Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
ОРАЗАЛИЕВА когнитивтк парадигма.doc
Скачиваний:
186
Добавлен:
16.02.2016
Размер:
2.22 Mб
Скачать

1.2.3 Жалпы тілдік фактілер - танымдық тәжірибе нәтижесі

Қ.Жұбановтың жалпы теориялық зерттеулерін екі арнада қарастыруға болады: 1) тіл қабаттары мен тілдік бірліктер, олардың өзара байланысу заңдылықтары деген лингвистикалық ұстанымдардан туындайтын құрылымдық типология негіздері бойынша айқындалатын бағытқа сәйкес, ғалым тұжырымдарының негізгі бөлігін тілдік фактілерден бастау алатын арна құрады. Қазақ тілінің салалық, салааралық принциптерін талдай отырып, автор құрылымдық сипаттама әдістеріне қоса салыстырмалы-тарихи, салғастырмалы-типологиялық амалдарды ұтымды байланыстырды, соның арқасында бүгінгі күні тілдік ұқсастықтарды дедуктивті, индуктивті жолдармен сұрыптауға, қазақ тіліндегі алғашқы деңгейлік, логикалық қағидаларды дәйектеуге мүмкіндік жасалды. 2) логикалық тұжырымдау, философиялық ойлау, қоғамдық бағалау тұрғысынан айқындалатын лингво-танымдық типология негіздері мен олардың жүйелену бағытына сүйенсек, тілдік зерттеулер «тіл философиясының», антропоцентристік ізденістің, экстралингвистикалық танымның өзегіне айнала отырып, тілдегі материалдық болмыс пен идеялық рух мәселелерін сабақтастырудан пайда болды.

Ерекше ескертер мәселе, Қ.Жұбанов зерттеулерінде аталмыш арналар бір-бірімен ұштасып, бір-бірін толықтыра дамытылған. Ғалым кез келген лингвистикалық нысананы екі жақты процестің сабақтастығы деп қарастырды. Қазақ тіл білімінде «жалпы тіл тану» [8; 47-б.] ғылымының негізін қалаған Қ.Жұбанов тілдік заңдылықтардың универсалды табиғатын зерделеу арқылы кез келген тілдегі жалпы және жалқы құбылыстардың арақатынасын ішкі-сыртқы әсердің нәтижесі деп дәйектеуді мақсат етті. Адам болмысының барлық қыр-сырларын сабақтастыра зерттеген ғалым тіл дыбыстарын, оны қарастыратын фонетика саласын тіл қабаттарының бірлігімен ұштастыра, адамның физио-анатомиялық жаратылысымен байланыстыра талдады. «Фонетика – морфологияға да, синтаксиске де, лексикаға да – үшеуіне де керек; үшеуінің де қызметін атқарады» [8; 49-б.] дей отырып, тілші фонетикалық бірліктердің аталған салалардың әрқайсысымен жақын қарым-қатынаста болатындығын жеке-жеке дәлелдеп көрсетті, олардың функциялық өзгешелігіне «лексика керегін өтегені», «морфология міндетін өтегені», «синтаксис қызметін атқарғаны» деп түсініктеме берді. Дыбыс деген ұғымның кеңдігіне тоқтала отырып, ғалым оның фонетикада талданар ерекшелігін анықтау қажеттігін де бөліп атады. «Әуелі-ақ фонетика дыбыс болған жердің бәрін тексереді деуге болмайды» [8; 37-б.] деген тұжырым негізінде тілші дыбыс табиғатының түрлі өзгешеліктеріне тоқталды. Осыған орай,

  • табиғи дыбыстар – күннің күркірегені;

  • адамнан шығатын инстинкт дыбыстар – адамның ыңқылдауы, түшкіруі, қырылдауы;

  • күлу немесе жылау түріндегі дыбыстар;

  • малдарды шақыру, көндіру, тоқтату үшін қолданылатын шаужайлау, лық-лықтау;

  • ым тілінің дыбыстық ерекшеліктері;

  • адам баласының дыбыстық тілі...

