Добавил:
Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
На сортировку / 2 / Тарих / билет тарих / 1.Қазақстан тарихы / Тарих / жанарбектен / на каз / ҚАЗАҚСТАН РЕСЕЙ ИМПЕРИЯСЫНЫҢ ҚҰРАМЫНДА.doc
Скачиваний:
352
Добавлен:
20.02.2017
Размер:
2.42 Mб
Скачать

§7. Қазақстанды ресейдің жаулап алуының аяқталуы

ХІХ ғасырдың ортасына қарай қазақ жерлері үшін Қоқан, Хиуа және Ресей арасындағы талас күшейе түсті. Ресей үкіметімен болған 1840 жылғы келіссөзде Хиуа ханы өз билігінің Жем, Ырғыз және Торғай бойына шейін жететіндігін білдіреді. Сырдарияның төменгі жағасына орыс және қоқан қолдарын жібермеу мақсатында хан мұнда бекіністер салдырады. Бірақ Хиуа ханының бұл әрекеттері ол қалағандай Қоқан қолдары, артын ала жақсы қаруланған Ресей әскерлері ығыстыра бастайды. (Қосымша беттегі картаны қараңдар.)

Жыл өткен сайын тереңдей түскен орыс билігіне қарсылық туғызу мақсатында Хиуа хандығы қазақтарды өзара бірлікке шақыруды қару етіп алды. Тура осындай әдіс-айлаға өзіне қарайтын аймақта Қоқан хандығы да көшеді. Бірақ олардың мұндай әрекетінен мардымды нәтиже шыға қоймайды. Өйткені Хиуа мен Қоқанның алым-салық жинаушыларының өктемдігі мен қатыгездігін көріп қалған халық олардан қарулы қарсылық арқылы болса да құтылуға әзір еді.

Тура осы мезгілде Түркістанның ішкі саяси өміріне Ресей белсенді түрде араласа бастайды. Оның мынадай себептері бар-тын. Біріншіден, ХІХ ғасырдың орта тұсынан бастап қарқынды даму жолына түскен Ресей өнеркәсібіне түркістандық рынок аса қажет еді. Қазақ тұтынушылары орыс көпестерінен ұн, түрлі мануфактура өнімдерін, металдан жасалған бұйымдарды үлкен мөлшерде ала бастайды. Бұхар  мен Хиуаға Ресей көпестері мата, иленген тері, металдан жасалған бұйымдарды, қант және басқа тауарларды жеткізіп, Ресейге Түркістан өңірінен мақта, жібек, күріш, жеміс-жидек, арзан бағаға мыңдаған қой, ірі қара малды айдап кетіп жатты. Басқаша айтқанда Түркістанмен тұрақты сауда қатынасын орнату Ресейге өте тиімді еді. Ресей көпестері Түркістан арқылы Үндістанға, Шығыс Түркістанға шығуды армандады.

Бұл мезгілге шейін Үндістанға орнығып, енді Орталық Азияға көз тіккен Англияның емеуріні Ресейді Қазақстан жерін өзіне қосып алу әрекетін біржола аяқтауға итермеледі. Ресей үкіметінің бұл әскер күшімен іске асырылған әрекеті екі бағытта жүрді. Бірі батыстан, яғни Орынбор және Сырдарияның төменгі ағысы арқылы, ал екіншісі шығыстан, яғни Омбы-Семей-Жетісу арқылы.

