Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
лекции по ИК исправленные.doc
Скачиваний:
497
Добавлен:
05.02.2016
Размер:
1.03 Mб
Скачать

Жаңа экономикалық саясатқа көшу

  1. Жаңа экономикалық саясат (ЖЭС).

  2. 1921 жылғы аштық.

  3. Жер-су реформасы. Түркістанның ұлттық-территориялық межеленуі

  1. Жаңа экономикалық саясат (ЖЭС).

І дүниежүзілік соғыс, 1916 жылғы көтеріліс оқиғалары, 1917 жылғы төңкерістер, Азамат соғысы елді біржола күйзелтіп, дағдарысқа әкеліп тіреді. Қазақ өлкесіндегі мемлекет меншігіне алынған 307 кәсіпорынның 250-і қиратылды немесе жұмыс істемей бос қаңырап тұрды. Мысалы, Жезқазған, Успен, Риддер кеніштерін су басып қалса, ал Спасск кен байыту кәсіпорын өртеніп кетті. Ембі мұнай кәсіпшілігінің 147 бұрғысының тек 8-і ғана жұмысқа жарамды болды. Теміржолдардың көп бөлігі істен шығып қалды. Жанар-жағармайдың жоқтығына байланысты кәсіпорындар жұмыссыз тұрды. Ауыл шаруашылығы да қатты күйзеліске ұшырады. Егістік көлемі 2 млн десятинаға, астықтың көлемі үш есеге қысқарып, мал басы 10,8 млн-ға азайды. Осындай жағдайға қарамастан елде азық-түлік салғырты жүргізіле берді. Партия және Кеңес органдары күштеу әдістерін қолдану арқылы нан, ет, ауыл шаруашылық шикізатын жинауды тоқтатпады. Мысалы, 1920 жылдары салғырт бойынша халықтан 1,5 млн пұт нан таратып алынған. Осының салдарынан астық тапшылығы 2-2,5 млн пұтты құрады. Мұның бәрі халықтың ашу-ызасын туғызды. 1920-1921 жылдардағы Кеңес үкіметінің саясатына наразылық білдіру ашық бас көтеруге ұласты. Халық наразылықтары Семей облысын, Қостанай, Ақмола, Петропавл, Көкшетау уездерін қамти бастады. Шаруалар «Кеңестер коммунистерсіз болсын!», «Салғырт жойылсын!», «Азық-түлік диктатурасы жойылсын!» деген ұрандар көтерді.

1921 жылы 8-16 науырызда РКП (б) Х съезі өтіп, онда жаңа экономикалық саясатқа (ЖЭС) көшу туралы шешім қабылданды. ЖЭС-тің мәні: азық-түлік салғырты азық-түлік салығымен ауыстырылып, еңбек міндеткерлігі жойылды; сауда жасауға, жерді жалға алу, жалдамалы еңбекті пайдалануға рұқсат етілді; кооперация мен шаруашылық есепке еркіндік берілді.

  1. 1921 Жылғы аштық.

Алайда 1921 жылдың жазында Қазақ өлкесінің солтүстік батыс аудандарында құрғақшылық басталды. Сол себепті Орынбор, Орал, Ақтөбе, Қостанай облыстарындағы егістік қурып кетті. Республика бойынша 2,3 млн адам аштыққа ұшырады. Ауыл шаруашылығындағы қиыншылықтар 1923 жылғы өнімге дейін жалғасты. 1922 жылы Қазақстан халқының саны 1914 жылмен салыстырғанда 1 млн адамға кеміді.

