Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
лекции по ИК исправленные.doc
Скачиваний:
497
Добавлен:
05.02.2016
Размер:
1.03 Mб
Скачать

Ерте түрік дәуірінің ерекшеліктері

  1. Ерте түрік кезеңінің ерекшеліктері

  2. Түрік қағанатының құрылуы

  3. Батыс және Шығыс Түрік қағанаттары

І мыңжылдықта Евразия далаларында этникалық өзгерістер байқала бастап, мұнда түркі тілді тайпалардың үстемдігі көрініс тапты. Түріктер туралы алғашқы мәліметтер қытай деректерінде 542 жылы пайда болды. Оларда тузцюе (түркілер) тайпаларының Қытайға солтүстік-батыстан шапқыншылығы туралы айтылады. 6 ғасырда «түрік» атауы кең таралып, Алтайда қалыптасқан тайпалар ұғымын білдірді. Қытайлықтар оларды тузцюе, немістер – тукю, соғдылықтар – түркі, түркіт, византиялықтар, арабтар, парсылар – тюрк деп атады. Орыс деректерінде печенегтермен, половецтермен қатар торк, түрк тайпалары туралы мәліметтер кездеседі. Шәкәрім Құдайбердіұлы «Түрік, қырғыз-қазақ һәм хандар шежіресі» атты еңбегінде түрік сөзі «дулыға» деген мағына білдіреді деп жазады. Түріктердің тайпалық одағы – Түрік Елі Алтайда қалыптасты. Түрік Елі деген ұғым Түрік қағанаты құрылғанға дейін қолданылды. Дегенмен бұл атау қағанат тұсында да орын алған.

1968 жылы Орталық Азияда Монғолия территориясында Түрік қағанатының алғашқы кезеңінің ескерткіші ашылды. Стела шыңындағы бейнеленген қасқыр бүйіріндегі жаралы сәби – түріктердің арғы бабасы болып саналады. Аңыз бойынша қасқыр жау қолынан талғандалған тайпадан қалған сәбиді құтқарған. Аңызға сүйенсек, Шығыс Тянь-Шаньда оларда ондаған бала туған, олар кейін батысқа, Алтайға қарай жылжыған. Ежелгі түрік тайпаларының негізгі топтары түрік этногенезінің ерте кезеңінде қалыптасқан және тарихи мұрагерлігін сақтаған. Олар түріктер, ондай-ақ енисей қырғыздары, қыпшақ тайпалары, теле, оғыздар – Ашина ұрпақтары.

6 ғасыр – түрік империясының бастау алған дәуірі. Бұл кезеңде жалпы түріктік компоненттердің жақындасуы олардың тәуелсіздігінің қалыптасуымен қатар жүрді. Үстем тайпалар мен бағынушылар қалыптасты. Бұл процесте генетикалық жақын компоненттер жақындасып, алтай түріктері, қыпшақтар, қырғыздар, оғыздар тәуелсіздігі қалыптасты.

Алғашқы түрік мемлекеті – Түрік қағанаты (551-603) – 551 жылы түркілердің көсемі Бумын қаған титулын қабылдағаннан бастап құрылды. Қағанат шығысында Корей түбегінен батысында Қырым түбегіне дейінгі террторияны, солтүстігінде Енисейдің жоғарғы ағысынан оңтүстігінде Амударияның жоғарғы ағысына дейінгі территорияны алып жатты. Бумыннан кейін таққа Қара қаған (552-553) келді, оның орнын Мұқан қаған (553-572) басты, кейін Таспар қаған (572-581) билік құрды.

Түрік қағанаты Орталық Азиядағы үстемдікке Мұқан қаған тұсында жетті. Ол Иран, Византия сияқты мемлекеттермен қарым-қатынастар орнатты, Қытайдан алым жинады. Мұқан қаған алғашқыда Маньчжуриядағы қидандарды, Енисей бойындағы қырғыздарды жеңіп, солтүстік Қытайды да бағындырды. Кейін түрік билеушілері Шығыс Түркістаннан Каспий теңізіне дейінгі эфталиттер иелігіндегі аймақты және Орта Азияны бағындыру саясатын жүргізді. 561-563 жылдары Мұқан қаған Иранмен эфталиттерге қарсы әскери-саяси одақ құрады. Бұл одақтың нәтижесінде эфталиттер талқандалып, Түрік қағанаты Орта Азияға үстемдік етуге қол жеткізді. Бұндай нәтижелі саяси қадамнан кейін Түрік қағанаты енді Византиямен Иранға қарсы одақ жасаған. Түрік қағанаты үшін бұл одақ та табысты болып, оларға парсылар алым-салық төлеп тұруға міндетті болды. Сыртқы саясатты белсене жүргізген түріктер Керчь бұғазына дейін жетіп, Қырым түбегін де басып алады.

