Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
ОРАЗАЛИЕВА когнитивтк парадигма.doc
Скачиваний:
186
Добавлен:
16.02.2016
Размер:
2.22 Mб
Скачать

1.5.2 Тілдік норма – танымдық заңдылық

Тілдің қоғамдық қызметі оның қолданылу ерекшелігімен, қоғам мүшелерінің әлеуметтік қажеттіліктерін өтеу мүмкіндіктерімен және кез келген қоғам мен орта заңдылықтарына бейімделуге көмектесер функцияларымен сараланады. Бұл – тілдің жалпыға ортақ универсалды белгісі. Дегенмен, тілдің стильдік сұрыпталуы, әдеби тілдің пайдаланылуы, оның мемлекеттік деңгейде қолдау табуы барлық тілде бірдей шешіле бермейтіндіктен, универсалды ортақ белгі дифференциалды немесе әркелкі жағдайда дами отырып, тілдің әлеуметтік мәртебесін әр алуан сатыға көтеруі мүмкін. Осыған орай, қазақ тіл білімінде ерекше өзектелетін лингвистикалық проблемалар қатарын әдеби тіл мен оның функционалды-стильдік сипаты сияқты мәселелер құрап отыр. Қазақ тіл ғылымының көрнекті өкілдерінің бірі Р.Сыздықова синхрония мен диахрония; әдеби тіл нормалары мен олардың қалыптасу ерекшеліктері; тілдегі мақсатты-стильдік саралану; аударма негіздері; эпистолярлық және көркем әдебиет стильдерінің ерекшеліктері; тіл мен сөйлеу мәдениетінің нормативті қалыптары, жазу мен емле заңдылықтары секілді тілдік проблемаларды көтеру арқылы жалпы теориялық тұрғыдан маңызды тұжырымдардың жасалуына ат салысып келеді. Автордың “Абай шығармаларының тілі” [1968], “Сөздер сөйлейді”[1980], “Сөз сазы” [1983], “Қазақ әдеби тілінің тарихы” [1993], “Сөз құдіреті” [1997], “Қазақ тілінің анықтағышы” [2000], «Абай және қазақтың ұлттық әдеби тілі» [2004], «Ясауи «хикметтерінің» тілі» [2004] және т.б. зерттеулері тілтанымның жаңа көкжиектерін анықтап отыр. “Тіл – халық қазынасы. Тілдің әдеби түрі – ғасырлар мен жылдардың, таңдау мен екшеудің, ізденіс пен табыстың жемісі. Сөз – сол қазынаның байлығы”[70; 78],- дей келе, ғалым бір үзінді бойында маңызды үш мәселені сабақтастырған. Олар: тілдің ұлттық сипаты, халықтық ерекшелігі; әдеби тілдің функционалдық негіздері және “сөз құдіреті”.