секілді дыбыстар жіктемесі негізінде Қ.Жұбанов фонетиканы «дыбыс тілі дыбыстарының тілдік қасиетттерін тексеретін ғылым» деп анықтап, оның қызметін «адам мен адам арасында пікір қатынастыру» [8; 40-41-бб.] тұрғысынан айқындады. Ең кіші тілдік бірліктің табиғатын сұрыптау мақсатында автор барша тәжірибелік қорын негізге ала, қоршаған әлемде кездесер дыбыс түрлеріне салыстыра талдау жасай келе, құрылымдық лингвистика мен танымдық тіл білімінің элементтерін сабақтастыруға тырысты. Бұл байланыстың астарында жатқан мәселені ол «фонетика – тілдің табиғатқа ұштасып, тиіп тұрған бір шеті...» [8; 45-б.],- деп түсіндірді. Ғалымның «Тіл дыбыстарының табиғатын қалай танып келдік, қалай тануға тиіспіз?» деген бөлімі де ерекше көңіл бөлуді қажет етеді. «Дүние», «тіл дыбыстарының табиғатын тану», «...дыбыс, буын, сөз, сөйлем дегендердің тіл тарихында дүниеге келіп шығуы», «...жазу техникеміз де осы технологияшыл дүние тану жемісінің бірі», «ара-арасындағы байланым», «ішкі сыры», «шын заңы» [8; 43-44-бб.] сынды ұғымдар мен ұғымдық тіркестерді пайдалану нәтижесінде Қ.Жұбанов тілтанымдық зерттеулердің қазақ топырағында дүниеге келу себебін айғақтауға мүмкіндік туғызды. Тілді, тілдік құралдар болмысын тану процесінің күрделілігіне мән берген ол «әлімсақтан бері қарай» қалыптасқан болжамдар мен қағидаларға шолу жасау арқылы ғылыми тұжырымның дүниеге келу өзгешелігін айқындауға тырысты. «Ғылым да адам санасының жемісі, адам тәжірибесінің қорытындысы» [8; 44-б.] деген құнды түйін жасау негізінде тілші бүгінгі күні «сана» мен «тәжірибе» секілді когнитивтік бірліктердің қолданылу аясын кеңейтумен бірге, танымдық қағидалардың өзектелуіне ерекше үлес қосты деп тұжырымдауға болады.

