Добавил:
Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
На сортировку / 2 / Тарих / билет тарих / 1.Қазақстан тарихы / Тарих / жанарбектен / на каз / ҚАЗАҚСТАН РЕСЕЙ ИМПЕРИЯСЫНЫҢ ҚҰРАМЫНДА.doc
Скачиваний:
352
Добавлен:
20.02.2017
Размер:
2.42 Mб
Скачать

§ 15. Хііі ғасырдың соңғы жартысындағы ресей отаршылдығына қарсы ұлт-азаттық қозғалыстар

ХVІІІ ғасырдың екінші жартысындағы патша үкіметінің Кіші жүз бен Орта жүздегі саясаты ХVІІІ ғасырдың бас кезінде қазақ халқы жоңғар басқыншыларына қарсы үздіксіз күрес жүргізді. Қазақ мемлекетінің онсыз да қиын ахуалын солтүстік-батыстан башқұрттар мен Еділ қалмақтары, солтүстіктен — Сібір казактары, оңтүстіктен — Қоқан, Хиуа мемлекеттері өз мүдделеріне пайдалануға тырысты.

Қазақ елінің халықаралық жағдайының шиеленісуі Әбілқайыр ханның Ресей империясына үміт артуына себепші болды. Орыс өкіметі қазақтардың жоңғарлармен алысып жатқанын пайдаланып, жергілікті көшпелі халықтың иелігінде бекіністер салу арқылы жерлерін тартып ала бастады. Жылдан-жылға Ресей мемлекеті отарлау саясатын ашық түрде үдете берді. Бұл жағдай 30-жылдардың басында басталған Қазақ хандығындағы саяси бытыраңқылықты тереңдете түсті.

Кіші жүзде іс жүзінде бір-біріне қарама-қарсы Әбілқайыр хан мен Батыр сұлтан билік жүргізсе, Орта жүзде Сәмеке мен Күшік хандар ресми хан болып саналғанымен, Барақ пен Әбілмәмбет сұлтандар саяси жетекшілік рөл атқарды. Сәмеке мен Күшіктің билігі Ұлы жүздің бір бөлігіне де тарады. Олар өз кезегінде Жоңғарияға тәуелділікте болды. Ал Ұлы жүздің қалған бөлігінде Жолбарыс ханның билігі сақталды. Патша үкіметі ақсүйектердің өзара ала ауыздығын шебер пайдаланып, әкімшілік және саяси шаралармен батыс аудандарды отарлауын жеделдетті. Себебі Батыс Қазақстан Ресей империясына ең жақын орналасқан аймақ болатын.

Бұл жақындық Кіші жүздің бірінші болып Ресейге қосылуына әсер ете отырып, отарлық езгінің алғашқы ауыртпалығын ала келді. Осыған байланысты Кіші жүз үнемі ұлт-азаттық қозғалыстың ошағына айналды.

ХVІІІ ғасырдағы қазақ қоғамындағы билеуші топтардың арасындағы күрес 1748 ж. Әбілқайыр ханның өліміне әкелді. Бұл қазақ жүздерінің басын біріктіру шараларын әлсіретті. Әбілқайыр ханның орнына келген Нұралы ханның билігі енді Орта жүзге тарамады. Тіпті Кіші жүздің өзінде Әбілқайыр мұрагерлерінің жағдайы орнықты емес еді. Нұралыны Кіші жүздің барлық рубасылары мойындаған жоқ. Сырдария ауданында көшіп-қонып жүрген Шекті руы Батыр сұлтанды хан сайлады. Нұралыны тек Байұлы рулары қолдады. Нұралы өз жағдайының қиындығын жақсы түсінді, енді өзіне қолдауды рубасыларынан емес, патша үкіметі тарапынан іздей бастады. Патша үкіметі Кіші жүздегі нақты жағдайдың барысын бақылап отырған еді. Патша үкіметі де өз тарапынан Қазақ жүздерінің саяси жағынан нығаюына мүдделі болған жоқ. Орта жүздегі Абылайдың ықпалының өсуі, қазақтарға көршілес башқұрт халқының ұлт-азаттық күресінің өрістеуі патша үкіметінің отаршылдық мүдделеріне қарама-қайшы келетін. 1748 ж. патша үкіметі Нұралыға хан атағын бекітіп беріп, жылына 600 сом мемлекеттік ақы төлейтін болды. Ол сөйтіп орыс мемлекетінен жалақы алатын алғашқы ханға айналды. Ол енді өзінің барлық іс-қимылдарын патша үкіметімен ақылдасып жүргізуге тиіс болды. 1749 ж. 2 мамырдан оған Орынборға аманат жіберіп тұру міндеті жүктелді. Патша үкіметінің бұл саяси актісі Нұралыға деген сұлтан ақсүйектер мен рубасыларының қарсылығын тоқтата алмады. ХVІІІ ғ. 40–60-жылдарында оңтүстік шекаралардағы жайылымдар үшін қарақалпақтармен, түрікмендермен қақтығыстар да күшейе түскен еді.

