Добавил:
Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
На сортировку / 2 / Тарих / билет тарих / 1.Қазақстан тарихы / Тарих / жанарбектен / на каз / ҚАЗАҚСТАН РЕСЕЙ ИМПЕРИЯСЫНЫҢ ҚҰРАМЫНДА.doc
Скачиваний:
352
Добавлен:
20.02.2017
Размер:
2.42 Mб
Скачать

§ 45. Экологиялық жағдайдың нашарлауы

Ядролық полигондар. Соғыстан соңғы жылдарда Қазақстан АҚШ пен КСРО ара­сындағы әскери-стратегиялық бәсекеде едәуір маңызға ие бола бастады. 1947 жылдың 21 тамызында КСРО мемлекеті арнайы қаулымен атомдық зерттеу полигонын ашу туралы шешім қабылдады. Таңдау қазақ даласына, оның ішінде Семей қаласы маңына түсті. Сол жылдың күзінде полигон құрылысы басталып та кетті.

1953 жылға дейін жарылыстар жергілікті тұрғындардан жасырын жүргізілді. 1956 жылдан бастап жарылыстың болатыны тұрғындарға бір сағат бұрын хабарланып отырылды. 1963 ж. КСРО, АҚШ, Ұлыбритания ядролық қаруды әуеде, ғарышта және су астында сынауды шектеу жөнінде ортақ келісімге қол жеткізгеннен кейін жер үсті мен әуедегі ядролық жарылыстар тоқтатылды. 1963—1988 жылдар аралығында, бір жарым жылғы мора­торияны есептемегенде, жерасты жарылыстары үсті-үстіне (жыл сайын 14—18) жүргізіліп келді. ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаевтың 1991 жылғы 29 тамыздағы Жарлығымен Семей полигоны жабылды.

Семей полигонынан бұрын Астрахань облысындағы Капустин Яр салынды. Батыс Қазақстан және Атырау облыстарының 3 млн гектар аумағында Ресейдің Капустин Яр полигондар жүйесі 55 жыл бойы күрделі әскери сынақтар жүргізіп келді, ал Азғыр атом полигонында 15 жыл бойы (1966—1979) ядролық жарылыстар жүргізілді.

Азғыр атом полигоны Атырау облысының Құрманғазы ауданына қарайтын үш мыңға жуық адам қоныстанған бір кездегі “Балқұдық” совхозының аумағында орналасты. Жарылыстар тұрғындарды басқа жерге көшірместен, елді мекендердің ортасында жүргізілді. Полигонда 17 рет жерасты жарылысы болды. Алғашқы жарылыс 500-дей тұрғыны бар Азғыр ауылынан 1,5 шақырым қашықтықта 160 метр тереңдікте болған. Жарылыстан соң осы алаңнан 20 тәулік бойы ауаға көшірілген улы заттар 5,4 млн люциді құраған. Бұдан кейінгі жарылыстарда да жер астындағы шұңқырлардан екі тәуліктен 11 айға дейін радиактивті заттардың ауаға шығып тұрғаны тіркелген.

Азғыр атом полигонында жарылыс 1979 ж. тоқтатылды, бірақ ондағы экономикалық жағдай қалыпқа келген жоқ. Азғырдағы кейбір жарылыс алаңдарында топырақта цезий 137 (нормадан 220 есе), плутоний 239 (қалыптағыдан 240 есеге дейін артық) екендігін көрсеткен. Осылардың барлығы адам мен жануарлар организміне үлкен қауіп төндіретіні анық.

Байқоңыр ғарыш айлағы. Байқоңыр ғарыш айлағы планетадағы 19 айлақтың бірі. Ол Қызылорда және бұрынғы Жезқазған облыстарының көлемді аумағына, Төретам темір жол станциясынан қашық емес орналасқан. Оның салыну тарихы соғыстан кейінгі халықаралық жағдайдың ушығып кетуіне байланысты. Кеңес өкіметі елдің қауіпсіздігін нығайту үшін бірқатар шаралар қолдануға мәжбүр болды. 1947 ж. 18 қазанда Капустин Ярдағы ұшыру қондырғысынан бірінші баллистикалық ракета ұшырылды.

1955 ж. 12 ақпанда КСРО үкіметінің қазақстандық Төретам станциясының маңынан по­лигон құру туралы жабық шешімі шықты. 1955 ж. маусымда Байқоңыр кешенінің штат­тық ұйымдық құрылымы бекітілді. Оның бастығы болып генерал-лейтенант А.И.Нестеренко сай­ланды. Орын таңдауда бірнеше факторлар ескерілді: 1) жылдың көп мезгілі бұлтсыз, ашық болуы; 2) халық аз қоныстанған жер болуы; 3) бұл кеңдік Жер айналуының ең жо­ғар­ғы жылдамдығына жататындығы. Ғарыштық аппараттың мәреге шығуын жеңілдететін құ­рылыс ісі күрделі климаттық жағдайда жүрді. Қыста ызғырық аяз, жазда қапырық ыстық. Жерасты коммуникациялар, жылу станциясы, азотты кислород зауыты, үлкен электр стан­циясы, т.б. объектілер қысқа мерзімде салынып бітті. С.П.Королевтің бірінші ракеталық конструкциясы 1957 ж. мамырда іске қосылды. 1957 ж. 4 қазанда Байқоңыр ғарыш айла­ғы­нан орбитаға дүние жүзіндегі тұңғыш жасанды жер серігі шығарылды. Бүгінде Байқоңыр — ракеталық-ғарыштық техниканың ірі өнеркәсіптік, құрастырушылық және ұшыру кешені.