Тіл өз алдына жеке тұрған құбылыс емес, ол қоғаммен, ойлаумен, халықпен сабақтаса дамитын күрделі де көпфункциялы құрал болғандықтан, С.Аманжолов тілдің адам тіршілігінде атқарар қызметін төмендегідей сипаттады: «Тілдің қарым-қатынастық құрал екенін, оны қоғамның өзі жасағанын Маркс, Энгельс, Лениндер әлдеқашан айтқан...Жоғарыда тіл ғылымы қоғамдық қатынас құралы және ол тап құралы деумен оның маңызын бәрін бітіре қойғанымыз жоқ. Мұның ең басты маңызды жағы оның дүние тану құралы да екенімен шешіледі» [10; 45-б.]. Тілдің танымдық қасиетін маңызды факторлар қатарында анықтаған тілші тек қазақ тіл білімінде ғана емес, әлемдік лингвистикада да бұл мәселенің өзектелуіне айтарлықтай үлес қосты, себебі ХХ ғасырдың І жартысында тілдің қатысымдық немесе пікір алысу, ойды сыртқа шығару қызметтері тілге тиек болғанымен, оның «дүниені тану» қабілеті әлі толығымен жүйеленбеген еді. Ғалымның ерекшелігі - ол танымдық факторларды тек атаумен шектелмей, олардың сатылы түрде жүзеге асуын талдап көрсетті: «Мұны қалай түсіну керек? Бұл сөз түрлі мәнге байланысты айтылған: 1) әуелі тіл ғылымы хат тану, оқу, жаза білудің басқышы; 2) хат тани білу арқылы жаңа адамның басқа білімдерге қолы жетеді; 3) басқа білімдердің тарихын білу арқасында адамның ой-өрісі кеңейеді; 4) тіл ғылымы арқылы бір халық бір халықпен дұрыс қатынас жасайды, бірінің тілін брі тез үйренуге де тіл ғылымы себепкер; 5) қысқасы, тілсіз, тіл ғылымынсыз әуелде ешбір мәдениет болған емес...» [10; 45-б.]. Осы аталған 5 түрлі түсініктеме негізінде автор тіл ғылымының зерттеу нысанын, мақсат-міндетін, өзге ғылымдармен байланысын, адамзат өмірінде атқарар қызметін бір-бірімен тығыз да үйлесімді қатынаста дәлелдеді. Жалпы тіл білімін тек тілдердің ортақ заңдылықтарын, тарихын, шартты байланыстарын зерделейтін ғылым саласы тұрғысынан ғана емес, адамның жаратылысын, тілдің шығуын, оның динамикалы түрде дамуын саралайтын, ең бастысы, «адамның адамдық белгісін» тереңнен қабылдауға мүмкіндік беретін маңызды лингвистикалық бағыт ретінде тану қажеттігін осы жолдардан көруге болады, сондықтан хат тану, оқу, жазу, білу әрекеттері адамның ой-өрісін кеңейтуге, халықтарды бір-бірімен байланыстыруға көмектесетін әрі мәдени, қоғамдық дамудың ажырамас көрсеткішін құрайтын амалдар жиынтығы деп талданады. Оған дәлел ретінде автордың «салт-сана майданы», «космикалық ойлау», «дүние тану», «мәдени мұра», «тәжірибе», «ой-пікір», «сөздік қор», «халық қазынасы» секілді т.б. ұғымдарды ұтымды пайдалана білуін келтіруге болады. Тілдің танымдық қызметін ерекше зейінмен сұрыптаған тілші тұжырымдарының басым көпшілігі оған сырттан әсер етуші фактілерге шолу жасаумен ұштасқан. «Тілдер дамуындағы бірлік әр тілдің өз ішіндегі жағдайға ғана байланысты емес. Оның дамуы сыртқы себептерге де байланысты» [10; 65-б.] деген қорытынды нәтижесінде ғалым тіл табиғатын пәнаралық байланысқа арқау ете отырып, лингвистиканың қарастыратын мәселелерін төмендегідей ретпен көрсете білді: «...бұл ғылымның қарайтын, тексеретін нәрселерін алатын болсақ, .. 1) тілдің шығуы; 2) тілдердің құрылысы; 3) тілдердің даму жолының бірлігі; 4) әдебиет тілі мәселесі; 5) лексика мен семасиология мәселесі; 6) грамматика, стилистика мәселесі; 7) грамматикалық категориялардың шығуы; 8) ұлт тілдері, олардың даму жолдары; 9) тіл мен ойлау мәселесі; 10) тіл мен жазу мәселесі» [10; 47-б.].

С.Аманжолов тіл ғылымын тарих, философия, психология, политэкономия, әдебиет, көркемөнер сынды басқа да салалармен сабақтастыра келе, оларды «тектес, сыбайлас» бағыттар деп атады, соның нәтижесінде «Байланыс жағынан алып қарағанда бұл ғылым география, этнография (халықтардың салт-санасы, мәдениет мұрасы жөніндегі ғылым), археологиямен (осыдан табылған ескі мұралардың көзі жөніндегі ғылым) тығыз байланысты екенінде ешкімнің дауы жоқ. Өйткені бұлардың бәрі – бірін-бірі толықтыратын, біріне бірі материал беретін ғылымдар...» [10; 48-б.] деп тұжырымдады.

