Добавил:
Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
На сортировку / 2 / Тарих / билет тарих / 1.Қазақстан тарихы / Тарих / жанарбектен / на каз / ҚАЗАҚСТАН РЕСЕЙ ИМПЕРИЯСЫНЫҢ ҚҰРАМЫНДА.doc
Скачиваний:
352
Добавлен:
20.02.2017
Размер:
2.42 Mб
Скачать

§§ 48—49. Кеңес өкіметінің көші-қон саясаты. Халықтар депортациясы

Соғысқа дейінгі кезеңдегі саяси қуғын-сүргін және халықтар депортациясы. Социалистік заманда Қазақстанды, Кеңес Одағын мекендеген халықтардың қай-қайсысы да сталиндік зорлық-зомбылықтан, геноцид пен этноцидтен, саяси қуғын-сүргіннен сау қалған жоқ.

Кеңес өкіметі жылдарында жекелеген партия, кеңес, комсомол қызметкерлері ғана емес, тұтас бір халықтар — сенімсіз де сатқын ұлттар қатарына жатқызылып, тарихи Отанынан күштеп жер аударылды.

Депортация — латынша deportatіo — “қуғындау”, “көшіру” деген мағынаны білдіреді. Халықтар депортациясын белгілі бір ұлт өкілі адамдарының белгілі бір іс-әрекеттеріне байланысты елден қуылуы деп түсіну қажет. Ал шет тілден енген сөздер сөздігінде “депортация” — қылмыстық және әкімшілік жаза ретінде мемлекеттен қуылу, көшіру, жер аудару деп көрсетілген.

1920—1950 жылдары тұрғындарды күштеп көшіп-қондыру — сталиндік қуғын-сүргіннің негізгі құрамдас бір бөлігіне айналды. Жалпы КСРО-да депортацияға ұшырағандардың саны 1920 жылдан 1949 жылға дейін 3,2 млн адамға жетті. Ең көп орын алған жаппай қуғын-сүргіндік миграциялардың КСРО-да төмендегідей түрлері қолданылады:

— Этностық белгілері бойынша депортация (“жазаланған халықтар”, “шекараларды тазалау”, “сенімсіз халықтар”).

— Әлеуметтік-таптық белгілері бойынша депортация (1934 жылға дейінгі кулактарды жер аудару) кезінде келгендерді арнайы көшірілгендер (спецпереселенцы) деп атады.

— Саяси мотивтер негізіндегі 1934—1944 жж. көшірілгендерді “еңбек қоныстарындағылар” деп атады. 1944 жылдан бастап “арнайы қоныс аударылғандар” деген атау қолданылды.

Жоғарыда аталған күшпен жүргізілген депортациялардың ішінде мерзімі жағынан боль­шевиктік, әлеуметтік-таптық геноцид бірінші болып жүзеге асырылды. Кубань казактары, зиялылар, діни адамдар алғашқы большевиктік тәжірибенің құрбанына айналды. Одан кейін кулактар мен байларды тап ретінде жою басталды. Оларды үш санатқа бөлді. Солардың ішінен екінші санатқа жататындарды КСРО-ның алыс аудандарына жер аудару көзделді. Жоспарлы түрде әкімшілік күшпен алып келіп қоныстандырудың мұндай ауқымы этнос­тардың гендік қорына нұқсан келтірді, миллиондаған шаруалар ұжымдастыру жылдарында аштықтан қырылды. Жаппай ату жазаларына ұшырады және лагерь қапас­тарына қамалды. Дәл емес мәліметтерге қарағанда Қазақстандағы байларды тәркілеу барысында 5500 отбасы сыртқа жер аударылса, Қазақстанға Орта және Төменгі Еділ бойы, Орталық қаратопырақты және Мәскеу облыстары, Солтүстік Кавказ өңірінен 1932—1933 ж. мыңдаған адамдар жер аударылды. Қазақстан “Сібір” сөзінің синониміне айналды. Осылайша халықтарды күштеп көшіру соғысқа дейінгі кезеңде басталып, әр түрлі әлеуметтік топтар мен сословиелерді, этностық топтарды КСРО-ның орталық аудандарынан 20—30-жылдары Қазақстан, Орал, Орта Азия, Сібір, Қиыр Шығысқа жаппай көшіріп-қондыру қызу жүргізіліп жатты.