Қазақтардың Еділ мен Жайық арасындағы жерлер үшін торғауыт қалмақтарымен қарым-қатынасы нашарлай берді. Халықтарды бір-біріне айдап салу мақсатында патша үкіметі “ішкі жаққа” өткен қазақтарды тұтқындауға бұйрық берді. Осының бәрі Нұралы хандығында қысқы жайылымдар үшін жер тапшылығы дағдарысын туғызды.

Патша үкіметінің Каспий теңізінің солтүстік-батыс өңіріндегі құнарлы да шұрайлы жерлерді орыс помещиктеріне бөліп беруі қазақтардың дәстүрлі жайылымдық жерлерін мейлінше тарылтты. Жайық бойындағы бірінен соң бірі жыпырлап тұрғызылған бекіністер тізбегі — Ой шебі қазақтар тарапынан қарсылық тудырмай қоймады. Ор өзенінен әрі жалғасқан Сібір Ащы шебі Ертіс шебімен қосылды. Ал бекіністерге қоныстандырылған орыс-казактар, жерсіз орыс шаруаларының жергілікті қазақтардың жеріне көз алартуы патша үкіметі езгісіне қарсы бағытталған қарсылықтарға алғышарт дайындады.

1742, 1756, 1765 жылдардағы заң актілері бойынша қазақтардың Еділ мен Жайық арасындағы, Есіл мен Тобылдың жоғарғы ағысындағы, Каспий теңізінің солтүстік жағалауы бойындағы жерлерде көшіп-қонуына тыйым салынды. Бұл қазақтардың мүдделеріне тым қайшы келді. 1771 ж. Еділ мен Жайық арасындағы қалмақтар Жоңғарияға көшіп кеткеннен кейін де бұл жер казак әскерлеріне және мемлекеттік қорға берілді. Осылайша жер тапшылығы қазақ билеушілерінің арасындағы ала ауыздықты одан әрі ушықтыра түсті.

Ертістің оң жағалауына өтуге тыйым салған Орта жүздегі жағдай да осыған ұқсас еді. Ондағы Сібір казак әскери басшылары қазақтардың бекініске алдымен 10 шақырым, кейіннен 50 шақырым жерге жақындап келіп мал жаюына тыйым салды.

Жергілікті сұлтан, билердің Орынбор шекаралық комиссиясына наразылық білдірген шағым хаттары назарға ілінбеді. Онымен қоймай Орал әскери бекінісінің атаманы “барымташы қазақтарды жазалау” деген желеумен “әскери серуендер” деп аталған әскери шапқыншылықтар ұйымдастырып тұрды.

Мәселен, 1782 ж. 11 қазанында Сырым Датұлының Кіші жүз қазақтарының атынан патшаға жазған арыз хатында Орал әскери бекінісінің атаманы 1500 солдатпен келіп, жазықсыз жатқан қазақ ауылдарын шапқаны, 225 үйді қиратып, мүліктерін тонағаны, 150 адамды жазықсыз өлтіргені, 57 тұтқын кісі әкеткені, табын-табын жылқы, түйе, сиыр, қой айдап алып кеткені айтылады.

Жоғарыдағы айтылған мәселелерді шешуде Нұралы ханның дәрменсіздігі оның тек сұлтандар мен рубасыларының ғана емес, халық алдындағы беделін түсірді.

