Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
лекции по ИК исправленные.doc
Скачиваний:
497
Добавлен:
05.02.2016
Размер:
1.03 Mб
Скачать

Ғұндар империясы

  1. Ғұн империясы

  2. Үйсіндер мен қаңлылар

Б.д.д. 3-4 ғасырларда Орталық Азияда Қытайдың солтүстік шекараларында сюнну, хунну тайпаларының консолидациясы қалыптасты. Сюнну (хунну) түрік тілдерінің тармағы болып табылатын алтай тілдік жанұясына жататын тілде сөйлейтін моңғолоидтық тұрпатты тайпа болып табылады. Бұл прототүріктік тайпасы болды, Евразия континентіндегі саяси өзгерістер осы тайпаа есімімен байланысты. Сюнну (хунну) атауы қытай деректерінде б.д.д. 3 ғ. пайда болды. Суннулардың жоғарғы билеушісі щаньюй деп аталды, оны ақсақалдар кеңесі сайлады, өз иеліктерін туыстарынан тағайындалған наместниктер арқылы басқарды. Б.д.д. 206 ж. хунну тайпаларының басына Мөде шаньюй тұрды. Ол өз мемлекетін басқару бойынша бірқатар реформалар жасау арқылы хунну бірлестігін бір орталыққа бағынған державаға айналдырып, империя құруды белсенді жүзеге асырды.

Хунну мен Қытай арасында болған соғыс б.д.д. 188 ж. Қытайдың жеңілісімен аяқталып, ол хуннуларға үлкен салық төлеуге мәжбүр болды. Б.д.д. 90 ж. Қытай қайта жеңілді. Б.д.д. хунну империясы солтүстік және оңтүстік иеліктерге бөлініп, соңғысы Қытай империясының құрамына енді. Б.д.д. 93 ж. хунну империясы өз өмір сүруін тоқтатты.

Хуннулар туралы, олардың жаулаушылық саясаты туралы деректер қытай «тарихының атасы» Сымя Цяньнің «Тарихи жазбаларында» («Ши цзи») кезедеседі. Қытайлардың есебі бойынша хунну әскері 300-ден 400 мыңға дейін жетті. Әскер ондық жүйеге негізделіп құрылды. Сюнну әскерінің негізін түмен деп аталатын 10 мың атты жауынгер құрады. Сәйкесінше түмен басында түмен басы тұрды, одан әрі түмендер мыңдықтарға, жүздіктерге, ондықтарға бөлінде. Ұрыс даласында әскер үш отрядтан тұрды: орталық және екі қанат. Әскер тәртібі өте қатаң болды: қателіктер үшін бас алынып отырды. Сюннулар дунхуларды, үйсіндердің бір бөлігін, саян-алтай тайпаларын талқандады, Қытайға қарсы соғысты, олардан алым алды. Нәтижесінде олардың иелігінде Байкалдан Тибетке дейінгі, Шығыс Түркістаннан Хуанхэ ағысына дейінгі территориялар енді. Қытай ғұндардан қорғану үшін б.д.д. 3 ғасырда бар болғаны екі жыл мерзімінде ұзындығы 5 мың шақырымдық, биіктігі 6-10 м., ені 5-6 м. болатын әскери қорған салғызуға мәжбүр болған. Ол тарихқа «Ұлы Қытай қорғаны» деген атпен енгені баршаға аян.

Шаруашылығы:хуннулардың шаруашылық өмірі, экономикасы, әлеуметтік ұйымдасуы, саяси жүйесі көшпенділік өмір салтына тән болып келді. Сымя Цянь хунну экономикасын былайша сипаттайды: «Бейбіт уақытта олар малға қарайды, аңшылықпен ацналысады, ал соғыс қаупі туған уақытта әр ер азамат әскери іске үйретіледі. Билеушіден бастап барлығы үй жануарының етімен қоректенеді, оның терісінен киім киеді».

Хуннулардың тұрақтары археологтармен Иволга өзенінің Селенгаға құятын жерінен табылған. Ол 75 га жер көлемін алып жатқан 80 жер үйлерден тұрды. Қалашық төрт жағынан валдармен және орлармен қоршалған. Олардан егін шаруашылығы құралдары соқа, орақ, бидай үккіштер табылды. Хунну халқының саны шамамен 1,5 млн. адамға жетті.

Қоғамдық құрылысы: Хунну қоғамының басында төрт аристократиялық ру тұрды. Олар өзара некелік қарым-қатынаста тұрды. Барлығы 24 руға бөлінген.

Хунну мемлекетінде евразиялық кеңістіктегі алғашқы империялық тенденция байқалды. Бұл әскери-әкімшілік принципке негізделген орталықтанған империя болды. Шаньюй билігі Құдаймен берілген деп есептеліп, ұрпақтан ұрпаққа беріліп отырды. Оны «Аспан ұлы», «Аспан мен Жермен туылған, Күн мен Аймен қойылған» деп атады.