Кулак деп аталған миллиондаған таңдаулы шаруалардың көзін құртқан этноде­мо­графиялық дағдарыс халықтарға зор зиянын тигізді. Қазақстанда ұжымдастыру науқаны кезінде жер аударылған кулактардан тұратын арнайы көшірілгендердің 100-ге тарта қоныстары болды. Олар арнайы комендатураларда есепте тұрды. ГУЛАГ қызметі жүйесіне күшпен тартылып, көмір өндіру, металл өндірісі, темір жол мен электростанциялар, НКВД құрылыс объектілерінде, мақта өсіру, қызылша, қант өндірістерінде және т.б. жұмыс күші ретінде пайдаланылды. Мәселен, 1930—1931 жж. көмір өндіру сияқты өте ауыр қара жұмыстарда және Қарағанды темір жол құрылысында 30 мыңнан астам күштеп жер аударылғандар еңбек етті. 20—30-жылдарда КСРО-ның орталық аудандарынан жоғары сословие өкілдері, дін адамдары, сондай-ақ, барлық мал-мүлкінен айырылған ауқатты шаруалар, әр түрлі желеулермен тұрақты мекендерінен корейлер, парсы-ирандар, күрділер жаппай қуылды. 1931 ж. мамыр-маусым айларында Қазақстанда аштық белгілері бола тұра, Қарағанды мен Семей облысының 8 ауданына Ресейден жер аударылған 150 мың адам орналастырылды. Барлығы ұжымдастыру жылдарында Қазақстанға көшірілгендер саны шамамен 250 мың адамға жетті.

Арнайы қоныс аударылғандардың азаматтық құқығы сақталды, қоныстанған әкімшілік аудан көлемінде жүріп-тұруына рұқсат етілді. Бірақ қоныстанған жерінен кету құқығы болмады. Олардың тұрмыстық-шаруашылық мәселелерін шешу НКВД-ның, ГУЛАГ басшыларына жүктелді.

30-жылдардың ортасында жаппай саяси қуғын-сүргіннің тереңдеуіне Сталиннің “Троцкий—Зиновьев” топтарымен, оңшыл оппортунистермен күресі түрткі болды. Орта­лықтағы болып жатқан бұл оқиғалар ұлт республикасында, өлкелерде тұрғындарды жаппай саяси қудалауға жол ашып берді. Осы үлгімен мұнда да “халық жауларын” — “ұлтшыл-фашистерді” әшкерелеу қолдан ұйымдастырылды. Елде сталиндік жаппай қуғын-сүргіннің кең етек алуына негіз қалады. Мәскеудегі үрдістері тәрізді жазықсыз адамдарға жала жауып, күнделікті әлеуметтік және саяси-шаруашылық науқандарда орын алған кемшіліктерді “қаскүнемдік”, “зиянкестік”, “сатқындық”, тіптен “шпиондық” деп сипаттады. Сталиндік қуғын-сүргін мен геноцид кезінде қазақ зиялыларының көп бөлігі Кеңес Одағының басқа аудандарына айдалды. Сондықтан сталиндік зұлматтың барлық зардаптарын басынан өткерген қазақ қоғамы басқа халықтың тағдырына қатысты бұл қасіретті жақсы түсінеді.

Батыс Украина мен Қиыр Шығыстан Қазақстанға күштеп қоныс аударылғандар. 1936 ж. КСРО ХКК құпия қаулыларының негізінде Батыс Украинадан Қазақ АКСР-не 15 мың поляк және неміс шаруашылықтарын көшіріп-қоныстандыру басталды. Олардың көп бөлігі Солтүстік Қазақстан, ал бір бөлігі Оңтүстік Қазақстан облыстарына орналастырылды. Ресейдің ішкі аудандарынан, Украинадан, Белоруссия мен басқа республикалардан арнайы қоныс аударылғандардың жалпы саны 1936 жылға қарай 360 мың адамға жетті. (Депор­тированные в Казахстан народы: время и судьбы. Алматы, 1998. 317-б.)

Еділ өңірі немістерін Сібірге депортациялау идеясы 1915 ж. туса да, оны жүзеге асыруға көптеген кедергілер кездесті. Ал 1937—1938 жж. неміс мәселесі қайта жандана бастады. Патша жүзеге асыра алмаған идеяны қолға алуға ыңғайлы кезең туғандай еді. Қазақ-стандағы “Кіші Қазан” кезінде босап қалған жерлерге корейлерді, финдер мен поляктарды орналастырғаннан кейін, кезек немістерге де келді.

