Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
ОРАЗАЛИЕВА когнитивтк парадигма.doc
Скачиваний:
186
Добавлен:
16.02.2016
Размер:
2.22 Mб
Скачать

1.3.2 Тіл тарихы - таным сатысы

«...тіл талай заманның айғағын арқалап, ерекшелігін сақтап, атадан балаға, баладан ұрпаққа жеткізіп, көненің көнесін де жаңамен қатар жұмсай береді. Ең болмағанда тілдік қоры мен грамматикалық құрылысын сақтайды» [32; 7-б.], - деп атап өткен тілші Ғ.Мұсабаев ізденістерінің өзегін «көне заманнан қалған сілемдердің» идеялық, мазмұндық әрі тілдік ерекшеліктерін айқындау мәселелері құрады. Осы мақсатта зерттеуші қазақ елінің қоғамдық, саяси және мәдени дамуын түркі халықтарының тарихи өрлеуімен қатар өрбіте отырып, ортақ тілдік және танымдық фактілерді талдауларына арқау етті. Автордың пайымдауынша, «тілдің тарихын сол тілдің иесі, жасаушысы болған қоғам тарихынан бөліп қарауға болмайды» [32; 3-б.]. «Тілтану» негіздерін өзіндік көзқараспен жүйелеген ғалым тек таза «көне тілдік материалдарға» [14; 50-б.] ғана емес, сонымен қатар оған сырттан әсер етуші құбылыстарға, олардың заңдылықтарына да жүгіну қажеттігін атады, сөйтіп, «...тілдердің дамуы, тоқырауы тарихи жағдаймен, мәдени орталық болуымен тікелей байланысты» [32; 12-б.] деген қорытынды жасады. Нәтижесінде авторлық зерделеудің денін Орхон-Енисей жазбалары, Орал-Алтай тілдерінің даму сипаты, Хун дәуірі мен Үйсін туралы пікірлер, араб-парсы, Талас алфавитіне негізделген ескерткіштер және т.б. мәселелер топтады.

Ғалым «Тіл – тұрақты категория екені рас. Бірақ сол тұрақтылықтың өзі де шартты, өйткені ол біртіндеп, баяу болса да, дамиды, өзгереді» [32; 117-б.],- деп пайымдады, өз зерттеулерін де сол «даму, өзгерудің» себебін анықтауға бағыштады. «Елдің аты – ел ғой, мейлі ол көп болсын, мейлі аз болсын, оның басынан кешірген күндері мен түндері бар. Сонау көне дүниегің көлеңкесіне көміліп, кейінгі әулетке жеткізуші болмағасын, ол күндер мен түндер «көзден таса, көңілден шет» болып қала бермек қой. Солай болғанның өзінде адам баласының ең ардақты табысының бірі – тіл. Ана тіл талай заманның бұлдыр бұлаңына дейін өзінде сақтай отырады да ұрпақтан ұрпаққа жеткізіп, аманатқа қиянат етпей тапсырады» [39; 141-142-бб.] деген ғалым түйінінің астарында тілдің мақсат-міндетін, атқарар қызметін айғақтап көрсету талабы жатты. Тілдің атауыштық және қатысымдық функцияларымен қатар, оның аккумулятивті немесе жинақтаушы қызметін жоғары бағалаған тілші тілдік деректердің халықтық қазынаға, рухани мұраға айналар құндылығын ерекше сұрыптады. Авторлық қолданыстағы «адам баласының ең ардақты табысы», «ұрпаққа аманат етіп тапсыру» сынды тіркестердің, бір жағынан, лингвистикалық мәні зор болса, екіншіден, танымдық ұғымы да аса маңызды болды. Оған дәлел ре엹інде Ғ.Мұсабаев заттар мен құбылыстарды атау негізінде жататын адам баласының тану, ойлау, тәжірибе жинау әрекеттеріне зерделеді. «Сыртқы дүниеден адам баласы тәжірибе арқылы бір затты өз қажетіне пайдалана бастауы әрекеттен басталады да, оның қайталауы (мида) ізін қалдырып, атауын туғызады. Ол заттың жақсы-жаманын, пайдалы-пайдасызын айырады. Сөйтіп, затқа арналған әрекет заттың атауын, санын, істің (әрекеттің) атауларын туғызады» [32; 116-б.] ,- дей келе, ғалым етістіктер табиғатына назар аударды, олардың бір кездері «әрі есім, әрі етістік мәнінде дараланбай, көп мәнде қолданылғанын» ескертті. Тілші: «...тас М.Қашқари – таш зат есім екен, бұл сөзден тас+та (ташла) етістігі жасалады, тастың өзі болмаса, тас+та етістігі болар ма еді? дейді... Адамның әрекеті болмаса, ол зат танылып, тас деген атау болмас еді. Ендеше бұлар – бірлікте қаралады» [32; 116-б.],- деп тұжырымдады. «...Зат, атау, әрекеттерді – дара, бірінен – бірі бөлінген және жеке сияқты түсінуіміз - өзіміз тұрған дәуірдегі тілдің дамуынан туған ілім...»,- дей отырып, оларды тұтасқан бірлікте қарастыру керектігін ескерткен Ғ.Мұсабаев алғашқылар қатарында тарихи таным қағидаларын тілдік деректермен сабақтастырды, адамның дүниені тану болмысын тілдің «сананы сан жаққа жүгіртер» [39; 142-б.] табиғатымен түсіндірді.

