептері мен кезеңдері туралы тарихи фактілер мен оқиғалар, диаспораның мәдениеті, дәстүрі, тұрмысы, саны туралы цифрлық сипаттамасы, жас-жыныстық, кәсіби құрамы, т.б. деректер алынады.

Сөйтіп, Қазақстаннан тыс жерде өмір сүріп жатқан қазақтардың басым бөлігін қазақ ирреденталарына жатқызуға болады.

Қазақ диаспорасы қазақтардың Қытайға, Орта Азия мемлекеттеріне, Ауғанстан, Иранға, одан әрі Үндістан, Пәкстан, Түркияға қоныс аударуының нәтижесінде дүниеге келді.

Қазақ диаспорасы бір текті емес, әр типті, өйткені ол ұзақ уақыт бойына, әрқилы жағ­дайларда қалыптасты. Қазақ диаспорасы саяси күштеу шараларының салдарынан және соған мәжбүрліктен пайда болды. 1960 ж. дейін саяси қысым көрсетудің салдарынан болған мәжбүрлік миграциялары, 1960 жылдардан кейін экономикалық себептермен, неғұрлым жоғары өмір деңгейін іздеген еркін миграцияларға ауысты. Мәселен, қазақтар Батыс Еуропа, АҚШ сияқты елдерге белгілі бір мерзімге жұмыс істеуге кете бастады.

Сонымен қатар, 1960 жылдарға дейін дүние жүзі бойынша қазақтардың көшіп-қонуы жаппай сипат алса, одан кейінгі кезеңде жекелеген адамдардың орын ауыстыруына ұласты. Сондықтан Батыс Еуропа мен Араб, АҚШ елдеріндегі қазақтар шашырап орналасқан. Бірақ Түркия сияқты Азия елдерінде қазақ диаспорасының үлкен шоғырларын да кездестіруге болады.

Ал жалпы қазақ диаспорасын пайда болу мерзімі мен шығу тегіне байланыссыз біріктіретін нәрсе — бұл өзінің қазақ этносына жататынын мойындауы, рулық бөлінісі және этностық тілін сақтап қалуы. Қазақ диаспорасына тән сипат — өзі өмір сүріп жатқан елде, саны жағынан еш жерде артықшылық болмаса да, өзін сақтап қала алғандығы. Зерттеушілер қазақ халқының өзіне жат әлеуметтік-экономикалық және мәдени жағдайларға тез бейімделіп кетуін көшпелі өмір салтына тән дүниетанымдық мұрасы деп есептейді. Көшпелі қоғам сыртқы және ішкі жағдайларға икемделуге бейім ашық жүйе болып табылады. Қазақтар өзінің тектік, рулық бөлінісін қатаң сақтай отырып, дүниені танудың әралуандық сипатындағы өзге діндер мен өзге мәдениетті кеңінен қабылдай алатын ділі бар халық.

Қазіргі диаспорология гуманитарлық ғылымның ең бір қызықты бағыты, өйткені қазақ диаспорасының қалыптасу және даму проблемасы әлі толық зерттелген жоқ. Бүгінгі қазақ диаспорасы — сыртқы әсерлерге байланысты өзгеріп отыратын тірі организм.

Диаспорология (грек тілінен аударғанда “диаспора” — шашырау, “логос” — білім) — қандай да бір халықтың тарихи отаны шегінен тыс жерде орналасу, қалыптасу себептері, кезеңдері мен бағыттары, тарихы, өзге мәдени этностық ортаға бейімделу және өмір сүруі әдістері туралы ғылым.

Диаспора халықтың тарихи жағдайларға байланысты көшіп-қонуынан пайда болады. Миграция (көші-қон) қандай да бір этнос өкілдерін мүлде жат өркениет кеңістігіне алып келеді. Миграцияны көшу себептеріне қарай үш топқа бөледі: 1) классикалық (неғұрлым жоғары өмір деңгейін іздеу); 2) жанжалдық (билік басындағылардың саяси және экономикалық қысым көрсетуі салдарынан); 3) жүйелік (көптеген себептер). Миграция көшу себептеріне және саяси ортадағы өзгерістерге орай тұрақты немесе уақытша болуы мүмкін. Қайта оралусыз сипаттағы қоныс аударуды — эмиграция, ал кейін қайтып оралатындай белгілі бір мерзімге қоныс аударуды — иммиграция деп анықтайды. Әрқилы тарихи кезеңдердегі эмиграция және иммиграция себептеріне талдау жасау диаспораның пайда болу үрдісін сипаттауға мүмкіндік береді.

Қазіргі кезеңде барлық саяси, экономикалық және мәдени үрдістер ғаламдық сипат алған жағдайда диаспора рөлі мен мәніне де көзқарас өзгерген. Диаспора қазіргі жағдайда тарихи отанымен және өзі өмір сүріп жатқан елдің өмірімен тығыз байланыста қарастырылады.