Қазақтардың 1773—1775 жж. Е. Пугачев бастаған шаруалар соғысына қатысуы. (Қосымша беттегі картаны қараңдар.) Ресейдегі Е. Пугачев бастаған көтеріліс басыбайлылық құқыққа қарсы бағытталса да, оған Еділ-Жайық бойындағы башқұрт, татар, қазақтар да қатысты. Орта жүз, әсіресе Кіші жүз қазақтары патша үкіметінің жер мәселесіндегі отаршыл саясатына қарсы шығып, шаруалар соғысына қосылды. Пугачев үндеуінің Кіші жүзде таралуы қазақтарды стихиялы түрде көтеріліске тартты. Халық жасақтары билеуші топтардың қол астына шоғырлана бастады. Өйткені патша үкіметінің Жайық, Ертіс өзендерінің оң жағасындағы шұрайлы жерлерді орыс-казактарға беріп, қазақтардың бекіністер орналасқан өңірге жақындауына тыйым салуы халықтың ашу-ызасын тудырды. Ал Пугачев езілген халық бұқарасын “жермен қамтамасыз етуге” уәде берген еді.

Кіші жүздің ірі ақсүйектері — Ералы мен Досалы, Айшуақ сұлтандар көтерілісті қолдады, тіпті 1773 ж. 17 қарашада Нұралының өкілі Зәбір молда Пугачевқа арнайы сыйлықты табыс етуге аттанды. Одан Пугачев Кіші жүз қазақтарының көмегі ретінде әскер жіберуін сұрайды.

Нұралы бір жағынан Пугачевқа қылыш, шапан, арғымақ сыйлай отырып, екінші жағынан Орынборға көтеріліс қимылдары туралы хабарлап отыруды да ұмытқан жоқ. Пугачев көтерілісі Жайық қалашығы ауданында басталды. Ол негізгі күшімен Жайық бойымен жоғары жылжиды. Форпост, қамалдар, соның ішінде Илецк қалашығы Пугачевқа ұрыссыз беріледі. Көтеріліс Қазақстанның солтүстік-батысын қамтып, өлкенің негізгі әкімшілік және әскери орталығы — Орынборды қоршау басталады. 1773 ж. 5 қазанда 2500 адам, 20 зеңбірекпен қамалды алуға ұмтылды. Оған башқұрт халқының батыры Салауат Юлаев, Оңтүстік Орал зауытының жұмысшылары қатысты. Орынборды қоршау кезінде қазақтардың тама, Табын, жағалбайлы руларының жігіттері Пугачев жасағына қосылып, орыс бекінісіне шабуыл жасайды.

Досалы сұлтан өзінің ұлы Сейдалыны бас етіп, Пугачевқа көмек ретінде топ жөнелтті. Деректерге қарағанда, Орынборды қоршау кезінде 2 мыңға жуық қазақтар бекіністерге шабуылдауға қатысқан. Орта жүз рулары да Орынборды қоршауға, Илецкіні алуға қатысты.

1774 ж. Орынборды қоршау тоқтатылды. Енді Нұралы хан өзінің патша үкіметін қолдайтындығын неғұрлым ашық көрсете бастайды.

Көтеріліс ошағы Кіші жүзден басқа жаққа ауысқаннан кейін де қазақтардың патша үкіметі бекіністеріне шабуылы тоқтамады. Тек 1774 ж. жазда 240 осындай шабуыл жасалынды. 1775 ж. қаңтар айында Нұралы хан патша үкіметінен қазақ жайылымдарына жазалау экспедицияларын жіберуін сұрап өтініш білдіреді.

1775 ж. ақпанда 300 орал-казак әскері, 500 башқұрттан тұратын Мансуров бастаған жазалау жасағы Гурьев пен Орал қаласынан шығып, Кіші жүздің ортасына бет түзейді. Осы кезде С. Датұлы халық көтерілісінің басшысы ретінде сахнаға шығады. Көтеріліс аяқталғаннан кейін ІІ Екатерина Жайық өзенін Орал деп, Жайық қалашығын Уральск деп өзгертті.

1783—1797 жылдардағы Сырым Датұлы бастаған Кіші жүздегі ұлт-азаттық қозғалыс. (Қосымша беттегі картаны қараңдар.) Ресей империясының Кіші жүздегі отарлық саясаты тереңдеген сайын өлкедегі саяси-экономикалық биліктің орыс әкімшілігі қолына шоғырлануы да жылдам жүре бастады. Пугачев көтерілісі басып-жанышталғаннан кейін 1775 ж. 25 шілдеден бастап “сезікті” деген кез келген Орынборға келген қазақты тұтқындап, малын тартып алуға рұқсат берілді. Себебі Пугачев бастаған шаруалар соғысы кезінде қазақтар 1756, 1771 жылдардағы жарлықпен санаспай, іс жүзінде Еділ мен Жайықтың аралығындағы жайылымдарды пайдаланған еді.