Батыс бағытын іске асырушы Орынбор генерал-губернаторлары орыс билігінің Түркістан өлкесіне тереңдеп енуіне кедергі жасаушы Хиуа хандығы деп тауып, 1839 ж. бес мың қолдан тұрған Хиуа жорығын ұйымдастырды. Бұл жорық ешқандай  нәтижесіз аяқталды. 1847 ж. генерал-губернатор В.А. Обручев Сырдың төменгі ағысында орнығуды көздеп, бұл өңірдегі аса ықпалды тұлға Жанқожа батырмен жылы қатынас орнатып әрі оған түрлі сыйлықтар жасап, Райым (кейінірек Арал аталған) бекінісін  салуға қол жеткізді. Орыс билігімен одаққа бару Жанқожа батырға бұл өңірдегі Хиуа және Қоқан тепкісінен құтылу үшін керек болған еді. 1850 ж. Жанқожа Райым бекінісіндегі орыс қолының көмегімен Сыр бойы қазақтарына шабуыл жасаған қоқандықтарды ойсырата жеңіп, олардың Қошқорған бекінісін алады.

1844 ж. патшалық билік генерал-губернаторларға қазақ даласына тереңдей еніп, тұрақты бекіністер салуға көшуді тапсырды. Сөйтіп, отарлау ісі жаңа қарқын ала бастады. Соның нәтижесінде Райым бекінісінің артын ала Қазалы  бекінісі түседі. Бұл бекіністерге жақсы қаруланған жаяу әскер мен атты казак әскері орналастырылды. Оларға жүктелген міндеттер қазақ ауылдарын бағындырып, хиуалықтар мен қоқандықтардың бетін қайтарып, олардың бекіністерін алу еді. 1853 ж. әскери губернатор Перовский бастаған 2170 адамнан тұрған орыс әскері Сырдың бойындағы Қоқан хандығының басты бекінісі Ақмешітті өзіне қаратып, оның атын өзгертіп, “форт Перовский” деп қойды. Осылайша Түркістан өлкесіне жол ашуға тиіс болған Сырдария бекіністер тізбегі өмірге келеді.

Осымен бір мезгілде Қапалда орыс приставтығы мен Жетісу облысының кеңсесі ашылды. Оған жергілікті халықпен байланыс орнату, еппен оның сеніміне кіріп, сол арқылы Қоқан және қытай ықпалынан шығарып, орыс билігіне тарту міндеті жүктелді. 1846 ж. Кенесары хан қолын Жетісудан ығыстыруды көздеген орыс әскерінің экспедициясы Қапал бекінісінің негізін қалайды. Бұл іс жүзінде орыстардың Жетісуда жасаған алғашқы қадамы болатын. Англияның Шығыс Түркістандағы ықпалының арта түскендігінен қорыққан патша үкіметі тездетіп Жетісуда бекіністерін салуды, Ұлы жүз қазақтарын өз құрамына қосып алуды, сондай-ақ, Қытай үкіметімен Жетісу арқылы жүретін сауда қатынасы жөнінде тез арада келісім-шарт жасасуды көздеді.

Жетісу жеріне орыс билігінің аяқ басқанын жеке мүддесіне пайдаланып қалуды көздеген Ұлы жүздің бір топ сұлтандары мен билері 1846 ж. жаңа билікті мойындайтындығын мәлімдеп, ант береді.

1850 жылдан бастап орыс қолдары Жетісудағы Қоқан қамалдарын жоюға көшеді. Орыс әскеріне елеулі қарсылық көрсеткен Қаскелең өзені бойындағы Таукөбек қамалы еді. 1850 ж. сәтсіз аяқталған екі әрекеттен соң, келесі жылы жазда орыс қолдары бұл бекіністі алып, жойып жіберді.

Орыс билігі қазақ басқарушы тобына қатысты өзінің осы уақытқа шейін ұстанған әдісін Жетісу жерінде де жүргізді. Қытай және Қоқан сияқты қарсыластарымен егесте, сондай-ақ, Кенесары хан көтерілісін басып-жаншу ісінде Ресей жағында болған қазақ пен қырғыздың билеушілері мен ықпалды адамдарына түрлі сыйлықтар,  әскери шен-шекпен үлестіру арқылы оларды өзіне тартып, өз мүддесіне қызмет істетуге тырысты.