Соғыстың алдында Қазақстан аумағына тағы да поляк ұлты өкілдерінің екінші толқыны көшіріліп қондырылды. 1939—1940 жылдары Гитлер армиясының Польшаға басып кіруіне байланысты Батыс Украина, Белоруссиядағы поляктар қосымша қашып келе бастайды. 1940—1941 жылдары поляктардың осы бөлігі Қазақстанға көшірілді. Дегенмен 1936 жылғы көшірілгендер мен 1940—1941 жылдары көшірілген поляк азаматтарының құқық жағынан айырмашылықтары болды. Соңғы келгендер “поляк осадниктері мен босқындары” ретінде өмір сүрді. Кеңес үкіметі КСРО аумағына келген поляктардан армия құрып, гитлерлік Германияға қарсы қою жағын да ойластырған еді. 1940—1941 жылдары 200 мыңдай поляк Ақмола, Ақтөбе, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Талдықорған, Жамбыл, Алматы облыстарына қоныстандырылды. Кейін поляк-кеңес пактісіне қол қойылғаннан кейін олардың көп бөлігі Владислав Андерс бастаған поляк армиясының қатарында әскери қи­мылдарға қатысты. Андерс армиясына енгісі келмегендердің бір бөлігі Қазақстан аумағында қалды. Соғыстан кейін олардың көпшілігі еліне қайтқанымен, 30-жылдарда депор­тация­ланған бөлігі қалып қойды.

Тоталитарлық тәртіптің құрсауына алғашқылардың бірі болып қиыршығыстық корейлер ілікті. Олардың кейбір белсенді бөлігін 1935—1936 жылдары күштеп әкімшілік қоныс аударуы басталды. Ал жаппай көшіріп-қоныстандыру екі кезеңнен тұрды. Біріншісі, 1937 жылдың күзінен — 1938 жылдың көктеміне дейін созылды.

ҚазКСР-ның НКВД бөлімдеріне: лагерь, еңбек қоныстары мен түрмелеріне 1937 ж. 90 эшелонмен 98,4 мың адам көшірілді. Олар қыста уақытша жертөлелерге, қоймаларға, атқораларға, шошқа фермаларына, бұрынғы түрмелерге орналастырылды. Осылайша 1937 жылдың қыркүйек айының соңынан бастап алғашқы эшелондармен бірге Қазақстандағы корейлердің тарихы басталды. “Жапон шпионы” деген жала жапсырылған корейліктерді қазақтар жанашырлықпен қарсы алып, олардың аянышты халдеріне түсіністікпен қарады, құшағын жайып қарсы алып, қиын жағдайда қол ұшын беруден тайынған жоқ.

1938 жылдың көктемінде корейлерді көшірудің екінші кезеңі басталды. Енді олар тұрақты мекендерге орналастырылды. Негізгі бөлігі жойылып кеткен совхоздар мен игерілмеген жерлерге орналасқандықтан, тұрғын үй, жұмыспен, еңбек құралдарымен қамту жағы жетіспеді. Жаппай күшпен қоныс аудару корей халқын өзінің тарихи отаны — Кореядан көп жылдарға қатынасын үзіп, білім, тіл, мәдениет саласында орны толмайтын шығынға ұшыратты. 1938 ж. 1 қыркүйекте барлық корей тіліндегі мектептер, Қазақс­тан­дағы педагогикалық училище, 1939 ж. Қызылордадағы корей педагогикалық институты жабылды, корей тіліндегі оқулықтар жойылды.

70 корей колхоздары республиканың 8 облысында — Қызылордада, Алматы, Солтүстік Қазақстан, Атырау, Қарағанды, Қостанай, Ақтөбе, Оңтүстік Қазақстанда орналасты. Олар балық кәсіпшілігімен, ауыл шаруашылығымен айналысты.

Құжаттарға қарағанда, депортация барысында жүздеген корейліктер қуғын-сүргінге ұшырап, “жапон шпионы” ретінде атылған, НКВД-ның ГУЛАГ жүйесінде қапасқа қамалған.

Осылайша кеңестік корейлер КСРО-ның Қиыр Шығыс саясатының құрбанына ай­нал­ды. 1937 ж. Жапонияның Қытайға басып кіруіне байланысты гоминдан үкіметі Кеңестер Одағымен жақындасып, Жапонияға қарсы КСРО мен Қытай арасындағы достық актісіне қол қойылады. Кеңес-қытай келісіміне қол қойылған дәл сол күні корей халқын көшіру туралы қаулыға да қол қойылыпты. Кеңестер Одағы өзінің Қытаймен одағының берік екендігін көрсету үшін осындай әрекетке барды. Корея Жапонияның қол астында отарлық тәуелділікте болатын. Сондықтан кеңестік корейлер “жапон шпиондары” болып шыға келді.

КСРО-ның ұлт саясатында 30-жылдардағы қуғын-сүргінге иран ұлты да ілікті. Түрік­менстан, Әзірбайжан, Грузия және Армения аудандарында тұрып жатқан ирандықтар 1938 ж. қазан-қараша айларында Алматы, Оңтүстік Қазақстан облысына көшірілді. Кеңес азамат­тығын алған 6 мың адам арнаулы қаулы негізінде 1710 шаруашылық (отбасы) Оңтүстік Қазақстан облысы аудандарына, 300 шаруашылық Алматы облысы аудандарына орналас­тырылды.