Осылайша, түрік далалық тайпалары бір басшы, бір ру, бір әулет қол астына шоғырланды. Олар өздеріне бәсекелес тайпаларын бағындырды. Нәтижесінде көшпеліліктен империяға айналды. Түрік қағанаты ғұндар мұрасын жалғастырып, евразиялық империяға айналды.

Орта ғасырларда ұлан-ғайыр аймақтар мен халықтарға үстемдік еткен төрт «әлем патшалығы» туралы тұжырымдаманың қалыптасуы кездейсоқ емес. Оларға: оңтүстіктегі «пілдер патшалығы» - Үндістан, солтүстіктегі «жылқы патшалығы» - Түрік қағанаты, батыстағы «асыл тастар патшалығы» - Византия, шығыстағы «адамдар патшалығы» - Қытай елі жатады.

Ежелгі түріктер өзіндік өркениет ошағын қалыптастырды. Оларда өмір сүрудің жаңа формалары, жаңа коммуникациялық құралдар қалыптасты, отырықшылық пен урбанизация, қалалардың салынды, діни ізденістер әлемдік діндермен жақындастырды. Мұның барлығы түркі қоғамының әлеуметтік және саяси ұйымына әсер етті. Нәтижесінде түркілердің тасқа қашаудан қағазға дейінгі жолдан өткен өз жазуы қалыптасты. Түрік тайпаларының саяси беріктілігінің негізгі көзі олардың әулеттік және құрылымдық мұрагерлігі болып табылады.

Түрік елінің бастауы мен оның тұңғыш қағанаты туралы ежелгі түркі жазба ескерткіштерінде алғашқы түркі шежіресі Йоллығ тегін: «Биікте Көк тәңірі, ал төменде Қара жер жаралғанда, екеуінің арасында адам баласы жаралған. Олар түркі халқының Ел-жұртын қалыптастырған, иелік еткен... Басы барды идірген, Тізеліні бүктірген! Шығыста Қадырқан қойнауына дейін, батыста – Темір қақпаға дейін жайлаған. Екі аралықта жүрген иесіз көк түріктерді осылай қоныстандырған. Білге (дана) қағандар екен, алып (ер) қағандар екен!» деп жазады.

Түркі тайпалық одағы тайпалар мен рулардан құрылып, саяси тұрғыда Елге (қағанатқа) ұйымдасқан еді. Ру-тайпалық ұйым – будун және әскери-әкімшілік ұйым – Ел бірін-бірі толықтырып тұрды. Қаған «Елдің тұтқасын ұстады және будунды басқарды». Ол тектік иерархияда үлкендік құқығы бойынша тайпалық одаққа жетекшілік етті, елдің көсемі болды, жоғарғы сот және абыз қызметін, басқа тайпалар мен елдерді бағындырып, оларға алым-салық төлетуге мәжбүр ететін әскери қолбасшы қызметтерін атқарды. Қаған тайпа ақсүйектері – бектерге сүйеніп ел басқарды.

Бектер тегі бойынша ақсүйектер ортасынан шыққандықтан, олардың руының мәртебесі де жоғары болған. Түрік қағанатында текті ақсүйектерге Ашина руы жатты. Ол рудан кеңесшілер, әскери қолбасшылар, әкімшілік басшылары жасақталды.

Түрік тайпаларының табынатын құдайы Көк-Тәңірі болды. Олар Жер мен Су киесіне, отбасының жебеушісі – Ұмай-Анаға табынды.

