Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
салы кодексi.doc
Скачиваний:
552
Добавлен:
18.02.2016
Размер:
6.09 Mб
Скачать

§ 1. Салық төлеуші ретінде тіркеу

 

561-бап. Жеке, заңды тұлға, заңды тұлғаның құрылымдық  бөлімшесі туралы мәліметтерді салық төлеушілердің мемлекеттік деректер базасына енгізу

1. Салық органы мәліметтерді салық төлеушілердің мемлекеттік деректер базасына енгізуді сәйкестендіру нөмірлерінің ұлттық тізілімдерінің мәліметтері негізінде жеке, заңды тұлғаға, заңды тұлғаның құрылымдық бөлімшесіне сәйкестендіру нөмірі берілгеннен кейін жүзеге асырады.

2. Салық органдары салық төлеушілердің мемлекеттік деректер базасына мыналар туралы:

1) жеке тұлға, оның ішінде шетелдік немесе азаматтығы жоқ адам – тұрғылықты немесе болатын жері бойынша;

2) резидент заңды тұлға және оның құрылымдық бөлімшесі, резидент емес заңды тұлғаның құрылымдық бөлімшесі – орналасқан жері бойынша;

3) Қазақстан Республикасында филиал, өкілдік ашпай, қызметін тұрақты мекеме арқылы жүзеге асыратын резидент емес заңды тұлға – тұрақты мекемесінің орналасқан жері бойынша;

4) Қазақстан Республикасында жер қойнауын пайдаланумен байланысты бағалы қағаздарды, қатысу үлестерін сатып алушы, осы Кодекстің 197-бабы 5-тармағына сәйкес салық агенті болып табылатын резидент емес – осы Кодекстің 197-бабы 1-тармағының 2) - 4) тармақшаларында көрсетілген Қазақстан Республикасында жер қойнауын пайдалану құқығына ие резиденттің немесе консорциумның орналасқан жері бойынша;

5) Қазақстан Республикасында жылжымайтын мүлік сатып алушы, осы Кодекстің 197-бабы 5-тармағына сәйкес салық агенті болып табылатын резидент емес – жылжымайтын мүліктің орналасқан жері бойынша;

6) Қазақстан Республикасында тіркелген шетел мемлекетінің дипломатиялық және оларға теңестірілген өкілдігі – дипломатиялық және оларға теңестірілген өкілдіктің орналасқан жері бойынша;

7) осы Кодекстің 191-бабы 8-тармағына сәйкес резидент еместің тұрақты мекемесі ретінде қарастырылатын тәуелді агенті арқылы қызметін жүзеге асыратын резидент емес – тәуелді агенттің тіркеу орны бойынша;

8) резидент банктерде ағымдағы шоттар ашатын резидент еместер – резидент банктің орналасқан жері бойынша мәліметтерді енгізуді жүзеге асырады.

3. Салық қызметі органдары салық төлеушілердің мемлекеттік деректер базасына мәліметтер енгізуді сәйкестендіру нөмірлерінің ұлттық тізілімдерінің мәліметтерін алған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде жүзеге асырады.

4. Жеке сәйкестендіру нөмірлерінің ұлттық тізіліміндегі жеке тұлғалар туралы мәліметтерді уәкілетті мемлекеттік орган салық қызметі органдарына жеке тұлға он алты жасқа толғаннан кейін береді. Он алты жасқа толмаған тұлғаларда салық міндеттемесі туындаған жағдайда мұндай тұлғалар бойынша мәліметтер салық қызметі органдарына салық органының сұрау салуы бойынша беріледі.

 

562-бап. Резидент еместі салық төлеуші ретінде тіркеу ерекшелігі

1. Филиал, өкілдік ашпай, қызметін тұрақты мекеме арқылы жүзеге асыратын резидент емес заңды тұлға салық төлеуші ретінде тіркелу үшін осы Кодекстің 191-бабына сәйкес Қазақстан Республикасында тұрақты мекеме арқылы қызметін жүзеге асыра бастаған күннен бастап күнтізбелік отыз күн ішінде тұрақты мекеме орналасқан жері бойынша салық органына мынадай:

1) құрылтай;

2) мемлекеттік тіркеу нөмірін (немесе оның аналогын) көрсете отырып, резидент еместі инкорпорация еліндегі мемлекеттік тіркеуді растайтын;

3) бар болған жағдайда салықтық тіркеу нөмірін (немесе оның аналогын) көрсете, резидент еместі инкорпорация еліндегі салықтық тіркеуді растайтын құжаттардың нотариат куәландырған көшірмелерін қоса бере отырып, тіркеу есебіне қою туралы салықтық өтініш беруге міндетті.