Орналасу ауданына, шоғырлана өмір сүруіне, саны мен даму деңгейі (білім, мәдени, экономикалық) жағдайына қарай диаспора мемлекеттер арасындағы қарым-қатынас, ынтымақтастықты күшейтуге әсер етуі мүмкін. Ал этностық отанының билік басындағылары арандатқан жағдайда диаспора жанжал көзіне де айнала алады. Сондықтан диаспораның даму тарихын зерттеудің көптеген елдер үшін сыртқы саясатын жүзеге асыруда айтарлықтай маңызы бар.

Диаспорология жеке ғылыми бағыт ретінде жеке нәрсені — қандай да бір этностың тарихи отанынан тыс жерге орналасу тарихын зерттейді. Қазіргі жағдайда тарихи отан шекарасы мемлекеттің саяси картада көрсетілген шекарасымен әрқашан да сәйкес келе бермейді. Бұл мемлекеттер шекарасы белгіленген кездегі әрекет еткен халықаралық құқық нормаларына сәйкес тарихи үрдістерге байланысты.

Қазақ “ирредентасы” және “диаспорасы” ұғымы. Бүгінде әр түрлі мемлекеттер қарым-қатынасындағы тұрақтылық қазіргі халықаралық құқықтар нормасын сақтауға негізделеді. Халықаралық құқықтың негізгі қағидасы (постулаты) мемлекеттердің аумақтық тұтастығын сақтау болып табылады. Алайда бұл диаспорологиядағы ирреденталар қалыптасуы мен пайда болуы мәселесін ғылыми зерттеуге тыйым салмайды.

Ирредента дегеніміз — этностың өз тарихи отанында тұрып жатқан, алайда ол аумақ көптеген әр түрлі жағдайларға байланысты өзге ел құрамында қалған өкілдері немесе эт­ностық азшылық.

Қазақтардың Қазақстаннан тыс жерлерге орналасуы қазақ халқының өміріндегі бірқатар ірі тарихи оқиғаларға байланысты. Бұл үрдіс айтарлықтай көп уақытты — ХVІІ—ХVІІІ ғасырлардан ХХ ғ. ортасына дейінгі кезеңді қамтиды. Осы кезең оқиғалары қазақ диас­порасын қалыптастыруға негіз салды.

1997 ж. 11 шілдедегі “Қазақстан Республикасындағы тілдер туралы” заңында мынандай анықтама берілген: ...“диаспора — халықтың өзінің тарихи отанынан тыс жерде өмір сүретін бір бөлігі (этностық тобы)”.

Қазақтардың қазіргі Қазақстаннан тыс жерлерге орналасу кезеңін зерттеу көрсет­ке­ніндей, қазақ диаспорасы өкілдерінің белгілі бір өкілдері әр түрлі тарихи кезеңдерде Қазақстаннан бөлініп, көрші мемлекеттер құрамына енген аумақтарда өмір сүреді екен. Қазіргі тарих ғылымында мұндай тұрғындарға ирредента деген анықтама берілген. Ирредента дегеніміз — тарихи оқиғалар барысында өзге мемлекет құрамына ауысқан жерде тұратын этностық топ, яғни, басқа мемлекеттің құрамында болса да, өз атамекенінде тұрып жатқандар.

Қытайдағы қазақ ирредентасы ХVІІ ғасырда қазақ-жоңғар соғыстары кезінде басталып, ХІХ ғасырдың екінші жартысында — Ресей-Қытай шекарасын белгілеу кезеңінде жалғасқан. Ресейдегі қазақ ирредентасы ХVІІІ—ХІХ ғасырларда Ресей империясының қазақ жерін отарлауы кезінде қалыптасты. Батыс, Солтүстік және Шығыс Қазақстан шекарасындағы жерлердің 1921 жылғы әкімшілік шекара белгілеу кезінде РСФСР пайдасына бекітілуі Ресейдегі қазақ ирредентасы қалыптасуына нүкте қойды. Орта Азиядағы қазақ ирредентасы 1918 ж. Түркістан АКСР-і және 1920 ж. Қазақ АКСР-і құрылуымен байланысты. Бұл бағыттағы келесі қадам 1924—1925 жж. Орта Азия мен Қазақстан аумақтарын ұлттық-мемлекеттік межелеу болды.

Қазақстан аумағынан тыс жерлерде шамамен 4,5 млн қазақ тұрып жатыр. Олардың 1/5 бөлігі ғана диаспораға жатады, ал қалған бөлігі қазақ ирредентасы болып табылады. Демек, Қазақстандағы 8 миллиондай қазақтың тең жартысына дерлігін құрайды. Қазақ ирреден­тасының аса кең ауқымдылығы соншалық, басқа елге қарасты болғанымен, өз атамекенінде тұрып жатқандардың ішінде Ирандағы әзірбайжандардан кейін, Қытайдағы қазақтар екінші орынды алады.

Ал шет елдердегі ұлттық автономиялық құрылымдары жағынан тіптен алда тұр. Өйткені олардың көпшілігі өзінің ежелгі атамекенінің байырғы тұрғындары болғандықтан, мәселен Қытайда ұлттық үш облыс, екі округ, бір уезді иеленіп отыр. Ал Монғолияда бір Баян Өлгий аймағында орналасқан.