1775 ж. қыркүйекте керей руында Пугачевтің атымен байланысты “Көрінбейтіндердің” қозғалысы пайда болады. Қозғалыс Кіші жүздегі Табын, тама, Шекті, шөмекей, байбақты рулары арасына тарайды. Тағы да көтеріліс қаупі туады. 1776 ж. оларға қарсы Нұралы патша үкіметінен көмек сұрауға мәжбүр болды.

1782 жылғы жарлық бойынша қазақтарға патша үкіметі Еділ мен Жайықтың ішкі жағына өтуге рұқсат берді. Нұралы мен оның туыстары қоныстарға билік құқын пайдаланып, шекаралық әкімшілік шенеуніктерімен, казак-орыстармен бірігіп, халықты тонауға кірісті. Арғы бетке өткен әрбір шаңырақтан бір жылқы мен бір қой ақы алып тұрды. Орал әскер басшылары ақы төлемегендерді тұтқынға алып отырды, малын тартып алды. Мәселен, 1783 ж. казактар ішкі жаққа өткен қазақтардың 4 мың жылқысын айдап әкетеді. Бұған жауап ретінде қазақтар редуттарға, бекіністерге, форпосттарға шабуылға шықты. Осы кезеңнен бастап бас көтерулер жаппай тұрақты сипат алады. Басты соққы Төменгі Орал шебі мен Орск бекінісіне бағытталды.

Осы кезеңде тарих аренасына халық қозғалысының лидері ретінде жастайынан шешендігімен, әділдігімен көзге түскен Байбақты руының басшысы Сырым Датұлы шықты. Ол ұрыстарда асқан ерлігімен халық сүйіспеншілігіне бөленген батыр болатын. Оның қарамағында 2 мыңға жуық түтін бар еді.

Ал Нұралы хан және оның жақтастары Кіші жүздегі ықпалынан айырылып, халықтан алыстай берді. Нұралы хан 70-жылдардың екінші жартысынан бастап патша әкімшілігінің еркін орындайтын орыс шенеунігіне айналды.

Кіші жүзде қалыптасқан саяси ахуалды бақылауды билер мен батырлардан тұратын Сырым бастаған топ өз қолына алды. Қазақ халқының алдында өмірлік екі мәселені шешу міндеті тұрды: а) Ыдырап бара жатқан дәстүрлі қазақ менталитетін (Қазақ мемлекеттілігін) құтқару; ә) Жер мәселесін шешу.

Бұл екі мәселе бір-бірімен тығыз байланысты еді. Хан мен патша үкіметіне қарсы осы өмірлік мәселелер халық бұқарасының қолдауын қамтамасыз етті, қозғалысқа жалпыхалықтық сипат берді.

С. Датұлын Кіші жүздегі қазақ руларының барлығы дерлік қолдады. Жайық әскери кеңсесінің мәліметтері бойынша, 1758 ж. 8 сәуірде Сырымның жасағында — 2700, Тіленші батырдың жасағында — 1500, Барақ батырдың жасағында — 2 мың адам болған. 1786 жылға қарай ол өз маңайына 7 мыңдай көтерілісшілер жинақтады. Сырымға байбақты, Шекті, Табын, шеркеш, таз рулары қолдау көрсетті. Бұл рулардың көпшілік бөлігі Нұралының басқаруындағы рулар болатын. Осылайша Нұралы ханның билігі дағдарысқа ұшырады. Халық қозғалысының ауқымы Петербург сарайы мен Сібір, Уфа, Орынбор өлкесінің басшысы барон Отто Игельстромға ой салды. Олар халық наразылығын пайдалана отырып, Кіші жүздегі хандық билікті жоюды ойластыра бастады.

Хандық биліктегі өзгерістер. Патша үкіметі Шыңғыс ұрпақтары мен ықпалды батырлардың арасына от тастау арқылы көшпенді халықты тұтастығынан айыруды мақсат етті. Себебі Нұралыны хандықтан тайдыруды патша үкіметі жақтады. Бірақ екі жақ екі түрлі мақсат көздеді. С. Датұлы бастаған топ хандық билікті түгел таратуды жақтады, немесе кейбіреулері Нұралы ханды тақтан тайдырып, оның орнына Барақтың баласы Қайып сұлтанды хан етіп сайлауды ұсынды. Ал екінші жақ — патшалық отарлау саясатын іске асырушы барон Игельстром әлсіз хандық жүйені түпкілікті жойып, Кіші Орданы рубасыларына бөліп беріп, өзі тікелей басқарғысы келді. Игельстром “қара сүйектен” шыққан, ешқашан хан болуды армандай алмайтын Сырым бағытын қолдай бастады.