Тілші талдауларының келесі өзгешелігін тілдік материалдарды антропоцентристік және диалектикалық ұстанымдармен тоғыстыра сұрыптаған көзқарастары айқындады. Барлық рухани мұра үлгілерін «ортақ қор», «қойма» тұрғысынан салыстыра сипаттау арқылы зерттеуші «тіл бірлігі, туыстық жақындық бірімен бірі тығыз байланысты» [32; 42-б.] деген қағиданы дәйектеді, өйткені ортақ танымдық болмыс пен өмір сүру заңдары, автордың пайымдауынша, «жалпы ортақ тілдер қорын» [32; 11-б.] жинақтайды. Осы негізде Ғ.Мұсабаев «біздің жыл санауымыздан бұрынғы кезде» белгілі болған атауларға мағыналық жіктеме жасады, сондықтан оларды адамдық фактордан басталған 3 түрлі семантикалық топқа бөліп қарастырды. Анығырақ айтқанда, «1. Адамға байланысты атаулар:

а) адамға қойылатын ат;

ә) адамның лақап аты;

б) лауазым атаулары

в) ұлыс, тайпа атаулары.

2. Жер-су аттары, топонимдер.

3. Қарапайым сөздер» [32; 62-б.].

Адамның танымын айғақтайтын бұл атаулар тек бір ғана халықтың еншісін емес, жалпыға ортақ «қорды» сипаттайтын қабілетке ие болғандықтан, олардың әрқайсысын кез келген тілдің құрамынан кездестіруге мүмкіндік барын атап көрсеткен тілші антропологиялық танымның бастамасын әр дәуірдің ауызша не жазбаша тараған деректерінен өрбітті, өйткені кезінде адам баласы сырттан әсер етуші тылсым күштермен қатар, елін, халқын сүйген, оған бар жан-тәнімен қызмет еткен жекеленген тұлғаларды да жыр-әңгімелеріне қосатын болған, сол арқылы болмыс заңдылықтарының екі жақты сипатын таразылауға тырысқан – объективті және субъективті. Тілдік үлглерді адамға қатысты мағлұматтармен ұштастырған ғалым «Адамтану» (Ә.Қайдар) ұстанымдарының, ең алдымен, жазу ескерткіштері арқылы өзектеліп, жадыға сақталатынын, сөйтіп барып ұрпақтан ұрпаққа ауысар қойманың құрамды бөліктеріне айналатынын ескерткен болатын. Зерттеуші «Егер жазу ескерткіштері болмаса, Күлтегін (Могилян), Тонықұқ (Туньюкук) елеусіз қалып, оған кейінгі ұрпақ көңіл аудармаған болар еді. Бұлардың атын әлемге әйгілеген – оларға қойылған жазу ескерткіші» [32; 4-б.],-деп атап көрсете келе, тілдік амалдардың аккумулятивті қызметіне өзгеше назар аударды, оны тіл табиғатының ерекше көрсеткіші деп бағалады. Осы үлгіде автор жекеленген тайпа атауларының пайда болу тарихына да зер салды. Ол лексикалық бірліктердің танымдық өрісін аймақтық мәселелермен сабақтастыра талдау арқылы тарихи лингвистика ұстанымдарын когнитивті теория қағидаларымен үйлестіре білді. Тілші «Үйсін туралы пікірлер» атты бөлімінде төмендегідей тарихи мәліметтерге шолу жасады: «Түркі тілдес халықтардың ішінде әсіресе үйсіннің (усунь, үйсін тайпалар одағы) қазақ екені түсінікті, даусыз мәселе...Үйсін кім? Үйсін біздің жыл санауымыздың 3-4 ғасыр бұрын Алатаудағы сақтарға қосылған. Ол сақтар өзінің туысы, тілі бір, әдет-ғұрыпта айырмашылығы болмаған...Үйсін тілі таза түркі тілі...Үйсін деген атау үй және сін (шең) деген екі сөз. Көне заманда ол сөздердің әрқайсысында жеке мағына болып, бертін келе қосылып, бірі – түбір, екіншісі – жұрнақ болып жеткен...» [32; 24-б.], соның негізінде тілді адамзат дамуын айғақтар басты құрал ретінде сипаттады.