1853 ж. Ресейдің сыртқы істер министрі Батыс Сібір генерал-губернаторы Гасфортқа Жетісуда Ресей позициясын нығайтуды қамтамасыз етерліктей нақты шараларды іске асыруды тапсырады. Осы міндетті орындау мақсатында, сондай-ақ Ресейдің Ташкент, Құлжа және Қырғыз бағытындағы сауда және басқа қатынастарына жол ашатын жаңа ірі бекініс салу жөнінде шешім қабылданды. Ұлы жүз приставы болып жаңадан бекітілген майор Перемышльский бұл бекіністі орналастыру үшін Алатаудың етегіндегі Кіші Алматы өзені бойындағы Алматы елді мекенін таңдап алады. Құрылысы 1854 жылдың көктемінде басталып кеткен бұл бекініс  Верный  аталады. Оның жанынан, Алматы өзенінің оң жағасында казак әскерінің станицасы салынады. Бір-екі жылдың ішінде мұнда Сібір казак-әскерінің 132 отбасы және 200 орыс шаруалары келіп орналасты. Оның артын ала Алматыға Сібір казак-әскерінің оныншы полкін енгізу жөніндегі патша жарлығы жарық көреді. Көп ұзамай Жетісу әскери губернаторы Колпаковский Семейден егінші татарларды және Воронежден (Ресей) орыс шаруаларын шақыртады. Осылайша Ресейдің Орталық Азияға енуіне жол ашуға тиіс болған Верный бекінісі біртіндеп осы өңірдегі әкімшілік орталығына және қалаға айнала бастайды.

Бұл мезгілде Қырым соғысында жеңіліс тапқан Ресей енді негізгі назарын Түркістанға аударып, мұнда орнығуға күш салады. Ал мұндағы Хиуа, Бұхар және Қоқан хандықтары арасындағы өзара тынымсыз қақтығыстар Ресейдің бұл мақсатына қолайлы жағдай туғызып, 1864 ж. көктемде ол екі бағытта әскери қимылдарға көшті. Олардың бірі Сырдария бекіністер тізбегі тарапынан, яғни Перовскіден (Ақмешіт), ал екіншісі Жетісу жақтан, Верныйдан басталды. Осы жылдың жазында бұл екі әскер қолдарының бірі Түркістанды, ал екіншісі Әулиеатаны алды. Бұдан кейін екі қол бірігіп,  Шымкентке бет түзейді. Орыс әскеріне бұл бекіністі алу жеңілге түспеді, оны қоқандықтардың жаяу және атты әскері, артиллериясы қарсы алады. Бір ескерерлік жағдай — екі жақтың да әскер күштерінің қатарында қазақ қолдары болды. Мәселен, Қоқан әскері құрамындағы қазақ қолын Кенесары ханның ұлы Сыздық сұлтан, ал орыс әскері құрамындағы қазақ жігіттерін Сұраншы батыр басқарған еді. Сондай-ақ бұған дейінгі Әулиеата үшін болған ұрыс барысында екі жақтың өзара келіссөзге шығарған елшіліктерінің бір жағында  Сыздық сұлтан жүрген болса, екінші, яғни орыс елшілігінің құрамында Шоқан Уәлиханов бар еді. Сөйтіп, қазақ қоғамында бұдан біраз бұрын-ақ байқалған көзқарастық жіктеліс орыс-қоқан соғыс қимылдары тұсында да анық байқалды.

Екінші шабуылдан соң, 1865 ж. орыс әскері Түркістан өңірінің ірі сауда және саяси орталықтарының бірі Ташкентті алады. Өзара феодалдық қақтығыстардан қалжыраған Түркістан  техникалық және ұйымдық тұрғыдан жоғары тұрған орыс әскеріне төтеп бере алмады. Міне, осы оқиғалардан соң Қазақстан бүтіндей Ресей империясы құрамына еніп, ендігі уақытта оның тарихында жаңа кезең — отарлық тәуелділік кезеңі басталады.