1785 жылғы күздегі рубасыларының құрылтайында 208 рубасы “мәртебелі императорға” адалдықтары жөнінде ант берді. Игельстром дайындаған Кіші жүздің рубасыларының құрылтайында екі мәселе қаралды: а) Жүздегі билік мәселесі; ә) Қысқы жайылымдарды кеңейту.

Құрылтай Нұралыны тақтан тайдырып, Кіші жүзді үш бөлікке (Байұлы, Жетіру, Қаракесек руларына (Әлімұлы) бөлуді, Сырымды барлық Орданың бас кеңесшісі етіп тағайындау ісін қарады. Рубасыларының көпшілігі бірауыздан хан деп тануға дайын жаңа хан Қайып туралы да сөз болды. Игельстром 17 рубасына өз қол астындағы халықпен Орал бойындағы Сахарная бекінісі мен Гурьев бекінісіне дейінгі жерде көшіп-қонуға рұқсат берді. Игельстромның бұл іс-қимылдары азаттық қозғалысының отаршылдық бағытын әлсіретті. Ал Нұралы ханға қарсы бағыт өрши түсті. 1786 ж. сәуірде көтерілісшілердің қысымымен Нұралы Кіші жүзден кетіп, шекаралық шептегі патша өкіметінің қол астына барып паналауға мәжбүр болды.

1786 ж. 3 маусымда ІІ Екатерина Нұралы ханды биліктен тайдыру туралы рескриптіге қол қойды. Нұралыны Орынборға шақырып, әрі қарай Уфаға жер аударды.

Осынау аумалы-төкпелі кезеңді пайдаланып, Орынбор генерал-губернаторы Игельстром реформа жасап, хандық билікті жойып жібермекке әрекеттенді. Кіші жүз үш бөлікке бөлініп, олардың әрқайсысын Съез сайлаған рубасы басқаратын болды. Осылайша генерал-губернатор жанында рубасыларының кеңесін құрып басқару туралы жоба “Игельстром реформасы” деп аталды.

Реформа бойынша Кіші жүздегі саяси билік Орынбор әкімшілігінің жанынан құрылған шекаралық сотқа берілді. Ол Кіші жүзді басқаратын жаңа орган ретінде ең ықпалды рубасылары мен патша әкімшілігінің өкілдерінен тұрды. Жергілікті жерлерде рубасыларынан, төрағадан және орыс өкілінен тұратын соттар (расправалар) осы шекаралық сотқа бағынды. Нәтижесінде 32 рубасылары төлемақы алып тұратын шенеунікке айналды.

Нұралы ханның билігі осылайша қайғылы аяқталды. Бөтен жерде саяси қуғында жүріп, Нұралы хан 1790 ж. Уфада дүние салды. Алайда барон Отто Игельстромның реформасы да қиыншылыққа кездесті. Ғасырлар бойы қалыптасқан хандық билікті бір қағаздың күшімен жойып жіберуге әлі алғышарттар пісіп-жетілген жоқ еді. Нұралының қайтарылуын талап еткен ақсүйек сұлтандардың қарсылығы әлі де күшті болатын. Хандық билікті қайта қалпына келтіру қозғалысын ханның інісі Ералы басқарды.

Бұл кезеңде халықаралық жағдайда үлкен өзгеріс болып, француз революциясы Еуропа монархтарын шошытты. Енді патша үкіметінің өзі реформаны сәтсіздікке ұшырады деп тауып, тоқтатуға ұмтылды. Ал Игельстром қызметтен кетеді. Жаңа губернатор А. Пеутлинг тұсында хандық билік қайта орнады. 1791 ж. тамызда Орск қамалына жақын жерде Ералы сұлтан Кіші жүз ханы (1792—1794) болып сайланды. Бұрынғы Неплюевтік режім қайта орнады. Орал казак әскерінің бейбіт ауылдарға шапқыншылығы қайта басталып, бұл көтерілістің қайта өрлеуіне әкелді. С. Датұлы Бұхар ханы мен Хиуа ханы Әбілғазы Қайыпұлымен жақындасады. 1792 ж. жазында Сырым Ресейге ашық күрес жариялайды. Көтеріліс Кіші жүзді түгел қамтып, Сырым батыр халық көсемі дәрежесіне дейін көтерілді.