Зерттеуші әр тілдік проблеманы екі түрлі уәждемеге сүйене негіздейді: біріншіден, тілдік бөлшектер пішін мен мазмұн бірлігінен тұратын құрылымдық өзгешелік болып табылады; екіншіден, кез келген тілдік жүйенің дамуына міндетті түрде сыртқы факторлар әсер етеді. Қазақ әдеби тілінің қалыптасу дәуірлерін сипаттау кезінде де, ұлттық жазба тілінің қалыптасуы туралы мәліметтерді жинақтау барысында да Р.Сыздықова осы аталған принциптердің екеуін де басшылыққа алды. “Халықтың әдеби тілінің қалыптасып, дамуы сол халықтың әлеуметтік тарихымен тығыз байланысты. Қауымның ру-тайпалық дәуірін былай қойғанда, бірнеше саяси-территориялық бөліктерге бөлініп, бытырап келген феодалдық дәуіріндегі әдеби тілі мен ұлт болып құралған кезегіндегі әдеби тіл бірдей болмақ емес. Әсіресе айырмашылық тілдің әлеуметтік қызметі мен стильдік тармақталуы жағынан көзге түседі” [71; 7-8-бб.] деген тұжырымға сәйкес, тілші әдеби тілді “қоғам мүшелерінің басын қосушы” “әлеуметтік күш” ретінде бағалай отырып, оның нормативті-стильдік белгілерін интралингвистикалық өзгешеліктермен қатар, экстралингвистикалық себептермен түсіндірді. Ғалым қазақ әдеби тілінің даму тарихын да халықтың этникалық қалыптасуымен, оның қоғамдық-әлеуметтік жағдайымен байланыстыра дәуірледі. Бірінші кезеңді автор: “Қазақ халқының ұлттық кезеңге дейінгі әдеби тілі…Бұл қазақтың ауызша да, жазбаша да әдеби тілдерінің қалыптасуы мен әрі қарай даму процесінің алғашқы тұсы. Бұл кезеңдегі әдеби, әсіресе ауызша дамыған әдеби дәстүр қазақ халқы мен қазақ хандығының құралу процесіне үлес қосқан үлкен әлеуметтік күш болды” [71; 21-б.] ,- деп сипаттаса, екінші кезеңнің негізгі көрсеткіші ретінде ол қазақ халқының ұлт ретінде қалыптасқандығын атады. Дәуірлеу табиғатының “әдеби тілдің даму сатыларына” емес, “қоғам өмірінің әлеуметтік хал-ахуалына қарап бөлшектеу” [71; 22-б.] негізінде жүзеге асатындығын дәлелдеумен қатар, Р.Сыздықова тілдің мақсатты сипаттарын сол тілде сөйлеушілердің кәсіптік шаруашылығы, әлеуметтік шығу тегі, мәдени өркениеті, психологиялық танымы тұрғысынан анықтады. Соның ішінде сөзді “тіл ғимаратын қалайтын кірпіш” [21; 10-б.],- деп бағалаған ғалым оның бар мүмкіндігін көркем әдебиет тілін зерттеу арқылы көрсетуге болады деген қорытындыға келді. Көркем шығарма тіліне әдеби тіл нормасын сұрыптап тұрақтандыратын құрал, сөз мәдениетін көтеретін күш ретінде мән берген ғалым оның реалистік бастамасы, танымдық шыншылдығы қаламгердің қоғамдық факторды шебер бейнелей алуында жатыр деп есептеді. Көркем шығарма тіліне әсер ететін өзгеше фактор ретінде ғалым әлеуметтік мәселелердің сипатталуын бөліп көрсетті. “Тілдің әлеуметтік қызметіне қарай стильдік бөлінісіне келгенде тіл элементтерінің: сөздердің, грамматикалық амалдардың, көріктеу құралдарының әр түрлі қарым-қатынас саласында, яғни коммуникативтік ортада жұмсалу тәсілдері, қолданылу жиілігі, тіркесу қабілеттері сияқты сыртқы факторлар ескеріледі” [21; 158-б.] деген анықтамаға сүйенген ғалым кейіпкер сөзі, келбеті, қимыл-әрекеті арқылы бейнеленетін ерекшеліктерді қоғамдық дамудың негізінде айқындады. Ғалым сөзін “Кейіпкерді жазушы әдетте өз заманының немесе өмір сүрген кезеңінің тілімен сөйлетеді, сондай-ақ кейіпкер өзінің мінезіне, алған тәрбиесіне, өскен ортасына, жасына, әлеуметтік орнына сай сөйлеуі қажет…Кейіпкер сөзі оның бейнесін жасауға тікелей қызмет ететін көркемдік тәсілдердің бірі болып саналады” [21; 34-б.],- деп дәлелдеді. Әр халықтың мәдени-танымдық ерекшелігі, тарихи өсу жолы оның әдеби тілінің қалыптасуына тікелей әсер ететіндіктен, кейіпкер сөзі арқылы қабылданатын мәліметтерді екі түрлі сипатта қарастыру қажеттілігі де сол танымдық фактордың әсері деп есептеледі. Мысалы ұсынылатын хабарлар, біріншіден, шығарма тақырыбын, идеялық мазмұнын, құрылымдық сабақтасуын жүйелейтін өзгеше авторлық тәсіл ретінде; екіншіден, замана келбетін бейнелейтін айрықша құрал немесе қоғамның саяси, әлеуметтік, экономикалық жағдайын сипаттайтын дереккөзі есебінде түсіндіріледі.