2. Қазақстан Республикасында жылжымайтын мүлік сатып алушы, осы Кодекстің 197-бабы 5-тармағына сәйкес салық агенті болып табылатын резидент емес мүлік сатып алғанға дейін салық төлеуші ретінде тіркелу үшін жылжымайтын мүліктің орналасқан жері бойынша салық органына мынадай:

1) резидент емес жеке тұлғаның жеке басын куәландыратын немесе резидент емес заңды тұлғаның құрылтай құжаттарының;

2) резидент емес заңды тұлға үшін мемлекеттік тіркеу нөмірін (немесе оның аналогын) көрсете отырып, резидент еместі инкорпорация еліндегі мемлекеттік тіркеуді растайтын;

3) бар болған жағдайда салықтық тіркеу нөмірін (немесе оның аналогын) көрсете, резидент еместі инкорпорация (азаматтық) еліндегі салықтық тіркеуді растайтын құжаттардың нотариат куәландырған көшірмелерін қоса бере отырып, тіркеу есебіне қою туралы салықтық өтініш беруге міндетті.

3. Қызметі осы Кодекстің 191-бабы 8-тармағына сәйкес резидент еместің тұрақты мекемесі ретінде қаралатын тәуелді агент, мұндай резидент еместі салық төлеуші ретінде тіркеу үшін осы Кодекстің 191-бабы 13-тармағына сәйкес айқындалған қызметті жүзеге асыруды бастаған күннен бастап күнтізбелік отыз күн ішінде тұрғылықты (орналасқан) жері бойынша салық органына мынадай:

1) резидент еместің атынан кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыруға, келісім­шарттарға қол қоюға немесе өзге мақсаттарға өкілеттіктер беруге арналған шарт­тың (келісімнің, келісімшарттың немесе өзге де құжаттың), бар болған жағдайда;

2) резидент емес жеке тұлғаның жеке басын куәландыратын құжаттың немесе ол тұрақты мекемесі болып табылатын резидент емес заңды тұлғаның құрылтай құжаттарының;

3) резидент емес заңды тұлға үшін мемлекеттік тіркеу нөмірін (немесе оның аналогын) көрсете отырып, резидент еместі ол тұрақты мекемесі болып табылатын инкорпорация еліндегі мемлекеттік тіркеуді растайтын құжаттың;

4) салықтық тіркеу нөмірін (немесе оның аналогын), резидент еместе бар болған жағдайда, көрсете, резидент еместі ол тұрақты мекемесі болып табылатын инкорпорация (азаматтық) еліндегі салықтық тіркеуді растайтын құжаттың нотариат куәландырған көшірмелерін қоса бере отырып, тіркеу есебіне қою туралы салықтық өтініш беруге міндетті.

4. Резидент-банктерде ағымдағы шоттар ашатын резидент емес шот ашқанға дейін салық төлеуші ретінде тіркелуге міндетті. Салық төлеуші ретінде тіркеу үшін мұндай резидент емес банк орналасқан жері бойынша салық органына осы баптың 2-тармағында белгіленген құжаттардың нотариат куәландырған көшірмелерін қоса бере отырып, тіркеу есебіне қою туралы салықтық өтініш береді.

5. Қазақстан Республикасындағы көздерден осы Кодекстің ережелеріне сәйкес төлем көзінен салық салуға жатпайтын табыс алатын шетелдіктер және азаматтығы жоқ адамдар осы Кодекстің 191-бабының 13-тармағына сәйкес қызметін жүзеге асыра бастаған күннен бастап күнтізбелік отыз күн ішінде келген (тұратын) жері бойынша салық органына мынадай:

1) шетелдіктің немесе азаматтығы жоқ адамның жеке басын куәландыратын;

2) ондай нөмір бар болған жағдайда салықтық тіркеу нөмірін немесе (оның аналогын) көрсете отырып, азаматтық (резиденттік) еліндегі салықтық тіркеуді растайтын;

3) ондай құжат бар болған жағдайда Қазақстан Республикасындағы көздерден алынған табыстың сомасын растайтын құжатттың нотариат куәландырған көшірмелерін қоса бере отырып, тіркеу есебіне қою туралы салықтық өтініш беруге міндетті.