«Ленин ғылымның барлық тармағын жіктей келіп, оның ішінде тану теориялары деп, төмендегі жеті ғылымды көрсетеді. 1) философия тарихы; 2) жеке ғылымдар тарихы; 3) хайуанның ақылы өсуі тарихы; 4) баланың ақылы өсуінің тарихы; 5) тіл тарихы NB ; 6) психология; 7) сезім мүшелерінің физиологиясы. Міне, бұдан біз нені көреміз? Бұдан, бірінші, бізге байқалатын нәрсе – Ленин тіл тарихын басқа ғылымдардан артықша белгілеуін, NB белгісін салуын көреміз. Екінші, тіл ғылымы таным теориясының бірі деп, оны психология, физиология...ғылымымен қатар қоюын да байқаймыз... Екінші сөзбен айтқанда, бұлар (оның ішінде тіл ғылымы да бар) дүние тану мен қоғамдық қатынас құралы ғана емес, қоғамды өзгерту құралы да болып саналады» [10; 49-б.] деген ғалым талдауына сүйене отырып, тілді дүниені, қоршаған ортаны, адамды тану кілті есебінде қарастырған С.Аманжоловтың оның терең пәлсапалық та, логикалық та сипаттарын зерделегенін байқауға болады. Тілді тек формалық немесе материалдық тұрғыдан ғана емес, мазмұндық, идеялық белгілердің сабақтастығы тұрғысынан сипаттаған автор тілтану жүйесінде алғашқылар қатарында тілдік бөлшектерді адамның табиғи, қоғамдық тануының жетістігі деп қарастыру қажеттігін атады. Кез келген сөз немесе сөйлем бір-бірімен үздіксіз байланысатын әлемдік тұтастықтың маңызды көрсеткіші ретінде қабылдануы керек деген ой ғалымның әр тұжырымында көрініс тапқан. Таным мен ойлау жүйелерін шексіз жақындықта, ажырамас бірлікте қарастырған ұстаз-ғалым танымдық бағытты психологиямен тығыз байланыста өрбітуге мүмкіндік берді. С.Аманжолов бүкіл қоршаған жер жүзінің адам танымына әсерін сипаттай отырып, оның санада көрініс табуына мән берді, сөйтіп, кез келген қоғам мүшесінің, сезім адамының әрекетін пайымдап талдауға тырысты. «Тілдің негізгі қызметі - адамдардың қарым-қатынасын жүзеге асыру. Дегенмен, оның танымдық функциясы да өте маңызды, басқаша айтқанда, тіл тек танылған дерек туралы ойды жеткізіп қана қоймайды, сонымен қатар ол ойдың қалыптасуына да тікелей әсер етеді, яғни тану процесінде тіл өзінің қызметін екі жақты атқарады...» [28; 15-б.] деп көрсетілгендей, тілдің дискурсивті-логикалық қызметі адамның танымдық әрекетіне, яғни ойлау жүйесіне тәуелді болатындықтан, тіл әр адамның ойын жүзеге асыратын, оған материалдық сипат беретін вербалды құрал болып табылады. Тіл, С.Аманжолов анықтағандай, бір жағынан қоғамдық құбылыс, екінші жағынан, танымдық құрал, себебі ол белгілі бір этнолигвистикалық, ұлттық-мәдени қауымдастықтың көрсеткішін құрай отырып, жеке адамдардың өзіндік өзгешелігін танытатын, қайталанбас ойлау мен таным әлемінің шоқтығын бейнелейтін универсалды құбылыс ретінде қабылданады, яғни «...көрінген бір сөздің қайдан шыққанын бірден біле қоюға болмайды. Мұның үшін адам баласының ойлау тарихын, заттық мәдениетінің тарихын...түрге бөлу керек» [10; 47-б.] деген ғалым пікіріне сүйенер болсақ, тілдік құралдар ішкі-сыртқы себептер тоғысын құрай келе, «адам баласының» психофизиологиялық қабілеттерімен ұштаса, мәдени негіздерімен үйлесе қалыптасады.