«...өмір шындығын образды оймен жеткізіп, мағыналы, мәнді, философиялық шешім жасайтын поэзияны, сөз құдіретін халық дәріптей білген» [72; 116-б.],- дей келе, ғалым С.Исаев та еңбектерінде қоршаған әлем заңдылықтарының адам болмысына әсерін, олардың тілдік құралдарды дамытудағы орнын жан-жақты сөз етті. Қазақ халқының өсу,өркендеу жолын оның әдеби тілінің қалыптасуымен сабақтастырған ғалым «қоғамдық рухани мәдениет», «мәдениет өндірісінің құралы», «халықтың рухани байлығы», «мәдени талап-тілек», «халық сана-ұғымы», «рухани қазына» секілді ұғымдарды қолдана отырып, сан қилы ғасырлар жемісін құраған халықтық мұраны терең пәлсапалық танымның нысанына айналдырды. «...ой білдіру үшін» тілдік құрылым деңгейлерінің «бір-бірімен тіркесу, қосылу мүмкіндіктерін, ондағы белгілі заңдылықтарды, тұрақтылықты ой білдірудің нормалы материалы болуын, т.с.с. айқындап алу қажеттігін» [72; 15-б.] дәлелдеу арқылы тілші көркем сөз құдіретін, оның тілдік амалдарды дамыту мүмкіндіктерін талдауда өзгеше бағытты ұстана білді. Адамның «ой-қиялын, арман-тілегін, мұң-мүддесін баян еткен, бар өмір философиясын, рухани қазынасын соған сыйғызған» халық ауыз әдебиетінен бастап, сөз өнерінің даму тарихын баяндаған зерттеуші қазақ әдеби тілінің қалыптасуын, ең алдымен, сыртқы факторлардың тоғысқан бірлігімен түсіндірді, сондықтан кез келген шығарманың тілін де, идеясын да сол кездегі қоғамдық құрылыммен, заман талабымен айқындады. Ауыз әдебиетінің тіл ерекшелігін «көшпенді халықтың қоғамдық ой-санасының, өмір тіршілігінің айнасы» [72; 69-б.],- деп ұғынумен қатар, автор қазақ ақын-жырауларының туындылары негізінде санамызда орныққан «ой түйіндерін» де «қоғамға қатысты, келешекке, өмір құбылыстарына байланысты...сақталып, тіпті тұрақталып, ұрпақтан ұрпаққа жетіп отырған» [72; 115-б.] құндылықтар тұрғысынан бағалады. «Ішкі мағына» мен оның «сыртқы айтылу түрін, ұйқасын» байланыстыруды мақсат еткен С.Исаев «қазақ қауымының саяси-әлеуметтік, шаруашылық, мәдени өмірінде сөздердің алған орнын ерекше» [72; 148-б.] дәріптеді, соның негізінде тіл мен тілдік құралдарды сыртқы қоршаған әлемнің ажырамас бөлшегі деп таныды. «Ел билеуде, билік айтуда, дау-шарды шешуде, ішкі-сыртқы байланысты өз дәрежесінде жүргізуде, рухани өрісін кеңітіп, өресін өсіруде сөз құдіретінің мәні ерекше болған...өмірдің өз өзегі болып табылатын дәлелді, логикалы, ойға қонымды, қателікті бадырайтып көрсетіп тұратын, шындықты терең тұңғиық бүркеуінен тартып алатын...сөз...» [72; 148-б.] екенін айғақтай отырып, зерттеуші жекеленген тарихи тұлғалардың тіл дамытудағы өзіндік орны мен үлесін ерекше бөліп көрсетті, олардың қаламынан туған көркем сөз үлгілерін әрі тілдік, әрі танымдық негізде сұрыптады. Мысалы, тілші «Бұқар жырау өзіне дейінгі қазақ поэзиясын толық пайдалана отырып, қоғамдық ой-сананы меңгеріп, өз заманы тудырған сол кезге лайық философиялық ой-пікір айтып, ақыл-өсиет етеді...» [72; 166-б.],- деп көрсетті. Адамның ойлау тереңдігін оның