Тіл дамуының эволюциялық жолын зерделей отырып, Ғ.Мұсабаев танымдық ұстанымдардың диалекетикалық ерекшеліктеріне мән берді. Тілдің таңбалық, құрылымдық өзгерістерін автор адам баласының өмір сүру шарттарының, тіршілік көздерінің, «тұрмыс күйінің» даму негіздерімен немесе олардың «қалыптасқан шеңберге сыймай, асып төгіле бастауымен» түсіндірді. «Өмірге қажет тұрмыс күйі өзгерді. Шала киімді тайпалар киім кие бастайды, киім атаулары, оны дайындау процесінің атауларын жазу қажет болады. Бұрынғы дәстүрлік жазу аясы тарлық етті...Баяу эволюция жолымен сандық өзгеріс сапаны да өзгертті...Сондықтан көне алфавиттегі дыбыс таңбаларының түрінің көп болуы - әр кезеңнің қосқан үлесі. Бұл бір кезде барлығы қатар қолданылған емес, әр кезде болған өзгерістердің жиынтығы» [32; 64-б.],- деп жазды тілші. Тіл құрамының өзгеруі, ең алдымен, адамдық таным көкжиегінің артуымен байланысты болғандықтан, тілші бұл екі процесті бір-бірінен бөле қарастыруға болмайтынын да дер кезінде байқады. Танымдық дәстүрдің тілге әсер етер үлгілерін ұсына келе, зерттеуші объективті шындықтың тілдегі көрінісін үйлесе байланысқан заңдылық нәтижесі деп сұрыптады.

Адамзат пен этнос тарихын тіл мен таным ұстанымдарының қалыптасу негіздерімен шебер ұштастыра білген аталмыш зерттеулер интра және экстралингвистикалық мәселелерді қатар өрбіте отырып, қазақ тілтанымының теориялық бағыт-бағдарын өзектеуге, оның жалпыадамзаттық және жеке ұлттық негіздерін айқындап көрсетуге ат салысқан ғылыми ізденістер қатарын құрады, өйткені қазіргі когнитивті талдаулардың мақсат-міндетімен сабақтасатын ғалым тұжырымдары «объективті жағдайларды...дәстүрлі грамматика ізімен» [32; 121-б., 110-б.] шешуге негізделген. Соның арқасында адамның танымдық потенциалын тереңдетер алғышарттар тізбегі жасалып, тілдік құралдардың тарихи таныммен ұштасқан бірлігі саралана бастады, себебі ғалым «...тіл фактісінде көне құбылыс көп. Тілдің ішінен бәрі табылады, тек тани білетін қырағылық керек» [32; 132-б.] деген пікірді басшылыққа алып, қазақ тіл білімі мәселелерін жаңа қырынан дәйектеді.