1792 жылдың күзінде көтерілісшілердің 1000 адамдық жасағы Елек бекінісін өртеп жіберді. Қазақтар оны кейіннен Күйікқала деп атап кетеді. Көтеріліс партизан соғысы сипатына ие болады.

1794 ж. жазда Ералы хан қайтыс болып, оның орнын Нұралы ұлдарының бірі Есім басады. Қырда билік іс жүзінде рубасыларының қолында болды. Алайда көтерілісшілер 1797 ж. Есім ханды да (1795—1797) өлтіреді. Орынбор губернаторы болып қайта келген Игельстром Сырыммен келіссөз жүргізе бастайды. Көтерілісшілерді “тыныштандыру” үшін енді жаңа хан сайланбайтын болды. Кіші жүзді басқару хандық кеңеске берілді. Басшысы болып Айшуақ сұлтан тағайындалды.

1797 ж. халықтың ауыр жағдайына және сол жылы 8 тамызда хандық кеңестің құрылуына байланысты Сырым күресті тоқтатады. Сөйтіп, Кіші жүз қазақтарының арасындағы аздаған үзілістермен 14 жылға созылған азаттық қозғалысы аяқталды.

Ал сұлтандардың бір бөлігі өз беттерімен Қаратай Нұралиевті хан етіп көтерсе, Игельстром Қаратайды емес, Айшуақты хан (1797—1805) етіп сайлайды. Сонымен Кіші жүз тағы да екі топтың арасындағы күрес аренасына айналды. Қаратай бастаған сұлтандардың қудалауымен Сырым 1797 ж. Хиуа хандығына өтіп кетеді. Одан кейінгі өмірі туралы дерек аз. 1802 ж. жат жұртта белгісіз себептерден дүние салады.

Көтерілістің басты қозғаушы күші — қарапайым көшпелі малшылар болғанымен, бұл бүкілхалықтық қозғалысқа Нұралы хан ұрпақтары мен оның жақтастарының саясатына наразы сұлтандар (Айшуақ сұлтанның балалары), билер, рубасылары мен батырлар қатысты.

Сонымен, отаршылдыққа қарсы күрес аясына саяси бағыттары бір-біріне қарама-қайшы әр түрлі әлеуметтік топтар тартылды. Алайда С. Датұлы олардың барлығының мүддесін бір арнаға — отаршылдық жүйеге қарсы тоғыстыра білді.

Бірақ С. Датұлының көтерілістің әр кезеңінде өзінің мақсатын өзгертіп, Орынбор губернаторымен уақытша келісімге келуі, заңды билеуші ханды тақтан тайдыруы, Есімнің өлтірілуі, өз бетімен күресті тоқтатуы, осының барлығы қозғалыстың шешуші кезеңіндегі оның қарама-қайшылыққа толы бағытын аңғартады.

Сонымен қатар, көтерілістің жеңілуіне бірқатар жағдайлар әсер етті: қазақ қоғамындағы әр түрлі топтардың әсіресе ру арасындағы ала ауыздық, тіпті Сырымның өз руы байбақты да екіге жарылып, біреуі — Сырым бастаған халық төңірегіне, екіншілері — Әбілқайыр хан ұрпағы Ералы, Есім төңірегіне жиналды; Сырымның өз қол астындағы көтеріліс күштерінің, жеке топтардың нашар ұйымдасуы, Сырымның екі жақты соғыс жүргізуі; патша әкімшілігінің хан кеңесінен қашпай, оны тиімді пайдалануы.

Көтерілістің тарихи маңызы зор. Көтерілістің басты талабы — жер мәселесі ішінара шешілді. Қазақтар Жайық пен Еділ арасындағы жайылымдарды пайдалануға мүмкіндік алды. Жер тапшылығын уақытша бәсеңдетті. Дәстүрлі билік жүйесі хандық кеңестің қайта орнауына қол жеткізіп, осы арқылы мемлекеттіліктің соңғы нышандарын сақтап қалды. Тұтастай алғанда кейбір ішкі қайшылықтарына қарамастан көтеріліс ұлттық сананың өсуіне септігін тигізді.