қабылдау, тану, түсіну деңгейімен сабақтастырған ғалым дарынды тұлғаны табиғат жаратқан болмысымен, бойына жинап берген қабілетімен сипаттап түсіндірді. «Білімді адамнан ғана білікті сөз шығады» [72; 203-б.],- деп тұжырымдаған тілші ұлы Абай туралы сөз еткенде осы мәселелерге жүгінді. Нәтижесінде «Табиғат берген даналық пен дарындылық, ақыл мен білім, көрегендік пен сезімталдық Абайды халқының данышпан ұлы етті, көркем сөз құдіретінің алыбы етті...» деу арқылы тілші адамның ішкі мүмкіндігін танымдық өзгешелігінің кілті, танылу қасиетінің өзегі ретінде пайымдауға, ал оның тұңғиық сырын жаратылысындағы өзіндік келбетімен дәйектеуге, сөйтіп, тілдік құралдардың танымдық қағидалармен байланысу ерекшелігіне объективті әрі субъективті тұрғыдан сараптама жасауға мүмкіндік берді.

Қазақ тіл білімінде стильдік ерекшеліктерге, олардың тілдік нормаларына жеке қаламгерлердің шығармашылығы мен «тіл мәдениетінің негізгі сапалары» тұрғысынан назар аударған ғалым М.Серғалиев «ой дербестігі», «суреткердің сөз қолдану тәжірибесі», «ой-сана дәрежесі», «психология, мінез-құлық», «ішкі монолог», «жан құбылысы», «философиялық ой-түйіндер» сынды ұғымдық тіркестерді шебер пайдалану арқылы көркем әдебиет тіліндегі лингвистикалық және экстралингвистикалық мәселелерге жан-жақты тоқталды. Адам болмысының өзгеше қабілеті мен қабылдауын ұштастырар шығармашылық дүниелерді ойлау мен таным ұстанымдарынан өрбіткен тілші: «Жазушының әңгіме жазу барысындағы сан алуан сиқырлы сырларының бірі – табиғат көріністерін, қоршаған ортада болып жататын объективті, яғни адам санасынан, адам әрекетінен тысқары болып жататын көріністерді кейіпкердің жан дүниесімен, оның қам-харекетімен, ой-санасымен тығыз байланысты бейнелейтіндігі» [73; 71-б.],- деп атап көрсетті. Әдебиет әлемінде сақталар ережелерді сөз зергерлерінің пікір-көзқарастарымен, олардың «өз тәжірибелерімен» әрі «сөздің салмағымен» [73; 211-б.] түсіндірген ғалым тілдік құралдардың «өмір материалын» «адамның ішкі сезім дүниесімен» [73; 200-б., 13-б.] байланыстырар қызметіне өзгеше назар аударды. Осыған орай, тіл мәдениетінің негізін құрайтын сөз дәлдігі, логикалығы, тазалығы, мәнерлігі, байлығы, қисындылығы [74; 114-135-бб.] сияқты нормалар да объективті және субъективті уәждер тұрғысынан сұрыпталды. Кез келген мәтіннің «саналы түрде құрылуын» [74; 128-б.] қолдаған ғалым сөйлеу не жазу қалыптарының аса құнды алғышарттарын «мұқият ойластырумен» сабақтастырды, себебі оның астарында зерттеуші «коммуникативтік сапаны танытатын тілдік құралдарды білу әрекеті» жатыр деп есептеді. Ойын дәлелдеу үшін тілші шебер суреткерлердің, дәлірек айтқанда, Абайдың, М.Әуезовтің, Ғ.Мүсреповтің, Ғ.Мұстафиннің, Б.Майлиннің және т.б. сөз саптауларына талдау жасады. „Ғ.