Күрділердің Қазақстанға депортациясы да соғысқа дейінгі кезеңнен басталады. Бірінші дүниежүзілік соғыстан кейін Кавказ өңіріндегі күрділердің аз бөлігі Ресей империясының қол астына қарады. Кеңес өкіметі орнағаннан кейін Әзірбайжан құрамында 1923 ж. Күрдістан автономиялы республикасы құрылғандығы белгілі. Алайда 1936 ж. күрділердің ғасырлар бойғы арманы аяқ асты етіліп, өздері “сенімсіз халықтар” қатарына жатқызылды. 1937 жылдан бастап ешбір негізсіз 7,3 мың күрділер Армения, Әзірбайжан аумағынан көші­ріліп, Орта Азия мен Қазақстанға қоныстандырылды. Күрділердің озық ойлы демок­ра­тиялық бөлігі тұтқындалып, ату жазасына бұйырылды. Күрділерді көшірмес бұрын олардың дүние-мүлкі, малдары тәркіленіп алынды. Өздері НКВД-ның қатаң бақылауында жүк вагондарымен әкелініп, облыс пен аудандарға бөліп орналастырылды.

Соғыс жылдарындағы саяси қуғын-сүргін және халықтар депортациясы. Екінші дүниежүзілік соғыс басталған соң, ізін ала Прибалтика, Батыс Украина, Батыс Белоруссия, Бессарабиядан “жағымсыз элементтерді” күштеп көшіп-қондыру қолға алынды. Егер соғысқа дейін бұл әрекет мемлекет қауіпсіздігін күшейту қажеттігімен түсіндірілсе, соғыс кезінде ұлттық-аумақтық автономиялары бар тұтас халықтар қуғын-сүргінге ұшырады. Сөйтіп, тоталитаризмнің таптық саясаты жаңа “сапалық” деңгейге өткен еді. КСРО Жо­ғарғы Кеңесі Президиумының 1941 ж. 28 тамыздағы “Еділ өңіріндегі немістерді көшіру” туралы бұйрығында депортацияны немістердің жаппай диверсиялық және шпиондық фактілерімен байланыстырады. Демек, олар Германиядан келген бұйрық бойынша диверсия (қастандық) ұйымдастырмақ болған көрінеді. Немістердің ішінде көп санды диверсант пен шпиондар бар екендігі Кеңес басшылығына белгілі, ал осы фактілер туралы хабарламаған, өз ортасында халық жауын жасырған барлық неміс халқы кінәлі деп табылды.

Басқа халықтар да дәл осындай “логикалық актілермен” депортацияға ұшырады. Бас кезінде олардың кейбіреулерінің немесе көпшілік бөлігінің өз Отанын сатқандығы атап өтілді, артынан аталған халықтарды тұтастай шығыс өңірлерге көшіру туралы шешім қабылданды. Дәл осындай “сценариймен” қарашай, қалмақ, шешен, ингуш, балқар және т.б. Солтүстік Кавказ, Грузия, Қырым өңірінен халықтар көшіріліп, ұлттық автономиялар жойылды. Басқаша айтқанда, олардан ұлттық мемлекеттілігі тартып алынды. Бұл конституцияның 15-бабына қарама-қайшы келетін еді. Гитлермен жақындасқан деген айыппен оларды Қазақстан, Шығыс Сібір сияқты аймақтарға күштеп көшірді.

30—40-жылдардағы халықтар депортациясы болмай қоймайтын жаңа қоғамдық-әлеуметтік форманың жоспарлы акциясына айналды. Теориялық тұрғыдан адам психикасына әсер ете отырып, халықты ұлттық менталитетінен, тамырынан айыруды ойластырған тағылық эксперимент, ғаламды қайта құру тәжірибесі болды.

Соғысқа дейін және соғыс кезінде Қазақстанға 98,4 мың корейлер, 420 мың немістер, 109,3 мың месхеттік түріктер, 37 мың гректер, мыңдаған күрділер, 200 мыңдай поляктар, 406 мың шешендер мен ингуштар, 4,5 мың қырым татарлары, 2 мыңнан аса қалмақтар, 45,5 мың қарашайлар, 4,6 мың балқарлар, 6 мың ирандықтар — ұзын саны 1,5 миллион адам жер аударылды.

Күштеп қоныс аудару кезінде, жол бойында, арнайы лагерьлер мен тұрақжайларда бұл халықтардың жартысына жуығы апат болды.