Тіл – халық – қоғам ұғымдарының байланысы мен өзара әсерін «тарихи дәуірдің...әлеуметтік себептерімен» айқындаған І.Кеңесбаев қазақ тіл білімінің қалыптасу кезеңдерін бағалай келе, тілдік зерттеулерде орын алған тарихи таным элементтеріне ерекше зер салды, оларды тіл дамуын қамтамасыз ететін алғышарт ретінде түсіндірді. «...тілдің қалыптасу процесіндегі басынан кешкен жайларды танып-білмей тұрып, оның қазіргі жай-күйі мен ілгері дамуындағы бет алысты көз алдымызға елестету...қиын» [14; 94-б.] екенін ескере отырып, тілші тіл білімінде «лингвистикалық себептер» [14; 102-б.] тіркесін уәждеді, сол арқылы тілдік талдаудың өзгеше бағытын айқындап, жаңа фактілердің дүниеге келуіне себепкер болды. Бұл ретте ғалым «мұра», «танып-білу», «зейін», «тіл иесі», «әлеуметтік себеп», «бейне», «тіл қазынасы», «ұлттық құбылыс» және т.б. мәселелерді де нысанаға алды, сөйтіп, «барша адамзат мәдениетін жалғасып, ұласып жатқан тұтас бір кең дүние деп», ал тілді «соған дәнекер» болар құрал тұрғысынан зерделеді, өйткені, автордың айтуына қарағанда, тіл, соның ішінде ана тілі, «халқымыздың қалт етпес, қатынас құралы ғана емес, ой-сананың, сезім талғамының, ілім-білім аңысының ұлттық зор белесіне айналды» [14; 83-б.].

І.Кеңесбаев қазақ тілінің бай қазынасын, сөздік қоры мен сөздік құрамын, соның ішінде, әсіресе, тұрақты тіркестер табиғатын жан-жақты талдай келе, маңызды үш ұғымды байланыстыра зерделеді, олар: біріншіден, «халық тілінің қазынасы»; екіншіден, «халық тілінің қуаты» мен оны таныту жолдары; үшіншіден, «халық тілінің байлығын» игеру әрекеттері [14; 104-106-бб.]. Аталған тіркестердің әрқайсысы жеке тұрып та, бірлесе келе де танымдық мәселелерге жүгінетінін анықтаған ғалым тілдік элементтерді құрылымдық тұрғыдан сипаттау барысында әр сөздің мағынасын қоршаған әлем заңдылықтарымен, жеке адам қабілетімен, оның физиологиялық дамуымен, психологиялық мүмкіндігімен ұштастырды. Осы мақсатта тілші байлық не қазына деген сөздердің алдынан көп жағдайда екі түрлі бірлікті қолданып отырды, нәтижесінде адам табиғаты екі түрлі маңызды қасиеттің арақатынасымен дәйектелді, яғни таразының бір жағында оның тілдік қабілеті тұрса; екінші бөлігін ойлау мүмкіндігі анықтады. Зерттеуші сөздің номинативтік қызметін де, тіркесімділік өзгешелігін де, келесі сатыларға көтерілу сипатын да аталған екі әрекеттің тоғысқан бірлігімен түсіндірді. Мысалы, «Соны зат, тың құбылысқа жаңа ат, жаңа сөз телуіміз немесе өзге тілден оған дайын балама алуымыз мүмкін. Ой байлығына сай сөз ғана емес, тың сөз тіркесі, сөйлем орамдары туып, олар лек-легімен тіл қазынасына еніп жатады» [14; 101-б.],-деп атап көрсеткен автор тілдің ішкі-сыртқы себептерін шебер ұйқастыра келе, оның айқын айғағы ретінде ойлау әрекетінің жалпыадамзаттық бастауына, оны қоршаған объективті әлем бірлігіне, сол шындықтың дұрыс немесе қате бейнелену сипатына зейін қойды, сол себепті А.И.Смирницкий ұсынған «уәжділік ұстанымын» да ескерусіз қалдырмады. Сөздің дыбысталу мен мағына бірлігінен құралатындығын атай отырып, тілші алғашқысы сөздің сыртқы материалдық келбеті болса, екіншісі оның ішкі болмысын құрайды деген қорытындыға келді. Соның арқасында сөздің мағыналық сипатына айрықша мән берген ғалым сана мен объективті әлемнің байланысын өзектеді, оларды сөз мағынасына қажет құрамды бөліктер деп саралады, сөйлеу мен қарым-қатынасты да осы танымдық үдерістің «органикалық байланысы» [14; 187-б.] ретінде айғақтады. «Сөздің жан-жақты мағыналық мінездемесі тілдік фактілердің саналы түрде және ерекше зейінмен зерттелуін талап етеді. Бұл жағдайда сөз мағынасын ашудың жеке іс еместігін, керісінше үлкен танымдық әрекет екендігін де естен шығармау қажет...Тілдің танымдық қызметі (сөздің де) оның ойлаумен үздіксіз байланыса отырып, объективті шындықты бейнелей алар өзгешелігінен туындайды» [14; 185-б.],- деп тұжырымдаған зерттеуші тіл мен танымның қатысымдық қабілетін ойлау формалары арқылы дәйектеді. Халық жадында жинақталған фразеологиялық тіркестердің бай қазынасын да автор тану мен ойлау әрекеттерінің жемісі тұрғысынан анықтап түсіндірді.