Арал мен Балқаш проблемалары. 1995 жылға дейін Арал теңізі өзінің байырғы көлемінің төрттен үшінен айырылды. Су деңгейі 19 метрге дейін төмендеді. Құрғап қалған теңіз табаны 33 мың шаршы километрге дейін жетті. Арал маңы аймағына қатысты кеңестік шаруашылық жоспарының қателігі салдарынан мыңдаған тонна тұз бен ауыл шаруашылығы химикаттары ауаға таралды. Бұл аймақтың кең жазығы мақта мен күріш егуге, одан мол өнім алуға барынша қолайлы деп табылып, Әму мен Сыр ағысын Шардара суқоймасына бұру арқылы егістік жер барынша ұлғайтылды. Мұның соңы табиғаттың о бастағы тепе-теңдігін бұзып, Арал маңы экологиясының нашарлауына әкеліп соқты. Су қойма суға толғанымен, Арал құрғап қалды. Оның жанындағы мыңдаған гектар жер шөлге, құмға айналды. Жергілікті тұрғындар ішетін су тапшылығына ұшырады. Қалған Арал суының тұзы үш есеге артып, балық аулау кәсібі тұйыққа тірелді. 60 мыңнан аса адам өмір сүру көзінен айырылды. Экологиялық жағдайдың нашарлауы апат аранын ашып, ауру түрлері көбейді.

Теңіздің тартылуымен бірге аймақтың климаты да өзгерді. Бұрын Арал өзінше климат реттегіш рөлін атқаратын-ды. Оның айдыны Сібірден соққан суық желді жұмсартып, жаз айларының ыстығын басуға әсер ететін. Су айдынының айтарлықтай тартылуы салдарынан аймақтағы ауа райы шұғыл континентті болып кетті. Қысқа жаз құрғақ әрі аптапты, ал қысы суық әрі ұзаққа созылатын болды. Осы жағдайларға байланысты БҰҰ 1993 жылдан бастап Арал проблемасын шешудің жолдарын қарастыра бастады. Бірақ бұл тым кеш еді.

Арал теңізі проблемасын шешуге оның маңайында орналасқан мемлекеттермен қатар дүниежүзілік қауымдастық та атсалысуда. Арал проблемасының ғаламдық мәні бар. 1994 ж. үш аймақаралық ұйым: Арал теңізі проблемасы бойынша мемлекетаралық Кеңес, Аралды құтқару халықаралық қоры және экологиялық комиссия құрылды. Бұл халықаралық ұйымдар Арал аймағы елдерімен — Қазақстан және Өзбекстанмен бірігіп әрекет етуде.

Балқаш көлінің экологиялық қатерге тап болуы да Кеңес үкіметінің “жоспарлы эко­номикасына” тікелей байланысты. Егістік жерлер үшін Іле, Қаратал, Лепсі өзендерінен мөл­шерден артық алынған су мен Қапшағай суқоймасының дүниеге келуі өз кезегінде Балқаш деңгейінің төмендеуіне әкеліп соқты. Оның үстіне, Балқаш көлінің күретамыры болып саналатын Іле өзенінің 70 пайызы Қытай жерінде жатыр. Сол себептен де көл деңгейі 1970 жылға қарағанда 1986 ж. бір жарым метрге тартылып, кейбір тұстарда су белгісі бұрын­ғысынан 10—15 шақырымға дейін шегінді. Судың минералдануы өсе түсуде. Байырғы құнды балықтар түрі азайып, қалғандарының өзі түрлі ауруға ұшырауда. Бір 1980 жылдың өзінде Балқаштан 10 тонна балық ауланған. Мұнда құндыз, аққулар, қызғылт қоқиқаз, қаздар мекен еткен.

Балқаш көлінің экологиялық жағдайы тұрмыстық қоқыстар мен Балқаш мыс қорыту комбинатының өнеркәсіп қалдықтарына да байланысты. Балқаш бассейні бірыңғай табиғат, экологиялық және экономикалық жүйе ретінде қорғауды және тиімді пайдалануды талап етеді. Республика экоресурстар министрлігінің 1996 ж. 22 шілдесіндегі N 69 бұйрығымен балық түрлерін сақтау және балық аулауды реттестіру мақсатындағы Іле-Балқаш бассейні басқармасы құрылды. Аталған басқарма бірегей көлді экологиялық сақтау жөнінде шаралар кешенін жүзеге асыруға бағытталған. Ендігі Балқаш тағдыры осы басқарманың қалай жұмыс істеуіне тікелей байланысты. Балқаш көлі аумағында Алматы, Қарағанды, Жамбыл сияқты үш бірдей облыс барын, оларда 3 миллионға жуық халық тұрып жатқанын ескерсек, мұның маңызы арта түспек.