5-1. Қазақстан Республикасының аумағында қызме­тiн жүзеге асыратын, осы Кодекстiң 189-бабынасәйкес Қазақстан Республикасының резидентi мәртебесiн иеленген резидент емес жеке тұлға мұндай мәртебенi иеленген күннен бастап күнтiзбелiк отыз күн iшiнде салық төлеушi ретiнде тiркелуге тиiс. Салық төлеушi ретiнде тiркелу үшiн мұндай жеке тұлға өзi болатын (тұрғылықты) жердегi салық органына осы баптың 2-тармағында белгiленген құжаттар­дың нотариаттық куәландырылған көшiрмелерiн қоса бере отырып, тiркеу есебiне қою туралы салықтық өтiнiшiн бередi.

6. Осы Кодекстің 561-бабы 2-тармағының 4) тармақшасында көрсетілген резидент емес энергетиканы және минералды ресурстарды реттеу және қадағалау жөніндегі уәкілетті мемлекеттік органның Қазақстан Республикасында жер қойнауын пайдаланумен байланысты бағалы қағаздарды немесе қатысу үлестерін сатып алуы туралы мәліметтері негізінде салық төлеуші ретінде тіркелуге жатады.

7. Қазақстан Республикасында тіркелген шетел мемлекетінің дипломатиялық және оған теңестірілген өкілдігі тіркеу есебіне қою туралы салықтық өтініштің негізінде салық төлеуші ретінде тіркелуге жатады.

8. Осы баптың 1 - 7-тармақтарында көрсетілген тұлғаларға сәйкестендіру нөмірі мен тіркеу куәлігін жасау мақсатында салық органы тіркеу есебіне қою туралы салықтық өтінішті, уәкілетті мемлекеттік органдардың мәліметтерін алған күннен бастап бір жұмыс күні ішінде әділет органдарына электрондық хабарлама жібереді.

9. Осы баптың 1 - 7-тармақтарында көрсетілген резидент еместерге сәйкестендіру нөмірін бергені туралы электрондық хабарламаны әділет органдары салық органдарының электрондық хабарламасын алған күннен бастап бір жұмыс күнінен кешіктірмей салық органдарына жібереді.

10. Осы баптың 1 - 7-тармақтарында көрсетілген резидент еместерді салық төлеуші ретінде тіркеуді салық органы осы Кодекстің 561-бабы 3-тармағында белгіленген мерзімде уәкілетті орган бекіткен нысан бойынша тіркеу куәлігін бере отырып жүзеге асырады.

11. Осы Кодекстің 561-бабы 2-тармағының 4) тармақшасында көрсетілген, Қазақстан Республикасында жер қойнауын пайдаланумен байланысты бағалы қағаздарды, қатысу үлестерін сатып алған резидент еместің тіркеу куәлігі осы Кодекстің 197-бабы 1-тармағының 2)-4) тармақшаларында көрсетілген, Қазақстан Республикасында жер қойнауын пайдалану құқығына ие резиденттің немесе консорциумның орналасқан жері бойынша салық органында, резидент емес талап еткенге дейін сақталады.

12. Осы баптың 1 - 7-тармақтарында көрсетілген сәйкестендіру нөмірі бар резидент еместерге қатысты уәкілетті мемлекеттік органнан мәліметтер, тіркеу есебіне қою туралы салықтық өтініш алынған жағдайда, салық органы әділет органдарына сәйкестендіру нөмірі мен тіркеу куәлігін жасау мақсатында электрондық хабарлама жібермейді. Бұл ретте осы Кодекстің 561-бабының 2-тармағының 7) тармақшасында көрсетілген адамдарды тіркеу есебіне қою олардың тәуелді агенттерінің орналасқан жері бойынша жүзеге асырылады.