Сыртқы қысымдар мен ішкі әлеуметтік қайшылықтар Түрік қағанатын әлсіретіп, 603 жылы ол екі тәуелсіз мемлекетке ыдырады: Орталық Азиядағы Шығыс Түрік қағанаты мен Орта Азиядағы Батыс Түрік қағанаты.

Түрік қағанатының ыдырауына негізінен әсер еткені бір жағынан, сол кездегі бытыраңқылық Қытайдың бірігіп, Суй әулетінің билігімен бекітілуі, екінші жағынан Ашина руының ішінде түріктердің ішіндегі өзара алауыздығы. 581-583 жылы жұт болып, түріктерді қатты әлсіретті. Деректер бойынша «олар нан орнына үгітілген сүйектермен тамақтанды».

Шығыс қағанат Қытайға бағынып қатты күйзеліске ұшырады. Дегенмен ол Құтлық - Елтеріш қаған тұсында қайта жаңғырды. Оның ағайыны Қапаған қаған сондай-ақ Білге қаған мен Күлтегін тұсында едәуір гүлденді. Олардың жүргізген саясаты «мәңгі тасқа» қашалған.

Батыс Түрік қағанатыныңнегізін «он тайпа» құрады. Олар үйсіндер территориясын Қаратаудан Жоңғарияға дейінгі жерлерді, сондай-ақ Шығыс Түркістан мен Орта Азияның отырықшы-егіншілік жазираларын алып жатты. Соғды мен Бұхарада да қағанның уәлилері отырды. Батыс Түрік қағанатының ондағы иелігі Амудария мен Гиндукуштың бастауларына дейін, Исфиджаб пен Шаштан Оңтүстік Ауғанстан мен Солтүстік батыс Пәкістанға дейін жетті.

Батыс Түрік қағанаты қалалық және егінші-отырықшылық мәдениеті дамыған, Ұлы Жібек жолының баста тармақтарын бақылауында ұстаған, сол себепті саудасы өркендеген мемлекет болды. 6-7 ғғ-да Талас, Іле, Шу өзендерінің алқаптарында ондаған қалалар мен күшейтілген бекіністер пайда болды. Бұл ірі қалалар көлемі бойынша ортағасырлық Орта Азияның цитадель, шахристан, рабадтардан тұратын қалаларынан кем түспеді. Тек шу алқабының өзінде ғана 20-ға жуық ірі қалалар мен көптеген қалашықтар өмір сүрген. Қағанаттың астанасы Суяб қаласы, ал жазғы ордасы Мыңбұлақта (Түркістан маңында) болды.

630-634 жылдары Батыс Түрік қағанаты Сырдариядан батысқа қарай Орта Азиядағы саяси ықпалынан айырылып қалды. Осы кезеңнен бастап мемлекетте дағдарыс кезеңі басталды. Оның басты себебі, сыртқы жаулардың қысымы және тайпалық одақтар арасындағы билік үшін күресі еді. Жетісуға қытайлар басып кіріп, 657 жылы Батыс Түрік қағанатының әскері жеңіліске ұшырып, саяси дербестігінен айырыла бастады. Енді қағанатты басқару Қытай әкімшілігінің бақылауымен жүзеге асырыла бастады.

Батыс Түрік қағанатының құлауының нәтижесінде, оның басқа аймақтарында күшті мемлекеттік бірлетіктер пайда болды. Еділ жағалауында және Солтүстік Кавказда Хазар қағанаты, Сырдария мен Арал жағалауында Оғыз мемлекеті, Жетісуда – Түркеш, Қарлұқ қағанаттары, Орталық, Солтүстік және Шығыс Қазақстандағы Қимақ қағанаты құрылды. Ал Енисей аймағында Қырғыздардың мемлекеттік бірлестігі, Моңғолияда – Ұйғыр (тоғыз оғыз) қағанаты пайда болды. Бұл этникалық-саяси бірлестіктер Түрік қағанатының әлеуметтік, мәдени, әскери, мемлекеттік әкімшілік дәстүрлерін жалғастырды.

