Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
лекции по ИК исправленные.doc
Скачиваний:
497
Добавлен:
05.02.2016
Размер:
1.03 Mб
Скачать

2. Ауыл шаруашылығын жаппай ұжымдастыру және көшпелі қоғамды отырықшылыққа күштеп көшіру.

1927 жылы желтоқсанда БКП (б) ХV съезі болып, ол ұжымдаструға бағыт алған съезд ретінде тарихқа енді. Съезд 1932 жылға дейінгі қысқа мерзімде жеке шаруа қожалықтарынан ұжымдық шаруашылық (колхоз) жүйесіне көше туралы шешім қабылдады.

Күштеп ұжымдастыру мен отырықшыландыру саясатына қазақ қайраткерлері қарсы шықты Ә.Бөкейханов қазақтарды отырықшылыққа эволюциялық жолмен біртіндеп көшіру қажеттігін дәлелдеді. Ал М.Дулатов болса, өз ойын: «Қазақ халқы көшкілері келгеннен кейін көшіп-қонып жүрген жоқ, табиғат жағдайына байланысты көшіп жүр», - деп ашына білдірді. С.Садуақасов бұл жөнінде: «Өркениет ешқашан мал шаруашылығымен айналысуға тыйым салмайды, керісінше, оның өркендеуіне жол ашады», - деп атап көрсетті.

КСРО Бүкілодақтық Атқару Комитетінің сессиясында сөйлеген Т.Рысқұлов қазақтар үшін жекеменшік мал басын алты-жетіден асырмау саясатының үлкен зардаптарға әкеп соғатынын қатты ескертті.

Ұжымдастыру жергілікті халықтың ерекшеліктерін ескерместен, күштеу саясатымен жүргізілді. 1928 жылы Қазақстанда ұжымдастырылған шаруашылықтар 2%-ды құраса, 1930 жылы 1 сәуірде бұл көрсеткіш 50,5%-ға, 1931 жылы қазанда 65%-ға жетті. Кейбір облыстарда мұндай «екпінді» көрсеткіш бұдан да өсіп кетті. Мысалы, Орал, Петропавл округтерінде қазақтардың жеке шаруа қожалықтарын ұжымдастыру 70%-ға жеткен. 1931 жылдың күзінде республикадағы 122 ауданның 78-де ұжымдастыру 70-100%-ға орындалған. Қатал күш қолдану әдісімін жүргізілген ұжымдастыру саясаты өрескел заң бұзушылықтармен жүзеге асырылды. Әсіресе адам құқығы аяқ асты етілді. Шаруаларды заңсыз тұтқындау, сайлау құқығынан айыру, жер аудару, ату және т.б. жазалар қолданылды. Тек 1933 жылы Біріккен Мемлекеттік Саяси Басқарма (БМСБ) органдарды Қазақ өлкесінде 21 мыңнан астам адамды тұтқындаған.

Ұжымдастыру саясатымен қатар қоғамдағы байлар мен кулактарды тап ретінде жою шаралары жүргізілді. 1928 жылы 27 тамызда ОАК мен ХКК «Ірі байлар мен жартылай феодалдарды тәркілеу және жер аудару» туралы декрет қабылдады. Бұл декрет бойынша байлардың шаруашылығы тәркіленіп, ал оның иесі жер аударылуы тиіс болды. 30 тамызда Қазақ АКСР-ның ОАК мен ХКК байлардың шаруашылығын тәркілеу туралы қаулысын жүзеге асырудың нұсқаулары қабылданды. Бұл нұсқауда егер байдың көшпелі аудандарды ірі қараға айналдырғанда 400-ден аса малы болса, ал жартылай көшпелі аудандарда 300-ден асатын болса, онда ол әлеуметтік тұрғында қауіпті адам деп есептеліп, жер аударылуы керктігі және шаруашылығы тәркілеуге көрсетілді. Егер адам бұрыннан артықшылықтарға ие болып келген топқа жатса, онда оны мүлік жағдайына қарамастан жер аударған.

1928 жылы 17 қазанда Қаз АКСР-ның ОАҚ мен ХКК «Тәркілеуге және жер аударуға қарсылық көрсеткен байлардың қылмыстық жауапкершілігі туралы» қаулы қабылдады. Байлардың шаруашылығын тәркілеу және тап ретінде жою жөнінде үкімет жанынан Орталық комиссия құрылды. Орталық комиссияны Е.Ерназаров басқарды. 1928-1929 жылдары 1027 байдың шаруашылығы тәркіленді [81, 5-б.]. 145 мың мал басы (ірі қара) тартып алынды және көптеген ауыл шаруашылық еңбек құралдары колхоздарға берілді. Жалпы қуғын-сүргенге ұшыраған байлардың саны 1034-ке жетті .

Көшпелі және жартылай көшпелі халықты отырықшылыққа күшпен ұжымдастыру қазақтар үшін үлкен қасірет әкелді. 1930 жылы 87136 шаруашылық отырықшылыққа көшірілсе, 1933 жылы бұл көрсеткіш 242208-ге жетті. Отырықшылыққа көшу механизмінің өзі қарапайым түсіндірілді: жүздеген шаруашылықтары бір жерге жинап, деревня типтес стационарлық поселкелер ұйымдастырылды. Мұның барлығы күштеу әдістері арқылы жүзеге асырылды, орныққан көшпелі және жартылай көшпелі халықты 100% колхозға қабылдады. Оның үстіне 200 шақырымдық радиусты қамтитын үлкен аймақтарда жүздеген шаруашылықты біріктірген үлкен колхоздар құрылды. Колхоздарға ортақ меншікке алынған малдар қырыла бастады. Ауыл шаруашылығында егін өнімі күрт төмендеп кетті, себебі жерінен айырылған шаруалар еңбек етуге құлықсыз болды. Ең қиын жағдай мал шаруашылығында қалыптасты. Ұжымдастыру қарсаңында Қазақстанда 40,5 млн мал басы болса, 1933 жылдың 1 қаңтарында одан тек 4,5 млн мал басы ғана қалды.