Жаңа экономикалық саясат өз нәтижесін тек 1920 жылдардың ортасында қарай ғана бере бастады. 1925 жылы халық шаруашылығын негізінен қалпына келтірілді. Өнеркәсіп өнімін өндіру соғысқа дейінгі деңгеймен салыстырғанда үштен екіге дейінгі көлемге жетті. Өнеркәсіптердің 60%-ы іске қосылып, көлік қатынасы қалпына келтіріле бастады. Егіс көлемі 3 млн гектарға жетіп, астық өнімін жинау соғысқа дейінгі деңгейдегі қалпына келді. Мал басы 1922 жылмен салыстырғанда екі есеге өсіп, 26 млн басқа жетті. Жәрмеңкелер қайта қалпына келтірілді. Ойыл, Темір, Қоянды жәрмеңкелері сияқты жалпы сауда көлемі 20-23 млн сомды құрайтын 128 жәрмеңке жұмыс істейді.

  1. Жер-су реформасы. Түркістанның ұлттық-территориялық межеленуі

1921-1922 жылдары Қазақ өлкесінде жер-су реформасы жүргізілді. Бұл реформаның мақсаты – Орал, Сібір казак әскерлеріне патша үкіметі тартып әперген Ертіс бойы, Орал өзінің сол жағалауы, сондай-ақ Жетісу мен Қазақ өлкесінің оңтүстігінде тартып алынған қазақ жерлерін шаруаларға қайтару еді. Жер-су реформасының нәтижесінде барлығы 1 млн 385 мың десятина жер қазақ шаруаларына қайтарылды. 1921 жылы құрылған «Қосшы» кедейлер одағы мүшелері жер-су реформасына белсене араласты. Бұл кедейлер одағы шаруалардың Кеңес үкіметіне деген сенімін нығайту мақсатында құрылған болатын.

Патша үкіметінің өлкеде жүргізген отарлау саясатының салдарына Қазақ жері әртүрлі әкімшілік аумақтарға бөлініп, тұтастығынан айырылған еді. Қазақ АКСР-ның құрылуы қазақ жерлерін қайта біріктіруді қажет етті.

1921 жылы Батыс Сібірде, Қазақ өлкесінің солтүстігі мен батыс бөлігіндегі жерлерді межелеу саясаты жүргізіле бастады. Үкімет тарапынан дайындық жұмыстары Орта Азияда ұлттық-территориялық межелеу және қазақ жерлерін қайта біріктіру бағытында жүргізілді. 1924 жылы 27 қазанда КСРО-ның ОАҚ сессиясында Өзбек ССР-ін (құрамына Тәжік АКСР-і енді); Түрікмен АКСР-ін, РКСФР құрамындағы Қара қырғыз автономиялық облысын, Қазақ АКСР-ін (құрамына Қарақалпақ автономиялық облысы енді) құру туралы шешім қабылданды.

Ұлттық-территориялық межелеу саясатының нәтижесінде қазақ АКСР-ның құрамына Қазалы, Ақмешіт, Түркістан, Шымкент уездері және Әулиеата уезінің көп бөлігі, Сырдария облысының Ташкент және Мырзашөл уездерінің бөліктері, Самарқант облысының Жизақ уезіндегі алты көшпелі болыс қосылды. Жетісу облысында Алматы, Жаркент, Лепсі, Қапал уездері, Пішпек уезіне Қарақоныс, Шу, Георгиевка болыстары енді. Қорыта келгенде, Қаз АКСР-нің территориясын 700 мың км²-қа артып, жалпы 2,7 млн км²-ты құрады. Халқының саны 1468 мың адамға өсіп, жалпы 5230 мың адамға жетті. 1926 жылғы халық санағы бойынша, қазақтар Қазақ АКСР халқының 61,3%-ын құрады. 1925 жылы республиканың астанасы Орынбордан Ақмешітке көшіріліп, оған Кеңес үкіметінің идеологиялық талаптарына сәйкес келетін Қызылорда деген атау берілді.

Сол жылы қазақ АКСР-і Кеңестері V съезінің ұсынуы бойынша КСРО-ның БОАК-і республиканың дұрыс атын қалпына келтіру, яғни «Қазақ» деп атау туралы шешім қабылдады. 1928 жылы Қазақстанда губернияларға, уездерге, болыстарға бөлу жүйесі жойылып, жаңа әкімшілік бірлік – округтар мен аудандарға бөлу жүйесі енгізілді.