Қоғамда өмір сүріп, қоғам қажеттілігін өтейтін өзге құбылыстар қатарында тіл де жеке дара ұлттық сипаттармен бірге жалпыадамзаттық белгілерді бойына жинай дамитыны сөзсіз. Кез келген тілдің лингвистикалық ерекшеліктері мен өзіндік сөз саптауларынан басқа барлық дүние жүзі тілдерін біріктіретін ортақ көрсеткіштердің зерттеу нысанына айналуы да сондықтан болар. Тілдің пайда болуы, шығуы; тілдің табиғаты, қызметі, қоғамдағы орны; адамзат үшін маңызы сияқты мәселелердің әрқайсысы С.Аманжоловтың пікір-көзқарастарын дәлелдеумен қатар, оның лингвистикалық бағыт-бағдарын дәл айқындады. ”Жер жүзі тілдері бірінсіз бірі дамымас та еді. Сондықтан да тілдердің өзара системасы, сатысы бөлек болғанымен, жалпы даму, баю жолдары бірыңғай болып келеді” [10; 65-б.] деген тұжырым негізінде айқындалатын ғылым шартына орай, лингвистиканың екі түрлі бағытта дамып отыратындығын ескерген зерттеуші қазақ тіл білімінің өзекті әрі тың мәселелерін “тіл ғылымының” мақсат-міндетіне, маңызды тұжырымдары мен ұстанымдарына, ұғымдарына арқау етті. “Тілдің әрбір жаңа сатыға көшуі - оның бір кезеңді я бірнеше кезеңді аттауымен барабар. Осылай туып-өсу, аттап отыру барлық тілге ортақ заң сияқты” [10; 64-б.] деу арқылы С.Аманжолов тілдің табиғатын, оның функционалдық қызметін жалпы тілдік заңдылықтардың өзегіне айналдырды. “...бүкіл адамзаттың тілін алсақ та, жеке халықтың тілін алсақ та, атқаратын қызметі, даму жолы біркелкі. Бұл біркелкілік негізінде халық пен халықтың, ру мен рудың үнемі қарым-қатынаста болуынан туады. Тіпті жер жүзінде бірімен-бірі қарым-қатынасқа түспеген бірде-бір тіл жоқ. Бүкіл әлемдегі тіл, барлық халық бір бүтін материя сияқты. Олардың тіршілігіне байланысты бірінің табысы екіншісіне, екіншісінің табысы үшіншісіне ортақ болып отырады”[10; 65-б.] деп тілдер арасындағы ұқсастықты оның қатысымдық ерекшелігімен айқындаған автор “бүкіл әлемдегі тілді бір бүтін материя” деп қабылдады, ол кез келген материя сияқты тіл де әртүрлі құрылымдық-семантикалық бірліктерден құралған, бірақ бір жүйеге түскен, ортақ мақсатқа бағытталған ерекше құрылым болып табылады деген қорытындыға келді. Тілдің танымдық қызметін жоғары бағалаған С.Аманжолов оны «дүние танудың, ақылға, миға әсер етудің ең мықты құралы» [10; 236-б.],- деп таныды, сөйтіп, тұжырымның уәжді көрсеткіші ретінде «жеке бір я бірнеше байланысты сөздердің бірге айтылуына» [10; 236-б.] тоқталды. «Бұлар ойдың топшылауымен айтылатын болғандықтан, белгілі айқын ойдың әсері, сәулесі деп те айтуға болады» деген пікіріне орай, келесі синтаксистік мәселені де С.Аманжолов тіл мен ойлаудың байланысынан өрбітті. Ол сөйлем мүшелерінің шығу тегі мен табиғатын түсіну үшін осы екі ұғымның арақатысына жүгіну керек деп есептеді. Автор оның басы “мифологиялық субъектіде” немесе тотемде жатыр, сондықтан іс істеуші яки коллектив табиғаттың индивиді ретінде танылған атап өтті. И.И.Мещаниновтың “адам мифологиялық адамның қарсысына белсенсіз орындаушы есебінде объект болып көрінеді. Тек кейіннен логикалық сананы тудырушы элементтердің кірісуімен байланысты, істі өзі атқаратын болып босап, өзі субъектіге айналады” деген пікірімен келісе отырып, С.Аманжолов субъектінің шығуын “алғашқы ойдың ілгері дамуымен, бүтіннің жарықшақтануымен, мифтің шынға, жекенін көпке қарама-қарсы тұруымен” байланыстырды [22; 23-б.]