Мүсреповтің кейбір қанатты сөздері адам мінезін, қылығын, болмысын тануға байланысты болып келеді” [75; 43-б.],-деп көрсеткен автор таным көкжиегін айқындауға мүмкіндік беретін әрекеттер жігін адамның қабылдау, аңдау, ойлау, кейіптеу, ұқсату, зерделеу қабілеттерінен өрбіте саралады. Осы негізде, ғалым, бір жағынан, жалпы адамзат дамуының диалектикалық негіздерін басшылыққа алса; екінші жағынан, қоршаған әлем мен „адамның, заттың, құбылыстың туыстығын, жақындығын, бірлігін” яки „даралығын” [75; 50-б.] ескеруді мақсат етті. Тілдік бірліктерді адам танымының бір бөлшегі деп дәйектеген тілші: „...Мұның барлығы да бейнелеп отырған заттар мен құбылыстардың, айналадағы көріністердің адам сезіміне лайықтап, түсінігіне сәйкестендіріп бейнелеу мақсатында қолданылады” [75; 44-б.] деп атап өтті, өйткені «әдебиет» деген күрделі ұғымның өзін зерттеуші «өмірдің, болмыстың бейнесін жасау» [73; 27-б.] әрекеті деп анықтады. «Жанды бейне» [73; 78-б.] жасаудың астарында автор шығарманың оқырманға тарту етер әсерін, «логикалық қуатын», «психологиялық ықпалын» [73; 184-б.] өзектеді, сондықтан адамды «туындының негізгі тірегі, басты арқауы» деп ұғынды. Нәтижесінде М.Серғалиев адам мен қоршаған орта, тіл мен таным, ой мен қабылдау мәселелеріне ерекше көңіл бөлу арқылы маңызды тілтанымдық фактордың зерттелуіне мүмкіндік берді, сөйтіп, «Қаһарманның дүниетанымын да, оның басқа кейіпкерлермен қарым-қатынасын да, сырт тұлғасын да, оны қоршаған шағын ортаның (микроклимат) сипатын да, қосалқы қызмет атқарғанымен, табиғат көріністерін де, тағы басқа толып жатқан элементтерді және олардың шынайы көркем тілмен суреттелуін шығарманың көркемдік қуатын арттыратын компоненттерге немесе факторларға жатқызуға болады...адамның ой-түйсігі, мінез-құлқы, сөзі және солардың арасындағы үйлесімділік, сәйкестік әлгі аталған компоненттердің ішіндегі жетекшісі болса керек» [73; 211-б,] деген аса құнды тұжырым жасады.

«ХХ ғасырдың бірінші жартысындағы қазақ әдеби тілі» деп аталатын Ш.Мажитаеваның диисертациясы «функционалдық стильдердің...даму тарихына шолу жасауға», оларға «әсер еткен әлеуметтік және сыртқы жағдаяттарды талдауға» (76; 4-б.) негізделген. Зерттеуші қазақ әдеби тілінің қалыптасу, стильдік тармақтарға саралану сипатын «саяси, мәдени, әлеуметтік жаңалықтармен» байланыстыра отырып, «сөздік қор», «қоғам өмірі», «халық тілі», «адамның ой-пікірі», «нормаға айналу», «рухани өрес» сияқты тіркестерді қолданды, өйткені автор: «Жұртқа мәлім, тілдің лексикалық қорының баюына екі түрлі жағдай әсер етеді: бірі – тілдің ішкі даму заңдылықтары, яғни сөз мағынасының тарылуы мен кеңеюі арқылы жаңа сөздер, тіркестер жасалатыны, кейбір жұрнақтардың сөз жасау қабілеті артатыны, екіншісі – экстралингвитсикалық фактор» (76; 46-б.),-деп тұжырымдады. А.Байтұрсынұлының еңбектеріне, термин сөздеріне сүйену арқылы Ш.Мажитаева «қоғамдық сана», «қоғамдық-саяси ойдың ілгері дамуы» (76; 38-б.) деген ұғымдарды тілдік құралдардың адам өмірінде атқарар қызметімен дәйектеді. Бейнелі және эмоционалды сөздерді, теңеулер мен метафораларды көркем әдебиет стилінің эстетикалық қызметін айқындайтын белгілер деп қарастырған автор таным көкжиегін әр стильдің дара сипатымен түсіндіре талдады.