Осы жағдайлардың барлығы жинақтала келіп, 1931-1933 жылдардағы аштыққа әкеліп, одан 2,1 млн адам қырылды. Бұл аштық мемлекеттік саясаттың нәтижесінде қолдан жасалды. Қазақ зиялылары осы мәселе жөнінде үлкен дабыл көтерді. Мысалы, Т.Рысқұловтың И.Сталинге 1932 жылы 29 қыркүйекте және 1933 жылы 9 науырызда жазған хаттарында өлкедегі қалыптасқан жағдай туралы шындықты жеткізген. Аштық пен қуғын-сүргіннен бас сауғалап, 1 млн-нан астам адам Қазақстаннын тыс жерлерге кетуге мәжбүр болып, оның 616 мыңы қайтып оралмады.

Ұжымдастыру мен қолдан жасалған аштық қазақ халқын бүкіл әлемге босқын ретінде шашыратып жіберді. Мысалы, Қытайда 1 млн 070 мың, Моңғолияда 137 мың, Түркияда 120 мың қазақ тұрады. Қазақтар Ауғанстанда, Иранда, Батып Еуропа мен Солтүстік Америкада да бар.

Қазіргі кезде Қазақстаннан тыс жерлерде, оның ішінде Кеңестер Одағының бұрынғы 14 мемлекетінде және 25 алыс шет мемлекетте, 4,5 миллионға жуық қазақ тұрады. Мамандардың айтуынша, тек 800 мың қазақ қана өздерінен диаспора деп санайды, ал қалған 3 млн 700 мың қазақ өздерін ирридент ретінде санайды екен [44. 3-б].

Қазақ халқының күштеп ұжымдастыру саясатына қарсы наразылығы бірден басталды. Қазақ шаруаларының түрлі бас көтерулері бірте-бірте қарулы көтерілістерге ұласты. Ұжымдастыру жылдарында Қазақстанда 372 халықтық бас көтерулер мен көтерілістер болған. Шаруалардың бас көтерулері Қазақстанның барлық аймағынан қамтыды.

Сол тарихи кезеңдегі ахуалды тереңірек түсіну үшін мына құжаттың мазмұнын келтірейік. Қазақстан Республикасы Президентінің мұрағатында* Қазалы ауданының ІІХК (НКВД) бөлім бастығының мына құжаты сақталған: «1930 жылы науырызда Қазалы ауданының беделді ишаны Ақмұрза Тасов бай-мұсылман элементтерінен қарулы банда ұйымдастырған және кедейлер мен орташаларды да өздеріне тартқан. Бандының негізгі міндеті астық тапсырудан, мемлекеттік салық төлеуден бас тарту еді. Бұл бандылар көтерілісі Қазалы ауданының 8 әкімшілік ауылын, сондай-ақ Қармақшы ауданының бір бөлігін қамтыды. Ақмұрза бандысы жойылғаннан кейін, 1930 жылы тамызда өкіметтің егін орағы мен мемлекетке астық тапсыру шараларына Қарсы Асан руынан шыққан Ақмамбет Ақжан байдың басқаруымен ұйымдастырылған бандылар бас көтерді. Сөйтіп, бұл «Асан көтерілісі» деп аталып кетті. Ақмұрза мен «Асан» бандылары көтерілісін басу үшін Қызыл Армяның тұрақты әскери бөлімі жіберіліп, басшыларын БМСБ мен ІІХК ұстап алып, құғынсүргінге түсірді. Бірақ көтерілісшілердің кейбір басшылары аман қалып, Ауғанстанға өтіп кетті».

Сырдария округіндегі Созақ көтерілісі өзінің ұйымшылдығымен және табандылығымен ерекшеленді. Көтерілісшілер аудан орталығы Созақты басып алды. Бұл көтерілісті де Қызыл Армияның тұрақты әскери бөлімі басыпжаншыды. Ірі наразылық орталықтары Семей және Алматы округтерінде, Маңғыстауда болды. 1920 жылдары 60-қа жуық көтерілісшілер тобы болған. Мұндағы көтеріліс ошақтары Ойыл ауданын, Үстіртті және Маңғыстау тұтас қамтыды. 1929-1932 жылдары Маңғыстаудағы көтеріліс Түрікменстан мен Қарақалпақстанға дейінгі Батыс Қазақстанның үлкен аумағын қамтыды. Олардың жетекшілерінің бірі Тобанияз Әлниязов болды. Маңғыстау көтерілісін басуға Дағыстан, Баку, Саратовтан шақырылған Қызыл Армия бөлімдері мен БМСБ-ның арнайы әскери бөлімдері жұмылдырыды.

1930 жылы «Правда» газетінің наурыздағы санына «Табыстан бас айналу» атты мақалада И.Сталин ұжымдастыру саясатында асыра сілтеушілікке жол берілгенін мойындауға мәжбүр болды. Бірақ бұл мемлекет басшысының кешігіп жасалған мәлімдемесі еді.