. Осыдан бастауыш (субъекті) және оған қарама-қарсы құбылыс есебінде өзге тұрлаусыз мүшелер (объектілер) пайда болатыны жайлы пікір туады. Тілші тілдік элементтердің, дәлірек айтқанда, грамматикалық бірліктердің табиғатын адамзат танымының, ойлау, қабылдау жүйелерінің қалыптасуымен, дамып жетілуімен сабақтастыру арқылы “Анықтауымштардың барлық түрі де адам баласында талғау қабілеті пайда болғанда, дүниеге космикалық көзқарас қалып, нағыз логикалық ойлау басталғанда, кәдімгі объектілердің, заттардың қарама-қарсысы есебінде пайда болады” [22; 24-б.] деген қорытындыға келді. Айтылған ойдың дәлелі ретінде ғалым көптеген сын есімдердің зат есімдерден жасалғанын айқындайтын мысалдарға талдау жасады: көк - аспан, шөп әрі түс; қызыл - әзербайжан тілінде “қырмызы” - алтын т.б., ал есімдер мен етістіктердің табиғи болмысы, функционалды ерекшелігі туралы біршама деректер “Жақ пен шақтарға байланысты синтаксистік категориялардың жаратылысы” деген бөлімде кездеседі. Мұнда да тілші есімдік сөздерді тек объект пен субъектіні ажыратушы есебінде ғана емес, сол сияқты 1-2 жақтардың жіктік жалғауларын жасаушы әрі “етістіктің етістік болып тиянақталуына, әсіресе баяндауыштың қалып алуына... себеп, дәнекерші” ретінде қарастыру қажеттігін атайды. Мысалы: “Құтадғу білігтен” алынған “ескі документтердегі кейбір сөйлемдер” негізінде С.Аманжолов етістікке жалғанатын -ды, -ді жалғауларының бастапқы кезде жалғау емес, бүтін сөз болып жұмсалғандығын дәлелдеуге тырысқан: құтылды өзүм - өзім құтылдым; менің бу өзүм качты ... мен қаштым [22; 26-б.]. Ғалым осы шақтың қалыптасуына да өзіндік көзқараспен келеді: “...осы шақ дегеннің өзі де көптен бар, дыбысты тіл шыққаннан кейінгі нақты ойға, ойлау сатысына сәйкес категория екендігін ұғынамыз. Бұл осы шақтық ұғым ертеде шыққанымен, оны білдіретін, көрсеткіш боларлық сөздер, сөздік элементтер өткен шақ пен келер шақтың қарсысы есебінде алдыңғы екеуінен кейін шыққан, сондықтан да оның өткен шақ, келер шақтар сияқты кейіннен пайда болған көрсеткіштерінің жоқтығы заңды нәрсе. Мұның негізгі көрсеткіші, дәнекері бүтін я қабаттасқан етістіктер болуы да сол кейін пайда болғанына дәлел” [22; 31-б.], яғни осы шақ категориясының өзі ойға негізделген грамматикалық көрсеткіш бола тұра, өзге шақтың түрлерінен кейін пайда болған болып шығады.

Демек, тілдік фактілер жалпы мен жалқының байланысынан туындайтын күрделі қарым-қатынастың нәтижесі болып шығады.“Тіл білімі – бұл тіл туралы, оның табиғаты мен қызметі, ішкі құрылымы мен даму заңдары хақындағы ғылым. Лингвистика үшін барлық тілдер тең, өйткені олардың әрқайсысы адамзат тілінің жекеленген көрсеткішін құрайды» [29; 5-б.],- деп бүгінгі күні тіл білімінің ерекшелігін сұрыптаған А.А.Гируцкий пікірінің негізін де сол адамзат тілінің ортақ сипаты, біркелкі қалыптасу, даму, өсу-өркендеу бағыты сұрыптайды, себебі «Әртүрлі халықтардың тілі әртүрлі, бірне-бірі түсінксіз болғанымен, олардың шығуы толық, даму жолы бір...» [10; 52-б.], яғни таным мен ойлау ортақтығы арқылы тілдің универсалды табиғаты, жалпы адамзаттың даму тарихы дәйектеледі, олардың заңдылықтарын жүйелейтін ортақ ғылыми ұстанымдар қалыптасады.