6-12 ғғ.-ғы Қазақстандағы мемлекеттер

699 жылы Жетісудағы түргеш тайпаларының көсемі Үшелік Батыс түрік қағанатындағы Қытай императорының қолшоқпарын шеттетіп, билікті өз қолына алады. Түргештер Шу-Іле өзендерінің арасындағы аумақта, Батыс Түрік қағанатының батыс бөлігін мекендеген және Жетісудан өтетін керуен жолының маңызды бөлігін бақылауында ұстаған тайпа еді. Олар Іле қара түргештері және Шу сары түргештері болып екіге бөлінген.

Үшелік қаған Түргеш қағанатының (704-756) негізін қалады. Оның астанасы алғашқыда Суябта орналасты, кейін Таразға ауысты. Түргештер осы аймақта өз ықпалын орнатуға ұмтылған қытайлармен, арабтармен үздіксіз күрес жүргізді. Бұл кезеңге дейін арабтар Иран, Ирак, Сирия, Палестинаны жаулап алды да, Батыс түрік қағанатының қарсылығын жеңе отырып, оның оңтүстік бөлігін Араб халифатының құрамына қосып алды. Қағанаттың оңтүстік аймақтарына арабтардың енуімен бірте-бірте ислам діні де тарала бастады.

Түргеш қағанаты Іле қара түргештерінің көсемі Сұлық (Сұлу) қағанның билігі тұсында күшейе бастаған. Сұлық дипломатиялық саясатты белсенді жүргізді. Ол Түргеш қағанатына одақтас мемлекеттердің қатарын көбейту мақсатында Шығыс Түрік қағанаты қағанының қызына, сондай-ақ Тибет патшасының қызына үйленеді. Осындай дипломатиялық қадамдарының нәтижесінде Сұлық қаған Қытайдың агрессиясын уақытша болса да тоқтатады. Алайда түргештер үшін зор қауіп Сұлықты өздерінің ықпалына көндіруге тырысқан арабтардың тарапынан да төне бастаған еді. Бірақ Сулық қаған, оларға қарсы табанды күрес жүргізгендіктен, арабтар оны Абу Музахим (Сүзеген) деп атады. Араб елшісі Түргеш қағанына ислам дінін қабылдату әрекеті туралы тарихшы Ибн әл-Факих былайша баяндайды. Бірде Сұлық қағанның ордасына араб елшісі келіп, қағанның қабылдауына рұқсат алады. Ол кездесу барысында қағанды ислам дінін қабылдауға уағыздаған екен. Араб елшісі ислам дінінің қағидалары туралы, мұсылмандардың қала халқы екенін, олардың арасында моншашылар, тігіншілер, етікшілердің өмір сүретінін әңгімелейді. Сұлық қаған араб елшісін бірнеше күн күте тұруға әмір етеді. Бір күні ол әрқайсысы бір-бір ту ұстаған аттылы он нөкерімен төғай ортасындағы төбеге шығады. Күн шығысымен Сұлық бірінші туды көтеруді бұйырады. Бұл белгіден кейін бірден іле-шала он мың қарулы атты әскер көрінеді. Содан кейін келесі ту көтерілгенде, тағы он мың атты әскер сапқа тұрады. Осылайша, бірінен кейін бірі он ту көтерілгенде, оағы он мың атты әскер сапқа тұрады. Осылайша, бірінен кейін бірі он ту көтерілгенде, мұздай қаруланған 100 мың атты әскер қағанның алдында сапқа тұрады. Сонда Сұлық қаған араб елшісіне осы тұрғандардың арасында моншашылардың да, етікшілердің де, тігіншілердің де жоқ екенін айтады. «Егер олар исламның парыздарын орындайтын болса, онда олар не жемек?» – сөзін бітіреді қаған. Елші бұдан әрі Сұлық қағанның исламды қабылдауы туралы мәселе көтермеген екен.