Дегенмен хунну державасы беріксіз болып, б.д.д. 1 ғасырда сыртқы факторлар әсерімен және ішкі тартыстар салдарынан құлдырай бастады. Б.д.д. 71 жылы үйсін, динмин, ухуань тайпалары ғұндарға қарсы бірікті. Б.д.д. 47 жылы хуннулар солтүстік және оңтүстік болып ыдырады. Оңтүстік хуннуларды Хуханье шаньюй, ал солтүстіктегі Чжичжи шаньюй басқарды. Чжичжи хунну біртұтастығын сақтап қалуға тырысып, өз жағына үйсіндерді қаратты. Кейіннен оңтүстік хуннулар қытай бодандығын қабылдады, ал солтүстік хуннулар ортаазиялық тайпалармен одақ құрып, батысқа қарай қоныс аударып, өз тәуелсіздіктерін сақтап қалды. Бірақ олар әрдайым Қытайдың қысымында болып, Тянь-Шаньға өтуге мәжбүр болып, қаңлылармен байланыс орнатты. Бұл сюннулардың Қазақстан мен Орта Азияға қоныс аударуының бірінші толқыны болды.

Екінші толқын б.д. 1 ғасырында басталды. Бұл кезде қытайлардың қысымымен солтүстік хуннулар тағы да батысқа жылжыды. Олар бір тайпаларды одаққа тартты, басқаларына қысым жасады. сөйтіп хуннулардың қысымымен Орталық Қазақстанда сырдариядан солтүстікке қарай, сондай-ақ Арал теңізі мен Каспий маңында тайпалар қозғалысы басталды. Бұл процесс толқын ретінде 2 ғасырдан 5 ғасырға дейін 300 жылға созылды. Бұл процесс «халықтардың ұлы қоныс аударуы» деп аталып, этникалық құрамы әртүрлі көшпенділердің Орталық Азиядан Қазақстан территориясы арқылы батысқа жылжуын сипаттады. Солтүстік сюннулар 4 ғасырда Атилланың басшылығымен және герман тайпалары (готтар, вандалдар) Рим империясына күйрете соққа жасады. 5 ғасыр авторы Амиан Марцеллин оларды былайша сипаттайды: «Ғұндар жабайылығымен ерекшеленеді. Олар өте мықты және денелі болып келеді, оларды екі аяқты жануарларға ұқсатуға болады. Олар жаяу ұрыстарда нашар қимылдайды, бірақ ат үстінде өте төзімді және шебер қимылдайды». 451 жылғы Каталун шайқасы тарихта «Халықтар шайқасы» деген атпен қалды. 453 жылы ғұндардың көсемі Атилла (Еділ) қайтыс болды.

Атилла есімі адамзат тарихындағы ұлы адамдар Александр Македонский мен Юлий Цезарь қатарынан орын алады. Ол бүкіл қоғамдық құрылысты жойып, Италия, Греция, Франция, Румыния, Венгрия іспетті мемлекеттердің бытыраңқы князьдіктердің басын қосып, тұтас есебінде қалыптасуына ұйытқы жасаған.

Мәдениеті:ғұн тайпаларының өзіндік мәдениеті де қалыптасқан. Ғұндар Көкке (Тәңірге) сиынған түркі тайпаларының арғы тегі болып есептеледі. Ғұндардан қалған аса құнды мәдени мұра – зергерлік өнердегі «полихромдық стиль» болып табылады. Ол Жерорта теңізінің щығысы мен Алдыңғы Азияны мекендеген халықтарының Орталық Азия халықтарымен өзара мәдени байланыстардың негізінде қалыптасқан зергерлік өнердегі бағыт болатын. Яғни, күмістен, алтыннан зергерлік бұйымдар жасауда зерлеу, асыл тастармен көмкеру сияқты күрделі әдістерді кеңінен пайдаланған. Бұл стиль бірте-бірте сақ-скиф дәуірінің «аңдық стилін» ығыстыра бастады. Зергерлік өнердегі полихромдық стиль бүгінгі күнге дейін кеңінен қолданылып келеді.

Үйсін және қаңлы мемлекеттері.

Б.д.д. ІІ ғасырда Қазақстанды мекендеген тайпалар мемлекеттік биліктің нышандары айқын көрінген тұрақты бірлестіктер құрды. Бұлар сақтардың этномәдени тұрғыдағы ұрпағы – үйсін мен қаңлы тайпалары болатын.

Үйсін тайпалары құрған мемлекеттік бірлестіктің территориясы солтүстікте Балқашқа дейін, батыста Таласқа дейін жеткен. Үйсін иелігінің орталығы Жетісудағы Іле өлкесінде орналасты, ал билеушілерінің тұрағы Ыстықкөл жағасындағы Қызыл аңғар қаласында (Чигучен) орын тепкен.