Тілші пікірлерінің маңызды бағыты талғам мен ойдың қарым-қатынасына жинақталғандықтан, 1969 жылы І.Кеңесбаев пен Ғ.Мүсреповтің бірлесе жазған «Сөз талғамы - өрелі ой», «Әдеби тіліміз – кең арналы тіл» атты мақалалары жарық көрді. Олардың басты мақсатын «халықтың тілін» сипаттау мен оның танымдық себептерін айқындау мәселелері құрды. «Тіл-тілдің заңы бар, мезгіл, мекендік ерекшелігі бар, жарыса айтылатын сөздердің өзіне лайық тарихи лингвистикалық себептері бар. Мұндай сөздердің қай вариантын алсаңыз да , оның не диалектілік, не профессиялық, не стилистика, семантикалық сыры бар. Тілдің әр қилы тарихи (сыртқы) факторлары мен өздік ішкі заңдарына сай әрбір варианттың арқа сүйер негізі бар» [14; 102-б.],- деп атап көрсеткен авторлар халық тілін «әдеби тіліміздің шын ырысы», «құнарлы арнасы» ретінде айқындады, сондықтан оның байлығын игеру үшін «зор талғам» мен «парасаттың» [14; 106-б.] қажет екенідігін ескертті. Мақалалардың көлемді бөлігі сөз табиғатын зерделеуге, оның «тілдің көркемдік қабілетін танытар» қызметін сұрыптап талдауға арналды. Зерттеушілер «тәжірибе», «бейне», «кейіп» секілді ұғымдарды пайдалану арқылы көркем сөз бен көркем ой қағидаларының сабақтастығынан туындаған шығармалардың ұрпақтар алдындағы құндылығын пайымдап түсіндірді. «Белгілі бір бейнені, немесе бір әлеумет өмірін, нақтылы бір тарихи кезеңді, әлде бір жайды суреттеуде қалам қайраткері, жазушы, ақын сөзді он екі саққа жүгіртіп, кесек тұлға, нанымды кейіп жасайды. Осыдан келіп, бейнелі сөз туады» [14; 104-б.] деген түйіннің астарында субъективті қабылдауға тікелей не жанама түрде әсер ететін объективті болмыс заңдылықтары да көрініс тапқан, өйткені тілдің жарытылысы да, функционалдық-семантикалық өзгешелігі де айрықша, ал «ішкі мүмкіндігі - әсте сарқылып болмас шегі жоқ қазына» [14; 115-б.] тұрғысынан ұғынылады.

Қорыта келгенде, І.Кеңесбаев қаламынан туған зерттеулердің кең өріс ала талдануын, біздің ойымызша, басты үш фактормен айғақтауға болады: біріншіден, ғалымның өзіне дейінгі дәстүрлі лингвистикалық арнамен жақын және жан-жақты таныс болуымен; екіншіден, тілшінің жалпы теориялық ұстанымдарды жоғары бағалай білуімен әрі, үшіншіден, оның қазақ тілінің қоғамдағы орнын, танымдық мүмкіндігін, ұлттық қоры мен көркемдегіш қабілетін өзгеге таныту мақсатын берік ұстануымен; себебі тілдің қызметін тек ішкі ғана емес, сыртқы ықпал етуші күштермен де қоса дәлелдеуге тырысқан ғалым «Бағзы заманнан халқымызбен қоса жасап, атадан балаға мұра боп селбескен тіл қазынамыз - ел-жұртымыздың, мәдени сана, ой-парасат, ұғым-наным атаулысының тоғысар түйіні, сарқар арнасы есепті» [14; 110-б.] деген ойда болды.