6-8 ғғ.-да соғдылардың Жетісу мен Қазақстанның оңтүстік аймақтарына қоныс аударуы жүрді. Соғдылардың көшіп-қонуы халықаралық сауданың дамуымен және Орта Азияда арабтардың ықпалының күшеуімен тығыз байланысты болды. Арабтардың үстемдігіне көнгісі келмеген соғдылар Қазақстан аумағына қоныс аударып, мұнда арабтармен күресте түрік тайпаларымен одақтасады. Соғдылардың қалаларға орналасуы мен жаңа қоныстардың пайда болуы Қазақстанның оңтүстігі мен Жетісуда егіншілік пен қала мәдениетінің дамуында елеулі із қалдырды. Соғдылар жергілікті түркілердің тілі мен әдет ғұрыптарын қабылдады. Егіншілік мәдениеттің, сәулет өнерінің, қолөнердің дамуында олар аса үлкен роль атқарды. Соғды жазуының, буддизм мен діни бағыттағы сәулетшілік дәстүрдің таралуы және қолөнердің байытылуы соғдылармен тығыз байланысты болды. Соғдылардың келуімен Жетісудағы түрік қағанаттары теңге шығаруды жақсы жолға қойды. Теңгелерді түрік қағандарының атынан соғдылар соқты, бірақ теңгелердегі жазу соғды тілінде жазылды. Түркі және соғды халықтарының өзара ықпалы осылай жүріп жатты.

8 ғ. ортасында Жетісудағы ықпалын арттыру бағытында қытайлар мен арабтардың мүдделері тоғысты. Олардың ашық бәсекелестігі әскери қақтығыстарға алып келді. 751 жылы шілдеде қытайлар мен арабтар арасындағы аса ірі Талас шайқасы болды. Хорасандағы аббасидтік халифтердің уәлиі Абу Муслим жіберген араб әскері Кучадағы Тан губернаторы генерал Гао-Сянь Чжи басқарған қытай әскеріне ойсырата соққы берді. Қытай әскерінің талқандалуына шешуші роль атқарған қарлұқтар болды. Өйткені арабтармен одақтасқан қарлұқтар, қытай әскерінің ту сыртынан күтпеген жерден күйрете соққы берді. Бұл шайқастың аса зор тарихи маңызы болды. Ол осы аймақтың ісіне Қытайдың араласу әрекетін және басқыншылық саясатын ұзақ уақытқа тоқтатып тастаған еді. Екінші жағынан, арабтардың Жетісу мен Қазақстанның оңтүстігіндегі ықпалы күшейіп, ислам дінінің таралуына жол ашылды. Ол өз кезегінде Тәңір діні мен түрік жазуының ығыстырылуына алып келді. Түрік тайпалары арасында ислам дінімен қатар араб жазуы да тарала бастады.

Осылайша, Қытай мен арабтардың басқыншылығынан әлсіреген Түргеш қағанаты 756 жылы құлады.

Жетісудағы Түргеш қағанатының орнына Қарлұқ қағанаты келді. Қарлұқ қағанаты 756-942 жылдар арасында тарих сахнасында болды. 8 ғ. дейін қарлұқ тайпалары Батыс Алтай мен Тарбағатай аймағын мекендеген түркі тілдес тайпалар болатын. 8 ғ-да ұйғырлардың ығыстыруымен олар Жетісуға және одан әрі батысқа қарай қоныс аударып, Жоңғар Алатауынан Сырдарияның орта ағысына дейінгі, Балқаш пен Ыстықкөл аралығына қоныстанды. Қарлұқтардың көсемі елтебер, жоғарғы билеушісі жабғы, ал 840 жылдан бастап қаған атағын иемденді. Қарлұқтардың тайпалық одағына бірқатар көшпелі және жартылай көшпелі түркі тілдес тайпалар, сондай-ақ түркіленген соғдылар кірді.

10 ғасырдың 40 жылдары Қарлұқ қағанаты құлап, Қарахан әулетінің мемлекеті (942-1210) құрылды. Қарахан әулетінің негізін салған Сатұқ Бограхан болды. Ол 942 жылы қаған деп жарияланды. Қарахан мемлекеті алғашқыда Жетісу жерін алып жатты. Оның орталығы Щу алқабына, ал астанасы – Баласағұн қаласында орналасты. Уақыт өте келе Қарахан мемлекетінің иелігі Амудария мен Сыр бойынан Қашғарға дейінгі аралықты қамтыды. 11 ғ. ортасында Қарахан мемлекеті Шығыс және Батыс болып екі бөлікке бөлінді. Шығыс бөлігіне Жетісу мен Шығыс Түркістан аймағы енді. Орталығы Баласағұнда орналасты. Ал батыс бөлігіне Оңтүстік Қазақстан мен Мәуеренахр аймағы еніп, орталығы Таразда орналасты. Кейін орталық Самарқанд қаласына ауысты.