 

563-бап. Салық төлеушілердің мемлекеттік деректер базасындағы тіркеу деректерін өзгерту және толықтыру

1. Салық органдары салық төлеуші ретінде тіркеу кезінде ұсынылған тіркеу деректеріне:

1) жеке тұлғаның – Жеке сәйкестендіру нөмірлерінің ұлттық тізілімінің мәліметтері негізінде;

2) резидент заңды тұлғаның және оның құрылымдық бөлімшесінің, резидент емес заңды тұлғаның құрылымдық бөлімшесінің - Бизнес-сәйкестендіру нөмірлерінің ұлттық тізілімінің мәліметтері негізінде;

3) Қазақстан Республикасындағы қызметін филиал, өкілдік ашпай тұрақты мекеме арқылы жүзеге асыратын резидент емес заңды тұлғаның - тіркеу есебіне қою туралы салықтық өтініші негізінде;

4) осы Кодекстің 197-бабы 1-тармағының 2) - 4) тармақшаларында көрсетілген Қазақстан Республикасында жер қойнауын пайдалану құқығына ие резиденттің немесе консорциумның орналасқан жері өзгерген кезде осы Кодекстің 197-бабы 5-тармағына сәйкес салық агенті болып табылатын резидент еместің – осындай резидент туралы Бизнес-сәйкестендіру нөмірлерінің ұлттық тізілімінің мәліметтері негізінде;

5) Қазақстан Республикасында тіркелген шетел мемлекетінің дипломатиялық және оларға теңестірілген өкілдігінің – тіркеу есебіне қою туралы салықтық өтініші негізінде;

6) осы Кодекстің 191-бабы 8-тармағына сәйкес резидент еместің тұрақты мекемесі ретінде қарастырылатын қызметін тәуелді агент арқылы жүзеге асыратын резидент еместің – тәуелді агенттің салық органына берген салықтық өтініші негізінде;

7) резидент банкте ағымдағы шоты бар резидент емес жеке және заңды тұлғаның – банк хабарламасының негізінде, өзгерістер мен толықтырулар енгізуді жүзеге асырады.

2. Заңды тұлғаның, оның құрылымдық бөлімшесінің бюджетпен есеп айырысу бойынша жауапты қызметкері, телефон нөмірі, электрондық почта мекенжайы туралы мәліметтерді өзгерту тіркеу есебіне қою туралы салықтық өтініш негізінде жүзеге асырылады.

3. Салық төлеушілердің банктік шоттары туралы мәліметтерді өзгерту осы Кодекстің 581-бабында белгіленген тәртіппен және мерзімде берілген банктердің немесе банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдардың мәліметтері негізінде жүзеге асырылады.

4. Жеке тұлға тұрғылықты (болу) жері өзгерген кезде жаңа тұрғылықты жері бойынша салық органына салық төлеушінің тұрғылықты (болу) жерінің өзгергенін растайтын құжаттарды қоса бере отырып, тіркеу деректеріне өзгерістер енгізу үшін өз бетінше салықтық өтініш беруге құқылы.

5. Салық төлеушінің тіркеу деректерін өзгерту үшін салықтық өтініш салық төлеушінің (салық агентінің) орналасқан (тұрғылықты) жері бойынша салық органына - өзгерістер туындаған кезден бастап он жұмыс күнінен кешіктірілмей беріледі.

6. Салық органдары салық төлеушінің тіркеу деректеріне өзгерістер енгізуді сәйкестендіру нөмірлерінің ұлттық тізілімдерінің, уәкілетті мемлекеттік органдардың, банктердің немесе банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдардың мәліметтерін тіркеу есебіне қою туралы салықтық өтінішті алған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде жүзеге асырады.

