Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
лекции по ИК исправленные.doc
Скачиваний:
497
Добавлен:
05.02.2016
Размер:
1.03 Mб
Скачать

Евразияның ерте көшпелілері

  1. Сақ тайпалары туралы жазба және археологиялық деректер

  2. Сақтардың қоғамдық құрылысы және шаруашылығы, мәдениеті

  3. Саяси тарихы

1.Біздің дәуірімізге дейінгі І мыңжылдықта Қазақстан территориясында андроновтықтардың орнын сақтар басты.

Ерте темір дәуірінде археологиялық ескерткіштер – қорғандар, молалар, тұрақтармен қатар Қазақстанның ежелгі мекендеушілері туралы жазба деректер пайда бола бастады. Бұл – парсы дерегі «Авеста». Онда зараостризм дінінің негізін қалаушы Заратустраның өсиеттері қамтылған. «Авестада» бактриялықтардан, соғдылықтар мен хорезмдіктерден солтүстікке қарай территорияны, яғни Қазақстан территориясын мекендеген көшпелі тайпалар «Жүйрік атты турлар» деп аталды.

Қазақстанның ерте көшпелілері туралы мәліметтер ежелгі грек және рим авторларының антикалық еңбектерінде кездеседі. «Тарих атасы» Геродот өзінің 9 томдық «Тарих» еңбегінің 4 томын Евразияның соның ішінде Қазақстанның көшпелі тайпаларына арнады. Қазақстан тарихы туралы мәліметтерді сондай-ақ Полибий, Плиний, Страбон, Птоломей еңбектерінде кездестіруге болады. Ежелгі грек және латын деректері сақтарды скифтер деп атайды және олардың бірнеше тайпаларын атап көрсетеді: тиграхауда – шошақ бөрікті сақтар, парадарайа – теңіздің арғы жағынан келген сақтар, хаомаварга – хаома сусынын дайындайтын сақтар, масагеттер – Сырдария мен Амудария аралығын мекендеген, савроматтар – Қазақстанның батысын мекендеген, сондай-ақ исседондар, аргипейлер, саракаулдар, т.б.

Сақ археологиялық ескерткіштері Сырдария, Іле, Талас, Шу, Лепсі т.б. өзендер аңғарында көп табылды. Мысалы, Іленің сол жағасындағы Жуантобе қорымы 300 қорғаннан тұрады, Талас өзенінің маңындағы Берқара қорымы 500 қорғаннан құралған. Әйгілі Бесшатыр қорымы Іленің оң жағасында 31 қорғаннан тұрады, олардың ішінде диаметрі 104 метрлік және биіктігі 17 метрлік Үлкен Бесшатыр қорғаны бөлініп тұр.

Сақ ескерткіші Тасмола мәдениетін Ә.Марғұлан мен М.Қыдырбаев зерттеген. Бұл мәдениет обаласы құрылысының ерекшелігі – олардың кейбіреулерінде тас жалы, яғни шартты тілмен айтқанда «мұрты» болады.

Сақ дәуірінің ең ірі ескерткіші – Есік қорғаны Алматыдан 50 км шақырымда Іле Алатауының баурайында орналасқан. Есік обасы 40 қорғаннан тұрады. Есік қорғанын 1969 жылы археолог К. Ақышев ашты. Диаметрі 60 метр және биіктігі 7 метр қорғанда «Алтын адам» жерленген. Ғалымдар еденнің өлік жатқан бөлігіне уақ алтын таналар мен әсемделген мата төсеніштің жайылғанын анықтады. Бір кездері сол төсеніш үстінде басы құбылыға қаратылып, мұздай киіндіріліп, қару-жарағын таққан күйінде, осынау мола иесі жатқан. Антропологтардың анықтауынша қорғанда 17-18 жасар, бойы 165 сантиметрлік сақ ханзадасы жерленген.

2. Сақ қоғамы келесі иерархиялық сатылардан тұрды: әскери аристократия, абыздар, қатардағы қауым мүшелері – малшылар мен егіншілер.

Сақтар шаруашылығының түрі табиғи жағдайға, қала орталықтары немесе сауда жолдарына алыс-жақындығына байланысты анықталып отырған. Көшпенділердің негізгі малы алыс дүріске бейімделген жылқы, түйе, қой болатын. Қысқы тұрақтары үшін жертөлелер мен жартылай жертөлелер салынған. Қыстау маңында тары, арпа, бидай еккен.