12 ғ.-да Қарахан мемлекеті саяси дағдарысты басынан кешірді. Қарахан билеушілері Жетісуды басып алған және өз мемлекетін құрған қидандардың ықпалына түседі.

Қарахан әулетінің ислам дінін қабылдауы мемлекет тарихындағы ең маңызды оқиғалардың бірі болды. 955 жылы Сатұқ Бограхан ислам дінін қабылдайтынын жариялады. Ал 960 жылы Қарахан мемлекетінің Жетісу аймағында 200 мың отбасы исламды қабылдады. Осыған байланысты Қарахан мемлекеті кезінде, мұсылмандық мәдениет қанат жая бастады. Дінмен бірге араб жазуы, ғылым, мұсылмандық білім беру жүйесі, сәулет өнеріндегі мұсылмандық стиль кең тарады.

11 ғ. басында Жетісуда Қарақытай (қидан) мемлекеті (1128-1213) орнады. 916 жылдың өзінде-ақ қидан билеушісі өзі ұлы ханмын деп жариялап, Қашғардан Ұлы Қытай қорғанына дейін, ал кейін бүкіл солтүстік Қытайды жаулап алып, Ляо (темір) империясын құрған еді. Бірақ кейіннен Амур бойынан көшпенділердің аса күшті тайпалары келіп, қидандарды батысқа қарай ығыстыра бастады. Олардың ордасы Баласағұнда орналасты. Жетісумен бірге қарақытайлар өз иеліктерін Оңтүстік Қазақстан мен Мәуереннахрға дейін жеткізді. Ляо әулетінің ханзадасы Елюй Даши өз билігін Шығыс Түркістаннан (Қашғардан) Амударияға дейін жүргізді. 1141 жылы ол Хорасанды өзәне қаратып алды. Одан кейін Амудария мен Сырдария өзенінің аралығына иелік етті. Алайда, 1143 жылы Елюй Даши қайтыс болып, билік оның жесірі Табуянға ауысады.

12 ғ. аяғында қидан мемлекеті Орталық Азиядағы ең қуатты мемлекеттердің бірі болды. Оған Ертіс пен Амудария аралығындағы жерлер кіріп, Ферғана мен Самарқанд билеушілері алым-салық төлеп тұрды. Бұл аумақтағы түбегейлі өзгерістер қидандардың соңғы гурханы Чжилугудің билігі кезінде болды. Себебі 12 ғ-дың басында Шығыс Қазақстан мен Моңғолия аймағынан Күлшік хан бастаған наймандарды моңғолдар ығыстырып, олар Жетісуға келіп орналасу үшін күрес жүргізген еді. Найман ханы Күшлік бір жағынан, хорезмшах Ала-Әд-Дин Мұхамедке, екінші жағынан қарақытайларға ойсырата соққы беріп, олардың Жетісудағы иелігін өзіне қаратып алды.

Оғыз, Қимақ, Қыпшақ мемлекеттері

Қазақ жеріндегі Ырғыз, Орал, Ембі, Ойыл өзендерінің бойы мен Арал маңының кең байтақ аумағын, Сырдария алқабы мен Қатараудың етегін оғыз тайпалары алып жатты. Арал, Солтүстік Каспий маңы мен Сырдарияның төменгі ағысында олар өте тығыз орналасты. ІХ ғ. аяғында Сырдарияның орта және төменгі ағысында, Батыс Қазақстанның далалы аймақтарында Оғфз мемлекеті – Мафазат әл–гуз (Оғыз даласы) қалыптасты. Маңызды керуен жолында тұрған Янгикент Оғыз мемлекетінің астанасы болды. Этникалық құрылымы әртекті болғандықтан Оғыз мемлекетінің құрамына түркі және иран тілді тайпалар кірді. Мемлекеттің билеушісін жабғу деп атады. Махмұд Қашғаридың мәліметтері бойынша оғыз тайпаларының құрамына 24 ірі тайпа кірген және олар бұзықтар мен ұшықтар болып екіге бөлінген.

