Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
UMK__1179_aza_1179_tili_Nugmanova.doc
Скачиваний:
64
Добавлен:
11.11.2018
Размер:
5.55 Mб
Скачать

Қазақстан әлемдік кеңістікте

Қазақ халқы – болмысынан еркіндікті сүйетін, кең дала төсінде табиғатпен туыстасып, еркін өмір сүрген халық. Ата-бабаларымыз сонау көне түркі заманынан ХҮІІІ ғасырдың бел ортасына дейін өз билігі өзінде болып, дербес мемлекет ретінде тіршілік етіп келді. 1731 жылы алдымен Ресейге тақау тұрған Қазақстанның батыс өңірлері, кейінірек басқа аймақтары Ресейдің бодандығына кірді. Содан бері қазақ даласын орыс отаршылдығының билеп-төстеуі басталды. Бірақ намысты ата-бабаларымыз осы отаршылдыққа қарсы сан көтеріліске шықты. Олардың ішіндегі ірісі Кенесары Қасымұлы бастаған ұлт-азаттық көтеріліс еді. ХХ ғасыр басында қазақ зиялылары бастаған ұлт-азаттық көтерілісі өрістеді. Ол тарихқа «Алаш қозғалысы» деген атпен енді. Ә.Бөкейхан, А.Байтұрсынұлы, Х.Досмұхамедұлы, Ж.Досмұхамедұлы, М.Дулатов, Ә.Ермеков, М.Тынышбаев, М.Шоқай т.б. ұлы қайраткерлер 1917 жылы шілде, желтоқсан айларында өткен жалпықазақ сьездерінде «Алаш» партиясын және Алаш автономиясын құрды. Кеңес үкіметінің орнауы бұл шын мәніндегі мемлекеттік құрылымның қалыптасуына мүмкіндік бермеді. Сөйтіп халқымыз кеңес үкіметінің құрамында алдымен автономия (1920), кейінірек одақтас республика (1936) болып енді. Өткен ғасырдың соңына таман кеңес үкіметі ыдырап, соның нәтижесінде 1991 жылы қазақ елі ғасырлар бойы аңсаған тәуелсіздікке қол жеткізді. Осы жылдың 25 қазанында тәуелсіздің жөніндегі декларация қабылданды, ал 16 желтоқсанда Қазақстан тәуелсіздігін жариялады. Тәуелсіздікті нығайту, оны әлемдік қауымдастыққа мойындату үшін Қазақстан Республикасының тұңғыш президенті Н.Назарбаев үлкен еңбек сіңірді. Әр ұлт үшін тәуелсіз ел болу- ұлы арман. Дүние жүзінде алты мыңға жуық ұлттар мен ұлыстар бар екен. Солардың ішінде екі жүздей ұлт қана тәуелсіз мемлекет болып отыр. Бұл үлкен ұлттар- егемендік бақыты бұйырған халықтар. Сондықтан тәуелсіздік әрбір азаматқа қымбат болуы тиіс. Еліміз жерінің аумағы жағынан бүкіл әлемде тоғызыншы орын алса, қазақ халқы саны жағынан шамамен жетпісінші орындарда. Бұл халқымыздың дүниедегі үлкен ұлттардың бірі екендігін көрсетеді. Тәуелсіздіктің арқасында біз өз саясатымызды еркін жүргізіп, мемлекет мүддесіне орай саяси, халықаралық, экономикалық байланыстарымызды дамыту үстіндеміз. Қазақ жерінің байлығы, мол табиғи ресурстары еліміздің әлеуметтік өркендеуіне бастап келеді. Осының бәрі тәуелсіздік тұсында қол жеткен табыстар.

214-тапсырма. Мәтін мазмұнымен танысыңыз. «Тәуелсіз Қазақстан» тақырыбына әңгіме жазыңыз.

Қазақ тіліндегі сөйлем мүшелерінің орын тәртібі

Қазақ тіліндегі сөйлем мүшелерінің орын тәртібі орыс тіліндегідей емес, тұрақты болып келеді.

Сөйлемдерді құрайтын бас мүшелер – бастауыш пен баяндауыш. Осы екі бас мүшеден құралған сөйлемдерде бастауыш бірінші, баяндауыш екінші тұрады. Мысалы: Мен жазамын. Ол – судент. Сен ақылдысың.