Тілдік норма негізінде қалыптасатын заңдылықтар тек қазақ тіліне ғана емес, жалпы тілдер табиғатына ортақ ұстанымдар мен ережелерді сипаттауға мүмкіндік берері сөзсіз. Таным және тәжірибе, білім және зерде ұғымдарының байланысынан бастау алған тілдік ұстанымдар әр түрлі құрылымдар мен тілдік деңгейлер көлемінде анықталар заңдылықтардан жинақталатындықтан, тілтанымдық фактілердің универсалды және өзгеше белгілеріне мән беру аса қажет. Оның айқын айғағы ретінде тілдік қабаттардың толығу, өзгеру негіздері, тілдің дыбыстық жүйесі, «үндесім заңы» [сингармонизм] мен «үйлесім заңы» [ассимиляция] (Ә.Жүнісбеков), тілдің фонологиялық құрамы мен дыбыс вариацияларының фонемаға айналуы, сөздік қор мен сөздік құрамның әдеби тіл нормаларына сәйкес сұрыпталуы, сөз тіркестері мен сөйлем түрлерінің тілдік қатынаста жүзеге асар құрылымдық, функционалды-стильдік белгілері, жазу барысында сақталар ережелері, кірме элементтердің меңгерілу қалыптары, тіларалық қатынас нормаларының жүйеленуі және т.б. мәселелерді атауға болады. Осы қатарда жеке сөздермен қатар, сөз тіркестері мен сөйлемдердің құрылымына мән беру, олардың әр түрлі аспектілеріне зейін қою, сол арқылы «синтаксистік құбылыстардың...көп қырлы сипатын» [77; 10-б.] талдап қарастыру тілтанымдық ізденістердің өрісін кеңейтуге мүмкіндік береді. Ғалым Ж.А.Жакупов мұндай «келелі» мәселелерге «синтаксистік единицалардың...логикалық, құрылымдық, семантикалық, коммуникативтік (функциональдық) аспектілерін» жатқызды. «Сөйлем схемасымен» қатар, синтаксистік бірліктердің «нақты деректілігін, заттық-материалдық табиғатын» [77; 11-б.] тұжырымдарына арқау еткен тілші «сөйлеу сематикасы», «контекстік [мәтін] мағына», «грамматикалық семантика», «сөз тіркесінің семантикалық топтары» секілді және т.б. ұғымдарды қолдана отырып, танымдық семантика үлгілерін сөз етті. Қазақ ғалымдарының еңбектеріне сүйене отырып, автор заттар мен құбылыстарды танып білу арқылы қалыптасатын сөз тіркестеріне «заттың белгісін, қасиетін, сан-мөлшерін,...заттың тегін білдіретін» бірліктерді жатқызды. Сөйтіп, синтаксис мәселелерінде ұстанатын тілдік және танымдық норма, критерий заңдылықтарын тілші «тема-рема» қатынасының көмегімен дәйектеді, өйткені бұл екі құбылыстың астарында «айтылатын ақпардың» белгілі не белгісіздігі басшылыққа алынады.