Жазба деректеріне қарағанда 965 жылы Оғыз мемлекеті Киев Русінің князі Святославпен одақ жасасып, Хазар қағанатына күйрете соққы берген. Ал 985 жылы оғыздар орыс князьдіктерімен одақтасып, Еділ Бұлғариясын талқандаған. 1041 жылы Шахмәлік жабғу билігі кезінде оғыздар Хорезмді басып алады. Алайда, ХІ ғ. басында Оғыз мемлекеті саяси дағдарысқа ұшырады. Оның себебі: ішкі өзара тартыстар, тәуелді тайпалардың бас көтерулері басталып, сырттан селжұқ және қыпшақ тайпаларының қысымы күшейе түсті. ХІ ғ. ортасында Оғыз мемлекеті өмір сүруін тоқтатып, оғыздардың батыс аймаөтарды мекендеген бөлігі қыпшақтардың қысымынан Шығыс Еуропа мен Кіші Азияға, оңтүстік аймақтағы бөлігі – Қарахан мемлекеті мен Хорасанға ығысуға мәжбүр болды. Ал негізгі бөлігі қыпшақ тайпаларына бағынып, олардың арасына сіңісіп кетті.

Қазақ жерінің Солтүстік, Шыңыс және Орталық аймақтарында түркі тайпалары қимақтар мен қыпшақтар мекендеді. ІХ ғасыра мұнда Қимақ мемлекеті құрылып, оның құрамына көптеген түркі тайпалары кірді. Қимақ мемлекетінің билеушісін алғашқыда жабғу, ал ІХ ғ. соңынан бастап қаған деп атаған. Қимақ мемлекетінің (ІХ–ХІ ғ. басы) астанасы Ертіс бойындағы Қимақияда (Имекия) орналасты. Қимақтар Саманидтік Иран, Оғыз, Қарлұқ мемлекеттерімен саяси–экономикалық байланыстар орнатты.

ХІ ғ. басында Ертістен Еділге дейінгі ұлан–ғайыр далалық аймақта қимақтардың орнына келген қыпшақтар орнатты. Осылайша, тарих сахнасына Қыпшақ хандығы (ХІ ғ. басы – 1219 ж.) шықты. ХІ ғ. бірінші жартысында мемлекет Дешті Қыпшақ (Қыпшақтар даласы) деп атала бастады. ХІ–ХІІ ғасырларда қыпшақтар Орталық Азия мен Шығыс Еуропадағы барлық түрік тілді тайпалардың ішіндегі саны жағынан ең көбі болды. Тарихи деректерде оларды «тоқсан екі баулы қыпшақ» деп те атайды. Қыпшақ мемлекетінің билеушілеріне хан деген атақ берілген. Хандар қыпшақ тайпаларының ішіндегі ел бөрілі деген рудан сайланып отырған. Қыпшақ хандығының ордасы Сығанақ қаласында орналасқан.

ХІІ ғасырда Қыпшақ хандығы бүкіл Еуразия кеңістігінде үстемдік етті. Сол себепті қыпшақ тайпалары орналасу аймағына қарай алтай–сібірлік қыпшақтар, далалық қыпшақтар, Орал аймағы қыпшақтары, Дон қыпшақтары, днепрлік қыпшақтар болып бірнеше топқа бөлінген. Орыс жылнамаларында оларды половецтер, Еуропа деректерінде коман немесе куман, Шығыста қыпшақ деген атаумен кездеседі.

Қыпшақтар орта ғасырда Еуразия халықтарымен бірге Үндістан, Мысыр, Қытай, Византия, Грузия, Болгария, Хорезм сияқты ірі мемлекеттердің саяси және мәдени–шаруашылық дамуында маңызды рөл атқарды.бұл кезде қыпшақ тілі Еуразия кеңістігіндегі халықаралық қарым–қатынас тіліне айналды. Сауда келісімдері, дипломатиялық байланыстар қыпшақ тілінде жүргізілді (қазіргі қазақ тілі қыпшақ тілінің негізінде қалыптасты).