Оларды бір сәтте туған жерінен айырып, мал сияқты жүк вагондарымен Қазақстанға әкеліп, 24 сағаттың ішінде бүтіндей халықтарды көшіріп орналастырып үлгерді.

Кеңес Одағында социалистік құрылыс тереңдеген сайын таптық күрес шиеленісе түседі деген желеумен мемлекеттік езіп-жаншу тәртібі орнықты. Қоғамдық санада “халық жаулары” деген түсінік, ұлттық белгі бойынша адамфобиясы құбылысы орын алды. Фобия — қауіп, қорқыныш, үрей деген мағына береді. Демек, бір немесе бірнеше халықтар Кеңестер елін сатып кетуге дайын, сондықтан мемлекеттің қауіпсіздігін нығайту үшін оларды ішкері аймақтарға көшіру қажет. Үрей туғызу арқылы ықпал ете отырып, жаппай жазалау тоталитаризмнің құрамдас бөлігіне айналды.

Сталиндік қуғын-сүргін кезінде жоғарыда аталған халықтардың алдыңғы қатарлы зиялыларына қарсы “үлкен террор” жасалды, ұлттың бетке шығары түбірінен жойылды. Жер-жерлерде ұлттық мектептер, газет-журналдар жабылды.

Солтүстік Кавказ, Грузия, Қырым, Қалмақ өңірінен күшпен жүргізілген депортациялар да өзінің көлемі жағынан ауқымды болды. 1942 жылдың күзіне қарай Кеңес әскерлері шығысқа қарай шегіне отырып, Еділ жағалауы мен Үлкен Кавказ қыраты алқабына жақындады. Шешен-ингушияның бір бөлігі, сондай-ақ, қарашай, балқар, қалмақтар мекендейтін аймақ жау қолында қалды. Тек Сталинград және Курск түбінде Гитлер армиясын талқандағаннан кейін ғана Солтүстік Кавказ өңірі жаудан азат етілді. Алайда, жаудан азат ету аяқтала салысымен, фашистік басқыншылармен жақындасты деген желеумен саяси қуғын-сүргін басталды.

1943 ж. Қарашай автономиялы республикасы жойылып, қарашайларды көшіру туралы қаулы қабылданды. Жалпы саны 45,5 мың адам Қазақстанның Жамбыл және Оңтүстік Қазақстан облыстарына орналастырылды. Қалған отбасы Қырғызстанға, Өзбекстанға аттандырылды.

Депортацияның қайғылы қасіреті балқарларға да келіп жетті. 1936 ж. құрылған Кабардин—Балқар АКСР-нан 1944 ж. наурыз айында 650 мыңдай шешен, ингуш, қалмақ, қарашайлар көшірілді. Бүкіл техника, НКВД құрамалары, армия бөлімдерінен 19 мыңдай офицер мен әскерлер қатыстырылған бұл операцияны Ішкі істер Халық комиссары Берияның өзі басқарды. Жалпы саны 40 мыңдай балқарлардан Солтүстік Кавказ түгелдей “тазартылды”. Жалпы саны 46,6 мың балқар отбасы оңтүстік облыстарға қоныстандырылды. Қалғандары Қырғызстанға жөнелтілді. Балқарларды көшіргеннен кейін республика Кабардин АКСР-і болып атала бастады.

Кавказ өңіріндегі саны жағынан ең көп саналатын шешен-ингуш халқын көшіру де осындай әдістермен жүргізіледі. Ішкі істер халық комиссары Берия көшіру операциясын 1944 ж. ақпан айына жоспарлап, 40 эшелон мен 6000 автомашина дайындалды. 1944 ж. 1 наурызда 478,4 мың адам (олардың 91,2 мыңы ингуш) эшелондарға тиеліп, жаңа қоныстарға аттандырылды. Алғашқы эшелондар Қазақстанға наурыз айының ортасында келіп жетіп, Жамбыл, Алматы, Оңтүстік Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Ақтөбе, Семей, Павлодар, Қарағанды облыстарына бөліп орналастырылды. Бір мыңдай ингуш пен шешен кеңестерге қарсы әрекеті үшін тұтқындалды.