 

564-бап. Салық төлеушіні салық төлеушілердің мемлекеттік деректер базасынан шығарып тастау

1. Салық органдары салық төлеушіні салық төлеушілердің мемлекеттік деректер базасынан сәйкестендіру нөмірлерінің ұлттық тізілімдерінің мәліметтері негізінде мынадай себептер бойынша:

1) жеке тұлғаның қайтыс болуы немесе қайтыс болды деп жариялануы;

2) жеке тұлғаның Қазақстан Республикасынан тұрғылықты тұратын жерге кетуі;

3) заңды тұлғаларды, олардың құрылымдық бөлімшелерін Заңды тұлғалардың мемлекеттік тіркелімінен шығарып тастау немесе заңды тұлғалардың құрылымдық бөлімшелерінің есептік тіркеуден шығарылуы;

4) резидент еместің тұрақты мекеме арқылы қызметін тоқтатуы;

5) шетелдіктің немесе азаматтығы жоқ адамның Қазақстан Республикасындағы қызметін тоқтатуы;

6) егер осы Кодекстің 197-бабы 5-тармағына сәйкес салық агенті болып табылатын резидент еместің Қазақстан Республикасында өзге салық салу объектісі болмаған жағдайда, мұндай резидент еместің жылжымайтын мүлікке, акцияларға және (немесе) қатысу үлестеріне құқықтарының тоқтатылуы;

7) шетел мемлекетінің Қазақстан Республикасында аккредиттелген дипломатиялық және оған теңестірілген өкілдігі қызметінің тоқтатылуы;

8) осы Кодекстің 191-бабы 8-тармағына сәйкес резидент еместің тұрақты мекемесі ретінде қаралатын Қазақстан Республикасындағы тәуелді агенті арқылы резидент еместің қызметін тоқтатуы;

9) осы Кодекстің 561-бабы 2-тармағының 8) тармақшасында көрсетілген резидент еместің банк хабарламасын алған күннен бастап алты ай ішінде резидент банктерде ағымдағы шоттары болмаған, сондай-ақ ағымдағы шоттарды ашуы туралы мәліметтері болмаған жағдайда, резидент банкте резидент еместің ағымдағы шотының жабылуы бойынша шығарып тастайды.

2. Салық органы салық төлеушілердің мемлекеттік деректер базасынан осы Кодекстің 561-бабы 2-тармағының 3) - 8) тармақшаларында көрсетілген тұлғаларды шығарып тастау мақсатында әділет органдарына:

1) Қазақстан Республикасындағы қызметін филиал, өкілдік ашпай, тұрақты мекеме арқылы жүзеге асыратын резидент еместі – тіркеу есебінен шығару туралы салықтық өтініші негізінде;

2) осы Кодекстің 561-бабы 2-тармағының 4) тармақшасында көрсетілген резидент еместі – энергетика және минералды ресурстарды реттеу және қадағалау жөніндегі уәкілетті мемлекеттік органның Қазақстан Республикасында жер қойнауын пайдалануға байланысты бағалы қағаздарды немесе қатысу үлестерін сату туралы мәліметтерінің негізінде;

3) шетелдікті немесе азаматтығы жоқ адамды – тіркеу есебінен шығару туралы салықтық өтініші негізінде;

4) Қазақстан Республикасында тіркелген дипломатиялық және оларға теңестірілген шетел мемлекетінің өкілдігін – сыртқы саясат қызметін жүзеге асыратын уәкілетті мемлекеттік органның Қазақстан Республикасында тіркелген дипломатиялық және оларға теңестірілген шетел мемлекеті өкілдігінің қызметін тоқтатуы туралы мәліметтері негізінде;

5) осы Кодекстің 561-бабы 2-тармағының 7) тармақшасында көрсетілген резидент еместі – тәуелді агенттің тіркеу есебінен шығару туралы салықтық өтініші негізінде;

6) резидент банктерде ағымдағы шоттары бар резидент еместі – резидент еместің ағымдағы шотының жабылуы туралы банк хабарламасының негізінде тіркеу есебінен шығару туралы электрондық хабарлама жібереді.

3. Салық органдары осы баптың 2-тармағында көрсетілген резидент еместер туралы мәліметтер көрсетілген электронды хабарламаны әділет органдарына уәкілетті мемлекеттік органдардан мәліметтерді, банктің хабарламасын, тіркеу есебінен шығару туралы салықтық өтінішті алған күннен бастап бір жұмыс күні ішінде ұсынады.

4. Салық органы салық төлеушіні салық төлеушілердің мемлекеттік деректер базасынан шығарып тастауды сәйкестендіру нөмірлерінің ұлттық тізілімдері мәліметтерінің негізінде салық төлеушінің орындалмаған салық міндеттемесі болмаған кезде жүргізеді.

 

Соседние файлы в предмете [НЕСОРТИРОВАННОЕ]