Үйсіндер туралы алғашқы мәліметтер б.д.д. ІІ ғасырға жатады. Қытайдың Хань әулетінің императоры У Ди ғұндармен соғысатын одақтас табу мақсатында Чжан Цянь басшылығымен батысқа елшілік аттандырады. Чжан Цянь ғұндарға тұтқынға түсіп қалады, бірақ одан қашып шығуға мүмкіндік алып, Жетісуға келеді. Ол сол жақтан үйсіндер туралы мәлімет әкеледі. Оларды «усунь-го», яғни үйсін елі деп атады. Олардың арасында сэ (сақтар) мен юэчжей тайпалары болғанын және Үйсін еліндегі халықтың саны – 630 мың, әскері – 188 мың адам, оның құрамына Үйсін елінің билеушісі 50 мың атты жасағы кіргені туралы деректер келтіреді.

Үйсіндердің билеушісі күнбегі (гуньмо) деп аталған. Үйсін мемлекеті бүкіл аймақты экономикалық және саяси дамуында маңызды роль атқарды. Б.д.д. ІІ ғасырдан бастап Қытайды Орта Азиямен, Батыс Азия халықтарымен және Еуропамен байланыстыратын тұрақты сауда мен дипломатиялық күре тамыр ретінде Ұлы Жібек жолы қалыптаса бастады. Үйсін билеушілерінің Ежелгі Қытай мен Ғұндардың ханшайымына үйленуі немесе оларға қыз беруінің өзі Үйсін мемлекетінің күші мен қуатын көрсетсе керек.

«Үйсін» сөзінің этимологиясына қатысты бірқатар пікірлер айтылады. Олардың ішінде қытайдың иероглифтік жазбаларынан белгілі «усунь» атауы, оның қазіргі дыбысталуы қазақ этнонимінің бірі – «үйсін» сөзімен ұқсас. Ол сондай-ақ «асиан» және «юэчжи» этнонимдерімен де үндес. Тағы бір түсініктеме бойынша «у-сунь» сөзі «а-сман» – «аспан» деген мағынада айталады. Мүмкін бұл Аспан елі деген мағынада айтылуы болар. Мұнда «Тянь-Шаньнің» – «Аспан таулары» деген мағынаны беретінін ескерсек, сірә, бұл жергілікті атаудың аудармасы болса керек.

Үйсіндер көбіне мал шаруашылығымен айналысты, оларда жайылымдар мен тау шалғындарын маусымдық жүйе бойынша пайдалану маңызды орын алды. Алысқа көшіп-қонуға және тебіндеуге икенді жылқылар мен қойларды көптеп өсірді. Бұдан басқа, егіншілікпен де айналысты.

Үйсіндердің маңызды археологиялық ескерткіштеріне Жетісудағы Ақтас елді мекені, кеген өзенінің аңғарындағы Ақтасты қорымы, Бесшатыр қорғандары жатады. Үйсіндерден қалған ең құнды мәдени мұра Қарғалы диадемасы болып табылады.

Б.д.д. ІІ ғасырда үйсіндердің батысына қарай Қаңлы мемлекеттік бірлестігі құрылды. Оның шығыс шекарасы Талас өзенінің бойымен өтті де, кейіннен б.д. ІІІ ғасырда Жетісудың оңтүстік-батысына дейін жетті. Мемлекеттің аумағы Ташкент жазирасын, сондай-ақ Сырдарияның төменгі және орта ағысын, Жаңадария, Қуаңдария өзендерінің аңғарларын, Арыс өзенін, Қаратау бөктерлерін қоса, Оңтүстік Қазақстанның байтақ кеңістігін алып жатты. Астанасы Битянь қаласы болды. Халқы 120 мың отбасын, 600 мың адамды, әскер саны 120 мың адамды құраған.

Б.д.д. 47-46 жж. Қаңлы билеушісі солтүстік ғұндардың билеушісі Шөжеге (Чжичжи) Қытай одақтасы болған үйсіндермен соғысы кезінде қолдау білдірген. Қаңлы билеушісі Шөжеге өзінің қызын беріп, өз иелігінің шығысынан оған жер бөлді және оның қарамағына өз әскерінің бір бөлігін берді. Шөже Қаңлы мемлекетінің шығыс шекарасын қауіпсіздендіру талабын орындамады және қаңлылардың әдет-ғұрыпымен жүруді қаламады. Сонымен бірге, кейін ол Қаңлы билеушісінің қызын өлтіреді. Сол үшін Қаңлы жерінен қуылады.

3-5 ғғ. мұнда түркі тілді тайпалар басып кіріп, Қаңлы мемлекеті бұл аймақтағы үстемдігінен айырылып қалады.

Қаңлы дәуірінің маңызды мәдени ескерткішінің бірі Шардара маңындағы Ақтөбе қалашығы болып табылады. Арыстың сол жағасындағы Отырар алқабында аумағы шамамен 100 шаршы км төбе түріндегі ондаған қалашықтардың орындары табылған. Ең ірі қала орталығы – Көкмардан болды.