1944 ж. ақпан айынан кейін Қызыл армиядан босатылған шешен және ингуш ұлтының әскери адамдары НКВД-нің арнайы қоныстарының қарамағына өтті. Дәл осындай жағдай майданда жүрген депортацияланған халықтардың барлығына қатысты болды. Олардың барлығы өздерінің туған-туыстары тұрып жатқан қоныстарға немесе Орал, Сібір өнеркәсіп өндірісіне жіберілді. КСРО-ның басқа НКВД лагерьлеріндегі шешендер мен ингуштер Қарағанды лагеріне ауыстырылды. Дағыстан АКСР-да, Грузияда, Әзірбайжанда, Краснодар өлкесі, Ростов, Астрахань облысында тұрып жатқан шешендер мен ингуштар да депортация қармағынан аман қалған жоқ, көшіріп-қондыру 1945 жылдың соңына дейін жалғасты. 1945 жылға қарай Қазақстанға көшірілген шешендер мен ингуштардың жалпы саны 406,3 мың адамға жетті. 1944 ж. 7 наурыздағы КСРО Жоғарғы Кеңесінің бұйрығымен Шешен-ингуш АКСР жойылды. Барлық аудан аттары өзгертілді. Шешен-ингуш АКСР-нің орнына Грознен облысы құрылды. Облысқа дейін барлық жергілікті халықтың 58%-ын құраған шешен мен ингуш халқы осылайша туған жерлерінен қол үзді. Грознен облысына ондаған мың орыстар мен аварлар, осетиндер, украиндар әкелінді. 1944 ж. Орта Азия мен Қазақстанға Грузиядағы күрділердің екінші толқыны, 1948—1950 жылдары үшінші толқыны күштеп көшірілді. Әзірбайжанда қалған күрділердің біраз бөлігі қуғын-сүргінге ұшырау қаупінен қорқып, құжаттарын өзгертіп, әзірбайжан болып жазылуға мәжбүр болды. Ұлы Отан соғысы аяқталғаннан кейін майданнан қайтқан майдангер-күрділер өз туғандарын таба алмай әуре-сарсаңға түсті. Олардың өзі 50-жылдардың соңына дейін арнайы қоныстардағы НКВД органдарына айына 2 рет белгіленіп тұруға міндетті болды.

1943 жылғы 28 қазандағы бұйрық негізінде Қалмақ АКСР-нен 2,2 мың адам Қызылорда облысына орналастырылды.

Фашистік Германия оккупациялаған аумақтар азат етілген сайын сол жерлердегі халықтарды депортациялау ісі де жалғаса берді. 1944—1945 жылдары азат етілген Украина, Белоруссия және Балтық өңірінде бұрыннан мекендеп келе жатқан немістер Сібір мен Қазақстанға көшірілді. 1945 жылдың соңына қарай Қазақстанға 9 мың неміс отбасыларын орналастырды.

Ел басшылығындағы шовинистік пиғылдардың ұлт саясатындағы белгілері жекелеген халықтар мен ұлт азшылықтарын “жағымсыз элемент” ретінде көшірудің белең алуынан көрінді. Әңгіме бірінші кезекте Қырым және Грузия аудандарындағы халықтарды тарихи Отандарынан көшіру туралы болып отыр.

1921 ж. құрылған Қырым АКСР-інде орыстар, украиндар, қырым татарлары, гректер, болгарлар, армяндар мекендеді. 1944 ж. Берияның бұйрығымен Қырымды “кеңестерге қарсы элементтерден” тазартуға 2000 жүк машинасы әзірленді. 1944 ж. мамырда 50 эшелонға тиелген татар ұлты өкілдері түгелдей Қырым АКСР-нен қуылды. Депортация барысында Қазақстанға 4501 татар, 7 мың болгар мен гректер әкелінді. Депортацияға ілінген месхеттік түріктер Грузияның оңтүстік-батыс аудандарынан 1944 ж. қарашада Қазақстанға әкелінді. Жалпы 1943—1944 жылдары Қаз КСР-не 109,3 мың отбасы арнайы қоныстандырылды.

Қазақстан — лагерьлер өлкесі. Қазақстан жері сан жылдар бойына тоталитарлық жүйенің тәжірибелері жасалатын орасан зор концлагерьге айналды. Кешегі тоталитарлық қоғамның төл туындысы ГУЛАГ жүйесінің Қазақстанда кең тамыр жайғаны белгілі. Ресми құжаттарда “Қарлаг”, “Степлаг” деген атпен белгілі болған лагерьлер осы ГУЛАГ (Главное управление лагерей и колоний) жүйесінің бір бөлімшесі болып табылады.

ГУЛАГ жүйесі 1934 ж. құрылған Ішкі істер Халық Комиссариатының (НКВД) құры­лы­мына берілді. Ал ГУЛАГ-тың құрамына әр түрлі салалық өнеркәсіп басқармалары енді. Осылайша НКВД жазалау-күштеу органы бола отырып, шаруашылық-экономикалық мекемелердің жұмысын атқаратын болды. Қазақстанда 1939 ж. 21 еңбекпен түзету лагерьлері мен колониялары болды. ГУЛАГ құрамының ең үлкені — Қарлагта 35 мыңдай адам ауыл шаруашылық жұмыстарын атқарды. Қарлагтың әкімшілік аумағындағы бөлімшелер Қарағанды ГРЭС-і, Қарағанды темір жолы, шахталар құрылысында жұмыс істеді.