Бастауыш пен баяндауыштан басқа тұрлаусыз мүшелер өз орындарын қатаң сақтайды. Мысалы: Сен кітапханада отырсың. Ол ұлағатты ұстаз. Тұрлаулы және тұрлаусыз мүшелер сөйлемде араласып келген жағдайда бастауыш пен баяндауыштың бір-біріне жақын не қашық тұруы тұрлаусыз мүшелердің қай тұрлаулы мүшенің ықпалында болуымен байланысты, немесе ой екпінінің қай мүшеге түсуіне қатысты болады:

Егер тұрлаусыз мүшелер сөйлемдегі қызметі жағынан тек бастауыштың ғана жетегінде болса, онда бастауыш пен баяндауыш қатар тұрады. Мысалы: Темір пеш жанып тұр.

Егер тұрлаусыз мүшелер бастауыштың да, баяндауыштың да жетегінде болса, онда бастауыш баяндауыштан қашықтап – бірінші орында тұрады. Мысалы: Бұлар үш қабат үлкен үйдің баспалдағымен жоғары көтерілді.

Егер тұрлаусыз мүшелер бастауыштың да, баяндауыштың да жетегінде болса, онда бастауыш сөйлемнің ортасында келеді де, баяндауыш сөйлемнің соңында тұрады. Мысалы: Алмастың ағасы Айдар оның апасынан едәуір кішірек.

Сөйлемдегі бастауыштың жетегіндегі сөздердің орнын ауыстыруға болмайды, ал баяндауыштың жетегіндегі тұрлаусыз мүшелердің орындарын ой екпінінің түсуіне қарай өзгертуге болады. Мысалы: Мен музыканы жасымнан жақсы көретінмін. Мен музыканы жасымнан ерекше жақсы көретінмін. Демек ой екпініне, яғни айтушының ой-мақсатына байланысты баяндауыштың жетегіндегі тұрлаусыз мүшелерді белгілі бір жүйеде ауыстыра беруге болады.Орыс тіліндегідей, қазақ тілінде де поэзияда сөйлем мүшелерінің орны ауысып келе береді.

171-жаттығу. Бірыңғай мүшелердің тыныс белгісін түсіндіріңіз.

1.Адамдары, малы, күркелері де қосылып, бір ауылдан бір ауылды айырып та болмайды. 2.Өзгеге жеңіл болса да, осылайша биылғы көшу – қойшы, қозышы, жылқышыларға аса бір тынымсыз бейнет. 3.Анау кәрі әжесі мен бізді де көп сейілттіңдер. 5. Жермен, малмен тынатын көңіл болса, жесін де, тынсын.

172-жаттығу. Бірыңғай мүшелерді ажыратып, тыныс белгілерін қойып, мәтінді көшіріңіз.

1.Қара қошқыл кілегей бұлттың жоғарғы шетін ала кірген ай бір көрініп, бір сүңгіп дәл жасырынбақ ойнағандай құбылды. 2.Қасына Сүйіндік Асылбек – бәрі де ере кетіпті. 3.Абай жүрегі де сыр мен жырға толы еді. 4.Асылбек Жиренше Ерболдар да Базаралыға қадала қарап, хабар күтті. 5.Шеңгел, итмұрын сияқты бұталары да көп. 6.Әрі сұлу, әрі сенімді мықты үміт.

173-жаттығу. Бірыңғай мүшелерді тауып, сөйлемнің қандай мүшесі болғанын көрсетіңіз.

Жаздың көркі енеді жыл құсымен,

Жайраңдасып жас күлер құрбысымен.

Көрден жаңа тұрғандай кемпір мен шал

Жалбаңдасар өзінің тұрғысымен.

Түйе боздап, қой қоздап – қорада шу,

Күлімдесін, көрісіп, құшақтасып.

Шаруа қуған жастардың мойны босап,

Сыбдыр қағып, бұлаңдап ағады су.

174-жаттығу. «Жылдың төрт мезгілі» деген тақырыпқа әңгіме жазыңыз. Онда тұрлаулы мүшелерді бірыңғай етіп құраңыз.