Дағдарыс жағдайларының күшеюі. Қазақстандағы экологиялық проблеманың осын­шалықты асқынуын тек экономиканы басқарудың кемшіліктерінен іздесек, әбестік болар еді. Мұнда кеңес қоғамындағы саяси тоқыраудың азды-көпті үлесі бар. Бұл тоқырау 1980 жылдың басында мына төмендегі проблемалар арқылы көбірек көрініс тапты:

— еңбек тәртібінің босаңси бастауы;

— ведомстволықтың күшеюі;

— көпшілік арасында ішімдіктің бел алуы;

— негізгі проблемаларды шешуде жұртшылық пікір-ұсыныстарының ескерілмеуі.

Одақ бойынша осы жылдарда кеңестік және шаруашылық органдардың орнын партия органдары алмастырды. Елде, шын мәнісінде, партия ықпалындағы жекеменшіктің мем­лекеттік формасы қалыптасты. Жекеменшіктің бұл түрі адам мен оның тағдырына, тұтыну сұранысына қатысты емес еді. Керісінше, ол жоспарлаудың орталықтандырылған арнайы директивалары арқылы реттеліп отырды. 1980 жылдың аяғында республикада шығарылған өнімнің ассортименті он мыңдай ғана атауды құрады. Өндірістің негізгі көрсеткіштері мен оның шет-шегін анықтау, жинақтау, сақтау, тұтыну барысында жоспарлау органдары оларды өз дәрежесінде біріктіре, бағындыра алмады. Осы шашырандылық салдарынан халық тұтынатын бір тауарды кем, екінші біреуін артық шығару әдеті белең алды. Дүниежүзілік практика мұндай келеңсіздікті жоспарлауды нақтылау мен оның орындалуын қатаң қадағалау арқылы жойып отыратын. Ал бізде республика көлемінде белгіленген жоспар үдесінен шыға алмау бір бесжылдықтан екінші бесжылдыққа ауысып отырды. Мұндай кезде ғылыми-техникалық жетістіктің озық түрлерін пайдалану мүмкін еместігі өзінен-өзі түсінікті. Алып өндіріс орындары мұны онсыз да керек етпеді, өйткені жаңа технологияны іске асыру келесі кезекте өнім өндіруге кеткен шығынның көрсеткішін кемітуге, не қысқартуға әкеліп соғады. Өнім өндірудегі принцип — көп жұмсалған ақша тауар құнын қымбаттатады. Демек, өзіндік құн көрсеткіші өсе түседі. Себебі, кез келген тауар, не өнім оның сапасы мен қажеттілігіне қарамастан, ең алдымен оның бағасына тәуелді.

1985 жылдың сәуірінен бастап КОКП, қоғамның жетекші күші есебінде “Қайта құру” бағытын қолға алды. “Қайта құру” КСРО-ның қоғамдық-саяси және экономикалық өмірін түбегейлі өзгертуге тиіс болатын. Нәтижеде жариялылыққа, сөз бостандығына, орталық пен одақтық республикалардың өзара қарым-қатынасын қайта қарауға, коммунистік партияның айтарлықтай сынға ұшырауына, саяси плюрализмге, ең соңында көппартиялық жүйеге жол ашып берді. КОКП Кеңес Одағының қозғаушы және бағыттаушы күші беделінен айы­рылды. Коммунистік партияның банкротқа ұшырауы алдымен оның қоғамды эконо­микалық тығырықтан алып шыға алмауынан көрінді.

1991 жылдың қыркүйегінде өткен кезектен тыс съезінде ҚКП Социалистік партия болып аталды. Партияның қатардағы мүшелері өздерінің қалауымен қайта тіркеуден өтті. Партия мүшелерінің қалған бір бөлігі съезд өткеннен соң ҚКП-ны қайта құру үшін бас біріктірді. 1994 жылдың ақпанында ҚКП ҚР Әділет министрлігінде арнайы тіркеуден өтті.

Қазақстан коммунистік партиясының тарихы оның іс-әрекеті мен қызметіне баға беруде тек ақ пен қара жағын ғана назарда ұстағаны болмаса, кеңес дәуірінде өз дәрежесінде зерттелген жоқ. Іс жүзінде партия тарихы мәселесінің бірқатар сүбелі проблемалары қоз­ғаусыз қалып отырды. Қайта құру кезеңінде (1985—1991) ұжымдастыру, ұлт мәселесі проб­лемалары көптеген еңбектерде жарық көріп, біздің еліміздің шынайы өткеніне көз жеткізуге деген қызығушылық байқалды. Тәуелсіздік алған алғашқы жылдарда партия қызметі елдің экономикалық және қоғам-саяси қызметі негізінде зерттеле бастады.