Сақ тайпалары арасында металл өндіру және оны өңдеу, әсіресе қола құюға байланысты кәсіпшіліктері жоғары дәрежеде дамыған. Сақ ісмерлері қоладан қанжарлар, оқ жебелері мен сүңгі ұштарын, аттың әбзелдерін, әшекейлер мен айналар, қазандар мен құрбандық ыдыстарын жасаған.

Сақ өнерін зерттеушілер, бірінші жағынан, оның Иранның Ахеменид және Бактрияның көркем өнерімен, екінші жағынан, Қытайдың Чжоу мен Хань дәуірлері өнерімен тығыз байланысты деп есептейді.

Ғылымда «аң стилі» өнерінің қай жерде, қай заманда пайда болып қалыптасқаны жөнінде алуан түрлі болжамдар бар. Бәрінен де бұрын б.д.д. І мыңжылдықтың бас кезінде қазіргі Иран территориясына иран тілді тайпалар келіп кіре бастаған. Солардың ықпалымен елге бірқатар соны әдет-ғұрыптар, қару-жарақтар мен ер-тұрманның жаңа түрлері тарай бастайды. Сонымен бірге ирандықтар Ассирияның, Элам мен Урарту мәдениетімен танысып, олардың өркениет табыстарын қабылдайды. Ирандықтар олардан композиция мен стильдің бірақ белгілерін үйреніп алады. Ахеменид Иранның көркем стилі осылай туып қалыптасады да, ол сақтар өнеріне қатты ықпал жасайды. Осы мемлекеттер өнерімен сақтар Алдыңғы Азияға жорықтарында танысады.

Басқа халықтар сияқты сақтар да табиғаттың тылсым күштеріне – күнге, оның күркіреуіне, найзағайға, жел-дауылға табынған. Сақтар мифологиясында ат күнмен, отпен байланысты болған. Дүниені жаратқан көк тәңірісі Митра «Авеста» сөзіне жүгінсек, төрт ат жегіп шығады екен. Есік обасындағы патша дулығасының төбесіне қадалған қанатты тұлпарлар бейнелері – ол күн күймесі. Қанатты тұлпарлар бейнесінің күн бейнесі ретінде берілуі өзге халықтар фольклорында да кездеседі.

3. Б.д.д. 530 жылы парсы патшасы Кир массагеттер патшайымы Томиристен Амудария маңында жеңіліс тапты. Кирдің өзі шайқаста қаза тапты. Кирдің мұрагері Дарий І б.д.д. 519 жылы тиграхауда сақтарына қарсы жорық жасап, қарсылыққа тап болды. Б.д.д. 518 жылы ол қайтадан сақтарға қарсы жорыққа шықты. Ежелгі грек тарихшысы Полиен мәліметтері бойынша Шырақ деген сақ адамы өз-өзіне зақым келтіріп, парсылардың сеніміне ие болып, оларды сусыз шөлге алып келеді. Парсылар әскерінің көп бөлігі қаза табады.

Сақтар сол кезде әлемдік саясатта маңызды роль ойнады. Олар парсы патшасы Кир әскерінің құрамында мидиялық патша Крезге қарсы соғысты. Дарий І тұсында оның әскерінің құрамына сақтардың әйгілі «он мыңдығы» кірген. Сақтар грек-парсы соғысындағы парсылар жағында соғысқан. Б.д.д. 490 жылы Марафон шайқасында сақтар ұрыс ортасында болған. Б.д.д. 480 жылы Фермипол шайқасында сақтар Ксеркс әскерінің құрамында спарталықтарға қарсы шайқасқан.

Б.д.д. 331 жылы Гавгамел шайқасында Александр Македонский Дарий ІІІ-нің әскерін түпкілікті талқандап, Азия билеушісіне айналды. Орта Азияны, яғни сақтар территориясын жаулап алуына ол 3 жыл 331-ден 327-ге дейін уақыт аралығын жұмсады. Осыншама уақытта ол ахеменидтер империясын Эллададан Үндістанға дейінгі территорияны жаулауға жұмсаған еді. Сақтарды көсемі Спитама үш жыл македондықтарға қарсы партизан соғысынын жүргізгені белгілі. А.Македонскийдің барлық әрекеттеріне қарамастан сырдария сыртындағы сақтар өз тәуелсіздіктерін сақтап қалды және макодондықтардың шығысқа жылжуына жол бермеді. бірқатар сақтар Александрдың Үндістанға жорығына қосылып кетті.