Ұлы Отан соғысы жылдарында ГУЛАГ жүйесі одан әрі кең қанат жая түсті. Оның құрамында 56 еңбекпен түзету лагерьлері, 910 лагерь бөлімшелері, 424 еңбекпен түзету колониялары болды. Соғыс уақытында 40 еңбекпен түзету лагерьлері жаңадан құрылды. Оларда 1944 ж. 1 шілдеде 1,2 млн тұтқын болса, оның 43%-ы саяси мотивтер бойынша сот­тал­ғандар еді. Соғыс жылдарында ГУЛАГ жүйесі көптеген халықтардың есебінен толықты. “Еңбек армиялары”, “Жұмысшылар колонналары” деп аталынғандар НКВД объектілерінде және басқа халық комиссариаты өндірістерінде еңбек етті.

Соғыстан кейін де КСРО-да түрме мен лагерьлер жүйесі өсе түсті. КСРО-да арнайы қоныстарда барлығы 2 млн 750 адам болды. Арнайы қоныстардағылардың арасында саяси мотивтер бойынша жазаланғандар санаты пайда болды. 1944—1952 жылдары Батыс Украинадан отбасыларымен бірге Украина ұлтшылдар ұйымы (УҰҰ) мүшелері, 1946—1947 жылдары “власовшылдар”, 1949 ж. Қара теңіз жағалауынан (Грузиядан, Одессадан және Қырымнан) гректер және т.б. күштеп көшірілді.

1953 ж. 1 қаңтарда Қазақстанда 1 млн жуық арнайы қоныс аударылғандардың 13 мыңдайы лагерьлерде, колония және түрмелерде тұтқында отырды. Арнайы қоныстардың ішінде 450 мыңдай неміс, 245 мыңдай шешен, 80 мыңдай ингуш, 37 мыңдай грек, 35 мыңдай поляк, 33 мыңдай Грузиядан келгендер, 6,5 мыңдай Қырымнан келгендер, 8 мыңдай УҰҰ мүшелері, 1,3 мың власовшылдар және т.б. болды.

Соғыстан кейін ГУЛАГ жүйесінде “қауіпті мемлекеттік қызметкерлер ұсталатын” ерекше қатал тәртіпті лагерьлер мен түрмелер құрылды. Оларда бұрынғы саяси негіздегі қылмыс­керлерге қосымша шпионаж, терроризм, диверсия үшін сотталғандар мен ұлтшыл және кеңестерге қарсы ұйымдардың мүшелері ұсталды. 1948—1952 жылдары КСРО бойынша құрылған 12 ерекше лагерьлердің 4-і Қазақстанда ұйымдастырылды. Қарағанды облысында барлығы 40 мың тұтқыны бар N4 (“Далалық лагерь”), N8 (“Құмдауыт лагері”), N9 (“Жа­зықтық лагері”), Павлодар облысында 1952 ж. құрылған 5 мыңдық N11 (“Шеткі лагерь”) ерекше қатал тәртіпті лагерлері бой көтерді. Тұтқындар аса ауыр дене еңбегімен шұғыл­данды. Жұмыс уақыты 10 сағатқа созылды, емдеу-сауықтыру қызметін ұйымдастыруға ешкім де басын ауыртқан жоқ. Ерекше тәртіптегі лагерьлер ірі халық шаруашылығы объектілері құрылысында, Жезқазған, Қарағанды, Балқаш, Ақтөбеде жұмыс күші ретінде пайдаланылды.

Екінші дүниежүзілік соғыстың халық санына тигізген әсері. Еңбек армиялары. Екінші дүниежүзілік соғысының дауылында Қазақстан аумағына көшіп келушілер тасқыны шұғыл артты. Қазақстанға елдің батыс бөлігінен 536 мың адам эвакуациямен келді.

Майданда 410 мың қазақстандық жауынгерлердің мерт болуы мен 125 мың адамдардың хабар-ошарсыз кетуі, концлагерьлерде азаппен көз жұмуы сияқты соғыстың зардабы орасан зор болды. Белгілі демограф М.Тәтімовтың болжауы бойынша, мұндай соғыстың зардабы 125 жылға дейін созылады екен. Мыңдаған отбасылардың шаңырағы ортасына түсіп, балалар жетім қалды. Қазақ балаларының табиғи туу және өсімінің қарқыны төмендеп, 1944 ж. 1000 адамға шаққанда 47 мыңдық деңгейге түсті.