Қыпшақтар – қазақ, ноғай, қырым–сібір–еділ татарлары, башқұрт, қарақалпақ, өзбек, қырғыз, қарашай, юалқар, құмық, түрікмен сияқты түркі тілдес халықтарының этнотегінің қалыптасуына елеулі ықпал етті. Сонымен бірге олар – түрік, венгр, грузин, болгар, орыс, украин, моңғол, қытай, үнді және араб халықтарының құрамына да кірді.

Моңғол кезеңіне дейін Атрақ ханның басшылығымен қыпшақтар Грузия патшасы Давид IV пен оның тұрагерлерінің әскери ісін ұйымдастыруда маңызды рөл атқарды. Қыпшақ Шамс–ад–Дин Илдыз Әзірбайжандағы Илдыгыз әулетінің негізін қалады.

ХІ ғ. басы Византия империясы тарихындағы ең ауыр кезеңдер болған еді. Оның өмір сүруіне шығыстан түрік–селжүктері, ал солтүстіктен печенегтер қауіп төндіріп тұрды. Осы тарихи кезеңде қыпшақтар Рим папасы мен Батыс Еуропа рыцарьларынан бұрын қимылдап, император Алексеймен одақ жасаған. Византия үшін үлкен әскери көмек көрсеткен еді. Көптеген қыпшақ өкілдері византиялық ақсүйектермен туыстық қатынастар орнатып, жоғары дәрежелі қызметтер атқарған. Мысалы, қыпшақ қолбасшысы Алпамыс және тағы басқа да әскер басылары үлкен лауазымдарға ие болды.

Қыпшақ әулеттері Орта Азиядағы мемлекеттердің билік басында тұрды. Әсіресе, олардың ықпалы Хорезмде күшті болдыү Хорезм шахының мемлекеті Орта Азияны, Ауғанстан мен Иранның негізгі бөлігін, Оңтүстік Қазақстан аймақтарын қамтып жатқан болатын. Хорезмдегі қыпшақ әулетінің негізін салушы Кутб–ад–Дин Мұхамед болды. Ал Мысар тарихында қыпшақ Бейбарыс сұлтанның терең із қалдырғаны баршаға аян.

Найман, Керей және Жалайыр мемлекеттік бірлестіктері.

Найман, Керей, Жалайыр мемлекеттік брлестіктері Орталық Азияның шығыс аймақтарында пайда болды. Наймандардың тайпалық одағы VIII ғ. ортасында Ертістің жоғарғы ағысы мен Орхон өзенінің аралығында құрылып, сезіг оғыз – «сегіз тайпа одағы» деп аталды. Кейін моңғол тілді қидандар «наймандар» деген атауда орнықтырған болатын. Ол да түрік тіліндегі «сегіз оғызы» мағынасын берген.

Керейлер туралы алғашқы мәліметтер олардың христиандықты қабылдауымен байланысты ХІ ғ. басына жатады. 1007 жылы наймандар мен керейлер несториандық бағыттағы христиан дінін қабылдағаны мәлім. Керейлер Орхон өзенінің орта ағысы мен Онгин өзені алқабындағы жерлерді мекендеді. Жазба деректерде олар «керейіт» деп беріледі. Керей мемлекетінің орталығы Қатынбалық деген қала болғаны туралы мәліметтер кездеседі.

Жалайыр тайпалары Орхон өзенінің бастауын мекендеген. Жалайыр мемлекеттік бірлестігі ұлыс деп аталған. Ұлыс шекаралары айқындалған белгілі аумақтарды иеленді. Ұлыс билеушісі – хан, оның басқару әкімшілігі, әскері және ордасы болды.

1190-1206 жж. моңғолдармен күрес барысында найман, керей, жалайыр тайпаларының көптеген бөліктері Жетісу мен Ертістің батыс аймақтарына ығысып, қоныстана бастады. Олардың қалған бөлігі моңғолдарға бағынуға мәжбүр болды. 1211 ж. наймандардың басшысы Күшлік хан қарақытайларды жеңді де, қысқа мерзімге болса да Жетісуға өз билігін орнатты.

Бұл тайпалар қазақ халқының қалыптасу үрдісіне де елеулі ықпал етті. Наймандар мен керецлер Орта жүздің ру–тайпаларының құрамына кірсе, жалайырлар Ұлы жүз құрамындағы ірі рулардың біріне айналды.