Соғыс жылдарында Қазақстаннан 1 миллион 200 адам майданға шақырылды. Бұлардың 630 мыңы алғашқы аттанғандар болды. Ал алғашқы соғыс жылдарында әскердің шегінуіне байланысты адам шығыны көп болып, армия қатарын толықтыру қажеттігі үнемі сақталып тұрды. Сондай-ақ, еңбек колонналарына шақыруды қоспағанда Ұлы Отан соғысы жылдарында майданға әрбір бесінші қазақстандық шақырылды.

Соғыс басталған кезден бастап 1941 жылдың соңына дейін, 1942 жылдың жазы мен күзінде әскери қимылдар болып жатқан аймақтардан шығысқа өнеркәсіп өндірістері, колхоз, совхоз, МТС дүние-мүлкі мен малдар эвакуацияланды. Қазақстанға 312 өнеркәсіп өндірісі мен жарты миллионнан астам адам көшіріп әкелінді. Бұл өндірістердің 142-сі ғана іске қосылды.

Өнеркәсіп өндірісіндегі еңбек армиялары басқа республикалардан келгендермен қатар, соғысқа дейінгі арнайы қоныстардағылар, сондай-ақ Қазақстанға депортацияланған халық өкілдері контингентімен толықтырылып тұрды.

Тұтастай алғанда моральдық-саяси белгілері бойынша майданға шақырылмаған халық өкілдерінен еңбек армиясы құралды. Еңбек армиясының арнайы жұмыс колонналары неміс, фин, румын, корей халық өкілдерінен тұрды. Мәселен, соғыс жылдарында еңбек армия-сына 121 мың неміс, 30 мың корей ұлты өкілдері шақырылды. Еңбек армиясында тек арнайы қоныстандырылғандар ғана болған жоқ, негізгі бөлігі колхоз тұрғындары болып табылатын 200 мыңдай қазақтар да шақырылды. Олардың барлығы Орал және Сібір зауыттары мен Ақмола — Павлодар, Қарағанды — Ақмола, Орынбор — Арыс, Басқұншақ — Мақат темір жол құрылысында еңбек етті. Мыңдаған тұтқындар Доссор — Астрахань, Орск — Қандыағаш мұнай құбырлары құрылысына терін төкті.

Соғыс жылдарында барлығы 700 мыңнан астам қазақстандықтар — қазақтар, немістер, украиндар және т.б. еңбек колонналарына шақырылды. Соғыстың соңғы 1,5 жылында еңбек армиясының қатарына Солтүстік Кавказ, Грузия, Қырым, Қалмақ елдерінен көшіріп-қоныстандырылған бөлігі қосылды. Еңбек армиясындағы адамдардың тұрмыстық-материалдық жағдайы өте ауыр болды. Арнайы қоныстандырылғандардың көп бөлігі ауру мен аштықтан қырылды. Мәселен, 420 мың неміс ұлты өкілінің соғыс біткен соң 330 мыңы ғана қалды.

Сонымен, еңбек колонналарында екі категориядан тұратындар, біріншілері — азаматтық тұрғындардан тұратын еңбек армиясы, екіншілері — тұтқын жағдайындағы арнайы қоныстандырылғандар болды.

Ұлы Отан соғысы жылдарында майданға және қорғаныс өнеркәсібіне әрбір төртінші қазақстандық алынды. Ұлы Отан соғысының майданында 350 мың қазақ жауынгерлері қаза тапты, 150 мың адам жау қолында тұтқынға айдалды немесе хабар-ошарсыз кетті. Соғыстың ауыр жылдарында демографиялық депопуляциялық жолмен (туудың төмендеп, өлімнің артуы) 100 мың адамға кеміді. Сөйтіп, екінші дүниежүзілік соғыс тек қазақ халқының өзінен барлығы 600 мың адамға азаюына кері ықпал етті.

1939 жылғы санақ бойынша Қазақстанда 6,9 млн адам тұрса, соғыс аяқталған соң эвакуациямен келген және депортацияланған халықтар есебінен бұл көрсеткіш шамамен 7,5 млн болды.

Жергілікті халықтың үлес салмағы 1939 жылмен салыстырғанда 38%-дан 30%-ға кеміп кетті. Тіптен кейбір аймақтарда қазақтардың үлес салмағы 2 есе азайды. Мәселен, 1959 жылғы халық санағы бойынша қазақтар Орталық Қазақстанда барлық халықтың 4/5 бөлігін құрады; орыстар — 47,4%; немістер — 10,9%; украиндар — 9,6%; татарлар — 2,5%; корейлер — 1,2% және басқа ұлттар — 9,3% болды.

Сталин қайтыс болғаннан кейін 1954—1956 жылдары заңсыз қуғын-сүргінге ұшыраған халықтар, таптар және басқа кеңес азаматтарын ақтау үрдісі басталды.